Заря Жұманова

656

Елеусіз еден жуушы

(Әңгіме)

Жалы тікірейіп, шеңберлене иіріліп жатқан айбарлы айдаһар секілді асқар таулар бауырындағы алып қалада ымырт тез үйіріледі. Әйнек қабырғалы зәулім ғимараттың жоғарғы қабатынан түнгі қала тынысына құлақ түре, үн-түнсіз ұзақ тұрдым. Көлік кептелісі саябырлап, кісі аяғы басылғасын үйге асықпай қайтармын деп ойлағам, көптен қолым батпай жүрген жұмыстарды тиянақтап отырып қалыппын. Қызметтес қыздардың бәрінің де жеңіл көліктері бар. Ендігі үйлерінде рахаттана демалып жатқан шығар.

Жұмыс аяғына таман басшымыздан жедел тапсырма алған сұңғақ бойлы, қара торы, қарақат көз, талдырмаш қыздан басқалар бағана-а-а кетіп қалған. Ол компьютерін өшірді де, ат шаптырым кабинеттің бұрыш-бұрышында салбырай, жалбырай өсіп тұрған сан алуан гүлдердің әр жапырағын аялай алақанына салып, еппен шаңын сүрте бастады. «Көптің ортасында жүріп жаны жалғызсырағандар мен түп-тамыры ауылдан шыққандар ғана үй өсімдіктерін баптап-күтуге бейім болады», — дегенді интернеттен оқып едім, жоқ жерден сол есіме түсіп, еш себепсіз күлкім келді, бірақ оны ренжіткім келмей, жүзімді жасырдым...

Іргетасы биік, мәрмәр баспалдақты, төбесі көк тіреген зәулім ғимараттан екеуміз асықпай шығып, ақырын аяңдап, аялдамаға беттедік. Кенет тап қасымыздан қызылды-жасылды шарлары желбіреп, ұп-ұзын қап-қара лимузин өте шыққаны. Ел-жұрттың назарын өзіне аудара, азан-қазан, музыкалатып. Күңгірт әйнекті қымбат көлік қашан көзден таса болғанша, әріптесім лимузин соңынан үздіге қарап, бір орында тұрып қалды. Сосын өзінің осылай тапжылмай тұрып, тесіле қарағанына ыңғайсызданды ма, мен жаққа жалтақтай көз тастады.

«Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ»... Қылтиып бойжете бастағаннан қыздардың бәрі де келін боп, ақ босаға аттар сәтті аңсап, тәтті қиялға шомады ғой», — деп ойладым, оның сол қылығының тігісін жатқыза.

— Сіз білесіз бе, әпке, бала кезімде тезірек бой жетуге, басыма ақ желек жамылып, үстіме етегі шұбатылған аппақ көйлек киіп, биік өкше ақ туфлимен тық-тық басып жүруге асығатынмын. Әлі есімде, ортасы пешпен бөлінген төрт бөлмелі үйіміздің төр жағында қызыл күрең мақпал матамен жабулы биік темір керует тұрушы еді. Сол керуетке тек сыйлы қонақтарға арналған көрпе-төсектер жиналатын. Үйдегі ең құнды дүнияның ұшар шыңына құлақтары едірейе құс жастықтар қонжиятын. Апам олардың бетін шет-шетінде нәзік шілтері бар капрон жапқыштармен әспеттей жауып қоятын. Үйде ешкім жоқта сол үлбіреген жастық жапқыштардың бір жақ шетін бүрмелей жинап, түйреуішпен түйреп, жаңа түскен жас келіндердің ақ желегі құсатып, басыма бүркейтінмін. Сосын апамның әкеммен бірге қонаққа барғанда ғана ұқыппен киіп, үйге келгесін жақсылап сүртіп, әспеттей тығып қоятын сүттей ақ, сәнді туфлиін шидиген аяғыма қолпылдата киіп алып, айна алдында көлбеңдеп жүруге жаным құмар еді-ау. Алайда бойжеткесін, қалыңдықтың қардай аппақ, мың сан моншағы жұлдыздай жымыңдап көздің жауын алатын, етегі жер сызған сәнді көйлегіне қолды бір-ақ сілтеп, айдалаға тұра қашу ой үш ұйықтасам, түсіме кірмеп еді,-деп ол бір ұзынсонар әңгіменің шетін қылтитты.

— Қызық екен?! Сонда сен... Өз тойыңнан өзің қашып кеттің бе?-деп таңданысымды жасыра алмадым.

— Ия, дәл той қарсаңында... Жігітім екеуміз дүкен аралап, бірнеше күн бойы той киімдерін, неке жүзіктерін таңдадық. Әшейінде қала толы - базар мен дүкен, дүкен толы сан алуан дүние сияқты көрінгенімен, өзіңе ұнайтын, көңіліңдегіңді табу қиынның қиыны екен ғой. Бір күні жігітімнің апа, жеңгелері бізге ілесті. Құдаларға киіт таңдамақ боп. Ойымызда түк жоқ, екеуміз еркелей қол ұстасып, артта келе жатқанбыз. Кенет әлгі әйелдердің бірі: «Болашақ келініміздің есімі бір түрлі ерсі екен? Азат деген... Адам қызға да өстіп ат қояды екен-ау?! Сонда не, бұл қыз туғанда әкесі түрмеден азаттыққа шыққан ба?» — деп сылқылдап күлсін. Естісем де, естімегендей үнсіз жүре беруіме болар еді, бірақ кеудемді намыс кернеп, басымнан сөз асырғым келмеді. Ақырын ғана артыма бұрылдым да: «Еліміз тәуелсіздік жариялаған жылы өмірге келіппін. Сосын «Әкең қыз болсаң да, атыңды Азат қоямын деп болмады» деп, анам марқұм айтып отыратын», — дедім байыппен. Аз-кем ауыздарын жауып, сәл-пәл тыншу тапқан әйелдердің бірі көп ұзамай: «Ойбу, шешесі жоқ жетім қыз екен ғой... Онда не оңған киіт әкелер дейсің бізге?! Жетім қызға сонша шабылып қайтеміз? Арзан бірдеңелерді барахолкадан-ақ ала салайық», — деп сыпсыңдағанын құлағым шалып қалмасы бар ма?!. «Жетім қыз... жетім қыз...» деген қандай сүйкімсіз суық сөз еді! Құлағымда күңгірлеп, миымда жаңғырыққан сол жексұрын сөзді дәл қасымда келе жатқан жігітімніңде естімеуі мүмкін емес еді. Алайда, мені қорғап, тума-туыстарына бір ауыз сөз айта алмады. Көңілім қатты қалды. Кілт бұрылдым да, алды-артыма қарамастан, көзім жасқа толып, басым ауған жаққа кете бердім. Ол қыр ізімнен қалмай, өлердегі сөзін айтып, жалынды: «Мені аямасаң да, әке-шешемді аясаңшы. Қаладағы ең крутой ресторанға заказ беріп қойды ғой. Тойға шақырылған сыйлы қонақтарға не айтады, елден ұят емес пе?!»-деп... Өзі де, анасы да қанша күн бойы телефон соқты. Жүрегім бордай езіліп, жаным ботадай боздап тұрса да, илікпедім. Иліге алмадым. Сол кеткеннен мол кеттім... — деді ол жанары жасқа толып.

Сірә, жаңағы лимузин жай кетпей, оның тынық көңіліне аласапыран толқын туғызып кеткен-ау. Менің де жұмыр басыма мың-сан ой бұтаққа қонған торғайлар құсап жыпырлап жинала бастады. Екеуміз көлік күтіп, аялдамада ұзақ тұрдық. Ақсұр шашы арқасын жапқан, шолақ күртесі кіндігіне жетер-жетпес, тырсита тар шалбар киген толықша әйел тап қасымызға үн-түнсіз жетіп келді. Сәлден соң тарғыл-тарғыл даусымен айғайлап жіберсін:

— У меня никого нет! Никто меня не ждет! Женщина не солнце!.. Согреть всех своим теплом — глупость. А я, дура, поздно поняла этого! — Мас адам сияқты емес. Сірә, бейуақта әлденеге жаны күйіп, іштегі шерін кімге айтарын білмей тұрған бейбақ па?.. Әлде ақыл-есі аздап ауытқуға ұшыраған біреу ме, кім білсін. Бәлесінен аулақ деп, Азат екеуміз сәл алысырақ барып тұрдық.

Тағы да түпсіз терең ой-теңізіне шым-шым бата бердім. Неге екенін кім білсін, бұл жолы мен өзімді емес, Азатты ойладым. Жаңағы бейтаныс әйел айтпақшы, оның жұмыстан келуін асыға күтіп, есікке елеңдей қарап отырған кімі бар екен үйде?!. Тап осы сәтте оның да қалыңойға шомғанын ішім сезді.

— Апа-жездемнің үйелмелі-сүйелмелі үш ұлын қалаға қасыма алдыртқам. Ауылда жұмыс жоқ, есесіне топталып арақ ішіп, топырлай қылмысқа ұрынып жатқандар көп, соларға қосылып не мал ұрлап, не қыз зорлап, түрмеге түсіп қалар деп. Пәтерден пәтерге көшкен сайын, ауызыммен тістегендей сүйрелеп, соларды дақаланың әр тұсына өзіммен бірге алып жүрмін. Қанша жылдан бері. Екі үлкені телефон, компьютер жөндеу курстарын бітіріп алған, қазір ептеп өз күнкөрістерін айырып жүр. Кішісі —шаштараздың оқуында. Бірақ, имандай шыным, кешіксем,солар мені уайымдап, асыға күтеді деп ойламаймын. Егер мені ойласа, өзім алдын-ала пісіріп, тоңазытқышқа салып кеткен қазан-қазан тамақтан кей күндері маған бір қасық та қалдырмай жеп қоймас еді ғой,-деді аспандағы қылдырықтай Айға көзін қадаған күйі. Не дерімді білмей, үнсіз тұрып қалдым.

— Күндердің күнінде олар да өз жөндерімен кетер. Сонда қалай жападан-жалғыз қалар екенмін?-деп Азат ауызын жиған сол еді, бейтаныс әйел таксиге мініп бара жатып:

— Никогда ни к чему не надо быть привязанным! Даже ваше душа, вам не принадлежить, придет время, покинет ваше тело! — деп дауыстады.

— Қызық екен! Тап бір менің жаңа ақырын ғана сізге айтқан сөзімді естіп қойғандай, — деді Азат таң-тамаша болып. «Ақылгөй» әйелдің кетуін күтіп тұрғандай, зып етіп келе қалған, автобустың артқы жағына екеуміз жарыса жайғастық. Көше бойындағы қазақшасы сауатсыз жазылған жарнамаларға терезеден салғырттау көз тастап, өз ойыммен өзім бұйығып отырғам, Азат ойымды бөліп жіберді.

— Әпке, қалай ойлайсыз, қасымдағы жиендерге қарайламай, күйеуге шығып кетсем қайтеді?

— Олардың ауылда әке-шешелері бар шығар? — Ауызыма басқа сөз түспеді.

— Аллаға шүкір, жетім емес қой. Ал бірақ осы жасқа келгенде, «екі жарты — бір бүтін» болар біреуді қайдан іздеймін? — деді ол.

Мен іштей ойланып қалдым. Сиқырлы оттары жымыңдап көзді арбаған түнгі клубтар мен мейрамханаларды шарламасы айдан анық. Тіпті, үйкүшік бұл түгілі, талай-талай думанды орталардың табалдырығын тоздырған, анау-мынау көн етіктіні көзге ілмейтін,үріп ауызға салғандай қызметтес қыздарға да де көк етікті әлі кезіккен жоқ.

— Құдай-ау, тым тәуір қыздарды көрмей, жігіттер осы Ай қарап жүре ме екен?! — дедім үнсіз қалуға ыңғайсызданып.

— «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» деген атам заманғы мақал да қазір көнеріп, мән-мағынасынан айырылған сияқты, — деді ол сәл-пәл қабағын шытып.

— Неге? — деп таңғала жүзіне үңілдім.

— Бізбен бір кабинетте отырған қыздар жыл сайындүниенің төрт бұрышын армансыз шарлап жүр ғой. Демалыста ел көріп, жер көріп, негрлермен де, немістермен де құшақтасып суретке түсіп дегендей... Тіпті солардың бармаған жерлері, баспаған таулары қалды ма екен десеңші?!. Фотоларына қарасаң, көзің қызығады тіпті. Бастық айтқандай, «Тәуелсіз Қазақстандағы ең тәуелсіз қыздар» солар емес пе?!.

— Әттең, жарты әлемді шарласа да жандарына жалау болатын, дені дұрыс ер-азаматтар кезікпей жүр-ау!.. — дедім мен.

— Олардың талғамдары да, талаптары да тым жоғары ғой, әпке. Барлық жағынан мінсіз, төрт құбыласы түгел, кемел жігіт табу — меніңше, бос қиял, орындалмас арман сияқты. Ал менің бір ғана арманым бар.

— Қандай?

— Ол ма, ол... Солар құсап дүниенің түкпір-түкпіріне алаңсыз саяхаттау.

— Ниеттенсең, қол жетпейтін нәрсе емес қой. Жұрт қазір қалаған жағына барып жатқан жоқ па?! Олардың бәрі — миллионер емес, өзіңдей жандар.

— Дұрыс айтасыз, әпке. Соңғы кездері өзім де көп ойланамын. Солардың тапқанын мен де тауып жүрмін. Бірақ, тапқаным тапқандай, құмға сіңген су құсап із-түзсіз кетіп жатыр. Ең болмаса, жұмыстан шаршап келгенде, рахаттана аяғымды созып жататын аядай пәтерім де жоқ. Осынау қып-қысқа өмірге тек бейнет көру үшін келдім бе? Қашан өзім үшін өмір сүремін?!. Осы жүрісім не жүріс? — деді Азат ширыға шамырқанып... Жауабы жоқ сұрақтарды маған емес, өз-өзіне қойып отырғанын ұқтым.

Кейбірі қалғып-мүлгіп, кейбірі манаурай ойға шомған, шаршаңқы жүзді жолаушылар мінген автобус көп ұзамай біздің үйдің тұсына тоқтады. Азатпен үнсіз қоштастым да аялдамадан түсіп қалдым. Ол қаланың шет жағында, біреудің барак тәрізді ескі сарайында тұратын. Неге екенін білмеймін, көпке дейін Азат ойымнан кетпей қойғаны.Тіпті оның әр қимылын сыртынан бақылай қарап, көзбен көріп тұрғандай сезіндім.

...Міне, ол автобустан ырғып түсті. Қараңғыдан қаймықпастан, бұралаңдаған қисық көшенің түпкір жағындағы, шамдары сығырайған жатаған үйлерге қарай тура тартып барады...Неге екенін қайдам, әйтеуір бүгіннен бастап, оның ендігі өмірі күрт өзгеріп, басқа арнаға бұрылса екен деп тіледім.

***

Ертеңіне екеуміз түскі үзіліс кезінде күндегіше ас таратып, таза ауа жұтып, шағын сая бақ ішінде үн-түнсіз серуендеп жүргенбіз.

— Әпке, ғұлама ойшылдардың бірі: «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген екен, — деді Азат байыпты үнмен. Оның әріден орағыта басталған тосын әңгімесіне үнсіз құлақ түрдім. — Үйге келсем, соқталдай ұлдар тамаққа тойып алып, бір-бір телефонға үңіліп, кескен теректей сұлап жатыр екен... Маған түк қалдырмапты. Ұсақтап пияз турап, кішкене шойын табаға жұмыртқа қуырып жедім. Сосын тек өзім ас пісірген ыдыс пен кесе-қасықты ғана жуып-шайдым... Күні бойы жуылмай, тау-тау боп үйіліп тұрған лас ыдыс-аяққа саусағымның ұшын да тигізгем жоқ. Күнде соның бәрін өзім жуып, әуре болатынмын, — деді Азат.

— «Еркек бастарыңмен қазан-аяққа үйір болмаңдар!» деп әу баста жаман үйреткен өзің шығарсың? Енді сол өзің жаққан отқа өзің жылынбағанда қайтесің?!. — деп күлдім.

— Ия, рас айтасыз, әпке. От демекші... Терезе алдында көптен бері аткөпір боп ескі газет-журналдар үйіліп жатқан. Соларды құшақтап, есік алдына, ықтасын жерге алып шықтым да, өртей бастадым. Әлі сөне қоймай, қызыл шоқтанып жатқан қағаздарға ойлана қарап тұрсам, үлкен жиенім қасыма келіп: «Азико, не болды, тағы да көшеміз бе?» — дейді. «Жоқ, мен таяуда күйеуге кетемін» деп айта салдым. Неге олай дегенімді өзім де білмеймін, әпке. «Не-ме-не?.. Күйеуі несі? Біз...біз кімге қаламыз сонда?» деп ол шошып кетті. Қарша бораған сұрақтарға жауап берместен, бозарып сөне бастаған күлге қарап, үн-түнсіз тұра бердім. Ол менен жөнді жауап ала алмағасын, қипақтап, қас-қабағыма қарап, аз-кем тұрды да, ішке кіріп кетті. «Ой, ұят-ай, не деп кеттім? Қайдағы күйеу? Құдайдың жоғын айтқаным не?» деп, екі алақаныммен алаулаған бетімді басып, есік алдында ары-бері жүрдім. «Күйеуге тисем не айыбы бар екен?! Осынау үлкен қаладан өзім сияқты жалғыздықтан шаршаған бір еркек кіндікті табылмас дейсің бе?!» деп кәдімгідей ойланып тұрсам, «Жеті қараңғы түнде жалғыз өзің неғып тұрсың, қарағым!? Аманшылық па?» деп көрші апай қасыма келіп, тым тәуір ойларымның тоз-тозын шығарғаны. «Жай, таза ауа жұтып тұрғаным ғой. Күні бойы компьютердің алдында отырамын. Бүгін түн тамаша екен, ә?!.»-деп, өзімше алдаусырата жауап беріп жатырмын. «Суық тиіп қалар, жүр, ішке кірші. Бүгін үйде жалғыз едім, екеуміз шәй ішейік!» деп, еркіме қоймай, бөлмесіне кіргізді. Тысы сетіней тозып, серіппе темірлері әр жер-әр жерінен селтие көрінген көне диван үстіне дұшпанкөз құрақ көрпесін төседі. Арса-арсасы шыққан сықырлауық диванға амалсыз тізе бүктім. Аяқ-астынан сыйлы қонақ келсе керек болар деп, қуыс-қуысқа тыққан бар тәтті-дәмділерін дастарханға шығара бастады. «Қысылмай еркін отыр. Балам жұмыстан соң такси болып, күнде кеш келеді. Өзіңе жолығатын бір шаруам бар еді», -деп қояды. Шәй үстінде сол шаруасын қалай айтудың жөнін келтіре алмады ма: «Қарағым, мынау көршілер: «Осы қаладағы бір әйгілі компанияда қызмет істейді екен» деп сені сыртыңнан сөз қылады. Негізі, ол жерге кез-келген кісі тұмсық тыға алмайды деп естігем. Сол рас па?» деп әңгіме бағытын өзіме қарай бұрды,-деп Азат сыңғырлай күліп жіберді. (Сол сұрақ көптен менің де ойымда жүрген, оның сөзіне құлағымды тіктім). Әу баста бір танысымнан осы компанияда жұмыс барын естідім...Бірақ айтуын айтқанмен, «Ой, сені қызметке ала қояр ма екен? Бастық тек өз руластарын алатын еді» деп ол кісі күмілжіп қалды. Не де болса, барып көрейін, біреу тонымды шешіп алмас деп, бағымды сынауға бел будым. Компания басшысының руын сұрап-біліп алғам. Бірақ алдына барғасын, мысы басты ма, тарс есімнен шығып кетсін. «Құжатың қатып тұр екен! Дұр-ы-ы-с!.. Бірнеше тіл біледі екенсің! Ал, сонда өзің қай рудансың, қарағым?» — деп қадалып отырып алмасы бар ма. «Әлгі» руы бар болғырдың атауы ауызыма түсер емес. Күзгі жапырақтай дір-дір етіп, жан терім шықты. «Жапырақ» дегенге ұқсайтын секілді еді. Сосын тәуекелге бел буып, ақырын ғана: «Жа-пы-ыр-ақ-ты», — дедім. Қолындағы құжаттарымды жайбарақат ақтарып шығып, жайлы креслода құрсағын құшақтап, үйелеп жатқан бастық басын оқ жыландай оқыс көтерді де: «Не, не дейсің?» деді таңырқап. Мен қайтадан «Жа-пы-ыр-ақ-ты», — деп міңгірледім. Ол кісі тас қылып құшақтап отырған тасыған қамырдай дәу қарынын жібере салып, екі иығы селкілдеп, кең кабинетті басына көтере күліп жіберді. Қақалып-шашалып, көзінен жас аққанша күлсін. Кірерге тесік таппай, қаққан қазықтай бір орында қаттым да, қалдым. Ол біраздан соң күлкісін тиып, көз жасын жеңімен сүртіп: «Жарайды, қызық үшін, бөтен рудан да біреулер арамызда жүрсін!» — деді де, өтінішіме шиырып тұрып қолын қойды. Сөйтіп, осы компанияға қызметке кірдім,-деді Азат жылы жымиып.

— Қашанғы тума-туыс, руластарын жинай берсін. Біз сияқты, жұмыстан «өлген» жанкештілер де керек қой, компаниясына. Дегенмен, тәуекелің тастай қыз екенсің!-деп, шын көңілден сүйсіндім оған.

— Осы әңгімені көрші апайға да, шып-шырғасын шығармай айтып бердім. «Ойпырмай, ә! Қайта сені Құдай сақтаған екен. «Кімді алдағың келді?» деп, ұрысып-ұрысып қуып жіберсе, қайтер едің?» деп, шошына жағасын ұстады. «Ой, апай, мен үйге қайтайын. Маған айтамын дегеніңіз не шаруа еді?» деп бастапқы әңгімесін қайтадан есіне салсам, «Соны саған айтсам ба, айтпасам ба деп екі ойлы боп отырмын. Әлгіндей азуын Айға білеген әйдік компанияның білдей қызметкеріне айту да ыңғайсыз сияқты» деп тайсақтайды. «Айтуға ниеттенген екенсіз, айта берсеңізші» деп, мен де, айтпасына қоймай, табандап тұрып алдым. «Көптен ауылдағы үйіміз өтпей тұр еді. Соны сатып алатын біреу табылыпты. Кеше аяқ астынан хабар келді... Өзім бармасам болмай тұр. Барайын десем...» деп көрші апай күмілжіп төмен қарады. «Тау жақтағы элитный үйлер бар емес пе, біраз уақыттан бері солардың кірер дәлізін жуып жүргем. Аптасына бір рет. Уақытша еден жуатын адам табылмай тұр. Ақшасын төлеймін ғой. Бала-шағаға сене алмай, қиналып отырғаным. Менің байқауымша, осы жердегі ең естияр, ықтиятты жан өзің секілдісің. Бірақ...» деп, бір терең күрсініп қойды. «Ой, сонша қиналып-қипақтағандағы бар айтарыңыз осы ма? Бәрібір демалыс күндері ешқайда шығып жатқаным жоқ. Алаңдамай, ауылға бара беріңіз,-дегем, көрші апай иығынан ауыр жүк түскендей, жадырап сала берді»,-деп жымиды Азат.

— Е, енді демалыс күні елеусіз еден жуушыға айналамын десеңші!-деп әзілдей арқасынан қақтым. Оның көңіл-күйі көтеріңкі еді.

— Ешкім танымастай киініп аламын. Имиджімді толық өзгертемін. Күнқағары ұзындау, аппақ кепкімді көзіме түсіре киіп алсам, мені басқа түгілі, үйдегі ұлдар да танымайтын шығар, ия, әпке!? — деп, ол езуі екі құлағына жете, балаша мәз болсын.

— Қара жұмысқа киетін киімдерің бар ма еді? — деп сұрадым, кешкісін аялдамада автобус күтіп тұрғанымызда.

— Бар ғой, бар. Тек үйге барғасын, керует астынан қарауым керек. Картон қораптар мен ала қапшықтарға басы артық киімнің бәрін салып қойғам. Пәтерден пәтерге көшіп-қонғанда тасуға ыңғайлы деп...

Үнемі тізеден сәл ғана түсетін тік етек ақшыл сұр костюм, ақ кеудеше киіп, биік тақа біз өкше туфлиі тық-тық етіп жүретін байыпты қыздың басқаша кейіпке қалай өзгерерін көзге елесте алмадым.

***

Күн — сенбі болса да, күндегі жұмысқа баратынуақытта ұйқым шайдай ашылды. Бірақ, оянуын оянғаныммен, апта бойы ала таңнан аялдамада тұратын өзіме деген аяныш сезімім аяқ астынан оянып, жайлы төсекте жата бергім келді. Ең болмаса,бір күнадам құсап алаңсыз ұйықтайыншы деп ойлағам, бірақ кірпігім кірпігіме жуыспады. Неге екенін, өзім де білмеймін, Азат ойымнан кетпей қойсын. Таңғы автобустан түсе салып, тыныштық ұйыған тау жаққа тамсана қарап, тау баурайындағы сән-салтанаты келісті, заманауи тұрғын үй кешеніне қарай асыға басып бара жатқаны көз алдыма елестеп кетті... Тіпті оның ит кетегіндей кішкене үйшік ішінде тап бір мемлекет шекарасын күзетіп отырғандай маңғазданған күзетшіге мән-жайды тәптіштей түсіндіріп, әупіріммен ішке кіргенін де кинодағыдай ап-анық көрдім.

Кез-келген пенденің қолы жетпейтін, бағасы удай, көп қабатты, жайлы да, жаңа үйлерде көбінесе бай-бағландардың тұқым-тұяғы, нақсүйерлері мен ерке тоқалдары тұратынын аңғал Азат қайдан білсін. Қоршаулы кең ауладан қымбат көліктерімен жыландай сусып, дыбыссыз шығып жатқан қылқандай-қылқандай қыз-жігіттерді көріп, көзі қызығатын болды-ау деп ойладым.

***

Сенбі, жексенбі күндері уақыт мүлде жылжымай, бір орнында табандап тұрып алғандай сезіндім. Әшейінде, таң атса күн батып, әп-сәтте зу ете түсуші еді. Азаттың қанша жылдан бері бояуы солғын, сұрғылт түсті, бір сарынды өмірі бір алапат өзгеріс алдында тұрғандай, көзден сәл таса қылсам, керемет жаңалықтан құр қалардай көңілім ала бөтен алып ұшсын. Шынымды айтсам, дүйсенбіге әзер жеттім. Екеуміз де жұмысқа ел-жұрттан бұрын келіппіз. Азат тура басқа бір галактикадан оралған жандай:

— Әпке, сенесіз бе,мен бар ғой, күндіз-түні тек «үй-қызмет-үй» деп, жан-жағыма мойын бұрмай, дедектеп жүре беріппін ғой. Өзімдей жандардың қандай үйлерде тұрып жатқанын көріп, ауызымды ашып, көзімді жұмдым ғой. Оказываются люди живут, а я — существую... Егер пенсияға шыққанша күні-түні бел жазбастан, екі-үш жерде жұмыс істесем де, ішпей-жемей, той-жаназаға бармай, табысымның бәрін жинасам да, сол үйден ең болмаса бір бөлмелі пәтер ала алмайтыным сөзсіз!-деді амандасар-амандаспастан. Өз орныма жайғаса отырып, компьютерімді іске қосып жатып.

— Ал енді, не істеп, не көргеніңді асықпай-аптықпай айта бер, құлағым – сенде. Екі күн демалыста сен ойымнан шықпай қойдың, — дедім оған.

— Жұма күні жұмыстан шығып, үйге барғасын, көнетоз джинсы шалбар, футболка, бейсболка, кроссовкаларымды тауып алдым. Шетінен киіп көріп, сөгілген жерлерін тігіп, жуып, үтіктеп дегендей, түн ауғанша әбден әбігерлендім. Жиендерім аң-таң, сыртымнан өздерінше бір-біріне ымдап қояды. Еден жууға баратынымды қайдан білсін. Олар мені тау жаққа, табиғат аясына болашақ «жезделерімен» пикникке барғалы жатыр деп жорыған сыңайлы... — Азат алма жүзі албырап, ақтарыла күліп алды. Күлгенде кішкене қарақат көзі мүлде жұмылып кетеді екен. Оның бұрын осылай рахаттана күлгенін көрмеген соң ба, сүйкімді түріне қызыға қарап қалыппын. — Сенбі күні таңғы автобуспен ертелете жетіп барғам, қақпа алдындағы күзетші де бір қақпас екен, әбден тергеудің астына алмасы бар ма?! Мен тап бір басқа мемлекеттің шекарасын заңсыз кесіп өткелі тұрған қылмыскердей. Әупіріммен ішке өтіп, барғаннан бел жазбастан жұмыс істедім. Тіпті, күннің қалай еңкейгенін де аңғармай қалыппын. Есік алдына шығып, терімді сүртіп, демімді басып, тізе бүккем, арқалы ұзын отырғыштың арғы басында жас шамалары он үш — он төрттегі ер балалар «сөзжұмбақ» шешіп, ойнап отыр екен. Бір сөздің дұрыс жауабын таппай, бастары дал болсын. Ойланбастан сарт еткізіп айта салдым. «О, дұп-дұрыс!» деп қуанған ұлдар мен жаққа көз қиығын салмастан, ойынды одан әрі жалғастырды. Сәлден соң, тағы да тығырыққа тірелді. Біле тұра, үн-түнсіз қалуға дәтім шыдамады. Бұл жолы да жауабым дұрыс боп шықты. Қаланың мықты гимназия, лицейлерінде оқып жүрген өркөкірек ұлдар таңғала бас шайқасты: «Біз таба алмаған қиын сөздерді қарапайым еден жуушы қайдан біледі?» деп ойлап үлгергендері көздерінен көрініп-ақ тұр. Көп ұзамай маған ерекше ілтипатпен қарап,білмегендерінбір түрлі өзімсіне сұрай бастады. «Ал, жақсы, жігіттер, сау болыңдар! Мен кеттім, әне, автобусым келе жатыр!» деп, күле қоштасып, рюкзагымды арқама іле салып, аялдамаға жүгірдім. «Гуд бай!», «Чао!» деп, саусақтарын сәл ғана елбіретіп, қоштасу ишаратын жасаған ұлдар қайтадан ойынға бас қойды. Алайда, әлгі автобусқа үлгермей қалдым. Аялдамада ұзақ тұрдым. Кенет дәл қасыма дөңкиген джип тоқтады да, ашық терезесінен: «Ой, сіз әлі тұрсыз ба?» деп, біреулер шу-шу етіп қол бұлғамасы бар ма?!. Қарасам, бағанағы бірге «сөзжұмбақ» шешкен балалар екен. Көп ойланып тұрмастан, артқы есікке жармастым. Бейтаныс біреу емес, бұрыннан танитын жандай жылы ұшыраған ұлдар ығысып,маған орын берді. Әзіл-күлкімен отырғанда қала орталығына қалай тез келіп қалғанымызды аңғармай да қалдым. Мен де солармен бірге түскелі жатқам, жол бойы сөзге қосылмай, анда-санда айнадан арт жаққа ұрлана көз тастап қойып, үн-түнсіз музыка тыңдап отырған жасы қырықтың о жақ-бұ жағындағы шофер: «Сіз қай жаққа баратын едіңіз? Мекен-жайыңызды айтыңыз, үйіңізге дейін апарып тастайын!» дегені. Жүрісі жайлы, жұмсақ көліктен түскім келмей тұрса да: «Жоқ, әуре болмаңыз, рахмет! Мен қаланың шет жағында тұрамын. Жолыңыздан қалмаңыз!» деп, ат-тонымды ала қаштым. «Бәлкім жолымыз бір шығар, баратын бағытыңызды айтсаңызшы» деп, ол да табандап тұрып алсын. Бағана жол бойы жеткіншек ұлдармен әзілдесіп, күліп, еркін сөйлесіп келгеніммен, енді ересек жігітпен оңаша қалғасын, қобалжыдым. Қала шетіне жеткенше екеуміз де үн-түнсіз музыка тыңдап отырдық. Біраздан соң әлгі жігіт: «Көп ұзамай, мына қиқы-жиқы ескі үйлердің бәрі бұзылады» деп, сөзді өзі бастап, мені ыңғайсыз халден құтқарды. «Рас па? Сіз оны қайдан білесіз?» дедім өзімше батылданып. «Алдағы көктемде біздің компания осы жерде құрылыс жұмыстарын бастайды» деді ол көзін түн түнегіне тіккен қалпы. Іштей оны компания басшысының жеке жүргізушісі екен деп жормалдап қойдым. «Солай, қарындас, қуана беріңіз! Ескі үйіңіз бұзылса, жаңа үйлердің бірінен жайлы пәтер аласыз!» деді ол сенімді түрде. «Бұл жерде менің жеке үйім де, пәтерім де жоқ. Біреудің жаман лашығында пәтер жалдап тұрамын» деп, шынымды айттым. «Бағана мұңсыз-қамсыз, күліп-ойнап келе жатқан түріңізге қарап, мен сізді төртқұбыласы түгел жан екен деп ойласам» деді ол. «Үйі жоқ, күйеуі жоқ адамдар күлмесін!» деп қай заңда жазылған? Кәне, соны маған көрсетіңізші!» деп, ызалана күліп жібердім. Кенет көзімнен сырғып аққан мөлдір тамшыларға ие бола алмай қалмасым бар ма?!. Шофер сасқалақтап, көлігін кілт тоқтатып, жол жиегіндегі кішкентай дүкенге жүгірді. Ол сатып әкелген бір шөлмек салқын сумен беті-қолымды шайдым. «Кешіріңіз, бір сәт босаңдық таныттым. Үнемі сыртқа сыр бермей түп-түзу жүруші ем.... Сіз айтқандай, «төрт құбыласы түгел жан құсап»... дедім біраздан соң. «Осы өмірде түк мұңы жоқ, уайымы жоқ, төрт құбыласы түгел адам бар ма екен өзі?!» деп ол терең күрсінді. Алдыңғы орындықтың арқалығына шалқалай жатқан қалпы, теріс қарап, сөзін жалғастыра берді. Тап бір оңаша қалып, өзімен-өзі сөйлесіп отырғандай.

«Бұдан қанша жыл бұрын өзімді ең жолы болғыш, бақытты жан санаушы ем. Студент кезімде, бір кафеде даяшы болып істедім. Бір күні сол жерге салиқалы жастағы, сақал мұрты буырыл тартқан түрік шал келді. Стамбұлдық екенін артынан білдім ғой. Түрікше тілдесіп, тамаққа тапсырыс алдым. Ол кісі маған әрі таңғалып, әрі іштарта қарады. Сол күннен бастап, бізге жиі келіп жүрді. Бір күні мені қасына отырғызып, асықпай жөн сұрасты. Қазақ-түрік лицейін бітіргенімді, университетте оқитынымды, жалғыз анама көмек болсын деп, сабақтан соң, жұмыс істеп жүргенімді айттым. «Әкең бар ма, балам?» деді ол көзіме көзін қадап тұрып, жүзіме сынай қарады. Әкемнің 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысып, ауыр соққы алғанын, сынған қабырғасы өкпесін іріңдетіп, асқынған дерттен айыға алмай, менің кішкене кезімде қайтыс болғанын айттым. Ол кісі сөзімді бөлмей, ықылас қоя тыңдады. Жүзінен аяныш сезімін байқадым. Бір күні маған: «Балам, әр келген сайын байқап жүремін, сен түрік тіліне ғана емес, орысшаға да жүйрік екенсің. Мына Алматыда орыс тілін білмесең, ісің алға баспайды екен. Маған көмекші болшы» деді. Қуана-қуана келістім. Сөйтсем, ол кісі жай шал емес, үлкен құрылыс компаниясының президенті екен. Бірнеше жыл бизнеске баулыды. Мені өз баласындай көріп, көп істі сеніп тапсырды. Сөйтіп жүргенде, бір күні аяқ астынан ауырып, ауруханаға түсті. Халын сұрап, тамақ апарып, жиі-жиі барып жүрдім. Бір барғанымда: «Осында нотариус ертіп келші» деп өтінді. Ойымда түк жоқ, алып келдім. «Менің дәм-тұзым таяу арада таусылатын сияқты.Түс көрдім... Балам, менің ұлым жоқ, екі қызым ғана бар. Олардың өз дәулеттері өздеріне жетеді. Бала-шағалы жандар. Әйелім де ештеңеден тарықпайды, менің жиған-тергенім оның қалған ғұмырына жетеді. Қазақстандағы осы құрылыс компаниясының ендігі басшысы — сенсің. Жаңа соны заңдастырып қойдым» деді. Таңғалғаннан дыбысым шықпай қалды... Тек екі көзімнен жас парлап кетті. Туған әкем жасай алмаған жақсылықты айдаладағы бөтен біреуден көремін деп кім ойлаған?! Алғаш естігенде анам да: «Әкең байғұстың тартқан азабы текке кетпепті... Алла оның көрмеген қызығын жалғыз тұяғы – саған берген екен!» деп, ағыл-тегіл жыласын... Көп ұзамай, әкемдей болған сол ардақты жан қайтыс болды. Сүйегін ұшақпен Түркияғаапардым. Бала-шағасы, туыстары маған риза болды. Стамбұл әуежайында ұшақ күтіп отырғанымда ажары айдай жарқыраған, құмырысқа бел бір қызбен таныстым. Америкада оқыпты. Үлкен компаниялардың бірінде топ-менеджер екен. Теңізге демалуға келіпті. Елге бірге ұштық.Бір-бірімізді бір көргеннен ұнатып қалдық та, көп ұзамай үйлендік. Жайлы пәтер, қымбат көлік дейсің бе, бізде бәрі болды. Бірақ, бір жаманы — үйімізден тамақ иісі шықпайтын. «Қашанғы дайын пицца, суши алдыртып, құрғақ тамақ жей береміз? Адам құсап, бір ыстық ас ішейікші!» — десем, «Жүр, ресторанға барайық онда!» — дейтін еркелеп. Таршылық көрмей өсіп, молшылыққа тап болған оның үй тірлігіне түк икемі жоқ еді. Алғашында мен оның бар кемшілігіне көз жұма қарадым. Бірде артынып-тартынып апам үйге келді. Анамды апа деймін. Тәтті-дәмді, жылы-жұмсағын алып... Әр бөлмедегі сауыс-сауыс ыдыстар мен қатып-семіп, беті ашық жатқан тамақ қалдықтарын, мидай араласып, аткөпір шашылып, жатқан бет сүртетін сүлгілер мен кір киімдерді көріп, апамның түрі бұзылып кетті. Бірақ дым демеді. Келуінен кетуі тез болды. Содан қайтып, біздің үйдің табалдырығын аттаған жоқ...

— Жүргізуші жігіттің әңгімесін үн-түнсіз бар ынтаммен тыңдап отырғам, орта жолдан шыдамай: «Сіз екеуіңіздің араңызға сызат түспесін деп, тілін тістеген ғой. Анаңыз ақылды жан екен!..» деп сөзін бөлдім.

«Ия, менің апам өте ақылды адам. Көп жыл шәкірт дайындаған ұстаз ғой. Біздің ішкі шаруамызға ешқашан араласқан емес» деп ол әңгімесін одан әрі жалғастырды. «Ақыры амалсыз үй жинайтын, ас пісіретін адамдар жалдадым. Келіншегімнің бос уақытының бәрі фитнес клубтар мен сән салондарына, сауда орталықтарындағы қымбат бутиктерді аралауға кететін... Екеуміз екі әлемнің адамы екенімізді, бізге ортақ ештеңе жоғын көп ұзамай ұқтым, ойландым, қимадым, қиналдым. Ақыры, бәріне қолды бір сілтедім де, үйден кетіп қалдым. Киімдерім мен құжаттарымды ғана алып. Міне, содан бері Құдай – жалғыз, мен – жалғызбын» деді жүргізуші жігіт артқы орындықта отырған маған бетін бұрып. Мен тез-тез рахмет айттым да, үй маңынан алыстау бір аялдамадан түсіп қалдым. Әлсіз шамның жарығымен байқап қалғаным: көзі мұңдылау болғанымен, жүзі жылы, келбеті келісті екен.

— Қап! Жай жүрген біреу емес, беделді компанияның білдей қызметкері екеніңді айтып, телефоныңды бермедің бе?! Кім біледі, дәм-тұздарың жарасып кетер ме еді?! — деп өкіне бас шайқадым.

— Ой, әпке, сіз де қайдағы жоқты айтады екенсіз! Әдетте пойызбен алыс жолға шыққан жолаушылар ең жақын жандарына айтпайтын жан сырларын, бір купеде бірге келген жандарға қысылмай айта береді ғой. Енді ешқашан жүздеспейтін болғасын. Ол да екі миллионнан астам халық тұратын орасан үлкен шаһарда кездейсоқ кезіккен «еден жуушыға» ішіндегі шерін тарқатып, бір жеңілдеп қалған шығар», — деп мұңая күлімсіреді Азат.

***

...Арада бір аптадай уақыт өткен еді. Күндегіше адамы ауызы-мұрнынан шыққан автобустан Азат екеуміз қыстырылыса бірге түсіп, компаниямыздың еңселі ғимаратына қарай келе жатқанбыз. Есік алдында орта бойлы, кең иықты, бидай өңді, самайын сәл күміс шала бастаған жылы жүзді естияр жігіт қолын артына ұстап, ерсілі-қарсылы әрлі-берлі жүр екен. Оны көріп, Азат сәл тартына тұрып қалды. Жүрегі ауызынан шығардай бұлқынып-бұлқынып кеткенін алабұртқан түрінен сездім.

— Азат! Сәлем! — деді жігіт жадырай күліп.

— Сә-сә-леметсіз бе! Сіз ...сіз менің атымды қайдан білесіз? Менің бұнда істейтінімді кім айтты? — деді Азат сасқалақтап.

— Біраздан бері біздің үйдің подъезін жуып жүрген апайдан сұрап білдім... Өзіңнің көршің екен ғой. Сені әбден мақтады: «Өз білімімен адам болған, еті тірі қыз. Өте бауырмал. Тіпті туыстарының да балаларын өгіздей өрге сүйреп жүр. Қылтың-сылтыңы жоқ. Жұмыстан басқа еш жаққа барғанын көрген емеспін», — деп.

— Қызық екен, мен ол кісімен жақын араласқан жан емеспін! Танымайтын біреуге сыртымнан сөз қылғаны несі! — деп Азат, не ренжірін, не қуанарын білмей, абдырап қалды. Оның қызарақтай қысылғанын қызықтағандай, жігіт те қояр емес:

— Көрші балалар да: «Біз шеше алмаған кроссвордты шемішкеше шаққанда ауызымызды ашып қалдық. Өзі қарапайым техничка болса да сондай білімді қыз екен!» — деп, өзіңді сондай мақтады.

— Ой, балалардың сөзін сөз деп, сіз де қызық екенсіз! — деді Азат басын одан әрі ала-қашып. Өзі менің қолтығымнан тас қылып ұстап айырылар емес.

— Апам да неше күннен бері сені айтып, құлағымды жеп қойды.

— Қойыңызшы? Ол кісі мені қайдан біледі? — деп таңғалды Азат.

— Сыртыңнан көріпті ғой. «Еліктің лағындай бір елгезек қыз екен. Еденді ғана емес, терезелерді, лифтті, тіпті подъездің қабырғасын да айнадай жарқыратып жуды. Маған да тап сондай таза, ұқыпты келін керек еді!» — деп, кірсем де, шықсам да, сені айтып, қояр емес, — деді жігіт риясыз жымиып. Азаттың жүзі алмадай қызарып кетті.

— Мен тіпті сіздің атыңызды білмеймін. Біз дұрыстап танысқан да жоқпыз ғой, — деді одан әрі сасқалақтап, сірә, ауызына содан басқа сөз түспеген шығар.

— Ия, оның рас. «Кімге келдіңіз?» деп ресепшн сұраса, сенің толық аты-жөніңді, тіпті қай кабинетте, қай қабатта отыратыныңды да білмеймін. Сосын есік ауызынан күтіп алайын деп, таңмен таласа келіп тұрмын ғой,-деді естияр жігіт байыпты үнмен.

Өзінен он жастай кіші қызға «сіз» деп сыпайы сызылмай, оның бірден «сен» деп өзімсіне сөйлегеніне ішім жылып қалды.

Заря Жұманова

Заря Жұманова — жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Түнгі оттар», « Сіз іздеген әлем», «Ақбота», «Күләйша, Рокфеллер және басқалар», «Запах дождя» т.б. прозалық кітаптардың авторы. Публицист Сейдахмет Құттықадамның «Служение нации» публицистикалық жинағын, ақын, аудармашы Амантай Ахетовтың «Дети победы» романын, Бақытжан Момышұлының «Черная звезда» ертегі-романын, Сұлтан Әкімбековтің«История степей: феномен государства Чингисхана в истории Евразии» атты ғылыми-танымдық еңбегін орыс тілінен қазақ тіліне аударды. «Сорос заманауи Өнер орталығы» жабық әдеби бәйгесінің, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы жариялаған конкурстың, халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауының, республикалық «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби бәйгесінің, тағы басқа да бірнеше әдеби сайыстардың жүлдегері.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon