Гауһар Ниязымбет

11

Қызыл гранаттар шайқасы

Кейіпкерлер:

 

Айман, 17 жас

Айсұлу, 17 жас, Айманның құрбысы

Айсұлудың әкесі

Айсұлудың анасы

Руслан мен оның жақын досы Ерлан, 21 жас

Самал апай, 40 жас

Самал апайдың қызы Сәуле, 16 жас

Мира, 17 жас

Туған күн кешіндегі жастар

Туған күн кешіндегі жігіт

Айсұлудың енесі, 49 жас

Қайың сіңлі, 19 жас

Айсұлудың күйеуі Азамат, 31 жас

Айсұлу күйеуінің бұрынғы қызы, 29 жас

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, 30 жас

Асханадағы Мұғалім 1, Мұғалім 2, Мұғалім 3, 49 жас

Электрик, 35 жас

Көрші әйел, 35 жас

Көрші әйелдің екі қызы, 4 жас, 9 жас

Кемпір 1

Кемпір 2

Үлкен әйелдер, 60 жас

Жатақханадағы қыз 1

Жатақханадағы қыз 2  

Сатушы қыз

Даяшы жігіт

Көрші келіншек Қарлығаш

Отырғышта сөйлесіп отырған Әйел 1, Әйел 2

 

1.

 

Айман. Құдай қалап мектепті бітірсем, шетелге оқуға барар едім.

Айсұлу. Сенде арман жоқ. Менің ата-анам рұқсат ете қоймас. Әйтпесе, шетелге мен де барар едім.

Айман. Сенің ата-анаң қатаң ба?

Айсұлу. Сенің ата-анаңа қызығамын. Сені қалаған жаққа жағына жіберуге дайын.

Айман. Ата-анаңа айтып көрсеңші. Бәлкім, жіберіп қалар. Сен биыл кәмелеттік жасқа толасың ғой.

Айсұлу. Олардың жіберуі екі талай. Анам оқуға бармай, он жеті жасында туған әкесінің айтуымен тұрмысқа шыққан. Әйтпесе, анамның арманы үлкен қалаға оқуға түсіп, дәрігер атану болған.

Айман. Бүгінде анаң атақты дәрігер болатын ба еді.

Айсұлу. Бұл туралы анамнан мүлде сұрамаппын. Ендеше мен барайын. Анам күтіп қалар.

 

Екі құрбы қоштасады. 

 

2.

 

Айсұлудың отбасы кешкі ас ішіп отыр. Айсұлудың анасы үстелге тауық етін әкеліп қояды.

 

Айсұлу. Бағана көшеде құрбым Айманды көрдім. Оқу бітірген соң шетелге барады екен. Мені де шетелге оқуға түсуге шақырды.

Айсұлудың әкесі (вилкасын үстелге тарс еткізіп қойып). Қызым, саған  Алматының өзіндегі жоғары оқу орындары жетеді. Ол жақта жүріп бір нәрсеге ұшырасаң не алданып қалсаң не болады? Жаңа жақта жаңа өмір бастау оңай емес.

Айсұлудың анасы. Әкең дұрыс айтады, қызым. Ол жақта жүріп бір нәрсеге ұшырасаң не болады? Қыз баланың ең алғашқы міндеті — отбасын құрып, ошақбасы болу. Одан басқа атақ, оқу дегенін құр әурешілік, бекер.

 

Айсұлудың отбасы үстелде үнсіз тамақ ішуді әрі қарай жалғастырады.

Айсұлу мен Айман жолығады.

 

Айсұлу. Кеше ата-анаммен сөйлестім. Баяғы жартас сол жартас. Келісім бермеді. Бір жағдайға ұшырасаң, біз не істейміз дейді.

Айман. Ата-анаң тым қатаң адамдар екен.

Айсұлу. Айтпа, тоғызыншы сыныптан кейін болған бітіру кешіне де бара алмадым ғой.

Айман. Ал маған рахат. Ата-анам қайда шықсам да рұқсат етеді. Қаласам, сауық кештерде көңіл көтере аламын.

 

3.

 

Айсұлу үйге келеді. Келсе орамал тартқан анасы төсекте жылап отырады.

 

Айсұлу (анасының жанына келіп). Анашым неге жылап отырсыз?

Айсұлудың анасы. Жәй әншейін. Бар есік алдын сыпыр. Қазір көрші Самал апай келу керек.

 

Айсұлу қолына сыпырғы алып, есік алдын сыпырып жүреді. Анасының қазанға ет шыжғырып жатқан дауысы естіледі. 

Бір кезде көк халат киген, сарғылт толық әйел Самал апай келеді.

 

Самал апай. Анаң үйде ме?

Айсұлу. Иә, үйде.

 

Айсұлудың анасы Самал апайдың сөйлесіп жатқан дауысы естіп шығады.

 

Самал апай. Иә, кеше ішіп келді.

Айсұлудың анасы. Мен де бүгін жолдасыммен ұрысып қалдым. Саған ерегіскенде тоқал ала саламын дейді. Күнім соның бала шағасын ойлаумен қазанның басында атып, қазанның қасында батуда.

Самал апай. Айтпа, ондайлар толып жүр. Сол сорлы байына керек болмай қалды ғой.

Айсұлудың анасы. Сараның ұлы туған күніне алтын сақина сыйлапты.

Самал апай. Қойшы сол Сараны. Жас күнімізде дискотекадан шықпаушы еді ғой.

 

Самал апайдың Айсұлуды шақырған дауысы шығады. Айсұлу олардың жанына барады.

 

Самал апай. Үйден қарыз жазылған  көк дәптерді алып келші. Қызымнан сұрасаң, сол біледі.

 

Айсұлу Самалдың үйіне келеді. Сары шашын екі өрім етіп өрген толықшаң қыз жасыл легенмен еден жуып жүреді.  

 

Айсұлу. Анаң көк дәптерді сұрады.

Сәуле. Қазір… 

 

Самал апайдың қызы дәптер әкелуге шығып кетеді.

Айсұлу суырма үстінде тұрған бір суретті қолына алады.  

Самал апайдың қызы көк дәптерді алып, қайта оралады.

 

Айсұлу. Мынау сенің ананның жас кездегі суреті ме?

Сәуле. Иә, дәл өзі.

Айсұлу. Анаң жас күнінде арық, талдырмаш қыз болған екен ғой.

Сәуле. Анам мектепте жүріп, балетпен айналысқан. Анамның арманы опера театрдың бишісі болу болған.

Айсұлу. Ендеше неге театрға бармаған?

Сәуле. Анасы қарсы болған. Ол кезде өнер орындары тек үлкен қалаларда болған. Өнерге барса, бұзылып кетеді деп ойлаған. Ал бүгінде анам қолынан бал тамған аспаз...

Сәуле. Тез дәптерді апарып бер. Менің анам күткенді ұнатпайды.

 

Айсұлу көк дәптерді алып үйіңе келеді. Анасы Самал апаймен қоштасып жатады.

 

Самал апай. Ертең Айсұлуды менің үйіме жіберші. Қонаққа тапсырыс алғанмын. Қолғабыс етсін. Қарызыңнан еңбек еткен ақысын сызып тастаймын ғой.

 

4.

 

Сынып. Айсұлу сыныпта отырады.

 

Айман. Бүгін түнде қалада кино болады екен. Барып қайтсақ қалай болады?

Айсұлу. Мені ата-анам жібермейді. Ертең қонақ келеді. Үйдің шаңын сүртіп жинауым керек.

Айман. Мені де. Түн ортасында тіпті дүкенге шығармайды.

Айсұлу. Ехх, Айман. Саған рахат қой. Қаласаң сауық кешке қыдырасың. Қаласаң, киноға. Қаласаң, шашынды сары түске бояйсың.

 

5.

 

Айсұлу Самалдың үйіңе келеді. Келсе, Самал апай мен қызы ұннан тамақ әзірлеп жатады. Самал апайдың қызы леген әкеліп, ұнға сүт пен жұмыртқаны жарып араластырады. Бір кезде анасының әндеткен дауысы шығады.

 

Айсұлу. Анаң әнді жақсы айтады екен ғой.

Сәуле. Айтпа, жас күнінде әнші болғысы келген. Сен әлі бұлбұлдың дауысын салғанын көрмегенсің ғой…

Айсұлу. Онда неге әнші болмаған?

Сәуле. Анасы рұқсат етпеген дедім ғой. Өнерге барса, бұзылып кетеді деп ойлаған. Ол кезде өнер ордалары тек үлкен қалаларда болған. Сол себепті өзі оқитын аудандағы аспаздық колледжге тыққан.

Айсұлу. Әжең анаңа обал жасаған екен.

Сәуле. Оның не. Мен де сурет үйірмесіне бара алмаймын.

 

Бір шама уақыттан кейін Самал тәте келіп Айсұлуға айтып жатады.

 

Самал апай. Ананның қарызынан бес мың теңге сызып тастадым. Айта бар.

 

6.

 

Айсұлу мен очки таққан, шашын жайған қараторы қыз Мира жолығады. Мира қолына үш-төрт кітап, дәптер алып келе жатады.

 

Мира. Қалың қалай?

Айсұлу. Жақсы. Үйге қайтып келе жатқанмын.

Мира. Менде қосымшадан шыққанмын. Айтпақшы, бүгін Мирастың туған күні. Сені туған күнге шақырсам деп едім.

Айсұлу. Менің анам қатаң адам ғой, білесің. Жіберуі екі талай.

Мира. Ендеше мен сені анаңнаң сұрап алайын.

 

Айсұлу есік алдын сыпырып жатады. Жанында орамал тартып жатқан анасы жүреді. Бір кезде сыныптасы Мира келеді.

 

Мира. Саламатсыз ба, апай.

 

Айсұлудың анасы. Саламатсың, қарағым.

 

Мира. Бүгін туған күн еді. Айсұлуды шақыруға келдім.

Айсұлудың анасы (Айсұлуға бір, Мираға бір қарап). Бара ғой. Бірақ кешікпе. Әкең ұрсады.

 

Айсұлу екеуі туған күнге келеді. Үстелде үш-төрт ер бала мен қыз бала отырады. Ұзын бойлы қыз напиток құйып жатады. Дастарханға салат әкеліп жатады. 

Бір кезде вальс басталады. Нұрболат Абдуллиннің «Вальс» өлеңі қойылады. Балалар шығып билей бастайды. Айсұлуды клетка костюм киген жігіт түртеді.

 

Жігіт. Биге қалай қарайсың?

Айсұлу. Жоқ.

Жігіт. Жүр, билейік.

Айсұлу. Жоқ, ренжіме. Ауырып тұрмын.

 

Ол жігіт қасында отырған басқа қызды биге шақырады. Айсұлу вальс билеп жатқан балаларға қарап отырады. Вальс үш-төрт минутқа жалғасады. Мира торт әкеледі.

 

Айсұлу (Мираның жанына келіп). Мен қайтайын. Әкемді білесің ғой. Кешіксем, ашуланады. Сағат тоғыздан кешігуге болмайды.

Мира. Қазір қызықтың бәрі енді басталады. Торт енді әкелінді ғой.

Айсұлу. Жоқ. Мен торт жегім келмейді.

Мира. Ендеше сау бол.

 

Айсұлу үйге келеді. Келсе, әкесі мен анасы екеуі қабағынан қар жауып, үстелде күтіп отырады.

 

Айсұлудың әкесі. Саған көп шығарма деп қанша айтамын. Оқыс оқиғаның бәрі де туған күн сияқты кештерде болады. Көп қыздар туған күн сияқты кештерде ар-намысынан айырылып жатады.

 

Әкесі орнынан тұры шығып кетеді. Айсұлу мен анасы оңаша қалады.

 

Айсұлу. Анашым, мен шетелге оқуға барғым келеді. Ел көріп, жер көргім келеді. Мені түсініңізші. Сіз де бір кездері дәрігер болғыңыз келіп еді ғой.

Айсұлудың анасы. Сені жақсы түсінемін, қызым. Бір кездері мен де сен сияқты жас қыз болдым. Ананың қатаң тәрбиесін көрдім. Қыз баланы қатаң ұстау қазақ қоғамында бар ұғым. Болашақта тұрмыс құрсаң, сенің сенімді тірегің сол болады. Бұл азаптан құтыласың. Әкең саған жамандық ойламайды. Бақытты өмір тілейді. Оның бар арманысенің абыройымен өз теңінді тапқанын. Сонда әлі-ақ бақытты боласың.

 

7.

 

Айсұлудың анасы үстелге шәй жасап жатады. Орамал тартқан екі кемпір үстелге отырады.

 

Кемпір 1. Анау Айман шетелге кетіпті ғой.

Кемпір 2. Ертең бұзылып кетсе, не болады!

Кемпір 1. Бізде кезінде қыздарымызды қатаң ұстадық. Одан жаман болған жоқпыз. Қазір қыздарымыз бір бір үйдің үлгілі анасы.

 

Осылай деген кемпір шәй ұрттайды.

 

8.

 

Айсұлу заттарын көтеріп, жатақханаға келеді. Жатақханада өзінен басқа үш қыз отырады.

 

Жатақханадағы қыз 1. Мені әкем алыс жаққа жібермеді.

Жатақханадағы қыз 2. Мені де.

 

9.

 

Демалыс күні. Айсұлудың үстінде күздік куртка. Айсұлу Алматыны аралап жүреді. Бір кезде Айман мен Айсұлу жолығады.

 

Айсұлу. Айман?

 

Екеуі құшақтасып көріседі.

 

Айсұлу. Мұнда қайдан жүрсің?

Айман. Демалысқа қыдырып келгенмін. Жүр, бір жерге отырып әңгімелесейік.

 

Екеуі кафеге келеді. Үстелге кофе алдырады. 

 

Айман. Мен шетелде оқып жатырмын. Үстімдегі күртешені шетелден сатып алғанмын.

Айсұлу. Мен Алматыға оқуға түстім. Ата-анам шетелге оқуыма қарсы болды.

Айман. Саған өтініш бар.

Айсұлу. Қандай?

Айман. Мен дүйсенбі күні бүрсігүні шетелде танысқан досым Русланмен мейрамханада кешкі ас ішемін. Соған сені құрбым ретінде ертіп барсам қалай болады?

Айсұлу. Оған киетін көйлекті қайдан аламын?

Айман. Ол жағын уайымдама. Өзім әперемін.

 

Екеуі киім сататын дүкенге келеді. 

 

Айман. Мына көйлек қалай?

 

Айман қызғылт көйлекті көрсетеді. 

 

Айсұлу. Тар сияқты.

Айман. Мынау көйлек қалай?

Айсұлу. Жарасады. Ендеше екеуміз бір түстес көйлек алайық.

 

Айман сатушы қызға ақысын төлеп, сатушы қыз көйлекті орап, екі қызға пакетке салып береді. 

 

Айсұлу. Қызық, бұрын соңды жігітпен мейрамханаға барып көрмеппін. Бұл бір қызық сезім екен. Қалай болады екен.

 

10.

 

Қызыл көйлек киген Айсұлу мен Айман мейрамханаға келеді. Үстелде Руслан жолдас жігітімен отырады. Руслан орнынан тұрып екі қызбен қол алысып екеуін орындыққа отырғызады. Екі қызға вазадан алып, қызыл раушан гүлін сыйлайды. Даяшы жігіт анар шырыны құйылған хрусталь ыдысты әкеледі.

 

Руслан. Танысып қояйық. Менің атым Руслан. Айманның дос жігіті боламын.

 

Айсұлуға қолын ұсынады. Айсұлу дірілдеп қолын береді. 

 

Руслан. Мынау менің досым. Аты Ерлан.

 

Ерлан орнынан тұрып Айсұлуға қолын ұсынады.

 

Руслан. Мына анар шырынын сіздерге арнайы алдырдым.

 

Руслан екі қызға анар шырынын құяды. Екі қыз анар шырынынан ұрттайды. 

 

Руслан. Бүгін сондай сұлусыздар. Тап бір мына қызыл анар жемісі секілдісіздер.

 

Даяшы жігіт салат әкеледі. 

 

Руслан. Салаттан жеп отырыңыз. Грек салаты.

Айсұлу. Мен Алматыда мұғалімдер институтында оқимын.

Руслан. Мен Айманның жақын досы боламын. Түркияда бір универде оқимыз.

 

Бір кезде шетелдік музыка қойылады. Вальс басталады.

 

Руслан. Мүмкін болса, вальс билеп қайтсақ қалай болады?

 

Екі жігіт пен қыздар шығып вальс билейді. Музыка біткен соң, орындарына қайта отырады.

 

Ерлан. Екеуіңіздің үстеріңіздегі көйлек анар түстес екен. Тап бір қызыл гранат секілдісіздер. Бәлкім, алдағы уақытта қызыл гранаттар шайқасы болар.

