Юрий Серебрянский

40

Алтыншаш. Үзінді

Қазақ тіліне аударған Меруерт Таир

 

***

 

Пойыз жиі тоқтайтын, бірақ оның қанша уақыт тұратынын ешкім білмейтін. Хабарлама да жоқ. Сапардың екінші күнінде жолаушылар от жағып, ас әзірлеуге немесе баланың жаялығын жуып алуға үлгірер ме екенбіз деп алаңдап жатты.

Генканың отбасы отырған вагон үлкен әрі ағаштан жасалған болса да, адам тасу үшін жарамайтын еді. Пойызға міне салысымен, әкесі Генка мен оның кішкентай бауыры Романды сәкінің екінші қабатына көтеріп, отырғызды. Ішінен сиыр қораның иісі мүңкіп тұр. Отырған жері биікте. «Есесіне қабырғадағы саңылаудан даланы көріп, таза ауа жұтуға болады», деп ойлады Генка. Вагон ішін ымырт жайлады. Қанша жүреді екенбіз?

Пойыз бекетте біраз уақыт аялдайды. Ал жол үстінде тоқтаса, болжау қиын. Аялдама ұзақ болса, көже пісіріп үлгеруге болар еді. Генка үшін көже де, шұжық та қызықсыз, ұзақтау тұрған кездерінде ол бес вагонның ұзындығындай қашықтықты, көкшіл сұр киімді әскерилер мен вагондарынан үйіндіге секіріп түскен адамдарды еппен айналып, екі минуттың ішінде жүгіріп өтетін. Атасы мен Малина деген сиыр келе жатқан, сыртынан қарағанда, өзгелерінен еш айырмашылығы жоқ вагонға дейін жетіп, мал иісі сіңіп қалған сасық пойыздың ішіне бас сұғады, мұндайда атасы ақырын ғана еркелетіп: «Геня» дейді. Бұл күндері атасы қатты өзгерген. Бұрын үйінде жүргенде, бәріне бұйыра сөйлеуші еді. Мұның әке-шешесінен бастап тауық, сиыр, көршілері мен ақымақтықтан құлағын жымқырып, көзін сығырайтып алатын шошқаларды басқарудан қолы босамайтын. Бір күні жалғыздықтан долданған шошқа Генкаға ұйқы бермегенде, атасының оған ұрысқаны бар. Жай ғана айқай емес,  анасына не болғанын торайға егжей-тегжейлі баяндап берді. Атасы сондай адам болатын. Бұрын.

«Сиырды алып кетуге рұқсат етсе, бізді біржола қуғаны ғой». Атасы осы сөзі үшін Генканың анасынан сөз естіген еді. Анасы жылап қалды. Ол атасының өзгеріп, енді оған дауыс көтеруге болатынын түсінді ме, әйтеуір айғайлап жіберді. 

Кейде атасы вагон қоршауының тақтайлар арасындағы саңылауы арқылы қолын созып, Генка оның алақанын сипап, Малинаның тұмсығына үңілетін, бірақ сиырдың қара көздерін вагон түнегінде ажырату мүмкін емес еді.

Одан соң Генка бұрылып алып, өзінің вагонына қайтуға асығып, шақпақтастың, не бұрқыраған топырақтың, не шөптің үстімен жүгіретін, ал әскерилер оны байқаса да, үндемейді. Таза ауа жұту қандай керемет еді. Пойыз бұрын өздері тұрған жақтың орманындағы жол айырығына ұқсас жерлерге жиі тоқтаса да, бұл жақтың иісі үйдікінен өзгеше.

Сапардың оныншы күнінде Генка атасына осылай жүгіріп келгенде, пойыз құрамы кішігірім сарай тәріздес кірпіш үйі бар бекетке тоқтаған болатын. Кіреберістегі бақшада пойызды салтанатпен қарсы алуға шыққан, аппақ гетры киген оқушы қыздарға ұқсап, діңі әктелген ағаштар өсіп тұр. Саңылаудан Малинаның мұңды көзін байқаған Генка, атасының рухы аштық пен қолаңса бейнетінен арылу үшін сиырға қонғанын түсінді. Сиыр мен атасы енді біртұтас.

Барлығы вагоннан шығып, пойыз жүргенше сыртта тұра тұру үшін үйіндіге аяқ басқан кездерінде әкесі «не орман, не бекет те жоқ, ұзақ тұрмас» деп тұжырымдап, қызын сәкіден түсіру үшін қолын созды. Бірақ Генка өз бетінше еденге секіріп, әкесінің көмегімен үйіндіге түсіп, вагонның астына бас сұқты. Арғы жақтан күзет әскерилерінің аяқтары көрінді. Тап солардың етіктері. Лас, ұзын қонышты етік. Кейде тоқтап, темекі тартады. Бәріне беймәлім, ешкім өзін мазалай алмайтын, жанға тыныштық ұялататын вагонның астында жата тұрғысы келді, ұзақ аялдағанда бірнеше рет солай жасағаны да бар. Осы жер ғана өзінің үнсіздігімен қорқынышты сейілтіп тұрғандай. Көңілді билеген үрей мен алаң у-шудан басталады. Бірақ вагон ішіндегі адамдар үнсіз қалғанда да, бұны тыныштыққа теңеу қиын еді. Бұл вагонда келе жатқан Генканың ғана жанұясы емес. Адам көп және Генка біразын таниды. Ол жым-жырт тыныштықты жиі аңсайтын. Үйдегі қамсыз күндерін сағынды. Енді бөлме қабырғасында жетімсіреп, тықылдаған сағат қана қалды.

 

***

 

Бір күні Антон ағасының жазық дала туралы «жыртылмаған жер» деп айтқанын құлағы шалып қалды. Жаңа ауыл тұрғындарының көбі көшіп келген жер туралы осындай көзқараста болатын. Қайда барсаң да, жердің аты жер емес пе. Бастапқыда қиын еді. Әсіресе жаңбыр жауып, күн шығатын, тым қысқа жаздың аяқтар мезгілінің белгісіз болғаны және бұл жерде бір тірлік жасап үлгермейтінін түсіну қиындық туғызды. Тұрмыс біраз түзелген соң, отын да табылып, ақыры колхозға екі трактор әкелінді. Соның арқасында жұмыс біраз жеңілдеді. Ал комендантты сөз етсек, оған бәрінің қатысы бар. Қазақтар бұл ауылға жиі соғып тұрады. Аяқ киім тігетін жақсы шебер бар екенін естіп алса керек. Ондай хабардың тез тарап кететіні бар. Теріден тігілген жұмсақ етік бір ортағасырлық сандықтың түбінен шыққан аяқ киімге көбірек ұсайды. Қазақтар көп нәрсені киіз үйдегі сандықта сақтайды, ал сандықтың өзі бір қазына сақтауға арналғандай. Қазақтардың көздері мұңға толы. Үйін бөлшектеп, ертең-ақ көшіп кете алатын, бірақ сонда да бір мекенді қоныс етіп, қай кезде болса да, көшіп кетуге дайын жүреді, тіпті шабадансыз өмір сүреді. Ықылым заманнан бері бір сандықпен күн көріп келеді. Келіп-кетіп жүріп, қай жерден естігені белгісіз, ауыл ішінде не болып жатқанынан түгелдей хабардар болып отырады. Бие сүтін, шелпек, құрғақ, тұзды ірімшіктің кішкене сынықтарын кейде сыйлыққа, ал кейде тауарға айырбастап алу үшін әкеледі, бірақ алмасуға қажет мөлшерден артық беретін кездері көп. Өздері кедей болса да, қолындағы барымен бөліседі. Өздерінің де жағдайы мәз емес. Бірақ бұл ауылдағы адамдармен салыстырғанда, оларда қымбат, баға жетпес құнды бір нәрсе бар. Аттарының тұяғының астында еркіндік емес, ерік жатыр еді.

 

***

 

Қараңғы түсіп, жел бұрқыратқан шаң-тозаң мен қой иісімен аралас иіс шығып тұр. Көзді жұмып, алысқа созылған көкжиек бойындағы жазықтар мен жоталарды, жақыннан қарағанда, тек бірнеше қатар ағаштан тұратын, жалған орман алқаптарын елестетуге болатын еді. Жаз мезгілінің соңы осындай. Үйлердің арасы қараңғы тартып, қабырғадағы көлеңке балшықты жолға түсіп тұр. Батып келе жатқан күннің сәулелері терезе шынысымен шағылысып, оны қызартып тұр. Арбаға жегілген аттың дыбысы ерекше, ондаған ұқса-түйек нәрседен құралған бұл дауысты ештеңемен шатастыру мүмкін емес еді. Арбаның дөңгелегі жердің құрғақ кесектерін сабалап, айылы сықырлап, тұяқтардың әрқайсысы өз бетінше жер басып, ат болса әлсін-әлсін пысқырынып қояды. Оркестрдің нақ өзі дерсің. Арбаның өзі де «ән шырқап келеді». Бейне бір тірі жандай. Бөлшектердің шиқылдағаны, кеуіп қалған ағаш пен темірдің сықыры. Арба үстіндегілер ақырын, баяу үнмен сөз алмасып келеді. Ымырт алдында қатты сөйлеу мүмкін емес. Айналадағы дауыстың бәрі қым-қуат болып араласып, үй арасынан қылаң беріп, жол бойымен жүріп келеді. Есік алдында біреу тұрған сияқты. Тереза тәтесі екен. Екі-үш адам арбадан секіріп түсіп, үйге кіріп жатыр. Терезенің шынысы әлдеқашан қызыл емес еді. Батқан күн сәулелерін кері қайтарып алғанға ұқсайды.

Екіден, үштен топтасқан көлеңкелер Тереза тәтесінің үйіне кіріп бара жатыр. Олардың үйі үлкен, «сталинка» еді. Ересектер мен балалардың көлеңкелерінің ұзындығы бірдей болып көрінеді. Женя мен анасы соңында келе жатқандардың қатарында. Жазылған үстелге ұзын мата төселген, сол жерде бірнеше қара киген бейтаныс адам тұр еді — бірі ерекше пішінді бурыл сақал жіберіп, мұрт қойған, ал екіншісі шашы қысқа қылып қиылған ер адам. Бірақ оны әдеттегі шашы қысқа ер адамдардан ерекшелендіріп тұрған бір нәрсе бар еді. Қимыл-қозғалысынан жөн білетіні байқалып тұр, бірақ ойы сан-саққа кетіп отырғаны байқалады. Ешкімге көз салып, қарамады да.

Үстелге екі икон, қара кітап қойып, оны аша сала, қолын үйкелеп, кітап бетіне үңілді. Екіншісі мыж-мыж болған, баялдының түсіндей жылтырап, тозығы жеткен портфельден шүберек қапқа оралған бір нәрсе алып шықты. Шашы қысқасының екі қолына сол нәрсені ұстатып, ал ол болса, қарамай-ақ оралған шүберекті шешіп, металға батқан тостаған мен кубоктың қызғылт-алтын жалтырын ашып көрсетті. Дастархан енді өзгеше көрінді. Биік, қашап жасалған аяғы бар кубок және тостаған, бір жақтан біреудің қолы шарап пен шелпек әперді.

Балалар мен ересектерді үстел басына шапшаң жетектеп әкеліп жатты. Бірінен соң бірін. Женя оларға қарап тұрып, Библияны оқудың кезегін күтті. Күңгірттеу келген бөлменің іші осыншама адамнан қапырық болғанымен, қайдан шыққаны белгісіз, ғайыптан жұпар аңқи бастады. Жұмысқа қатысы жоқ нәрселер талқыланбады. Әрқайсысы мұнда не үшін келгенін біліп, шыдамды кейіппен өз кезегін күтіп тұр. Женя әрқайсысының көзіне бір үңілді. Мұң. Бірақ сабыр да байқалады. Діни қызметші айтатындай, қайғы бар. Бірақ барлығы бірдей емес. Кейбіреулерінің жанарынан жеңіс оты ұшқындайды.

Балаларды шоқындырып жатыр. Женя алғашында адамдардың бетінен көз алмай, олардың қалайша өзгеріп, құбылып, келбеті қатая бастағанын көрді. Жарықтың аздығынан түскен көлеңкелер бірнеше адамды танымайтындай қылып, өзгертіп жіберді. Әлде олар тек бұл жерде ғана өзгеше болып көріне ме? Женя үйдің төбесіне, шамның күйесі жағылған бұрыштарына көз жүгіртті. Оған қарама-қарсы жақтағы жоғарғы бұрышқа сызат түсіпті. Діни дәстүрден өту кезегі келгенде, тағы да сол бұрышқа көз тастады. Қолын кеудесіне айқастырып, тағзым етті. Тереза тәтенің үйі, шелпек, матамен жабылған үстел. Шіркеу. Алтарь. Діни дәстүр.

Юрий Серебрянский

Юрий Серебрянский — родился в Алма-Ате в 1975 году. Окончил Казахский национальный университет имени Аль-Фараби по специальности химик-эколог. Изучает культурологию в Варминско-Мазурском университете города Ольштын, Польша. Публиковался в литературных журналах «Простор», «Книголюб», «Дружба народов», «Знамя», «Новый мир», «Воздух», «День и ночь», «Новая юность», «Пролог», «Юность», Iowa Magazine, Barzakh, «Новая реальность», «Лиterraтура», Promegalit и др. Участвовал в форумах молодых писателей в Липках, лауреат «Русской премии» в номинации «малая проза» в 2010 году и в 2014 году. Участник международной писательской резиденции IWP 2017 в США, проза переведена на казахский, английский, польский, китайский, французский, испанский, арабский, немецкий языки. Редактор журнала польской диаспоры в Казахстане Ałmatyński Kurier Polonijny. Работал главным редактором Esquire Kazakhstan. Участник Казахского Пен-клуба. Редактор отдела прозы журнала Лиterraтура.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon