Айжан Изимова

5

Жоғалту

Пьеса «Драма.Спринт» жоба аясында жазылған. Жоба Efes Art Space компанияның қолдауымен жүзеге асырылып жатқан

 

Біз бәріміз ол өзгерістерді байқамаймыз...

 

Кейіпкерлер:

Әйел — бәрін ережеге сай жасайтын адам

Еркек — не қалайтынын білмейтін адам

Қыз — әйелдің жас кезі

                                                                       

 

1 көрініс

 

Үй. Қараңғылау бөлме. Артық жиһазы жоқ ас үй. Орындықта телефон шұқылап еркек отыр. Әйел кіреді.

 

Әйел. Мен келдім.

Еркек. А, жақсы.

Әйел. Сен де үйде екенсің ғой.

Еркек. Үйден шықпадым.

Әйел. Барған жерімде кезек көп болды. Шаруаларым бітпей қалды.

Еркек. Аа, жақсы. Сыртқа шығуға зауқым болмады.

Әйел. Әлгі жігіт тағы да құжаттарды түгел емес дейді.

Еркек. Телефонымның қуаты тез өшетін болыпты.

Әйел. Өткен жолы барғанда да сол әңгімені айтып еді.

Еркек. Жаңа телефон алу керек сияқты.

Әйел. Енді құжаттардың шаруасын ұзаққа созып жібермесе жарар еді.

Еркек. Мүмкін, еңбек демалысының ақшасын күте тұрармын. Соған жақсы бір телефон алып алмасам, мынау болмайтын сияқты.

Әйел. Сосын, ана жігіт айтады, сақтандыруға тағы төлеуім керек екен. Алдындағы ақша тек құжаттарды рәсімдеуге кеткен сияқты. Бітпейтін ақша, әйтеуір.

Еркек. Қап, міне, тағы өшіп қалды. Әбден жүйкемді жұқартты-ау!

Әйел. Сен неменеге ашуланып отырсың?

Еркек. Сенің түрің неменеге шаршаңқы?

Әйел. Шәй ішеміз бе?

Еркек. Шәй ішейік.

 

2 көрініс

 

Екеуі үйдің ішінде әрі-бері жүр.

 

Еркек. Ұмытып кеткенің қалай?

Әйел. Есімде жоқ.

Еркек. Мен саған айтып едім ғой.

Әйел. Қашан?

Еркек. Мен саған оны айтқанмын.

Әйел. Қай кезде?

Еркек. Жүр, қонаққа баруымыз керек.

Әйел. Бару керек болса, барайын. Ол жерге қалай киініп бару керек?

Еркек. Бәрібір шығар.

Әйел. Онда қара көйлегімді киемін.

Еркек. Қызыл көйлегіңді киші.

Әйел. Оны киюге ұяламын.

Еркек. Бұрын кидің ғой.

Әйел. Ол бұрын ғой.

Еркек. Қазір не болды?

Әйел. Қазір оны кие алмаймын.

Еркек. Өзің біл.

Әйел. Мен хабарласуды ұмытып кетіппін.

Еркек. Кімге?

Әйел. Үлкен апайдың халін біліп хабарласуым керек.

Еркек. Сен оны ұнатпаушы едің ғой.

Әйел. Бәрібір хабарласуым керек.

Еркек. Өзің біл. (Өзімен-өзі.) Мүмкін мен оған айтып көремін. Қызыл көйлегіңді ки десем ренжіп қалар ма екен? Жап-жақсы жарасады ғой.

Әйел. Кеттік пе? Мен шаруаларымды реттедім.

Еркек. Жақсы болды. Енді кеттік пе?

Әйел. Жүр, шығайық. Әйтпесе олар тағы бірдеңе айтады.

 

3 көрініс

 

Қараңғы бөлме. Айнаның алдында әлсіз шам жанып тұр. Әйел айнаға қарап отыр. Оған айнадан қыз қарап тұр.

 

Әйел. Бәрі ойдағыдай болып жатыр, иә? Маған риза шығарсың.

Қыз. Осылай болу керек шығар...

Әйел. Енді... Бәрін маған үйреткендей жасап жүрмін. Осылай болу керек...

Қыз. Өзің білесің.

Әйел. Сенен сұрайыншы...

Қыз. Сұра.

Әйел. Мұражайларда тұратын, әлгі, атақты әйел бар ғой. Неге ұмытып қала берем?

Қыз. Қандай әйел?

Әйел. Ой, әлгі, күліп немесе мұңайып тұрғаны белгісіз...

Қыз. Сен Мона Лизаны айтып тұрсың?

Әйел. Иә, сол Мона Лиза... Сен қалай ойлайсың?

Қыз. Менің ойым сен үшін маңызды ма?

Әйел. Бұрын маңызды болған.

Қыз. Қазір ше?

Әйел. Мен айтайыншы... Меніңше ол күледі. Амалсыздан, мүмкін шынайы, мүмкін өзін-өзі қинап... Бірақ күліп тұрған сияқты.

Қыз. Біз оны білмейміз.

Әйел. Мен білетін сияқтымын.

Қыз. Оны неге сұрадың?

Әйел. Сол маған ұнайды. (Пауза. Дайындала бастайды. Шашын тарап, ерніне далап жағады.) Қалай ойлайсың, тым қатты болып кетпеді ме?

Қыз. Әдемі. Мен осылай жақсы көремін.

Әйел. Сәл артықтау болып кеткен сияқты. (Ернін өшіріп тастайды.) Енді әдемі болды...

Қыз. Менен несіне сұрайсың?

Әйел. Енді кімнен сұраймын...

Қыз. Сені кейде түсінбеймін.

Әйел. Мен де түсінбеймін.

Қыз. Бақыттысың ба?

Әйел. Бақытты шығармын... Солай болу керек.

Қыз. Оны сүйесің бе?

Әйел. Сүйетін шығармын...

Қыз. Әлгі нәрсе саған көмектесіп жатқан жоқ.

 

Ар жақтан есіктің дауысы естіледі. Әйел тез жинала бастайды.

 

Әйел. Қалай болып тұрмын?

Қыз. ...

Әйел. Мен кеттім. Әйтпесе, күні бойы айнаның алдында отырады деп ойлап қалар.

 

Айнаға қарайды. Жарықты үрлеп өшіреді. Қыз жоғалады. Еркек келеді.

 

Еркек. А, сен осындасың ба?

Әйел. Тамақ іштің бе?

Еркек. Тамақтан басқа не бар?

Әйел. Шәй бар. Шашым қалай болып тұр? Ұнай ма?

Еркек (селсоқ күйде). Әдемі. Менің саған бірдеңе айтуым керек.

Әйел. Мүмкін тамақ ішесің?

Еркек. Ішсек ішейік.

Әйел. Саған не ұнайды?

Еркек. Неге сұрадың?

Әйел. Артық сұрақ қойдым. Кешір...

Еркек. Бұрын бұлай сұрамағансың.

Әйел. Ал мен саған айтқанмын.

Еркек. Қашан?

Әйел. Мен саған бұрын айттым... Не қалайтынымды...

Еркек. Қай кезде?

Әйел. Шәйің суып қалды... Іш...

Еркек. Иә, шәй ішейікші. Жаңа телефон алдым.

Әйел. Бұрынғы телефоның да жақсы еді ғой.

Еркек. Нашар.

Әйел. Өзің білесің ғой, әрине...

Еркек. Саған да жаңа телефон алып берейін бе?

Әйел. Менікі жап-жақсы жұмыс істеп тұр.

Еркек. Онда өзің біл. Құжаттарың дайын ба?

Әйел. Дайын болды.

Еркек. Қай жаққа барған ұнайды?

Әйел. Неге сұрадың?

Еркек. Артық сұрақ қойдым... Кешір...

Әйел. Бұрын олай сұрамағансың.

Еркек. Қай жаққа барғың келсе де, өзің біл.

Әйел. Саған бәрібір ма?

Еркек. Не?

Әйел. Артық сұрақ қойдым... Кешір... Ас болсын.

Еркек. Иә, ас болсын.

 

4 көрініс

 

Әйел айнаның алдында. Бұл жолы тек өзін көреді. Қойын дәптерін алып сыза бастайды.

 

Әйел. Тә-ә-әк, ананы істедім, мынау да кетті, тамақ пісті. Біраз шаруа бітіріп тастаппын ғой. Ойбай, ана кісіге хабарласуды ұмытып кеттім. (Телефонын алып, нөмер тере бастайды. Дауысы өзгереді.) Алло, иә, қалайсыз? Бәрі жақсы ма? Сол, қаліңізді білейін деп... Басқа жаңалық жоқ, тек бір хабарласып қояйын дегенім ғой. Мені жоқ болып кетті деп ойламаңыз, қолым босамай кететін кездер болады. Не шаруа дейсіз бе? Үйдің тірлігі бітпейді ғой. Ау? Иә, дұрыс айтасыз, ол анау айтқандай қатты жұмыс емес. Уақыт табу керек, дұрыс айтасыз. Сізге хабарласпағанда кімге хабарласамын. Аха, жақсы... Сау болыңыз! Уһ, құтылдым-ау. Бүгін ұмытқанымда ату жазасына ілініп кетер едім. Тәәк, бұл да кетті. Енді мынаны жасасам... (Айнаға қарап, ойланып қалады.) Бүгін неге көрінбейсің? (Пауза.) Ойланып қарасам, бәрі ойдағыдай болып жатыр. Бірақ... Бір нәрсе дұрыс емес сияқты. Не екенін қанша ойлансам да таба алмадым. (Пауза.) Мона Лизаға ұқсап тұрмын, иә? Иә-иә... Сол сияқтымын. Сондықтан ол маған ұнайды. Оның не ойлап тұрғанын ешкім білмейді. Бақытты немесе бақытсыз екенін де. Мен де сондаймын. Бірақ, Лиза апам өзі білген шығар. Екеуміздің сәл ғана айырмашылығымыз осы, мен өзім де білмеймін. Әлгі құжаттарды жинап жүргенде де, маған бақытты екенсіз деген. Шетелге шығу бақыт па өзі?

 

Айнадан қыздың бейнесі көрінеді.

 

Қыз. Мен үшін бақыт.

Әйел. Маған қатты қызық емес.

Қыз. Бұрын басқаша дейтін едің ғой.

Әйел. Ол бұрын ғой!

Қыз. Сен не істеп жүрсің?

Әйел. Көрмей тұрсың ба? Сәнденіп жатырмын.

Қыз. Еш өзгерген жоқсың.

Әйел. Сен ғана солай ойлайсың. Меніңше әдемі болып тұрмын. Тым қатты сәнденсем, олар бірдеңе дейді.

Қыз. Сен дұрыс істеп жатқан жоқсың.

Әйел. Бәрін дұрыс істеп жатырмын.

Қыз. Менің қалауларым басқа болған. Бәрін бүлдіріп жатырсың.

Әйел. Маған үйреткендері бойынша істеп жатырмын.

Қыз. Біздің қалауларымыз ше?

Әйел. Маңызды емес.

Қыз. Не маңызды?

Әйел. Олар үйреткендей өмір сүрген.

Қыз. Өзің білесің...

Әйел. Тоқташы... Маған ренжіп қалдың ба?

Қыз. ....

Әйел. Ренжімеші... Енді қарашы, міне, мынаған, бұны сен де білесің ғой. Ұмытып қалдың ба?

Қыз. Есімде...

Әйел. Бәсе... Міне, мына жерде жазылған, күйеуіңнің көңілін табуға міндеттісің. Не болса да артық үніңді шығарма. Сосын, тағы мына жерде былай жазылған: үлкендерді сыйла, атыңа сай бол, қатты күлме, ашық киінбе, тым қатты боянба, сосын... шынымен бәрін оқи берейін бе?

Қыз. Ой, басталды. Артық қылық көрсетпе, былай жасама, олай жасама...

Әйел. Енді не дейсің?

Қыз. Біз ше? Әр адам жеке тұлға дегені қайда қалды?

Әйел. Тұлға екені рас қой.

Қыз. Онда бәріміз неге бір жолмен, қатып қалған ережелермен жүру керекпіз?

Әйел. Түй, қойшы енді...

Қыз. Әлгі кісіге несіне хабарласа бересің? Ол саған мүлде ұнамайды емес пе?

Әйел. Хабарласу керек.

Қыз. Міндетті емессің.

Әйел. Міндеттімін. Сен оны түсінбейсің. Алаңдайтындай ештеңе жоқ. Бәрі дұрыс. Ың-шыңсыз бақытты өмірді қаладым. Сол үшін күресіп жүрмін. Анам үйреткендей, келіспей қалған тұстарымда да үндемей қоя саламын. Сол кезде ұрыс-керіс шықпайды. Дұрыс па? Дұрыс. Әйел ас-суын дайындап, үйін таза ұстап, қазаны қайнаулы, кірі жуулы болса, бәрі жақсы болады. Ол да дұрыс. Апам айтқандай, үлкен кісілердің алдын кеспедім, олар не айтса да, дұрыс деп мақұлдадым. Егер мен оларға әулеттің бас қосуларында кейбір сәттерде артық кететіндерін айтсам, туыстықтың жібі үзіледі. Есесіне, ағайынмен ара-қатынасым жақсы, сыйлы өмір сүріп жүрмін. Баяғы ойларымыз алдаған екен, шындық ешкімге жақпайды. Сондықтан бәрінің қалауы бойынша өмір сүруді жалғастыра береміз.

