Дактиль
Ақжан Аманжол
Моноспектакль, постдрама
Қатысушылар:
Қыз — басты кейіпкер.
Қап-қара түнек. Мүлгіген тыныштық.
Қыз (қараңғыда).
Ол бөлшектері әр жерге шашылған сурет секілді.
Сол бөлшектерді құрастыратын ойын ойнап жүргендеймін.
Бүгін жеңілдім.
1:0.
Кенет жарық жанып, қызға түседі.
«Неге баяғыда көмілгенді қайта қазамын?
Үнсіз жатқанды неге оятамын?» — деп сұрадым өзімнен...
Сосын жауапты естідім:
«Жүректегі өткеннің көлеңкесінен арылу үшін,
Естеліктердің үніне жан бітіру үшін,
Ұмытылған дауыстарын қайта есту үшін,
Құрғақ жердің астында қалған дәнді табу үшін...»
Менің сапарым осылай басталды.
Өз шөліме өзім аяқ бастым.
Жолымда тек құм мен тас кезікті,
Айналамды меңіреу тыныштық басқан.
Қазған сайын өткеннің сүйектері мен жадымның сынықтары қолымды тілгілейді,
өкініш кернейді сосын...
Сонда да қаза беремін,
жаралы топырағымды жарып шығар өркен кездесер ме деп...
Бұл менің ғана хикаям емес.
Баяғыда
уақыт әлі тумаған шақта
Жер мылқау күйде жатты.
Өзегінде Сөз ұйықтап жатты.
Әлемде үн жоқ, жарық жоқ,
тек тыныштық қана...
Ғасырлар бойы ұйқыда жатқан Сөз дір етті бір сәтте.
Мәңгілік ұйқы болмайды себебі...
Сөз оянды.
Сосын...
оянған Сөздің тынысы боп түсті Жарық.
Жарық түскен сәтте
Әуен туды.
Жүректің дүрсіліндей соқты,
уақыттың алғашқы ізі боп жазылды.
Сөйтіп дүние басталды.
Мен осы әуеннің жалғасымын.
Мен ғана емес,
Жер бетіндегі әр адам,
әрбір құс, әрбір тас —
ұйқыдан туған әуеннің бөлшегі.
Адам өзі көміп тастағанын қайта қазғанда,
Жер ұйқысынан оянады.
Дүние қайтадан туады.
Дәл солай мен де сапарға шықтым.
Өз шөлімде өзім адастым сосын,
оның әр қабатына бойлап...
Ақыры бір дәнді таптым.
Жүректің өзіндей жылы еді ол дән...
Дәнді алақаныма алған сәтте
ішінде ұйықтап жатқан кішкентай құсты көрдім.
Оны құшағыма бастым да,
барлық сұрақтарымнан арылдым.
Жылы жарық түсіп тұр. Жерде ақ парақтар мен бояулар шашылып жатыр. Қыз ақ парақтың біріне алғашқы штрихтарды түсіреді. Құстың басын, тұмсығын салады.
Қыз.
Көктем.
Сол жылы
көктемнің әлдебір күнінде
мен анаммен бірге құстың суретін салдым.
Алақанға сыйып кетердей кішкентай денесін,
кішкене тұмсығы мен ақ маңдайын,
түймедей қара көздерін,
кішкене қара басы мен төсін,
сұрша арқасы мен аппақ бауырын,
ақ-қара қанаттары мен
ұзынша құйрығын,
қысқа сирақтарын...
Сол құспен әр кездесуімізді таңбаладық біз,
Әрбір кездесуіміз санамаққа айналды сосын...
Бір...
Екі...
Үш...
Төрт...
Бес...
Алты...
Құстың аты — Наурызек.
Көктеммен бірге келетін кішкентай ғана құс.
Жеті...
Сегіз...
Тоғыз...
Он...
Неден бастау алғаны белгісіз екеуімізге ғана аян ойынымыз
көктемге сәлем бергеніміз іспетті еді сол кезде...
Сәлем, Наурызек...
Сол жылы
көктемнің әлдебір күнінде
мен анаммен бірге құстың суретін салдым.
Анамның көзіндей құстың...
Қыз суретті жалғастырып, құстың денесін, қанатын бейнелейді.
Жарықтың түсі қызғылтқа ауысады. Қыз ауыр тыныстап келіп, жерге (бәлкім орындыққа) отырады.
Қыз.
Жаз.
Сол жылы
жаздың әлдебір күнінде
мен анамды жоғалттым.
Тамыздың тымырсық ауасы,
жаңа сойылған қойдың қанының иісі,
ауладағы ақ кебін,
жылаған адамдардың зары,
оңаша жерде ескі кеңес мотоциклінің үстінде тығылып отырған жеті жасар мен
және сол сәттегі анамның дауысы...
Басқа ештеңе есімде жоқ сол күннен...
Содан бері
көктем үнсіз,
жүрегім бос қалды.
Наурызек те келмеді.
Пауза.
Қыз басқа ақ параққа үйдің суретін салады.
Мама,
сенің үйіңнің қабырғасы құлапты.
Ол енді ауылдың топырағына сіңді.
Қабырғаға салған суретіңді көргенім есімде жоқ.
Сол үйдің төбесінде
апамның әңгімелеріндегі жас қыздың
сурет салып отырғанын елестеткім келеді.
Қаланың әлдебір бұрышында
картиналарының
мүлде бөлек өмір сүріп жатқанын
елестеткім келеді.
Тағы бір ақ параққа көк бояумен көл мен қайықты бейнелейді.
Мама,
бұл қала әр жыл сайын
туған күніңді
жаңбыр,
қар
немесе тұманмен қарсы алады.
Бірақ менің
есіме жиі оралатын жалғыз естелік:
ауылдағы көл,
жаз,
үрлемелі қайық үстінде —
сен және мен.
Көзімді жұмсам,
толқындар сыбырлайды.
Көзімді ашсам,
аспанды көрем.
Пауза.
Қыз тағы бір ақ парақты алады.
Мама,
сен маған
«Адамды дұрыстап сал», — деп ұрсатын едің.
Ал, мен әлі де сызықтармен салғанды ұнатам.
Бір дөңгелек пен бес сызық.
Бірақ, неге олар сондай қиын?
Менің сөздермен сурет салғым келеді.
Естеліктерімдегі
ауылдың аспаны секілді
ақшыл көк түсті өлеңдер жазғым келеді.
Шексіз көп
бір дөңгелек пен бес сызық
оларды оқиды деп сенем.
Солай ғой?
Параққа сызықтармен адамның суретін салады. Дәл осылай: бір дөңгелекпен басын, сызықтармен денесін, екі қолын және екі аяғын бейнелейді.
Жарық сарғыш түске ауысып, сәл күңгірттенеді. Желдің гуілі мен жапырақтың сыбдыры естіледі. Қыз жерде шашылған парақтарды жинайды.
Қыз.
Сосын күз келді.
Тынысы суық, жаңбырлы күзден
мен анамды іздедім.
Құлаған әрбір жапырақты жинадым,
үзіліп түскен естеліктерімді құшақтағандай...
Кенет сарыға боялған әлемді,
айналамды басқан тұманды,
құлазыған көңіл мен қайысқан қабырғаны,
барлығымызды бірдей жұтқан жалғыздықты
тани алмадым,
тани алмаймын әлі...
Көмейіме тығылған өксік дауысымнан айырды,
сөйтіп мен үнсіз қалдым.
Өткен тамыздың аптабы көз жасымнан айырды,
жылай алмадым әлі...
Күндіз Көкке телміріп,
Түнде Аймен сырластым.
Ай жарығына жылындым.
Түн жамылып, саған хаттар арнадым.
Барлығына Ай ғана куә секілді,
сол ғана қорған,
сол ғана еститін секілді,
тіпті сенің өзіңдей көрінді Ай...
Сол жылы
осындай күз келді,
сағышымның түсіндей сары күз...
Бұл менің алғашқы күзімдей еді.
Алғашқы күзім еді бұл... Сенсіз.
Пауза.
Тағы бір параққа жарты Айды бейнелейді.
Түн жасырған сырларыма Ай куә,
Түн ұрлаған ойларыма Ай қорған.
Еш уақытта жолданбайтын хатыма
алғашқыда сыймай қалған бұл жолдар
әр жыл сайын бір себеппен жоғалды,
әр жыл сайын табылады себепсіз...
Артқа тастап тұмшалаған тұманды,
көшіп жүрсем, ақ бұлттарға ілесіп,
сол жолдарға із боп сіңер қанша ән?
Қаншама жыр оқылса да жаңбырға,
Түн жасырған сырларыма Ай куә,
Түн ұрлаған ойларыма Ай қорған.
Еш уақытта жолданбайтын хаттарға
айтылмайтын сөздерімді төккенім —
кейде жүрек түкпірінде сақталған,
ең аяулы сәттерімді күткенім,
кейде менің оттегім,
әлде, сенің...
Кейде маған сыбырлайды өткенің,
берілмеген уәделерін құшақтап
келер күннің,
тірілмейтін көктемнің
гүлдерін де —
Сонда, бәлкім,
құрсақта
тынысыңнан тынышталған баладай
тыңдап жатам...
жүрегімнің дүрсілін,
минуттар мен ойларымды санамай;
суық желден тұла бойым түршігіп,
жылуыңды сақтай алмай денемде...
Естеліктен құрастырған бейнеңді
құлып салып, кілттей алсам егер де
жел лебімен оянғанда бейуақ,
үнсіз күйде үн қата алсам тағдырға,
Түн жасырған сырларыма Ай куә,
Түн ұрлаған ойларыма Ай қорған.
Қыз алғашқы суретті жалғастырып, құстың қанаттары мен құйрығын салады.
Аппақ жарық түсіп тұр. Тыныштық. Қардың сықыры естіледі. Қыздың қолында — құстың суреті.
Қыз.
Сосын қыс түсті.
Наурызек кешікті, Жер-Ана әлі ұйқыда.
Тым ұзақ, тым суық қыста сен жайлы естеліктермен жылыттым өзімді...
Жүрегімді сен жайлы ойлармен қымтадым.
Жылына алдым ба бірақ?..
Пауза.
Қыз құстың суретін ары қарай жалғастырып салады.
мен сені жаттап алдым.
жастығымның астына қойып ұйықтайтын ойларымдай,
көбейту кестесіндей,
әнұрандай,
сүйікті әннің сөзіндей айқайлап айтатын,
сыбырлап айтатын дұғамдай...
сонда да мен үшін тым азсың...
тым азсың,
сондықтан өзіме көп болып көрінем -
біз жүрген жолдарда іздерім тек менің,
жылуы қолдардың тек менің есімде.
түс болып оралшы,
оралшы түсіме.
құтқаршы тағы да өзімнен,
Ай.
Қыз парақты жерге қояды да, бояуларды қолына алып, иіскейді.
Пауза.
Мама...
Білесің бе,
Маған бояудың иісі ұнайды.
Бірақ сол бояудың ішінен сені таппаған сайын
бала көңілім мұңайды.
Сені іздеп,
бейтаныс шеберханалардағы картиналарға үңілдім.
«Естелік — теңіз», — деп,
сүңгіп кеткім келді, бірақ,
жүзе алмайды екем...
(Құпиясы қандай көңілдің?)
Сені көремін деп,
Басқаны таптым.
Басқаның жанына
қаншалықты жақын болсам,
соншалықты жатпын.
Ұмыт бола бастаған дауысыңды
ескі кассеталардан іздедім.
Ұмытпау үшін
(əлде ұмыту үшін бе?)
жақын жандарға
«Көңілім — күз», — дедім.
Бірақ үмітті үзбедім,
Мама...
Сенің кенеп бетіне жазғаның мен
менің қағаз бетіне жазғанымның арасында байланыс бар ма?
Бар болса,
(Сенгім келеді өзім)
Айды бекер жырламаппын, мама...
Кезекті қыстың ызғары
жаныма тағы батқанда,
Бақытты сəттер сыйласа тағы
нұрына бөлеп ақ таңдар,
Құшағыңда сенің келеді, ана,
сəби боп менің оянғым!
Сол кезде тағы əлеміне еніп
Өлеңнің, əлде бояудың,
«Тым болмаса,
түсіме кірсеңші!» — дермін де, қоярмын,
Мама.
Пауза.
Қыз екі қолымен екі иығын қапсыра ұстап, өзін-өзі құшақтайды. Сосын сәбиді тербеткендей, әрлі-берлі үнсіз тербеледі. Осы қалпында тербеліп тұрып, бесік жырын әндетіп айтады.
Ұйықта, балам, ұйықта,
Құстың қанаты тербетсін.
Жер-Ана сені қорғасын,
Аруақ сені күзетсін.
Бірнеше рет қайталап айтады. Жарық сөнеді. Үнсіздік.
Қап-қара түнек. Мүлгіген тыныштық. Кенет құдды жердің терең қойнауынан шыққандай көмескі гуіл естіледі. Дыбыспен бірге әлсіз жарық жылт етеді. Алыстан жеткен дыбыс жүрек дүрсіліне ұқсай бастайды. Дүрсіл үдеген сайын жарық та жыпылықтайды. Жерде өзін қапсыра құшақтап отырған қыз көрінеді. Қою гуілдің ішінен құс тұмсығының үзік-үзік тықылы жетеді. Сәлден соң тыныштық орнайды. Сосын қыздың дауысы жаңғырып естіледі.
Қыз (басын көтеріп). Наурызек… Қайтып келдің бе?.. (Сәл кідіріп.) Анаңның көзі жазылды ма?..
Қыз орнынан тұрып, қолын қалтасына салады. Қалтасынан әлденені алып шығып, жұдырығын түйеді. Сәлден соң алақанын ашып, жерге дән шашады. Бірнеше рет қайталайды.
Тағы да көктем.
Көктемнің әр тынысында,
менің әр демімде —
сен.
Қанымның ағысында,
жүрегімнің дүрсілінде,
бар болмысымда
сен бардай сезінем,
көзіме үңілсем.
Өзіңе оралам әр көктем,
әр жазда,
күз бен қыс —
азығы жанымның,
ұйқыға батқанда
сағыныш сазы боп тербетер...
Мен бекер іздедім өзіңді,
өзімді тапқанда
бір күні табармын сені де,
себебі
менің әр демімде —
тек сенің есімің жазылған...
себебі
мен —
толқын
жағаға мың мәрте ұрылған,
сен —
Айсың
жарығы кеудеме жайылған...
Қыз тағы да дән шашады.
ең ұлы суретшім,
кездейсоқ табылған естеліктеріңе куә болған сайын
өзім байқап үлгермеген бейсаналықпен
көлеңкелерімізді де ұқсатқым келеді екен.
барлық жолдар саған әкеледі.
біз жүріп өткен жолдар мен
біздің қалдырғымыз келген іздер
жанарымызда,
күлкімізде,
сөзіміз бен
киімдерімізде сақталған.
оларды көру үшін
туған күніңді
жаңбыр,
қар
немесе тұманмен қарсы алудың қажеті жоқ.
ал сені көру үшін
альбомдағы,
кенептегі,
қабырғадағы
суреттеріңе қараудың да қажеті жоқ.
бәрі — айнамда.
айнамда — өмір.
өмірімнің әр сәтінде
отыз бір жасыңмен тілдесемін сенің.
көктемнің отыз бірінші күнінде келетін
отыз бір жасыма дейін,
отыз бір жасымнан кейін де.
сол кезде дос болармыз, бәлкім…
немесе дос болған шығармыз
сенің
қолыңа қылқалам ұстаған сәтіңнен бастап,
ең ұлы суретшім,
мама!
Қыз жерде еңкейіп, құстың суретін кеудесіне қысып, құшақтап отырады. Денесі қысылған, жерге байланғандай. Арқасында ақ-сұр түсті жеңіл матадан жасалған шарф бар.
Сосын саусақтары дірілдеп, қолдары біртіндеп денесінен ажырап, орнынан тұрады. Басын жоғары көтереді.
Қолдарын жан-жаққа жаяды, иықтары кеңиді. Қимылы ырғаққа айналып, қанат қағысын еске салады. Қол қимылымен бірге арқасындағы мата қанат тәрізді әсер қалдырады.
Жеңіл қимылмен айналып қозғала бастайды. Әрбір қимылы - жоғарыға серпіліс, бірақ жерге қайта түсу. Құсқа еліктеп, баяу билейді.
Жылы жарық ақшыл көк жарыққа ауысады.
Қолдарын жайып, жоғары көтереді, ырғағы күшейеді. Кеудесін керіп, омыртқасы түзу ұстайды, ол көзге аспанға ұмтылғандай әсер береді.
Қимылы біртіндеп баяулайды.
Жарық баяу сөнеді. Тыныштық орнайды.
Қараңғы. Жарық тек қызға түсіп тұр.
Қыз.
Шашыма сіңген жаңбыр мен түтін иісін
аңсаймын неге?
Олар да маған күтпеген жерден кездесті...
Сезімдерімдей
жаңбырмен бірге төгілген,
Сезінгенімдей
өткеннің үнсіз елесін —
тым ессіз түсті
сөздер боп түнде өрілген,
мезгілсіз бізді мазалай берер сезімді,
бейтаныс жерді жаныма жақын көрінген,
себепсіз мұңды,
бақытты болған кезімді
сезінгенімдей қайтадан...
Бәрі де елес,
Бәрі де сезім шақтары...
Құс болып ұшты балалық шақтың хаттары
адресаттары белгісіз...
Ол құстар қайда,
Ол құстар қайда барады,
Қауырсынына сыйғызып сырын даланың?
Қауырсынына сыйғызып мұңын баланың,
ол құстар қайда барады?
Біле ме олар
қауқарсыз құстың жүрегі
балалығымның жүрегін қорғап тұрғанын?
Біле ме олар
ойымда ылғи жүргенін,
есіме салып анамды?
Кішкентай мұңды жүрегімдегі тербетіп,
Кішкентай құстар тағы да ұшып барады...
Менің де ұшқым келеді кейде...
Желге айналып кетер деп
ойларым...
Соңы
Ақжан Аманжол — 2001 жылы 31-наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Псевдоним – Ай қызы. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын Кинотеледраматургия мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда осы оқу орнында өнертану магистранты. «Қолтаңба» поэтикалық бірлестігінің жетекшісі. 2018 жылдан бері шығармашылық кездесулер мен поэзиялық кештер өткізіп жүр. Burshaq шығармашылық бірлестігінің негізін қалаушылардың бірі. Өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Ұлан» газеті, «Мәдениет» журналы секілді республикалық басылымдарда, «Массагет», «Qalamger», «Әдебиет порталы», т.б. интернет-порталдарында жарияланған. 2019 ж. тамыз-қараша аралығында Қазақстан Жазушылар одағында, Азия жазушыларының форумы аясында сайт редакторы болып қызмет атқарды.