Дактиль
Ольга Малышева
Пьеса «Драма.KZ» фестивалінде ұсынылды
Боди-комедия
Жасик — басқа жасөспірімдерден ерекше, оның жасы 29
Алма — оның әйелі, оның да жасы 29
Райса — оның анасы, сұп-сұлу, оның жасын білу маңызды емес
Моля мен Митя — Алма мен Жасиктің достары, бірге жүргендеріне он жылдай болды, бірақ әлі үйленген жоқ
Кактира — Алманың психологы, өз жасынан жас көрінеді
Фатима — балгер сияқты, Райсаның құрбысы, өз жасынан үлкен көрінеді
Серый — көрші, философ және араққұмар
Алма мен Жасиктің пәтері. Қарапайым, әдетте «вторичка» деп аталатын пәтер: жетпісінші жылдары салынған үй, бірінші қабат, терезелерінде темір торлар бар. Ас бөлме және тағы екі бөлме: біреуі — жатын бөлме, екіншісі — Жасиктің кабинеті. Барлығы заманауи жөндеуден өткен, техникасы жақсы, өте ыңғайлы әрі сүйкімді. Кабинетте Жасик креслода жартылай отырған, жартылай жатқан күйде компьютердің алдында. Құлағында құлаққап, ол әбден беріліп жұмыс істеп немесе ойнап отыр. Терезенің сыртында күн батып бара жатыр. Алма есікті өзінің кілтімен ашып, үйге кіреді.
Алма. Жас? Жас! Жа-а-а-ас! Бүгін далаға шықпадың ба? Жас?
Жасик. Ау?
Алма. Бүгін шықпадың ба?
Жасик. Сағат қанша болды?
Алма. Жеті жарым.
Жасик. Угу.
Алма. Кешкі ас іштің бе?
Жасик. Шықпағанымды қайдан білдің?
Алма. Есіктің жанында қоқыс тұр.
Жасик. Өзім шығара салмайсың ба?
Алма. Таңертең мені көлік күтіп тұрды, пакетпен қайда барамын?
Жасик. Шығарамын ғой.
Алма. Мен шығарып қойдым.
Жасик. Угу.
Алма. Азық-түлікке тапсырыс бердің бе?
Жасик. Угу.
Алма. Қашан әкеледі?
Жасик. Ә? Жоқ, үлгермедім.
Алма. Және кешкі ас ішпеген шығарсың?
Жасик. Пиццаға таспсырыс бердім.
Алма. Пиццаға үлгердің, ал азық-түлікке үлгермедің бе? Жас! Не деген адамсың, а?
Жасик. Угу.
Алма. Бір күні креслоға жабысып қаласың.
Жасик. Онда ыңғайлырақ болады.
Алма. Жұмыс сұхбатың қашан?
Жасик. Ертең.
Алма. Сенімдісің бе?
Жасик. Угу.
Алма. Офиске барып жұмыс істесеңші. Мына фрилансың түбіңе жетеді.
Жасик. Тоңазытқышта пицца бар, жей ғой.
Алма. З — забота.
Жасик. Мен негізі сен үшін мінсіз күйемін. Үйдемін, қыдырмаймын.
Алма. Қыдырсаң, жақсырақ болар еді.
Жасик. А?
Алма. Олай айтқым келмеген еді.
Алма терең күрсініп, ас бөлмеге кетеді. Тоңазытқышты ашып, тағы бір рет күрсінеді. Тоңазытқыштың есігін жауып, үстелге отырады да экраны төмен қаратып жатқан планшетті көтереді.
Жасиктің телефоны діріл шығарады. Ол экранға қарамай жауап береді.
Райса. Балам? Тыңдап тұрсың ба?
Жасик телефонның экранына қарайды.
Жасик. Мам, бұл видео.
Райса. Жасик? Әле!
Жасик. Телефонды құлағыңнан алшы, сен видеодасың.
Райса. Ой, рас па? Қателесіп басып жіберіппін.
Жасик. Сәлем, мам.
Райса. Сәлем, жаным, сәлем. Қалайсың? Денсаулық қалай? Алмуша қалай?
Жасик. Угу.
Райса. Ертең сендерге кіріп шығайын деп едім, мереке ғой. Торт алып барамын, манты да жасадым. Алмуша жақсы көреді ғой. Таңғы он шамасында барам, бола ма? Үйде боласыңдар ма?
Жасик. Боламыз.
Райса. Жақсы. Ал сыйлықты неге алдың? Ақшаң жетті ме? Қажет болса, мен көмектесемін.
Жасик. Бәрі дұрыс.
Райса. Не дұрыс? Тыңдап тұрсың ба? Олжас! Мамаға қарашы, қайда қарап отырсың? Әлде сол ойындарыңды ойнап отырсың ба?
Жасик. Угу.
Райса. Олжас!
Жасик. Не болды, мам?
Райса. Не болды дейсің бе? Ештеңе. Алмушаға айт, мен ертең құттықтауға келемін.
Жасик. Неге құттықтайсың?
Райса. Жарайды, өзім оған қоңырау шаламын..
Алма ас бөлмеде отырып, кеседен жаңғақ алып, кеміріп отыр. Планшет экранында Катира көрінеді, олар сөйлесіп жатыр.
Алма. Катя, ол тағы да өзінің сол ақымақ GTAда ойнап отыр. Мені мүлде тыңдамайды.
Катира. Есіңде ме, біз конструктивті диалог туралы сөйлескенбіз?
Алма. Есімде. Оның диалогы «угу», «дұрыс» және «көреміз» тұрады.
Катира. Онымен бірге ойнап көрдің бе?
Алма. Қуыспақ ойнауды ма?
Катира. GTA ойнауды.
Алма. Маған сол жетпей тұр. Жұмыста шаршамай, жылдық күнді ұйымдастырып, демалысты жоспарлап, мына қоқыстан құтылсам ғой.
Катира. Қандай қоқыс?
Алма. Ол күні бойы қоқысты шығарған жоқ! Тағы да ветчиналы пиццаға тапсырыс беріпті. Қанша рет айттым — ұнамайды деп. Пепперони алсын деп. Ана ананасты да қоса салмағанына шүкір.
Катира. Тыныш, сын айтпай көрші. Сендерге екеуіңе де жұмыс, демалыс және үй шаруасының арасында баланс керек.
Алма. Баланс тек менде бар. Бәріне міндеттімін. Ал оның жұмысы — фриланс, миссиясы — ойын.
Катира. Тоқта. Енді тыныстаймыз. Терең тыныс ал. Бір-екі-үш-төрт. Ұстап тұрамыз. Бір-екі-үш-төрт-бес-алты-жеті. Жарайсың. Енді шығарамыз. Бір-екі-үш-төрт-бес-алты-жеті-сегіз. Дәл осылай. Шайға үрлеп отырғандай. Өте жақсы. Тағы бір рет. Тыныс ал.
Жасиктің кабинет жағынан күрсіл мен айқай естіледі: «Нoly shit!»
Алма. Катя, бірдеңе болды. Кейін хабарласамын.
Алма кабинетке кіреді. Жасик жерде отырып, ойынды жалғастырып жатыр. Қасында аударылған кресло жатыр, оның тіректері сынған.
Капец.
Жасик. Ау? Тамақ жедің бе?
Алма. Креслоға не болған?
Жасик. Ескі ғой.
Алма. Өзің амансың ба?
Жасик. Ә? Иә, бәрі дұрыс. Бірдеңе бұзылып қалыпты. Түзету керек. Кейін қараймын.
Алма. Бұл сен салмақ қосқаннан шығар?
Жасик. Иә, салмақ қосып алдым.
Алма. Менімен бірге йогаға барасың ба?
Жасик. Маған дінім рұқсат бермейді.
Алма. Сенің пофигизмің рұқсат бермейді.
Жасик. Онда тек тәтешкалар болады.
Алма. Райса да менімен бірге барады. Сен оны тәтешка деп тұрсың ба? Барлығын айтып беремін оған.
Жасик. А, дұрыс, мама телефон шалды ғой. Саған бірдеңе айтуымды сұрады.
Алма. Не?
Жасик. Не?
Алма. Не айтуымды сұрады?
Жасик. Кім?
Алма. Сен шаршаттың. Ертең қандай күн екенін білесің бе?
Жасик. Угу.
Алма. Не «угу»?
Жасик. Бейсенбі.
Алма. Болды ма?
Жасик. Көреміз.
Алма жылайтындай болып көрінеді. Бірақ кенеттен күліп жібереді. Күлкісі тез тоқтап, ол қатты әрі қысқа айқайлайды: «А-а-а-а-а»! Жасик шошып, артына бұрылады.
Жасик. Саған не болды?
Алма. Саған не болды?
Жасик. Мен бірдеңені дұрыс істемедім бе?
Алма. Бар мәселе — сен мүлде ештеңе істемейсің. Ештеңе! Жас, бұл мүмкін емес қой. Ананы «кейін», мынаны «кейін». Жылдамдау болшы! Өмір өтіп жатыр!
Жасик үндемейді. Алма оның иығынан ұстап, сілкілеп жібереді, оны оятқысы келгендей.
Сен! Үнсіз қалма! Сен! Сен... Сен... Ит... Ит... Иттің баласысың! Сен итбалықсың! Міне, сен кімсің — итбалық!
Жасик. Ренжітті.
Алма. Не?
Жасик. Жо-жоқ, ештеңе.
Алма. Енді мен шыдай алмаймын. Осында бола бер.
Жасик. Мен жастықты ғана аламын. Ертең сөйлесеміз, сабыр тапқанда. Жарайды?
Алма жатын бөлмеге барып, жастықты алып, кабинетке әкеліп, Жасикке лақтырады.
Алма. Ой, кете бер!
Жасик. Кеттім, кеттім. Түсіндім, кінә менде.
Алма. Тіпті дұрыс ұрсыса да алмайсың. Итбалық.
Жасик әлі кабинеттегі еденде отыр. Құлаққап арқылы бір дыбысты естиді. Құлаққапты шешеді, дыбыс қайталанады. Дыбыс өте жағымсыз, біреу тырнақтарымен әйнекті тырнап жатқандай. Жасик терезеге жақындап, пердені ашады. Ашық тұрған терезенің артында Серый тұр.
Жасик. Серый! Ақылдан алжып кеттің бе, қорқытқаның не?
Серый. Қорқыту емес. Сені ұзақтан бері көрген жоқпын.
Жасик. Миссиядан өтіп жүрдім.
Серый. Өттің бе?
Жасик. А.
Серый. Мен де бірдеңеден өткен едім. Сол кезде физика заңдары толық жойылғандай болды. Елестетші, сен таксистсің, алғаш рет рөлде отырсың, ал жүру керек — судың үстімен. Және бәрі айналаңда жанып жатыр. Сол миссияда жарты өмірімді қалдырдым деп ойладым. Галка менен кеткенде бұлай уайымдаған жоқпын. Ал Алма ше? Кетіп қалған жоқ па?
Жасик. Тфу-тфу! Қайда кетеді?
Серый. Мен кетер едім. Галка сияқты.
Жасик. Жақсы, сенімен үйленбегенім.
Серый. Рас айтасың. Тағы ұрсысып қалдыңдар ма?
Жасик. Қайдан білдің?
Серый. Құстар айтты.
Жасик. Түн болды, қандай құстар? Неге үйіңе қайтпайсың?
Серый. Түн — адамдар ұйықтап, күмәндар оянатын уақыт.
Жасик. Түсінікті. Қанша?
Серый. Бес жүз.
Жасик. Жетеді ме?
Серый. Маған аздап қосу керек.
Жасик үстелдегі тиын салынған банканы алып, шамамен үштен бірін алақанына төгеді, терезені толығымен ашады да, Серыйға тиындарды ұсынады.
Серый. Ал қалғаны?
Жасик. Сен бес жүз дедің ғой.
Серый. Осыған да рақмет. Жақсы жігітсің.
Жасик. Менің денсаулығым үшін ішіп қой. Және отбасылық бақыт үшін.
Серый. Саған мықты денсаулық тілеймін! Менің ащы демім сияқты.
Таңертең. Ұйқылы Жасик ас бөлмеге кіреді. Оның үстінде тек шорты ғана. Алма үстелге еңкейіп, планшетте бірдеңе қарап отыр. Ол киініп алған, қазір жұмысқа кетуге дайын, бірақ планшеттегі нәрсе оны соңғы сәтте тоқтатып тұр. Жасикке көзі түседі, бірақ қарамайды.
Алма. Кофе ішесің бе?
Жасик. Сен әлі ашуланғансың ба?
Алма. Ашулымын. Әрі қазір жұмысқа кешігейін деп тұрмын, он бірде жиналысым бар. Сұхбатың сағат қаншада?
Жасик. Сұхбат ше.
Алма. Душқа болса да кір.
Жасик. Онлайн ғой.
Алма. Мен онлайн емеспін.
Алма Жасикке жақындап, мойнынан иіскейді.
Алма. Фу.
Жасик қолтығын иіскейді, бүйірімен Алмаға бұрылады. Алма тоқтап, мұқият қарайды. Терезе сыртынан сиренаның дыбысы естіледі.
Алма. Не бәле мынау?!
Жасик. Хабарландыру жүйесін тексеру. Бейсенбі.
Алма. Бейсенбі. Жетінші. Басқа нәрсе айтқым келді!
Жасик. Не туралы?
Алма. Сен шынымен көрмейсің бе? Сезбей тұрсың ба?
Алма Жасиктің арқасынан пижама шортының шетіне дейін қолын жүргізіп, қолын қайта тартып алады. Жасик те арқасын ұстап, қолын тез тартады.
Жасик. Бұл не?
Алма. Мен сенен сұрап тұрмын!
Жасик. Құйрық сияқты.
Алма. Қойшы. Қандай кұйрық?
Жасик дәлізге барып, артқы жағын айнадан қарауға тырысады.
Жасик. Жұмсақ.
Алма. Қоянның құйрығындай.
Жасик. Немесе хомяктың.
Алма. Бұл бір пранк па?
Жасик. Бұл кұйрық!
АЛМА. Саған душқа күнде түсіп жүру керек дегенмін ғой. Фрилансыңмен азғындап кеттің.
ЖАСИК. Душтың не қатысы бар?
Сырттағы сиреналар тынады. Домофон шылдырлайды.
АЛМА. Енді кім келді?
ЖАСИК. А! Бұл мама. Міне не айтқаны есіме түсті.
АЛМА. Сенің мамаң ба?
ЖАСИК. Басқа кім болар еді? Сенің мамаң Павлодарда ғой.
АЛМА. Артыңды жапсаңшы.
ЖАСИК дәліздегі ілгіштен толстовка алып, түгелдей сыдырып киеді. АЛМА домофонның түймесін басып, есікті ашады. Есіктің артында РАЙСА тұр.
РАЙСА. Қайырлы таң, құлыным. Саған айтам деп едім, есіңнен шығып кеткен ғой, иә?
ЖАСИК. Есімнен шығып кетіпті, мама. Кешір. Қайырлы таң.
РАЙСА. Мен ұзаққа емес. Міне, манты әкелдім, асқабағын көбірек, пиязын азырақ қостым, сен ұнатқандай. Және «Наполеон». Құтты болсын, алтындарым.
ЖАСИК. Не...
РАЙСА ЖАСИКТІ шынтағымен бүйірден нұқиды.
АЛМА. Рақмет. Пах, қандай иіс. Мам, Сіз нағыз сиқыршысыз ғой.
РАЙСА. Сен сиқыршысың. Жасикті жақсы тәрбиелепсің. Үнемі жұмыс істеп жүр, жұмыс істеп жүр.
АЛМА. Жұмыс істейді?
ЖАСИК. Жұмыс істеймін, мама, жұмыс істеймін. Келгеніңе рақмет.
РАЙСА. Кофені дайындамадыңдар ма? Тортымызбен ішейік. Мен тез кетемін. Істерім көп. Ал сендер өздеріңнің істеріңмен айналысыңдар.
ЖАСИК РАЙСАҒА бет-әлпет көрсетеді.
РАЙСА. Болды, уақыты келді.
АЛМА. Кофе бар, жүріңіз.
РАЙСА. Бозарып кетіпсің. Ауырып қалған жоқсың ба? Кел, қарашы маңдайыңды.
РАЙСА ЖАСИКТІҢ маңдайынан сүйеді. Оның құйрығы толстовканың астынан қимылдай бастайды. Мұны көрген АЛМА оны денесімен жауып қалғысы келеді.
ЖАСИК. Мам, болды ғой.
АЛМА. Ауыра қоймаған. Бәрі жақсы. Біз жыл сайын тұмауға қарсы екпе аламыз.
РАЙСА. Өте дұрыс. Маған да алу керек.
ЖАСИК. Мүмкін, бұл екпенің әсері шығар?
РАЙСА. Қандай әсер?
АЛМА ЖАСИКТІ шынтағымен бүйірден нұқиды.
ЖАСИК. Міне, басталды.
АЛМА кішкентай кеселерге кофе құяды, тортты кесіп, үстелге қояды. Бәрі отырады, үнсіздік ыңғайсыз бола бастайды. РАЙСА кесені қарайды.
РАЙСА. Жаңа ма? Қандай әдемі кеселер. Алмуша, сенің талғамың керемет қой. Жасиктің бағы бар.
ЖАСИК торт жеп отыр.
ЖАСИК. Дәмді екен. Өзің пісірдің бе?
РАЙСА. Жоға. Сатып алдым. Қаласаң, кондитерлік дүкеннің инстаграмын жіберейін. Олардан бірде медовик алдық, Фатима тәте екеуміз шайға тамаша болды.
АЛМА. Фатима тәте қалай?
РАЙСА. Қайратты, тауға шығып жүр. Тағы шөптер жинапты.
АЛМА. Ритуал жасау үшін бе?
РАЙСА. Күлесің, ал ол өте мықты. Оған тіпті облыстан арнайы келеді. Бір жері ауырса немесе түсініксіз нәрсе болса. Қарашы, мен кезектен тыс жіберемін.
АЛМА. Рақмет, қажет емес.
РАЙСА. Ойланып көр. Ол бәрін істей алады. Энергиялармен жұмыс істеу керек болса...
РАЙСА АЛМАҒА анық қарайды, ЖАСИККЕ көзін қысып.
ЖАСИК. Тағы бір тілім беріңізші.
РАЙСА. Салмақ қосқан сияқтысың. Абайла.
ЖАСИК. Мам, қойшы.
АЛМА. Мама бәрін дұрыс айтып отыр.
Хабарлама дыбысы естіледі. РАЙСА телефонын алып, экранға қарайды. Бірден орнынан тұрады.
РАЙСА. Әне, айтқанымдай. Фатя жазып жатыр, біз келістік, ал мен сендермен ұзақ отырып қалыппын. Кеттім. Жылдық мереке құтты болсын! Алмуша, мені шығарып салшы.
Әйелдер дәлізге шығады. Есіктің жанында РАЙСА АЛМАҒА сыбырлайды.
РАЙСА. Ойланып қалма, мен бәрін түсініп тұрмын. Ол әлі еш жерге жұмысқа тұрған жоқ, иә? Беті бозарып кеткен. Көзі астында көлеңке бар. Емдеу керек оны.
АЛМА. Мен ұсындым. Эндокринологқа да, психологқа да. Барғысы жоқ. Ол үлкен адам ғой, оны күштеп апара алмаймын.
РАЙСА. Қайдағы психолог. Фатя сондай шөптер береді – бәрі кетеді.
АЛМА. Рақмет, мам. Біз өзіміз. Дәстүрлі медицинасынсыз.
РАЙСА. Жақсы. Оны сілкілеп ал. Сендер маған әлі немере сыйлауларың керек.
РАЙСА АЛМАНЫ екі беттен сүйеді. АЛМА есікті жабады да, ас бөлмеге қайта кіреді.
ЖАСИК. Бейсенбі. Жетінші. Кешірші, ұмытып кетіппін. Ақымақпын, бейбақпын, идиотпын.
АЛМА. Мама сені уайымдайды.
ЖАСИК үстелден телефонын алып, экранды ашады, оқып, әңгіменің басын ұмытып кеткендей болады.
ЖАСИК. ChatGPT былай дейді: адамның құйрығы генетикалық мутациядан пайда болуы мүмкін.
АЛМА. Мен де уайымдаймын.
ЖАСИК. Мутация маған кеш. Имплант жасатпадым. Эмбрионалды хвост бұрын білінер еді. Екі-ақ вариант қалады – ісік және...
АЛМА. Жас...
ЖАСИК. Және фантастикалық сценарий.
АЛМА. Эндокринологқа барамыз ба? Жас? Тыңдап тұрсың ба?
ЖАСИК. Ау?
АЛМА. Кешке Моля мен Митя келеді ғой. Төрт жыл бәрібір, жылдық мереке. Ештеңе болмағандай кейіп танытайық, жарай ма?
***
АЛМА, ЖАСИК, МОЛЯ және МИТЯ ас бөлмеде, АЛМА мен ЖАСИКТІҢ пәтерінде Alias ойнап отыр. Бөлме тар, бірақ жайлы. МИТЯ МОЛЯҒА сөздерді түсіндіреді.
МИТЯ. Сен шоколадты жақсы көресің, ал мен ақ түстіні.
МОЛЯ. Балмұздақ!
МИТЯ. Дұрыс. Келесі. Жасанды интеллект ол жоқ бөлмені сала алмайды.
МОЛЯ. Піл!
МИТЯ. Дұрыс. Келесі.
ЖАСИК. Қызық. Расымен сала алмай ма?
МИТЯ. Демалыстан кейін қалтаң толы.
МОЛЯ. Тас?
АЛМА. Не?
МИТЯ. Жоқ.
МОЛЯ. Естелік?
МИТЯ. Жоқ. Күзде, ағаштардың астында.
МОЛЯ. Талшын!
МИТЯ. Иә! Соңғысы. М-м әлемді құтқарады.
МОЛЯ. Сұлулық!
АЛМА. Бәрекелді.
МОЛЯ. Бітті!
МОЛЯ сөздерді санайды.
МОЛЯ. Он. Ал сендер ше?
АЛМА. Екі.
МИТЯ. Бәрі әдемі бола алмайды, біреулер ақылды болуы керек.
МОЛЯ бокалын көтереді.
МОЛЯ. Сендер үшін! Тек жеңіске жете беріңіздер!
Бәрі бокалдарын соғады, ішеді. МОЛЯ ЖАСИККЕ қарайды.
МОЛЯ. Жас, саған бірдеңе өзгерген сияқты.
МИТЯ. Салмақ қосып алдың ба?
МОЛЯ. Жоқ, шын, саған жаңа нәрсе қосылғандай.
МИТЯ. Бетің дөңгеленіп қалыпты. Алмашка, сен оны қашан тамақтандырып үлгересің?
ЖАСИК. Аз ғана. Залға бару керек шығар.
АЛМА. Солай ма?
МОЛЯ. Дұрыс. Қыдыруға шық. Айтпақшы, бізде жаңалық! Митя маған күшіктен сыйлады.
МИТЯ. Саған емес, бізге. Енді бізде Конан бар. Конан-варвар.
МОЛЯ. Кексик!
МИТЯ. Жоқ.
АЛМА. Сендердің таңдауларың қызық екен.
МОЛЯ. Оны «к»-дан басталатын атпен атау керек.
ЖАСИК. Кьеркегор қойыңдар.
МИТЯ. Ол шпиц.
ЖАСИК. Онда Картоп.
АЛМА. Ал сендер оны жалғыз қалдырдыңдар ма? Әлі кішкентай ғой.
МОЛЯ. Ол өзінің ит күтушісінде.
ЖАСИК. Мәссаған.
МОЛЯ. Бізге заводчиктер барлық құжаттармен бірге байланыс ақпаратын берді.
МИТЯ. Иә, демалысқа кеткенде немесе басқа жағдайлар үшін. Маусымда Туниске баруды жоспарлап жүрміз. Сендер ше?
ЖАСИК. Көреміз.
Біраз үнсіздік.
МИТЯ. Төрт жыл болыпты, иә?
МОЛЯ. Ал сендер қашан ресми неке қиясыңдар?
МОЛЯ. Ол маңызды емес қой.
АЛМА. Ал не маңызды?
МОЛЯ. Өз ойың қалай?
МИТЯ. Жас, сен үшін не маңызды?
ЖАСИК. Маңыздысы – бұл...
МОЛЯ. Махаббат.
МИТЯ. Қолдау.
«Махаббат» пен «қолдау» сөздерін МОЛЯ мен МИТЯ қатар айтты. Және күліп жіберді. Өйткені бәрі олар бірдей жауап береді деп күтті.
МИТЯ. Кел, танымал адамдарды ойнайық. Соңғы айналым.
МОЛЯ. Иә, бізге жақында кету керек. Ит күтушіге тек онға дейін төленген.
МИТЯ. Бастайық. «Лобстер» фильміндегі басты рөл.
***
АЛМА мен ЖАСИК ас бөлмеде екеуі отыр. ЖАСИК телефонына қарап отыр, АЛМА бокалдарды жуып жатыр. МОЛЯ мен МИТЯ кетіп қалған.
АЛМА. Сұхбат қалай өтті?
ЖАСИК. Ертеңге ауыстырылды.
АЛМА. Түсінікті.
ЖАСИК. Мен сурет жүктедім. ChatGPT бұл итбалықтың құйрығы дейді. «Жүнді текстурасы мен құйрықтың пішіні жануардың ескекаяқтылар отбасына жататынын көрсетеді».
АЛМА қатты дем алады.
ЖАСИК. Итбалық дейді. Түсіндің бе, кеше мені итбалыққа ұқсайсың деп айтқан сен емес пе едің?
АЛМА. Енді сенің құйрығыңның өсуіне мені кінәламақсың ба?
ЖАСИК. Жоқ, бірақ сен айттың ғой.
АЛМА. Мен айттым, өйткені сен шын итбалық сияқты болдың. Сен итбалықсың – содан құйрық шықты. Менің еш қатысым жоқ.
ЖАСИК. Тыңдашы, мені адам деп айта аласың ба? Бәлкім, шығып қалар?
АЛМА. Не деген сандырақ бұл?
ЖАСИК. Бұл сандырақ емес.
Үнсіздік. Ұзақ. Шамамен жеті минут.
АЛМА. Жас, ажырасайықшы.
ЖАСИК. Құйрығым үшін бе?
АЛМА. Жылдығымызды ұмытқаның үшін. Бәрі менің мойнымда болғаны үшін. Сен жұмыс істемейсің, ештеңе жасамайсың, біз тіпті дұрыс сөйлесе алмаймыз. Моля мен Митяға қарашы, бір-бірінің сөзін аяқтап отырады.
ЖАСИК. Мен де сенікімен аяқтайын.
АЛМА. Аяқтау үшін, сен әуелі бірдеңе бастауың керек. Олар ит асырап алды, демалысқа барады. Мен теңізге барғым келеді. Таңертең Таиланд пен Черногорияға жолдама қарап шықтым. Ал сен не қарадың?
ЖАСИК. Ал егер менде жұмыс болса ше?
АЛМА. Тағы «егер», тағы «көреміз», тағы «ертең». Райса немерелер туралы сұрайды, ал немере үшін сен білесің бе, не керек?
ЖАСИК. Не?
АЛМА. Ештеңе. Ештеңе болмайды.
АЛМА шығып кетеді, жастықпен қайта оралып, оны ЖАСИККЕ лақтырады. Сосын жатын бөлмеге кіріп, есікті тарс жауып алады.
3
Таң. Жатын бөлменің терезесінен перде арқылы күн сәулесі түсіп, АЛМАНЫҢ бетіне тиеді. Ол көрпені басына дейін жауып алады. Кабинеттен ЖАСИКТІҢ дауысы естіледі.
ЖАСИК. Жан!
АЛМА денесін жиырып, бүктеліп жатады, бірақ оның оянғаны анық.
ЖАСИК. Жан! Жааан!
АЛМА көрпенің астынан қарайды.
АЛМА. Айқайлама. Не болды?
ЖАСИК. Келе ғой!
АЛМА. Өзің кел. Ұйықтауға мұрша бермейсің. Сағат қанша?
АЛМА тумбочкадағы телефонды алып, экранға қарайды.
АЛМА. Сағат қанша?! Блин!
АЛМА төсектен атып тұрып, кабинетке барады.
АЛМА. Не үшін айқайлап жатырсың? Өзің келе алмадың ба?
ЖАСИК. Келе алмадым! Қарашы!
ЖАСИК үстіндегі жамылғыны шешеді. Жамылғының астынан жарғақ аяқ пен құйрық көрінеді. Олар тікелей ЖАСИКТЕН өсіп жатыр. Белден жоғары – адам, ал төменгі жағы – итбалық. АЛМА тоқтайды да, кеше ғана ЖАСИКТЕ болған аяқтар тұрған жаққа үнсіз қарап қалады.
ЖАСИК. Ол өршіп жатыр!
АЛМА. Жедел жәрдем шақырамыз.
ЖАСИК. Жоқ!
АЛМА. Неге жоқ?
ЖАСИК. Оларға не дейсің? Күйеуің белден төмен итбалыққа айналды дейсің бе?
АЛМА. Күйеуім белден төмен итбалыққа айналды. Бұл кино емес.
АЛМА абайлап ЖАСИКТІҢ сол жарғақ аяғымен қолын жүргізеді. ЖАСИК селк етіп, биік, шиқылдаған дыбыс шығарады.
АЛМА. У тебя лапки.
ЖАСИК. Қытықпын.
АЛМА. Тұра тұр. Шаруам бар.
АЛМА ас бөлмеге шығып, планшетті алады, экранда бірдеңе теріп, саусақтарын жылжытады. Ол КАТИРАҒА қоңырау шалады.
АЛМА. Катя. Кешірші, бұл шұғыл.
КАТИРА. Әрине, қымбаттым. Он бес минут уақытым бар. Қалай көмектесейін?
АЛМА. Демалу керек.
КАТИРА. Демаламыз. Төртке дейін дем аламыз. Бір-екі-үш-төрт. Жетіге дейін ұстап тұрамыз. Бір-екі-үш-төрт-бес-алты-жеті. Сегізге дейін шығарамыз. Бір-екі-үш-төрт-бес-алты-жеті-сегіз. Ал айтшы.
АЛМА. Жасик итбалыққа айналды. Не істейміз?
КАТИРА. Біз бұл туралы сөйлестік қой. Ең бастысы, кінә артпау. Олжасқа да, өзіңе де. Сен ортақ қызығушылықтарды қарастырдың ба?
АЛМА. Қандай қызығушылықтар? Ол итбалық! Тура мағынасында! Қазір көрсетейін саған.
АЛМА планшетпен кабинетке барады.
АЛМА. Мә, қара! Катя? Блин. Интернет өшіп қалды. Төлемегенсің бе?
ЖАСИК. Мүмкін. Кешір.
АЛМА қатты әрі қысқа айғайлайды: аааа!
АЛМА. Демалғаным да, демалмағаным да бекер.
ЖАСИК. Жан, менде бір сағаттан кейін Zoomда сұхбатым болады. Киінуге көмектесші, өтініш.
АЛМА. Енді сен мүлдем ештеңе істей алмайтын болдың.
ЖАСИК. Өтініш. Бұл маңызды. Мен осы жұмысты қаладым. Сен де қаладым дедің ғой.
АЛМА. Қалай сөйлесесің? Жатып па? Қазір отыра алмайтын шығарсың.
ЖАСИК. Бір амалын табамын. Жан, және маған... Маған дәретханаға бару керек.
***
Пәтердің табалдырығында РАЙСА мен ФАТИМА тұр. АЛМА оларға есікті ашты, бірақ мұндай қонақтарды күтпеген. ФАТИМАНЫҢ қолында үлкен, торлы сөмке бар, салмағы ауыр сияқты. Ол сөмкенің найзағайын ашып, бірдеңелерді шығарып, еденге қоя бастайды.
РАЙСА. Жұмыста емессің бе?
АЛМА. Бүгін демалысым.
РАЙСА. Бүгін жұма сияқты еді ғой. Ал Жасик қайда?
АЛМА. Кабинетте.
АЛМА дәлізді өз денесімен жауып, РАЙСА мен ФАТИМАНЫ әрі қарай жібермеуге тырысады.
АЛМА. Тек кірмеңіздер, ол сұхбатқа дайындалып жатыр.
РАЙСА. Біз мазаламаймыз. Тек бірдеңе оқимыз. Иә, Фатя?
АЛМА. Сіздер не істегелі тұрсыздар?
ФАТИМА. Рая айтты, сіздерге туылу көрсеткішін арттыру керек.
АЛМА. Қандай туылу көрсеткіші?
РАЙСА. Мен олай айтпадым. Тек Жасиктің белсенді болуын қалаймын. Өзі біртүрлі. Бастамасыз.
ФАТИМА. Дәл солай.
ФАТИМА сөмкесінен адыраспан мен шалфей шоғын шығарып, бірге байлап, өртейді. Дәлізге түтін мен иіс тарайды.
ФАТИМА. Суф-суф-суф, кет жаман рух!
ФАТИМА қалтасынан бір уыс ұнтақты алып, еденге шашады.
АЛМА. Не істеп жатырсыздар?
РАЙСА. Қойшы, қойшы. Ол не істеп жатқанын біледі.
ФАТИМА. Тұз банкіге – және кетсін!
РАЙСА. Қандай кету?
ФАТИМА. Фуф-фуф-фуф, көз тию, бізден кет.
АЛМА. Тыңдаңызшы, бұл мүлде артық енді. Мам, өтінемін, тоқтатыңызшы оны.
РАЙСА. Расымен. Уф, түтіндетіп жібердіңдер.
РАЙСА бетіндегі түтінді қолымен желпіп жатыр. Біртүрлі ыңғайсызданып қалғандай.
РАЙСА. Фатя, жетер. Тоқтат.
ФАТИМА. Суф-суф-суф!
РАЙСА. Болды. Ой, Алмуша, ренжіме, біз мұнда әбігер жасап қойдық. Жасикті бір сүйіп алайын да, кетеміз.
РАЙСА АЛМАНЫ шебер айналып өтіп, кабинет есігін ашады.
АЛМА. Тоқтаңыз!
Кабинеттен айғай мен ауыр нәрсенің құлауының дыбысы шығады.
ЖАСИК. Жааан!
АЛМА. Блин.
ФАТИМА. Не болып қалды?
АЛМА. Бәрі дұрыс, Фатима тәте, бара беріңіз. Мама қазір жетеді.
АЛМА дәліздегі шамандық заттарды жинап, оларды ФАТИМАНЫҢ сөмкесіне қайта салады, сөмкені есіктің сыртына шығарып қояды. ФАТИМА шығып кетеді, АЛМА есікті жабады да, кабинетке жүгіріп барады. Кабинеттің еденінде РАЙСА жатыр, оның үстіне диваннан еңкейіп, ЖАСИК жақындап, кішкентай диван жастығымен оның бетін желпіді.
ЖАСИК. Су әкел!
АЛМА ас бөлмеге жүгіріп барып, кружкамен су алып келеді, РАЙСАНЫҢ бетіне шашады. РАЙСА есін жинай бастайды. ЖАСИК АЛМАНЫҢ қолынан кружканы алып, қалған суды ішіп қояды.
АЛМА. Мам! Сіз мені естисіз бе?
РАЙСА. Не болды? Мен қайдамын?
АЛМА. Иістен шығар. Фатима тәте мұнда неше түрлі нәрсе істеді. Жүріңіз, сәл отырып демалыңыз, бәрі өтіп кетеді. Жасикке кедергі жасамайық, оның қоңырауы бар.
ЖАСИК. Бірақ мен...
АЛМА. Тсс.
АЛМА РАЙСАҒА орнынан тұруға көмектеседі, оны белінен ақырын ұстап, ас бөлмеге апарып, үстелге отырғызады.
РАЙСА. Маған ол жерде бір жануар бар сияқты көрінді.
АЛМА. Ешқандай жануар жоқ, бұл сізге дуадан көрінген. Фатима тәтенің дуасынан.
РАЙСА. Солай ма. Қорқынышты ғой. Мен кетейін.
АЛМА. Әрине, кете беріңіз.
РАЙСА. Ал Фатя қайда?
АЛМА. Сыртта күтіп тұрған шығар.
РАЙСА. Ох, қызым, біз сондай жағдай жасаппыз. Ренжіме. Мен жақсылық болсын дедім ғой. Терезе ашып қой. Дем жетпейді.
АЛМА. Ашамын, ашамын.
РАЙСА шығып кетеді, АЛМА есікті жабады да, дәліздің ортасына отырып, басын ұстап қалады. Кабинеттен ЖАСИКТІҢ дауысы шығады.
ЖАСИК. Мама кетті ме?
АЛМА ауыр қозғалып, кабинетке кіреді.
ЖАСИК. Қалай ол?
АЛМА. Жаман емес. Ештеңе түсінбеген сияқты. Сені көріп қойды ма?
ЖАСИК. Өзім түсінбедім. Бұрылып қарасам, ол құлап жатыр.
АЛМА. Ашылмай-ақ қою керек еді.
ЖАСИК. Қайдан білейін. Ыстық болып кетті.
АЛМА. Терезені ашайын.
ЖАСИК. Ашық тұр ғой.
АЛМА. Ал қалай орныңнан тұрдың... Білгім де келмейді. Сұхбатың қалай өтті?
ЖАСИК. Әйтеуір, ұнаған сияқтымын. Менің жобаларымды көрген екен. Ертең жауап береміз деді.
АЛМА. Сен бәрі дұрыс сияқты айтып тұрсың.
ЖАСИК. Бәрі дұрыс қой.
АЛМА. Дұрыс? Дұрыс дейсің бе? Ал құйрық ше? Мына жарғақ аяқтар ше?
ЖАСИК. Айтшы, сен маған тұрмысқа шыққанда, егер мен, мысалы, мүгедек болып қалсам, не болатынын ойладың ба?
АЛМА. Олай ойламадым.
ЖАСИК. Сонда мені тастап кетер едің бе?
АЛМА. Мен үш жыл тұрмыстық мүгедекпен тұрғандай болдым. Сенің ақымақ графигің жеңіп кетті. Және мені де.
ЖАСИК. Енді бәрі жақсарады.
АЛМА. Жақсарады?! Құйрығың бар!
ЖАСИК. Ал Митяның басы таз, не болды сонда? Моля оны осы үшін тастап кетейін деп тұрған жоқ қой.
АЛМА. Мен де ешқайда кеткелі тұрған жоқпын. Сен не, мен тастап кетеді деп ойладың ба?
ЖАСИК. Ойладым. Өзің айттың ғой.
АЛМА. Мүмкін, бұл менің өзіме жаза шығар. Тоқта, тыныштал, ойлан. Бір күн демалыс ал, Катя маған дейді. Міне, бүгін демалыс алдым. Онша қалаған да жоқпын. Жас? Ал бұл бәрі расымен менің кінәм болса ше?
ЖАСИК. Неге?
АЛМА. Мүмкін, мен сені көздеп тастаған шығармын.
ЖАСИК. Онда мамама қоңырау шал, Фатима тәтені қайта шақырсын. Көзді алайық. Дуа кетірейік. Басқа не бар.
АЛМА үнсіз диванға отырады, ЖАСИКТІҢ жанына.
ЖАСИК. Сен шынымен демалыс алдың ба?
АЛМА. Алдым.
ЖАСИК. Суши алайық па?
АЛМА. Балық жегің келіп тұр ма?
АЛМА күлкіге басайын деп тұр. ЖАСИК байқамағандай кейіп танытады.
ЖАСИК. Сосын кино көреміз бе? Бұрынғыдай?
АЛМА. Қандай?
ЖАСИК. Саған ұнайды.
ЖАСИК фильмді тауып, проекторды қосады да, ноутбукты бір жаққа қояды. Ол АЛМАНЫҢ жанына жатып алуы үшін диванның арқасына жақындайды. From My Head to My Heart әні ойнай бастайды, ал экранда фильмнің атауы шығады: The Animal. АЛМА ЖАСИККЕ жақындап, оны құшақтап, сыбырлайды: адам болшы, өтінемін, адам болшы, өтінемін, адам болшы, өтінемін, адам болшы.
4
АЛМА өз төсегінде оянып, төсектің екінші жағын сипалайды, бірақ ештеңе де, ешкім де жоқ. Ұйқылы күйінде тұрып, ваннаға барады. Есікті ашады, раковинадағы суды қосады, сосын көзін ваннаға қарай аударады. Ваннада ЖАСИК жатыр. Ол басын қоспағанда, толық тюлень. АЛМА айғайламақ болып, аузына қолын жабады да, қабырғаға сүйеніп қалады.
ЖАСИК. Жағдай ушығып кетті.
АЛМА. Бірдеңе жасау керек. Дәрігерге барайық.
ЖАСИК. Ветеринарға ма?
АЛМА. Саған әзілдейтіндей әлің қалған ба?
ЖАСИК. Мен әзілдеп тұрған жоқпын. Менде итбалықтың денесі. Сеніңше, медуниверситетте мұны қалай емдеуді үйретеді ме?
АЛМА. Моляға қоңырау шаламын. Бола ма?
ЖАСИК. Ол сенбейді.
АЛМА. Көрсе – сенеді.
ЖАСИК қатты биік дыбыс шығарып, алдыңғы жарғақ аяқтарымен екі жағына шапалақтайды. Су ваннадан шашырап кетеді.
ЖАСИК. Болмайды.
АЛМА бетін сүртеді.
АЛМА. Қалай күлкі қыласың?
ЖАСИК. Мен әдейі емес, өзі солай болды.
АЛМА. Кім – өзі? Сен бе? Телефоның қайда?
ЖАСИК. Кабинетте. Саған не керек?
АЛМА ваннадан шығып, телефонын алып келеді. Экранды ЖАСИКТІҢ бетіне жақындатып, құлыпты ашады.
ЖАСИК. Не істеп жатырсың?
АЛМА. Сенің ChatGPT-іңнен сұраймын: күйеуің итбалыққа айналса, не істеу керек?
ЖАСИК. Не дейді?
АЛМА. Оны сынақ ретінде қабылда. Қарым-қатынас тәсілдерін тап. Махаббат пен қолдауды сақта. Бұл не деген сандырақ?
ЖАСИК. Махаббат пен қолдау – сандырақ па?
АЛМА. Жоқ, сандырақ емес, мен тек...
ЖАСИК. Тек не?
АЛМА. Ал сен не істейін деп тұрсың?
ЖАСИК. Теңізге барғым келеді, шын айтсам. Мұнда тарлау екен.
ЖАСИК бұрылуға тырысады, ваннадағы су асып төгіледі. АЛМА аяғын тартып алады.
АЛМА. Суық. Мен біздің теңіз туралы әңгімемізді басқаша елестеткенмін.
ЖАСИК. Мен бұл әңгімені мүлде елестетпегенмін. Мүмкін, бұл жақсылыққа болар?
АЛМА. Жақсылыққа ма, Жас? Ал ертең сен толықтай...
ЖАСИК. Итбалыққа айналсам ше? Онда не болады?
***
АЛМА мен МОЛЯ ас бөлмеде отыр. Үстел үстінде бокалдар, шарап бөтелкесі, табақта ірімшік пен алма тілімдері тұр. МОЛЯ өз бокалын алып, түбіндегі шарапты тауысады.
МОЛЯ. Дәмді екен. Ал Жасик қайда? Үйде емес пе?
АЛМА. Иә. Яғни, жоқ.
МОЛЯ. Әдетте оны қуып шығу қиын ғой.
АЛМА. Қайдан бастарымды да білмей тұрмын.
МОЛЯ. Түсінікті. Қайта толтыр.
АЛМА бокалдарға шарап құяды.
МОЛЯ. Ұрсысып қалдыңдар ма?
АЛМА. Не? Жоқ. Яғни, иә.
МОЛЯ. Ал ол қайда сонда?
АЛМА. Жас? Кабинетте.
МОЛЯ. Сен оны үйде жоқ дедің. Енді кабинетте деп тұрсың.
АЛМА. Дәл емес. Яғни, ол өзінде, бірақ өз-өзіне емес.
МОЛЯ. Не болды?
АЛМА. Жас – итбалық. Түсінесің бе?
МОЛЯ. Қызық жаңалық. Митя да итбалық. Кейде мен де. Бұл қалыпты нәрсе.
АЛМА. Блин. Жоқ қой, басқа.
МОЛЯ. Кейде итбалық болып демалған да дұрыс. Бәрінде сендегідей қуат қайда? Сен секілді шапқылап жүрмейді. Қызығамын тіпті. Сен үшін!
МОЛЯ бокалын көтереді, АЛМА селқос өз бокалымен жанасады, бірақ ішпей, оны қайта үстелге қояды. Терең дем алады, кідіріс жасайды, сосын демін шығарады.
АЛМА. Ол шын мәнінде итбалық. Лапки бар. Не жарғақ аяқтар ма, қалай еді. Құйрығы жұмсақ.
МОЛЯ. Бұл бір ойын ба сендерде?
АЛМА. Бұл ойын емес. Бұл біздің өмір енді.
МОЛЯ. Митя бір рет корпоративте қоян болып киінген. Бала бақшадағыдай. Лапки, жұмсақ құйрық. Қызық болған.
АЛМА. Мен бүгін болашақ туралы ойландым. Жалғыз ғана көрініс елестетемін: ол менің алдымда отыр, қара, үлкен, дөңгелек көздерімен қарап. Мен оған балық лақтырамын, ол шайнамай жұта салады.
МОЛЯ. Сенің метафораңды түсінбей тұрмын.
АЛМА. Ешқандай метафора жоқ, Моля. Болашақ та жоқ. Тек цирк немесе зоопарк.
МОЛЯ. Маған клоназепам көмектескен.
АЛМА. Бізге адыраспан да көмектеспеді.
МОЛЯ. Мен бәрібір сені түсінбей тұрмын, бірақ айтарым мынау: кейде асықпаған дұрыс.
АЛМА. Демек, бәрібір мен кінәлімін деп ойлайсың ба?
МОЛЯ. Әрдайым екі жақ та кінәлі. Бірақ қандай да бір дағдарыс болса да, екеуің бірге шығуың керек.
АЛМА. Шығуың керек?
МОЛЯ. Жүзуің керек. Шешуің керек. Саған сөз ұнамады ма?
АЛМА. Сөзде емес мәселе.
МОЛЯ. Ал неде?
АЛМА. Мәселенің өзінде.
МОЛЯ. Бізде күшігіміз пайда болғанда, адамдарды жақсырақ түсіне бастадым. Білесің бе? Адамдарға да дәл солай – шыдамдылықпен, мейіріммен қарау керек. Қате жасаса да.
АЛМА. Көмектесе ме?
МОЛЯ. Кейде. Бірақ кейде бәрібір шалшыққа отырып қалады. Өйткені әлі кішкентай.
АЛМА. Ал Митя ше?
МОЛЯ. Шүкір. Митя дәретханаға үйреніп қойған.
АЛМА. Сол үшін де рақмет!
МОЛЯ. Сондықтан адам шеше алмайтын мәселе жоқ. Сен бұған дейін өміріңдегі барлық қиындықтарды шештің. Әйтпесе, қазір менің алдымда отырмас едің. Барлығын.
АЛМА. Мұндай менімен бұрын болған жоқ.
МОЛЯ. Барлығын.
***
ЖАСИК өз кабинетінде отырып, дәлізде АЛМА мен МОЛЯНЫҢ қоштасып жатқанын, МОЛЯНЫҢ есікті жапқанын, подъезден таксидің кетіп қалғанын естиді. ЖАСИК дауыстап айтады: видеозвонок контакт Митя. Телефон МИТЯҒА қоңырау шалады. ЖАСИК экранға тек өзінің беті ірі планда көрінетіндей қарап отырады.
МИТЯ. Тарады ма?
ЖАСИК. Тарады. Және сәл ажырап та кеткен сияқты. Жалпы, егер Моля саған бірдеңе айтса, бәріне сене берме.
МИТЯ. Түсінікті. Өзің қалайсың? Сұхбат қалай өтті?
ЖАСИК. Әйтеуір бәрі жақсы сияқты.
МИТЯ. Қуаныштымын.
ЖАСИК. Бар, күт, жылжымайтын мүлкіңді қарсы ал.
МИТЯ. Күтудемін. Мүмкін, енді ол дұрыс ұйықтап алар.
ЖАСИК. Ұйқысыздық па?
МИТЯ. Иә.
ЖАСИК. Менде де кейде болады.
МИТЯ. Уақыт қиын ғой.
ЖАСИК. Расымен.
МИТЯ. Хабарласамыз онда.
ЖАСИК. Мить?
МИТЯ. Ау.
ЖАСИК. Итті қалай атадыңдар?
МИТЯ. Касатка.
ЖАСИК. Ол еркек қой.
МИТЯ. Моля солай қалады деді. Касик болады. Касик-масик.
ЖАСИК. Касатка. Итбалықтың табиғи жауы.
МИТЯ. Қандай жау?
ЖАСИК. Ешқандай. Жақсы, Мить.
***
АЛМА ЖАСИКТІҢ кабинетінің жабық есігіне жақындайды, ашпақ болады, бірақ тоқтап, есікке арқасын сүйеп, еденге отырады. ЖАСИК іштен оның қимылын естиді.
ЖАСИК. Кіре ғой.
АЛМА. Жоқ.
ЖАСИК. Жақсы өтті ме?
АЛМА. Жаман емес.
ЖАСИК. Неге кіргің келмейді?
АЛМА. Саған қарағым келмейді.
ЖАСИК. Жағымсыз ба?
АЛМА. Қорқынышты.
ЖАСИК. Қорқынышты ма?
АЛМА. Біз осылай қалай өмір сүреміз, түсінбеймін.
ЖАСИК. Мен жұмысқа орналастым. Бастай беруге болады деді. Әзірге мидл, бірақ келесі жылға перспектива бар.
АЛМА. Сен офисте жұмыс істей алмайсың ғой.
ЖАСИК. Мен әзірге удаленкаға келісіп алдым. Алдыңғы жобаларды аяқтау керек дедім. Олар келісті. Есесіне ақша болады. Жалақыларын білесің бе? Бонустары ше? Мидлдерге де жақсы төлейді.
АЛМА. Қалай істедің?
ЖАСИК. Бәрін дауыстық басқаруға ауыстырдым. Телефон, ноутбук, планшет.
АЛМА. Өзің бе?
ЖАСИК. Мен негізі жақсы маманмын ғой.
АЛМА бетін алақанына басады. ЖАСИК оның тыныс алуы өзгергенін, солқылдай бастағанын естиді.
ЖАСИК. Сен жылап отырсың ба?
АЛМА. Неге сен бәрін істеуді тек...
ЖАСИК. Тек қашан?
АЛМА. Біз әртүрлі биологиялық түрге айналғанда ғана бастадың?
***
ЖАСИК кабинетте еденде жатыр, үстінде жамылғы, басының астында жастық, қасында су толы шелек тұр. Ол перделер арасындағы саңылаудан терезеден көрінген СЕРЫЙДЫҢ силуэтін байқайды, оның бейнесін көше шамы жарықтандырып тұр – әдемі көрініс.
ЖАСИК. Серый! Серый! Терезені қағып көр. Кеңесің керек.
СЕРЫЙ. О, сен неге жерде жатырсың? Ыстық па? Жаз емес қой.
ЖАСИК. Қара.
ЖАСИК жарғақ аяқтарын қимылдатып, жамылғының астынан шығады. Олар көрінеді, ЖАСИК жарғақ аяқтарымен еденді ұрып, еріксіз биік, бірақ тыныштау дыбыс шығарады. СЕРЫЙ бұған қызықсыз қарап тұрады.
СЕРЫЙ. Ластамен ұйықтайсың ба? Мейлі. Өмір – өзіңдікі, ережелер де өзіңдікі. Джейсон Стэтхэм.
СЕРЫЙ қарлыққан күлкімен күледі, бірақ күлкі жөтелге айналады. Ол жөтеліп, кеудесін жұдырығымен соғып, жылдам мұңайып қалады.
ЖАСИК. Серый, сен философсың ғой?
СЕРЫЙ. Мүмкін.
ЖАСИК. Маған айта қойшы, неге осындай нәрселер болады?
СЕРЫЙ. Қандай нәрселер?
ЖАСИК. Жалпы.
СЕРЫЙ. Ал сенің жасанды интеллектің не дейді?
ЖАСИК. Ештеңе анық емес.
СЕРЫЙ. Бәрі біздің таңдауымыздың нәтижесі.
ЖАСИК. Қалай?
СЕРЫЙ. Жарайды, анекдот тыңда. Үш еркек балық аулауға барады да, бөтелке тауып алады. Оның ішінен джинн шығады. Әрі сиқырлы джинн. Джинн оларға: «Сендерге әрқайсыңа үш тілекті орындаймын», – дейді. Біріншісі: «Маған жүз миллион доллар керек», – дейді. Джинн – хоп – және оның шотында жүз миллион. Екіншісі: «Планетадағы ең бай адам болғым келеді», – дейді. Джинн – хоп – орындалды. Үшіншісі: «Менің оң қолым осылай айналсын», – дейді. Джинн оны да орындайды.
ЖАСИК. Қалай айналсын?
СЕРЫЙ. Міне, осылай.
СЕРЫЙ қолын айналдырады.
СЕРЫЙ. Екінші тілек. Біріншісі: «Әйелім ең әдемі болсын», – дейді. Джинн – хоп – және қасында сұлу пайда болады. Екіншісі: «Қалаған әйелім менікі болсын», – дейді. Джинн – орындалды. Үшіншісі: «Менің сол қолым да айналсын», – дейді.
ЖАСИК. Мұнда философия қайда?
СЕРЫЙ. Күте тұр. Үшінші тілек.
ЖАСИК күрсінеді.
СЕРЫЙ. Біріншісі: «Кәрілікке дейін денім сау болсын», – дейді. Екіншісі: «Маған әрқашан жиырма тоғыз жаста болу керек, әрі қартаймауым керек», – дейді. Үшіншісі: «Менің басым айналсын», – дейді.
ЖАСИК. Сосын не болды?
СЕРЫЙ. Олар он жылдан кейін кездеседі. Біріншісі: «Денім сау, ақшам бар, әйелім төсекте керемет», – дейді. Екіншісі: «Жағдайымды көбейттім, қайырымдылықпен айналысып жүрмін, әлі де жиырма тоғыздамын және иә, әйелің төсекте керемет», – дейді.
ЖАСИК. Үшіншісі ше?
СЕРЫЙ. Саған да жиырма тоғыз ба?
ЖАСИК. Иә.
СЕРЫЙ. Алма ас бөлмеде үстелде отырып ұйықтап қалыпты. Мен терезеден көрдім. Бұл дұрыс емес. Бар, оны дұрыстап жатқыз.
ЖАСИК. Мен бара алмаймын.
СЕРЫЙ. Неге?
ЖАСИКТІҢ телефоны қысқа діріл шығарады. Ол телефонын алып қарайды: бұл МИТЯ жазған хабарлама, онда МОЛЯНЫҢ жеткені және бәрі дұрыс екені айтылған. ЖАСИК телефонынан көзін көтереді, ал СЕРЫЙ әлі жоқ болып кеткен.
***
Пәтерде қараңғы, ешбір бөлмеде жарық жанбайды, тек ЖАСИКТІҢ кабинетінде монитор жанып тұр. Бірдеңе сыбдырлайды, сосын шапырлайды, гүрсілдейді, дөңгелей бастайды. Қуанышқа орай, бұл бірінші қабат, әйтпесе төмендегі көршілер түнде мұндай шудан риза болмас еді. Ас бөлмеден ЖАСИКТІҢ ыңырсуы естіледі, сосын тағы бірдеңе шапырлап, домалап кетеді. Шу жатын бөлмеге қарай ауысады, бірдеңе төсекке құлайды, АЛМАНЫҢ қысқа ғана ыңырсуы естіледі.
ЖАСИК. Болды, миссия орындалды. Енді ұйықта.
АЛМА. Ұйқым келмейді.
АЛМА не ұйқысырап сөйлеп жатыр, не МОЛЯ кеткеннен кейін ішкен бокалы артық болған. Ол тыныш сөйлейді, даусында сәл еркелік бар сияқты.
ЖАСИК. Не ойлап жатырсың?
АЛМА. Суши алайық па?
ЖАСИК. Балық жегің келіп тұр ма? Міне, көрдің бе – біз сондай да әртүрлі емеспіз.
АЛМА. Жас?
ЖАСИК. Ау?
АЛМА. Ертең оянсақ, бәрі басқалар сияқты болса ғой.
5
АЛМА мен ЖАСИК қарындарын күнге беріп, жылы жағажайдың құмында жатыр. Жанында теңіз толқыны шолпылдайды.
ЖАСИК. Сен теңізге барғың келіп еді ғой?
АЛМА. Иә, теңізге барғым келді!
Екеуі жарғақ аяқтарымен шапалақтап, қуанышты дауыстар шығарады. Олар итбалықтар.
АЛМА мен ЖАСИКТЕН бірнеше метр жерде МОЛЯ мен МИТЯ доп ойнап жүр. Олардың жанында Касик бар. Олар допты бір-біріне лақтырып, ол ұшып бара жатқанда сөздерді жасырып үлгереді.
МИТЯ. Көру нашар.
МОЛЯ. Миопия.
МИТЯ. Дұрыс! Тіршіліктің философиясы?
МОЛЯ. Экзистенциализм.
Олар да итбалықтар.
Алыстан РАЙСАНЫҢ даусы естіледі, ол жақындап келеді.
РАЙСА. Ыстық манты! Пиязсыз, асқабақсыз, тек балықтан. Үйдегідей, тіл үйіреді. Балаларым, кәне, алыңдар, салқындамай тұрғанда!
Ол итбалық.
ФАТИМА айналасына құм шашып жатыр.
ФАТИМА. Суф-суф-суф! Құм дымқыл еді, құрғайды! Фуф-фуф-фуф! Бәрі басқалар сияқты болады!
Ол итбалық.
Оның соңынан КАТИРА құмды таптап жатыр.
КАТИРА. Бір-екі-үш-төрт-бес-алты-жеті-сегіз.
Ол итбалық.
РАЙСА әртүрлі тамақ салынған контейнерлерді ашады.
РАЙСА. Кәне, бәрің осында. Міне, балық "шубада". Торт! Медовик! Әрине, өзім жасаған жоқпын, бірақ дәмді. Ал бауырсақ – өзім пісірдім. Алыңдар, алыңдар.
Тамақтың иісіне СЕРЫЙ келіп жетті. Оң жақ алдыңғы жарғақ аяғының астында шыны тәрізді бірдеңе жарқырап тұрғандай. Көзінде де жарқыл бар.
СЕРЫЙ. Бауырсақ – бұл құр бостыққа толы кішкентай бәліш.
Ол итбалық.
Барлығы итбалық. Тек Касик қана – касатка.
6
ЖАСИК өз кабинетінде еденде жатып оянады. Созылып, алдымен қолдарына, сосын аяқтарына қарайды. Орнынан атып тұрып, белін сипалайды. Ол адам екен. Адам терезеге қарайды: перделер ашық, терезе айқара ашылған. Күн сәулесі төгіледі, күннің астында, үйдің қабырғасына маңдайын сүйеп, басқа бір адам мызғып отыр. ЖАСИК терезеден оның тек мұрнын ғана көреді. Бірақ бұл кім, егер СЕРЫЙ болмаса. ЖАСИК терезеге жақындап, тордың арасынан қолын созып, СЕРЫЙДЫҢ мұрнының ұшына тиеді.
ЖАСИК. Эй! Псс!
СЕРЫЙ. А!
ЖАСИК. Серый! Бұл мен ғой.
СЕРЫЙ. Тфу! Қорқыттың ғой.
ЖАСИК. Ұйықтап отырсың ба? Қарашы, бәрі басылды.
СЕРЫЙ. Онша айқайлама. Жағдайым жақсы емес бүгін.
ЖАСИК сыбырлай бастайды.
ЖАСИК. Бәрі басылды.
СЕРЫЙ. Не басылды?
ЖАСИК. Құйрық!
СЕРЫЙ де сыбырлап сөйлеп тұр еді, бірақ енді қалыпты дауыспен сөйлей бастайды.
СЕРЫЙ. Қайдағы құйрық?
ЖАСИК. Менде құйрық болған еді ғой, есіңде ме?
СЕРЫЙ. Құйрық. Құйрық – бұл табиғаттың қатесі емес, тағдырдың бұрылыстарында қосымша руль.
ЖАСИК. Сен бірдеңе айтсаң, ойландырмай қоймайсың.
СЕРЫЙ. Бірдеңе.
ЖАСИК. Айтшы, анекдот қалай аяқталды?
СЕРЫЙ. Сол үшін ояттың ба?
ЖАСИК. Иә. Бір жағынан, сен тікесінен ұйықтап отырдың. Құлап қаларсың дедім.
СЕРЫЙ. Құламаймын. Қандай анекдот?
ЖАСИК. Джинн туралы. Үш тілек. Жүз миллион доллар, мәңгі жас болу деген. Есімнен шықпай қойды.
СЕРЫЙ. Мен қай жерінде тоқтадым?
ЖАСИК. Олар кездескен жерінде.
СЕРЫЙ. Жарайды, тыңда. Олар он жылдан кейін кездеседі. Біріншісі айтады.
ЖАСИК. Біріншісі мен екіншісін айтып қойдың. Ал үшіншісі ше?
СЕРЫЙ. Үшіншісі қолын сермеп, басын шұлғып, былай дейді: «Жігіттер, по ходу мен жеп қалдым».
СЕРЫЙ күлкіге басады. ЖАСИК оған түсінбей қарап тұр, бірақ біраздан кейін өзі де күледі. СЕРЫЙ кенет тоқтап, ыңырсып, басын ұстайды.
ЖАСИК. Мың теңге табасың ба?
СЕРЫЙ. Сен сұрап тұрсың ба? Не істеу керек?
ЖАСИК. Гүл сататын жерге барып кел. Тек жылдам болшы.
СЕРЫЙ. Барлығын түсіндім, ақымақ емеспін. Ақымақ болса түсінбес еді. Жалпы, осылай бұрыннан жасау керек еді. Мәңгілік бақыт тілеймін. Менің қарыздарым сияқты.
***
Ас бөлмеде АЛМА көзі жабық күйде терең дем алады. Үстелдегі планшеттен КАТИРАНЫҢ даусы естіледі: деміңді жетіге дейін ұста, бір-екі-үш-төрт-бес-алты-жеті, енді сегізге дейін шығарыңдар, бір-екі-үш-төрт-бес-алты-жеті-сегіз. Ас бөлмеге гүл шоғын ұстап ЖАСИК кіреді. Ол АЛМАНЫҢ назарын аудару үшін аздап жөтеледі. АЛМА көзін ашады.
АЛМА. Катя, кейін хабарласамын.
АЛМА қоңырауды өшіріп, планшетті аударып қояды.
ЖАСИК. Мен сені сүйемін.
АЛМА. Мен сенің жылдығымызды ұмытып кетеді деп ойлаған едім.
ЖАСИК. Жылдығымызды?
ЖАСИК тоқтайды. Терезеден сиренаның үні шығады. Ол тыңдап, жымиып қалады.
ЖАСИК. Хабарландыру жүйесін тексеру. Бейсенбі! Жетінші! Мен қалай ұмытуым мүмкін?
АЛМА. Сен әрдайым бәрін шатастырасың ғой.
ЖАСИК. Енді ешқашан шатаспаймын. Уәде беремін.
АЛМА да жымиып қалады.
АЛМА. Мен де сені сүйемін.
ЖАСИК. Негізі, ең бастысы не екенін білесің бе?
АЛМА. Білемін.
ЖАСИК. Мен де білемін.
АЛМА. Кофе ішесің бе?
ЖАСИК кенеттен биік, шиқылдаған дыбыс шығарып, қолымен екі бүйірін екі рет соғады. Бірден тоқтап, үнсіз қалады, көзін бақырайтып, басын шайқап, өзінен бірдеңені сілкіп тастағысы келгендей әрекет жасайды.
ЖАСИК. Ішемін. Өзім дайындаймын, жарай ма?
Пьесаны орыс тілінен аударуға ChatGPT аздап көмектесті.
Ольга Малышева — казахстанский драматург, театральный обозреватель, арт-менеджер. Автор проекта читок современной драматургии #читкиточка, куратор инклюзивной театральной лаборатории «Действие буквально». Драматург более десятка спектаклей в Казахстане. В формате читок и эскизов пьесы были представлены в Узбекистане, Таджикистане, Кыргызстане, Украине, России, Эстонии, Норвегии, Швеции, Румынии, переведены на казахский, английский и румынский языки.