Дактиль
Олжас Жанайдаров
Аударған — Ақмарал Айтбаева
Пьеса (12 көріністі)
Қатысушылар:
Бірінші әйел (Катя) — 30 жас.
Бірінші еркек (Азамат) — 23 жас.
Екінші еркек (Саша) — бірінші әйелдің күйеуі, 30 жас.
Екінші әйел (Лена) — бірінші еркектің қызы, 20 жас.
Оқиға қазіргі кезде (Қазақстанның Астанадан басқа үлкен қалаларының бірінде) күз мезгілінде орын алады.
Шағын, жайлы қалалық кафе. Сол жақта және оң жақта екі кіреберіс есігі бар. Авансценада жарық жақсы түсетін үстелде Азамат отыр.
Қалған үстелдер артқы тұста, ымыртта орналасқан. Онда түрлі жастағы кафе қонақтары отырады. Сөзсіз, баяу әуен ойнап тұр. Кафеге кірген адамдар дымқыл қолшатырларын бүктеуде. Сыртта жауын жауып тұр.
Кафенің сол жақ есігінен Катя кіріп келеді. Ол қолында жаңбыр тамшылары ағып жатқан жабық қолшатырын ұстап тұр. Шаштары суланып қалған (дымқыл). Катя үстелдер арасынан ақырын жүріп, Азаматтың жанына келіп тоқтайды. Айналасында не бар, не жоғын байқамайды да. Мелшиіп қатып қалғандай.
Азамат. Қолшатырыңыздың суы аяғыма тамып жатыр.
Катя (қолшатырын дереу тарта қалады). Кешіріңізші... Мұнда отырсам, рұқаст па?
Азамат (оқып отырған кітабынан басын алып). Иә.
Катя. Кедергі келтірмеймін бе?
Катя қолшатырын жабуға тырысып жатыр.
Азамат. Жоқ, келтірмейсіз... (Азамат Катяның қолшатырын жаба алмай әлек болып жатқанын көреді де.) Маған беріңіз?... (Катяның қолшатырын жауып береді.)
Катя. Рақмет саған.
Азамат. Оқасы жоқ.
Катя. Не оқып отырсың?
Азамат. «HOMO DEUS», болашақтың қысқаша тарихы.
Катя. Таныс дүние сияқты.
Азамат. Мен енді оқып бастадым.
Пауза.
Катя. Жаңа ғана күйеуімді басқа әйелмен көрдім. Трамвайда. Ол оның қолынан ұстап тұрды.
Азамат кітабынан басын алады да ақырын дауыспен.
Азамат. Енді, бұл бәлендей ештеңені білдірмейді ғой...
Катя. Білдіреді. Сенің қызың бар ма? Оның қолынан ұстайсың ба? (Басын изейді.) Ал, басқа қыздардың қолын ше, ұстайсың ба? (Басын шайқайды.) Міне, көрдің бе?!
Азамат. Жо-жоқ, олай ойламаңыз. Мысалы менің бір досым бар. Ол барлық таныс қыздарымен құшақтасқанды жақсы көреді. Тіпті, таныс еместерімен де. Күйеуіңіз сізді көрді ме?
Катя. Оның өз көлігі бар. Бірақ, трамваймен жүрді. (Толқығаннан дауысы дірілдеп.)
Азамат. Мүмкін оған қоңырау шалып, бәрін өзінен сұрап, анықтау керек шығар?!
Пауза.
Азамат қол сағатына аса айқындай қарайды.
Катя. Сен біреуді күтіп отырсың ба?
Азамат. Менің басқа үстелге ауысқаным дұрыс болар...
Катя. Мынау кәрі тәтей миымды ашыту үшін жаныма әдейі отырып алды деп ойлайтын шығарсың.
Азамат. Сіз...
Катя. Маған «Сіз» деме.
Азамат терезеге қарайды.
Азамат. Жаңбыр да басылыпты.
Катя. Иә...
Катя кетеді.
Осы сәтте Лена оң жақтағы кіреберестен кафеге еніп келеді. Ол Катяның Азамат отырған үстелден тұрғанын көреді. Лена абдырап тоқтай қалады. Катя кафенің сол жақ кіреберісінен шығып кетеді.
Лена Азамат отырған үстелге келеді. Азамат орнынан тұрып, Ленаны сүймек болады. Бірақ, Лена одан бойын алып қашып, қарама-қарсы үстелге отыра кетеді. Азамат өз орынына қайта отырады. Олар бір-біріне қарама-қарсы қарап отыр.
Лена (салқын қандылық танытып). Жаңағы әйел кім? Неге дәл сен отырған үстелге отырды? Әлде, оның жанына өзің бардың ба? Онымен не әңгіме айттың?
Азамат. Біз жәй ғана келесі жылғы елдегі бюджет туралы сөйлестік.
Лена. Жетер!
Азамат. Сен мұнда ұрсысу үшін келдің бе?
Пауза. Ленаның көңілі түсіп, ақырын дауыспен көңілсіз әңгімесін бастайды.
Лена. Серік Әлияны тастап кетіпті. Әлия бүгін институтта күні бойы еңіреп жылады. Осы демалыс күндері олар Астанаға барған. Оңбаған! Қоштасу уик-ендін ұйымдастырған болып тұр ғой. Әлия маған демалыстарындағы фотоларын көрсеткен. Барлық жерде Серік оны құшақтап, қолынан ұстап тұр...Енді міне, түк болмағандай тастап кетті... Мен бізде де осындай жағдай болғанын қаламаймын.
Азамат. Сенің қолшатырың қайда? Су болып қалмадың ба? Далада жауын құйды ғой.
Лена. Мен бізде де осындай жағдай болғанын қаламаймын деймін. (Сабырсызданып) Онда маған... Маған айтшы...
Азамат. Мен сені сүйемін.. (Үстелге екі билетті қояды.) Театрға билет алдым.
Лена (тыжырайып). Театр...
Азамат. Тамаша спектакль деймін.
Лена оны елемейді.
Түсінікті...
Лена. Одан да киноға барайықшы. Театрда ішім пысады. Сосын онда бәрі тым қайғылы, мұң-шер әтеуір...
Азамат (астарлап тиіседі). Демек осы демалыс күні жол жүреміз ғой?...
Лена. Неге бұлай айттың?
Азамат. Саған не болған?.. Неге бұлай қорқасың?
Лена. Мені тастамашы... Ешқайда да жіберме.
Азамат (Ленаны құшақтап). Киноға барайық.
Лена (Азаматтың ығына жығылып). Театрға.
Азамат. Киноға.
Лена. Театрға. Не оқып жатсың? Тағы да қайдағы бір далбаса бірдеңе ме?
Азамат (сөзді бұрып). Сенікіне барамыз ба?
Лена. Жоқ, болмайды. Мамам бүгін үйде. Содан кейін, өзім одан және оның борщынан әрең құтылғанда, қайта үйге барғым келіп тұрған жоқ. Неге екенін Құдай білсін, ол мені үнемі қарыны аш деп ойлайды. Әбден мезі етті.
Азамат. Онда менің үйіме барайық.
Лена. Ал сенің мамаң ше?
Азамат (қатал үнмен). Ол менің мамам емес.
Лена. Кешірші, ұмытып кете беремін... Кешір.
Азамат. Қонаққа кеткен. Менікіне барамыз ба?
Лена. Онда дұрыс болған екен. Иә! Өзім де саған барғым келіп тұр... (Ақырын дауыспен) Сенің жып-жылы төсегіңе... (Пауза.) Неге мұнда кірдің?
Азамат. Жауын құйып кетті. Сейілгенін осында тосайын дедім.
Лена. Бұл жерден кетейікші...
Кетеді.
Қарапайым ас үй. Орта тұсында үстел орналасқан, сонымен қатар ас үй шкафы, тоңазытқыш, пеш, раковина, шағын теледидар бар.
Сол күнгі кеш. Саша дастарханда тамақтанып отыр. Катя кішкене әріректе қолдарын кеуде тұсында айқастырып, күйеуіне қарап тұр.
Катя. Есеп беруің қалай болып жатыр?
Саша (басын көтермей, тамағын жеп отырып). Мұрнымнан қан кетіп өлетін шығармын. Бухгалтерия басымның орынында компьютер тұр деп ойлайды-ау... Ертең де кешке дейін отырып жұмыс істеуге тура келетін сияқты.
Катя ыдыс жуатын орынға қарай бұрылады да, суды баяу ағызып, кір ыдыстарды жуа бастайды.
Катя. Көлігің бұзылмай, жақсы жүріп тұр ма?
Саша. Неге сұрадың?
Катя. Жәй. Көлігіміз негізі ескі ғой. Соған сұрап жатқаным...
Саша тамақтанып болып, аузын сүртеді де үстел үстінде жатқан пультті алып, теледидар арналарын ауыстыра бастайды. Хоккей матчы өтіп жатқан спорттық арнаға тоқтайды.
Саша (қол сағатына қарап). Бүгін «Намыс» ойнайды.
Катя. Хоккейден бе?
Саша. Гандболдан, Кать, гандболдан. «Намыс» — бұл гандбол командасы! Құдайым-ай, қашан есіңе сақтап алар екенсің?! Шәйің дайын ба?
Катя. Иә.
Пауза.
Саша. Енді құйып бермейсің бе?
Катя. Мен ыдыс жуып жатырмын ғой. Өзің құйып ал.
Саша құлықсыз орнынан тұрып, пештегі шәйнекті алып, шәйін құйып алып, үстелге қайта отырып, шәйін ішіп, теледидар көруін жалғастырады. Катя ыдыс-аяғын жуып болып, қолын сүлгіге сүртеді.
Теледидарда жарнама басталып кетеді. Саша оның дауысын азайтады.
Катя. Саш...
Саша. А?..
Катя. Мен сенбі күнге театрға билет алдым. Екеумізге.
Саша. Менде ол күні ойын болады.
Катя. Жексенбі күндері ойнаушы едіңдер ғой.
Саша. Бұл жолы жігіттермен сенбі күні ойнаймыз деп келістік.
Катя. Спектакль кешкісін болады. Үлгересің.
Саша (ашуланып). Қыштай бермеші! Асығып жүргім келмейді. Сосын театрды ұнатпайтынымды жақсы білесің. Адам деген билет алмай тұрып ақылдаспайды ма екен?! Бәрін өз білгеніңмен жасырын істейтінің не әдет осы?!
Катя (жүзін алып қашып). Бұл менің «әдетім» емес.
Саша. Түсінбедім? Не деп тұрсың? Болды, ештеңе де білмеймін. Қаласаң Наташамен бар.
Катя. Ол театрға баратындай жағдайда емес. Әкесі ауруханада жатыр. Жүрекпен байланысты көрінеді...(Пауза.) Бірге соңғы рет қашан театрға барғанымыз есіңде ме?
Саша жарнама жүріп жатқан теледидар дауысын қатты қояды. Ол арналарды ауыстырып бастайды. Сосын ауруханадан сюжет көрсетіліп жатқан арнада кідіріп қалады. Онда бақытты ана өз нәрестесін кеудесіне алып, құшақтап отыр. Саша теледидарды абдырап, дереу өшіре салады. Кейін пультті үстелге тастай салып, шәйін ішуді жалғастырады.
Катя. Неге өшірдің?
Саша. Қызық түк те жоқ.
Катя. Қайта қос.
Саша шәйін сіміріп салып, орнынан тұрып кетеді.
Саша. Өзің қос.
Саша кетіп қалады.
Кранда ағып жатқан суды Катя енді байқады да, өшірді. Сосын орамалын қолында ұстаған күйі сілейіп тұрып қалады.
Қарапайым қала саябағы. Ағаштар арасынан жиегінде орындықтар орналасқан аллея созылып жатыр. Күзгі жапырақтар жерді көмкерген. Қол ұстасқан Азамат пен Лена пайда болады.
Лена. Бүгін группаласымыздың туған күнін атап өтті. Оған не сыйлағанымыз тіпті ойыңа да келмейтін шығар. Бір жәшік сыра! Өзі соны сұрады. Айтпақшы, мен оны туған күніме шақырдым. Қарсы емессің бе?
Азамат. Жоқ.
Лена. Мені айналшықтап жүргеніне біраз болды. (Пауза.) Қызғанбайсың ба?
Азамат. Жоқ.
Лена. Өкінішті... Маған не сыйлайтыныңды ойлап қойдың ба?
Азамат. Дәл түстің. Соны ойлап жүр едім. Мүмкін өзіңе ұнайтын сыйлық туралы белгі берерсің?
Лена. Жоқ. Егер шын сүйсең, өзің табуың керек.
Азамат. Меніңше, махаббат бұндай нәрселермен өлшенбейді...
Лена. Бұдан да білуге болады. Адам өзінің шын сүйген жанының талғамы мен армандарына, қалауына бей жай қарамайды. Байқап жүреді. Мысалы, мен саған не ұнайтынын жақсы білемін.
Олар орындыққа отырады.
Азамат. Маған саған ұнамайтынның бәрі ұнайды. Есте сақтап алу қиын емес.
Лена. Саған театр ұнайды. Ал маған кино. Маған Рианна ұнаса, саған Джордж Верди...
Азамат. Джузеппе...
Лена. Сосын, мен зәйтүнді жақсы көремін. Ал, сенің одан құсқың келеді. Сен үнемі кеш ұйықтайсың. Мен ерте тұрып әдеттенгенмін. Маған шулы орталар ұнайды. Саған ұнамайды. Бізде тым болмаса ортақ бір нәрсе бар ма өзі?
Азамат. Махаббат?
Лена басын Азаматтың иығына сүйейді.
Лена. Сенесің бе, екеуміздің бірге түскен бірде-бір суретіміз жоқ екен.
Лена орынынан тұрып, бір көрерменге өтінеді.
Кешіріңіз, бізді суретке түсіріп жібересіз бе?
Азамат. Бүгін жеңіл киініп алыпсың.
Лена. Қалада тұмау жүр. Тобымнан үш адам ауырып қалды. (Азаматты құшақтап) Мені жылытшы... Білесің бе, сүйісу адамның иммунитетін жақсартады деп естігенмін. Дала шынымен қатты суық.
Азамат Ленаны құшақтап, сүйеді.
Катя мен Азамат бірге кафеге кіріп келеді.
Азамат (қолымен нұсқап). Мұнда отырсақ қалай? Терезенің алдында отырғанды ұнатамын.
Катя. Мен де. Сені бірден байқадым. Кездейсоқтықтар болып тұрады. Жер домалақ...
Азамат. Барлық кездейсоқтықтың өз қисынды шындығы болады.
Катя. Рас па? Өзің математиктер сияқты ойлайды екенсің.
Азамат. Сияқты емес, математиктің өзімін.
Даяшы олардың үстеліне келіп, ас мәзірін қойып кетеді.
Катя. Капучинолатуға қалай қарайсың?
Азамат. Қарсы емеспін.
Катя. Қызың қайда?
Азамат. Ауырып қалды. Қалада қазір тұмау бар...
Катя. Сосын театрға өзің жалғыз кете бердің бе?
Азамат. Оған театр айтарлықтай ұнамайтын сияқты. Амал қанша... (Иықтарын құрыстырып.)
Катя. Жалғыз баратыныңды да айтпадың ба?
Азамат. Құлағымның тыныштығын ойладым.
Катя. Білесің бе, осындай ұсақ-түйектер ара-қатынасты бүлдіреді. Білдірмей жейтін құрт сияқты.
Азамат. Сонда да, өтірік айтқанға қарағанда жақсырақ қой.
Катя. Шындыққа қарағанда жаман.
Олардың жанына даяшы келеді.
Азамат. Екі капучино әкеліңізші.
Даяшы қойын дәптеріне тапсырысты жазып алып кетеді.
Ал, сіз неге жалғыз жүрсіз?
Катя. Менің күйеуім де театрды ұнатпайды. (Өзінің қол сағатына қарайды.) Оның үстіне қазір гандбол ойнап жүрген болар.
Азамат. Ганболда ма?
Катя. Иә. Әр жексенбі сайын достарымен ойнайды.
Азамат. Бүгін сенбі ғой...
Катя. Иә, сенбі. (Пауза.) «Сен» деп сөйлеші. Өтіндім ғой.
Азамат. А, иә, ренжіме. Ұмытып кетіппін.
Катя. Айтпақшы, кітабыңды оқып шықтым. Сен айтқаннан соң мен де сатып алған едім. Мен ойлағаннан да қызықты екен... Қазір кафеде кітап оқып отыратын жастарды кездестіру мүмкін емес. Негізі, жалпы кітап оқитындарды... Олар мұнда ішіп-жейді, ойнайды, күледі, интернетте отырады, телефонмен сөйлеседі. Әйтеуір, кітап оқудан басқасының бәрін тындырады. Ал сен оқумен қатар, театрды жақсы көресің. Өзің тым бірегейсің...
Азамат. Тек, Ленаның менің қызығушылықтарымды бұлай бағаламайтыны өкінішті...
Катя. Оның жасы қаншада?
Азамат. Жиырмада.
Катя (күрсіне дем алып). Есесіне, ол жас, сымбатты.
Азамат. Маған бұл жеткіліксіз. (Ашулана) Лена қайдағы жоқ жын-ойнақ әндерді тыңдайды, болмағыр фильмдерді қарайды. Оқы деп берген кітаптарымның бәрін бетін ашпай, қайтарып береді. Ішім пысады дейді. Ол үшін барлық кітап іш пыстырарлық. Осының бәрінен кейін оның туған күніне не сыйлық аларымды да білмеймін.
Катя. Менің күйеуім де мүлдем кітап оқымайды. Тек спорттық газеттер болмаса... Ал мен, бала күнімнен кітап оқығанды сүйемін. Дегенмен, қазір жұмыста да оқитын дүние жетіп артылады...
Азамат. Сен кім болып жұмыс істейсің?
Катя. Корректормын. Өзгелердің қателерін түзетемін. Бірақ өзім жіберетін қателіктерді байқамай да қаламын. Қағаздағы емес әрине, өмірдегі...
Даяшы екі кесе кофе алып келеді. Азамат пен Катя кофе іше бастайды.
Катя. Өзің қайда жұмыс істейсің?
Азамат. Банкте. Онда тек жалақы үшін ғана жүрмін. Маған бұл жұмысым ұнамайды.
Катя. Өмірде көп жағдайда қаламайтын істеріңмен айналысуға тура келеді.
Азамат. Және қаламайтын адамыңмен өмір сүруге де...
Пауза.
Катя. Мен өте пессимистпін. Содан да үнемі алға сүйрейтін, жақсылыққа сендіретін адамды керек етіп тұрамын. Осының бәрін Саша бере алды...
Бұрын Сашаның артынан қаншама бойжеткен жүгіретін. Ал ол мені таңдады. Өзі сымбатты, парасатты, әскери формасы бар әп-әдемі бозбала... Ханзада сияқты еді. Ол кездері Сашаға лейтенант шенін берді. Мен Сашадан басқа ешкімді көрген жоқпын. Ол менің бірінші еркегім. Иә, менің өмірімнің мәні. Осылай әу баста-ақ шешім қабылдап, сонымен өмір сүрдім. Шын махаббатқа сенемін. Қалай ойлайсың, қартайып қалған сияқтымын ба?
Өмірдің қуанышынан гөрі, қайғысы молырақ. Бірақ, махаббат бұның бәрін өтей алады. Кітаппен өсіп, кітаппен тәрбиеленген мен бұған шынымен сенемін. Өз адамыңды тапсаң, махаббаттан ләззат алып, сезіммен ғажап жайлы өмір сүруге болады. Қазір де бәрі бұрынғыдай, алғашқы сәттердегідей болғанын қатты қалаймын. Бірақ, мүмкін емес қой, иә?! Дегенмен, барынша тырысып жүрмін. Түк шығар емес. Бәрін қалпына қалай келтіруді білмеймін.... Қалай дұрыстауды да, бұнымен қалай өмір сүруге болатынын да білмеймін...
Пауза.
Азамат. Балаларың бар ма?
Катя. Біз ешқашан балалы бола алмаймыз... Азамат, маған сенімен әңгімелескен сондай жайлы... Біртүрлі ұнайды. Бұрыннан таныс адамдар сияқтымыз...
Пауза.
Азамат. Шылым шекпейтін болыпсың ғой?!
Катя. Тағы да тастауға тырысып жүрмін. Ал, Лена шегеді ме?
Азамат. Жоқ.
Катя. Қыздарға шылым шегуге болмайды. Олар үшін бірінші орында — денсаулық.
Азамат. Сұлулық ше?
Катя. Қазір денсаулық маңыздырақ.
Азамат. Ленаны бассейінге баруға көндіре алар емеспін. Өте жалқау.
Катя. Өзің жүзуге барасың ба?
Азамат. Аптасына екі рет барамын. Еркектер үшін де денсаулық өте маңызды.
Катя. Сенің өзі кемшілігің бар ма?
Азамат. Иә. Біреуі бар.
Катя. Қандай?
Азамат (күлімдеп). Менің кемшілігім — еш кемшілігімнің жоқтығы.
Катя. М-м-м... Тағы басқа бір нәрсе ойлап тапшы. Тым жаттанды сияқты. Азамат. Жақсы. Тағы да тырысып көрейік. Кеттік. (Пауза.) Сенің тым құрығанда бір кемшілігің бар ма?
Азамат басын изейді.
Қандай?
Азамат. Мен өз кемшіліктерімді жасырамын.
Катя мен Азамат күлісіп, кофелерін ішіп бітіреді.
Катя. Маған бұл жер ұнайды.
Азамат. Солай ма?
Катя. Біріншіден, бұл жерде кофені өте дәмді дайындайды екен. Екіншіден, тәуліктің кез келген уақытында келушілер үзілмейді. Айналаңа қарашы. Әр түрлі адамдар. Отбасылы адамдар, балаларымен, жастар, бизнесмендер... Осыншама келушілерге ешқандай жарнамамен, жеңілдіктермен жете алмайсың. Сәйкесінше, мұнда шынында ыңғайлы, жайлы болғаны үшін келеді. Сосын, бұл жерде «күлсалғыш заңын» тамаша сақтайды. Бұл ең маңыздысы ғой. Бірінші темекіңді тартып болып, екіншісін тұтатқанға дейін күлсалғышты тазартып әкеледі (Күлсалғышты қайта үстелге қояды.) Даяшылары да салғырт емес. Көп күттірмейді. «Мен футбол, ал мен бейнеклип көремін» деп адамдарды таластырып қоятын теледидар да жоқ. Ал музыкаға келетін болсақ... Байқадың ба?
Азамат. Оған не болды?
Катя. Сөзсіз әуендер. Бұл кафеде қалаған ісіңмен айналыссаң болады. Жайлы атмосфера бар. Мұнда сол кештен соң күн сайын келуді әдетке айналдырдым.
Азамат. Қай кештен соң?
Катя. Қатты жауын құйып, қолшатырымды аша алмай қойған кештен бастап...
Азамат. Неге?
Пауза.
Катя. Ленаға сыйлық таңдай алмай жүргеніңді айтып едің ғой. Өзі неге қызығады?
Азамат. Мен ешқашан қызықпайтын дүниелерге.
Катя. Сонда сендерді не байланыстырады?
Азамат. Махаббат шығар? Біздің болашағымыз жоқ.
Катя. Ол бұл туралы біле ме?
Азамат. Жоқ. Басқалар сияқты менің де қызым болуы керек деп ойлаймын. Бірақ, ерте ме, кеш пе біздің айырылысатынымыз анық.
Катя. Демек, сен бәрін шешіп қойған екенсің. Қарым-қатынаста бұлай шектен тыс ақылды, есепшіл болуға болмайды. Азамат, бұл математика емес. (Пауза.) Егер қаласаң, Ленаға сыйлық таңдауға мен көмектесейін. Жақын жерде сауда орталығы бар. Кеттік пе?
Саша дастархан алдында теледидар қарап отыр. Арналарды мақсатсыз арлы-берлі ауыстыруда. Бір сәт пультті үстелдің үстіне қойып, ас үйді айналып жүріп, қайта орынына отырады. Әбден ашулы көрінеді.
Үйге Катя кіріп, күйеуін көріп таңырқап тұрып қалады. Саша теледидарды өшіреді.
Саша. Бүгін кешіктің ғой.
Катя. Кім жеңді?
Саша. Спектакль қалай болды?
Катя. Жақсы екен. Басты рөлде кім ойнағанын білсең ғой!...
Пауза.
Саша Катяға жақындайды да, оның маңдайынан, оң-сол бетінен кезек-кезек жасанды қалыпта аймалап сүйе бастайды. Катя бір орында тапжылжымай тұрған қалпы кішкене тартыншақтанып қалады.
Саша. Менің әйелім тамаша жан ғой. Тамақты дәмді әзірлейді... Театрды жақсы көреді... Көп балалы ана болуды армандайды... Сұлу, ақылды, ақжарқын... Және ең бастысы, өте қамқор. Мен негізі жолы болған адаммын.
Катя одан алшақтағысы келеді. Бірақ, Саша оның иығынан қысып ұстап алады.
Катя. Жігіттермен ойнадыңдар ма өзі?
Саша. Жоқ. Ойынды кейінге қалдырдық. Бүгін ешқандай да ойын болған жоқ. Мені лақтырып кетті.
Катя. Онда маған хабарласқаныңда, театрға бірге бара салушы едік қой.
Саша (жарылардай болып). Сен де бір театрыңды айтып әбден мезі еттің ғой. Театр маған нан болушы ма еді?
Саша ас үйде ашуланып, арлы-берлі жүр.
Катя. Қарның аш па?
Саша. Иә, аш. Аш қасқырдай болып тұрмын.
Катя. Дәмханаға барып, жүрек жалғай тұрмадың ба...
Саша. Кеше несиенің кезекті төлем күні болды. Тауықтың миындай миың жоқ. Сен өзі не ойлайсың? Ақшаның басына су құйғанды ғана білесің. Мен табамын, сен құртасың. Театрға, тағы басқа боқтан өзгеге ақша жұмсауыңды доғар!
Катя. Тоңазытқышта азық-түлік бар ғой. Ет, көкөністер... Мен кеше бәрін сатып алып келгенмін. Үйде-ақ өзіңе бірнәрсе пісіріп жеуіңе болатын еді... Күте тұр, қазір мен дайындап жіберейін. Тек киімімді ауыстырып келейін, иә. Қазір...
Катя шығып кетпекші болады. Саша оның қолынан ұстап, тоқтатып қалады.
Саша. Менің тоңазытқышты ақтарып, тамақ дайындап жүргім келмейді! Үйге келгенде үстелдің үстінде дайын, дәмді әрі ыстық тамақ тұрғанын қалаймын! Және, қайта-қайта қақсатпай, үнемі солай болуын қалаймын!
Катя. Саша, мен де жұмыс істеп жатырмын. Сосын, жұмсасам өз ақшамды жұмсап жүрмін.
Саша. Жұмыс? Сенің кәсібің жұмыс деп айтуға да тұрмайды. Жалақың менікіне қарағанда әлдеқайда аз. Несиені де мен төлеп жатырмын. Соның арқасында ғана қалтаңда тиін-тебен жүр. Театрға, кафеге барасың. Көңіл-күйің көтеріңкі ғой? Өмір тамаша ма?
Саша Катяны бірден итеріп жібереді. Катя құлауға шақ қалады.
Бала туралы жақ ашушы болма. Үнің шықпасын! Осы әңгімеңмен әбден мезі еттің. Бір сөзіңді естімейтін болайын. Балалар үйі, бала асырап алу деген қарғыс атқыр әңгімелеріңді естігім келмейді. Армандарыңды тығатын жеріңе тық та, көзін жой! Себебі, құдайдың түнінде де, күнінде де ызыңың құлағымнан кетпейді. Жаныңда жатып та сеземін. Сенің барлық ойларыңды оқып жатамын. Әбден қанымды ішіп біттің! Доғар! Болды!
Катя есіктен шығып кетуге ұмтылады. Бірақ Саша оның қолынан ұстап қалып, қатты жұлқылап жібереді. Катя өзін-өзі ұстай алмай, еденге құлап түседі. Ол тұруға тырысса да Саша қайта еденге құлатып, төбесінен төніп алады.
Саша. Мен тек гандболды жақсы көремін. Ал балаларды суқаным сүймейді. Біздің тумаған баламызды, сенің қақсап қоймайтын оңбаған балаларыңды жек көремін. Ал гандболды сүйемін!
Саша жанында жатқан гандбол добын алады да, Катяның көйлегін көтеріп, қарнының тұсына салып, допты аяғымен тебеді. Катя соққыдан шалқайып, теңселіп кетеді.
Саша Катяға жақындап, Катяның ішін доппен аяусыз тағы да тебеді. Катяның іші түйіліп, тынысы тарылып қалады.
Саша (әдейі жасанды сөйлеп). Ой, кешірші, сүйіктім... Мен байқамай қалдым. Ауырып қалған жоқ па? Қане, қарап жіберейін. Қай жерің ауырып тұр?
Катя еденде жатқан күйі, булығып жылауда. Саша тізерлей отыра кетіп, оған жұдырығын сілтейді.
Балалы болуды қалайсың ғой? Міне саған бала! (Катяны бетінен ұрады.) Қаншық! Алаңғасар сорлы! Жаныма тиіп біттің!
Катя Сашаның соққыларынан бойын алып қашуға тырысып жатыр.
Біз ұлды болдық па, әлде қызды болдық па? Не босандың? Түсінбеймін. А, міне, таптым.
Саша Катяның көйлегінің астынан қолын сұғып, допты алады да, түрегеліп допқа қарайды. Сосын оны шетке лақтырып жібереді.
Оңбаған! Сорлы!...
Саша Катяның қолынан жетектеп, шығып кетеді.
Аллеяда Катя мен Азамат пайда болады.
Катя. Биылғы күз өте суық, иә?
Азамат өз қолғаптарын шешіп, Катяға береді. Катя киіп алады.
Қандай жып-жылы.
Азамат. Тоқта, бетіңе не болған? Міне, мына жерің. (Қолымен Катяның бетін ұстайды.) Көгеріп қалған. Тіпті, тоналды крем көмектеспепті...
Катя. Түнде шкафқа ұрып алдым...
Азамат. Сенде бәрі дұрыс па? Құрып қалғыр!... (Катяның қолынан сүйреп әкетеді.) Мұнда жүр.
Саябақта Лена пайда болады. Лена оларды көрмейді. Бірақ, Азамат Ленаны байқап қалады.
Катя (ақырын сөйлеп). Бұл Лена ма? Біз екеуміз жәй ғана доспыз ғой...
Азамат. Лена бұндайды түсінбейді.
Лена скамейкаға отырады.
Лена (телефонда сөйлесіп). Сен оны қайта қабылдадың ба? Не керегі бар еді, Әлия? Ол саған иттік жасады ғой. Өзіңді осыншама төмен түсірмеуге тиіссің! Ұғасың ба?
Азамат Катяға қарап тұр. Олар бір-біріне өте жақындасқан. Ал Катя Ленаға қарап, уайымдап тұр. Катя ағаштың ығынан шыққысы келіп жатыр. Бірақ, Азамат оны жібермейді.
Лена (телефонға). Ол сені тағы тастап кетсе не істейсің? (Пауза.) Мұнысын міндетті түрде қайталайды. Әбден мүмкін. Сендер Астанаға тағы барасыңдар. Ол өзінің бір ашынасына тағы да кетеді. Сосын, өмірбақи бақытсыз бейбақ болып, соны күтумен күнің өтеді. Басқа біреуді тапсаң болмай ма осы? Айналаңда жақсы жігіттер толып жүр. Сен болсаң тек сол нақұрысты сүйесің. (Пауза.) Азамат дейсің бе? Бәрі жақсы сияқты. Бізде бәрі дұрыс... Мен ауырып жатқанда ол күн сайын келіп тұрды.... Иә...
Азамат Катяның бетін өзіне бұрып алып, сүйе бастайды. Катя барынша шу шығармауға тырысып, қарсыласып жатыр.
Катя (ақырын). Азамат, тоқта... Бұл дұрыс емес. Керек емес... Саған не болды? Бассыздық қой бұл.
Лена (телефонға). Иә.. Маған бал мен лимон әкеліп берді. Дәрі-дәрмектер де сатып алыпты. Бұл жолы ол менің мамамнан да асып түсті. Сен енді менің жібек мінезді мамам жайлы бәрін білесің ғой. Не дейсің? Иә, қазір тәуірмін. Кішкене жөтел ғана қалды. Ертең Азаматпен концертке барамыз. Менің сауыққанымды атап өтпекшіміз.... Театрға барамайтынымызға шүкір дедім. Ол деген театрға байланып қалған ғой. (Пауза.) Ештеңе етпес, көреміз...
Азамат Катяны сүюін тоқтатпайды. Катя ендігісін қарсыласуды қойып, беріледі.
Лена (телефонға). Оларды дұрыстау керек, Әлия. (Аяқтарын созып, етігіне қарайды.) Айтпақшы, маған мамам жаңа етік сатып алып берді. Иә... Италияныкі. Білмедім, солай шығар... Айтпақшы, сен маған не сыйлау керек екенін ұмытпадың ба? Дұрыс! Серікті туған күніме шақырмаймын. Оны әкеліп жүрме. Көргім келмейді. Біліп қой. Одан да мен сені Ванямен таныстырамын. Иә, сымбатты... (Күледі) Жоқ, менің Азаматым бар ғой. Азамат сияқты жігіт табу мүмкін емес. Қайдан таптың дейсің бе? Оны айту шарт па?! (Күледі) Иә, әрине. Жоқ, ол ондай емес. Онымен ешқашан ішім пыспайды. Және оның қасында жаным жай табады... Менің жігіт атаулыдан тез жалығып кететінімді білесің ғой. Ал Азаматпен бірге болған қызықты. Кейде түсініспеушіліктер болып тұрады. Бірақ, олар түкке тұрмайтын ұсақ-түйектер. Мен тіпті онымен болашақ өмірімізді елестетіп тастағанмын... Одан артығын таппайтын сияқтымын. А-а-ай, дала сондай суық. Не дейсің? Мен саябақта жүрмін. Аха. Тағы да ауырып қалғым келмейді. Қапырық пәтерде жатудан, таңқурай қосылған шәйді тоқтаусыз ішуден шаршадым. Не? Ауырып қалыпты ма? Енді лекцияны кім жүргізеді?
Лена кетіп қалады. Катя мен Азамат талдың ығынан шығады. Катя Азаматтан әрірек қашып тұрады.
Катя. Бекер болды... Азамат... Бұл ақымақтық болды. (Өз-өзіне сенімсіздеу) Біз доспыз ғой. Жәй ғана достар...
Азамат. Сен солай ойлайсың ба? Біз доспыз ғой? Онда неменеге уайымдайсың?...
Азамат Катяға жақындамақшы болады. Катя болса одан алыстай түседі.
Катя. Мен кетейін. Маған қоңырау шалма. Керек емес. Бар. Басқа жақа қарай кет.
Катя сол жаққа қарай кетеді. Азамат оң жаққа қарай кетеді. Олар бір-бірінен біраз алыстаған кезде, Катя қолындағы Азаматтың ұмытқан қолғабын көреді. Кері бұрылады.
Азамат! Қолғаптарың!
Олар қайта бір-біріне оралады. Катя асығыс қолғаптарды шеше бастайды. Асыққанынан қолдары қалтырап кетеді. Азамат Катяның қолынан ұстайды да, өзі жәй ғана, ақырын, байыппен кезек-кезек қолғаптарын шешеді.
Содан кейін Азамат Катяны өзіне тартып, сүйеді. Катя кішкене қарсыласады да, кейіннен ол да беріліп, Азаматтың мойынына қолдарын асады.
Бөлменің сол жағында алдында көптеген косметикалық заттар тұрған айна мен орындық орналасқан. Қабырғада Рианнаның плакаты ілініп тұр. Бөлме ортасында кереует, оның жанында тумбасы бар. Тумбаның үстінде Лена мен Азаматтың саябақта түскен рамкадаға фотолары тұр. Есіктің арғы жағынан заманауи музыка, апыр-топыр дауыстар, күлкілер естілуде.
Азамат кереуетте кітап оқып жатыр. Бөлмеге қолында бір стакан шырын ұстаған Лена кіріп келеді.
Лена Азаматтың жанына келіп отырады да, қолындағы стаканды тумбаның үстіне қояды.
Лена. Ваняға неге топографиялық топастықпен ауырасың дедің?
Азамат. Өзі тілімді қышытқан. (Кітабынан басын көтеріп.)
Лена. Бос әңгіме! Құдай үшін, тым құрығанда бір күн басқалар сияқты қарапайым бола салшы.
Азамат. Қателеспесем, мен ақылды болғаным үшін саған ұнайтын едім ғой. Басқаларға ұқсамағаным үшін ұнаттың емес пе? Негізі мен оны кішкене сабасына түсірейін дедім. Өзіне шектен тыс сенімді, тәкәппар жігіт екен. Қуыс кеуде мачо. Сосын, оның саған сұқтана қарағаны ұнамай қалды.
Лена (марқайып). Демек қызғанасың ғой? Сене алар емеспін...
Лена Азаматтың жанына жатады. Азамат қолына кітабын қайта алады.
Сенің сыйлығың маған ұнады. Өте!
Азамат. Мен тырыстым.
Лена. Өзің таңдадың ба? Тек шыныңды айт.
Азамат. Иә, өзім.
Лена. Қонақ бөлмеге барсақ қайтеді? Қазір десерт таратады.
Азамат. Лен, бәрі тарқағанша осында бола тұрсам қайтеді?
Лена. Болмайды!
Азамат. Онда ішім пысады. Әсіресе сенің достарыңмен мүлдем қызықсыз.
Лена. Ал, менімен ше? Менімен де ішің пыса ма?
Азамат. Жоқ. Сен басқасың.
Азамат кітапқа оқып отырғансып қарауда.
Пауза.
Лена. Азамат, шынымды айтсам, мен сен туралы ештеңе де білмеймін. Не қалайтыныңды, армандарыңды, неден қорқасың... Ештеңе білмеймін. Мен сенен барымды жасырмаймын ғой. Ал сен өзің туралы жақ ашпайсың. Біз қанша уақыттан бері біргеміз ғой... Маған сенесің бе? Саған не жақпайды осы?
Азамат. Осындай сұрақтарың.
Лена. Бұл қалыпты нәрсе ғой. Бір-бірімізге бөтен емеспіз. Маған саған қатыстының бәрі қызық, білгім келеді. Тек театр мен Джордж Вердиді жақсы көретініңнен басқасы...
Азамат. Джузеппе! Оның аты Джузеппе Верди!
Лена. Мені түзей бергеннен жалықпадың ба? Әбден мезі еттің.
Лена байқамай қолын сілтеп қалғанда стакандағы шырын Азаматтың жейдесіне төгіліп кетеді. Ол кереуеттен атып тұрады. Лена да артынша тұра салып, Азаматтың жейдесін қарап, көмектесу үшін бәйек қағады.
Азамат (үстін тазартып жатып). Керек емес. Ары тұршы.
Лена. Жуынатын бөлмеде фен бар. Кептіріп алсаң болады. Кешір...
Азаматтың ызасы келіп бөлмеден шығып кетеді. Лена стаканды алып, тумбаның үстіне қояды да сол тумбаның үстінде жатқан Азаматтың ұялы телефонын алады.
Лена кереуетке отыра кетіп, Азаматтың кіммен сөйлескендерін тексереді.
Азамат бөлмеге қайта кіріп келеді.. Көйлегін түймелеп бітті. Лена ақырын бұрылып, орнынан тұрады. Азамат оның қолындағы телефонын көріп қояды.
Лена (ақырын ғана). Катя деген кім?
Азамат. Менің рұқсатымсыз телефонымды неге аласың?
Лена (қобалжығаннан дауысы дірілдеп). Ол кім деймін саған?
Азамат. Жұмысың болмасын.
Лена (абдырап қалады). Не? Не дейсің?
Азамат. Телефон.
Лена жылап тұр. Бірақ, телефонды бермейді.
Лена. Қазір телефоныңды сындырамын.
Лена телефонды лақтырып жібермекші болады. Бірақ, Азамат дереу оны тоқтатып, қолын ұстап қалып, бұрады да, телефонын алып қояды. Лена қарсыласуға тырысады, бірақ Азамат оны күшпен итеріп жібереді. Лена әлі келмей, кереуетке құлап түседі. Амалсыздан жын ұрғандай күле бастайды.
Азамат мақсатты түрде, нық басып бөлмеден шығып кетеді.
Азамат пен Катя кафеде отыр.
Азамат. Сен менікіне көшіп келесің. Әкем бәрін де түсінеді. Ал, өгей шешемнің не дейтіні маңызды емес. Қазір қайда тұрасың? Пәтерің кімге тиісті?
Катя. Екеумізге де. Бірақ, несиені Сашаның атынан алғанбыз.
Азамат. Солай ма? Өте жақсы!
Катя. Сен барлық несиені Сашаға ысыра сал демекшісің бе? Ол менсіз күн көре алмайды.
Азамат. Ол сенің көзіңе шөп салады. Ұрып-соғады, Катя...
Катя. Ол менің күйеуім.
Азамат. Менімен бірге болғың келе ме?
Катя. Мен сенен үлкенмін.
Азамат. Бәрібір. Менімен болғың келе ме?
Катя. Азамат, асықпайықшы. Кішкене күтейік...
Азамат. Ол ешқашан өзгермейді. Одан ертерек кеткенің өзіңе жақсы.
Катя. Сенің қызың ше? Лена қайда қалады?
Азамат. Ол маған керек емес. Мен сенімен болуды қалаймын.
Катя. Мені мүлдем білмейсің ғой...
Азамат. Жоқ, білемін. Маған сенімен өте жайлы екенін білемін... Сенімен бірге болудан мүлдем жалықпаймын. Өмірімде алғаш рет өзімді біреумен жайлы, еркін сезіне алдым. Сен жанымда болсаң өзіңмен ғана әңгімелескім келеді. Кітапты да ұмытып кетемін. Сенің жаныңда қалай сөйлеу керек, өзімді қалай ұстасам, қалай көрінсем деген ойлардың бәрі құриды. Мүлдем қысылмаймын. Дидарыңа қарап, үндемей отырсам да бақыттымын... Катя, балалы бола алмайтыныңды білемін.
Катя. Менде бәрі дұрыс. Проблема Сашада...
Азамат. Онда сені оған ештеңе де байлап тұрған жоқ қой. (Пауза.) Демек былай жасаймыз! Біріншіден, сен барлық заттарыңды жинайсың да, менің үйіме көшіп келесің. Бұл қиындық тудырмайды. Тек бәрін жоспарлап алу керек. Ол үйде жоқ кезде барып, заттарыңды жиып алып кетесің. Сосын сотқа ажырасу үшін арыз жазасың. Күйеуіңнің алдында моральдық та, материалдық та қарызың жоқ.
Соңғы уақытта жұмысымды ауыстыруды да ойлап жүрмін... Банктен әбден жалықтым. Жалақысы көптеу жұмысқа ауысуыма болады. Ұсыныстар да бар. Бізге қазір бір қалыпқа түсіп алғанымызша ақша ауадай қажет. Соның бәрін қарастыру керек.
Катя Азаматтың қолынан ұстап, оның көздеріне қарайды.
Катя. Азамат, сен мұның бәрін жасауға міндетті емессің...
Азамат. Жоқ. Бұл — менің таңдауым. Өз қалауым.
Азамат Катяның жүзін өзіне бұрып, қарсыласқанына қарамастан мықтап ұстап алады да махаббатпен оған қарап отырады.
Катя. Маған олай қарамашы...
Азамат. Бұл сенің өміріңдегі соңғы жарақаттар! Уәде беремін.
Азамат Катяның ернінен сүйеді. Сосын тағы да бетінің бар жерін аймалай сүйіп шығады.
Күеуіңмен сөйлесесің ғой? Жоқ. Онымен сөйлескен саған тағы да қауіп төндіреді. Тәуекелге бара алмаймын. Одан да ескерту хат жазып кет. Солай дұрыс болады. Бір нәрсе жегің келе ме? Қазір киноға барсақ қалай? Сенің көңіліңді басқаға бөліп, аулау керек.
Лена өз кереуетінде отыр. Бөлменің бұрышында қолында кітабын ұстаған Азамат тұр.
Лена. Сенімен сөйлескім келмейді! Демек, мені мазақ етуге келген екенсің ғой?
Азамат. Жоқ. Мен сенің тек шындықты білгеніңді қаладым.
Лена. Осылай өз арыңды тазартқың келеді ғой? Саған хабарласқан қыз ба? Қалай тез? (Жылап жібереді.) Сен мені алдадың! Нені қате істеп қойдым, Азамат?
Лена кереуетке қайта отырады. Азамат оң қолындағы кітабын сол қолына ауыстырып, жүйкесі жұқарып тұрғанын байқатады.
Азамат. Бір-бірімізбен мүлдем үйлеспейміз.
Лена. Онда неге менімен кездесіп бастадың?
Азамат. Қателескен екенмін. Махаббат деп ойладым.
Лена. Өтірік айтасың. Үнемі бір нәрсе ойлап жүргенсің. Бірақ, сөзің ойыңмен сәйкеспейді. Ойыңдағыны ешқашан айтпадың.
Лена орнынан атып тұрып, Азаматқа қарай қадам жасайды.
Азамат. Сен өзімшіл-менменсің.
Лена. Олай емес!
Азамат. Сенің барлық сезімдерің жасанды. Сені тек сырт келбетің алаңдатады.
Лена. Мен сенімен үнемі шынайы болдым. Ешқашан мінсіз қыз болып көрінуге тырыспадым. Алдаған жоқпын. Тек, мені сүйесің деп ойлаушы едім...
Азамат. Өмірің тым жеңіл. Ешқандай да ауырлықты, қиындықты түсінбейсің.
Лена. Менің өмірімде бәрі тамаша дегенді қайдан шығардың?
Азамат. Сенің анаң керемет әйел. Өмір бойы сол кісідей анам болса екен деп армандағанмын. Сен болсаң оны мүлдем бағаламайсың, сыйламайсың. Анаң сені ештеңеден кем болмасын деп барын салады. Ал, саған бәрібір.
Лена. Мамамды қатты жақсы көремін. Ол екеуміздің ара-қатынасымызды сен бағалай алмайсың!
Азамат. Анаңа сен сияқты қызды бұйыртқанына ішім ашиды.
Лена. Мен кейде адамдар туралы әр бәлені бір айта салуым мүмкін. Бірақ, олардың жанына жара салмаймын, ренжітпеймін. Оларға қалай өмір сүру керегін үйретіп, кінәламаймын да!
Азамат. Сенімен маған төсекте ғана ыңғайлы болды. Төсекте ғана! Мен әу баста-ақ түбі айырылысып кететінімізді білгенмін.
Пауза.
Лена жасын тыяды. Ол сабырлы қалыпқа түседі.
Лена (ақырын ғана). Бұл қайдан шыққан өшпенділік? Иә, мен жаман шығармын. Бірақ сен мені одан да нашар адам деп ойлайды екенсің. (Кереуетке отырады.) Иә, анам мен үшін бәрін жасайды... Бірақ, ол оны зорланып істемейді ғой. Менімен бақытты. Мен оны қатты жақсы көремін. Есіңде ме, саған бір жылдан бері шәкірт ақымды жаратпай жүрмін деген едім ғой?! Неге екенін білесің бе? Мамама өзі армандап жүрген тігін машинасын сатып әпергім келеді. Оған тігін тіккен ұнайды... Мамамды жақсы көремін... Айтпақшы, ол саған арнап қыстық шарф тоқып жатыр. Бұны білесің бе?
Азамат кітабына арлы-берлі тиісіп, Ленаға қарамай тұр.
Дұрыс айтасың. Мен жеңіл ойлы адаммын... Бірақ ақымақ емеспін, Азамат. Сенің сүйікті кітаптарың мен сүйікті композиторыңның атын ұмытып қалатын шығармын, бірақ, ақымақ емеспін. Мен үшін сенің қызығушылықтарың, саған қатыстының бәрі қымбат. Тек, менің есте сақтау қабілетім нашар. Неге екенін білесің бе? Бала күнімде әкем ұратын. Ол күнде басымнан ауыр қолдарымен салып қалатын. Жұмыстан кешкісін ішіп келіп мамамды, сосын мені ұратын. Бастан ұрғанды жақсы көретін. Әкемді машина қағып кеткенде мен қуандым. Иә, туған әкемнің қайтыс болғанынан бақытты болдым. Сенің бұны білгеніңді қаламадым. Сосын, айтпадым. Мені көңілді, әлсіз қыз деп ойлайсың. Бірақ, бұл менің өмірім жеп-жеңіл дегенді білдірмейді.
Азамат кітабын қарап жатқандай, қабын тырнағымен қырып, тазалап тұрған кейіп танытуда.
Бүгін институтта Ваня тағы да менде көңілі бар екенін білдірді. Сосын, сен туралы жаман нәрселерді айтуды бастады. Мені сенен суып кетсін деп әдейі айтты. Оны шапалақпен салып қалдым. (Пауза.) Саған ашулансам, ашуланатын шығармын. Бірақ, сенен басқаны қаламаймын. Қызық, иә?! Махаббат туралы тек кітаптан оқығансың. Жасым жиырмада ғана болса да, саған қарағанда сезімнің қадірін білемін. Және, бұны білу үшін театрға баруымның қажеті жоқ.
Тоқташы! Сені күте беремін. Айлап, жылдап болсын... Маған қайта оралған кезіңде бүгінгі күні болып жатқанның бәрін де ұмытамын.
Азамат. Мен саған қайта келмеймін.
Лена (оны тыңдамай). Мен сені кешіремін. Бәріне көз жұма аламын. Неге екенін білесің бе?
Азамат есікті ашады.
Әйелдер еркектерге қарағанда ақылды. Әйелдер еркектерге қарағанда қашанда ақылды болған, Азамат.
Азамат кетіп қалады.
Катя ас үйде сырт киімімен тұрып, үстелге сүйене Сашаға хат жазуда. Еденде екі чемодан жатыр.
Катя жазып болған хатын оқиды. Ұнамай қалып, қағазды мыжып қоқысқа тастайды. Қайта жазып бастайды.
Жазып біткен хатын оқиды да, көңілінен шығады. Парақты қайта үстелге қояды. Айналасына бір қарап шығады. Сосын екі чемоданын қолына алып, есікке қарай беттейді.
Осы сәтте есіктен портфель ұстаған Саша кіріп келеді. Аяқ астынан пайда болған Сашаға Катя чемодандарын ұстаған күйі абдырап қарап, тоқтап қалады. Саша оған таңырқап қарап тұр.
Саша. Бұл не? Неге жұмыста емессің? Қайда жиналдың? (Үстелдегі хатты алып оқи бастайды.) «Мен бұлай өмір сүре алмаймын. Әрі қарай бірге тұру үшін еш себеп көріп тұрғаным жоқ. Сенен кетемін. Ажырасуға арызды өзім беремін. Түсінесің деген үміттемін». Бұл не сандырақ? (Катяға қарайды.) Сен менен кетпекшісің бе? Қайда?
Катя. Мамама.
Саша. Мамама дейсің бе?
Саша қалтасынан ұялы телефонын шығарып, нөмірді тереді де, телефонды құлағына апарады.
Саша (телефонмен сөйлесіп). Алло, Наталья Михайловна, бұл Саша ғой. Бүгін Катя сіздікіне бармаушы ма еді? Жоқ? Хабарсызсыз ба? Жоға, бәрі дұрыс. Жоқ-жоқ. Жәй, Катя екеуміз бір-бірімізді түсінбей қалған сияқтымыз. Мен оған қазір қайта хабарласайын. Катя ма? Ол жұмыста. Иә, бәрі жақсы. Жақсы, жарайды. Жоқ, рақмет. Иә, міндетті түрде сатып аламыз. Сау болыңыз!
Саша телефонын өшіріп, қалтасына салады. Катя есіктен шығуға ұмтылғанда, Саша жолын бөгейді.
Сонымен, кетпекшісің ғой... Не болып қалды? Кім ол?
Катя. Менің ешкімім жоқ.
Саша. Өтірік айтып тұрсың. Саған біреу бірдеңе деген.
Катя. Кеше Наташаға барғанмын. Өмір туралы көп әңгіме айттық. Осы әңгімелерден соң сенен кетемін деп шештім... Бәрінен шаршадым.
Саша. Өтірік! Мен бұны да тексере аламын! (Қолына телефонын алады.)
Катя. Саша, мен жай ғана кете салайыншы... Өтінемін... Жай ғана кете салайыншы... Қажет емес...
Саша. Бәрін түсіндірмей, ешқайда да кетпейсің!
Саша едендегі екінші чемоданды да алып, ашады да, киімдері шашылып кететіндей етіп шетке лақтырып жібереді.
Кім ол? Біткен жәлеп!
Катя. Сені трамвайда бөтен әйелмен көрдім. Оның қолынан ұстап тұрдың.
Саша (өз-өзіне сенімсіз). Мүмкін... Бірақ, қазір ешкімім жоқ. Ол мені тастап кетті. Ал сенде ше? (оны жұлқылайды). Хайуан. Онымен кездесіп жүргеніңе көп болды ма? Жатып жүрсің ғой, иә? Айт деймін!
Катя (салқынқанды). Мені тағы да ұрғың келе ме? Бірақ, бұл нені өзгертеді дейсің?
Саша. Менсіз күніңді көре алмайсың!
Катя. Көремін.
Саша. Несиені кім төлейді?
Катя. Өзің бірдеңесін қыларсың.
Саша (таң қалып). Не? Мен сені танымай тұрмын. Саған не болды? Кім ол? Кім ол соншалықты? Мен оны өлтіремін! (Барлық затты қиратып бастайды.) Мен сені ешкімге бермеймін. Жібермеймін!
Катя. Зорлап сүйдіресің бе?
Пауза.
Саша (әбден қажыған дауыспен). Қалай сонда... Бұлай істеуге болмайды... Катя...
Катя. Егер сенімен бірге болған ұнағанда..
Саша. Ұнамай ше? Сол кездердегі раушан гүлдер? Жатақханадағы қызықтарымыз? Балқаштағы іссапар? Аяғыңды қайырып алғаныңда, сені үш шақырым жер көтеріп жүріп едім ғой....Ормандағы түніміз ше? Сол түнді есіңе алшы. Біздің армандарымыз қайда қалды? Он жылдан бері біргеміз, Катя! Бәрін қайда жібере аласың? Бұл естеліктерді жоғалтып жіберу мүмкін емес қой.
Катя. Жоғалмайды. Тек, өткеннің еншісінде қалады.
Саша орындықтан сырғып түсіп, тізерлейді. Әлі де сене алар емес, басын шайқап отыр.
Саша. Саған енді қолымның ұшын да тигізбеймін. Уәде беремін. Тек кетпеші.
Катя. Сен өзгермейсің.
Сашаның көзі жасқа толып қалады.
Саша. Құдай үшін, жалынамын... жалынамын... Әйелдермен жүргенім рас. Иә, болды! Бірақ, ешқашан да... Менің сенен басқа ешкімім жоқ. Тек сені ғана сүйемін, Катя! Сені ғана! Өзгеру менің қолымнан келеді. Бір мүмкіндік берші. Сен тіпті маған бірде-бір мүмкіндік бермей тұрсың ғой. Бұлай тез кетісе салуға болмайды... Сөйлесейікші, бір шешімін табайықшы... Бәрі өзімізге байланысты. Сенің қолыңда тұр. (Аузын басып, жыламауға тырысуда.) Мен сенімен ғана бақытты бола аламын. Тек сенімен. Кать, өмірімнің соңына дейін өзіңмен ғана болғым келеді. Тоқта, тоқташы... Тағы кішкене ғана... Кідіре тұршы. Бүгін неге демалыс алғанымды айтайын. Мен балалар үйіне бардым. Сен білу керексің. Біз онда болғанбыз... Бүгін директорымен тағы да сөйлестім. (Портфелін асығыс ашып, Катяға қағаздарды алып көрсетеді.) Міне, қарашы, құжаттары. Саған тосын сый жасағым келген. Екі апта бойы осы тірлікпен айналысып жүрмін. Біздің баламыз болады... Бәрі дайын болып қалды... Мен бала асырап алуға келісім бердім. Катя, сен бұны армандап едің ғой. Міне, бәрі өзің қалағандай болады. Біздің баламыз болады. Сен өзің қалап едің ғой, Катя... Жалынам... Осыдан көресің, мен өзгеремін. Ант етем....
Катя. Мен саған сенбеймін.
Катя. Далада үскірік аяз болып тұр. Бүгін қар жауады деп айтты. Алғашқы қар.
Азамат. Қысты жақсы көресің бе?
Катя. Өте...
Азамат (құлшынып кетеді). Қармен ойнамағалы қай заман. Жаңа жыл қарсаңында бір демалыс үйіне барамыз. Бұл бастамасы ғана. Сосын тағы да бірдеңелерді ойластырамыз...
Катя қолындағы ұялы телефонына қайта-қайта қарап отыр. Ақыры оны үстелге қояды.
Азамат. Мен біраз шаруаны жоспарлап қойдым. Пәтер таптым. Қалаға қатты жақын емес. Бірақ арзандау бағада. Сосын түйіндемемді жақсылап жазып, біраз жерге жіберіп қойдым. Біразы қарап, сұхбаттасуға шақырып үлгерді. Бір ай көлемінде жаңа жұмысқа тұрамын. Ақша жағын уайымдама. Заттарыңды не істеймін деп алаңдамай-ақ қой. Бірдеңе ойластырамыз... Бір күні сенің үйіңе машинамен барамыз да, қоңырауды басып, күйеуіңнің бар-жоғын тексеріп, жоқ болса, кіріп заттарыңды алып кетеміз. Сосын өзімнің таныс заңгеріммен де сөйлесіп қойдым. Жақын күндері онымен кездесе аламыз. Ол саған не істеу керектігіңді айтып береді. Ажырасу үшін керек құжаттарды да дайындай алады. Сотта да сенің талаптарыңды ақтап шығуға дайын.
Катяның телефонына қоңырау келеді. Тұтқаны үстелден алып, жауап береді.
Катя (телефонмен сөйлесіп). Иә.... Жарайды. Жоқ. Оны ертең істеймін. Жақсы... Жоқ, ұзақ уақыт алмайды. Иә, үйге. (Пауза.) Мен де сені...
Катя телефонын сөмкесіне салып қояды.
Азамат. Ол кім? Онымен кездестің бе? Қашан? Неге...
Катя. Азамат...
Азамат. Иә?..
Пауза.
Катя. Бұнымыздан түк те шықпайды.
Азамат. Қалайша? Ештеңені түсінер емеспін?...
Катя. Сен... Сен өте жақсы адамсың. Мен сені шынында... өте қатты... Себебі маған көп көмектестің. Қарыздармын... Рақмет! бәрі үшін... Бірақ, мен Сашамен ажыраса алмаймын.
Азамат (қатты мазасызданып кетеді). Катя, біз бәрін шешіп тастаған едік қой... Бірге келістік. Неге бұлай істеп отырсың? Не боп қалды? Не өзгерді?
Катя. Күйеуіммен қаламын деп шештім.
Азамат. Неге? Не үшін? Катя, түсінемін, бұл өте қиын қадам. Бірақ, мен сені асықтырмаймын. Тағы да ойлануыңа болады...
Катя. Мен әбден ойландым.
Азамат. Ол саған не айтты? Соншалықты не айтып көндірді? Катя, оның қандай адам екенін білесің ғой. Сені алдап жатыр.
Катя. Ол менің күйеуім.
Азамат. Ол сенің қас жауың. Қанішер жауыз. Өзімшіл.
Катя. Жоқ, сүйеді. Ол өзгерді. Мен оған сенемін.
Азамат. Мен ше? Мен не істеймін?...
Пауза.
Катя. Біз бала асырап аламыз. Құжаттарды заңдастыру ғана қалды. Азамат, менің балам болады! Ақыры, балалы болатын болдым!
Азамат. Ол бала саған бәрібір бөтен болады... Катя, екеуміздің өз балаларымыз болады. Сен өмірге сәбиді өзің-ақ әкелесің. Сенбеймін... Сене алмаймын... Қалайша? Бәрі босқа кетті ме? Мен нені бұрыс істеп қойдым? Нені? Неге, Кать? Неге? Жоқ... Мен сенбеймін.. Бұлай болу мүмкін емес. Сен бәрін ойыңнан шығарып отырсың. Бұлай болмайды.
Катя. Бәрінің осылай аяқталғанын өзім де қаламаған едім.
Азамат (Катяның қолдарын қысып ұстап). Мен кеше түні бойы ұйықтамадым. Біз талай жерге саяхаттаймыз. Театрға барамыз, түнгі қалада қыдырамыз, жайлы кафе табамыз. Капучино ішіп отырып әңгіме айтамыз. Жоқ, кофе-машина сатып алайық. Саған күшік аламыз. Әлде мысық алғың келе ме? Мысық болғаны дұрыс. Біздің балаларымыз да көп болады. Өз балаларымыз. Қанша бірге жүріп әңгімелессек те, бір-бірімізден жалықпаймыз. Мен саған гүл, басқа да сыйлықтар сыйлағым келеді. Саған әлі ештеңе де жасап үлгермедім. МАҒАН БАСҚА ҚЫЗ КЕРЕК ЕМЕС!
Катя. Мен сенен үлкенмін.
Азамат (жалынып, страстно). Менімен қалшы. Қалшы, өтінемін. Оған қайта барма. Не істеп жатқаныңды өзің түсінбейсің... Сен бұдан да жақсыға лайықсың. Сашамен өмірің құрдымға кетеді. Сенде сұлулық, ақыл, шынайылық, қамқорлық, ақкөңілділіктің бәрі бар. Өз-өзіңе қарашы. Бағаңды білші. Сенің бұлай өмір сүруге хақың жоқ. Сен күнде таяқ жеп, қарыз төлеуге, баласыз өтетініңе түнімен жылап, қайғыдан қан жұту үшін тумағансың. Бар болғаны отыз жастасың. Бақытты болуға хақың бар! Өзіңді өзің алдама! Бұл ақымақтық. Не үшін онымен қалмақсың? Не үшін?
Катя. Демек солай болуы керек!
Азамат. Мен сені сүйемін!
Катя. Білемін... білемін...
Азамат (амалсыз дауыспен). Катя... Менің бақытты болғым келеді. Менің жәй ғана бақытты болғым келеді.
Катя. Тек менімен емес. Қар... Қарашы алғашқы қар жауып жатыр.
Шымылдық жабылады.
Олжас Жанайдаров – родился в Казахстане в 1980 году, в 1987 году переехал в Москву. Окончил Российскую экономическую академию им. Г.В. Плеханова. Обучался в сценарной мастерской Александра Молчанова. Драматург, сценарист, преподаватель. Арт-директор Фестиваля молодой драматургии «Любимовка». Руководитель Фестиваля современной казахстанской драматургии «Драма.KZ». Преподаватель драматургии школы-студии МХАТ. Номинант театральной премии «Золотая Маска» в номинации «Лучшая работа драматурга», победитель различных международных и национальных драматургических конкурсов. Пьесы переведены на английский, немецкий, французский, казахский, башкирский, польский, чешский, турецкий, китайский, монгольский и другие языки. Постановки осуществлялись в театрах Москвы, Санкт-Петербурга, Уфы, Новосибирска, Екатеринбурга, Челябинска, Астрахани, Улан-Удэ, Петропавловска, Алматы, Астаны и других городов.