daktil_icon

Дактиль

Қорғанбек Аманжол 1953 жылы Көкшетау облысы Зеренді ауданы Көктерек ауылында туған. Журналист, ақын, аудармашы. ҚазМУ-ды бітірген. 1974-2020 жж. Зеренді аудандық «Коммунизм таңы», облыстық «Көкшетау правдасы» газеттерінде, республикалық басылымдар — «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Ауыл» газеті бас редакторының орынбасары, «Хабар» агенттігінде жұмыс істеген. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы бөлімінде жетекші болды, одан соң газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. Зейнетке шыққаннан кейінгі соңғы жұмыс орны — Ұлттық «Аударма» бюросы. Поэзияда жемісті еңбек етіп келе жатқан белгілі ақынның қаламынан әр жылдары «Зеренді қарағайлары», «Сабат», «Мешітті ғалам», «Жырлаймын Көкшетауымды», «Алапа» сынды жыр жинақтары туған. Қазақ тарихының қатпарларына үңіліп, қаһарман тұлғаларын жырлаған «Қанай-Абылай», «Олжас», «Шер кешу», «Мұсақұл балуан» поэмалары оқырман ықыласына бөленген. Сондай-ақ қара сөздің де майын ішкен қаламгер «Зұлмат пен Ғибрат», «Біржан бұрмалары», «Ақиреттік аманат», «Қызыл сызық» және «Айсберг астындағы ағыстар», басқа да тарихи, әдеби эссе кітаптардың авторы. Бұған аударма саласындағы көрнекті еңбектерін қосамыз. Атап айтқанда, Қорғанбек АМАНЖОЛ әлемдік классика — Герман Меллвилдің «Моби Дик немесе Ақ кит» романын және «новелла ханзадасы» атанған грузин жазушысы Гиви Сихарулидзенің «Ойып жаздым атыңды» атты әңгімелер жинағын қазақ тілінде сөйлетіп, қазақ оқырманына ұсынуымен де танымал.
daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon