Дактиль
Серж Жан
– Осы қарғыс атқыр ауруханадан шаршап кеттім. Шыны керек шаршадым. Бітпейтін дәрі. Бітпейтін екпе. Бітпейтін ем. Қашан шығамыз, мен жазылдым ғой?
– Байрон, сен жай аурхана емес психиаторлық орталықта жатқандығыңды ұмытып кеттің бе?
– Қап, – Байрон басын сипады. Кенет палатаға жасы 25-тен енді ғана асқан жас дәрігер кіріп келді:
– Иә, сонымен бүгінгі тексерісті бастайық: Наполеон?
– Мен!
– Элвис?
– Мен!
– Ван Гог?
– Мен!
– Вольф Мессинг?
– Мен!
– Толстой?
– Мен!
– Байрон?
– Мен!
Дәрігер қолындағы қағазына науқастардың есімдерін тізіп алды да шығып кетті.
– Осы дәрігердің басы істемейді ғой деймін, - деп бастады сөзін Наполеон .
– Дұрыс айтасың, күніне қырық рет келіп тексеріп қайтады. Істейтін басқа ештеңесі жоқ қой деймін, - деп Наполеонның сөзін Элвис іліп ала кетті де айналасын бір шолып шығып:
– Мына дәрігердің басын жарып тастайық та кілтін алып бостандыққа шығайық, - деді.
– Бостандық? Ол не? – деді таңдана Ван Гог.
– Бостандық дегеніміз - қысқа белдемше киген қыздарды күніне бір мың рет көру, - деді Элвис.
– Бостандық дегеніміз - құстардың дауысын естіп қана қоймай, өздерін де көру , - деді Вольф Мессинг.
– Бостандық дегеніміз - қалаған тамақты қалаған уақытта жеу, - деді Наполеон.
– Бостандық дегеніміз - Құдай ұғымының бір бөлмемен шектелмеуі, бостандық дегеніміз - жан мен тәннің үйлесімділігі, - деді Толстой.
– Ой, осы сенің шығармайтының жоқ, - деп Байрон Толстойдың сөзін бұзып жіберді.
Бас сүйектей тар қапаста қамалған алтауының негізігі есімдері басқа еді. Осында жатқан жиырма бес жылдың ішінде өздеріне әр түрлі ат қойып алыпты-мыс. Таршылыққа қамалған алтауының арманы бостандық болатын. Бүгін түнде сол армандарын шындыққа айналдырмақ. Бәленің бәрін бастаған Элвис.
– Манағы дәрігердің басынан ұрып кеп жібереміз де, бостандыққа сытылып шығамыз.
– Мен сендер секілді жүрек жұтқан жынды емеспін, - деп қарсылық білдірді Ван Гог.
– Сужүрек неме, миың айналып қалған ба? Біреудің басын жарғаннан қорқып отырмысың? Ол саған түрлі дүниені күніге беріп – беріп, әбден жасық қылып тастапты. Сен жармасаң өзім-ақ жарамын, -деді
Наполеон ашуға булығып.
– Қойыңдар, қойыңдар. Адам баласы ғой...
– Сен-ақ ақылды болмай отыршы. Кезінде барлығымызды осында қуып тыққанда қайда қалып едің осы? А, Толстой? , - Мессингтің осы бір сөзінен кейін Толстой үнсіз қалды.
– Сонымен не істейміз?
– Бәлкім оның өзіне тиіспей-ақ сүйген қызының басын жарып, умаждап лақтырып жіберміз?
– Ой, қойшы Наполеон, мына жылтыр басың қызбен сөйеспек түгілі, көрсе басын алып қашады! Бәлкім туған анасын ұстап алып, кепілдікке алып, сытылып шығып кетейік. Сонда ғана полиция мен өрт сөндірушілер бізге шүйлікпейтін болады, - деді Байрон.
– Өрт сөндірушілер де кісі тұтқындайтын болып кеткен бе?, - деп таңданды Ван Гог.
– Білмеймін. Сөз болсын деп айта салған. Жә, мәселе онда емес. Мына тар қапастан сытылып шығуымыз керек. Сонымен мына көксоққанды ұрып құлаттық делік, сосын өлі денесінен қайтып құтыламыз ?
– Өртеп жібереміз!
– Оны көріп өрт сөндірушілер келіп жүрмей ме?
– «Олар жоқ» деп айттым ғой, саған не болған Ван Гог, - деп кекірейе бастады Байрон.
– Жігіттер шулмаңдар, мына жақтан шыққан соң не істейміз?
– Құлшылық етеміз, болмаса банк тонаймыз!
– Құлшылықтан қарағанда сол оңай ғой деймін, қалай ойлайсыңдар?
– Сол дұрыс, сол дұрыс....
Билли психиаторлық ауруханаға жұмысқа жаңа тұрған жас дәрігер. Күнделікті әдеті бойынша науқастарды белгілеп, хал жағдайларып біліп тұрады. Міне бірінші палата, екінші палата, үшінші палата, төртінші палата, бесінші палата, алтыншы палатаның ішіне еніп науқастарға амандаса беріп еді, желкесінен біреу ұрып жіберді. Көзалдына дүние айналып, желкесімен құлап түсті. Билл есін тез жинай қойған жоқ. Араға біраз уақыт өтіп еміс-еміс есі кіре бастады. Басы сынып барады. Қатты соққан болуы керек. Бет-жүзін көрейін деп палатаның қабырғасында ілініп тұрған айнаға барды. Қарады. Айнаның ішінде Биллға жымиып қарап алтау тұр...
P.S. Билл психиаторлық ауруханаға жұмысқа жаңа тұрған жас дәрігер. Бірақ оның дәрігер екенін ешкім білмейді!
Үш қараңғы бір жарық
vivamus idea
Өмір неткен ғажайып нәрсе. Кеше ғана алғаусыз балалық шағын бастан кешіріп, алғаш ғашық болып, әкесінің көлігін үйден алып қашып, албырт сезімдерді жүрегіне сыйдырып, шаңырақ көтеріп, әке атанып, алғашы дисертациясын қорғандай еді. Енді бүгін ғажайып өмір құбылыстарын есіне түсіріп, хан сарайындай алып үйінде жападан-жалғыз көне латын тілінің профессоры, академик Йелс мырза хәл үстінде жатты. Бар ғұмырын тілдерді зерттеуге арнаған полиглот мырзаның арманы қиналмай өлу болатын. Өкінішке қарай барлық дінге сенген полиглот мырзаның бұл тілегін Жаратушы қабылдамаған секілді. Йелс мырзаның тамағынан ас өтпей, төсек тартып жатқанына міне, оныншы күн болды. Хан сарайындай алып үйде жападан-жалғыз. Өзге түгіл өзінен қорықпайтын Йелс мырзаның зәресі зәр түбіне жетті. Оңай емес, расымен де оңай емес. Йелс мырзаның дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері туылған төрт ұлы бар еді. (Негізінен бар, бірақ мәпелеп өсірген әкелерін қартайғанда қатал тағдырдың азуына әкеліп тастап кеткен ұлдарды "бар" емес "бар еді" деп айтқанда жөн болар). Сондықтан профессор ұлдарын апта күндерінің құрметіне Dies lunae, Dies martis, Mercurii dies, Dies iovis деп атаған. Төрт ұлы бала кездерінен өте алғыр, талантты болып өсті. Төртеуі де философия, музыка, сурет, поэзия секілді ғылым мен өнер аталарын сүйіп өсті. Күндердің күні төртеуі академик әкелерінің «"ҚҰДАЙ" деген кім?» деп мазасын ала бастады. Профессор балаларының бұл сұрақтарына бас қатырған жоқ. Тек ішінен кішкентай экспериментке бару керектігін ойлады. Ақыры ойдағысын іске асырды. Күндердің күні төрт ұлын төрт түрлі сенім иесі атанулары үшін бар жиған тергенін шашып, дүниенің төрт торабына жібереді. Бірінші ұлы - Catholica ecclesia деген жерге оқуға қабылданады. Екінші ұлы Ecclesiae orthodoxae деген жерге оқуға қабыладанады. Үшінші ұлы Buddhist templum, төртінші ұлы - Atheus schola деген жерлерге оқуға түседі. Уақыт сынаптай сырғып, бір уыс сәуледей өмірге жұтыла береді. Профессор қартаяды. Ұлдарын сағынады. Аптаның төрт күні ұлдарынан хат алып жүреді. Біреуі монах, біреуі "қасиетті әкей", біреуі "епископ", біреуі филофофия ғылымдарының докторы атанады. Бір күні қарт профессор ұлдарына бір түрлі мәтіндегі хат салып жібереді. Хатында "өздерің жақсы көретін гүлдің тұқымын ұстанатын діндеріңдегі дұғамен аластап салып жіберіңдер" деген екен. Арада көп уақыт өтпей дүниенің төрт бұрышынан төрт хат келеді. Профессор хаттармен қатар келген дәндеріді ұлдарының жатын бөлмелеріндегі терезе алдындағы гүл ыдыстарына отырғызып, күн сайын су құйып баптап жүреді. Уақыт иірімінен құтыла алмайсың. Профессор қартайып, дәм - тұзының таусылар шағы жақындайды. Өзінің көз жұмар сәтін сезгендіктен, төрт ұлына хат жаздырып, үйінде күтіп жатады. Ақыры дүниенің төрт бұрышынан ұлдары келеді. Әкелерімен жылап көріседі, өткен-кеткендерін айтады. Бір дұға оқи бастайды... Кенет профессор түсінен қара тер болып шошып оянады "Құдай -ау, түсім екен ғой, түсім екен ғой". Ұлдары әлі келмеген. Қарт профессор бір гәпті іші сезгендей болып ұлдарының жатын бөлмелеріне жүгіріп барды. Барса барлығы орынында тұр. Бөлменің төрт терезесінің біреуіне ғана ай сәулесі түсіп, ыдыстағы гүлді аймалап тұр екен. Ол ыдыстағы гүл жайнап-жайқалып, ерекше құлпырып тұр. Қалған гүлдердің барлығы семіп, қурап қалған. Қарт профессор маңдайындағы терін сүртті де, қалың орманға көз жүгіртті. Орманның арғы жағындағы дөңнен төрт салт атты түсіп келе жатты, төртеуінің біреуінің қолында шам бар екен. Профессор жымиды. Бет ауызын жайлаған тереңдігі жырадай әжімдерінің арасынан сағыныштың ыстық жасы жүгіріп бара жатты...
P.S.Lebensphilosophie.
Серж Жан — Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Жазушы, аудармашы. Бірнеше әдеби конкурстың жүлдегері. «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасының жеңімпазы. «Alemdikadebiet» дербес әдеби агенттігінің жетекшісі. Рэй Брэдбери, Кадзуо Исигуро, Иосиф Бродский, Туве Янсонның шығармаларын қазақ тіліне аударған.