Дактиль
Махаббат Жылбекқызы
Кетпеннің жүзі бірдеңеге тиіп, сарт ете қалды.
Тасбұлақтың атында бір ғана бұлақ бар еді. Көзі бітелгелі қашан! Ауыл құдықтың сортаң суын ішіп келеді, міне, енді құбыр да тартылмақ.
Қыркүйектің аяғы болатын. Күн әлі жылы, жер әлі жұмсақ. Мердігердің прорабы Талғат тоқтай қалды да, кетпеннің сабын қос қолдап қысып, жер астынан шыққан дыбысқа құлағын тосқандай біраз тұрды. Сосын тізерлеп отырып, топырақты күрекпен шетке ысырды, саусағымен сипап көрді.
Қара нәрсе көрінді.
Әуелі темір шығар деп ойлаған, бірақ топырақ азайған сайын оның жуан екені білінді. Білектей қара кабель ұйқыға кеткен жыландай қозғалмай қазбаның түбінен көлденең өтіп жатыр екен. Жер бетінен жүз тоқсан сантиметр төменде жатқан бұл кабельді шамамен кеңес заманында салған. Одан бері қиыршық тас пен топырақ толған жол көтеріліп, кабельді жер астына терең батырып жіберіпті.
Қазба жиегіне шелек көтерген Күләш апа жетіп келіп, аяғын тіреп қалды. Басындағы ақ жаулығының ұшымен маңдайын сүртіп тұрып сұрады:
— Не таптың, шырағым, алтын ба?
Талғат күліп жіберді.
— Алтын болса қанекей, апа!
— Алтыннан су артық болып тұр, қарағым.
Талғат орнынан тұрып, шаң басқан шалбарын қақты да, тапсырыс беруші жақтың инженері Ержанға қоңырау шалды. Ержан үшінші қоңыраудан кейін ғана көтерді. Телефонның арғы жағынан домбыраның үні мен кісілердің күлкісі естіліп тұр. Ержан тойда отыр екен.
— Тыңдап тұрмын, Талғат. Тез айта ғой.
— Аға, қазбадан кабель шықты. Ал, жобада жоқ.
— Қандай кабель? Электр ме?
— Білмеймін. Байланыс кабелі шығар. Жүз тоқсан сантиметр. Қазбаның дәл ортасымен көлденең жатыр.
— Ой, шіркін-ай...
Ержан сәл үнсіз қалды.
— Айналып өтуге бола ма?
— Болмайды, траншея түзу жүреді. Кабельдің астынан өткізу үшін оны ілу керек, ал ол үшін иесінің рұқсаты мен өкілі қажет. Бірнеше ай кетуі мүмкін.
— Бірнеше ай дейді?!
Ержанның даусы қатқыл шықты.
— Қаржы желтоқсанда жабылады, Талғат. Игермесек, ақша қайтады. Әкім мені тірідей жейді.
— Онда кабельдің үстінен өткіземін. Бірақ құбыр жүз алпыс сантиметрде қалады, ал жобада екі жүз.
— Бізде жер қанша метрде қатады?
— Есеп бойынша бір жарым метрдей. Жобада соған жарты метр қор қосылған, сондықтан екі жүз.
— Ал жүз алпыс одан терең ғой. Қор деген қор ғой, ештеңе болмайды.
— Есеп қой, аға. Соңғы жылдары аяз қатты болып жүр. Ең болмаса үстіне оқшаулағыш төсеп қояйық.
— Оған смета жоқ.
Ержан ыңғайсызданғандай күлді.
— Бірдеме болса, жобалаушы жауап береді. Кабельді жобада көрсетпеген өзі емес пе?
Арғы жақтан біреу айқайлады:
— Ержан, сені күтіп отырмыз!
— Қазір, қазір!
Ержан телефонға қайта бұрылды.
— Былай істейміз. Кабельді қозғама, үстімен өткіз. Жобалаушымен мен сөйлесемін.
— Онда хатпен келісіп алайық. Мен жазып жіберейін бе?
— Кейін жазарсың. Қазір тойдамын, Талғат.
Қоңырау үзілді.
Талғат қараңғы экранға біраз қарап тұрды. Қазба түбінде қара кабель бәрін білетін, бірақ айтпайтын адамдай үнсіз жатты.
Сол «кейін» деген бір ауыз сөздің бес жылдан соң екеуінің де жағасынан алатынын ол кезде кім білген?
Екі күннен кейін жасырын жұмыстар актісі көліктің капотына жайылды. Қағаздың шетін жел көтере берген соң, Талғат оны алақанымен басып тұрды. Күн еңкейіп барады, Ержан сағатына қайта-қайта қарады.
— Тезірек қол қой, Талғат. Әкімнің қабылдауына кешігіп барамын.
Талғат қаламды ұстап, актіге үңілді.
— Аға, тереңдік жолы бос тұр.
— Оған санды қазір жазбаймыз. Алдымен жобалаушымен келісімді рәсімдеп алайық, сосын нақты өлшемді жазамыз. Қазір жүз алпыс деп жазсақ, екеуміздің де басымыз пәлеге қалады.
— Онда алдымен өзгерісті қағазға түсірейік. Сен қол қойып берсең, мен жинап қоямын.
— Дүйсенбіде. Уәде.
Талғат бір сәт ойланып қалды: Ержанның ыңғайсыз күлкісі де, қағазға тіке қарамай тұрғаны да көзіне шалынған еді.
— Ұмытып кетпейік, аға.
— Әрине, — деді Ержан қағазға көзін бір тастап.
Қалам ақ ұяшықты аттап өтіп, төменгі жолға түсті. Алдымен Ержан қол қойып, қаламды Талғатқа ұсынды, Талғат та қол қойды, ал ақ ұяшық айтылмай қалған сөздей бос қала берді.
Желтоқсанда ауыл клубының алдына ұзын қызыл лента керілді. Үстінде «Сапалы құрылыс. Сенімді болашақ» деген жазу тұрды, ал жаңа түскен қар лентаның қызылын бұрынғыдан да айқын көрсетіп тұр еді.
Әкім қайшыны алып, жұртқа қарап жымиып тұрды. Қасында аудан орталығынан келген бірнеше кісі, мердігерлер, журналистер да бар.
Күләш апа халықтың арасынан суырылып алға шықты. Кранның аузынан су ағып тұр екен. Дереу шелегін қойып, мөлдір судың сылдырына сүйсініп біраз қарап тұрды.
— Бала күнімде ғана осындай су ішкенмін, — деді ол. Даусы сәл дірілдеп шықты.
— Қолдарың талмасын, шырақтарым.
Қасындағы әйел күлді:
— Енді күнде ішесіз, Күләш апа.
Күләш апа да жымиды.
Әкім лентаны қиды, жұрт қуана қол соқты.
Сол күні аудандық телеарна: «Тасбұлақ тұрғындарының арманы орындалды» — деген хабар көрсетті. Есепке қаржы жүз пайыз игерілді деп жазылды, құбыр да сынақтан сүрінбей өтті.
Бірінші қыс жұмсақ болды. Жер жылы қабақ танытып, құбырдың жүз алпыс сантиметрде жатқанын ешкім білмеді.
Келесі қаңтарда таң алдында ауылдың тыныштығын қатты дауыс бұзды.
Сарт!
Күләш апа шошып оянды. Қорыққанынан қимылсыз төбеге қарап жатты. Сосын сырттан келген судың сылдырына біраз құлақ түрді.
Су.
Ол орнынан тұрып, әдетінше шелегін алды. Есіктен шыға бергенде бетін қара суық шарпыды. Көше қараңғы еді, бірақ жол бойында ұзыннан ұзақ бір нәрсе жылтырап көрінді, қараса су жайылып жатыр екен.
Күләш апа алдымен бір аяғын алға басты, сосын екіншісін, ал үшінші қадамда аяғы тайып кетті. Құлап бара жатқанын түсінемін дегенше, денесі мұзға сарт етіп соғылды. Жамбасы ауырлап тұра алмай әлек. Шелегі домалап барып, жол жиегіне тоқтады, ал өзі қозғала алмай қалды.
Көше бір түнде жылтыраған айнаға айналды. Көше басындағы бағанада бір жыл бұрынғы қызыл лентаның жыртығы желбіреп тұр.
Түнде ауа-райы отыз тоғыз градусқа дейін төмендеген. Жобадағы есептік көрсеткіш отыз бес градус болатын. Құбыр жүз алпыс сантиметрде жатқан, ал жер жүз сексен сантиметрге дейін қатыпты.
Су құбырды жарып, өзіне жол тауып сыртқа шықты. Бұл ауылға су әкелетін жалғыз магистраль еді, сондықтан кран құрғап қалды, ал жайылған су отызға жуық үйдің жертөлесіне кіріп жатты.
Аудандық телеарна бұл жолы келмеді.
Бірнеше күннен кейін аудандық құрылыс бөлімі мердігерді сотқа берді.
Сот залында екі заңгер бір-біріне қарамай, қағаздарын парақтап отырды. Алдымен тапсырыс берушінің қорғаушысы сөйледі:
— Құрметті сот, мердігер жобаны жазбаша келісімсіз өзгертті. Жобада құбыр екі метр тереңдікке салынуы тиіс еді. Ал іс жүзінде ол бір метр алпыс сантиметрде жатыр.
Мердігердің қорғаушысы орнынан тұрды.
— Құбырдың солай салынуына тапсырыс беруші жақтың инженері ауызша келісім берген. Оның үстіне, жобада кабель мүлде көрсетілмеген. Кабельді бұзбай, жобаны сол күйінде орындау мүмкін емес еді.
Сот қағазға үңілді.
— Ауызша келісімнің жазбаша құжатта бар ма?
— Жоқ, — деді мердігердің қорғаушысы.
— Онда актідегі тереңдік жолы неге бос?
— Оны толтыру мердігердің міндеті, — деді тапсырыс берушінің қорғаушысы.
— Актіге екі жақ та қол қойған, — деп қарсылық білдірді екінші қорғаушы. — Тапсырыс беруші де бос жолды көріп тұрып қол қойды.
Сот басын көтерді.
— Демек, бос жолға екі жақ та қол қойған. Ал оны толтыруға кім жауапты болды?
Зал ішінде тыныштық орнады, ешкім жауап бере алмады.
Сараптама екі жақтың сөзін де ішінара растады. Кабельдің жобада шынымен жоқ екені анықталды, ауызша келісімнің болғаны да айтылды. Бірақ айтылған сөз қағазға түспеген, ал қағазға түспеген сөзді ешкім дәлелдей алмайды.
Сараптама құбырдың бір метр алпыс сантиметрде жатқанын, жердің қату тереңдігі бір метр сексен сантиметрге жеткенін тағы да растады. Алайда сараптама аяқталмайынша жарылған учаскеге қол тигізуге болмайтын. Оны тексермесе кейін ешкім бастапқы жағдайды дәлелдей алмас еді. Сөйтіп, жарылған жер сот шешімін күтті де, көше мұз бен балшықтың арасында жабулы қала берді.
Ауыл тұрғындары суды шелекпен тасып жүрді. Күләш апа енді таяқ сүйеніп қалды. Оның шелегін көрші үйдің баласы көтеріп беретін.
Әкім әр есепке: «Мәселе бақылауда», — деп жазып жүрді.
Бақылау қағаз жүзінде жүрді. Су шелекпен тасылып жүрді.
Іс бес жылға созылды. Жобалаушы фирманы үшінші тарап ретінде тартпақ болғанда, оның екі жыл бұрын жабылғаны белгілі болды, бұрынғы директоры жаңа фирма ашып үлгеріпті. Сот пен сараптамаға кеткен қаражатқа жарылған учаскені бірнеше рет қайта салуға болар еді.
Бесінші жылдың көктемінде сот шешім шығарды. Келтірілген залалдың алпыс пайызын мердігер, қырық пайызын тапсырыс беруші өтейтін болды. Айып ақшамен шешілді, ал су ауылға сол күйі келген жоқ.