 

Айсұлу сыртқа шығады. Суық жел сөғып тұр. Артынан дауыс шығады.

 

Руслан. Қыдырып қайтсақ қалай болады?

Айсұлу. Жоқ, жатақханаға баруым керек.

Руслан. Жүр, онда. Жеткізіп салайын.

Айсұлу. Рахмет, өзім  қайтамын.

 

Айсұлу мейрамханадан шығып кетеді. Русланның қасына Ерлан шығады.

 

Руслан. Айсұлу мені менсінбеді.

Ерлан. Көкірегі бар сияқты екен. Әйтпесе, Айманға қарағанда көрікті екен.

Руслан. Менің арманымдағы жарым Айсұлу сияқты қыз болса деп едім.

Айсұлу. Русланмен сөйлеспегенім дұрыс болды. Әйтпесе мені жеңілтек қыз деп ойларма еді?!

Руслан. Айсұлу нағыз сұлу жар болатын қыз екен. Егер менің бетімді қайтармағанда оны алақанда аялап өтер едім.

 

11.

 

Айсұлу диплом алып бітіру кешінің киімімен ата-анасының алдына келеді.

 

Айсұлу. Әке, мен диплом алдым. Мен енді мұғаліммін.

Айсұлудың әкесі. Айсұлу, саған арнап мектептен жұмыс тауып қойдық.

 

Мектеп. Үзіліс уақытында Айсұлу мен үш орта жастағы мұғалім асханаға келеді.

Сол кезде ақ жемпір мен қара юбка киген, шашын түйген арықшаң ағылшын пәнінің мұғалімі ноутбук алып келеді.

 

Мұғалім 1. Ол өзің басқалардан артық көрсеткісі келеді.

Мұғалім 2. Оның жасы 30-да. Отызға келсе де үйленбеді.

Мұғалім 1. Не бір коорпоративке келмейді.

Мұғалім 3. Ол әлі бойдақ.

 

Айсұлу ағылшын мұғалімінің үйіңе келеді. Екеуі шәй ішетін үстелге отырады.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Шетелде білім алдым. Ата-анам білімді қылып тәрбиеледі. Сол үшін көп мұғалімдер мені көре алмайды.

 

Айсұлу. Неге тұрмыс құрмадыңыз?

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Көп жігіт болды. Алайда күліп сөйлесең бәрі жаман ойлайды емес пе? Солайша жақсы жігіт таңдап жүріп уақыт өткіздім. Анамның берген тәрбиесі бойынша көбіне көңіл аудармадым.

Айсұлу. Анам мені шетелге оқуға шығармады. Туған күнге әзер сұранатынмын.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Бәрімізді анамыз солай өсірді ғой. Ол кісілер кезінде өздеріде солай қатаң тәрбие алып өскен ғой. Туған күн сияқты кештерде келеңсіз оқиға көп болады. Содан кейін туған күнге жіберуге қорқатыныққан шығар.

Айсұлу. Анам дәрігер болуды армандаған екен. Алайда анасы рұқсат етпей, ауылда қалып, әкесі айтқан адамға тұрмысқа шыққан.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Менің де анам жастай ауылындағы жігітке тұрмыс құрған. Менің алдымда үш үлкен ағаларым бар. Анам әрдайым ұл баланың жолы үлкен деп солардың қамын ойлайтын. Қазір үш ағам да үйленген. Анам менімен тұрады. Келіндері сыйғызбады. Мен өз бетімше оқыдым. Мені үй тіршілігінен босатпайтын.

 

Қыз баланың тағдыры сондай.

Ағылшын пәнінің мұғалімі терең күрсінеді.

 

12.

 

Айсұлу үйге келеді. Әкесі мен анасы үстелде отырады.

 

Айсұлудың әкесі. Қызым, саған айтар жаңалығымыз бар. Сені тұрмысқа береміз.

Айсұлу. Не? Кімге?

Айсұлудың әкесі. Көрші ауылда тұратын жігітке. Бүгін анаң барып, ақылдасып келді. Келесі апта той болады.

Айсұлу. Менің анам айтқан бақытты өмірім басталады ма?

 

Беташар той өтеді. Үлкен әйелдер банкаға ақша салып, жасыл кимешек киген әйелге айтып жатады.

Үлкен әйелдер. Ал, келін құтты болсын.

 

13.

 

Айсұлу орамал тартып үстелдің алдына шығады. Келсе үстелде тұрған вазадағы розовый роза гүлін көреді. Айсұлу роза гүлін алып иіскейді. Дастарханға енесі, қайын сіңлі отырады. Айсұлу шәй құяды. Қайың сіңлі телефон шұқылап отырады.

 

Айсұлудың енесі. Шәй ішіп болған соң, есік алдын сыпырып қой.

 

Айсұлу сыпырғы алып, есік алдын сыпырып жатады. Көрші келіншек Қарлығаш кір жаюға далаға шығады. Аулаға бір сәнді киінген қыз келеді.

 

Айсұлу күйеуінің бұрынғы қызы. Азамат үйде ме?

Айсұлу. Иә, ол сыртқа шығып кеткен. Сіз кім боласыз?

Айсұлу күйеуінің бұрынғы қызы. Мен құрбысы едім.

 

Ол кеткен соң Айсұлудың қасына Қарлығаш келеді.

 

Қарлығаш. Жаңағы қыз кім?

Айсұлу. Білмеймін, азаматтың құрбысы шығар.

Қарлығаш. Е, сен бұл қыздың кім екенін білмейді екенсің ғой.

 

Айсұлу жалт қарайды.

 

Қарлығаш. Бұл қыз Азаматтың әскерде жүріп ғашық болған қызы. Оны бүкіл ауыл біледі. Екеуі бір себеп болып үйлене алмай қалған. Азамат екеуі әлі байланысатынға ұқсайды.

 

Айсұлу не дерін білмей қалады. Айсұлу үйіңе келіп Азаматты іздейді.

 

Айсұлу. Азамат сен үйленген жігіт емессің бе? Қалайша бұрынғы қыздарыңмен сөйлесесің?

Азамат. Қой, болды.

 

Азамат Айсұлуды ұрмақ болып қол көтереді. Ұрып оны итеріп жібереді. Айсұлу енесі мен қайың сіңлінің жанына келеді. Енесі мен қайың сіңлі үстелде отырады.

 

Айсұлу. Неге бөтен қыз біздің үйге келіп, жайбарақат Азаматпен сөйлеседі?

Қайың сіңлі. Ағамның ісіңе араласпа. Ол өзі біледі.

Айсұлудың енесі. Баламның ісіне араласпа. Сен оған тиым салатын ешкім емессің. Ол ер адам.

Айсұлу. Мама, егер Азамат ол қызбен сөйлесуін қоймаса, мен үйден кетемін.

Айсұлудың енесі. Жол ашық. Жар болатын қыз табылады.

Азамат. Айсұлу мен сені ұнатып алған жоқпын. Бәрі анамның өтініші болатын.

Айсұлу (енесіне). Мені ұлыңызға өзіңіз қалап алып, менің жас өмірімді, пәктігімді қорлап, маған мұнша немқұрайлылық танытқаныныз қалай? Көшедегі қыздарға баратын болса несіне ұлыңызға әйел әпердіңіз. Мені келіндікке алдыңыз. Үй тірлігін істеткізу үшін бе?  

Айсұлудың енесі. Сен қызды мен келін қылып алғысы келіп алды дейсің бе? Бәріне кінәлі сенің анаң. Ойбай, қызым бар, дипломы бар деп. Үйден шықпаған, тәрбиелі деп. Қане, тәрбиесі. Тілің екі метр сала-құлаш. Әйтпесе, менің балама қатын болатын қыз жетеді. Ненді міндет қылып тұрсың. Бір дипломыңдыма? Шетелден алғандай қылып.

Айсұлу. Мен ажырасамын.

Айсұлудың енесі. Бар, кет үйден. Ажырасқан әйел кімге керек. Өз отбасына сыймассың. Мұнда көрген азаптың екі есесін көресің әлі өз үйінде.

 

Айсұлу басындағы орамалын шешіп жерге тастап, үйден шығып кетеді.

 

Айсұлу. Сіз уәде еткен бал өмір, сіз қалаған бақытты өмір осы болғаны ма анашым, тұрмысқа шыққанда жақсы өмір сүресің дегенін осы болды ма? Әкемнің қалаған бақытты болашағы өмірі осы ма?

 

14.

 

Айсұлу затын көтеріп үйіңе қайтып келеді.

 

Айсұлудың әкесі. Қызым, жайша жүрсің бе?

Айсұлу. Қайтып келдім, әке. Ол жақ маған арналмаған екен.

 

Дастархан. Кешкі ас. Айсұлуға анасы мен әкесінің сөздері естіледі.

 

Айсұлудың әкесі. Жұрттың қызы екінші баласын босанды. Біздің қыз қайтып келді.

 

Айсұлу үстел басынан тұрып кетеді.

 

15.

 

Айсұлу мектепте жүреді. Мектепке электрик еркек келеді.

 

Электрик. Мені мектепке директор апай шақырып еді. Жарық бұзылып қалды деп. Жарық қайда екен.

Айсұлу. Жарық мына жақта.

Электрик. Сұлу екенсіз. Жолдасыңыз бар шығар?

Айсұлу. Жоқ, мен ажырасқанмын.

Электрик. Айсұлу, мен сізді ұнатып қалдым. Кешке кездессек қалай болады? Бәлкім, жан-жарым боларсыз.

Айсұлу. Мақұл ендеше.

Электрик. Айсұлу сондай сұлу екен. Сірә, маған жар болса еш өкінбес. Я, ол нағыз әйел бақытына лайық жан.

Айсұлу үйіңе келеді. Үйде анасы дастархан жасап жатады.

Айсұлу. Анашым, мені мектепке жұмысқа келген электрик еркек кездесуге шақырды. Шамасы менде ойы бар сияқты.

Айсұлудың анасы. Еркектің ойы ажырасқан басы бос әйелді әурелеу. Ол сені жан-жарым боласың деп әурелеп орта жолда лақтырып кетпесіне кім кепіл?

 

Айсұлу мен электрик еркек қайта тағы кездеседі. Электрик еркек қолына қызыл раушан гүл ұстап келеді.

 

Электрик. Көңілімді қалдырмай келгенініз үшін көп алғыс. Мынау гүл сізге. Анау тұрған ағаштардың саясына барып қыдырайық.

Айсұлу. Жоқ, мен сізбен ешқайда қыдыра алмаймын. Ренжімеңіз.

 

Осылай деген Айсұлу теріс бұрылып кетеді. Электрик еркектің қолындағы гүл жерге түсіп кетеді. Қолына гүлін ұстаған күйі сілейіп тұрып қалады. Айсұлу аялдамада машина күтіп тұрады. Осы кезде басына орамал тартқан келіншек келеді.

 

Айсұлу. Мынау Самал апайдың қызы Сәуле емес пе?!

 

Сәуле екеуі құшақтасып көріседі.

 

Айсұлу. Ауылда қайдан жүрсің?

Сәуле. Анама келгенмінМектеп бітіре сала тұрмысқа шықтым. Үш бала тудым. Қазір күйеуіме керексіз болып қалдым.

 

16.

 

Айсұлудың машинадан түскен сары шашты әйелге көзі түсті.

 

Айсұлу. Айман…

 

Екі әйел отырғышта сөйлесіп отырады. 

 

Әйел 1. Естідің бе, ауылға кезінде осы ауылда тұрған Айман келіпті. Кезінде шетелге оқуға кеткен еді ғой.

Әйел 2. Иә, содан.

Әйел 1. Бағана ауыл әкіміне жолығып, ауылға балалар алаңы мен мектепке жаңа құрылғы әперетін болып келісіпті. Ол қыз қазір Астанада тұратын кәсіпкер екен. Жұбайы екеуіде кәсіпкер екен. Керемет цех ашыпты.

Әйел 2. Шетелде оқығаны текке кетпеген екен. Біздің ауылдан бағы жанған ешкім болмады.

Айсұлу. Сол күні Русланды менсінгенімде қазір Айманның орнында мен болатын ба едім?

 

Айсұлу көрші әйелдің үйіңе келеді. Көрші әйел диванда жатады.

 

Айсұлу. Естідің бе?

Көрші әйел. Нені?

Айсұлу. Кезінде шетелде оқыған құрбымыз ауылға келіпті.

Көрші әйел. Ей, қойшы. Несін айтасың оны? Енді сен айтуға келдің бе? Біз үй тірлігін істеп жүргенде дискотекадан шықпаушы еді ғой. Анау алқаш бүгін тағы ішіп келмесе болды. Түнімен мазаны алды. Маған осыны айту үшін келдің бе?

Айсұлу. Ашытқы бітіп қалыпты.

Көрші әйел. Айнұр…

 

Қызғылт кофта киген үш жастағы қыз жүгіріп шығады. 

 

Көрші әйел. Бар, мына тәтене ас үйден ашытқы әкеліп бер.

 

Шашын екі өрім етіп өрген қараторы тоғыз-он жас шамасындағы қыз шығады.

 

Көрші әйелдің қызы. Анашым, өтініш. Бүгін құрбымның туған күніне барайыншы.

Көрші әйел. Мен саған не дедім. Бармайсың дедім ғой. (Айсұлуға қарап) Қалада құрбысының туған күні екен. Соған жібер деп бағанадан бері миымды жеп ашытып жатыр.

Көрші әйелдің қызы. Анашым, туған күні мейрамханада атап өтеді.

Көрші әйел. Болды, бармайсың дедім. Бар, ағанның кірін жу. Ертең сабаққа киіп барады.

Көрші әйелдің қызы. Ағам қайда?

Көрші әйел. Достарымен футбол ойнап кеткен. Біраздан соң келетін шығар.

Көрші әйелдің қызы. Неге ол ойнайды, ал мен туған күнге бармай, оның кірін жуамын? Себебі ол ұл бала. Ұл бала болса не болыпты? Қазақ қоғамында ұл баланың орны әрдайым жоғары. Үй тірлігімен айналысу қыздың жұмысы.

 

Айсұлу ашытқыны алып көршінің үйінен шығып кетеді.

 

17.

 

Анардан шырын сығу нұсқаулығы.

Анарды екіге бөліңіз, жартысының бірін кесілген жағын төмен қаратып шырынсыққыштың конус тәрізді бөлігіне қойыңыз. Басыңқырап, сағат тіліның бағыты бойынша айналдырыңыз. Сұйықтықтың көп бөлігі шыққан кезде, қалғанын сығу үшін кері бағытта бұраңыз. Осы процесті екінші жартысымен қайталаңыз. Дайын шырынды електен өткізіңіз.

Осы нұсқаулықты орындағанда, шырынсыққыштың ішінде мынадай процесс жүреді:

1. Жанасу және қысым.
Анардың жартысын конус тәрізді бөлікке басқанда, ішіндегі дәндер жаншылады. Қабығы мен ішкі ара
қабырғасы пішінін сақтайды, ал шырынды дәнқапшықтар (ариллалар) қысымнан жарылады.

2. Дәндердің бұзылуы.
Сағат тілі
нің бағыты бойынша айналдырғанда, конус бір уақытта пресс пен үккіш сияқты жұмыс істейді:

— конустағы шығыңқы бөліктер жұмсағына батады,

— дәндердің қабықшасы жыртылады,

— жасушалардан шырын бөлініп шығады. 

3. Шырынның бөлінуі және ағуы.
Бөлінген шырын:

— конус бетімен төмен қарай ағады,

— сүзгі тесіктері арқылы өтеді,

— шырынсыққыштың төменгі бөлігінде жиналады. 

4. Кері бағытта айналдыру.
Бағытты өзгерткенде:

— жұмсақ бөлік қайта таралады,

— толық жаншылмаған дәндер қысымға түседі,

— қалған шырын қосымша сығылады.

5. Жұмсақ бөлік пен дәндерді бөлу.
Ішкі сүзгі болғанына қарамастан, шырында ұсақ бөлшектер мен жұмсақ қалдықтар қалуы мүмкін. Сондықтан соңында електен өткізу:

— қатты бөліктерді ұстап қалады,

- шырынды біркелкі әрі таза етеді.

Қорытынды: шырынсыққыштың ішінде қысым, үйкеліс және ұлпалардың бұзылуы нәтижесінде шырын қатты бөліктерден бөлініп шығады.

Гауһар Ниязымбет

Гауһар Ниязымбет — драматург. Тараз қаласында дүниеге келген. Әңгімелері баспасөз беттерінде жарияланып келеді. Қазіргі уақытта тәлімгер. Шығармалары адам психологиясын зерттеуге арналады.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon