Орынгуль Кани

22

Көгілдір айнадағы құпия

Жаздың соңғы күндері. Таңғы Бурабай көлінің беті айнадай жарқырап, аспандағы бұлттардың сынық бейнесін қалтқысыз қайталайтын. Таудың салқын самалы денені сипап өткендей, ормандағы қарағайлар арасынан шыққан құстардың үні тылсым әуенге айналып жететін.

Айнұр ұзақ жол жүріп, бұл жерге жалғыз келді. Қаладағы күндер соңғы айларда оған тым ауыр көрінген. Әр таңда жұмысқа бара жатып, кептелісте тұрып қиналатын. Автобустың ішіндегі иін тірескен адамдардың бір-біріне қарап, қабақ шытып, «әрі тұрсаңшы», — деп сыбырлап, ұрысқаны құлағына сіңіп қалғандай. Жұмыстағы әріптестерінің жалған күлкілері мен артынша айтылатын өсек-аяңы да оның жанын қажытатын. Бір күні кешке аялдамада тұрған қарт әжеге ешкім орын бермегенін көргенде, жүрегі қатты қынжылды. «Адамдар неге осынша қатайып барады?» деген ой маза бермеді. 

Осы сәттерде ол өзін үлкен қаладағы шаңды көшелер мен жасанды қарым-қатынастар арасында тұншыққандай сезінді. Сондықтан да Бурабайға келу оның жан айқайының жауабындай болды.

Көлдің жағасына отырып, мөлдір суға қарады. Су бетіндегі бейнесі өзіне бейтаныс секілді көрінді. Оның ішінен шыққан алғашқы сұрақ: «Неге адамдар арасында жүрсем де, өзімді жалғыз сезінемін?»

Көл беті оның жан дүниесін айнадай қайталайтын: бір сәт тыныш, бір сәт толқып, бірде қоюланып қарауытады.

Қалың қарағайдың арасынан шыққан желдің сыбыры оған әкесінің дауысындай естілді. Кішкентай кезінде қолынан ұстап: «Өмір жолы да орман іспетті, кейде адастырады, бірақ әр ағаштың өз бағыты бар», — деп айтушы еді. Айнұрдың көзінен еріксіз жас ақты. Орман оның жарасын ашып қана қоймай, жанына шипа да сыйлағандай болды.

Кенет алыстан күміс қоңыраудай үн естілді. Ол тау басындағы тастың қасына барып еді, қараса, қарт әжей отыр екен. Шашы аппақ, қолында үкілі асатаяқ.

— Қызым, не іздеп жүрсің? — деді ол күлімсіреп.

— Ішімдегі тыныштықты, — деді Айнұр сыбырлап.

Әжей оған көлге қайта қарауды ишара етті.

— Бұл Бурабайдың көгілдір айнасы. Кім жүрегін ашса, өз бейнесін көреді. Бірақ әр адам қорқынышын да көреді, — деді.

Айнұр қайта үңілді. Бұл жолы су бетінен өзінің жүзін емес, қаладағы шаңды көшелерді, адамдардың қатқыл сөздерін, кешкі жалғыз түндерін көрді. Бірақ солардың арасынан анасының мейірімді көздері, балалық шағының шат күлкісі, достарының шынайы жүздері де жылт етті. Жүрегін жылытып жіберген осы сәттер оған ұмыт қалған қуанышын еске салды.

Ол орнынан тұрды да, қарағайдың иісі сіңген ауаны терең жұтты. Сол сәтте көкжиектен күн сәулесі сығалап, көл беті алтын түске боялды.

Айнұрдың жүзінде үнсіз ғана күлкі пайда болды. Ол қалаға қайтатын жолға қарай аяңдады. Артында қалған Бурабай таулары мен көгілдір айнасы мәңгілікке оның жүрегінде сақталды.

Орынгуль Кани

Орынгуль Кани — ученица 11 класса, пишет прозу и поэзию. Живёт в ауле Бирлик Казалинского района Кызылординской области. Обладатель третьего места республиканского этапа конкурса чтений имени Шерхана Муртазы.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon