Дактиль
Ақмарал Айтбаева
Пьеса «Драма.KZ» фестивалінде ұсынылды
Метадрамалық элементтері бар камералық пьеса
Кейіпкерлер:
Сара
Бариста
Даяшы қыз
Қыз (Динара)
Жігіт (Азамат)
Алюша
Нази
Құпия ер адам
Арзан психолог (Айдана)
Әйел
Күйеу
Құрбы қыз 1
Құрбы қыз 2
Кофехананың сыртқы есігі ашылған кезде маңдайшадағы қоңырау есікке тиіп, сылдырлайды. Артынша ішке орта жастағы, рюкзак арқалаған жазушы әйел Сара кіріп келеді. Касса тұста тұрған бариста жігіт пен даяшы қыз Сараны көрген бойда бір-біріне қарап, оны жақтырмайтындарын білдіреді.
Бариста (мысқылмен). Біздің айнымас «Капучино» келді.
Даяшы қыз. Сосын бір стақан тегін су.
Сара бұрыштағы үстелге жайғасады да, даяшы қызға қол бұлғап.
Сара. Күн қайырлы болсын! Маған бір шынаяқ капучино бере ғойыңызшы. Сосын, жылы сумен.
Даяшы қыз оған қарап, амалсыз жымиып, басын изейді. Ал Сара сөмкесінен үстел үстіне ноудбугы мен қойын дәптерін шығарып, құлшына іске кірісе бастаған кезде.
Сара (сөмкесінен әлденені іздеп). Естеліктерді қайда қалдырдым? (Пауза. Көрерменге қарап) Жо-о-о-қ, мен сіздер ойлап отырғандай, кофеханаға келіп, әншейін ноудбук ашып, эстетика жасап отыратындардан емеспін. Шын айатамын... Менікі одан жаман. (Ккүлімдеп.) Мен — жазушымын. Кәдімгі жазушы. Жазбасам, өзімді жоғалтып қоямын. Кейде бар ғой, өз тағдырымды өзім күн де жазу арқылы жалғастыратын ескі машина сияқтымын. Жазбасам, өмірім бір орында тоқтап қалатындай. (Пауза. Кофеханаға көз жүгіртіп.) Мұнда тыныштық пен шабыт іздеп келем. Сосын, ұйқыашар бір шынаяқ капучиноның құдіретіне сеніп келем. Себебі түнгі ұйқысын ойлар ұрлаған мені кофе кәдімгідей сергітеді. Өне-бойымды қоздырып, зейінімді ашады. Бір мезгіл өмірді нағыз энергетик адамдарша сүріп көруге мүмкіндік береді. Сосын, өзім шығармашылықтың адамы болсам да, сұмдық перфекционистпін. Романымның межелеген тарауын уақытында жазып бітіру үшін осылай кофенің күшімен, дәл осы үстелден айнымай, қақиып отырамын да қоямын. Бұл үстелге менен басқа ешкім отырмайды да. Бәрі менікі екенін біліп алғандай. Оның үстіне, бұрышқа тығылған, өзгелерден оқшау үстелге мен сияқты гадкий утеноктар ғана құмар. Ал, ондайлар көп емес-ау, әсте. Көбеймесін де... Үйде ғой ісің өнбейді... Бұл жерде әлдеқандай жауапкершілік бар. Босқа отыруға тағы ұяласың. Сосын... Жаза бересің... Жаза бересің...
Осы сәтте даяшы қыз оның сөзін бөліп, кофесін алып кеп береді.
Даяшы қыз. Кофеңіз...
Сара. Рақмет.
Даяшы қыз. Мүмкін, тәтті бірдеңе?
Сара. Жоқ, сосын. Рақмет.
Даяшы баристаның жанына барып.
Даяшы қыз (бұлданып). Осы әйел «сосын» мен «ешқашан» деген сөзді шатастыратын сияқты.
Сара (ноудбугының пернетақталарын сартылдата басып). Не деп жатыр едім өзі... Туф! Сөзімді бөлді. Жәрайды. Бұлар да қоймай сұрайды. (Даяшыны нұсқап.) Мен де өтірік айтудан жалықпаймын. «Сосын» дегенмен, кофеден артық ештеңе алмаймын. Бұл жерден одан артық тіскебасар бірдеңе алсам, менің екі күндік жолақым кететін қайдан білсін бұлар?!.. Мен деген ешкім ақы төлемейтін, өз дәуренін күтіп жүрген пақыр жазушымын ғой, әйткенде... Бірақ, осы романым жарыққа шығып, оқырманның қолына тиген күні, мұндағыларға жуып берем! Себебі, осында келушілердің тағыдыры ғой, жазуыма арқау болып жатқан. Қалай десеңіз, айтайын. Мұнда келушілердің бәрі мен сияқты тұрақтылар. Әр қайсын сырттай білем. (Сыбырлап.) Сосын ұят та болса айтайын, тың тыңдаймын. Әр үстелде — бір тағдыр. Қызық, қиын, кейде күлкілі... Жазуға дайын идея!
Осы сәтте сыртқы есік ашылып-жабылғанда сылдырлайтын қоңыраудың үні естіледі.
Әне, өздері де келе бастады. Менің бейтаныс таныстарым!
Жас қыз бен жігіт кофеханаға кіреді. Қыз ренжулі. Мойнында ер адамның шарфы бар. Ол бұлданып, теріс қарап отырып алады. Жігіт ашулы. Бірақ, ашуын жеңуге барынша тырысып, қыздың көңілін ауламақ.
Жігіт. Ди-и-ин! Қойшы енді.
Қыз. Қойдым. Қол қойдым. Бітті бәрі.
Жігіт. Жоқ, енді басталады!
Қыз (ызамен, ойланып қалады). Қызық, пафостың бәрі қайталанудан туады екен-ау! Сонда да айтайын! Сен мені сүймейсің! СҮЙМЕЙСІҢ! Көзім жетті.
Олардың жанына даяшы қыз келіп, мәзірді ұсынады. Екеуінің әңгімесі оны қызықтырып барады.
Даяшы қыз. Қош келдіңіздер! Не қалайсыздар?!
Қыз. Махаббат!
Жігіт. Жоқ, алдымен кішкене түсіністік пен сабыр болса!
Қыз. Біздің мәзірде ондай жоқ.
Жігіт. Онда бара тұрыңыз.
Даяшы қыз аларып, кетіп қалады.
Жігіт (сыбырлай). Ди-и-ин, сүйем ғой сені. Сүйгенде қандай!
Қыз. Сүйсең, неге қызғанбайсың?!
Жігіт. Қалай түсінбейсің, адекват жігіттер қызғанышын бажырайтып көрсетпейді. Ол — жабайылық.
Қыз. А маған сол жабайылық керек. Өліп-өшіп, жынды боп, өртене жаздап, шоқ болып махаббаттың дәмін максимально тартқым келеді. Әйтпесе, неғылған жастық шақ бұл?!
Жігіт. Жоқ, сен тек қайғырғанды жақсы көресің. Әлгі құрбың бар ғой... Депрессия деген! Ішің пысқанда шақырып алатын... Саған ішкі конфликттеріңмен жұмыс жасау керек. Мәселе менде емес сияқты...
Қыз. Не-е-е?! Сенде именно! Сен менің жанымды түсінбейтін!
Жігіт. Жалпы қыздарды түсінбей-ақ қойдым!
Қыз (шок болып). Қыздарды?!
Жігіт. Қойшы, құндызым.
Жігіт қызды қатты құшақтап алады. Қызға да керегі осы болғандай. Білдірткісі келмегенмен, мәз болып қалады. Оқтын-оқтын әлсіз «қарсылық» білдіреді.
Қыз. Құшағың сонда да суық...
Жігіт (мезі болғандай). О-О-О-О-ОФ-Ф-Ф-Ф-Ф-Ф!
Сара қыз бен жігітті ұрлана бақылап отыр.
Сара (жылы жымиып). Тәтті-ақ, иә?! Осы екеуін жаным сүйеді. Жас, лаулап тұр. Ұрысады, татуласады. Бірақ кездесу орнын өзгертпейді! Сосын бар ғой, әр үстелдің жанры әр бөлек. Бұлар — мелодрама. Осы қыз бен жігітке қарап, махаббатың бар екеніне сенемін. Қанша керіссе де, жұлысса да, кетіспейді. Бір-бірін қатты сүйеді. Махаббаттарының лебі тіпті мына үстелде отырған маған дейін еседі.
Осы сәтте есік қоңыраушасының үні естіледі.
Сара (түрі бұзылып). О-о-ой, ауыр артиллерия келді.
Әдемі, стильді киінген орта жастағы әйел Нази үстел басында құрбысын күтіп отыр. Оның жанына жаңа ғана кірген, абыржыған, аяғы ауыр Алюша келеді. Екеуі құшақтасып, қауышады.
Алюша. Сәлем, күнім!
Нази. Қалың қалай, храническая декретницам?!
Алюша (аңғал-ақкөңіл). Ту, қойшы, Нази.
Нази. Қалай қоям?! Жылда туасың! Денсаулығынан түк қалмайтын болды ғой. Жаным ашиды құрбым болған соң.
Алюша. Ой, түк етпейді. Мені қойшы. Өзіңде не жаңалық? Менің бейбақ құрбымды бақытты еткісі келетін үміткерлер бар ма өзі?
Нази (ерекше қызарақтап, ұялып). Жақсы... Бір еркекпен кездестіп жүрмін.
Алюша. О-О-О-О! Күшті! Әлгі бастығың емес пе?
Нази. Ой, жоқ. Маған тұрақтысы керек. Компанияға жаңадан келген сотрудник қой. Еркектің сабазы. Бастысы — бойдақ!
Алюша. Алыстан көрмедің бе? Ертең тағы әріптестерім өсектейді деп жылап жүресің!
Нази. Өзі, маршуртым үй мен жұмыс болса?! Алысты қайдан табам?! Бұынғыдай таңдау жасай алатын орта да қалған жоқ.
Алюша. Мейлі! Мен асығыспын. Бала-шаға үйде қалды. Декретныйдың осы айғысын құйып берші. Міне! (Үстелге ақша қояды.) Бұл жолғысы былтырғыдан көп шығатын шығар?
Нази. «Каспимен» салмайсың ба?! Терминал іздеп жүремін ба енді? Кім қазір қолма-қол ұстайды?!
Алюша. Болмайды. Историямды күйеуім тексереді. Сосын ай сайын жөргекпұлдан дәметіп отырады.
Нази. Қайда ол қожанасырың?
Алюша. Марафонға кеткен. Жүгіреді.
Нази. Ох-хо! Көкеміз өз денсаулығын жақсы күтетін сияқты ғой?!
Алюша. Иә... Өзіне жақсы қарайды. Оның өмірі рахат. Ал, бізбен жұмысы жоқ. Айтуынша, өмірді бір-ақ рет сүреді екен. Ойлашы, тісін үш түрлі щеткамен жуады! Уақытылы ұйықтап, режиммен жүреді. Өткенде әріптесі: «Әйеліңнің жанында жап-жас көрінесің», — деп айтыпты. Соны маған мәз болып, мақтанып айтып келді. Бетіме кеүтім жасауым керек еді... (Еш ойсыз қарқылдап күледі.)
Нази (ызаланып). Вот скотина!
Алюша. Оны қойшы! Назии, алдынғы баламда айына 200 мыңмен шығарып бергенсің. Бұ жолы одан да көбейетін шығар, иә?
Пауза.
Нази. Алюш, сен осы пособиеге бола бала туасың ба?! Эгоист, жмот күйеуіңнің ұрпағын көбейтуге қалай қорықпайсың?
Алюша. Несіне қорқам?! Бала-шағам аман болсын! Солар мені жарыққа шығаратын... Мақтанам оныммен. Күйеуім асырамаса да, бала-шағамның пасобиесінің арқасында шалқып жүрмін. Мемлекетке рақмет.
Нази. Алюш, барлық нәрседен үнемдеп, несиені уақытылы жапқан — шалқып өмір сүруді білдірмейді.
Алюша. О-о-ой, қойшы болды. Міне, сұраған қағаздарың. Нормальный декретный шығарып бер. Несіне құрбы боп жүрсің әйтпесе?! Рақметіңді беремін.
Нази. Сол «рақметіңе» өзіңе дені дұрыс жейде сатып алшы.
Алюша (үстіне қарап). Мынаның несі бар екен?! Жап-жаңа бұл да.
Сара оларға ақырын құлағын түріп отыр. Басы қатып кеткен. Декретницаның сөздері оның миына симайтындай.
Сара. Тәтті махаббаттан соң, тұрмыстық драмаға ауысу — ауырлау. Бірі «қыз» екеніне ешкім сенбейтін кәріқыз, екіншісі бала туғыш. Естуімше, бесіншісіне аяғы ауыр. Бірақ, күйеуін сүймейді. Құрбысына онысын жамандайды да отырады. Өзін солай алдай ма?! Әлде, бала жасына жетіп, пасобиесі бітіп қалатынынан қорқа ма бірдеңе... Келесі жүктілігі дайын тұрады. Әйелдер қызық! Сүймейтін күйеуден қалай бала табады?! Оның қойнына қалай жатады?! Одан арғысын елестету — мүлде жиіркенішті. Бірақ... Мен қайдан білейін. Оның күйін кешіп көрмегем жоқ... Әйткенде, менің күйеуім де, жігітім де, енем де, тағдырым да — осы раман болып тұрған жоқ па?! Мүмкін, менің де тіршілігім біреуге әбес шығар. Айтпақшы, бұл екеуі осылай айына бір жолығады. Бірақ, тақырыптары өзгермейді.
Кофеханаға пальто киген, қолына ескіше портфель ұстаған жұмбақ, ер адам кіріп келеді.
Ер адам (даяшыға жуан, баритон дауыспен). Маған әдеттегідей. Эспрессо!
Үстелге жайғасып, ары қарай кітабын шығарып, оқуға кіріседі. Оның дауысынан еш эмоциясыз, салқындық қана сезіледі.
Бұл кісіден даяшы қыз да аяқ тартатындай. Сап тиылып, тапсырысын қағазына жазып алып, баристаға жүгіреді.
Сара ер адам кірген бойда бір түрлі қымсынып, бойын түзеп, өз-өзімен абыржып қалады да, көрерменге сыбырлайды.
Сара. Ғажап, ә?! Көне пальто мен портфель. Талғамын айтсаңдаршы! Эспрессо! Ап-ашшы! Қоп-қою. Бастысы, қоспасыз. (Денесі түршігіп, бррр етеді. Ер адамға ұрлана қарап қояды да.) Бұл кісі — жұмбақ жанр. Оның кім екені, қайдан келгені, немен айналысатыны маған беймәлім. Білгім де келмейді. Оны Құдай маған тек тамсанып отыруға жіберетіндей. Білесіздер ме, мен бұл адамды сөйлетіп, шайқап алғым келмейді. Ол осылай тұп-тұнық, мінсіз. Менің музам болып отыра берсе болғаны... Өзі бар ғой, жалғыздықтың жұмсақ бешпентіне оранып, соған әбден үйреніп алған сияқты. Ешкімді жанына жолатпайды. Жолай да алмайды.
Осы сәтте қыз бен жігіттің үстелінен айқай-шу естіле бастайды.
Екеуі тағы бастады. (Көрерменге.) Білесіздер ме, бұл үстелдердегі кейіпкерлердің тағдыры маған оқып бітпеген кітабым секілді. Соңы немен бітері белгісіз. Әр жолы әр тарауын оқимын. Қызық... Қиын... Кейде іш пыстырады.
Сараның көзі қайтадан жұмбақ ер адамға түсіп кетеді де, тағы да елтіп, қиялға батады.
Сонда да оның жұмбағын білуге ынтыға беретінім қалай? Сіз кімсіз осы?...
Бұл сахнада Сара өз қиялында төртінші үстелдегі жұмбақ ер адаммен барынша жан мен тән байланысын жасайды. Пластикалық шешемге құрылған сахна болуы мүмкін.
Сара (Ер адамға сұқтанып). Мүмкін, сіз тарихшы боларсыз?
Ер адам. Бір ғұмырды өткенді қазбалауға қаза етіп қайтеміз? Одан да тарихты біз жазайық.
Сара. Ааа, демек, пәлсапашысыз?
Ер адам. Ақылды боп көрінгім келмейді, әсте... Бірақ, ақылды сөздер айтып қала беретінім бар...
Сара сықылдап күледі.
Сара. Сіз сондай құпиясыз. Мүмкін, сыншы, мүмкін архитектор, тіпті киллер болып шығуыңыз да ғажап емес-ау!
Ер адам. Ол жақсы ма?
Сара. Білмедім... Бірақ, сіз тұйықталған сайын, тұңғиығыңызға батып барамын.
Ер адам. Батып барам?
Сара. Батып барам...
Ер адам Сараны аймалай түседі. Ернін құшырлана сүйеді. Ал Сара үсті-басын түзеп, «қисық» көрініп қалмауға барынша тырысып бағуда.
Ер адам (Сараның ернінің шекарасынан шығып, сүріліп кеткен далабын көріп қалады да, түрі бұзылып, соны тазалауға кірісіп кетеді). Далабыңызды бүлдіріп алдым. (Паникамен.)
Сара (ыңғайсыздана). Қос перфекционистке бірге болу қиын болмас па екен?!
Ер адам. Бірге?
Ер адам оған «бірге болуды қайдан шығардың?» дегендей көзқараспен қарап, тоқтап қалады. Осы сәтте Сара үшін уақыт та тоқтап қалғандай.
Бұл сахнада бариста жігіт пен даяшы қыз көне грек пьесаларындағыдай ХОР-дың рөлінде жүреді.
Даяшы қыз (үстелдерді жинастырып жүріп, дауыстай). Ол сенің тек романыңның кейіпкері! Тағдырыңның емес!
Сара (ер адамға тесіле қараған күйі). Бола берсін.
Бариста. Талғамдарың да бөлек! Ол эспрессо ішеді. Ал, сен капучино.
Сара. Капучино біраз қоюланса, эспрессоға айналып шыға келеді.
Даяшы қыз. Қайдам... Ол сондай биік, өр! Әрі, салмақты! Сен — ашық энциклопедиясың!
Сара. Онда мен де жұмбақ боламын.
Бариста. Екі жұмбақ қосылып, сосын оны кім шешеді?
Сара. Тағдыр шешеді!
Қиял сахнасы бітеді. Әр кім өз орнынан табылады.
Сара өз ойларынан өзі ұялып кеткендей. Тыпыршып қалады. Бұл күйді екінші үстелдегі дауыс үзеді. Назар сонда ауады.
Қыз үстелден атып тұрады.
Қыз. Бітті! Ендігәрі соңымнан еруші болма!
Жігіт. Ди-и-ин! Қылп еткенге қит ете қала беретінің не осы сенің?
Қыз (ресми дауыспен). Динара!
Жігіт. Мақұл Динара! Соңына дейін ренжисің бе сонда? До конца ма?
Қыз. До конца!
Қыз шығып кетеді. Жігіт қалады. Шарасыз күйде. Даяшы қыз оның үстеліне стақан су әкеліп қояды.
Жігіт. Рақмет... Бір нәрсе сұрайыншы?
Даяшы қыз. Иә?
Жігіт. Осы қыздар...
Даяшы қыз (қызығып). Иә, иә...
Жігіт (ойланып қалады). Ы-ы-ы... (Күттіріп.) Жарайды. Ештеңе емес.
Даяшы қыз (тыржиып). Кофе?
Жігіт басын шайқайды.
Даяшы қыз баристаның жанына барып тұрады.
Бариста (қызығып). Неге ұрсысыпты?
Даяшы қыз. Мен қайдан білемін? Палшымын ба саған?
Бариста (тартынып). Жәрайды. Не болды сонша?!
Даяшы қыз. Елдің махаббатына қызығып жүріп, жастығым кофе тасумен өтіп кетпесе болғаны.
Бариста (ыржалақтай қызға тиісіп). Кез-келген жерден қызық жасау өзіңнің қолыңда ғой. (Шашын қайырып.) Мендей грин флагты елемей жүрген де өзің.
Даяшы қыз. Кім, кофеңді қайнатшы!
Бариста. Пф!
Даяшы қыз (жалғыз қалған жігітке қарап). Мен де махаббатпен страдать еткім келеді!
Бариста. Ол үшін бірінші махаббатты табу керек, кейін бақытты шақтарды бастан өткеру керек, сосын қырылысып, айырылысып, сағынысу керек. Жалпы, тірлігі көп. Қайтесің?!
Даяшы қыз (Сараға қарап, ойланып қалады). Осы кісі не жаза береді екен ааа... Қызық...
Бариста (сағатына қарап). О, жабылуға бір сағат қалды.
Бүгін Сара кофеханаға көңілсіз кіріп келеді. Сатыр-сұтыр жайғасып, сартылдатып ноутқа текст тере бастайды.
Даяшы мен Бариста бір-біріне қарап.
Бариста. Мына кісіге не болған?! Шұғыыыыл шабыты келіп қалған сияқты ғой. Тулап жатыр ғой тіпті...
Даяшы қыз (мысқылмен). Мен кеттім. Тегін су апарып берейін.
Даяшы Сараға жақындайды.
Күн қайырлы болсын!
Сара кешегі қиялындағы бариста мен даяшының ащы шындықтарынан соң оларды жек көріп қалған секілді. (Яғни, ол Сараның өз ішкі қарсылықтары болса да, мойындай алмайды).
Сара. Құдай бұйыртса!
Даяшы қыз. А?
Сара. Құдай қайырлы күн бұйыртса, болады деймін.
Даяшы қыз. А, иә, иә. Капучино?
Сара. Жоқ, эспрессо әкеліңіз!
Даяшы қыз. Ол ащы болады ғой.
Сара (үстелді тарс етіп ұрады да). А! Солай ма? Білмеуші едім! Жақсы болды ғой. Сіз сонда мені эспрессо ішуге лайықсыз санап тұрсыз ба?
Даяшы қыз. Жоға, ғафу етіңіз... Тіскебасар бірдеңе қалайсыз ба?!
Сара. СОСЫН!
Даяшы баристаның жанына барып.
Даяшы қыз. Тағы да «СОСЫН» деп қояды. Ана кісіге екі есе кофейн қосып эспрессо жасап берші. Қақалсын соны ішіп.
Бариста (күлімдеп). Қой, қайтесің... Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа деген.
Даяшы қыз (сөзді ауырсынып). Кім, қайнатшы кофеңді. (Бұлданып.) Осында келушінің бәрі әйтеуір маған мінездерін көрсетеді.
Бариста. Қайтесің, олар мүмкін бақытсыз шығар...
Даяшы қыз. Мүмкін емес. Дәл солай! Бұл әйел бар ғой әлгі қоңыр пальто киіп келетін еркекті ұнатады. Енді сол сияқты эспрессо ішіп көрмекші.
Бариста (күліп). Қайдағы жоқты тауып айтасың...
Сара телефонын алады да, жазады.
Сара. Chat GPT, мен бүгін дұрыс ұйықтай алмадым. Мына тарауды үш қайтара жаздым. Шықпайды. Шығар емес. Тірелдім де қалдым. Оқиғам жылжымай жатыр. Не істесем болады?
Chat GPT (жауапты оқып). Ештеңе етпейді, Сара! Роман деген есеп емес. Дайын формуламен сартылдатып шығарып тастайтын. Сенің де тоқырауға хақың бар! Бұл да бір романның процессі! Процесс!
Сара. Ой, кетшей...
Осы сәтте сыртқы есік маңдайшасындағы қоңырау сылдырлайды.
Мүмкін, мынау келе жатқан бейтаныстар жылжытатын шығар...
Бесінші үстелде өзін психолог санайтын эстетик әйел отыр. Қағаздар мен түрлі карталарын алдына жайып тастаған. Жанына кішкентай майшам жағып қойған.
Осы сәтте сырттан жүдеу ерлі-зайыпты кіріп келеді.
Әйел (айналаға бірер сәт көз жүгіртіп). Саламатсыз ба! Сіз Айданасыз ба?
Арзан психолог. Дәл өзі. Түйсігіңіз жақсы жұмыс жасайды екен!
Күйеу (мырс етіп). Өзі екі-ақ үстелде адам отыр ғой.
Бұл сәтте кофеханада Сара мен осы психолог қана отырған еді.
Әйел. Жайғасыңыздар! Ал, ақырындап айта беріңіздер. (Алып-ұшып қуанып.) Сізді әлеуметтік желіде біраздан бері оқимын. Қабылдауыңызға келу бұйырыпты. Қуанып тұрмын. Бар проблемам шешіле қалатындай болып тұрғаным-ай, тегі бар ғой!
Арзан психолог (терең тыныстап). Шешіледі. Шешеміз. Жұмыс істейміз.
Күйеуі бір түрлі қымсынып отыр. Әйелінің айдауымен ғана келген.
Күйеу. Әй, мен сыртта күтейін де...
Әйел (шымшып, сыбырлап). Екі адамдық пакет алып отырмын ғой. Шыдашы. Соңғы ақшаға келіп отырғанда!
Арзан психолог (аса кемеңгерлікпен). Жұптың иісі шықпайды. А ой, дәлірек айтқанда, жұптарыңызда командалық тандем жоқ. Сондықтан да ақша потогы жабылған.
Әйел (таң қалып). Мә-ә-ә! Әне, көрдің ба?! Бірден тапты.
Күйеу. Менің де айтатыным осы ғой. Әйел берекені келтіріп отырады. Еркек тасиды деп...
Әйел. Дұрыс айтасыз! Психологияда әйелдің энергисын — су, еркектікін — от деп санаймыз.
Күйеу. Су! Су! Дұрыс айтасыз. Судай ағызады. Ақшаны да, миды да.
Әйел. Рүстем! Қойсай! Айдана ханым, біздегі проблеманы бірден таптыңыз. Қанша тырыссақ та, біріміз екі болар емес. Қайтпек керек?
Арзан психолог. Алдымен, біз ақша келу үшін, өзіміз оған дайын болуымыз керек.
Әйел. Қалай сонда? Мен всегда дайынмын! Оған тағы не дайындық керек?
Арзан психолог. Тазалық! Сананы тазартпас бұрын, үйіңізді, өз кеңістігіңізі реттеп, энергияға орын ашыңыз. Ол мысалы, қарапайым шкафтарды тазартудан басталады.
Күйеу. Ә-ә-әп, бәрекелді! Бәрі сенен десей иә онда! Біздің қатын үй жинамайды!
Әйел (ұялып). Жинаймын! Болды! Тазартамын! Соны істесем болды ма?
Арзан психолог. Сосын, мидағы артық энергия алатын естеліктерді босату керек. Мысалы, ескі махаббатыңызды ойыңыздан босатпасаңыз, ол да сіздің энергияңызды жеп қояды.
Әйел күйеуін салып қалады.
Әйел. Сен екенсің ғой кінәлі!
Күйеу. Өй! Неге мен?
Әйел. Себебі менде бывший деген болмаған. Сен біріншісің.
Арзан психолог. Мен «МЫСАЛЫ» деп тұрмын, ханым! Басқа да себептер көп. Қазір бәрін реттейміз. Менде ақша магниті бар. Оны сатып алып, жатын бөлмеңізге, жастығыңыздың басына қойып қоясыз.
Әйел. Дә-ә? Содан?
Арзан психолог. Солай түнімен ресурстарыңыз реттеліп, жаңа күннен жаңа ақша патогы ашылатын болады.
Күйеуі мен әйелі бір-біріне қарап, ойланып қалады.
Сара арзан психологтың үстелін бақылап отырып, мырс етеді.
Сара. Жанры — әлеуметтік сатира! Тап-таза! Қып-қызыл! Аңқау елге арамза молда дегендей... Бұл отырған арзан психологтың өзі негізі жындыханаға жатып шыққан науқас әйел. Түсінгенім бойынша, тиран енесі әбден жүйкесін жұқартып, жетер жеріне жеткізген. Ажырасып, құтылыпты. Емделіп шыққан. Сосын, басын асырау үшін тапқан кәсібі осы. Бірақ, өтірікті шебер айтады. Оған келуші әйелдердің көбі тұрмыста отырып, «қарайып» қалғандар. Оның кез-келген арзан кеңесіне «МИЫМ ЖАРЫЛДЫ» деген реакция білдіреді. Не деген тар ми деймін де олар жарыла салатын...
Осы сәтте тағы да есік қоңыраушасының үні естіледі. Жаңа қонақтар.
Кофеханаға албырт, студент қыздар кіріп келеді. Екеуі кірген бойда сылап-сипанып, макияждарын ретке келтіріп жатыр.
Құрбы қыз 1. Мәзірді бола ма?
Даяшы қыз. Не қалайсыздар?
Құрбы қыз 2. М-м-м, бізге шәй мен мынау напалеон болса.
Даяшы қыз. Жақсы.
Даяшы кеткен бойда қыздар телефондарының камерасын қосып, былай да, былай фотоға түсуді бастайды.
Құрбы қыз 1. Мені былай түсірші.
Құрбы қыз 2 (декордан бір кітапты алып). Мен мына кітапты оқып отырғанымды түсір.
Құрбы қыз 1. О, күшті шықты. Ал, енді сен менің типа инсайттар жазып отырғанымды түсірші.
Даяшы қыз. Десерт және шәйларыңыз. Ас болсын!
Құрбы қыз 1. Рақмет! Тоқта, фотоға түсіріп алайық.
Шәй мен дисертін сәндеп қойып, фотоға түсіруде. Осылай екеуі бар ракурстан суретке түсіре береді.
Құрбы қыз 2. Бли-ин, алдымызға ноудбук қойып түскенде күшті көрінетін еді, иа?!
Сара оларды бақылап отырып, еріксіз жымияды.
Сара. Боп тұрады енді... Мейлі, көндік... Жас қой. Бұлардың бар мәселесі — әдемі түскен фотосына ұнатып жүрген жігіттерінің лайк басқаны. Ең ҰЛЫ проблема.
Сара қол сағатына қайта-қайта қарап қояды.
Осы сәтте есік қоңырауының үні естіледі. Ішке құпия ер адам кіріп келеді. Сара оны көріп, қобалжып кетеді. Жанына даяшы қыз келеді.
Даяшы қыз. ЭСПРЕССОҢЫЗ!
Сара (тесіле қарап). Менің ежелден капучино ішетінімді ұмыттыңыздар ма?
Даяшы қыз. Түсінбедім? Сіз жаңа? Ханым...
Сара. Капучино алып келіңіз! Ал мынаны қалдыра салыңыз.
Даяшы қыз. Есі ауысқан ба?! Әлде мен жынданайын дедім ба?
Сара эспрессоны алып, Құпия ер адамның үстеліне барады. Ер адам енді жайғасып отырған беті.
Сара (жасқана). Ғафу етіңіз?
Ер адам басын көтере қарайды.
Сара. Даяшы шатасып, маған эспрессо алып келіпті. Қарсы болмасаңыз, сізді кофемен сыйлайын. Қателеспесем, эспрессо ішуші едіңіз...
Ер адам. Жақсы. Рақмет.
Сара бұдан артығын күткендей. Қипықтап тұрып, кофені үстеліне қояды да, өз орнына кетеді.
Ер адам кітапбын оқып, жалғастырады.
Олардың әрекеттерін даяшы қыз бақылап жүреді.
Даяшы қыз (баристаға). Әйелден айла артылмайды-а-а-ау!
Бариста. Капучино дайын. Апарып бер.
Даяшы қыз. Жабылуға қанша қалды?
Бариста. Әлі біраз бар.
Даяшы қыз. Мен мына жұмысқа тұсауланып, сырттағы өмірді аңсап жүрсем... Осылар неге өмірлерін мұнда өткізуге құмар екен?!
Бүгін Сара көңілсіз. Салғырттана кіріп, кофеханадағы өз үстеліне жайғасады.
Сара. Жазуды қоя салам ба... Түк шықпайтын сияқты. Бәрі сүрең басып кетті. Мәні қалмады. Бос мылжың!
Даяшы қыз оған су әкеліп береді.
Даяшы қыз (Сараны бір түрлі аяп). Су алыңыз. Капучино берейін бе? (Үнсіздік). Романыңыз бітуге таяп қалды ма?
Сара. Білмеймін... Мүмкін, иә... Мүмкін, жоқ... Үстелдердің тағдырына байланысты.
Даяшы оның сөзін ұқпайды. Баристаның жанына барып.
Даяшы қыз. Атам заманнан осы әйелдің не жазатыны қызық маған? Капучиноны қойшы. Кеткен уақытын ақтар бірдеңесі бар ма екен өзі?!
Бариста. Айтпа деймін, андағы орынға таңылып, ноудбугына тесіліп, сарылып отырған еңбегіне татыр ма екен?!
Есік қоңырауы.
Осы сәтте сырттан аласұрып, қыз бен жігіт кіріп келеді. Қыздың мойнында шарф жоқ.
Қыз (суық тонмен). Тез айт! Асығыспын. Неге шақыра бересің?
Жігіт. Тоқта! Сөйлесейік! Не сөз ол «бәрі бітті» деген?!
Қыз. Бітті деген — бітті!
Жігіт. Мен берген шарфың қайда?
Қыз. Жоқ!
Жігіт. Мойныңнан тастамаушы едің... Дала суық.
Қыз. Ескірді.
Жігіт. Көне заттарды ұнатушы едің...
Қыз. Енді жоқ!
Жігіт. Дин! Келші, адамша сөйлесейік. Саған не болып жүр?
Қыз (ызамен). Мейлі, айтайын! Өзің сыйға тартқан шарфппен еден жудым. Еден! Әжетхананың еденін!
Жігіт (түрі бозарып кетеді). НЕ ДЕДІҢ?
Қыз. Сенің пасық «махаббатыңның» лайықты жері сол.
Жігіт (ашуланып кетеді). Е, ДИНАРА!
Қыз. ТОНЫҢДЫ БАС! Маған бұлай сөйлер жөнің жоқ. Не, әлде, істейтініңді істеп үлгермей, ажырасып баратқанымызға ызалысың ба?!
Жігіт. Не оттап кеттің?
Қыз. Азамат, мен сенің екі рет ажырасып, тағы екі қызды зарлатып кеткеніңді білемін.
Жігіт. Қайдан? Қайдан деппін, қалай? (Жалтарып.) Сандырақ!
Қыз. Сен нағыз жүргіш, опасыз біреу екенсің. Мені сақтады. Асқақ махаббатты аңсаған адал ниетім сақтап қалды-ау. Ал сен, жәй ғана махаббатты азартқа айналдырған біреусің. Қолың жеткен соң, лақтырасың да кетесің...
Жігіт. Сондаймын, ал! Не істейсің? Бір нәрсеңді бермегеннен, басқаның бәрін бітірдік.
Қыз. Оңбаған!
Сара қыз бен жігітті бақылап отыр.
Сара. Айтпақшы, сіздерге айтуды ұмытыппын. Махаббат та жоқ болып шықты. МЫНА ЕКЕУІ НАҒЫЗ АЛАЯҚТАР ЕКЕН. АПАМА ЖЕЗДЕМ САЙ. Адамның миына келмейтін қулық жоқ-ау бұл өмірде. Ол жігіт таза қызқұмар неме екен. Қызығы, әр қызға бір кофехананы арнайды екен. Яғни, мұнда тек Динарамен кезедеседі. Келесі бір кофехана Аружанға арналған. Одан кейінгісінде тек Жанельмен отырады деген сияқты ғой. (Пауза.) Ал қызға жандарыңыз ашымаяқ қойсын. Онікі тіпті ерсі. Ауру ма, әлде басқа ма, Құдай білсін. Әр түрлі жігіттердің заттарынан коллекция жинайды екен. Мысалы, бұл жігіттен шарфын алған. Оған дейінгі біреуінен кинжал, тағы біреуінен сақина... Ең қорқыныштысы, бір жігіттің тісін алып, коллекциясына қосқан. Шамамда, өзінің бір еркек атаулысынан кек алу жолы ма, әлде шынымен әуестігі ме, білмедім?!
Декретница Алюша мен ажырасқан әйел Назидің үстелі. Екеуі көңілсіз.
Нази. Алюш, мені тағы пайдаланбақ болды... Сонда "уақыты өткен" қызды тек бір көруге дәмете ме бұл еркек біткен? (Пауза.) Неге үндемейсің? Балаң қалай? Қырқынан шықтыңдар ма?
Алюша. ШЫҚТЫҚ. Екі айлық болды ғой.
Нази. Неге бір түрлі болып отырсың?
Алюша. Мүгедек дейді.
Нази. Күйеуіңді ме?
Алюша. Сәбиімді.
Нази. НЕ?
Алюша. Оны емдетуге пасобием жетпейді екен.
Нази. Құдайым-ай... Ағзаңда балаға берер дәруменің сарқылып, соның салдары шығар.
Алюша. Нази...
Нази. Ау?
Алюша. Бала мүгедек болса да, «инвалидность» деген жәрдемақы төлейді екен. Соның құжаттарын туралап берші.
Нази (ашуланып кетеді). Келте ойлайсың, Алия! Ертең балалар өседі. Тамағы да, қалаулары да, қажеттіліктері де! Қалай оқытасың? Қалай жеткізесің? Әлде, күйеуің ғайыптан өзгеріп, астына басқан ақшаларынан бере бастады ма?
Алюша. Ғани кетіп қалды.
Нази. Қайда?
Алюша. Миы тыныштық табатын жерге.
Нази. Түсінбедім?
Алюша. Біржолата.
Нази. «ОТБАСЫНАН» БА?
Алюша. Оған Құдай өмірді бір-ақ рет беріпті. Бала-шағаның шуы мен боғына малынып, бір түйір өмірін сарп ете алмайды екен. Оның үстіне, мен де оған лайық емес екенмін. Кәрі көрінесің дейді.
Нази (күйініп кетеді). Сөзім жоқ!
Сара әйелдердің әңгімесін тыңдап отырып, күңіреніп кеткен.
Сара. Кейіпкердің тағыдырмен ойнайтын — біз жазушылар ма десем... Менен де зорлары бар екен. Ақымақ әйел балаларының тағдырымен ойнайды. Арам еркек әйелдің тағдырын құртты.
Төртінші үстелде отырған ер адамға даяшы кофе алып келеді.
Даяшы қыз. Тапсырысыңыз, мырза!
Ер адам (даяшыға бажырая қарап). Мынау не?
Даяшы қыз. КАПУЧИНО.
Ер адам (дөрекі тонмен). Өзің іш! Мен саған эспрессо алып кел дедім. Капучинодан құсқым келеді.
Даяшы қыз. Ой, айып етпеңіз. Бірінші үстелмен шатастырып алыппын. Кешіріңізші.
Ер адамды бақылап отырған Сара мырс етіп.
Сара. Дөрекі төбет! Бекер сөйледі... Тұнық еді. Лайланып, шайқалып кетті. Демек, бұның капучинодан құсқысы келеді.
Сара орнынан тұрады да, еш затын алмай, кофеханадан шығып кетеді.
Оны байқап қалған даяшы жүгіріп келіп.
Даяшы қыз. Ханым! Ноутты ұмыттыңыз.
Бариста. Қазір қайта келетін шығар. Дүкенге шығып кетті ме...
Кофеханада ешкім қалмаған. Даяшы мен бариста үстелдерді жинастырып жүр. Ал Сараның үстелінде заттары мен ноудбугы әлі де тұр.
Даяшы қыз. Мына кісі сол күйі келмеді ғой.
Бариста (жымиып). Мүмкін, әдейі тастап кеткен шығар. Бәрі бір ертең қайта келемін ғой деп...
Даяшы қыз. Ойпырмай! Оның не, офисі ма екен бұл жер?! (Ноутқа жақындап.) Ол әйелдің не жазатыны маған үнемі қызық болған...
Бариста. Қой... Керек емес.
Даяшы қыз. Жай, бір көз жүгіртейікте. Не бар екен?! Роман жазамын деп айтқаны бар еді...
Бариста. Мүмкін, екеуміз туралы да жазған шығар.
Екеуі жақындап, ноутты ашады. Күңгірт кофеханада екеуінің жүзіне ноуттың экран жарығы баж ете қалады.
Даяшы қыз. Так, так, так... Құжаты ашылып тұр екен.
Бариста (оның жанына жайғасып). Қане, сен оқып берші. Мен сенің тәтті дауысыңды естіп отырайын.
Даяшы қыз. Кетші.
Бариста. Несі бар... Мүмкін «бариста мен даяшы қыздың махаббаты» деген роман оқитын шығармыз?! Ол әйел бізге тесіліп, бір түрлі қараушы еді ғой.
Даяшы қыз (дауысын кернеп). Онда тыңда! РОМАН! (Оқуын жалғастырып.) Роман, роман, роман, роман, роман, роман, роман, роман...
Бариста. Мақұл ғой енді. Ары қарай оқышы.
Даяшы қыз (түрі бозарып). Роман, роман, роман, роман, роман....
Қыз ноуттағы құжат парағын сартылдата ауысытырып жатыр. Аспаннан тек роман сөзі жазылған парақтар саулап түсіп жатады.
Бариста. Саған не болды?
Даяшы қыз. Әй, мына әйел 275 бетке тек «РОМАН» деген сөзді жазып шыққан ғой. Басқа дым жоқ.
Бариста (ентелеп, экранға жақындап). Роман, роман, роман....
Даяшы қыз. Басқа бір де бір құжат жоқ. Тек роман....
Бариста. Сонда неше айлар бойы тек осыны жазған ба?! Роман қайда?
Ақмарал Айтбаева — драматург, сценарист. 8 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Кинотеледраматургия» мамандығы бойынша жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың шеберханасында білім алып, өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін қорғады. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрады. Шығармашылық жолын 2018 жылы «Қазығұртфильм» киностудиясының ұйымдастыруымен өткен «Позитив» кинофестивалінде редакторлықтан бастағаннан бері БАҚ, медиа, театр және кино салаларында бірқатар қызметтер атқарып келеді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Әдебиет» бөлімінде, Oner.kz сайтында, «Отырар» телеарнасында және түрлі мәдени жобаларда еңбек етті. Қазіргі уақытта жергілікті балалар киностудиясында дербес сценарист. Сондай-ақ, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, «Өнер» кафедрасында педагогика саласына аяқ басты. Балалар мен жасөспірімдерге арналған елуден астам қысқаметражды жобаның, сондай-ақ «Балапан», «Астана» телеарналары үшін түсірілген бірнеше телехикаялардың авторы. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында сахналанған режиссер Н. Дубстың «Екеуміз» спектаклінің көркем аудармасын жасады. (Пьеса авторы — Олжас Жанайдаров. Түпнұсқада атауы — «Двое в кафе»).