Дактиль
Ақторғын Ізмұханова
Басқа өңірлердегідей емес, біздің өлкеге күз кеш түседі. Тамыздың соңына қарай аптаптың беті қайтып, солтүстіктен соққан жел күздің лебін ала келеді. Үйлердің артында өскен бірлі-жарым жаман қара тал болмаса, айнала тақыр дала. Шаңды дауылдар жиі болады, ондайда жұтынсаң аузыңа құмның дәмі келеді. Ешкім аяқ баспаған жерге кіргенде мұрныңа келетін шаң-тозаңның иісін сезіп көрдіңіз бе? Шаңды дауылдан кейін ауылдағы әрбір үйде осындай құмның иісі сезіледі. Мұны Сағымда өскен адам ғана білетін шығар. Сағым — Бозащы түбегінде орналасқан шағын ауыл. Мұнда күз келгенін ағаштардың сарғаюынан емес, желдің мінезінің өзгеруінен ғана аңғарасың. Сондықтан мен үнемі күзді фильмдерден, бейнелеу өнері кітабындағы пейзаждардан іздеймін.
Сол жылы біз тоғызыншы сыныпқа көштік. Аядай ауылда жаз бойы бірін-бірі күнде көріп жүрген балалар еш өзгермеген сияқты едік. Форма киіп, мектепте көрісіп тұрған соң ба, бозбала болып оралғанымызды байқадым. Кейбіріміздің бойымыз өсіп, дауысымыз жуандап, мұртымыз тебіндеп көзге түсіп қалыпты. Алғашқы қоңыраудан соң жиналып, сынып сағатын өткізген соң, бір-бірімізбен ойнап-күлісіп үйді-үйімізге тарқастық. Игілік маған шығып бара жатқанда:
— Біздің үй жаққа жүрсеңші, — деді.
— Онда не бар?!
— Қызық бір нәрсе көрсетемін.
— Не ол?
— Барғасын көресің, жүр.
Не екені өзіме де қызық болды. Үйіне жеткенше ананы-мынаны сөз етіп бардық. Игілікпен бұрыннан жақын доспыз. Менен гөрі бойы ұзынырақ, денесі де әлдеқайда ірі, өзім де оған қызығатынымды жасырмаймын. Мінезімен де елге сүйкімі бар, көп сөзге әуес емес, ауыл үлкендері үнемі риза болып отыратын жігіт. Үйі де біздің үйге онша алыс емес, үйіне шақырмаған күндері де бір жолмен қайтамыз. Мені әдейі алдын ала қызықтырғысы келіп, мектептен шыға сала ұсыныс тастаған түрі екенін бірден білдім.
Аулаға жете бергенде алдымыздан аппақ күшік ойнақшып, Игілікке қарай секіре ұмтылды. Тілін салақтатып, құйрығын бұлғаңдатып әбден еркеледі.
— Мәссаған! Көрсетем дегенің осы ма? Қайдан алдың?
— Кеше нағашым қалдырып кетті.
— Сүйкімді екен, аты кім өзінің?
— Елес. Елес, Алматпен ойна!
Маған қарай жүгіріп келді. Үрпиген жүнін сипалап:
— Елес? Аты Елес пе? Неге олай қойып жүрсің?
— Иә. Саған «Тақтар таласын» қара деп айтып жүр едім ғой. Сол фильмді көрші, неге қойғанымды сосын білесің.
«Тақтар таласын» қарамасам да, маған мына ерекше ат ұнады. Елес енді мені зерттегісі келгендей біраз қарап тұрды да, ойнақши бастады. Аппақ жүні үрпиіп өзі сондай сүйкімді, бірдеңе түсінгісі келгендей қадала қарайтынын қайтерсің!
Сабақтан келген соң қолым босай қалса Игіліктің үйіне қарай тартамын. Екеуміз ананы-мынаны әңгіме қыламыз, үйдің шаруаларын істейміз, кейде мотоциклды әрі-бері шұқылап, бірдеңесін өзінше түзеген боламыз. Игілік оны жиі айдамайды, өйткені ол әкесінікі. Мал іздеуге шыққанда ғана мініп кететініміз бар. Сөйтіп ұсақ-түйек шаруалармен айналысып жүрген кезде Елес үнемі қасымызда ойнап жүреді. Уақыт өткен сайын Елестің де денесі іріленіп, құлақтары тікірейіп, біраз өсіп қалды. Жүні бұрынғыдай аппақ емес, аздап сарғыш тартады. Мектептен келген сайын алдымыздан жүгіріп шығатын қылығына мәз боламыз. Жаңа жылды да бірге қарсы алдық. Маған қазір Елес сол бірге өткізген күндерден қалған естелік сияқты.
Көктемге қарай Елес әжептәуір өсіп қалды. Мал төлдейтін уақыт еді, біздің үйдегі буаз ешкі бүгін өрістен келмей қалды. Игілікке барып мотоциклін сұрадым.
— Біздің үйдегі ақ ешкі келмей қалды. Далада төлдеп қалды ма деймін.
— Жүр, бірге іздейік. Елесті де ертіп алайық.
Ақыры іздеп таптық, ауылдан қатты ұзамапты. Оны Елес тауып алды. Биіктеу өскен жыңғылдың артында жатыр екен. Шынымен, далада төлдеген соң, жаңа туған лақ жүре алмай қалып қойғанын түсіндім. Елес жаңа туған ақ лақты иіскелеп, үріп қояды. Әлі болмай қалтырап тұрған лақ одан қорқып тұр. Лақты алдымызға алып, ешкіні айдап үйге қайттық. Елес өзін бізді күзетіп жүргендей маңғаздана жүреді. Игілік оны мақтаған сайын, елпелектеп еркелейді.
Көктемнің ортасында сынып ішінде бәріміз өзіміз үшін маңызды бір сұрақты күнде талқылаймыз. Игілік екеуміз тоғызыншы сыныптан соң, қалаға кетіп оқуға тапсыратын болдық. Нақты жоспарымыз болмаса да, әйтеуір кетсек, ары қарай осылай өмір сүрсек, —деп бала қиялдың соңынан қуа береміз.
— Ертең қалаға барамын. Нағашымның үйіне барып қайтуым керек.
— А-а, жолың болсын! Қашан келесің?
— Бір-екі күннен соң келемін, Елеске қарап қой.
— Сол да сөз бе екен?!
Ертеңіне ұйқыдан тұрсам терезелердің бәрі тарс жабық. Саңылаудан түскен жарықтан тозаңдарға қарап, тағы күн шаңытып жатқанын түсіндім. Орнымнан тұруға зауқым болмай, біраз жаттым да, су ішейін деп асүйге бет алдым. Қыстың ақ түтек бораны сияқты, құмды дауыл көрші үйді де көрсетпей тұр. Терезенің алдын топырақ басып қалыпты. Сырттан анам кірді. Шаңнан қорғану үшін әбден қымтанып алған, орамалдарын шешті, маған бірдеңе айта алмай тұрғандай қипақтап біраз тұрды.
— Алмат.
Су ішкен ыдысымды орнына қойып жатып, сұраулы жүзбен қарадым. Ойымда ештеңе жоқ, тек мал жоғалып кетпесінші, мұндай күні мал іздегеннен артық машақат жоқ деп ойлап үлгердім.
— Бүгін таңертең ауылдан шыққан көлік шыға берісте жол апатына ұшырапты. Дауылдан алдынан шыққан түйені байқамай қалса керек.
Игіліктің бүгін қалаға жүрем дегені есіме түсті.
— Игілік мінген көлік пе?
— Иә.
— Аман ба өзі?
Анам үнсіз қалды. Денемнен ток жүріп өткендей болды. Одан да мал жоғалып кеткенде ғой, малдың кесірінен әбігерге түскенімде ғой...
Игілік қайтыс болғаннан кейін Елес тоғыз күн бойы нәр татпай үйдің бұрышынан шықпады. Бұрын аулаға сыймай анда-мұнда жүгіріп, ойнап жүретін ит сол бір бұрышта бүрісіп жатып алды. Бұрын адамға қараса жанып тұратын көздері біртүрлі мөлиді де қалды. Ауланың кіре берісіне қарап қыңсылап қояды. Кей дүниелерді түсінуге менің әлі өрем жетпейтін шығар, бірақ мен бұл орны толмас қазаны, өлімді түсінгенде өзімді біржола есейіп кеткендей сезіндім. Ересек өмір жақындап келе жатқан сайын одан жасырынып, қаша түскім келетін. Өкінішке орай, ол мені таба алмай қалатын, не болмаса қайда екенімді білсе де әдейі ұзағырақ іздейтін аңқау досым емес. Ересектік өмірге мен осылай ауыр күйде қадам басқан секілдімін. Елеспен мен де қоштасуға келдім. Тоғызыншы сыныптан кейін аттестатымды алып оқуға тапсыруға кетемін. Елеске Игіліктен кейін жақын болған мен едім, енді мен де тастап барамын. Өзімді оның алдында кінәлі сезіндім, жетімсіретіп тастап бара жатқандай күй кештім.
Ауылға демалыс сайын келіп тұрдым. Алыстан ауылым қараңдап көріне бастағанда аты затына сай екенін сезіндім. Бозғылт тартқан ыстық ауа дірілдеп, алыстан сағым болып бірінші көрінетін ауыл. Келген сайын Игіліктің үйіне соғамын. Келе жатқанымда Елес құйрығын бұлғаңдатып маған қарай жүгіріп шығып, бәз баяғыша тілін салақтатып еркелей жөнеледі. Елеске қараған сайын өткен күндерді, Игілікті есіме аламын. Небір сезімдерді белгілі бір кезеңге дейін ғана кешіп үлгереміз. Ал кейін қалған ғұмырыңды сағынышқа арнайсың. Мен үшін сезімдердің ұлысы — жақсы көру мен сағыну.
Енді бір демалысқа келер кезде «Тақтар таласын» қарап шықтым. Елесті сағынып, үрпиген жүнін сипалап, құшақтап бір мауқымды басқым келді, бірақ осы келгенімде Елес алдымнан жүгіріп шықпады. Ауырып өліп қалған екен. Көңілім құлазып қалды. Елестің енді елесі ғана қалды. Өткен күндер де, алаңсыз балалығым мен мәңгілік достығым да —бәрі өткеннің елесіндей болып қана қалды. Осының барлығы көз алдымда сағым болып самсайды да тұрады.
Одан бері он шақты жыл өтті. Ауылға сирек барамын. Ата-анамды қалаға көшіріп алдым. Барған сайын бұрынғы үйіме, мектепке, Игілік пен Елесті еске түсіретін жердің бәріне соғамын. Мені қазір өзім елестететін бейнеден басқа ешкім алдымнан қуана шығып қарсы алмайды.
Ақторғын Ізмұханова — жазушы, филолог. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты. Бүгінде ғылыми ізденісте. 2026 жылы қаңтар-ақпан айында Астана қаласында, OzgeEpic креатив хабында өткен «Үркер» суретшілер көрмесінің мүшесі болды.