Айсұлу Орынбасар

1

Өлең сұрама

Өлең сұрама

 

Жарығым,

Өлең сұрама.

Жанымның жарасын жаңғыртқың келмесе бір сәтке.

Жаңғырта көрме,

Тұмшалағанымды төңкерме,

Бейшаралықты,

Баянсыздықты,

Бақытсыздықты,

Еске сала бермеші құр текке.

Өлең сұрамашы, бір сәтке...

 

Алтыным,

Өлең сұрама,

Баба-жыр сарқыт боп жетпеген,

Өлең деп жүргеннің бәрі һақ құдіретін сезіп көрмеген.

Өлең жаздым деп жүргеннің бәрі жырмен ауырып көрмеген,

Тәңір таласына түсіп көрмеген.

Сондықтан мендегі бардан именем.

Шыны керек,

Өлеңмен де,

өлеңсіз де,

Бейшара бір күйге енем.

 

Сұрама өлең,

Мұң сұра,

Бөліп ал да мұңдасқын.

Сұрама өлең,

Жас сұра,

Сылтауы болсын мың жастың.

Сұрама өлең,

Күй сұра,

Жер бетіне мынау сыймассың.

Сұрама өлең,

Сыр сұра,

Келсе егер Тәңірмен сырласқың.

Мендегі бейшара әлеммен

келсе егер шын сырласқың.

 

 

Кешірші мені, мам!

 

Өзің кінәлісің, мам!

Қиялды туған өзің!

Қиялды өсірген де өзің!

Әзірге, тек…

«Балам бақытты екен» деп сезін!

 

Кешірші мені, мам!

Ақын болма дедің, көнбедім.

Жерге түс дедің…

Мен одан әрмен өрледім.

Үнсіз жүр дедің, соқтықпай,

Мен оған да көнбедім.

Төзбедім.

 

Бүгін —

Қызың адасты.

Білетінім —

Сен мендік бағдарды білмейсің.

Мен тек… «қарсы шықпа» деймін!

 

Сен мендік дауысқа сенбедің!

Сен мендік күйге сенбедің!

Сен ертеңіме де сенбедің!

Маған жамандық тілеген сен бе едің?

Жоқ!

Сен мені қорғадың!

Сен бәрін де өзіңше жорыттың!

Сол үшін де…

Сен менен қорықтың!

Сен мендік тәрбиеден қорықтың!

Сен жан қиналысынан қорықтың!

Сен азаптан қорықтың!

Мендік

және

Мен арқылы Сендік.

 

Көрдің бе?

Қызың шыдамды.

Сыр білдірмейді.

Айтуға да тарықты.

Күлкісінің артына жасырып қойған:

мұң мен қайғы,

өкініш пен үрей,

және титтей қиялды.

 

Бірақ, байғұс шеше, сен тіпті…

Зәру қып келесің,

мендік күлкіні.

Өз шешесінен күлкісін аяған —

Кешірмей өт,

мендей перзентті!

 

 

Ақсай

 

Ескі 50.

Бар ойым — үйге жету?

Жоқ!

Келе жатқан бағытымнан адасып кету,

Ең оңайы жоғалып кету...

 

Таңдаймын әдейі ұзақ жолды

Қысқартқым келмегесін көше сиқын.

Жаңбыр.

Ақсай.

Шаң ұшқан Алтын бесік.

Қолшатырсыз келемін шалшық кешіп.

Уайымым шалшық толтырып, көлге айналад,

Басымды алып кетсе де үкім кесіп.

 

Жаңбыр.

Ақсай.

Бырқ-бырқ етеді құлаққап.

Құлаққапқа жағаласып былқылдайды қара дақ.

Көңілдегі қара дақтың жалғыз емін таба алмай

Әр қадамын ауыр басып кетіп барады бір бейбақ.

Бырқ-бырқ етеді құлаққап.

 

Үйіне жетуге асықпайды сол бейбақ.

Мән жоқтай.

Себеп жоқтай.

Сылтау жоқтай.

«Мам, уайымдамашы, жолдамын»,

бірақ,

Ақсай көшелері қайда жеткізері сұрақ?

 

 

Бәрінен қорқам, өмір!

 

Өсуден қорқам,

Құлағанда тұра алмаймын ба деп.

Өрлеуден қорқам,

Сүрінгенде шыға алмаймын ба деп.

Жалындаудан қорқам,

Өшіргенде сөне алмаймын ба деп.

Өлмеуден қорқам,

Тірі жүріп өмірді сүре алмаймын ба деп...

 

Бәрінен қорқам, өмір!..

 

 

Қинама мені, Жаратқан!

 

Хақ сөзін арқау етсін деп,

Сөзіне азғын ерсін деп,

Сөзімді өлең ғып өрсін деп,

Сөзімді найза ғып берсін деп,

Тобырмен сабыры сынсын деп,

Өлеңмен азапталсын деп,

Өлеңнен сая тапсын деп,

Қинама мені, Жаратқан!..

Айсұлу Орынбасар

Айсұлу Орынбасар — жазушы, әдебиеттанушы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Әдебиеттану» мамандығының түлегі, магистрант. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағының жас қаламгерлерге арналған «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасының түлегі. Балалар шығармашылығына арналған «Бүгінгінің Бердібегі не жазып жүр?» атты республикалық байқаудың әңгіме жанры бойынша жүлдегері. Әңгімелері «Мәдениет» порталында, мақалалары «Ақиқат» журналында, қалалық, аудандық газеттерде жарияланған.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon