Дактиль
Нұржігіт Мүсілім
Пьеса «Драма.KZ-2026» фестивалінде ұсынылды
Драматерапия
(Болған оқиғалар желісі бойынша)
Топтық терапия. Жарты шеңберде әр түрлі тәуелділігі бар адамдар.Ортасында психолог.Психолог алдыға шығып көрермендерге.
Психолог. Қайырлы кеш құрметті көрермендер.Барлығыңызды көргеніме қуаныштымын. «Тәуелсіз» атты топтық терапияға қош келдіңіздер! Мен осы терапияны жүргізуші психологпын. Есімім Үміт. Сахнада отырған кейіпкерлер әр түрлі тәуелділігі бар жандар. Қазір кезекпен сіздерге хикаяларын баяндап береді. Бұл терапияның мақсаты тәуелді жандарға қолдау көрсету. Басқада тәуелді жандарға жазылып кетулеріне себібімізді тигізу. Ендеше бірінші кейіпкер ортаға шығуыңызға рұқсат!
Психолог және басқалары сахнадан кетеді Ортаға бірінші кейіпкер шығады.
Кейіпкерлер:
Мақсат
Әйелі
Әкесі
Мақсат (пауза). Бірінші бастаған қиын екен. Неден бастасам... Менің есімім Мақсат, мен игроманмын. Яғни лудоман... Бұл жолға қалай тап болдым,сол туралы айтып берейін. Екі үш әңгімемді тыңдаңыздар. Үйленгеннен кейін ойнай бастадым. Тойдың кредиті,пәтердің ипотекасы пайда болды. Ақша әрдәйім жетпейді. Айлықтан айлыққа әрең жеткізіп жүрдім. Бар тапқаным қарызға, жейтін асымызға ғана жететін. Тіпті емін еркін сыртқа шығып қыдыра алмай қалдық. Сол жетпейтін ақшаның орнын толтыру мақсатында екінші жұмыс іздей бастадым. Телефоннан түрлі онлайн казино, букмейкерлардың жарнамасы шыға беретін. Оңай ақша, еш қиналмай табысқа кенелесің деген жарнамалар. Бір күні кіріп көрдім. Кірдім ұттым. Сенесіз бе екінші үшінші рет салғандада ұттым. Одан кейін ұтылдым. Осылай басталып кетті. Жұмыста, үйде уақытымның бәрі телефон қарап ставка қоюмен өтетін. Ақша жетпейтін бірақ ойынға ақшаны табамын. Лудомандардың ақша табуы ол өнер. Өтірік айту өнері. Басында шындықты қабыстырып өтірік айту болса , кейін шындықтың ізі де қалмайды. Сол өтірікке жан жағыңды сендіру өнері. Лудоман сізді сендірмей қоймайды. Жақындарың, достарыңды сендіріп қалтасындағы ақшаны аласың, ақшасы болмаса сен үшін өз аттарына кредит алдыртасың. Мына туысыңа бес жүз мың, ана досыңа жеті жүз мың, әке шешеңе екі миллион, әйеліңе миллион, мына досыңа айфон алдыртып оны сатасың. Қазір ойлансам, қалай сендіргеніме өзім таң қаламын. Қайтара алмай олардың сенімінен айырылайсың, кезекте жақсы танымайтын дос туыстарыңды жағайлайсың, тіпті бір рет кездескен адамнан ақша сұрай бастайсың. Басында үлкен суммалар, кейін келе ойнай тұрайын деп бес жүз теңге, екі жүз теңгеге дейін сұрадым...
Көлігім болды, бір күні жолда айдап келемін, артымнан бір көлік соқтығысты. Қатты емес сәл ғана болар болмас соққы. Қызметкерлерді шақырмай сол жерде шешіп қолыма жиырма мың ұстатып кетті. Әрине ставкаға қойдым, ұтылдым. Содан кейін мүмкіндік бола қалса артымнан көлік жақын жүрсе әдейілеп тормозды басатын болдым. Ол соғады маған ақша. Шыға сала он мың деймін. Оларға көп ақша емес мен үшін тағы ойнау мүмкіндігі. Осылай он шақты рет жасадым. Әрине кейбір кездері өзіме кінә тағып видеожазылымды қараймыз деп байбалам салатын. Артқы бамперымнан түк қалмады, кейін көлікті арзанға сатып жібердім,әрине ақшасы...
Неге тоқтай алмадым. Себебі салған ақшаңды қайта ұтып алғың келеді. Қарызым миллиондаған, тағы жүз мың теңге ұтылсаң ол ақша емес. Ақша саны мен үшін маңызды емес тек сандар ғана. Ол мені тоқтатпады. Ұттым менің өмірім қуаныш, ұтылдым келесі ойынға дейін қайғы,сол сезімдер үшін ғана өмір сүрдім, дофамин, эндорфин, адреналин барлығы қозғанда рахат аласың. Қырық миллионнан аса ұтылыппын. Он сегіз микроқаржылық ұйымға қарызбын, бес банкте кредит, отыздан астам адамға әртүрлі сумма қарызбын. Әйелімнің жинап отырған ақшасын ұрлап салып жібердім, алтындарын алдап алып ломбардқа өткіздім. Бір күні айлық түсетін уақытта, карточкасын сөмкесінен білдіртпей алып алдым. Айлығы түске қарай түсетінін біліп, сол уақытта ақшасын шешіп алдым. Қуанып ставкаға кеттім. Түнде үйге келсем әйелім бар заттарын жинап мені күтіп отыр
Жұбайы. Мақсат мен шаршадым, менде материялдық тұрғыданда, психикикалық тұрғыданда ешнәрсе қалмады, шыныменде мен үшін осы соңғысы, мен кетемін, өзімнің атымдағы кредиттерді бірнәрсе қылып төлермін, баламызды ауылдан өзім алып кетемін,қош сау бол!
Мақсат. Бұл жағдай әрине бірінші рет емес, талай болған айқайлайтын, ұрысатын, тіпті ұратын, бұл жолы басқаша.
Жұбайы. Ажырасу документтері мәселесі бойынша ертең хабарды күт, баланың тәрбиесіне мүлде араласпайсың, бұдан кейін көріспейсің...
Мақсат. Жоқ жаным бұл жолы шыныменде қоямын! Тоқта ешқайда кетпе, мен сенсіз мүлде құримынғой. Енді ойнамаймын құдай ұрсын, нан ұрсын. Жұмыс істеймін, қарыздарымды жабамын, бізде бәрі жақсы болады шын айтамын, Соңғы өлердегі сөзім маған сенші жаным енді ставка қоймаймын мүлде қоймаймын... Баланы қалай алып кетпексің , сонда мүлде көрмеймінбе, мен әкесі емеспінбе? Мен оны жақсы көремін, мен сені жақсы көрем. Кетпеші жаным, менде қалған сен ғана ғой, балапаным балам ғана!..
Әйелі кетеді.
Ажырастық қалай ойлайсыздар осыдан кейін тоқтадым ба?... Жоқ, бұлда тоқтата алмады... ақымақпын. Ажырасқанға дейін тағы бір оқиғаны айтып берейін. Үйдемін, әйелім бір шаруасымен далаға шығып кетті. Мен ставка қойып отырмын соңғы қалған ақша отыз мың тіктім, ұтылдым. Енді балама памперс пен тамағын алуға ақша жоқ екенін түсіндім. Үйден шығып айдалаға жоғалып барлық проблемадан қашып жоқ болып кеткім келді... Көзімде жас, қолымда кішкентай балам... Балапаным, ботам папаңды кешірші, папаң нағыз жаман адам, мен саған жақсы тәрбие бере алмаймын. Сен енді әкеңді бұдан кейін мүлде көрмейсің, сен маған қатты ренжіме ия, мені кешірші кешірші, — дегенде балам жылап кетті. Жұбатамын деп әлдилеп отырып ұйықтап кетіппін...Барлығынан айырылдым. Әке шешемнің үйіне бардым.
Әке. Балам алатын кредитті алып бердім,жұрттың бәріне қарыз қарабет болып біттік.Болды саған бізден ешқандай көмек жоқ , әке-шеше дегенді мүлде ұмыт, өзіңнің проблемаңды өзің шеш балам,істедіңбе енді мойныңмен көтер!
Мақсат. Барар жерім қалмады. Көше кезіп кеттім, қарасам қуыста алқаш, бомждар ұйықтап жатыр. Бір мастың астындағы қорапты тартып алдым,мұздатқыштың қорабы үлкен ішіне кіріп жатсаң барлық жерің жабық. Сол қорап ішінде ұйықтадым. Таңертең қатты жаурағаннан оянып кеттім. Бір үйдің үстіне шықтым, төменге қарап тұрмын.Бір қадам жасасам болды, сонымен барлығы бітті. Мен өлем,менімен бірге қарыздарда проблемаларда бітеді... Бірақ өмірімді өз қолыммен қия алмадым. Осы сәттен бастап санамда өзгеріс басталды. Міне өмірім жалғасып келеді, ақырын ақырын жағдайым жақсарып қалды. Психологдар жақсы көмектесті, бұл есірткіге, ішімдікке тәуелділік сияқты психикалық ауру екенін түсіндірді,бұл да тәуелділік. Қазір әйеліммен ара қатынас жақсы болып қалды. Ертең екінші рет үйленуге ұсыныс жасасамба деп ойлап жүрмін. Балам да өсіп қалды. Бес жылдай болды ставкаға жоламағаныма, ертең көлік алуға барамын, шүкір бақытты өмір сүріп жатырмын. Мен тәуелсізбін!!!
Мақсат кетеді екінші кейіпкер шығады.
Кейіпкерлер:
Еркін
Анасы
Бұзық балалар
Еркін. Менің есімім Еркін. Мен компьютерлік ойындарға яғни вертуалды әлемге тәуелдімін. Мен бала кезімнен өзгеше болдым. Туғаннан бір аяғым екінші аяғымнан ұзынырақ болды. Сондықтан сылтып басатынмын. Менімен ешкім дос болғысы келмеді. Олар мені үнемі мазақтап ақсақ деп күлкіге айналдыратын. Мектепке барғым келмейтін. Өйткені балалар күтіп тұратын. Итеріп жібереді, қоршап алады, күледі. Бір күні жігіттер тағы келді. Мен қашпадым. Қаша алмаймында.
Бұзық бала. Қалайсың Еркін. Ақсақ құлан амандасу қайда? Ақша алып келдіңбе?
Еркін. Жоқ.
Бұзық бала. Қане секірші. Еее тиындардың дыбысы шығып жатырғой,әкеле ғой ақшаларыңды тамақ ішейік.
Еркін. Оны маған мама обетте тамаққа деп берген!
Бұзық бала. Тамақты не істейсің ішпейақ қой бәрібір аяғың өспейді. Мынау менің күртешемғой шаң болады шеш. Неге менің күртешемді киіп алған.
Аяғынан теуіп құлатады,үстіндегі күртешесін шешіп алмақшы болады,шешпейді тағы ұрады.
Еркін. Бұл әлемнің қатігездігі ұнамады. Басқа әлемге кетіп қалғым келді. Сосын виртуалды әлем, компьютер ойындарын ойнай бастадым. Ол әлем мені қабылдады. Ол жақта ешкім сені ренжітпейді,бір күні батырсың, бір күні қаһарман. Басты кейіпкер сенсің. Онда мен ақсақ емеспін, денім сау мықтымын. Мені ешкім ұрмайды,ешкім мазақтамайды. Ол әлемде менің күшім бар, мақсатым бар. Шынайы өмір жалған сияқты болды,ал ойын вертуалды әлем — шындық. Осылай жылдар өтті… күн, түн — бәрі бір экранға сіңіп кетті. Жылдар бойы экран алдында телміріп отырдым. Анамнан өте көп ұрыс естіп жүрдім. Бір күні анам шыдамады. Компьютердің сымын жұлып алды.
Ана. Еркін бұлай жалғаса беруге болмайды,сен мектепке барудан қалдың. Мектепті қойшы сен бізбен сөйлесуден қалдыңғой. Саған неше рет айттым,ескерттім енді компьютерді мүлде ойнамайсың.
Еркін. Мама шнурды беріңіз,әйтпесе жаман болады. Тез арада беріңіз.
Ана. Жоқ, Еркін, мен енді шыдай алмаймын.
Еркін. Мен де шыдай алмаймын. (Анасының қолындағы шнурды арпалысып жатып алып алады. Сол шнурмен анасын қылқындыра бастайды,біраз қылқындырады, анасы жансыз жатып қалады.)
Сол сәтте мен өзімді танымай қалдым. Мен не істегенімді бірден түсінбедім. Шнурды алып компьютерді жалма жан қосып ойынымды ойнай бастадым. Компьютер қосылды. Содан кейін барып менің санама анамды өлтіріп қойғаным жетті. Мама мен не істеп қойдым, мама...
Анасын тірілтпек әрекеттер жасай бастайды, анасында жан жоқ. Шарасыз отырып қалғанда анасы қимылдай бастайды.
Тірілді... анашым тірі, кешірші мама мен енді мүлде ойнамаймын. Мен сенімен болам,ойнамаймын, мен сабақ оқимын,енді тек сіздің айтқаныңызбен жүрем...
Анасы баяу қимылмен тұрып, Еркіннің маңдайынан сүйіп шығып кетеді.
Осы сәт мені оятты. Мен өзімнен қатты шошыдым. Содан кейін көмек сұрадым. Психологқа бардым. Спортпен шұғылдандым. Алғашқыда қиын болды. Бастысы тірімін. Және өзгеруге болады екен. Қазір мен оқуға түстім. Достарым да бар. Менде қазір бәрі жақсы. Ең бастысы өзіңнің тәуелді екеніңді мойындау екен. Мен тәуелсізбін!!!
Еркін кетеді келесі кейіпкер келеді.
Кейіпкерлер:
Назар
Әкесі
Назар. Менің есімім Назар. Мен қалай айтсам екен... жеңіл жүрісті қызбын. Яғни жеңіл ақшаға тәуелді болдым. Мен денемді емес, мен өзіме жетпеген назарды саттым. Мен кіші кезімнен өзімді жоқ сезінетінмін, сол кезден бастап өзімді сезбеуді үйрендім. Сезім жоқ жерде ұятта, қорқынышта жоқ екен. Бұл компенсаторлық мінез құлық.Ішкі жетіспегенді жалған жақындықпен толтыру әрекеті. Мен бай отбасында өстім. Үлкен үй. Биік төбе. Қымбат жиһаз. Бірақ сол үйде мені ешкім байқамады. Анам үнемі бос емес. Әкем де. Мен оларды жақсы көрдім. Ал олар мені… байқамады. Бала кезде ең қатты қалайтыным ата анамның көңіл бөлгені. Маған бір сәт,бір минут уақытын бөлсе деп армандадым. Үйде қызметкерлер, жүргізуші. Ақша кең сарай үй бәрі бар,тек махаббат жоқ. Қалың қалай қызым деген сөзді мүлдем естімедім. Ата-анамнан ешқандай сөз естімедім.
Әке-шешем тек маған емес,бір біріне өте суық еді. Ақыры ажырасты. Мен екіге бөлінген үйдің ортасында қалдым. Біреуіне керек емеспін, екіншісіне — ыңғайсыз естелік сияқтымын. Кішкентай кезімде әкемнің үйіне бардым. Бір бөлменің есігі жартылай ашық тұрды. Барып қарасам әкем бір жас қызбен екеуіде жалаңаш жабысып бір әрекеттер жасап жатыр. Мен кішкентаймын. Санам әлі қалыптаспаған. Мен түсінбедім. Бірақ көргенім санама қатып қалды. Мен өстім. Сырттай бәрі жақсы сияқты. Әдемімім. Жас. Еркінмін. Бірақ ішімде баяғы бос орын қалды. Ол ешқашан толмады. Ата-анам әлі де алыс еді. Ақшасы бар. Уақыты жоқ.
Сосын мені бір жер байқады. Телефон экраны ар жағындағы адамдар. Әлеуметтік желі. Жартылай жалаңаш сүреттерім. Лайк. Комментарий.
Қаралымдар. Маған жетіспеген көңіл, назар. Сол кезде мен өзімді бар сезіндім.
Назар — махаббат сияқты көрінді. Бірақ ол жалған еді. Мен оны кеш түсіндім.
Бір күні әкем сотталды. Ақша жоғалды. Мен оқуды дұрыс оқымадым, мамандығым жоқ еді. Қолымнан келетін ешнәрсе жоқ. Ақшасыз жалғыз қалдым. Анамның қайда екенін білмеймінде. Өте қатты қиналдым. Не істерімді білмей интернеттен жұмыс іздедім «массаж, өзіміз үйретеміз, қомақты оңай ақша табасың» дегенге кірдім. Бардым. Ол жай ғана массаж емес екенін кейін түсіндім. Кетіп қалдым. Бірақ келесі күні қайта бардым. Солай жеңіл жұмысқа кірістім. Онымен қатар сол жердегі қыздар онлайн яғни ғаламтор арқылы өзіңнің тәніңді видеоға сатуды үйретті. Жаман емес ақша таптым. Ер кісілердің назарына әбден қанық болдым. Өзімді жоғалта бастағанымды сол кезде сезбедім.Бір күні тері ауруына шалдықтым. Жұмыс жасай алмай қалдым. Бар тапқаным емге кетті. Осындай ауруға үшінші рет шалдыққанда «тоқтамасаң, бәрін жоғалтасың» деді дәрігер. Қорықсамда ақша біткен сайын қайта бардым. Осылай жылдар өтті. Бір күні салондамын. Қыздар айтты клиент келді қарсы ал. Есік ашылды. Әкем кіріп келе жатыр.
Әке ұзақ уақыт бойы үнсіз қалады.
Ол ештеңе айтпады. Мен де. Сол үнсіздік балалық шағымдағы барлық айқайдан қатты болды.
Әке кетеді.
Сол күннен кейін мен тоқтадым. Мен өзімді құтқардым. Қазір мен сатушымын. Тапқан ақшам аз болсада өмір сүруге жетеді. Қарапайым өмір. Қазір айнаға өзімді аямай қарай аламын. Өз көзімнен қашпаймын. Мен әлеуметтік желіні өшірдім. Жалған назарды емес,тыныштықты таңдадым. Мен тәуелсізбін!!!
Назар кетеді келесі кейіпкер келеді.
Кейіпкерлер:
Қайрат
Анасы
Дос — теріс ағым өкілі
Жары
Қайрат. Менің есімім Қайрат. Мен теріс ағымдағы дінге тәуелдімін. Яғни радикалды тұлғамын. Менде бала болдым… Бірақ еркін болмадым. Қайда барсам да – анамның көзі. Қайда бұрылсам да — анамның сөзі. Анамның назары өте қатты болды. Өзінің қалауынсыз бір қадам бастырмайтын. «Олай істеме! — Мынау дұрыс емес! — Мен сенен жақсы білемін! Сен туған мен!» деген сөздерді естіп өстім. «Мама, мен өзім жасап көргім келеді… қателессем де өзім…» — деп айтқым келетін. Бірақ аузымнан бір ауыз сөз шықпады. Достарымның арасында,мамасының баласы болып өстім. Мамасының баласы деп тиісетін. Оны біліп қойса мамамнан таяқ жейтін. Үстіме шаң жуытпай өсірді. Осылайша, жылдар өтті. Ер жеттім. Мен өстім… Бірақ шешім қабылдауды үйренбедім. Оқуды анам таңдады. Көлікті анам алды. Жұмысты анам тапты. Тіпті… жарымды да анам таңдады.
Жары (сыбырлап). Қайрат, біз өзіміз шешпейміз бе ештеңені?
Қайрат. Анам енді бізден артық біледіғой?..
Анасы. Келін, сен олай істеме! Мынаны былай істе!
Жары. Қайрат бұл біздің отбасымыз ғой…
Анасы. Келін балама жабыса бермей жүр дүкенге барамыз.
Жары. Қайрат анаңнан бөлек шығайықшы.
Қайрат. Екі оттың ортасында қалдым. Анам – өткенім. Әйелім — бүгінім. Ал менің өзім… Мен қайдамын?
Дос. Бауыр, сен дұрыс жолда емессің.
Қайрат. Неге?
Дос. Анаңның сөзі — харам. Істері де харам. Ол сенің өміріңе араласа алмайды. Ол сені туды болды. Әйеліңді қадағала. Өзің тек құлшылықта бол. Әйелің орандыр. Оранбаса талақ бер, төсекте қосылма, тамағын ішпей қой.
Қайрат. Осылай анамның айтқананан әбден шарашаған мен. Жаңа достарымның сөзін сөйлей бастадым. Анамда әйелімде басында тыңдамайтын, кейін менің айтқаныма ақыры көндірдім. Бұл маған өте ұнады. Сол жаңа достарыммен уақыт көп өткізе бастадым,солардан білім алдым …Менің жанымды тек сол достарым түсінді. Мен өзгере бастадым. Анам — дұшпан сияқты. Әйелім — бөтен. Өмір — тек «достарым яғни бауырларым айтқандай».
Дос. Бұл біздің жол — шынайы жол. Жұмақтық болудың ең жақсы жолын айтайынба? Ол шейіт болу. Мұсылман бауырларың үшін соғысу, оларды қорғау. Біз ұстаздардың тапсырмасымен шет ел асып барамыз. Сен де жүр. Сонда сен нағыз еркек боласың. Жұмақтық еркек боласың.
Қайрат. Сол кездері қызым дүниеге келді. Бірақ мен әке болуды емес, «діндегі бауырларды» таңдадым. Отбасымды алып соғысқа аттандым. Анаммен байланысты мүлде үздім.
Дос. Әйелің саған лайық емес. Біз ажыратамыз.
Қайрат. Не?.. Қалай?
Дос. Тура жолда жүрген бір бауырың бар. Әйелімен бір айдай жүрді. Оныда осы жолмен ажырастырып басқа бауырмен қосқанбыз,б іраз уақыттан соң ол соғыста батырлығын көрсетті. Оған сыйлық ретінде сенің әйеліңді қосамыз. Сен де шаршаған шығарсың бір әйелден. Жақын уақытта соғыста ерлік танытсаң оданда сұлуын алып береміз.
Пышақ шығарып қорқытқандай болады.
Қайрат. Тура жолда, бауырым үшін болса келісемін,басқасымен қосылуғада қарсы емеспін. Ал қызым өзімде қалама?
Дос. Әйеліңмен бірге қызыңдыда бересің,оны өзіміз тәрбиелеп өсіреміз, бізге қызмет жасайды. (Пауза.) Неге ойланып қалдың. Бұл — сынақ. Ойлан бауырым ертең келемін.
Досы кетеді. Үнсіздік.
Қайрат. Жетер!!! Бұл дін емес! Бұл — қылмыс! Мен қаштым.Қорыққанымнан емес. Кеш болса да… Адам болып қалу үшін. Елге келсем анам қайтыс болыпты. (Жылап.) Мама?.. Мені күтіп, қайғыдан қан жұтып жүріп кетіпті, мама… Сен мені тұншықтырдың. Ал мен өзіме ие бола алмадым. Енді кеш. Бірақ қызым үшін… Өзім үшін өмір сүремін. Еркіндікті — ақылмен, Дінді — біліммен, Өмірді — өз таңдауыммен сүретін боламын. Қазір әйелім қасымда, қызымда өсіп қалды, олар сіздердің араларыңызда отыр. Тұрып көрермендерге көрініп қойсаңдар болады. (Көрермен арасынан мектеп жасындағы қыз бен әйел тұрып қол бұлғайды.) Қызым, жан-жарым сол кездегі қателіктерім үшін кешірім сұраймын. Мен қәзір тәуелсізбін!!!
Қайрат кетеді. Келесі кейіпкер келеді.
Кейіпкерлер:
Сұлу
Дәрігер
Әже
Сұлу. Менің есімім Сұлу. Мен де тәуелдімін. Мен тамаққа тәуелдімін. Мен аш емеспін. Бірақ қолым тағы да тамаққа ұмтылады да тұрады. Қызық… қарным емес, жаным аш сияқты. Кейде ойлаймын: мен тамақты емес, сол тамақтың ішіндегі бір нәрсені жеймін бе деп… жылылықты ма, назарды ма, әлде балалық шағымдыма?.. Мен кішкентай едім. Қалада тұрдық әке шешемде жұмыс жоқ кедейшілік. Тоқсаныншы жылғы тоқыраудан кейінгі уақыт. Сенесізбе кейбір күні жейтін тамақ болмай қалатын. Пияз, ұн қуырып жейтінбіз. Ата-анам жұмыс жасаймыз деп шет елге кетті. Мені ауылға әжеме тастап кетті. Ата анамның «аз уақытта келеміз» дегені көп жылдарға созылды. Әжем қарады. Жақсы көрді. Менен еш нәрсені аямады, тіпті артық беретін. Бірақ маған ата ананың жылулығы жетпеді. Әжем бірдеңе алып келсе, мен тойсам да жейтінмін. Себебі кішкентай күнімде көрген аштық. Ертең болмай қалса ше деген баланың ойы.
Әже. Қызым саған қаймақпен жаңа піскен табанан алып келдім, жейғой.
Сұлу. Тойып жеп аламын. Жемеймін, әже тойдым болды... әже, кейін жоқ боп қалмайма, нан мен қаймақ бітіп қалмайма? Тағыда жейінші.
Әже. Қазір әкеліп беремін, жей ғой алтыным.
Сұлу. Сол «кейін жоқ болып қалар» деген ой менің ішімде қалып қойды. Қандайда бір стреске ұшыраған жағдай болса, тек тамақ жеп тынышталамын. Жыласам — жеймін. Қорықсам — жеймін. Біреу дауыс көтерсе — жеймін. Тамақ менің тыныштандырғышым болды. Кейін ол… проблемаға айналды.
Дәрігер. Сіз көп жейсіз.
Сұлу. Мен көп уайымдаймын.
Дәрігер. Мына анализ қорытындыларын қараңызшы, жағдайыңыз мүшкіл. Егер тоқтап өзіңізді қолға алмасаңыз мына ауруларыңыз асқынып қиын болады.
Сұлу. Дәрігер мен түсінемін, мен талай өзімді қолға алып көрдім. Бірақ болмайды. Қазір қараңызшы… Әлеуметтік желіні ашсаң сұлулар. Бәрі шетінен әдемі, оларды көріп стрес тамақ жеймін. Толам айнаға қараймын стресс тамақ жеймін. Желіге суретімді өңдеп өзгертіп саламын. Ол жасандылық екенін түсінем стресс. Автобусқа отырам қысылам стресс. Жүремін ентігіп қалам стресс. Дұрыс тамақтанайын деймін. Дүкенге кірсең — қант. Барлығы қант. Фастфуд. Тез, арзан, дәмді… бірақ жанға емес. Денеге де емес. Бізді тойдырмайтын тағам көбейді. Тек тәуелді етеді. Мен семірдім. Айнадан қаштым. Өзімнен ұялдым. «Неге өзіңді ұстай алмайсың?» деп өзімді жек көрдім.
Дәрігер. Сізге маған емес басқа дәрігерге бару керек екен.
Сұлу. Бір күні салмағым екі жүзге жақындады. Өмірден мүлде күдер үздім. Тек үйде тамақ жеп жата бердім. Солай емханадан бірақ шықтым. Өлім аузында қалдым. Емханада жаным өте қатты қиналды. Қимылдамағаннан артық салмақтан аяғым жансызданып. Бұлшық ет, терісі зақымданып кесуге дейін апарып тастаппын. Яғни ампутация. Дәрігерлердің арқасында аяғымда, өмірімде аман қалды. Осы ең төменгі хәлге жеткеннен кейін ғана өзімнің жағдайымды өзім жөндемесем ешкім көмек бере алмайтынын түсіндім. Мен әлсіз емеспін. Мен — аш қалған баламын. Қазір мен тәуелділіктен арылып келемін. Баяу. Ауыр. Бірақ шынайы. Мен тамақты жау емес, құрал ретінде көре бастадым. Мен енді аштықты тамақпен емес, сөзбен, тыныспен, спортпен, өзіме деген мейіріммен басамын. Мен әлі жолдамын. Бірақ бұл жол — менікі.Тәуелсіз жол. Мен енді өзімді жек көрмеймін. Қазіргі образымды қабылдаймын. Мені тура осы күйінде қабылдайтын жандарда бар екен. Бір айдан кейін ұзату тойым болады, бәріңізді шақырамын! Мен тәуелсізбін. Мен тәуелсізбін!
Кетеді, келесі кейіпкер келеді.
Кейіпкерлер:
Дарын
Анасы
Әкесі
Қыз
Дос
Дарын. Менің есімім Дарын. Менде тәуелдімін, нашақормын. Мен кіші кезімнен жаман бала болған жоқпын. Ата-анаммен достарыммен жақсы қарым қатынаста болдым. Шынымен. Сабақты жақсы оқыдым. Үлгілі оқушы. Ата-анам мені мақтан тұтатын. Достарым көп болды… Тек бір ғана нәрсе жетіспеді. Сіздерге күлкілі шығар. Ол қыздармен сөйлесу. Қыздың алдында тілім байланады. Жүрегім дүрсілдейді. Ақылды сөздер басымда толып тұрады, бірақ сөйлегенде — үнсіздік, немесе не болса соны айтып қуып кетем. Осылай мектеп бітірдім. Жоғарғы оқу орнына түстім. Достарым кейде, «сен өзі қыздарды ұнатасыңба» деп әзілдейтін де! Университет қабырғасында да қыздармен жолым болмады. Осылай бірінші курс бітті. Бір досым болатын барлық қыздар сонымен сөйлесетін. Оның сыры не деп сұрадым. Әзілдеп дұрыс айтпайтын. Бір күні екінші курс ортасында клубқа бардық.
Досы. Әй, сен неге үнемі қыздардан қашасың? Анау қыз саған қарап тұр барсай!
Дарын. Жоқ… мен… қазір емес.
Досы. Батыл болу керек. (Досы қалтасынан бір зат шығарады.) Мынаны иіскеп көр. Қорықпа. Бір рет қана.
Дарын (көрерменге). Сол сәт… Сол бір иіскеу… Менің өмірімді екіге бөлді. Сол заттан кейін бірден жеңілдік сезінді. Тілім шешілді. Көзім тіке қарай бастады.
Қыз. Сәлем.
Дарын. Сәлем. Менің есімім Дарын. Сіздің есіміңіз кім?
Қыз. Есімім Талшын.
Дарын. Өте қуаныштымын.
Қыз. Менде, мына жерде дауыс естілмейді екен, мүмкін тыныш жерге барып таныстығымызды жалғасытырамыз.
Дарын. Әрине, қасымызда кофехана бар жүріңіз! (Көрерменге, сыбырлап.) Менбе сөйлеп тұрған. Мен емес… бірақ мен сияқты. Сол заттың көмегімен менің сол таныстығым тамаша өтті. Кейін… Сол дәрісіз сөйлесе алмай қалдым. «Соңғы рет» дедім. «Тек бүгін» дедім. Бірақ ол күндер көбейе берді. Доза өсті. Мақсат армандарым кішірейді. Нашақорлардың қалай құрдымға кететінін, қалай болатынын кинодан әңгәмелерден естіген шығарсыздар,тура солай болды. Қызбен танысамын деп қабылдаған зат, нашақордың өмірімен таныстырды. Соңында қызда жайында қалды. Таңертең оянғанда ойлайтыным тек бір доза. Сол дозаны тапсам болды,қалғаны қызық емес. Сабақты да қойдым. Күнде дозаға ақша керек болды. Қасымдағы жолдастарымнан ұрлық жасадым. Көп ұзамай ұрлықтарым ашылып оқудан шығарды. Оқудан шығып қалғанымды ата анам білмеді де.
Анасы. Балам, бәрі дұрыс па?
Дарын. Иә… бәрі жақсы.
Анасы. Балам көзің шүңірейіп, өзгеріп кетіпсің, ауырып қалмадыңба?
Дарын. Ой, жақсы бәрі.
Анасы. Бізге хабарласуды да қойдың? Соны уайымдап келіп тұрмын
Дарын. Сол хабарласа салсаң жететін едіғой, неге келіп алғансың?
Анасы. Мен хабарластым, күнде хабарластым, балам өзім жауап бермедің.
Дарын. Ой сізде бір, қолым бос емес, үйде кісілер бар, ауылға қайтыңыз бар!
Жұмыс іздедім. Жарнамадан «жеңіл ақша». Курьер керек деді. Әрине, есірткі тарату. Бірінші күн. Бірінші рейс... Ұсталдым. Әкем жасағанын мойнымен көтерсін деп, әдейі көмектеспей қойды. Әкеме өкпем қара қазандай болды. Анашым әкемнің сөзінен аттап өте алмай. Уайымнан анам өмірден өтіп кетті. Әкеме өте қатты ренжідім. Анамның өлімі, түрмеге түскенім барлығына әкемді кінәләдім. Темір тор. Түрмеде сегіз жыл. Сегіз жыл ойландым. Сегіз жыл өзіммен сөйлестім. Сол жерде… мен алғаш рет нашасыз адам болуды үйрендім. Мұның барлығына әкем емес өзім кінәлі екенім түйсігіме жетті. Өзімді кінәләдім. Жазамды өтедім, бостандыққа шықтым. Ең бірінші әкемнен кешірім сұрағым келді. Баратын жерім басар тауым болмады мені тек жалғыз қалған әкем ғана қабылдады. Мен сол кешірімді әлі сұраған жоқпын бүгін сұраймын деп шештім, менің әкем сііздердің араларыңызда отыр.
Дарын барып көрермен арсынан әкесін алып шығады. Әкесі аң таң бұлай сахнаға шығатынын күтпегендей.
Міне менің асқар тау әкем. Анам, әкемнің жан жары арғы дүниеге аттанғаннан кейін, мен түрмеде отырған сегіз жыл аралығында дименсияға ұшырап яғни жадынан айырылған. Әке сізден кешірім сұраймын, мына ақымақ балаңызды кешіріңізші! Менің түсінгенім санама жеткені әке тәуелділікке ұрыраған адам өзі ғана зардап шекпейді екен,оның жақындары оданда бетер зардап шегеді екен. Мен тек өзім қиналмай папау мен сендердіде қинап қойыппынғой. Мен бұны кеш түсіндім, егер осылай боларын білсем әке мен нашқорлыққа мүлде жоламайтын едімғой әкешім. Мені кешіріңізші. Әке қазір менде бәрі жақсы, жұмыс жасап жатырмын, үйленейін деп жүрген қызымда бар. Ертең келініңбен таныстырамын. Әке мен енді тәуелсізбін. Мен тәуелсізбін.
Әкесі құшақтайды,екеуі шығып кетеді, психолог Үміт келеді.
Үміт. Сіздер тыңдаған хикаялар осындай. Шынайы болған хикаялар. Маған адамдар «жаман әдеттерін» алып келеді. Ал мен олардың артынан бір ғана нәрсені көремін — ауырып тұрған жанды. Қазіргі заман — тәуелділіктер заманы. Біз бұрын аштықтан қорқатынбыз, қазір — жалғыздықтан. Адам неге тәуелді болады? Тамаққа. Телефонға. Әлеуметтік желіге. Алкогольге. Ойынға. Біреуге… Неге? Себебі тәуелділік — ләззаттан емес, бос орыннан туады. Бала кезінде назар жетпесе — ол өзін басқа жолмен жұбатуды үйренеді. Сөйлеспесе — экран сөйлейді. Құшақтамаса — тамақ жұбатады. Түсінбесе — заттар тыныштандырады. Бұл — адамның әлсіздігі емес. Бұл — тірі қалу тәсілі. Бірақ уақыт өте сол «көмекші» қожайынға айналады. Маған жиі сұрақ қояды: «Кім көмектеседі? Дәрі ме? Психолог па? Жақындар ма?» Мен айтамын: алғаш көмектесетін — адамның өзі. Өз проблемасын мойындаған сәттен бастап. Содан кейін ғана: тыңдай алатын адам, айыптамайтын орта, кәсіби көмек келеді. Ал шығу жолы бар ма? Әрине, бар. Бірақ ол «тез» емес. Шығу жолы — себепке қарау. «Мен неге бұған мұқтаж болдым?» деп сұрау. Аштықты емес, сол аштықтың артындағы сезімді тану. Өзіңді жек көруді тоқтату. Өзіңмен күреспей, өзіңе қамқор болуды үйрену. Тәуелділіктен шығу — бір күндік шешім емес. Бұл — ұзақ жол. Бірақ ол жолдың соңында еркіндік бар. Мен соған сенемін. Өйткені күнде соны көріп жүрмін.
Көрермендер арасынан бір көрермен қолын көтереді.
Көрермен. Кешіріңіз, Кешіріңіз!
Үміт. Ия, тыңдап тұрмын.
Көрермен. Мен де айтсам боладыма, сахнаға шықсам рұқсат па? Мен де тәуелдімін.
Үміт. Келіңіз, қуана қарсы аламыз, бүгінгі жиынның мақсаты осылардың алдын алу және сіздерге көмек көрсету келіңіз.
Көрермен сахнаға шығады.
Үміт. Ортаға тұрыңыз мархаббат!..
Көрермен. Рахмет. Енді кішкене қысылып тұрмын, ыңғайсыздау екен,неден бастасам болады... Менің есімім Жігер. Мен лудаманмын. Мектеп кезінен басталды. Маған бір қыз ұнайтын, әдеттегідей оны қарата алмадым,байдың баласымен қосылып кетті, соған ызаланып көп ақша тапқым келді. Ол ақшаны азарт ойындарынан іздедім. Ұттым ұтылдым, ұтқанымды қыздарға жұмсадым. Үнемі ақша керек болатын. Барлығына әдеттегідей қарызбын. Үйден бағалы заттарды ұрладым, дос, туыстарымнан ұрладым. Осылай университетті бітірдім. Жұмысқа тұрып, екі айдан кейін кассадағы бес миллион ақшаны ұрлап алып шықтым. Ол ақшаны мені түрмеге жаптырмау үшін әке шешем шырылдап жүріп кредит алып жапты. Үйді сатты. Мен үшін барынан айырылды. Әке шешеммен кореяға жұмысқа бардық. Ол жақтада ойнадым, әріптесіме қарыз болып онымен төбелес шығарып мәжбүрлі депортацияға ұшырап елге келдім. Әліде әке шешем Кореяда . Қартайсада он төрт сағаттық ауыр қара жұмыс жасауға мәжбүр. Қазір күндігіне көлікті жалға алып такси қызметін жасаймын, осы тақырып болған соң қызығып келгенмін осында, қазір сахнадамын, қызық... Мен де лудаманмын, шынымды айтсам көліктің астына түсіп өмірімді тоқтатқым келіп жүрген, менде өмір сүргім келеді... Осы уақытқа дейін мен өзімді бақылауда ұстап отырмын, менде ешқандай проблема жоқ деп ойлап келгенмін. Мен тәуелдімін. Менде тәуелсіз болғым келеді.
Үміт. Жарайсыз Жігер, сіз ерлік жасадыңыз,бұл алғашқы қадамыңыз, мойындадыңыз, сізде де тәуелсіз болыңыз. Осы қойылым біткеннен кейін маған жолығыңыз, сізге міндетті түрде көмектесемін.Орныңызға отыра беріңіз. Көрдіңіздер тәуелді жандар өте көп. Өзіңіз тәуелді болмасаңызда таныстарыңыздың ішінде бар...
Тағы бір шындық бар. Ем ешқашан сырттан басталмайды. Адамды ешкім күшпен емдей алмайды. Жақындары жыласа да, достары кетіп қалса да, дәрі дайын тұрса да — шешім адамның өзінен шықпаса, өзгеріс болмайды. Көп жағдайда маған адамдар өмірінің ең соңғы түбіне жеткенде ғана келеді. Бәрінен айырылғанда. Денсаулығы сыр бергенде. Ұят жеңгенде. Жалғыз қалған кезде. Сол кезде ғана айтады: «Менің проблемам бар екен» деп. Бірақ мен әрдайым бір нәрсеге өкінемін. Неге адам сол түбіне жетпей тұрып тоқтай алмады деп. Өйткені тәуелділікбірден айқайлап келмейді. Ол сыбырлап басталады. «Соңғы рет». «Басқалар да солай». «Мен бақылап тұрмын». Ал шын мәнінде,бақылау баяғыда қолдан шығып кеткен болады. Ең үлкен қадам — өз-өзіңе шындықты айту. «Мен тәуелдімін» деу. Бұл — әлсіздік емес. Бұл батылдық. Сол мойындаудан кейін ғана ем басталады. Дәрімен емес,сөйлесумен. Түсінумен. Жараны танумен. Түбіне жету міндет емес. Қирау — емнің шарты емес. Адам өзін жоғалтпай тұрып-ақ өзін сақтап қала алады.
Ертерек мойындау — ең тиімді ем. Өмір — қайта бастауға мүмкіндік беретін процесс. Ал шешім — әрқашан өз қолдарында. Осымен біздің «Тәуелсіз» топтық терапиямыз аяғына жетті. Барлықтарыңызға көп рахмет!
Шымылдық
Нұржігіт Мүсілім — актер және режиссер. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік комедия және драма театрында жұмыс істейді.