Фархадбек Канафин

234

Риелтор

(сторителлинг-пьеса)

ҚАТЫНАСУШЫР

Марат, риелтор

Мараттың баласы

Мараттың әйелі

1 көрініс

Марат. Не дейсіз? Менің арманым ба? Арманым негізі ақын болу еді, ол үшін журналистикаға түсу керек еді. Бірақ ата-анам мұныма қарсы болды. Есің дұрыс па? Ақын деген кәсіп пе? Қазір не көп журналист көп. Одан да басты ауыртпай банк оқуына тапсыр деді. Мен оларды тыңдамай тілші оқуына тапсырдым, бірақ түсе алмадым. Ауылға қайтуды намыс көріп, ақындықпен қош айтысып, күн көріс үшін тапқан қазіргі тіршілігім осы... (Телефоны шырылдайды, тұтқаны алып.) Сәлеметсізбе, иә, ол үй сатылымда тұр. Иә, «Союз» кезінде салынған. Терезелері пластик, төбесі биік, евроремонттан өткен. Тамаша үй! Бағасы ма? Бағасы сол көрсетілгендей. Қожайындары ма? Немістер тұрған. Өздері осы үйді салған. Егер алатын болсаңыз бағасын келісіп дегендей... Жоқ, ол аз әрине, бұл үй үшін ол бағаңыз тіпті күлкілі. Жо-жо-жоқ, кешіріңіз, ол бағаға аталған районнан, кешіріңіз тауыққора да келмейді. Сау болыңыз! (Тұтқаны қойып.) Как будто мен бір өз үйімді сатып жатқандай көреді жұрт осы.

Марат (телефон тағы шырылдайды) . Сәлем бердік! Иә менмін. Ол үй қаланың шетінде, кірпіштен салынған. Аумағы 10 сотка. Сарай барлығы бар. Биыл құйылған фундаментіне дейін бар. Үйдің төбесі «нержавейка». Терезесі пластик. Ішкі есіктері қайың ағашынан, сыртқысы темір. Үй аумағында не бар дейсіз бе? Үй аумағында монша бар, фин моншасы. Иә, енді бұл академик кісі тұрған үй, қазір ол кісі шетелде, сол себептен сатылымда. Ондай үйді еш жерден таппайсыз. Айтып отырмын ғой. Еш жерден таппайсыз! Маған сеніңіз! Иә, хабарласыңыз, қалайда хабарласыңыз! Осы менің номерім. Қалайда хабарласыңыз! Жақсылап жеңілдік жасаймыз!

Марат (тұтқаны қояды, телефон шырылдайды) . Иә, менмін. Сәлеметсіз. Ол қаланың орталығында коттедж. Өте кең. Түгелдей евроремонттан өткен. Астыңғы қабатта тастаяқ ойнайтын жер? Ол не дейсіз бе? Бильярд қой. 1 қабатта ас үй, қонақ бөлме, 2 қабатта жатын бөлме, 3 қабатта балалар бөлмесі. Енді бұл үй хан сарайындай десем артық болмас, келіп көріңіз өкінбейсіз. Иә, бұрын үлкен кісі, яғни прокурор тұрған. Иә, иә, дәл соның үйі. Сатылып жатқан себебін айтпай ақ қояйын... Келіп үйді көріңіз, менің номерім... І-і-і. Қоя салғаны несі? (Тұтқаны қояды.) Қап, неге өтпей жатыр?

Тағы да біреулер қоңырау шалады. Олармен Мараттың сөйлескен даусы естілмейді. Тек ишараттары ғана көрінеді.

Марат. Күндер бір-біріне ұқсас өтіп жатыр. Күндіз-түні айналысатын жұмысым осы. Тек бір сәтте... (Сахна қараңғыланады. Төбеден шам жарығы ғана түседі. Алдында орындық үстінде кітап жатыр.) ...Жаным жай тауып, рахаттанатын кезім бар. Ол – күнделігімдегі өлеңдерді оқимын. Жан дүнием баяғы кездей бір өлеңдер жазғысы келеді. (Бір өлеңі оқылады адам туралы.) Сол әлемде қиялым кезіп жүреді. Кейде тіпті түсімде көремін. (Телефоны шырылдайды.) Жо-о-оқ, тек осы сәтте емес. Тағы да бір сәт толастамайтын сатып алушылар қоңырау шалуда.

Телефоны қоңырау шалуда, ол біраз уақыт көтермейді. Сосын барып көтереді.

Марат. Иә, бұл мен. Иә, ол үй сатылады. 3-қабатты үйдің 3-ші қабаты, 4-бөлме, терезелер шығысқа қараған. Үйдің тұрған жері жақсы, жан жағы сауда үйлері, қызмет көрсету орталықтары, мәшине тұрақтары, мектеп, балабақша жақын. Иә, мекенжай бойынша бара беріңіз.Мен қазір барам сол жерге. Жарты сағатта боласыз ба? Келістік. (Тұтқаны қояды, кітапты қолына алады.) Қой, кеттім мен, клиенттен айрылып қалмай тұрғанда... (Шығып кетеді. Біраз уақыттан соң қайта оралады.) Осы жұрт дәл қазір алмайтын болса, неге адамды әуре қылады екен? Қап, басқа клиентпен келісу керек еді.

Барып шай қояды. Сөмке ішінен қытырлақ нанды алып, столға қояды. Сосын кружкасын алып шай құйып, ойланып ішіп отырады. Көзі бір нүктеде.

2 көрініс

Марат сахнада толассыз телефонмен сөйлеседі. Біреуі қоя бергенде екіншісі қоңырау шала береді.Ол біраз уақыт сөйлеседі.

Марат. Бүгін таң азаннан осы. Мұрын сіңбіретін уақыт жоқ. Пандемияның үшінші толқыны келеді деп жар салып жатыр ғой, жұрт өз қаржысын жылжымайтын мүлік түрінде сақтау мақсатында үй сатып алуға кірісті дейді. Бірақ меніңше бос сөз сияқты, себебі үйлер сол баяғыдай өтпей жатыр. (Телефон шырылдайды.) Иә, менмін, аа ол үй.. ол үй баяғыда сатылып кеткен. Оқасы жоқ. Сау болыңыз. (Тұтқаны қояды.) Сол күнгі ымырт үйіріле басталған жауын түннің бір уағына дейін себелей берді. Терезеге, одан әрі көшеге қарап отырып, сол түні ұйықтамай ұзақ отырдым. Өмірімнің мәнін анықтауға тырысып, ойға шомдым. Терезеде тек жаңбыр тырсылы естіліп тұрды. Уақыт түннің бір уағы болыпты. Күнделікке қарадым да... (Өлең оқылады.)

3 көрініс

Марат (телефонмен қызу сөйлесуде) . Аға, мен Сізге айттым ғой, ол үйді өткізіп беремін деп! Өткізім беремін! Енді дәл қазір болмай тұр ғой алушылар. Кешіріңіз, мәселе менің өткізе алмағанымда емес. Сатып алушылар болмай жатыр. Түсініңізші... Өтінем, ол компанияға бермеңізші, бермеңізші, өтінем, мен қалайда сатып беремін. Сеніңіз маған, тағы бір ай беріңізші! Тым болмаса бір апта! Рахмет үлкен! (Трубка қойылады.) Ух, зорға келістірдім-ау. Маңдайым терлеп кетті ғой. (Телефон безілдейді.) Уағалейкумассалам, иә менмін. Иә, мұсылманмын. Халал үй ме дейсіз бе? Қызық екен. Үйдің халалы болушы ма еді? Иә, әрине көруіңізге болады. (Трубканы жауып.) Шамасы діндар болуы керек. Бұлар туралы не бір әңгіме қаптап кетті ғой. Сақ болмаса болмас. (Трубкаға.) Иә, менің офисім орталықтағы ЦУМ жанындағы жаңа үйлер бар ғой, иә биыл салынған, сол жерде, батыс жағынан кіресіз. Сол жерде тұрсыз ба? Ендеше тура алға жүре беріңіз. Алдыңызда үлкен 9 этажды үй тұр. Иә, сол үйден солға бұрылып, тік жүресіз. Тағы да он бес метр жүріп оңға бұрыласыз, сол жағыңызда көк ғимарат тұрады. Асып кеттім дейсіз бе? Жарайды, менің офисімді табу қиын. Сіз сол жерде тұрыңыз. Мен қазір өзім тауып аламын сізді! Күте тұрыңыз! (Шығып кетеді. Біраз уақытта қайта кіреді.) Мәссаған, өздері бір түрлі уахабилер ме, салафилер ме, әрең құтылдым-ау, уағыз айтты ма, не керек. Әрең құтылдым. Басымды әбден қатырып жіберді. Халал үй ме? Кәпірлер тұрмаған ба деп. Мен қайдан білейін кімдер тұрғанын? Өздеріңіз білесіз кейбір үйлердің қожайындары жылына 4-5 рет ауысады. Осыларды көрсем жанымды үрей билейді. Осыдан 4 жыл бұрын туған інім Алматыға менен бұрын келіп, тәп-тәуір тіршілігін бастап, кейін салафиттерге кіріп кетіп, өмірі астан-кестең болды. Мен қанша сөйлессем де көнбей қойды. Қайран әке шешем осы інімді бері қаратамыз деп жан дәрмен қала мен екі ортаға шапқылап жүрген, бір күні көліктері жолдан шығып кетіп, көлік аударылып, әке-шешемнен қас қағым сәтте айрылдым, ал інім тіпті топырақ салуға да келмеді. Жетісіне де, қырқына да келмеді. Телефонын өшіріп үшті-күйлі жоқ болып кетті. Полицияға бердік, әлі табылмады. Сол жағдай тағы көз алдыма келгендей жаным түршігіп кетті. (Музыка. Өлең оқиды.)

Марат (телефоны шырылдайды) . Иә, аман есен. Етігі жоқ болса енді мен не істеймін, Жаңыл-ау, тыңдашы мені, үйлер өтпей жатыр. Сәл шыдасайшы, күт, өтсін, ақша түссін қолыма, сосын әперем қызыма, етікті де, бәрін де! Неменеге айқайлайсың? Осы қойшы, сен! Неге нервіме ойнайсың? Болды, болды бір әңгімені қайтадан бастай бермеші! Басымды ауыртпа! Болды, сосын сөйлесеміз! Сау бол! (Ашуланып трубканы қоя салады. Ашуланып әрі-бері жүреді.) Шаршадым бәрінен! Не үйлерім өтпей қойды, тіршілік мәндімей, семья болса мынау... Қалай істесем болады? Не істеймін? Ақыл берер кім бар? Қайран анам, сен де жоқсың бұл өмірде? Сенің ғана жаның ашушы еді маған... Тізеңе басымды қойып көңілімді босатып алушы ем тірі болғаныңда... Бұл өмірде жалғыз қалдым, жетімге айналдым. (Көңілі босайды. Мұңды музыка ойналады. Жан тебірентер өлең оқиды.) Менің жанымды түсінетін жалғыз ғана серігім бар, ол кішкентай ғана қара домбырам. Кезінде музыка мектебінде жақсы оқып едім, ұстазым мақтайтын мені әрдайым. Сосын аумалы-төкпелі заманға ұрынған соң, өнер жайына қалды. Осындай сәтте қайтадан бала болғым келіп кетеді, уайым-қайғысы жоқ.

Марат. Сіздер бала болғыларыңыз келе ме?

Домбырасын шертіп ән бастайды «Сәби болғым келеді» әні.әнді айтып отырып қалғып кетеді. Телефон шырылынан оянады.

Марат. Алло, иә мен. Тыңдап тұрмын. Тәте, сабыр етіңіз. Сабыр етіңіз! Тыңдаңызшы мені! Мен ол үйдің залогта тұрғанын білмей қалдым. Шын сөзім! Тәте, олай емес! Мен алаяқ емеспін! Ақ шашты анамдай сізді алдап не көрініпті маған? Шын айтамын. Тәте, өтінемін! Сабыр етіңіз! Мені тыңдаңызшы бір минут! Жоқ тәте, өтінемін! Сотқа бермеңіз! Мен анықтаймын бәрін! Сосын сізге хабарласамын міндетті түрде! Өтінем маған сеніңіз! Қазақпыз ғой! Бір-бірімізге сенбесек, қалай қазақ боламыз? Иә, сәл бір-екі күн беріңізші маған. Сізге хабарласам өзім! САУ БОЛЫҢЫЗ! УХ! (Маңдайынан терін бірақ сүртеді.)

Марат. Қу жаным қалды ғой! Енді қайтем! Құдай-ау, бір жолым болмады ғой. Бұл өмірде бір жағдайымды жасағым келіп еді. Ол да бір болмай қойды. Адам сияқты бір тіршілік кешкім келеді. Мынау біреудің босағасын жалдаудан шаршадым. Өзім үй алғым келеді. Дұрыстап бір өмір кешкім келеді. Көктемде бар жоғы екі үй сатып, пайызына аздап жағдайымды түзегендей болдым. Бұрын қала шетінде дачаны жалдаушы едім. Қазір тар болса да қала орталығынан мына бөлмені жалдаудамын. Қой, бос сөз нан тауып бермейді маған. Жұмысқа кірісейін. Жүрек жалғап алу керек еді.

Көшеден хот-дог алып, шай ішеді. Шай ішіп болып, «Крыша.кз» сайтын телефоннан шолып, бір екі хабарландыруды тауып, қоңырау шалады)

Марат . Алло, сәлеметсізбе, пәтерді сатасыз ба? Мен риэлтор едім. Керек емес?.. Імм! (Трубканы қойып, келесі кісіге звандайды.) Алло, сәлеметсізбе! Мен хабарландыру бойынша звандап тұрмын. Үйді сатасыз ба? Мен риэлтор едім. Жоқ, компания емес, жеке өзім. А-а-а, жарайды, сау болыңыз! (Тағы да звандайды.) Алло, мен хабарландыру бойынша. А-а-а... Сатылып кетті. Жақсы, кешіріңіз! (Тағы да звандайды.) Алло, сәлеметсізбе! Мен хабарландыру бойынша, риэлтор едім. Сіздің үйіңізді сатуға жәрдем берсем, қалай қарайсыз? Пайызы сол үй бағасынан 10 пайызды аламын. Керегі жоқ? Жақсы, өзіңіз біліңіз. Сау болыңыз! (Тағы екі-үш жерге звандағанын этюдпен келтіреді.) Бүгін бір қырсық шалды ма? Бір ауыр күн болды ғой. (Телефоны шырылдайды.) Иә, бұл Марат риэлтор. А.-а, балам, сенсің бе? Кімнің телефонынан звандап тұрсың? Нағашы әженің? Халың қалай балам? Мен бе? Мен жақсымын. Сені қатты сағындым. Мен алыстамын ғой. Қазір келе алмаймын ғой балам. (Көзіне жас келеді. Көңілі босайды.) Папаң кө-ө-өп ақша әкеледі саған. Саған әдемі етік, кө-ө-өп ойыншықтар әкеледі.

Баласы (дауысы) . Папа, мамам айтады сен ешқашан келмейді деп. Сен сонда келмейсің бе?

Марат. Балам, мен келемін. Мамаң ойнап айтқан ғой. Мен міндетті түрде келемін! Келемін балам!

Әйелінің (дауысы) . Кім звандап жатқан? Тағы да әкең бе? Әкел бері телефонды! Мен саған айттым ғой, сөйлеспе онымен деп! Неге түсінбейсің!

Трубканың ұзыннан ұзақ гудогі естіледі. Марат отырып қалған. Көңілі босап өкіріп жылап жібереді. Музыка. Радиодан М.Шахановтың «Жігерлендіру» өлеңі Ш.Үркімбаевтың орындауында оқылады. Өлең Маратқа әсер етіп, ол бойын жинайды. Жұмысына кіріседі.

Марат. Алло, бұл мен Марат риэлтор. Сіздің үйіңізді тиімді әрі жақсы бағаға өткізіп бере аламын. Иә, көп пайыз сұрамаймын. А-а жақсы! (Телефон шырылдайды.) Аға, мен айттым ғой, сізге ол үйді өткізіп беремін деп, аға, өтінемін тағы да бір-екі күн беріңізші. Аға, жалынам сізге! Міндетті түрде сатып беремін. Өзім хабарласам сізге! (Телефон шырылдайды.) Тәте, иә, мен айттым ғой өзім анықтаймын деп, тәте, прокурор туысыңызға айтпай қоя тұрыңызшы, өтініп сұраймын сізден! Қанша күтем дейсіз бе? Бір күн уақыт беріңізші! Қазір білемін анығын! Өзім хабарласам! (Трубканы ар жақьтан қоя салады. Марат бір номерді теріп завандайды.) Алло, бұл мен Марат. Сенің мынауың не? Сен үшін қожайын тәтеміз мені қуырып жатыр ғой, не болып жатқанын көрсең ғой! Сен маған ол үйден проблема болмайды деп сендіргенің қайда! Сен нағыз алаяқсың! Аферистсің! Енді мен не дейм тәтеге? Ол сотқа берем деді. Енді не істейміз? Қалай шыдай тұрам? Ей, басың істей ме? Қайдағы күткен. Сотқа берсе, екеуіміз де қамаламыз. Залогтағы үйді қай нақұрыс сатады сен екумізден басқа? Ей, тыңда мені, мен ақша істейік дегенде дәл мұндай жолмен істейік деп айтқан жоқпын! Саған сеніп жүрген мен де бір сорлымын! Сондықтан осы проблеманы шеш! Ей, қалай шеше алмайсың? Ендеше атаңның басына сатқыздың ба? (Музыка астында Мараттың ана кісімен қатты айқайласқаны көрінеді. Тістеніп отырып қалады. Ызаға булығып отырып, күнделіктегі бір өлеңді оқиды. Басын ұстап отырып қалады. Телефон шырылдайды. Ол ұзақ уақыт көтермейді. Ақыры барып көтереді.) Иә, Жаңыл, мен саған айттым... Аа, рахмет, бүгін қай күн? Ойбай-ау, бүгін менің туған күнім екен ғой. Әбден ұмытып кетіппін. Тамақ дайындап қойдым. Жақсы, қазір келемін. Кездескенше! (Трубканы қояды.) Мына бір жақсы жаңалық болды ғой. (Киініп жатады. Телефон шырылдайды.) Иә, не дейсің? Кепілден босатылды пәтер? Ой, рахмет, бәрекелді! Жарайсың! Қазір мен тәтеге звандаймын! (Телефон шалады тәтеге.) Алло, апай, сабыр етіңіз! Түсіндірейін! Сіздің пәтер кепілден босатылды. Иә, рас айтамын. ХҚО-дан тексерсеңіз болады. Иә, құтты болсын! Кешіріңіз, жүйкеңізді жұқартқаным үшін! Сау болыңыз! (Трубканы қояды.Телефон шырылдайды.) Алло, иә, Маратпын. А-а-а, орталықтағы үй ме? Әрине болады, қазір кездесейік дейсіз бе? Аламын дейсіз бе? Әуелі көріп алмайсыз ба? А-а-а, көрдім дейсіз бе? Жақсы онда, сол пәтерге бара беріңіз. Мен қожайынын және нотариусты сол жерге шақыртамын. Жақсы, келістік! Кездескенше! (Телефонын қойып, бірден ағаның номерін тереді.) Аға, мен ғой Марат! Аға, тұра тұрыңызшы ұрыса бермей! Сүйінші, пәтеріңіз өтеді, қазір. Сол жерге барыңыз. Алушы келеді қазір, мен нотариусты ала барамын. Жақсы, рахмет көп! Пайызын екі есе берем дейсіз бе? О-о,о ризамын сізге! Кездесенше! (Телефонын қойып, әйеліне звандайды) Жаңыл, мен қазір аялдаймын бір сағаттай, үйге етік бәрін ала барамын. Иә, үй қазір бұйырса өтеді. Жақсы! (Телефонды қояды.)

Фархадбек Канафин

Фархадбек Канафин — Алматы қаласында туған. 2006 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Драма режиссері» мамандығын бітірген. 2006-2020 ж.ж. аралығында Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында қоюшы-режиссер, бас режиссер, көркемдік жетекші болып жұмыс істеді. И.Лаузундтың «Офис» қойылымымен 2013 жылы қараша айында Тараз қаласында өткен «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» Республикалық актерлік өнер фестиваліне қатысып, «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясына ие болды. Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қойылымымен 2016 жылы мамыр ҚР және РФ театр оқу орындары мен театр жастарының Халықаралық фестиваль-лабораториясында «Ең үздік пластикалық шешім» номинациясына ие болды. Ресей СТД-сы ұйымдастырған С.Афанасьевтың жетекшілігіндегі режиссерлік лабораторияның қатысушысы.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon