Дактиль
Марат Әбдіраманхан
1920-ы жылдың қысында, Лондондағы «Прикадили» атты көшенің бір бұрышына ауқатты киінген орта жас шамасындағы қос ер кісі келіп тоқтады. Олар жаңа ғана қымбат мейрамханадан шыққан-ды. Мейрамханада екеуі тамақтанып, шарап ішіп және «Дрюрлен» театрының әртістерімен әзілдесіп, әңгіме дүкен құрған еді.
Келесі бір сәтте олардың назары топ адамның ортасында, киімінің дал-дұлы шыққан,бейне өліктей қимылсыз жатқан жас жігітке ауды.
— Стильтон! — деді қатқыл үнмен мырзалардың бірі, жерде жатқан адамға бүгіле қарап тұрған семіздеу болса да бойшаң мырзаға.
Шынымды айтайын, бұл залыммен байланыспағанымыз ләзім. Ол мас әрі баяғыда-ақ қатып, өліп қалған.
— Мееен... меен ашпын және тірімін, — деді жігіт естілер-естілмес, сосын әлденені ойлап тұрған Стильтонға қарау үшін тәлтіректей көтерілді.
Бұл жігіт бағана есінен танып қалған болатын.
— Реймер, — деді Стильтон. — Мына жағдайдан әзіл туындап тұр. Менің ойыма қызық бірнәрсе келді. Мені кәдімгі ойындар жалықтырды, тек жалғыз әдіспен ғана көңілімді көтере аламын.
Ол — адамнан ойыншық жасау.
Бұл сөздердің жәй айтылғаны сонша, дуалға сүйеніп жатқан жігітке ештеңе естіле қоймады.
Бұған тым селқостық танытқан Реймер серігінің иығына қолын қойды да, одан кешірім өтініп, клубына қарай кете барды.Ал Стильтон қарақұрым жұрт сұйыла бастаған тұста полисменнің көмегімен панасыз бейшараны күймеге отырғызды.
Күйме Гайстрит қонақ үйлерінің біріне жол тартты.
Байғұсты Джон Ив деп атайтын. Ол Ирландиядан Лондонға жұмыс іздеп келген-ді. Орманшының үйінде тәрбиеленген Ив жетім еді.Орта білімнен басқа ешқандай білім алмаған болатын. Ив 15-ке толғанда оның тәрбиешісі қайтыс болды да, ересек балалардың біреуі Америкаға, кейбіреулері Оңтүстік Уэльсқа, басқалары Еуропға кетті. Ал Ив уақытша бір фермердің қол астында жұмыс істеді. Сосын оған көмірші, матрос, тіпті трактирде қызметші болуға тура келді. Ол 22 жасында өкпе ауруына шалдықты, емделіп, ауруханадан шыққан соң бақытын Лонданнан іздеуге бел буды. Алайда бәсекелестік пен жұмыстың тапшылығы оған екі қолға бір күрек табудың өте қиын екенін дәлелдеп берді. Ол саябақтар мен баспалдақтарда түнеді, ашықты, ақыр соңында көргендеріңіздей «Сити» сауда қоймаларының иесі Стильтонның артынан кете барды.
Стильтон 40 жасында көп нәрсеге ие болды, бойдақ оған қоса жатар орны мен ішер асына уайымдамайтан адам миллиондарынан басқа неге ие болуы мүмкін деп ойлайсыз? Оның шотында 20 миллион фунт бар-тын. Оның Ивке істегісі келгені түкке тұрмайтын нәрсе болатын, бірақ ол өзін ұшқыр әрі асқан қиял иесімін деп санайтын еді, сондықтан Стильтон бұл ойына іштей қатты масаттанды.
Ив шарап ішіп,тойып қалғанда Стильтон оған өзінің ойын айтты:
— Сізге ұсыныс тастағым келіп отыр. Тыңдаңыз: мен сізге бір шартпен күніне 10 фунт беріп отырамын. Сіз ертең орталық көшелердің бірінен пәтер жалдайсыз, пәтердің екінші қабатта болуы және терезесі көшеге қарай орналасуы шарт. Әр кеште, сағат 5-тен 12-ге дейін терезенің жанында жасыл шам жарқырап тұруы керек. Шам жанып біткенше, 5-тен 12-ге дейін үйден шықпауыңыз, тірі жанмен кездеспеуіңіз және ешкіммен сөйлеспеуіңіз қажет. Қысқасын айтқанда, жұмыс қиын емес, егер осыған келіссеңіз әр күн сайын 10 фунтыңызды қалтаңызға түсіріп отырамын. Сондай-ақ есімімді сізге айтпаймын.
— Егер сіз қалжыңдап тұрмасаңыз, — деп жауап берді Ив, ұсынысқа қатты таң қалған күйі — өз атымды да ұмытуға дайынмын. Бірақ өтінем, айтыңызшы, бұл қашанға дейін жалғасады?
— Белгісіз...Мүмкін — жыл, мүмкін-өмір бойы.
— Тіпті жақсы. Алайда сұрағым келгені сізге мұндай жасыл жарық не үшін керек?
— Құпия! — деді Стильтон. — Үлкен құпия! Шам адамдар мен олардың істеріне белгі ретінде қызмет етеді, бірақ мұның мәнін сіз ешқашан біле алмайсыз.
— Түсінемін. Яғни,түсінбедім. Жақсы, ақшаны әкеліңіз және біліп қойыңыз, ертең-ақ Джон Ивтің пәтерінде жасыл шам жағылады.
Осылай біртүрлі келісімшарт іске асты да, миллионер мен қайыршы өзара риза болысып, тарасты. Қоштасарда Стильтон былай деді:
— Келісімшартқа былай деп жазыңыз «3-33-6». Және есіңізде болсын, бір айдан соң немесе бір жылдан соң сізге мүлде күтпеген жерден әл-ауқатыңызды көтеретін адамдар келе бастайды. Қалай екенін түсіндіруге құқым жоқ. Дегенмен айтқаным айдай келеді.
— Құрып кеткір... — деп міңгірледі Ив, Стильтон кетіп бара жатқан күйменің артынан қарап тұрып.
Сосын он фунтты айналдырған күйі былай деді: не мынау есінен ауысқан, не мен ерекше жолы болғыш адаммын. Мынадай үлкен соманы күніне жарты литр керосин жаққаным үшін беру деген...
Келесі күні кешке түнерген Ривер-стриттегі №52 үйдің , алакөлеңке терезелерінің бірінде жағымды жасыл жарық та жанды. Шам терезеге тым жақын орналастырылды. Үйге қарсы көшеден қос жолаушы жасыл терезеге ұзақ қарап тұрды; сосын Стильтон:
— Солаай, қымбатты Реймер, ішіңіз пысқанда осында келіңіз де, күлімдеңіз. Анда, терезе артында, ақымақ отыр.Ұзаққа әрі арзанға сатылған ақымақ.Ол жалыққаннан өмірден түңіліп кетеді немесе ақылынан алжасады... Бірақ не үшін екенін білмесе де күтіп отырады. Міне, ол!
Шынымен де, күңгірт бейне терезеге сүйеніп, көшенің қараңғылығына телміріп отыр. Ол: «Кім бар онда? Кімді күтемін? Кім келеді?» сұрақтармен өзін мазалауда еді.
— Бірақ сіз де ақымақсыз қымбаттым , — деді Реймер жолдасын көлікке жетелеп бара жатып — бұл әзілде қандай мән бар?
— Ойыншық! Тірі адамнан жасалған ойыншық — ең тәтті ермек.
1928 жылы Лондон маңында орналасқан кедейлерге арналған ауруханаға сай-сүйекті сырқырата айқайлаған, үсті-басы кір-қожалақ, бетін әжім басқан бір қарт әкелінді. Ол жерасты жолындағы баспалдақтан түсіп бара жатып аяғын сындырыпты.Жаралы ота жасау бөліміне жеткізілді. Жарақаты тым ауыр болып шықты, сынық тамырларының жарылуына әсер еткен. Тіндердің қабына бастағанын байқаған дәрігер жедел ота жасауға кірісті. Әлсіреген қартты төсекке жатқызған соң тез-ақ ұйықтап кетті де, ота басталды.
Ол оянған сәтте, оң аяғын «алып қалған» дәрігерді көрді:
— Міне, бізге осылай жолығу бұйырыпты , — деді салмақты, ұзынша келген дәрігер көңілсіз көзқараспен аялай қарап -— мені таныдыңыз ба, Стильтон мырза? — жасыл шамның күзетшісі болуды тапсырған Джон Ивпін ғой. — Мен сізді бірден таныдым.
— Қарғыс атқыр... — деп кіжінді Стильтон. — Бұл қалай болғаны? Бұл мүмкін бе?
— Иә. Айтыңызшы, сіздің өміріңіз қалай өзгеріп кетті?
— Мен шығынға баттым... Бірнеше ірі ұтылыстар... биржаның құлдырауы... Міне 3 жылдың көлемі болды, кедейлікке ұшырадым. Ал сіз...сіз ше?
— Мен бірнеше жыл шам жақтым, — Ив күлімдей түсті, — және басында еріккеннен, сосын қызығушылықпен қолыма түскенді оқи бердім. Бірде мен сол бөлмеде жатқан көне анатомия кітабын аштым және қатты таң қалдым. Менің алдымнан адам ағзасының бар құпиясы ашылды. Бүкіл түн бойы осы кітапты оқыдым, ал таңертең кітапханаға бардым да: «Дәрігер болу үшін нелерді оқуым керек?» — деп сұрадым. Жауап тым күлкілі болды: «Математиканы, ботаниканы, зоологияны,морфологияны,латынды және т.б. оқыңыз». Алайда мен керегімді қырсыға сұрап,бәрін миыма жазып алдым.
Содан бастап мен 2 жыл бойы жасыл шамды жақтым. Ал бірде мен үйге қайтып келе жатып (мен үйден 7 сағат бойы шықпай отыруды керек деп санамадым) жасыл тереземе күйзеліспен де, кемсітумен де емес ,біртүрлі көзқараспен қарап тұрған бір адамды көрдім. «Ив ақымақтықтың классигі, — деді әлгі адам, мені байқамаған күйі — ол уәде етілген ғажайыптарды күтуде. Иә, оның кішкентай болса да үміті бар, ал мен... мен құрығанмын». Ол адам сіз болатынсыз. «Күлкілі әзіл. Ақшаны алмауы керек еді», — деп қосып қойдыңыз.
Менің ештеңеге қарамастан оқуым үшін жеткілікті кітап сатып алынған болатын.Мен сізді тап сол жерде ұрып тастағым келді, дегенмен сіздің сайқымазақ қылғыңыз келген жомарттығыңыз арқылы білімді адам бола алатынымды есіме алдым.
— Ары қарай?
— Ары қарай... Жақсы. Егер ниет күшті болса, оны орындау кешеуілдемейді. Менімен бөлмелес бір жас жігіт тұрды,ол менімен араласып, көмектесті. Жарты жылдан соң мен медицина колледжіне емтихан тапсырдым.Көріп тұрғаныңыздай, өте қабілетті адам болып шықтым.
Өлі тыныштық орнады.
— Сіздің терезеңізге бармағаныма көп болды, — деді Ивтің айтқандарына таң қалған Стильтон, — өтее көп болды... Бірақ маған ол жерде әлі де жасыл шамшырақ жанып тұрғандай сезіледі...қараңғы түнде жарық шашқан шамшырақ...Кешіріңіз мені...
Ив сағатына қарады.
— Сағат он болды. Сізге ұйықтау керек, — деді ол. — Болжауымша, 3 аптадан соң ауруханадан шыға аласыз. Сол кезде маған хабарласыңыз - мүмкін осы ауруханадан жұмыс тауып берермін. Ал қараңғылау баспалдақтан түсіп бара жатып тым болмаса... Бір тал сіріңке жағуыңызды өтінем...
Марат Әбдіраманхан – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің, филология факультетінің студенті. «Өзге дауыс» жыр жинағының авторы.