Шешім күшіне енген күні Ержан мен Талғат дәлізде кездесіп қалды.
Бес жыл екеуін де өзгертіпті. Ержанның самайына ақ кірген, бірақ сағатына бұрынғыдай қарайтыны қалған. Талғат оған біраз үнсіз қарап тұрды.
— Дүйсенбі келмедің ғой, аға, — деді ақыры.
— Қайдағы дүйсенбі?
— «Дүйсенбіде қол қоямын» дегенсің. Өзгеріс хатына.
— Сен бір-ақ рет айттың, — деді Ержан жүзін бұрып. — Ал мен ол күні әкімнің қабылдауында отырдым. Ұмытып кеттім.
— Ұмытқан жоқсың, аға, — деді Талғат тыныш қана.
— Сен де хатсыз қазбаны жаппаймын деп қарсы тұрар едің.
— Сонда сен мені жұмыстан шығарар едің.
Ержан бұл жолы қарсы дау айтпады.
Екеуі біраз үндемей тұрды, тек дәлізбен біреу папкасын қысып, асығыс өтіп бара жатты.
— Күләш апаның жамбасы жазылмапты, — деді Талғат.
— Білемін. Көрдім.
— Не деді?
— Ештеңе демеді. Шелегін нұсқап: «Су әкеліп берші, шырағым», — деді.
Талғат басын төмен салды.
Екеуінің арасындағы бос орынды ешқайсысы сөзбен толтыруға батпады.
Сол көктемде ауылға жаңа құбыр тарту туралы шешім қабылданды.
Жаңа мердігер байланыс компаниясымен келісіп, кабельді көшіруге рұқсат алды да, төрт ай күтті. Дәл сол төрт айды алғашқы күзде де күтуге болар еді.
Жаңа жобаны жасаған инженер ауылға өзі келіп, көшені жаяу аралады, ескі құбырдың орнын көрді, кабельдің қай жерден өтетінін анықтап, сызбаны қайта тексерді.
Бұған бес жыл және бір сот қажет болды.
Жаңа құбыр екі метр жиырма сантиметр тереңдікке салынды: ескі жобадағы екі жүздің үстіне жиырма сантиметр қосылған екен.
Қабылдау күні қазба жанында бірнеше адам тұрды. Жаңа мердігердің прорабы рулеткасын қазба түбіне түсіріп, дауыстап айтты:
— Екі жүз жиырма сантиметр!
Қадағалау инженері қағазға қарады, сосын қазбаға қарады, тағы бір рет қағазға үңілді. Бармағымен актінің әр жолын басып оқып шықты. «Бірде-бір ұяшық бос қалмаған», — деді. Содан кейін ғана қол қойды.
Бұл жолы қадағалау инженері Ержан еді. Ол бөлімнен кетпепті.
Күләш апа таяғына сүйеніп, баяу келіп, шелегін кранның астына қойды. Су жай ғана, дыбыссыз ағып тұрды.
Күләш апа біраз қарап тұрды да, айналасына көз салды.
Лента жоқ.
— Бұл жолы лента жоқ па, шырағым?
Прораб жымиды.
— Жоқ, апа. Бұл жолы салтанатқа емес, суға жұмыс істедік.
— Жақсы, — деді Күләш апа шелегіне аққан суға қарап. — Ленталы су тез қатады екен.
Ержан үндеген жоқ. Толған шелекті көтеріп, апаның соңынан ере берді. Шелектен шашыраған тамшылар жолға тырс-тырс төгіліп, шаңға сіңіп жатты.
Махаббат Жылбекқызы — жазушы әрі ақын. 22 жаста. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты. Мақалалары «Атамекен», «Қазақстан Дәуірі» газеттері мен «Таңшолпан» журналында жарық көрген. «Алматы» телеарнасының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алматы — сүйікті қалам!» республикалық жыр мүшәйрасының IIІ орын иегері. Бүгінде ғылыми ізденіс үстінде.