Дактиль
Санжар Тұралы
Мендегі күллі дүние темір торға сыйып тұр екен.
«Бүркітті бүркіт еткен аспан», — дейді. Аспансыз да өмір сүріп жүрген бізге бұл сөз естігенге ерсі, ойлағанға опасыздық секілді. Төбең көкте жүргеннен, көңілің көкте жүрген артық па дер едім. Басқалар туралы ауыз ашып айтудан аулақпын, бірақ өзім үшін айтсам: ес білгелі аспанды тек тордан ғана көремін. Ішқұса қайғырып, сары уайымға түсетін ақымақтардың қатарынан емеспін. Менің аспаным — осы. Төбемде темір, аяғымда айқасқан шөп, жаныма жағалай салынған тордың төрт қабырғасы. Бірақ оған қайғыратын не бар? Күн сайын жем-суым тұмсығымда, қыста тоңбаймын, жазда көлеңкем бар.
Сырттағы аспанды көргендер «сен еркін емессің», — дейді. Еркіндік деген не өзі? Оны сырттағы құстардан сұрап көрмеппін. Сұрағанның өзінде олардың жауабы мен үшін не өзгертпек? Олар үшін еркіндік — көкке самғау, желмен жарысу, тау мен даланы шарлау шығар. Ал мен үшін еркіндік —анықтамасын жоғалтқан, аты бар да заты белгісіз бір ұғым.
Күн сайын таң атқанда көзімді ашып, төбемдегі темірді көремін де, оны көруге тиіс жалғыз төбе сол деп ойлайтынмын. Кейде сырттан ұшып өткен құстарға көзім түсетін. Олар бір сәтте ғана көрініп, келесі сәтте көкжиектің ар жағында жоғалып кетеді. Мен олардың асығыс тіршілігіне таңғалмайтынмын, қайта өзімнің асықпайтын өмірімді жөн көремін. Өйткені олар ұшуы керек, жемін өзі табуы керек, жауынан сақтануы керек, жаңбырдан ықтайтын жер іздеуі керек. Ал менің алдымда дайын жем, дайын су, дайын көлеңке бар. Олардың еркіндігі — өз күнін өзі көру болса, менің тыныштығым — біреудің дамылсыз ұшып жүрген құстың арманы.
Бір күні тордың алдына бұрын көрмеген бір құс келіп қонды. Қайдан келгенін білмеймін, бірақ оның қанаттарынан жағымсыз желдің қышқылтым иісі сезілетіндей еді. Ол менің торыма ұзақ қарап тұрды да:
— Сен неге шықпайсың? — деді.
Мен оның сұрағына алғашында түсінбей қалдым.
— Қайда шығуым керек? — дедім.
Ол тордың ашық тұрған есігін тұмсығымен нұсқады. Сонда ғана есіктің ашық екенін байқадым. Оның қашан ашылғанын да білмеймін. Бәлкім, әлдекім ұмытып кеткен шығар, мүмкін, әдейі ашқан шығар. Бірақ оның ашық тұрғаны менің ішімде бұрын-соңды болмаған бір мазасыздықты оятты. Мен есікке жақындадым да, қайта шегіндім.
— Сенің қанатың бар ғой, — деді әлгі құс.
Қанатым барын мен де білетінмін. Бірақ қанаттың бар болуы ұшу керек дегенді білдіре ме? Адамның аяғы бар екен деп үнемі жол жүруі шарт па, көзінің барына бола үнемі алысты көруі керек пе? Мен қанатымды талай рет жайып көргем, бірақ оны көкке көтеріп көрмеппін. Мен үшін қанат — ұшудың құралы емес, денемнің бір мүшесі ғана еді. Қалай тұмсығыммен жем шоқысам, солай қанатымды денеммен бірге алып жүремін. Одан артық мағына іздеп көрмеппін.
— Сен еркінсің бе? — деп сұрады ол.
