Дактиль
Сағадат Ордашева
Пьеса «Драма.KZ-2026» фестивалінде ұсынылды
Кейіпкерлер:
Жарқынай — 8 жаста, 3 сынып оқушысы
Балқия — 25 жаста, Жарқынайдың мамасы, фрилансер
Арыстан — 35 жаста, Жарқынайдың әкесі, археолог
Шұғыла — Жарқынайдың кластасы, 3-сынып оқушысы
Ақылбек — 40 жаста, Шұғыланың әкесі, автобус жүргізушісі
Алғыс ханым — сұлу, ұзын бойлы, патшайымдай киінген әйел
Шалқия — 30 жаста, әнші-мама, әнші
Ұрқия — 30 жаста, аспаз-мама, аспаз
Оқиға үй ішінде, музейде, мектепте, көшеде, тоғайда өтеді.
Балқия. Жарқынай, ау, Жарқынай... Не істеп жатырсың?
Жарқынай. Не істеп жатырсың, не істеп жатырсың? Менің атым Жарқынай емес. «Не істеп жатырсың»? (Залға қарата.) Мен өмір сүріп жатырмын. Менің мамам, қызық ше, мынау екі қабатты даңғарадай үйде «не істеп жатырсың?» деп айғайлайды. (Аузын көлегейлеп орманда жүргендей айғайлайды.) «Әже-етхана-аға-а бара-а жа-аты-ы-ырмы-ы-ын!» деп айғайлайын ба? Қызық өзі мамам, қазір көресіңдер!
Балқия (жеңін түріп алған, басындағы орамалы қисайып кеткен, шашы алау-далау шығып көрініп тұр). Жарқынай, бір сағат болды ғой сені шақырып жатқаныма! Не істеп жатырсың? Киімдеріңді жинастырмапсың, аяқ киімің сол бойы төңкеріліп жатыр. Бантигіңді шешпепсің, келгеніңе екі сағат болды.
Жарқынай. Мама, мен жаңа келдім, осы жаңа. Бір сағат болған жоқ.
Балқия. Енді не істеп жатырсың?
Жарқынай. Шешіндім, сосын телефон қарадым.
Балқия. Сол ғой, сол. Жарқынай демесем отыра бересің. Жина киімдеріңді, тамағыңды іш.
Жарқынай. Уф, мама, жинаймын ғой киімімді, алдымен демалып алайын.
Балқия. Жарқынай, бар нанға барып кел. Су ала кел.
Жарқынай. Басталды. Осы жұмыстың бәрі мені күтіп отырады ғой. Мама, неге біреуді жұмсамайсың, мен бара берем ба нанға! (Залға қарата.) Мамам, тынымсыз адам, өзі жұмыстан келеді де тамақ пісіреді, түнімен қағаз қарайды. Еш қолы босамайды.
Балқия. Осы үйде кім бар еді тағы, домовой бар ма, жұмсайын? Бара ғой, қызым.
Жарқынай сыртқа шығып кетеді.
Жарқынай. Үйде жалғыз болған қандай жаман? Әкем келсе ғой, сондай сағындым. Күнде кешкісін ватсаптан хабарласады: Қызым, жұмысым көп, соларды бітірейін келем дейді. Бес ай өтті ғой, әлі келмеді. Бір хабар жоқ. Уһ, әкем келсе мамам қоқыс төк, су әкел деп әкемді жұмсар еді, мен болсам телефонда рақаттанып тик ток қараймын, тренд түсіремін. Мамам өте қатал адам, «ананы істе, мынаны істе» деп жұмсай береді. Өзі болса қағаз жазады да отырады. Жұмысында сонда не істейді? Маған бір братишкі керек еді, құлағынан шертіп жұмсайтын?
Жарқынай сырттан нан, су алып кіреді.
Балқия. Жарқынай, мысыққа су берші, үстін тарашы, үйдің бәрін жүндетті ғой.
Жарқынай. Мамам, қызық қағаз жазып отырса да, басқа шаруа істесе де, мені тауып ала береді. Әлде тек мені осы қалай жұмсасам деп ойланып отыра ма? (Кенет ол шкафқа кіріп тығылып қалады.)
Балқия. Жарқынай, ау, Жарқынай... қайдасың?.. Бір батса батып кетеді. Ау, ана кіреберісті бір сыпырып алсаңшы. Немене аяқ астыңа қарамайсың ба? Мына үйде қыз бар деп кім айтады?
Жарқынай (шкафтан басын шығарып). Уф, шаруа мүлдем бітпейді. Мамам, мына шкафқа кіріп, жоқ бола тұрса ғой, иә? Мен рақаттанып телефон ойнайтын едім. Мама!
Балқия. Жарқынай, ау, қайдасың?
Жарқынай. Мама, мұнда келші, мама!
Балқия. Не болды, қызым? Не болды?
Жарқынай. Мұнда кірші, келші. (Мамасы шкафқа кіреді.) Мама, сен қазір тығыла тұр. Мен қазір келем. Көзіңді жұм да, 10-ға дейін сана! Қазір келем!
Балқия. Не дейт? Жарқынай, уақытым жоқ, тез болшы!
