Назерке Капасова

1

Әкеме

Психологиялық драма

 

Кейіпкерлер:

Айша — он тоғыз жастағы қыз

Жамал — Айшаның анасы

Аман — Айшаның әкесі

Кішкентай қыз — тоғыз жасар Айша

 

 Бірінші көрініс

 

Сахнаның сол жағына әлсіз жарық түсіп тұр. Бөлме. Түн. Он тоғыз жастағы Айша бір аяғын тіреп қойып, аппақ киіммен төсекте шалқасынан жатыр. Қолдары кеудесінде. Көзі төбеде.

 

Айша. Менің әкемнің есікті ешқашан ақырын жаппайтын бір қызық әдеті бар еді. Тіпті ашуланбаған кезде де.

 

Кідіріс.

 

Сондықтан кішкентай кезімде есік қатты жабылса, әкем үйге келді деп ойлайтынмын. Қазір де солай. Бір жерде есік тарс етсе...

 

Күлімсірейді.

 

...он тоғыз жаста екенімді ұмытып кетемін. Тағы да тоғыздамын.

 

Кідіріс.

 

Анам «әкеңді жақсы көресің бе?» — деп ешқашан сұраған емес. Сұрамағаны да жақсы болған. Өйткені ондай сұраққа не деп жауап беретінімді де білмейтін екенмін.

Ол маған жаман әке болды десем — өтірік.

Жақсы әке болды десем де… өтірік.

 

Басын сәл әкесі тұрғандай бос кеңістікке бұрады.

 

Сен қызық адамсың, әке! Менің туған күнімді ешқашан ұмытпайтынсың. Бірақ менің неден қорқатынымды да білмейтінсің. Маған тәтті әкелетінсің. Бірақ мектепте не болғанын сұрамайтынсың. «Қызым» дейтінсің. Бірақ кейде… мен шынымен сенің қызыңмын ба деп ойлайтынмын.

 

Кідіріс.

 

Мен сені бір күн үшін кешіре алмай жүрмін. Бір ғана күн.

 

Осы жерде жарық өшеді.

 

Екінші көрініс

 

Сахнаның оң жағы жанады. Өткен шаққа түсеміз. Оң жақта асүйдің кішкентай бөлігі ғана көрінеді: үстел, екі орындық, сәл ашылып тұрған есік.

 

Жамал. Сен өзіңнің қандай екеніңді білесің бе, Аман?! Жеркеніштісің!

Аман. А, солай ма?!

Жамал. Сенімен сөйлесудің өзі ауыр! Мүлде мені естімейсің! Естімегенсің де! Шыдамсызсың, оған қоса қорқақсың! Өмірдің сәтсіздіктерінен қорқасың! Сондықтан менің миымды шірітпе!

Аман. Мені өмірдің сәтсіздіктерінен қорқасың дейсің бе?!

 

Аман Жамалға бір қарады.

 

Аман. Сені бағып-қағып жатқан кім? Мына үйдің ақшасын төлеп жатқан кім? Саған не жетіспейді, Жамал?! Айтшы, не жетіспейді?!

 

Аман асүйді айналып, өз-өзіне сыймай жатты. Жамал бетін бір сипап, күйеуіне қарады.

 

Жамал. Мен де жұмыс жасап жатырмын! Мен де шаршаймын! Сен сияқты үйге келіп, диванда жайғасып жатпаймын. Баланың сабағына көмектесу керек, тамақ дайындау керек, үй жинап, кір жуу керек! Өз шаруларымды да жасап үлгеру керек!

 

Жамал шаршағаннан ұзақ демалды.

 

Жамал. Айшаның өмірінде сен жоқ сияқтысың. Ал менің өмірімде сен жай ғана ештеңеге қабілеті жоқ бала сияқтысың!

 

Ашуға мініп тұрған Аман әйеліне жақындап, қол көтеруге ишарат жасады.

 

Аман. Тоқтат!

 

Батылы жетпей, қолын қасында тұрған үстелге бір соқты.

 

Аман. Қарғыс атсын сені!

 

Тағы да үстелді бір соғып, жұдырығының ауырғанын сезеді. Қолын ұстап жылайды.

 

Аман. Бұның бәрі сенің кесірің... сен болмағанда...

Жамал. Мен болмағанда?! Мен болмағанда дейсің бе?! Сен өзі не айтып тұрғаныңды білес...

 

Көрші бөлмеден кішкентай қыздың дауысы шығады.

 

Айша. Анашым?..

 

Ашылып тұрған есіктің артында кішкентай тоғыз жасар Айша тұр. Дәл осы сәтте барлық кейіпкерлер қатып қалғандай болады.

 

Үшінші көрініс

 

Сол жақтағы жарық қайта жанады. Он тоғыз жастағы қыз алғашқы қалпында жатыр.

 

Айша. Міне. Сол күн.

 

Кідіріс. Қыз жатқан жерінен баяу тұрып, ортаға қарай жылжиды.

 

Сен оны ұмытқан шығарсың. Үлкендер сондай ғой. Айқайлайды. Бір-бірін ренжітеді. Ертеңіне жұмысқа кетеді. Болды. Ал балалар...

 

Күледі.

 

Балалар ақымақ. Бәрін есінде сақтайды. Қай жерде тұрғаныңды. Анамның қандай киім кигенін. Үстелді неше рет ұрғаныңды. Тіпті, еденнің суық болғанын. Бәрін.

 

Кідіріс. Оң жақтағы жарық ептеп сөне бастады.

 

Мен сол түні сені анамды ұрып жібереді деп ойладым. Бірақ сен ұрмадың. Үстелді ұрдың. Сосын мен көп жыл бойы осыған қуанып жүрдім. «Менің әкем анамды ұрған жоқ, ол соншалықты жаман адам емес», — дедім өзіме...

 

Күлімсіреуі жоғалады.

 

Қызық қой. Баланың әкесін жақсы көруі үшін кейде талап сондай төмен болады екен-ау.

 

Кідіріс. Айша жарыққа қарайды.

 

Сол түні бәрі аман қалды. Әкем де. Анам да. Мен де.

 

Кідіріс.

 

Тек менің ішімдегі кішкентай қыз сол бөлмеден ешқашан шықпаған сияқты... әлі де...

 

Қараңғы.

Назерке Капасова

Назерке Капасова — режиссёр, сценарист, ақын. 19 жаста. Астана қаласы, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «көркем фильм режиссурасы» мамандығының студенті. Өлеңдер мен әңгімелер жазушысы.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon