Дактиль
Дамир Амантай
Пьеса «Драмарафон 2026: драматургтердің күресі» микрофестиваль аясында жазылған
Ардақ автобусқа мініп, терезе жанындағы бір орында отырған бейтаныс қыздың жанындағы бос жерге жақындап, жайғаспақшы болады.
Қыз. Өтіп кетейінші.
Қыз есік жаққа барып тұрады. Ардақ отырады. Сол сәтті оның оң жағындағы Періште мен сол жағындағы Шайтан әңгімеге кіріседі. Оны Ардақ қана естиді.
Шайтан. Е, Ардақ? Сен келіп едің, мына қызың атып тұрды. Неге өйтті екен?
Періште. Ей, осы сен жоқ жерден бәле іздегенді қойсаңшы. Түсетін шығар қазір.
Шайтан. Түспесе ше? Қандай пайымға келеміз?
Періште. Отырып-отырып белі ауырған шығар.
Шайтан. Түріне қарасаң, олай емес, Қалай ойлайсың, Ардақ?
Періште. Ей, баланы құр босқа алаңдатпа.
Шайтан. Ардақ, бәлкім дұрыстап жуынбаған шығарсың?
Періште. Ардақжан, тыңдама бұны! Сандырақтай береді! Үстіңді иіскеп әуреленбе, сасып тұрған жоқсың. Жынды ғой бұл! Ми жегенді ғана біледі!
Шайтан. Ой, қайдағы ми жеу? Мен өзекті мәселе көтеріп тұрмын. Ардақ, сен бұл қызға ештеңе деген де жоқсың, істеген де жоқсың! Не себепті қасыңа отырғысы келмей, тұрып кетеді? Әлде тістен аласың ба?
Періште. Жоқ, Ардақжан, бұл қыздың тұрып кетуінде ешқандай гәп жоқ.
Шайтан. Мен олай ойламаймын.
Періште. Түсіп кетеді қазір. Көресің.
Автобус аялдамаға тоқтайды, бірақ қыз түспейді. Шайтан күліп жібереді.
Періште. Ардақжан, бұл көңілге алатын іс емес.
Ардақ. АУЫЗДАРЫҢДЫ ЖАБЫҢДАРШЫ-ЕЙ!
Ардықтың артындағы бір еркек шошып кетеді.
Еркек. Ей, адамды шошытып не көрінді?! Мына телефонда келесі жылы жаман инфляция болады деп үркітіп жатыр! Сен де қосылып зәремді алып!
Ардақ. Ііі… Ұйықтап кетіппін мен!.. Иә!.. Жаман түс көріп!.. Кешіңіріз! Не ғой, ағай, сізден бір нәрсе сұрасам бола ма? Менің түрім, не ғой, сондай қорқынышты түр ме?
Еркек. Інім. Сен мына түріңмен кәндекті де қорқыта алмайсың. Не айтып тұрсың?
Ардақ. А? Жәй. Кешіріңіз.
Ардақ қызға қарайды.
Шайтан. Барып неге тұрдың деп сұрашы!
Періште. Жоқ, Ардақжан, барма. Керек емес.
Шайтан. Бар.
Періште. Барма.
Шайтан мен Періште соңғы сөздерін қайталай береді.
Автобус тоқтап, қыз түседі. Ардақ орнында отыра береді. Періште разы болады.
Дамир Амантай — Алматы қаласында дүниеге келген жас драматург. Бала кезінен әдебиетке құштар болып, жазушы болуды арман еткен. Осы арманын жүзеге асыру мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алып, қазіргі таңда театр саласында қызмет етеді.