Қыз. Шаршаған жоқсың ба?

Әйел. Неге шаршауым керек?

Қыз. Осының бәрі дұрыс деп ойласаң қателесесің.

Әйел. Сен де солай жасадың ғой.

Қыз. Иә-иә, бірақ қазір бәрі басқаша. Саған қарап, жаным ашиды. Екеуміз де кінәліміз. Өзіме байқалмаған, ал енді бәрін сырттан бақылап отырғанда аянышты көрінеді екен. (Пауза.) Ренжіп қалдың ба?

Әйел. Жоға-а-а, несіне ренжимін. Мен бақыттымын.

Қыз. Сен үшін қуаныштымын.

Әйел. Бірдеңе есіме түсіп кетті. Сен бұрын өлең шығаратын едің ғой.

Қыз. Қойшы, қайдағыны еске түсіріп.

Әйел. Мен соны сағынып қалыппын. Бір өлең оқышы.

Қыз. Есімде жоқ...

Әйел. Қане, қанеее...

Қыз.  

  Мен бақытты сезінбеппін ешқашан,

  Ол жайында шырқалады басқаша ән.

  Бақытымның ашылғанда есігі,

  Барлығында адымымды кеш басам.

Әйел. Тамаша! (Қол шапалақтайды.)

Қыз. Қызық, неге осылай шығардым екен. Ол кезде бақыт туралы түсінігім басқаша болған екен ғой.

Әйел. Маған ұнайтын....

Қыз. Сонда бақыт деген не болды?

Әйел. Бақыт ол — денің сау, отбасың қасыңда, балаларың аман-есен... Сол — бақыт деген.

Қыз. Келісемін. Бірақ бақыт дегеннің түсінігі одан да тереңде жатқан сияқты...

Әйел. Сен бүгін философ болып отырсың.

Қыз. Қашанғы бұлай өмір сүресің?

Әйел. Қызық сұрақ қоймашы (әйел ыңылдап ән айта бастайды).

Қыз. Неменеге мәзсің?

Әйел. Барлық шаруам бітті. Риза болып отырмын.

Қыз. Кейде таңғаламын саған.

Әйел. Жаным-ау, оның таңғалатын несі бар? Бірінші рет көріп тұрғандай не болды саған?

Қыз. Бүгін қатты тиіп кеткен сияқты.

Әйел. Ондай анда-санда болып тұрады. Сәл ойланып алу процесі дейді бұны.

Қыз. Маған түк ұнап тұрған жоқсың.

Әйел. Енді қайттім? Тууу, өзімнен де кінә бар. Мона Лизаны айтып нем бар? Соған ғой жабырқап қалғаның, солай ма?

Қыз. Мен сені танымай бара жатырмын.

Әйел. Баяғы сол қалпым.

Қыз. Күйеуің ше?

Әйел. Оған не болды?

 

Еркек келеді. Қыз жоғалады.

 

Еркек. Сені үйде деп ойламадым.

Әйел. Бүгін үйде боламын деп айттым ғой.

Еркек. Есімде жоқ.

Әйел. Жұмысың қалай болды?

Еркек. Комиссия келді. Бәрін тексеріп, ескертулер айтып кетті.

Әйел. Жұмыстарыңа оның әсері бола ма?

Еркек. Сен неге бүгін біртүрлісің?

Әйел. Қалай?

Еркек. Сұрап жатқаныңды айтамын...

Әйел. Артық сұрадым ба? Кешірім сұраймын...

Еркек. Жоқ, бірақ бұлай сұрамағансың.

Әйел. Бүгін көңіл-күйім ерекше. Сөйлесейікші...

Еркек. Не туралы?

Әйел. Армандарымыз, қиялдарымыз туралы.

Еркек. Әйел үйде отырса осы... Қандай арман? Әлде шетелге барғың келмей ме?

Әйел. Жоқ, бәрібір негізі.

Еркек. Саған не жақпай қалды?

Әйел. Бәрі дұрыс. Менімен бақыттысың ба?

Еркек. Бүгін шынымен біртүрлі болып тұрсың.

Әйел. Жоқ, айтшы... Бұл туралы сөйлесіп көрмеппіз.

Еркек. Бақыттымын ғой енді. Неге ондай сұрақтар қойып, менің басымды қатырып отырсың?

Әйел. Маған ризасың ба?

Еркек. Сенің әбден ішің пысып қалыпты.

Әйел. Бір өлең оқиыншы. Жаңа есіме түсті.

Еркек. Неге қиялданып кеттің. Қайдағы өлең? Тамақ бар ма?

Әйел. Бар.

Еркек. Тамақ ішейікші.

Әйел. Ішейік.

 

Екеуі үнсіз дастарханда отырады. Еркек телефонын, әйел блокнотын қарап отыр. Арасында бір-біріне қарап жымияды. Еркек бір сәт ойланып қалады. 

 

Еркек (өзімен-өзі). Әлде мен оған айтсам ба екен? Оның ойында не бар екенін қайдан білем? Бірақ бәрібір емес пе? Тамақ дайын, жағдайым бар, бәрі секілді отбасым бар. Жұрт қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Басқа не керек?

Әйел (өзімен-өзі). Артық сұрақ қойып оның мазасын алған сияқтымын. Әй, ақымақ. Бәрібір емес пе? Жағдайым бар, жұрт секілді өмір сүріп жатырмыз. Басқа не керек?

Еркек. Бізде бәрі дұрыс қой?

Әйел. Әрине.

Еркек. Ас болсын.

Әйел. Ас болсын.

 

5 көрініс

 

Сахнада қыз бен еркек билеп жүреді. Бір-бірін құшақтап, махаббатқа мас болып жүр. Екеуін сырттан әйел бақылап тұрады.

 

Қыз. Неге таңқала қарайсың? Танымай тұрсың ба?

Әйел. Танып тұрмын... Бірақ...

Қыз. Иә, дұрыстап қара, бұл біз...

Әйел. Осылай болып еді ғой... Енді қазір бәрі басқаша... Неге?

Қыз. Ойланып көр. Неге? Өзің осылай болғанын қаладың.

Әйел. Бұлай болғанын қалаған жоқпын. Мынау, менің өмірім. Сен бәрін біле тұра... Қалайша сатқындық жасадың?

Қыз. Есіңді жи. Сатқындық жасаған сен. Бізге сатқындық жасадың. Осылай болғанын өзің қаладың. Қане, сенің мінсіз өмірің? Бәрін мінсіз жасаймын деп маған мақтанғансың. Не болды? Қалаған өмірің болмай қалды ма?

Әйел. Бұлай айтуға қалай дәтің барады? Мен бәрін екеуміздің болашағымыз үшін істедім. Олар маған қалай өмір сүру керегін үйретті, мен соны жасадым. Енді менен не қалайсың?

Қыз. Менің қалауларымды баяғыда өшіріп тастағансың. Бірақ мені де өзің секілді болады деп ойлама. Мен өзіме адал болып қалдым. Өзгерген сен.

Әйел. Не істеуім керек еді? Басқа таңдау болды ма?

Қыз. Бізге қарашы... Бақыттымыз... (Еркек екеуі қайтадан вальс билейді.)

Әйел. Біз де бақыттымыз.

Қыз. Шын айтып тұрсың ба?

Әйел. Өтірік.

Қыз. Көрдің бе... Енді түсіндің бе?

Әйел. Түсінбедім. Нені дұрыс жасамай жүргенімді әлі түсінбедім.

Қыз. Ақымақсың сен...

Әйел. Енді не істеуім керек?

Қыз. Бір сәт менің айтқанымды тыңдашы...

Әйел. Айтып көр.

Қыз. Нені айтамын? Тыңда деймін...

Әйел. Иә, тыңдап тұрмын ғой.

Қыз. Ақымағым-ай...

Әйел. Айтсаңшы енді...

Қыз. Сен ең маңызды нәрсені ұмыттың. Өзіңді. Бізді ұмыттың. Ана құрып кеткір блокнотыңды жап та, бір сәт өзіңді тыңдашы. Сырттан қарағанда аянышты көрінесің деп айттым ғой. Себебі маған бәрі анық көрініп тұр. Болашағымыз да анық көрінеді. Біз бақытты емеспіз. Мына оқиғалардың сенің күйеуіңе де, ана кісілерге де түк қатысы жоқ. Мәселе бізде.

Әйел. Сенің айтқандарыңды түсінсем бұйырмасын.

Қыз. Біз қателестік деймін. Басқалардың көңілінен шығамыз деп өзімізді ұмыттық. Қалай түсінбейсің?

Әйел. Тоқтат, сонда менің өмірім қателік дегің келіп тұр ма? Қанша жылдан бері қалай тырысып жүргенімді біле тұра, маған осылай айтуға қалай дәтің барады?

Қыз. Сен кінәлі емессің. Мен де кінәлі емеспін. Бірақ түсініп, бәрін жөндеуге кеш емес. Мүмкін, басқаша өмір сүріп көрерміз? 

Әйел. Бұл айтқаныңның бәрі ақымақтық. Сен ережені бұза алмайсың.

Қыз. Бірақ сен бұза аласың.

Әйел. Қайдағы жоқты айтпа!

Қыз. Солай де... Ендеше неге ойланасың?

Әйел. Бері қарашы, неге қарсы алдымнан шыға бересің? Тыныш өмірімді құртқың келе ме?

Қыз. Мен сенмін. Менен ешқашан құтыла алмайсың. Біз мәңгі біргеміз.

Әйел. Қателесесің. Мен сен емеспін. Енді маған керегің жоқ сияқты. Сенсіз де бақытты өмір сүремін.

Қыз. Сен бақытты емессің.

Әйел. Сандырақтама. Кете бер. Енді келгеніңді қаламаймын.

Қыз. Солай ма? Мені ұмытқың келеді де...

Әйел. Иә... Сені баяғыда ұмыту керек еді.

Қыз. Түсіндім. Сау бол!

 

6 көрініс

 

Әйел ас үйде дастархан жайып жүр. Бір сәт ойланып тоқтап қалады. 

 

Әйел. Мен бақыттымын. Қазіргі өміріме күпірлік келтіретіндей не болыпты? Бәрі жақсы. Жұрт қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Солай емес пе? 

 

Еркек кіреді. 

 

Әйел. Келдің бе? Тамақ дайын тұр.

Еркек. Тойып тұрмын.

Әйел. Шәй да ішпейсің бе?

Еркек. Ішкім келмейді.

Әйел. Жақсы, өзің біл.

Еркек. Мен ойландым. Сенің өткенде қойған сұрақтарың туралы ойландым. Саған ризамын.

Әйел. Бәсе-е-е-е, рақмет.

Еркек. Барлық жағдайымды жасап отырсың. Үйге келгенде төсегім салулы, тамағым дайын.

Әйел. Саған не болған?

Еркек. Не болды?

Әйел. Бұлай сөйлемеуші едің ғой.

Еркек. Тағы бір нәрсені ойландым. Қызыл көйлегіңді неге кимейсің?

Әйел. Кигенімді қалайсың ба?

Еркек. Сен өзгергенсің...

Әйел. Қалай?

Еркек. Біз бұрынғыдай емеспіз.

Әйел. Бұрын қандай едік?

Еркек. Сен басқаша болғансың.

Әйел. Сен ше?

Еркек. Бәлкім мен де. Бұрын бұлай болған жоқ еді...

Әйел. Менің ойымша бәрі жақсы. Сенің бар қалауыңды, әйелдік міндеттерімді орындап жүрмін.

Еркек. Иә, бірақ... Дұрыс айтасың... Мен де еркектік міндеттерімді орындап жүрмін ғой, иә?

Әйел. Иә...

Еркек. Онда бәрі жақсы сияқты.

Әйел. Бәрі жақсы. (Үнсіздік, аздан соң әйел еркекке тура қарайды.) Әлде бақытты емессің бе?

Еркек. Маған қызыл көйлек киетін әйел ұнайды. Бүгін қызыл көйлек киген бір әйелді көрдім.

 

Кетеді. Әйел селсоқ күйде тұрып қалады. Айнадан қыз пайда болады. Оған үнсіз қарап тұрады.

 

Әйел. Тағы келдің бе?

Қыз. Бақыттысың ба?

Әйел. Солай шығар...

Қыз. Сүйесің бе?

Әйел. Білмеймін...

 

Қыз күледі. Әйел орнынан атып тұрады. 

 

Әйел. Неге күлесің? Мен саған келме дегенмін. (Айнаны жұдырықпен бір ұрады, айна сынады, қыздың бейнесі кетпейді.)

Қыз. Сені танымай тұрмын.

Әйел. Біз таныс емеспіз.

Қыз. Мені ренжітіп тұрсың.

Әйел. Сен кімсің?..

Айжан Изимова

Айжан Изимова — драматург, сценарист, редактор. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы қоры стипендиясының иегері. Айжан Изимованың «Жоғалту» атты пьесасы Драма.KZ 2026 фестивалінің шорт-парағына енді.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon