Дактиль
Ақмарал Айтбаева
Алматы жазушылар резиденциясының 2025 жылғы, яғни төртінші маусымы бүгінгі заманауи қазақ драматургтерінің ортақ шоғырына айналды. Оларды бір мақсатқа — отандық заманауи драматургияны дамыту, жаңа классиканы қалыптастыру және жазуды жалғастыруға шақырды. Бұл резиденция мен үшін тек уақытша мекен ғана емес, драматургиялық ойдың, күмән мен ізденістің ортақ алаңына айналды. Бір апталық шеберлік сағаттары күткенімнен де әлдеқайда пайдалы болды десем, артық айтқандық емес. Себебі аталмыш жоба мені дайын жауаптармен емес, нақты сұрақтармен, әрі сол сұрақтарға өз позициямды қалыптастыруға итермелеген тәжірибемен байытты.
Еліміздің әр аймағынан жиналған драматургтердің әрқайсысы резиденцияға өз тақырыбымен, өз ішкі толғанысымен және драматургиядағы жеке сұрақтарымен келді. Алайда, апта өте келе, сол жеке сұрақтардың барлығы ортақ мәселелерге келіп тірелетінін аңғардық. Бұл — бүгінгі театр процесінің, заманауи драматургияның басты түйткілдері еді. Біз жауапсыз сұрақтарды бір апта бойы әр түрлі алаңдарда талқыға салып, бірге тарқатуға тырыстық.
Шеберлік сағаттары барысында отандық және ТМД кеңістігіндегі театр саласында дәл қазір процессте, прогрессте жүрген тұлғалармен тікелей тәжірибе алмасу мүмкіндігі туды. Бұл кездесулер бізді абстрактілі теориядан гөрі нақты практикаға, нақты жағдайларға сүйене отырып ойлануға жетеледі. Жалпақ тілмен айтқанда, бүгінгі күні «трендтегі драматург» болу деген не, соны талқыладық. Бірақ уақыт өте келе «тренд» ұғымының өзінен гөрі, драматургтің тірі процеске қаншалықты араласа алатыны маңызды екенін түсіне бастадық.
Резиденция аясында көтерілген негізгі сұрақтардың бірі - бүгінгі қазақ театрлары заманауи драматургке шынымен мүдделі ме деген мәселе болды. Талқылау барысында мен бір нәрсені анық түсіндім. Театр заманауи драматургке мүдделі, бірақ одан қауіптенеді. Себебі заманауи мәтін — белгісіз аймақ. Ал театр институция ретінде тұрақтылықты, тексерілген формаларды қалайды. Бұл қайшылық - бүгінгі театр мен драматург арасындағы басты кернеу нүктесі секілді.
Осыдан келіп, классикалық репертуармен ғана шектеліп отырған театрларға заманауи драматургтердің дауысы қалай жетуі мүмкін деген сұрақ туындайды. Бұл жерде мәселе классиканы ығыстырып шығуда емес екенін түсіндік. Керісінше, заманауи драматург театрға бүгінгі көрерменнің тілін, бүгінгі адамның ішкі конфликтін алып келуі тиіс екені анықталды. Театрға қауіп төндіру емес, оны бүгінгі уақытпен сөйлестіру — драматургтің басты міндеті.
Сахнадағы жаңа әйел бейнесі туралы әңгімелер мен үшін ерекше маңызды болды. Себебі бұл тақырып — менің жаңа пьесамның өзегі. Біз бүгінгі қазақ сахнасында әйел бейнесі әлі де көбіне функция деңгейінде ұсынылатынын аңғардық. Яғни ол сахнада архитиптік негізде ғана ана, жар, құрбан, немесе символ ретінде қарастырылады. Ал заманауи драматургия әйелді тағдырдың объектісі ретінде ғана емес, шешім қабылдайтын, жауапкершілік арқалайтын, қателесуге құқы бар, тірі, шынайы адам ретінде көрсетуі тиіс деген пікірлер алға тартылды. Бұл түсінік менің драматург ретіндегі алдағы ізденістерімнің маңызды бағытына айналды. Себебі, мені әйел драматургтердің өздерін мәтінде репрезентациялауы тәжірибесі қызықтырады.
Тәуелсіз театрлардың тағдыры туралы талқылаулар да резиденцияның маңызды бөлігінің бірі болды. Мен үшін тәуелсіз театр — институционал театр бара алмайтын аймаққа батыл қадам жасайтын кеңістік ретінде көрінді. Егер мемлекеттік театрлар сақтық аймағы болса, тәуелсіз театрлар — эксперимент пен тәуекел алаңы. Дәл осы алаңда заманауи драматургияның ең тірі формалары пайда болатынын түсіндік.
Сондай-ақ, театр асханасынан тыс жүрген, жүйеден алшақ қалған қаламгерлердің бұл кеңістікке қалай кірісе алатыны да қызу талқыланды. Осы жерде мен үшін бір маңызды қорытынды айқындалды. Ол — бүгінгі драматургке тек жақсы жазу жеткіліксіз. Ол өз мәтінінің менеджері, продюсері, кейде қорғаушысы болуға мәжбүр. Бұл — романтикалық қиялдан гөрі нақты әрекетті талап ететін шындық.
Театр саласындағы әрекетшіл, әртүрлі мамандардың тәжірибелерімен бөлісуі драматургтерге жазылған мәтіннің тек үстел үстінде қалып қоймауы үшін не істеу керектігін көрсетті. Бұл кездесулер менің «драматург — тек жазушы» деген ішкі қағидамды қайта қарауыма себеп болды. Қорыта айтқанда, бүгінгі драматург — процесс қатысушысы!
Резиденцияның тағы бір маңызды қыры — қатысушы драматургтердің апта бойы ресми ғана емес, бейресми кеңістікте де бірге болуы еді. Біз бір-бірімізге рухани жақындап, ашық драматургия алаңын қалыптастыра алдық. Бұл таныстық — бүгін ғана емес, ертең де маңызын жоғалтпайтын, ескірмейтін байланыс екеніне сенемін.
Ал, америкалық автор Скот Брэдлидің семинарлары резиденцияның практикалық өзегіне айналды. Драматургиялық жаттығулар арқылы әр қатысушының жазу стилін, ойлау ерекшелігін, шеберлік деңгейін тануға мүмкіндік туды. Скот қатысушылар арасында шынайы синергия жасай алды. Ол сөйлеген жоқ, сөйлетті. Оқытқан жоқ, жаздырды. Бұл тәсіл драматург үшін ең тиімді әдіс екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Резиденция аясындағы әрбір кездесу заманауи драматургияның бүгінгі бағытын аңғаруға ғана емес, келесі қадамды саналы түрде ойластыруға жетеледі. Біз тек бүгінгі жағдайды емес, ертеңгі театр мен драматургияның мүмкін бағыттарын да ой елегінен өткіздік.
Мен бұл жобаны Қазақстандағы драматургия саласындағы менеджменттің нақты бір үлгісі деп айта аламын. Ол менің ішкі қатқан қағидаларымды жібітіп, қалай жұмыс істейтін, қалай икемді, өміршең драматург болуға болатынын үйретті. AWR-2025 бізге дайын жауаптар берген жоқ, бірақ драматургтерді жауапкершілігі жоғары сұрақтармен бетпе-бет қалдырды.
Демек, Алматы Жазушылар Резиденциясы ұйымдастырып отырған бұл жоба нәтижелі, қажет әрі уақыт талабына сай екеніне көзім жетті. Осы жобаның бір мүшесі бола алғаныма шын мәнінде қуаныштымын. Себебі резиденция үлкен рухани әрі драматургиялық азық бере алды. Сондай-ақ, пікірлес авторлармен талқыланып, піскен пьесамның тууына себепші де болды.
Ақмарал Айтбаева — драматург, сценарист. 8 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Кинотеледраматургия» мамандығы бойынша жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың шеберханасында білім алып, өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін қорғады. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрады. Шығармашылық жолын 2018 жылы «Қазығұртфильм» киностудиясының ұйымдастыруымен өткен «Позитив» кинофестивалінде редакторлықтан бастағаннан бері БАҚ, медиа, театр және кино салаларында бірқатар қызметтер атқарып келеді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Әдебиет» бөлімінде, Oner.kz сайтында, «Отырар» телеарнасында және түрлі мәдени жобаларда еңбек етті. Қазіргі уақытта жергілікті балалар киностудиясында дербес сценарист. Сондай-ақ, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, «Өнер» кафедрасында педагогика саласына аяқ басты. Балалар мен жасөспірімдерге арналған елуден астам қысқаметражды жобаның, сондай-ақ «Балапан», «Астана» телеарналары үшін түсірілген бірнеше телехикаялардың авторы. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында сахналанған режиссер Н. Дубстың «Екеуміз» спектаклінің көркем аудармасын жасады. (Пьеса авторы — Олжас Жанайдаров. Түпнұсқада атауы — «Двое в кафе»).