Бұл жолы мен күлдім. «Әрине» дегім келді, бірақ сөз таңдайыма келіп тұрып қалды. Егер мен еркін болсам, неге тордың есігі ашылғанда жүрегім дүрсілдеп кетті? Егер еркін болмасам, неге осы уақытқа дейін өзімді еркін сезініп келдім?
Әлгі құс қанатын қағып көкке көтерілді. Мен оның соңынан көз алмай қарадым. Ол алыстаған сайын кішірейді, кішірейген сайын көз ұшынан ұзап, аспанға сіңіп кетті. Мен сонда ғана оның еркіндігін емес, өзімнің шектеуімді көргендей болдым. Бұған дейін мен аспанға қарап, «қандай кең» деп ойлайтынмын. Енді сол кеңдіктің ішінде өзіме тиесілі бір қарыс жердің де жоқ екенін сездім. Менің күллі дүнием төрт темір қабырғаға сыйып тұр екен. Мен осыған дейін торды кең дүние деп жүрсем, сырттағы құс оны тар кеңістік ретінде көріпті.
Сол күннен кейін менің торым өзгерген жоқ, бірақ оған деген көзқарасым өзгерді. Темір баяғы темір, жем баяғы жем, су баяғы су, ал аспан баяғы аспан еді. Өзгерген жалғыз нәрсе — менің ішімдегі кішкентай күмән. Ол алғашында әлсіз ғана сыбдыр еді, кейін ойға айналды, сосын сұраққа айналды. «Егер бұл менің аспаным болса, оның ар жағында не бар?» — деген сұрақ сарсаңға түсірді. Бұрын тордың ішінен сыртқа қараушы едім, енді сырттан торға қарауды үйрендім.
Осылай бірнеше күн өтті. Бір күні таңертең жемімді әкелетін адам келмеді. Түске дейін күттім. Түс ауды. Кеш батты. Аштық бойымды алды. Сол сәтте алғаш рет жемнен бұрын әлгі құстың сөзі есіме түсті: «Сенің қанатың бар ғой». Сол сөздің өзі неге сонша ауыр екенін түсінбедім. Қанатымның бар екенін бұрыннан білсем де, оның менде бұрыннан бар нәрсе емес, менен ұрланған нәрсе сияқты екенін сол күні ғана сезгенім қалай?
Енді көзім де өзгерді. Алыстағы көкжиек анық көрінетіндей болды. Тырнақтарым шөпті қармана қысады. Жүрегім бұрынғыдай баяу емес, тез-тез соғып, кеудемді жарып шыққысы келгендей. Менің қанатымды өмір бойы белгісіз бірдеңе байлағанын енді білдім. Бірақ сол бірдеңе оның не үшін берілгенін де білдірмепті.
Түнде ұйықтай алмадым. Тордың төбесіне қарап жатып, аспан жайлы ойымды санамда айналдыра бердім. Аспанды күн сайын көріп жүріп, оның кеңдігін неге көрмегенмін?! Темірдің тар тесіктерінен көрінген көкті аспан деп ойлағанмын. Демек, менің бүкіл өмірім бір нәрсені көрумен емес, көргенімді сол нәрсенің өзі деп қабылдаумен өткен. Сонда еркіндік деген не? Тордың есігінің ашық тұрғаны ма? Әлде ашық тұрған есіктен шығуға батылыңның жетуі ме? Бәлкім, еркіндік сырттағы есіктен бұрын ішіңдегі есіктің ашылуы шығар.
Сол түнде алғаш рет тордың есігіне жақындадым. Есік ашық тұрды…
Санжар Тұралы — мұғалім, жазушы. 21 жаста. Алматы облысы, Талғар ауданы, Ақтас ауылында тұрады. Шәкәрім университетінің түлегі. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Облыстық «Ұлы дала» әдеби байқауының II орын иегері. Әдеби шығармашылықпен айналысады. Шығармаларында адам болмысы, еркіндік, қоғам мен жеке тұлға арасындағы қайшылықтар тақырыптарын арқау етеді.