Мадина Омарова

411

Күзгі саябақ

Лиро-мистикалық драма

 

Қатысушылар:

 

Бозбала – 18 жас

Бойжеткен – 17 жас

Жігіт – 27 жас

 

1-көрініс

 

Күзгі саябақты сірескен сұрғылт тұман басып тұр. Кеш батып бара ма әлде таң атып келе ме, әлде күздің ұзақ сонар жаңбыры сәл дамыл алған, қабағы қату күндізгі кез бе, түсініксіз. Оңаша скамейкада Бозбала жалғыз отыр.

 

Бозбала. Мен оны күнде осы жерде күтемін. Тек жексенбіде ғана болмайды. Қалған күндері тура сағат екіде мына Метродан шығады да, бақты кесіп өтеді. Содан соң арғы беттегі тоғыз қабат үйлердің біріне беттейді. Солардың біріне сіңеді. Не үшін дейсіз бе? Мен не үшін оны осында құдайдың құтты күні күтемін? Себебі... Оның қалың мақпал шаштары ұнайды. Көре бергім келеді. Ол кейде тура менің қасымнан, жанай өтеді. Сол кезде оның киімінен шығатын жұпар иіске көміліп қала берген ұнайды. Ол мені байқамайды. Мен ол үшін — жоқпын. Тіпті көлеңке құрлы көрмейді. Бірақ күндердің бір күні ол мені сөзсіз байқайды. Көресіздер! Ештеңе бекер емес!

 

Үнсіздік. Ол кенет орнынан көтеріледі.

 

Бозбала. Міне, келе жатыр!

 

Жайлап басып Бойжеткен келеді.

 

Бозбала. Қазір! Қазір немесе ешқашан! Боркемік болма! Кешіріңіз!

 

Бойжеткен оны байқамайды.

 

Бозбала. Кешіріңіз!

Бойжеткен. Иә?

Бозбала. Сізбен танысуға бола ма?

Бойжеткен. Болмайды.

 

Тағы не айтасың дегендей қарайды. Бозбала ештеңе дей алмай абдырып тұрып қалады.

 

Бойжеткен. Болды ма?

Бозбала. Мен Сізді осы жерден ылғи көремін.

Бойжеткен. Мен де сізді байқап жүрмін.

Бозбала. Рас па?

Бойжеткен. Сөйлесуге батылы жетер ме екен деп ойлаушы едім.

Бозбала. Міне, жетті...

Бойжеткен. Қуаныштымын!

Бозбала. Мен де!

 

Бойжеткен күліп кетіп қалады. Бозбала қала береді.

 

Бозбала (күбірлеп). Дұрыс болды... Ертең саған гүл сыйлаймын. Содан соң кездесуге шақырамын. Дұрыс болды.

 

Орнына қайта жайғасады.

  

Бозбала. Бүгінгі күн бітпеді. Тым ұзаққа созылды. Ол да әдеттегіден кеш пайда болды. Негізі соңғы кездері уақытқа бір нәрсе көрінген тәрізді. Тынысым тарылып барады.

 

Ағаштардың арасынан Жігіттің сұлбасы көрінеді. Ол Бозбаланың сөздеріне алыстан құлақ түреді.

 

Бозбала. «Махаббатсыз өмір бос, хайуанға оны қосыңдар». Махаббатсыз — өмір бос... Бұл сөздерді кейде тым тікелей түсінеміз.

Жігіт. Жас баладан бұндай сөздерді есту қызық.

Бозбала. Тағы сен бе?

Жігіт. Иә... Бүгін қалайсың?

Бозбала. Жақсы. Міне, серуендеуге шықтым.

Жігіт. Тілдесе алдың ба?

Бозбала. Иә. Сәті түсті.

Жігіт. Саған өмір сүру керек. Онда нең бар?

Бозбала. Мен өмір сүріп жатырмын.

Жігіт. Бұл — өмір ме? Зейнеткер тәрізді мына бақтан шықпайсың.

Бозбала. Ол сенің шаруаң емес.

Жігіт. Шыдамың қашанға жетер екен деп ойлаймын.

Бозбала. Ол да сенің шаруаң емес.

Жігіт. Басталды! Өте қырсық жан екенсің.

Бозбала. Ал мен сені түсінбеймін. Жайыңа кететін кезің жетті ғой.

Жігіт. Қанша уақыт өтті?

Бозбала. Бір жыл.

Жігіт. Бір жыл... Ал мен үшін бір ғана сәт... Бір жыл жастық ғұмырыңды күтуге жұмсадың. Кешірілмес күнә.

Бозбала. Қайда отырсам да бәрібір емес пе, әйтеуір осы күй, осы жағдай. Ол күні-түні ойымнан шықпайды.

Жігіт. Ал мен оны кездестіре алар емеспін. Қашан келсем де, ол өтіп кеткен болып шығады. Сен отырасың.

Бозбала. Бәлкім, оның сені көргісі келмейтін шығар.

Жігіт. Мүмкін емес.

Бозбала. Меніңше, ол сені көргісі келмейді.

Жігіт. Ал сені өте көргісі келеді деп ойлайсың ба?

Бозбала. Солай болып тұр.

Жігіт. Енді ертең бір-ақ өтеді.

Бозбала. Иә. Мен гүл алып келемін.

Жігіт. Ол дала гүлдерін ұнатады.

Бозбала. Демек, дала гүлдерін алып келемін.

 

Жігіт Бозбаланың қасына отырады.

 

Бозбала. Ол бұл жерден мен үшін өтеді. Тек мен үшін. Бірақ мені танымайды. Бүгін тілдесті. Байқады. Бұған дейін тіпті көрмейтін. Бүгін көрді.

Жігіт. Ол мені іздейді.

Бозбала. Өңі біреуді іздеп жүрген жанға ұқсамайды.

Жігіт. Мен оны қалайда үйге қайтаруым керек.

Бозбала. Ол қайтпайды. Жақсы білесің.

Жігіт. Сен бізге тосқауыл бола алмайсың.

Бозбала. Мен оған ертең бәрін айтамын. Бәрін есіне саламын. Содан соң біз бұл баққа ешқашан оралмаймыз.  

Жігіт. Өзің білесің, мен сені қай жерден болсын тауып аламын. Оны таппауым мүмкін, бірақ сені тауып аламын.

Бозбала. Демек мен онымен енді қайтып тілдеспеймін...

Жігіт. Сондықтан ертең оған гүл де сыйламайсың.

Бозбала. Не деген өлермен едің. Жаның неге жай таппайды. Неге оны еркіне жібермейсің?

Жігіт. Себебі мен оны сүйемін. Ешқашан ешкімді олай жақсы көрген емеспін.

Бозбала. Мектепте ғашық болмадың ба?

Жігіт. Жоқ. Институтта да ешкіммен жүріп көрмеппін. Оған дейін ешбір қыз баласының қолынан ұстаған емеспін. Ал оны кездестіргенде біздің мәңгі бірге болатынымызды бірден ұқтым.

Бозбала. Оның қалауынан тыс болса да ма?

 

Жігіт үнсіз қалады.

 

Жігіт. Маған неге өшігесің? Мен саған түк істеген жоқпын.

Бозбала. Сен ылғи оңаша қалған сәтімді аңдисың. Кез келген жерде, кез келген ағаштың артында сен тұруың мүмкін. Өзің маған өмір сүру керек деп қоясың. Бұлай өмір сүру оңай емес. Маған Оны сен ұмыттырмайсың.

Жігіт. Мен жалғызсыраймын.

Бозбала. Не үшін келесің?

Жігіт. Себебі келгенімді сен өзің қалайсың.

Бозбала. Әбден шатасып біттім... Міне, сен «келгенімді өзің қалайсың» дедің, енді маған шынымен өзім қалайтын сияқты болып көрініп тұр. Ал егер қазір кетсең, сені ешқашан қайтып көрмес үшін қалған өмірімді, жоқ, жарайды, қалған өмірімнің жарымын беруге келісер едім. Себебі сенің келгеніңді қалау — барып тұрған ақымақтық. Ол деген — шынымен жынданғандық!

Жігіт. Менің сенен басқа ешкімім жоқ. Мен тек сен арқылы оған шығамын.

Бозбала. Өте өзімшіл жан екенсің... Тек өзіңнің қалауыңды көресің, менің өтінішім, жан айқайым, Оның сенен қашатыны түк емес...

Жігіт. Егер маған бұл әлемде пайда болып, әлдебір адам баласымен тілдесуге жалғыз ғана мүмкіндік берілген болса, және ол адам баласы — сен болсаң, сенің адамсүгіштігің, қайырымдылығың қайда? Мен басталған жері де, аяқталған тұсы да жоқ мәңгірген мәңгі түнек тұтқынымын. Жантөзгісіз жалғыздықта аласұрып жатқанда, кейде, кенет айшықталып аппақ айдың нұры төгілген соқпақ пайда болады, мен оны бойлай жанұшыра жүгіремін, ақыр аяғында ол саған алып келеді... Менде ол соқпаққа түспеуге, ол соқпақпен жүрмеуге ерік жоқ. Ол үшін сен мені жазғыра көрме...

Бозбала. Білемін, білемін... сен бұл жайында үнемі айтасың... Сен ылғи Ол жанымнан өтіп кеткен соң пайда боласың.

Жігіт. Мен ылғи кешігемін. Мен сай-сүйегімді мүжитін ылғал, ызғар мекеннен бір ғана сәтке болсын шыққаныма қуанамын. Мен саған өзім жайлы шексіз әңгімелегім келеді.

Бозбала. Бірақ сенің есіңде еш нәрсе қалмаған ғой! Ата-анаң кім? Бауырларың бар ма? Туған жерің қайда? Түк білмейсің ғой!

Жігіт. Иә, мен бәрін ұмыттым. Бірақ менің есімде қалған нәрселер де бар. Ол — көк майса балғын шөптің жап-жасыл болатыны, ағаштардан ғажап хош иістің шығатыны, жаңбыр жауған соң топырақтың жұпар шашатыны. Оның тал бойының қызуы, құшқан соң денеңде қалатын табы — жан-дүниеңді балқытатын құдірет. Міне, менің есімде осылар қалды. Барлығы менің мәңгі сағынышым. Мен сондықтан Оны іздеймін.

Бозбала. Қазір сен мына күзгі бақты көріп тұрсың ба?

Жігіт. Егер сенсең, тек сенің сұлбаң ғана қарауытады.

Бозбала. Сен тіпті екеумізді не нәрсе біріктіретінін де білмейсің.

Жігіт. Ол. Мен оны көруім керек. Оның кешірімін алсам болды, біз үйге қайтып ораламыз. Тек осыны білемін. Мен оны үйге қайтаруым керек.

Бозбала. Ол қайтпайды. Мен оған жол бермеймін.

Жігіт. Бекер, бекер... Не айтып тұрғаныңды өзің де білмейсің. Мына жақтағы азаптың қасында сенің махаббатың түкке де тұрмайды. Мына қураған жапырақ құрлы құны болмайды. Біле білсең, мына жарық әлемде толыққанды өмір кешу мүмкіндігі үшін сол махаббат азабын жүз, мың еселеп тартуға дайын болар едің.

Бозбала. Сен ылғи осылай дейсің...

Жігіт. Себебі менің қателігімді сен қайталамауға тиіссің.

Бозбала. Мен оны құдайдың құтты күні күтемін. Кейде күте-күте бойымды шыдамсыздық билейді. Мен оны бір ғана сәтке болса да қайта көргім келеді. Оның қалың қара шаштарын, адам сенгісіз сұлу бойын тамашалағым келеді. Қайта-қайта... Мен оны сүйемін...

Жігіт. Сен оны білмейсің.

Бозбала. Уақыт өте, бірте-бірте танитыным сөзсіз.

Жігіт. Ал мен оны білемін.

Бозбала. Сен оның жауқазындай жас ғұмырын үздің ғой! Қалай дәтің барды! Сен — қанішерсің!

Жігіт. Мен өзімнің ғұмырымды да тоқтаттым.

Бозбала. Ол сенен қорқады. Егер қажет болса, мен де елеске айналуға дайынмын!

Жігіт. Мына жақта мәңгі ғұмыр бар. Және түк жоқ. Бұл жақ жұмақ емес. Барсың әрі жоқсың. Зыңылдаған үнсіздік миллиондаған майда құртша жаныңды, әрбір клеткаңды аяусыз кеміреді. Бірақ сен ешқашан таусылмайсың. Ешқашан. Сен андағы әлемнен қашып мында келерсің, бірақ бұл жақтан шығар жол жоқ. Сен андағы жақта бір күні, уақыт келгенде таусыласың, ал мында ешқашан. Естіп тұрсың ба, ешқашан бітпейсің. Санаң өшпейді, тынықпайсың. Бірқалыпты резіңке балшық малтықтырып тастайды. Болды. Басқа ештеңе жоқ. Содан соң бір мезетте аппақ соқпақ пайда болады. Ол айдың нұрынан тоқылған шілтердей нәзік, үлпілдек, ол соқпақ саған алып келеді... Сондықтан сен өмір сүруге тиіссің. Егер сен де біздің қатарға қосылсаң, ол соқпақ жоғалады. Содан соң барлығымыз ана әлемнің мәңгі тұтқынына айналамыз. Ал қазір үміт бар. Сондықтан сен өмір сүруге тиіссің.

Бозбала. Сені соқпағыңнан адастыру үшін өлуге болады.

Жігіт. Мені ғана емес, Оны да.

Бозбала. Жоқ, ешқашан!

Жігіт. Сен өмір сүруің керек. Жалғыз айтарым осы. Сен өмір сүруің керек.

Бозбала. Сен оны ешқашан кездестіре алмайсың. Кепілдік беремін!

Жігіт. Оны ешкім білмейді. Бәрі өзгереді. Сен біздің жадымызды оятып жатырсың.

Бозбала. Мен ешқашан, естисің бе, ешқашан сенің онымен жолығуыңа жол бермеймін. Мен ылғи, естисің бе, мен күнде осы бақта қарауыл болып отырамын.

Жігіт. Иә, жақсы. Бірақ бір күні жалығасың. Бір күні шаршайсың. Бір күні таусыласың.

Бозбала. Жоқ. Ешқашан.

 

Елес жігіттің сұлбасы бірте-бірте өше береді.

 

2-көрініс

 

Жігіт пен бойжеткен кафеде отыр.

 

Бойжеткен. Егер рұқсат етсең, бір саптаяқ сыра алайын.

Жігіт. Ішу үшін қашаннан рұқсат сұрайтын болғансың?

Бойжеткен. Демек болады ғой?

Жігіт. Мен рұқсат етпесем де аласың ғой.

Бойжеткен. Егер темекі тартсам да ештеңе демейсің бе?

 

Жігіт үнсіз қалады. Бойжеткен сөмкесінен темекі алып тұтатады.

 

Жігіт. Бұл спектакльді кім үшін қойып отырсың...

Бойжеткен. Бұл – өмір, жаным.

Жігіт. Соңғы кездері ішетін, шегетін болғаныңды білем.

Бойжеткен. Рас па? Қайдан?

Жігіт. Темекі мен сыраның иісін жасыру қиын.

Бойжеткен. Кейде болып тұрады. Қазір сондай сәттердің бірі. Кішкене рахаттанып отырғым келіп тұр.

Жігіт. Көзімше істегеніңе рақмет. Бұл да бір өзара сенімнің нышаны болса керек.

 

Даяшы келеді.

 

Бойжеткен. Маған бір бокал сыра әкеліңізші. Содан соң — күлсалғыш. Кешіріңіз есіміңіз кім?

 

Даяшы есімін айтады.

 

Бойжеткен. Сіз мен туралы не ойлайсыз?

Даяшы. Кешіріңіз, түсінбедім.

Бойжеткен. Жақсы, бара беріңіз. Сыраны тездетіңіз.

Жігіт. Бөтен бір адамға айналып бара жатқандайсың.

Бойжеткен. Неге олай дейсің?

Жігіт. Сені бұндай кейіпте көру өте ауыр.

Бойжеткен. Қандай?

Жігіт. Түрің мынау. Ашық-шашық. Қолыңда — темекі. Сыра ішесің.

Бойжеткен. Менің тәрбиеммен айналысатын әке-шешемсің бе?

Жігіт. Жоқ... Дегенмен, кеше ғана мектеп бітірдің, үлкен қалада жалғызсың. Менен басқа ешкімің жоқ. Сондықтан әлдебір жауапкершілік сезінемін.

Бойжеткен. Мен әлі кәмелетке толған жоқпын. Есіңде болсын!

Жігіт. Екі айдан кейін толасың ғой.

Бойжеткен. Әлі екі ай бар... Сен кәмелетке толмаған жасөспіріммен бірге тұрып жатырсың. Бұл біле білсең, қылмыс.

Жігіт. Бұнымен не айтпақсың? Соттатасың ба?

Бойжеткен. Қорқады екенсің ғой.

Жігіт. Оның үлкен опасыздық болар еді.

Бойжеткен. Демек қорқасың.

Жігіт. Мен сені зорлаған жоқпын.

Бойжеткен. Дегенмен, шалғай ауылдан келген кішкентай қызды арбап, өзіңмен бірге тұруға көндіргенің рас қой.

Жігіт. Сен өзің келісім бердің.

Бойжеткен. Себебі... себебі менің материалдық жағдайым... Өзің білесің ғой...

Жігіт. Анаң жалғыз, сенен кейін екі сіңілің бар.

Бойжеткен. Қалайда жоғары білім алғым келді. Анам тәрізді қарабайыр тұрмыс кешіп, тоз-тоз болып кетуден қаштым.

Жігіт. Ауылдың бір жігітіне тұрмысқа шығып, келін болып қызмет жасағым келмеді дейсің ғой.

Бойжеткен. Басқа, жақсы өмірді армандау күнә ма?

Жігіт. Жоқ, бәрі дұрыс. Тек сені ұнатқаным үшін, үйіме кіргізіп, қамқорлығыма алғаным үшін сөкпеші

 

Бойжеткен кенет сұлық отырып қалады.

 

Бойжеткен. Жоқ, әрине, жоқ. Кешірші, өзіме не болғанын түсіне алар емеспін.

Жігіт. Сен маған ренжіме, бірақ соңғы кездері қатты өзгеріп барасың.

Бойжеткен. Енді саған ұнамаймын ба?

Жігіт. Алғаш кездескенде мүлде басқа едің.

Бойжеткен. Болды! Айта бермеші! Адам болған соң өзгерістер де болады!

 

Даяшы сыра әкеледі. Күлсалғыш қояды.

 

Бойжеткен. Рахмет! Неткен сүйкімді Бозбала! (Жігітке еркелеп.) Үйге алып кетейікші!

Жігіт. Болды, қысқарт!

 

Даяшы қызарып кетеді. Кетуге ыңғайланады.

 

Бойжеткен. Тоқтаңызшы, мен сізге ұнаймын ба?

Бозбала. Ұнамауыңыз мүмкін емес. Өте әдемісіз. Сіз бәріне ұнайсыз.

Бойжеткен. Егер кездесуге шақырсам, келер ме едіңіз?

Бозбала. Кешіріңіз, бізге клиенттермен жеке тақырыпта сөйлесуге болмайды.

Бойжеткен. Сіз студентсіз ба?

Бозбала. Иә, болашақ биологпын.

Бойжеткен. Жұмыс істеп қосымша ақша табасыз ғой.

Бозбала. Иә.

Жігіт. Неғып тұрсыз? Кетіңіз!

Бозбала. Кешіріңіздер.

Жігіт. Мұнда менеджерді шақырыңызшы.

 

Даяшы кетіп қалады.

 

Бойжеткен. Не үшін?

Жігіт. Шағым түсіремін. Бұлар бұндай даяшыны неге ұстайды?

Бойжеткен. Жоқ, түсірмейсің!

Жігіт. Түсіргенде қандай!

 

Жігіт орнынан тұрып менеджерді іздеп кетеді.

 

Бойжеткен. Түу, қарап отырмай, жаңағы балаға кесірім тиетін болды-ау. Не болып кетті өзі?

 

Орнынан тұрып Жігітті ертіп әкеледі.

 

Бойжеткен. Болды, ашуланбашы. Мен ғой бәрін бастаған. Өшіңді одан алмай-ақ қойшы.

Жігіт (күйініп). Бұндай арсыз қылықты отыздан асқан қыз да көрсете қоймас. Саған шынымен не болды?

Бойжеткен. Еш нәрсе. Не істесем де әйтеуір жақпаймын.

Жігіт. Еркеліктің де шегі бар.

Бойжеткен. Саған осылай біреудің миын жеген, өмірін құртқан ләззат сыйлай ма?

Жігіт. Мен бүгін бір ерекше кеш болса деп едім. Бәрі бүлінген сияқты жайсыз сезімде қалдым.

Бойжеткен. Өзім де не болғанын ұқпай қалдым... ренжімеші. Бірақ... Бірақ, мен бір нәрсені түсінген тәріздімін.

Жігіт. Не нәрсені?

Бойжеткен. Бұлай өмір сүре алмайтын сияқтымын...

Жігіт. Қалай?

Бойжеткен. Сен тек ренжімеші...

Жігіт. Мен нені дұрыс істемей жүрмін? Сен үшін барлығын жасап жатырмын ғой. Қалағаныңды алып беремін. Сабағыңа апарып, алып қайтамын. Не ұнамайды?

Бойжеткен. Бәрі жақсы... Жарайды. Темекі шекпе десең, шекпей-ақ қояйын. Ерекше кеш деймісің? Қандай мағынада? Бүгін туған күн емес қой. Тосынсый бола ма? Бүлінген түк те жоқ. Қайта бастайық.

Жігіт. Қажет емес. Бәлкім осылай дұрыс шығар.

Бойжеткен. Түсінбедім? Соншама не бүлінді?

Жігіт. Сен бұндай емес едің ғой. Ұзын етек көйлектерің қайда? Шашыңды мұғалима болып ойнаған қыз баладай желкеңе түйіп, монтиып қана отырушы едің ғой. Айналдырған бір жыл ішінде қалай мұнша өзгеріп кеттің?

Бойжеткен. Иә, ауылдан келгендегі образ ғой. Білмеймін, солай киініп, солай жүрсем, әлдебір қорғаныс болатындай, адамдар қатал, тәрбиелі кейпімді сыйлап, мені ересек деп қабылдайтындай көрінетін.

Жігіт. Енді не өзгерді?

Бойжеткен. Көп нәрсе.

Жігіт. Мысалы?

Бойжеткен. Мысалы екеуміз кездесе бастадық.

Жігіт. Мен саған қиянат жасаған жоқпын ғой.

Бойжеткен (келемеждеп). Қиянат жасаған жоқпын ғой!

Жігіт. Бірге тұруға өзің келістің.

Бойжеткен. Мен сені бұндай деп ойлаған жоқпын. Тіпті сен сияқты адамдардың жер бетінде болатынын да білмеппін.

Жігіт. Түсінбедім?

Бойжеткен. Сен сондай көңілсіз, ішті пыстыратын, біртүрлі адамсың. Шын айтам. Ренжіме.

Жігіт. Сонда мен саған түк ұнамаймын ба?

Бойжеткен. Білмеймін. Сені жек көретін сияқтымын.

Жігіт. Күтпеген жағдай...

Бойжеткен. Кешір... Білем, сен маған тек жақсылық жасадың. Бірақ ішіме сыймай кетті. Бәлкім, сыраның әсері шығар. Сенің алдыңда бірінші рет ішіп отырмын ғой. Не айтып кеттім?

Жігіт. Иә, бәлкім, сырадан болар. Болды, енді ішпеші.

Бойжеткен (келемеждеп). Болды, енді ішпеші... Осы! Осы ғой менің айтып отырғаным!

Жігіт. Қоясың ба жоқ па?

Бойжеткен. Сен менен он жас емес, елу жас үлкен сияқтысың! Тура шал болып қалғансың ғой! Жиырма жеті деген немене, жалындап тұратын кезің емес пе? Ішпеші, шекпеші, омырауыңды ашып жүрмеші! Бұл не сөздер?! Адамның жүрегін айнытатын сөздер!

Жігіт. Егер мені жек көрсең, онда неге бірге тұрасың?

Бойжеткен. Өзгеріп кеттің дейсің. Иә, өзгердім! Иә, мен бүкіл жер бетіндегі барлық ережеге шексіз бағынатын болмысыңа қарап, қандай болмау керектігін ұқтым! Мен барынша сен сияқты болмауым керек екен! Осыны түсіндім!

Жігіт. Сонда мен сияқты болғың келмей ме?

Бойжеткен. Иә, сен өте көңілсіз ғұмыр кешесің! Ал адам көңілді болуы керек, түсінесің бе?

Жігіт. Иә, түсінемін.

Бойжеткен. Мені де өзің сияқты болса екен дейсің! Ал бұл деген мені қорқытады, үрейімді ұшырады!

Жігіт. Мен ішпеймін, шекпеймін, жиырма жетіде болсам да — өз күшіммен жеке пәтерлі болдым. Қызметіме үлкен жауапкершілікпен қараймын! Сондықтан әріптестерім құрметтейді, сыйлайды.

Бойжеткен. Және адамның ішін пыстырғанда жындандырып жібере жаздайсың!

Жігіт. Демек, мен іш пыстырады екенмін ғой?

Бойжеткен. Иә! Өте жоғары деңгейде! Кәсіби деңгейде!

Жігіт. Егер мен болмасам мына үлкен қалада сенің жайың қалай болар еді? Тұратын жерің, стипендиядан өзге табысың жоқ.

Бойжеткен. Барлық студенттер бір нәрсе етіп күн көріп жүр ғой, мен де солардың бірі болармын.

Жігіт. Жатақханада тұрасың ба?

Бойжеткен. Иә, енді қайда тұрады деп едің! Жаңағы бала қайда? Сұрайықшы ол қайда тұрады екен?

Жігіт.  Ол бала енді жоқ. Ойыңнан шығар. Мен сені түсіндім. Бірақ... бірақ... Бүгін сені мұнда шақырған себебім... мен сенен... тұрмысқа шықшы деп өтінейін деп едім...

 

Бойжеткен аңтарылып қалады.

 

Жігіт. Бірақ мына әңгімеден соң не айтарымды білмеймін.

Бойжеткен. Мен сені маған үйленгісі келеді деп ешқашан ойламаппын.

Жігіт. Неге?

Бойжеткен. Мені пайдаланып жүр деп ойладым.

Жігіт. Сенің неңді пайдаланамын?

Бойжеткен. Білмеймін... жастығымды...

Жігіт. Мен сені жақсы көремін.

Бойжеткен. Сенбеймін.

Жігіт. Неге?

Бойжеткен. Сен робот сияқты адамсың ғой. Жақсы көру дегеннің не екенін білетініңе сенбеймін.

Жігіт. Қоймадың ғой.

Бойжеткен. Кешір... Сонымен...

Жігіт. Иә?

Бойжеткен. Сен маған сөз саласың ба?

Жігіт. Ал сен қабылдайсың ба?

Бойжеткен. Жоқ... Қабылдай алмаймын. Сен мені түсінуің керек. Мен сені мүлде, мүлде жақсы көрмеймін. Тіпті жиіркенемін десем де болады!

Жігіт. Болды. Түсіндім. Айтпай-ақ қой.

Бойжеткен. Жоқ! Мен тіпті өз-өзімнен жиіркенемін! Содан соң... содан соң өстіп ішемін, шегемін... Бірақ бұл — мен емес. Мен мұндай емеспін! Сол баяғы өзімді қайта тапқым келеді. Бұдан былай қу тамақ, жылы үй үшін өзімді саудаға салғым келмейді. Сен мені түсінші. Сен мені аяшы. Және кешіре алсаң, кешірші.

 

Екеуі үнсіз отырып қалады.

 

Жігіт. Шот әкеліңдер!

 

Қайта сол баяғы Бозбала келеді.

 

Жігіт. Сенен басқа адам құрып қалды ма?

Даяшы. Мені жұмыстан шығарып жіберді. Бірақ бастаған ісімді аяқтайын, міне, есепшотыңыз.

 

Жігіт қалтасынан ақша шығарып төлейді.

 

Жігіт. Қалғанын өзің ала бер.

Даяшы. Маған сіздің ақшаңыз керек емес.

Бойжеткен. Сіз бізді кешіріңіз.

Даяшы. Егер ренжімесеңіз, мен сізді кездесуге шақырсам деп едім.

Жігіт. Немене?!

Даяшы. Мен сізді Орталық саябақта сағат екіде күтемін. Сіз маған өте ұнайсыз.

Жігіт. Болды, жүр!

Бойжеткен. Жақсы, мен келемін. Міндетті түрде келемін.

Жігіт. Ол ешқайда бармайды!

Бойжеткен. Жоқ, міндетті түрде барамын!

Бозбала. Мен сізді күтемін!

 

Жігіт қызды жұлқып орнынан тұрғызады.

 

Жігіт. Үйге барып сөйлесеміз!

Бойжеткен. Жоқ, менің енді сөйлескім келмейді. Заттарымды алып кетемін! Жатақханаға өтініш беремін!

Жігіт. Жоқ, ешқайда бармайсың! Өлсем де жібермеймін!

Даяшы. Оған қол көтерме! Мен қазір полиция шақырамын!

 

Жігіт Бойжеткенді жұлқылап алып бара жатады.

 

Бойжеткен. Орталық саябақта, сағат екіде!

 

Соңы

Мадина Омарова

Мадина Омарова — жазушы, драматург, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Ұлттық «Сахнагер» сыйлығының иегері (2017), Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі (2021), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері (2022). 1975 жылы 12 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үңгіртас ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Университетінің Филология факультетін Қызыл дипломмен тәмамдаған, 1996-1998 жж. Т. Жүргенов атындағы Театр және Кино институтының Драматургия бөлімін оқып, тәмамдады. Түрлі мерзімді басылымдарда, отандық телевидениелерде қызмет атқарды. «Ана ғұмыр» («Жалын» баспасы, 2011 ж), «Қадір түні» («Жалын» баспасы, 2013 ж), «Көмбе нанның дәмі» («Алматы-Болашақ» баспасы, 2020 ж), «Менің қаһарман шөберем» («Абай» баспасы, 2022 ж), «Менің қаһарман шөберем» («Жалын» баспасы, 2022 ж) кітаптарының авторы. Қазір М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында Әдеби-драма бөлімінде қызмет етеді. Назарларыңызға автордың «Пара» атты әзіл әңгімесін, «Жақсы көру» әңгімесін ұсынамыз.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon