Дактиль
Мия Алгожаева
Ойын тұман басқанда шараппен дос болатын. Тағы да ішіп отыр. Бұл жолы екі бөтелкені тоқтаусыз сімірді. Жалғыз қалғанды ұнататын, өйткені шарап ішкенде басқа бір адамның болғанын қаламайтын. Ол шарапты біреумен бөлісуді намыс көретін. Себебі, шараптан аллергиясы бар. Ішкен сәтте беті қызарып, көзі ісіп, таяқтың астында қалған адамның кейіпіне түсетін. Бүгін үйге көңілсіз оралды. Не болғанын өзі де білмейді, бірақ өңеші күйіктен өртеніп барады. Тіл қатпастан бөлмесіне жүгіріп кіріп, шарапты жанталаса іше бастады. Көзінен жас шықты. Бірақ ойына ештеңе түсер емес, әдетте өткен-кеткен көзіне елестеп, өксіп жылайтын. Өз ойына бөтенсініп, жатырқай қарады. Үйде адамдардың болғанынан ба, ойы өзіне үркіп, өгейлік танытты. Тағы да ішті, көкейінде тығылып тұрған жауапсыз сұрақтар жақындаған сайын ішуін күшейте түсті. Ойына бірдеңелер түсіп бастағанда есік ашылып, ішке шешесі кірді.
— Не жатыс, жылағансың ба? Ненің қиындығын көрдің, ақша ма?
— Мама, есікті жапшы!
— Осылардың көңілінен бір шықпадым ғой. Өстіп жүріп өлтіресіңдер! Жұт мені!
— Мама, мен саған артық ауыз бірдеңе дедім бе? Өзіммен-өзім жатқан адаммын!
— Енді?
— Ештеңе! Бұл үйде тіпті жылауға да болмайды.
Қармаққа ілінген балықша қожайынның бұйрығымен есін жиды. Шаршаған денесін төсекке әрең сүйреп жатқызды. Ұйықтады. Дәл осы сәт ол үшін ерекше. Көзі ілінгенше өзінің мінсіз менін елестетіп жатты. Бойына сенімділік еніп, баяғы күнін ұмытты. Тек түнде ғана бақытты өмірге сүңгіп, бұл әлемнен ілгері өтіп, өз әлеміне кететін...
Таң атты. Түк болмаған адамша жұмысқа шықты. Шындығында ол өзін танымайтын. Оның орнына басқа біреулер өмір сүріп жүргендей... Күнде құбылады, оны құбылтады... Жердегі миссиясы - өмір сүру. Бірақ кім болып сүретіні белгісіз. Таңды атырып, кешті батыратын, бірақ өз еркімен емес... Оның ең үлкен азабы - өлім. Өлімнен қорқатын. Көшеде, тіпті үйде абайлап жүретін. Оқыстан жаны шығып кете ме деп зәресі қалмайтын. Таныстарының өмірден озғанын естісе жаны түршігіп, неден кеткенін зерделеп зерттейтін. Соңғы кездері бұл уайымы екі еселенді, себебі Құдайдан алыстап кеткен еді... Әдейі емес, ренжулі. Құдайдың стратегиясын түсінбегендіктен, әділдігін сезінбегендіктен алыстады. Құдай әділ, бірақ ол бақытсыз... Құдайдың қаһарынан қорыққаннан бұл ойын мойындаған емес...
— Жұмысын аяқтап, кілтті вахтершіге беруге келді.
— Кілтті ала саласыз ба?
— Әрине. Так, атың кім?
— Не үшін сұрадыңыз?
— Балам-ау, кілтті өткізгенде де, алғанда да, жаздырамын ғой!
— Атым...
— Кімсің?
Тосыннан қойылған бұл сұраққа не деп жауап берерін белмей тосылып қалды. Кілтті әйелдің қолына ұстата сала жүгіріп шығып кетті. Үстіндегі күретшесі мен жейдесінің түймесін ағытып жүгірді. Жол бойы жылады. Айналадағы адамдардың тосырқай қарауынан жасқанған жоқ, еркін жылады...Үйіне келіп, бөлмесіне кірді. Айнадағы өз бейнесіне көз салып, өзгеден тығылды, ұзақ жасырынды, бірақ... Көзін жұмып, өзінің шараптан кейінгі бейнесін елестетті. Қолы дірілдеп шараптың ауызын ашты. Ол ешқашан шарап ішіп көрмеген. Ойын тұман басқанда шараппен дос болатын, бірақ қиялында ғана...
Босанар күнім жақындағасын күйеуім перзентханаға ерте жатқызған болатын. Бұл менің үшінші ұлым. Айтарлықтай қорқыныш жоқ, қасымда жатқан келіншектерге азды-көпті тәжірибеммен бөлісіп қоямын. Қасыма сыңар болған толықша келген әйел бірінші баласына аяғы ауыр екен. Үшінші мәрте ана атанғалы жатқан менің өзім ол сияқты бақытты емес едім. Себебі, ол бұл баласын жеті жыл күткен екен. Сөзіне қарасам, күйеуімен соңғы жылдары арасы суый бастаған, ажырасуға жетер шақта Құдайдың шарапаты түсіп жүкті екенін біліпті. Жеті жылғы мұң мен бақытсыз күндерін бір шақалақ келіп өзгерткен. Ол өзін күйеуінің алдында қарыздар сезінген. Жеті жыл бойы уақытын сарп еткені үшін, басқа әйел алам деп айтпағаны үшін, көзіне шөп салмағаны үшін өзін борыштар сезініп күйеуінің қас-қабағына қарап өмірі өткен. Роддомға алғаш келген күні күйеуін көргем, жүзі суық, мейірім атауынан жұрдай біреу. Әйеліне керек-жарағын алып бермеген, зірк етіп сөйлеп есікті тарс жауып, шығып кеткенін көргенде жүрегім шайылған еді. Байғұс әйел бізге сыр білдірген жоқ, артынша туған шешесі келіп, керегін алып берді. Жеті жылғы ішкен дәрі-дәрмектері артық салмақ қосып, денсаулығына кері әсерін тигізіпті. Өзі тершең әйел, күннің ыстығында қуықтай бөлмеде үшеуміз жатырмыз, төсегіміз де тап-тар. Күннен- күнге қозғалуы қиындай түсті, тар төсекті тамаша қып, барды қанағат тұтып, жүре бердік. Өмірде сан қилы тағдыр бар. Соның бірі - осы әйел. Жап-жас, талдырмаш қыздың әйел атанған сәттен тағдырының күйрегені жаныма батты. Еркек сезімінің құбылмалы болғаны - әйел адамының жайсыз өмірінің кепілі. Кім анадан бақытсыз болып туылды дейсің, әсіресе қыз баланың жолы сол үшін де нәзік екен ғой... Қайран әйелдер-ай... Бір еркектің түтіні үшін қуатын жегіп, ыстық-суығына шыдап, жоғына көніп, аяулы екенін ұмытып, сыптай тартылып нәзіктігін жоғалтатыны қиын-ақ. Бұны кім түсініп жатыр дейсің, төсектегі күйеуің бе? Жо-жоқ, сол үшін де әйелдің қырық жаны бар шығар. Екі күн өткен соң екеуіміз бір күнде босандық. Мен оның жүзіндегі қуанышты көріп қатты қуандым, осы кезде әйел екенімді мақтан тұттым. Ол қызды, мен ұлды болдым. Өзімізше ырымға балап, екеуін болашақта атастырмақшы болдық. Керемет кез еді... Алғаш рет күйеуі оған гүл сыйлады, маңдайынан емірене сүйді. Ол шексіз бақытты еді. Бір күн өткен соң мені басқа палатаға ауыстырды. Баламның денсаулығында ақау бар деп шошытты. Тексеруден-тексеріс... Жалғыз өзім тас бөлмеде баламды құшып жаттым. Жүрегім бір жамандықтың боларын сезетіндей тыншымады. Түнімен ұйқы көрмедім, аласұрып сағым ойдың жетегіне ендім. Бұл мен көрген ең ұзақ түн еді. Таң ата сала дәрігердің кабинетіне жүгірдім. Қолымда анализдың қағазы, оқи бастадым...оқи бастадым. Шүкір, балапаным дін аман. Осы қуанышымды жақын адамыма бөліскім келді, бірден әлгі әйелдің бөлмесіне жүгірдім. Есіктен беттеп бөлмеге кіруге халім болмады. Қолымдағы қағазды ұстап сілейіп қалдым. Көз алдымда байғұс әйел бір сөзге келместен жер тепкілеп жылап жатыр. У-шудан құлағым тұнып, жан-жағымды қамталаған әйелдердің сөзін шала-шапсар естіп, ойым сан-саққа кетті. Анық естілген мына дауыс жүрегімді езіп жіберді: «Өз баламды өлтіріп қаншер атанғанша, неге бедеу боп қалмадым...».Түнде тар төсекте баласын емізіп жатып ұйқыға кеткен әйел өз сәбиін тұншықтырып өлтіріп алған. Шынашақтай шақалақ анасының астында қалып мына өмірден ерте қоштасам деп ойламаған да шығар. Өз анасы, өз баласын өлтірді... Жеті жыл бойы үкілеген үмітін бір-ақ сәтте сөндірді. Не жазығың бар еді? Ендігі күнің не болмақ? Күйеуіңе бұл ісіңді қайтіп түсіндірмекшісің? Миымдағы сауалдардың жауабын алуға қорқамын. Бейшара әйел баласының ит көйлегін құшақтап жылағанын көргенде, қолымда ұстап тұрған өз баламды бере салғым келді... Бұл әйелдің бағы неге ашылмады, қайдан келген жаза, қай күнәсі үшін сыналуда? Ол енді жүрексіз қалды. Енді өзің айтшы, жүрексіз қалай жер басып жүрмексің, қалай өмір сүресің?...Ауыр жаза кімнен келді, не үшін бұлай болды? Бір ауыз жұбату сөзін таба алмағаным үшін өзімнен жерініп, қаша жөнелдім, қашып кеттім...
Мия Алгожаева — жас жазушы, драматург. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясың кинотеледраматургия мамандығының 3-курс студенті. М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық драма театрында әдеби-редактор қызметін атқарады. 2021 жылы «Төңкеріс» пьесасымен «Драма.KZ» заманауи драматургия фестиваліне қатысқан.