Жарқынай. Санай бер, мама! Көзіңді жұм. (10-ға дейін санайды.) Мама, енді көзіңді аш, қазір сені қараймын. (Шкафты ашады, ішінде мамасы жоқ.) Мама, қайдасың? Қалжыңдамашы, мама! Шығып кеттің бе? (Үйді шарлап шығады.) Мама! Мамам шынымен жоқ! Шығып кеткен шығар. Алғыс, алғыс шкаф саған! Алақай! (Телефонын қосып ойнай бастайды.)
Есік қағылады.
Алғыс ханым. Қайырлы күн! Айтпақшы, қайырлы кеш! Кіруге бола ма?
Жарқынай. Үйде мамам жоқ.
Алғыс ханым. Білемін. Өзің ғой, жоғалып кетсе ғой деген. Жоғалып кетті енді.
Жарқынай. Қалайша?
Алғыс ханым. Былайша. (Шкафты ашады, жабады.) Тілегіңді орындадық. Енді саған басқа мама керек. Қаласаң басқа мама тауып береміз.
Жарқынай. Менің мамам қайда?
Алғыс ханым. Жоқ болды да кетті.
Жарқынай. Менің мамамды қайтарыңдар!
Алғыс ханым. Ол қайтарылмайды. Орнына басқа мама қара! Саған мамаң ұнамайды ғой. Бізде маманың түр-түр бар. Жүр кеттік.
Шкафты ашады да екеуі кіріп кетеді. Бір айналғанда үлкен музейден шығады.
Кең музей іші. Айнала стендтерде мамалар тұр.
Жарқынай. Қандай ғажап! Әдемісін-ай залдың. Мұндай залды көрмеппін. Сиқырлы әлем бе?
Алғыс ханым. Музей бұл. Көнеден келе жатқан «Барыңды бағала!» дейтін мамалардың музейі. Бұл жерде әлемнің ең таңдаулы сұлу мамалары бар. Өзің қарап шық.
Мамалар әндетеді.
Біз мамамыз, біз мамамыз!
Баламызды ойлаймыз!
Тіс жудың ба?
Қол жудың ба?
Сабағыңды оқи ғой —
Біз айтатын сұрақтар мен тапсырмалар мың сан ғой!
Біз мамамыз, біз мамамыз!
Уайымдайтын баласын!
Тәтті алып, тамақ беріп
Жылы жүр деп қоймайтын!
Жарқынай. Мамалар ма? Қандай көп! Әдемі мамалар. Маған ең жақсысы керек, мені еркелетін, жақсы көретін, қадағалай бермейтін, «не істеп жатсың?» демейтін мама керек!
Алғыс ханым. Жапырақ, қалағаныңды ал. Мына мамалардан да балалары бас тартқан. Олар өз үйін, өз балаларын күтіп отыр. Қалағаныңды ал.
Жарқынай. Мынау актриса, мынау скрипач, мынау мама еден жуады. Мынау мама, қандай сұлу стилист, модель екен. Маған қайсысын алу керек? Мен білмеймін.
Алғыс ханым. Асықпай таңда, Жарқынай, алдымызда ұзақ түн бар.
Жарқынай. Мамаларды сіз неге бұлай ұстап отырсыз? Бұларға тамақ керек шығар, балалары қайда?
Алғыс ханым. Бұл аналар ең таңдаулы аналар, сен секілді сүйкімді балалары бар еді. Мен сондай аналардан колекция жинайтын ханыммын. Мынау менің патшалығым. Менің сүйікті жұмысым. Сен айттың, мен соны ғана орындадым. Енді біреуін таңдап ал.
Жарқынай. Қайсысын таңдаймын? Мұнда сұмдық мама көп? Сағат неше? Мәссаған, он екіден асыпты, көп жүріп қаппын. Мамам мені іздеп жатқан шығар.
Алғыс ханым. Мамаң жоқ, дедім ғой, мамаңды осы жерден алып кет.
Жарқынай. Қалай алып кетем?
Алғыс ханым. Оны уайымдама, біз оны саған үйіңе жеткенше, жеткіземіз. Доставка бар.
Жарқынай. Маған ананы, жоқ мына маманы... Қайсысын таңдаймын? Білмеймін, біреуін алайыншы, мына маманы. Әнші екен. Әдемі екен, мені аңдып отырмаса болды, маған көңіл бөлсе болғаны. Осы маманы алып көрейін.
Алғыс ханым. Ол мама — әнші Шалқия. ҚР мәдениет үздігі. Филармония солисті. Күндіз филармонияда, кешке тойда ән салады. Айналасы сауық думан. Үйде сенімен отырарар уақыты болмайды. Ақшасы көп ханым.
Жарқынай (шапалақтап). Алақай, алақай, осы мама керек! Маған «не істеп жатырсың» демей ме? Шынымен ақшасы көп пе?
Алғыс ханым. Өте көп. Саған не істеп жатырсың демек түгілі, өзі не істеп жатқанын да білмейтін ханым. Демек, осыны таңдайсың. Ал, келістік. Келісімшартқа қол қой енді.
Жарқынай. Неге қоямын? Менің мамамды қайтармайсың ба?
Алғыс ханым. Қазірге қайтармаймын, осы мамамен күн көресің. Ал, сенің мамаңды осы жерге ертең орналастырамыз. Жарай ма?
Жарқынай. Сізді енді қалай табуға болады?
Алғыс ханым. «Алғыс, алғыс, мың алғыс» деп айтасың, мен сені тауып келемін. Бір ескертейін, мынаны жақсылап есіңде сақта: Жарқынай, сен алғыс деп айтып үйрен!
Жарқынай төсегінде оянады.
Жарқынай. Түсім екен ғой, шынымен басқа маманы алып келдім деп ойласам, бәрі тәтті түс екен ғой. Қазір «Жарқынай, не істеп жатырсың? Тұрдың ба?» дейді. Өзі анау бірінші қабаттағы асханадан айқайлайды. Жауап беру үшін сен де айқайлауың керек. «Тұрдым!» деп.
Шалқия. Қайырлы таң, Жарқынай! Жарқыраған айым! Жинал кеттік, бізде мейрам, той күтіп тұр! Өмір деген мейрам ғой! Жаным, жылдамдат, жұмысқа кешігіп барам. Таңғы асыңды мектептен ішерсің. (Әндетіп сөйлейді, арасында ән салып ыңылдап жүреді.)
Жарқынай (аузы ашылып тұр). Қалай? Қалай таңғы асты мектептен ішемін? Маған каша пісіріп бермейсің бе?
Шалқия. Жүре ғой, жаным. Жүр! (Күлімдеп, бетінен сүйеді.)
Жарқынай. Каша ішпеймін бе?
Шалқия. Мектептен ала сал. Каспиіңе он мың теңге салып жібердім. Білесің ғой, менің кашам онша шықпайды. Пісіргім де келмейді соны.
Жарқынай. Әлі қырық минут уақытымыз бар ғой.
Шалқия. Жарқынай, киіне ғой, жаным. Көлікті қыздырып қояйын. (Шығып кетеді.)
Жарқынай. Бізде көлік жоқ еді ғой. Мәссаған, шынымен мынау кеше өзім таңдап алған Шалқия әнші ғой. Керемет! Енді класстастарым мені шеттетпейтін болады, мамамда көлік бар. Жаяу жүрмеймін. Оларды папасы мен мамалары мектепке алып келеді, қайтарда алып кетеді. Мені де солай мамам алып жүретін болады. Алақай!
Мектеп іші. Парталасы Шұғыламен асханада кездесіп қалады.
Шұғыла. Мамаң көлік алған ба?
Жарқынай (сасып қалып). Ол менің мамам емес, әпкем ғой.
Шұғыла. Өтірік айтпашы, сенде әпке жоқ қой.
Жарқынай. Иә, ол... білесің бе, кейін айтам. Үзілісте бәрін айтып беремін. Қазір мына бәлішті жеп алайын. Таңғы асымды ішпедім.
Шұғыла. Қалай ішпедің? Каша жемедің бе?
Жарқынай (ұяла). Жемедім, иә... өй, сен де қоймадың ғой? (Сыбырлап.) Короче, кеше қызық оқиға болды. Кеше мен мамамды ауыстырып алдым.
Шұғыла. Қалай? Ауыстырдың?
Жарқынай. Алғыс деген ханым келді үйге, өзің көрсең ғой, бойы биік, тақасы мынадай, үстіне қызыл шапан киген, жылтырап тұр. Сиқырлы әлемнен келген секілді. Ол мені мамалардың музейіне алып барды.
Шұғыла. Ондай музей болмайды ғой.
Жарқынай. Өз көзіммен көрдім. Неше түрлі мама бар екен.
Шұғыла. Сосын?
Жарқынай. Алғыс ханым біреуін таңда деді. Көп ойландым да, әнші маманы таңдадым. Аты Шалқия. Енді менің мамам мені күн-күнде көлікпен алып келетін болады.
Шұғыла. Ол ханым қайда тұрады екен?
Жарқынай. Оның қайда тұратынын білмедім.
Шұғыла. Қалай табасың енді? Өз мамаңды сол жақта тастап кеттің бе?
Жарқынай. Иә, бір үйде екі мама болмайды ғой.
Шұғыла. Менде біреу де болсын мама жоқ.
Жарқынай. Алғыс ханымды табуға болады айтпақшы.
Шұғыла. Қалай?
Жарқынай. Кейін айтамын, кеттік. Мамам таңертең он мың теңге салып жіберді. Таңғы асыңды мектептен іш деп.
Шұғыла. Рақат, шығар.
Жарқынай. Ой, айтпа, енді екеуміз үйге бірге барамыз да ойнайық, қаласаң саған донат салып берем.
Шұғыла. Жарайды.
Шұғыла мен Жарқынай үйге кіреді.
Жарқынай. Қарашы, үйде ешкім жоқ, жүр кеттік ойнаймыз. Рақат.
Шұғыла. Тамақ ішпейміз бе?
Жарқынай. Тамақ пісірмепті. О, таптым, қазір тапсырыс берем. Менде ақша көп қой. Не жейсің? Донер, бургер, пицца?
Шұғыла. Пицца.
Жарқынай. Екі үлкен маргаритаға тапсырыс бердім. Жүр, бөлмеме кеттік.
Екеуі ән салып билейді. Сахнаға майнкрафт, роблокс ойын кейіпкерлері шығады да, олармен ойнай бастайды.
Шұғыла. Сен мамаңды сағынбайсың ба енді?
Жарқынай. Сағынам. Бірақ, ол сондай қатал. Мені жұмсай береді. «Не істеп жатырсың, не істеп жатырсың» деп қоймайды.
Шұғыла. Не деп жұмсайды?
Жарқынай. Нан әкел, су әкел, мысықты тара, суын бер. Ойнатып кел. Киіміңді жина. Тамақ іш. Осындай тапсырмалар.
Шұғыла. Сол да тапсырма болып па? Мен де тіптен тапсырма беретін мама жоқ. Әкем екеуміз үйдің шаруасын ешкім айтпаса да жасаймыз. Мен мектептен келе сала үй жинаймын, тамақ пісіремін. Су әкелемін, қоқысты шығарамын. Ал, әкем кешке шаршап келеді де, тамақ ішіп ұйықтап кетеді. Таңертең менен бұрын тұрып кетіп қалады. Автобус айдайды.
Жарқынай. Рақат қой қайта, папаң бар.
Шұғыла. Сенің мамаң Балқия апай маған ұнайды. Менде де сондай мама болса ше ғой армандаймын. Ол мені көрген сайын құшақтап, маңдайымнан сүйіп сұрасады. Сондай мейірімді.
Жарқынай. Қойшы, сен де. Менің мамам мені мүлдем құшақтамайды. Ал, папам болса, жұмысым көп деп үйге келмейтін болды. Мен оларға керек емес секілдімін.
Шұғыла. Жарқынай, мана сен айттың ғой, Алғыс ханымды шақыруға болады деп, шақырайықшы. Маған мама керек!
Жарқынай. Қазір. Алғыс, алғыс мың алғыс!
Есік қағылады.
Әне, келді!
Есік ашылады. Биік бойлы, өрнекті қызыл шапанды патшайым кіріп келеді.
Алғыс ханым. Шақырдың ба, Жарқынай? Қалай мамаң ұнады ма?
Жарқынай. Әрине, ұнады. Керемет! Тамақ пісірмейді, үйде болмайды. «Не істеп жатсың» демейді.
Алғыс ханым. Ендеше, неге шақырдың?
Жарқынай. Шұғылаға мама керек!
Алғыс ханым. Солай ма? Жүр, Шұғыла, саған мама іздейік онда. Бірақ, сенде маған беретін мама жоқ қой.
Шұғыла. Менде мама жоқ. Мама болған емес. Маған бір мама берші, өтінемін!
Алғыс ханым. Жарайды, жарайды. Бір тартуым болсын... жүр кеттік!
Шкафтың ішіне кіріп жабады да, айналып ғайып болады.
Шұғыла мен Алғыс ханым үлкен залды айнала кезіп жүр. Стендттерде тұрған мамалар қозғалып билейді. Шұғыла кенет Жарқынайдың мамасын көреді.
Алғыс ханым. Сен ақылды қыз екенсің. Қолыңдағы бардың қадірін білесің. Бұл жерге барын бағалай білмейтіндер келеді.
Шұғыла. Маған мама керек, ал әкеме жақсы әйел керек. Түсінесіз бе, балаларға мамасыз өсуге болмайды ғой.
Алғыс ханым. Әрине, сен екеуміз былай келісейік. Саған осы жерден таңдаған маманы беремін. Бірақ, айналаңда өз мамасын тыңдамай, көргісі келмейтін, жоқ болып кетсе екен дейтін балалар болса, оларға «барыңды бағала» деп айт. Мама деген ауыстыруға, таңдауға болмайтын ең қымбат жан.
Шұғыла. Келістік! Маған Жарқынайдың мамасы керек. Маған Балқия маманы беріңізші.
Алғыс ханым. Жарайды, келістік. Үйіңе бара бер. Сені күтіп алатын болады. Маған қарыз екеніңді ұмытпа.
Шұғыла залдан шыға бере шкафта қайта кіреді де ғайып болады.
Жарқынай бөлмесінде жалғыз отыр.
Жарқынай. Мен жалықтым. Мамам мүлдем үйде болмайды. Күнде кафенің тамағын тапсырыспен жеп жалықтым. Мамам таңертең кетеді, ұйықтап жатқанымда келеді. Жалғызбын. Сабақты мүлдем оқымай кеттім. Тіптен, күнделігім үштіктерге толды. Таңғы кашамды сондай сағынып кеттім. Күнде бургер, пицца, донер, суши... мамам мүлдем маған қарамайды. Алғыс, алғыс, мың алғыс!
Есік қағылады.
Алғыс ханым. О, жарқыным, Жарқынай! Қалайсың? Жүдеп кетіпсің ғой, үйдің іші қоқысқа толыпты. Фу, иісін ай.
Жарқынай. Үйге күнде клинингтің адамдарын шақырып, үй тазалатып шаршадым. Екі қабатты үйде жалғыз өзім жүремін. Маған Шалқия мама ұнамай кетті. Ол мүлдем мені қарамайды. Бақыламайды. Каша да пісірмейді. Ақша салдым дейді де жоқ болады. Тойдан босамайды. Таңертең бір-ақ рет көремін. Папам болса «Мамаң өнер адамы, өмірбойы тойда, концертте жүреді. Сабырлы бол, қызым, өзіңді сақта дейді де қоштасады. Мен мүлдем керек емес секілдімін.
Алғыс ханым. Түсінемін, жарығым, түсінемін. Мамаңды ауыстырасың ба?
Жарқынай. Иә, маған басқа, дұрыс мама керек!
Алғыс ханым. Кеттік онда. (Шкафқа кіреді де айналып музей залынан шығады.) Жақсылап таңда, сенде тек үш ақ рет мүмкіндік бар.
Жарқынай. Өзің айтшы, қайсы мама дұрыс?
Алғыс ханым. Мынау мама — жазушы, үйде де сыртта да болады. Жазуын көбінде үйде жазады. Қияли адам, сені көріп тұрады бірақ көрмей тұрады. Мектептен келгенде күтіп алады, тамағыңды дайындайды. Шабыт іздеп кететіні бар. Сол кезде саған қиын болмаса... Мынау мама — бухгалтер. Ақша санайды,есептейді. Жұмыста болады, сенбі, жексенбі күндері демалады. Саған каша да пісіре алады. Бірақ, әр тиынды есептеп жазып қояды, саған да тиын тебен ұстатпайды. Сараңдау. Мынау мама — аспазшы. Ой, бұл кісінің тамақтары дәмді енді. Тамақ пісіруден бір босамайды. Бір кемшілігі, ақшасы жоқ. Жұмыс жасамайды. Үйдегі бәліштерін арзанға сатады. Табысы аз.
Жарқынай. Маған осы мама керек. Ақшасы керек емес.
Алғыс ханым. Шын ба? Саған ақша да керек еді ғой.
Жарқынай. Мені баптап күтіп, мені ойлайтын, қарайтын мама керек. Ол «не істеп жатсың» демей ме?
Алғыс ханым. Жоға, мүлдем сұрамайды. Бәрін сен үшін жасайды.
Жарқынай. Онда осыны алам.
Алғыс ханым. Болды, кете бер, жарқыным. Үйіңе барасың, мамаң дайын.
Жарқынай. Менің мамам қайда? Ол мұнда көрінбейді ғой.
Алғыс ханым. А, ол ма? Ол жоқ. Оны алып кетті.
Жарқынай. Кім алып кетті?
Алғыс ханым. Оны айтуға болмайды.
Жарқынай. Айтыңызшы...
Алғыс ханым. Жақсы, ешкімге тіс жарма! Шұғыла алып кетті.
Жарқынай. Шұғыла? Менің мамамды ма? Неге менің мамамды алады ол?
Алғыс ханым. Біз бұл жерде балалары керек қылмаған мамаларды жинап отырмыз. Өзің ғой керек қылмаған. Сен сияқты Шұғылаға да жақсы мама керек.
Жарқынай. Жарайды, кеттім. Мамамды салып жіберерсің.
Шкафқа кіріп үйден шығады.
Таң атты. Жарқынай оянады.
Ұрқия. Жарқынай, тұра ғой, таң атты, бұлбұл сайрап... (Әндетіп кетеді.)
Жарқынай. Мамам ба? Мә, бауырсақтың иісін ай! Алақай, маған мама келді!
Ұрқия. Жарқынай, саған бауырсақ, бәліш, тәтті қытырлақ, шоколад құйылған пирог, бананды торт, шиеден тосап пісіріп қойдым. Келе ғой. Жарқынайды отырғызып қойып, алдына тәттінің бәрін тосып, аузына сала бастайды.
Жарқынай. Тәттісін ай, керемет. Мама, өзім жеймін, қоя тұр.
Ұрқия. Мынаны да жеші, арықтап кетіпсің ғой. Мынаны да жеші. Тәтті ма?
Жарқынай. Керемет, мама! Сағындым үйдің тамағын.
Ұрқия. Мамаң қарашы, қандай жақсы, қандай керемет! Мен осының бәрін сен үшін жасадым, таңертеңнен тұрып сен үшін пісірдім. Жарқынайым, сен аман болшы!
Жарқынай. Мама, рақмет! Тойдым болды, жемеймін!
Ұрқия. Жеші қызым, ештеңе жемедің ғой, жеші.
Жарқынай. Мама, болды жемеймін.
Ұрқия. Менің пісіргенім ұнамай ма? Сонша пісірем жемейсің.
Жарқынай. Мама көп жедім, енді жарылам, мектепке баруым керек. Айтпақшы, көлікті қыздырдың ба?
Ұрқия. Қандай көлік? Не айтып тұрсың? Мамаңда көлік түгіл жұмыс жоғын біле тұрып мазақтайсың ба?
Жарқынай. Бізде көлік жоқ па? А, жоқ екен ғой.
Ұрқия. Иә, мына бәліштерді қазір базарға апарам да сатып-сатып келем. Екеумізге екі күнге асқа жетеді.
Жарқынай. Сонда сенде ақша жоқ па? Маған тамақтануға бермейсің бе?
Ұрқия. Қызым-ау, менде табыс та, ақша да жоқ. Жұмыс жоқ білесің ғой. Міне, ас, тамақ бар, тағы не керек?
Жарқынай (телефонын шұқып қарайды). Мәссаған, каспиімде бір тиын да жоқ, кеше 50 мың болған.
Ұрқия. Қызым ау, оны мен кеше жаратып қойдым. Үйге азық-түлік керек болды. Сенде ақша болғаны қандай жақсы болды. Әйтпесе мынаның бәрін қалай пісірем?
Жарқынай. Ой-й-й... Біресе былай, біресе былай... Мені алдапты Алғыс ханым. Дұрыс емес маманы салып жіберіпті. Қап, сені ме!
Мектеп іші. Шұғыла мен Жарқынай үзілісте сөйлеседі.
Жарқынай. Шұғыла тоқташы, неге менімен сөйлеспейсің? Ренжіп қалдың ба?
Шұғыла. Қойшы, менің шаруам көп.
Жарқынай. Екеуміз дос едік қой. Айтшы, не болды?
Шұғыла. Жоқ, сенімен сөйлесуге болмайды.
Жарқынай. Менің мамамды сен алыпсың ғой.
Шұғыла. Жұмысың болмасын. Өзің ғой керек емес деген. Ол енді менің мамам.
Жарқынай. Жоқ, ол менің мамам!
Шұғыла. Сенде бар ғой, мама! Бір үйде екі мама болмайды.
Жарқынай. Шұғыла, менің мамам қалай? Айтшы, менің мамам жақсы ма?
Шұғыла. Иә, ол сондай кең жүректі адам.
Жарқынай. «Не істеп жатырсың» деп сұрай бере ма?
Шұғыла. Жоға, мен сұрамай жатып жасап қоям. Риза болып отырады.
Жарқынай. Қалай сонда?
Шұғыла. Сен мамаңды неге солай айтатынын түсінесің бе?
Жарқынай. Неге олай айта береді? Менің не істеп жатқанымды қайтеді? Мен не істегім келсе соны істегім келеді.
Шұғыла. Сен барыңды бағаламайсың. Алғыс айтпайсың анаңа. Бар болғаны сол.
Жарқынай. Қойшы, ақылсынбай. Менің мамамды ренжітпе.
Шұғыла. Жарайды, сен де мамаңды ренжітпе!
Жарқынай мен Шұғыла мектептен шығады. Жарқынай Шұғыланы аңдып үйіне барады. Шұғыланың үй ішіне терезеден сығалап қарайды.
Жарқынай. Мә, мынау менің мамам ғой, бәрі бас қосып тамақ ішіп отыр. Әкесі де сондай мәз. Шұғыла қандай бақытты. Менің мамам қалайша, оны жақсы көріп отыр, Шұғыла да еркелеп қояды. Менің мамам...
Жарқынай үйге кіріп барады.
Балқия. Ау, қалайсың, Шұғыланың досы келді. Кір, төрлет, жарығым. Өзің амансың ба? Көрінбей кеттің.
Құшақтап бетінен сүйеді.
Жарқынай (сыбырлап). Неге мені мектептен келгенде осылай күтіп алмайсың, мама.
Балқия. Ау, не дедің? Кел отыра ғой, түстеніп отырмыз, дәл үстінен түстің.
Шұғыла. Мама, ол асығыс, қазір оған бір дәптерімді берейін. Жарқынайдың мамасы мазасыз, күтіп отырған болар.
Жарқынай. Жоға, қатты іздемейді.
Шұғыла. Жүр кеттік, берейін дәптерімді.
Балқия. Жарқынай асықпа, келе ғой. Шұғыла, артынан бересің, отырсын. Мамаң жақсы ма? Әй, қолы дерт көрмесін, тамақты пісіреді ғой, бәлішін айтсайшы. Мана базарға шықсам, бәліш сатып отыр екен, үшеуін алдым. Қандай дәмді, бауырсақтары да сондай керемет! Қандай бақыттысың, мамаң күнде таңертең ыстық бауырсақ, бәліш пісіреді. Менің қолымнан келмейді ғой ол.
Жарқынай. Мама... (Мама дегеніне сасасып қалады.) Мамам, сондай адам иә, көп тамақ пісіргіш. Қашан көрсең пісіріп жатады. Оның бәрін кім жейді.
Шұғыла. Папа, Жарқынайдың папасы жұмыста екен. Ол кісіні танисың ба?
Ақылбек. Иә, Жарқынайдың папасы білдей ғалым, археолог. Өзі жұмысына адал, жанкешті. Жер қазып кетсе болды шықпайды. Мықты ғой әкесі.
Жарқынай. Мен кетейін, мамам іздейді.
Шұғыла (сыртқа шығарып). Неге келдің үйге? Бұл енді менің мамам. Сенің мамаң үйіңде. Әне, қарашы келе жатыр.
Ұрқия шығады.
Ұрқия. Жарқынай, ойбай мұнда екенсің ғой, тамақ пісіріп күтіп отырсам, сен мұнда екенсің ғой. Жүре ғой, тамақ суып қалады. Аш қалған жоқсың ба?
Жарқынай. Жоқ, мама! Мен аш емеспін.
Ұрқия. Жүре ғой, жаңа ғана базарға барып бүкіл бәлішті сатып келдім. Саған жақсылап балық қуырып қойдым. Сабақ оқуың үшін күш керек, қуат керек. Жарқынайды ертіп алып кетеді.
Жарқынай асханада тұрады.
Жарқынай. Тамақ, тамақ, үйдің бәрі тамақ. Қолы бос болса болды тамақ пісіреді, оны маған жегізеді. Қарным жарылатын болды. Мына, мама қызық өзі, бір рецепт тауып алады да соның қызығына түсіп пісіре береді. Менің сабағыма да қарамайды. Таң атқаннан кеш батқанша тамақ жейміз. Шаршадым.
Ұрқия. Жарқынай, коктейль ішесің бе, жүре ғой, салқын коктейль жасап қойдым.
Жарқынай. Мама, қарным жарылайын деп тұр. Болды ішпеймін. Әкем хабарласып тұр.
Әкесі ватсаптан видеоқоңырау соғады.
Арыстан. Қалайсың қызым, қалайсыңдар Ұрқия! О, тамақты толтырып пісіріп жатырсың ба? Әбден сағындым тамағыңды.
Ұрқия. Арыстан, амансың ба? Біз де сені сағындық. Ой, сен келеді деп, түрлі рецепттер ойластырып қойдым. Сені күтіп отырмыз.
Арыстан. Мен ертең келемін, бүгін қалаға шықтық ауылдан. Түріңе не болған. Толып кеткенсің бе? Ертең күтіңдер мені.
Жарқынай. Алақай, папам келеді екен. Жақсы болды. Папам мені енді жалғыз қалдырмайды.
Ұрқия. Ойбай, не дейді дайындалайын онда, кеттім мен. Түріме не болыпты. Қане, қарайыншы. Мәссаған, бетім ісінген бе? Болмайды бұлай.
Ұрқия кетіп қалады.
Жарқынай. Папам келсе не болады? Үйде басқа мама жүр. Оған ұнамай қалса ше? Өз мамам қандай жақсы, тым жұмсақ, мейірімді, өз мамама не жетеді? Қандай ақылды менің мамам! Шұғыладан қызғанып кеттім. «Алғыс, алғыс, мың алғыс!»
Алғыс ханым. Шақырдың ба? Біліп едім, тағы ұнамай қалды ма?
Жарқынай. Маған өз мамамды қайтаршы! Сен не десең де көнемін.
Алғыс ханым. Олай болмайды. Біз мамаларды қайтармаймыз. Сен келісімшартқа отырғансың. Ол сені танымайды енді.
Жарқынай. Менің соңғы рет таңдауға мүмкіндігім бар ғой.
Алғыс ханым. Бар, бірақ өз мамаңды қайтара алмаймыз.
Жарқынай. Қалай қайтара алмаймын. Өтініп сұраймын сенен. Қайтар мамамды!
Алғыс ханым. Болмайды. Басқасын таңдасаң жүр қане, сенің мамаң Шұғыланың үйінде. Оған мамасы ұнайды. Шұғыланы ренжіте алмаймыз.
Жарқынай. Алғыс ханым, өтінемін (тізерлеп отырады), маған бір рет мүмкіндік беріңізші?
Алғыс ханым. Мен сиқыршы емеспін, мен сиқырмен айналыспаймын. Біреудің мамасын алып кете алмаймын. Өзің бар да, түсіндір оған.
Алғыс ханым ғайып болады.
Жарқынай Шұғыланың үйіне кіреді. Мамасы асханада отырады.
Жарқынай. Мама, мама кешірші мені!
Балқия. Мама? Мен сенің мамаң емеспін.
Жарқынай. Сен менің мамамсың. Ертең папам келеді. Есіңе түсірші, мен сенің қызыңмын.
Балқия. Қалайша? Шұғыла ше?
Жарқынай. Ол сенің қызың емес! Шұғылада мама жоқ!
Балқия. Мен қалай?..
Жарқынай. Мама, жүрші екеуміз серуендеп қайтайық, саған бәрін түсіндірем.
Балқия. Сен менің қызымсың ба? Сені көрсем неге жүрегім біртүрлі елжірейді? Түсініксіз күйге түсемін.
Жарқынай. Жүрші мама, сен екеуміз серуендейтін тоғайға барайықшы.
Тоғай іші, құстар сайрайды.
Жарқынай. Мама, сен екеуміз мүлдем сөйлеспей кеттік білесің бе? Сен менен қалайсың деп қана сұрайсың. Менің кіммен отыратынымды, кіммен ұрсып қалғанымды, қандай сабақтар өткенімді сұрамайсың. Менің ойымды мүлдем тыңдамайсың. Өзіңнің бүгін не істегеніңді ғана айтасың.
Балқия. Ол саған қызық емес пе?
Жарқынай. Менің өмірім туралы сұрамайсың. Сен бар болғаны «ананы істедің ба, мынаны істедің ба, не істеп жатсың» деп тергей бересің. Екеуміз неге осы дос құсап сөйлеспейміз а?
Балқия. Сенің болашағыңа алаңдағаным шығар, сені пысық, ұқыпты қыз болса деймін. Алайда, сенімен сөйлеспейтінімді байқамаппын, қызым.
Жарқынай. Есіңе түсірдің бе? Менің сенің қызыңмын. Маматай!
Балқия. Есіме түспей тұр. Тек айтқан сөздерің сондай таныс. Қайда естідім? Жаңғырып алыстан естіледі. Айта берші.
Жарқынай. Мама, сен мықты болуға тырысасың, папаммен де көп сөйлеспейсің. Менімен де солай. Айтшы, екеуміз осылай қашан отырып сөйлесіп едік. Менің ойларымды сұрайсың ба сен?
Балқия. Жарығым, есің бар екен ғой. Сені маған жаны ашымайды деп жүрсем.
Жарқынай. Менен ешкім ойымды, пікірімді сұрамайды. Мама, мен жоқ секілдімін.
Балқия. Сен менің өмірімдегі жалғыз бақытым, қуанышымсың ғой. Соны көрсете алмай жүрген шығармын. Өз уайымыммен жұмысымды ойлап жүре беріппін. Сен түсінеді деп ойладым.
Жарқынай. Мама, сені жақсы көремін, өтінемін, маған қайта мама болшы! Мамам болшы!
Балқия. Шұғыланы қайтеміз?
Жарқынай. Шұғылаға мама тауып беремін. Жүр, үйге кеттік.
Балқия. Мына жер сондай тыныш екен, бәрі есіме түсіп жатыр. Жарығым-ау, саған жақын боламын деп жүріп, сені бақылаймын деп өзімнен алыстатып алыппын ғой. Жарқынайым, өз үйіме барайын. Кешірші мені.
Жарқынай. Мама, маматайым! Мың алғыс, мың алғыс саған!
Алғыс ханым пайда болады.
Алғыс ханым. Тағы шақырдың ба? Саған айттым ғой, лимит бітті.
Жарқынай. Алғыс ханым, мен мамамды қайтардым. Сізге мың алғыс!
Алғыс ханым. Жарқынай, егер өміріңдегі адамдарға наразы болсаң, «Барыңды бағала» музейін есіңе ал. Біздің музейде жақсы әке, жақсы бауыр, жақсы жігіттер, жақсы қыздар да бар. Ең дұрысы, өмірің саған тарту еткен адамға разы бол да алғыс айт!
Жарқынай. Алғыс ханым, алғыс, сізге мың алғыс!
Алғыс ханым. Ендеше, мамаң бәрін есіне түсірді. Барыңды бағаларсың! Ұмытпа! Ал, Шұғылаға Ұрқияны тарту еттік.
Балқия. Жарқынай, жарығым, сені бағаламаппын, сен менің көз нұрымсың, Шұғылаға мама болмаймын мен. Мен сенің мамаңмын! Кеттік үйге.
Жарқынайдың үйінде ақ дастархан басында Шұғыланың мамасы Ұрқия, әкесі Ақылбек, Арыстан, Балқия, Шұғыла, Жарқынай отыр. Бәрі мәз мейрам.
Жарқынай. Шұғыла, мамаңды қарашы, қандай жақсы, енді сенде арман жоқ, тамақтың неше түрін пісіреді. Өз мамаң болған қандай жақсы.
Шұғыла. Иә, мамам өте қамқор жан, ешкім маған «мынаны жеші, тамақ ішіп ал, тынығып ал» демейтін. Енді, рақат. Сенің мамаң да керемет жан.
Жарқынай. Мені кешірдің бе? Мен мамамды ешкімге бере алмаймын. Өз мамаңа ешкім жетпейді екен.
Арыстан. Ал, тамақтан алыңыздар. Үйдің іші бәрі өзгеріп кетіпті. Үйде алты ай болмадым. Бәрі жайнап кетіпті. Мен жоқта қандай жаңалық болды?
Балқия. Біз Жарқынай екеуміз үйдің қабырғаларын ақтап, үйді реттеп шықтық. Қызымыз есейді деген сөз. Көмекші кәдімгідей. Ақылды қызым.
Арыстан. Жарығым, менің қызым ақылды дейтін едім ғой. Сен ғой, «не істеп жатсың» деп сұрай бересің.
Ақылбек. Әркім өз қолындағысын бағаласа бәрі орнына келер. Бүгінгі отырыс қандай керемет! Мен де міне, көптен күткен келіншегімді алып келдім қонаққа. Ұрқияның қолынан бал тамады, өзі елпілдек. Осындай әйелді берген құдайға мың шүкір, мың алғыс!
Алғыс ханым. Кім мені атаған? (Тек Жарқынайға көрінеді.)
Жарқынай. Алғыс ханым, сіз неге келе бересіз? Алғыс десек келе бересіз бе?
Алғыс ханым. Менің атымды атаған әр адамға сый беремін. Шұғылаға бір іні, бір сіңілі тарту етейінші деп келдім.
Жарқынай. Маған ше? Маған сіңілі керек.
Балқия. Бәріне шүкір. Папасы, айлап үй көрмесе де таудай жұмыс бітіріп, қуантып келеді. Күліп жайнап отырғанымыз да осының арқасы. Мың шүкір, мың алғыс!
Алғыс ханым. Саған да болсын! Бір сыр айтайын құлағыңа, алғыс айтуды әдет қыл, күнде келіп тұрамын, қуаныш сыйлаймын! Жақсы, аман бол Жарқынай!
Жарқынай. Аман бол, Алғыс!
Шымылдық
Сағадат Ордашева — жазушы, аудармашы, «Кек жуған» прозалық шығармалар жинағының авторы. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы баспасөз хатшысы. «Әдебиет. Рух. Қоғам - 2023» республиалық әдебиет байқауының жүлдегері.