Айсұлу Съезхан

89

Опасыз менің ғашығым

***

 

Опасыз менің ғашығым, 

Көңілім сен деп тасыдым.

Көкірек-көзді соқыр ғып,

Айтпадың бірден ашығын...

 

Айтпадың неге ашығын?!

Дәмінен таттым ащы удың.

Тулаған асау мінез жоқ,

Кейідім, семдім, жасыдым.

 

Қымбатым едің, бағалым,

Алдамас деп ем жанарың.

Дүниені сен деп таныдым,

Бағым да сен деп санадым.

 

Тұсаулап бәрін қойғанмын.

Жетпейді күші айлаңның.

Жек көріп кеттім өзіңді

Өтірігіңе тойған күн.

 

Сиқырлы, жаным, сандықпын,

Ащы ма дәмі шындықтың?..

 

 

***

 

Айдан алқа тақпасаң да,

Лағыл жүзік таппасаң да,

Жанымды езіп, таптасаң да,

Ұнатамын сені!

 

Сөзбен тіліп, түйресең де,

Суыққа да сүйресең де,

Ыстығыма күймесең де,

Ұнатамын сені!

 

Құдірет пе төзім сыры?

Бөлек мүлдем сезім жыры.

Басқара алмай падиша-ақыл

Айналғандай жүрек құлы.

 

Өзіңді аңсап қиялданам,

Жанды жұмбақ күй арбаған.

Тағы вальс билейікші,

Көбелектей шыр айналам.

 

Мырзам,  қандай бақыттысың,

Сүйген сәулең жыр арнаған...

 

 

***

 

Тағы да қашықтасың,

жүрсің жырақ.

Мен сені іздемеймін,

жаным, бірақ.

 

Тағы да қашықтасың,

жолың бөлек.

Мен енді жыламаймын,

солай жөн еді...

 

Тағы да қашықтасың,

сынады солай,

Мұңаймаймын да...

неліктен бұлай?

 

Тағы да қашықтасың...

алыстасың...

Анығы — асықпасым,

шалыспасым.

Төзімім таусылса да

мына менің...

Белгілі сезім шырын

тауыспасым.

 

Қашықтық — бізді екіге бөле алмайды,

Қашықтық — сезіміңді жеңе алмайды.

 

Қашықтық — мені саған ынтықтырады,

Қашықтық — қос жүректі бүтін қылады.

 

Қашықтық — ғашықтарға тәтті сынақ,

Бір боласың егер де төзсең шыдап...

 

Қашықтық — Тәңірдің сыйы тосын.

Тілсіз де ұғынысасың сосын, досым.

 

Қашықтық — сүйгеніңнің азабы да,

Қашықтық — махаббаттың ғажабы да!

 

Ғажабы!

 

 

***

 

... Жанымды емдейтін адамым кездесер,

Қатемді көрмейтін адамым кездесер...

(«Кездесер» әнінен)

 

Адамым кездесер деп, сәтімен кез келсе деп әндетемін.

Бір ғажап болады деп, басқа бақ қонады деп әндетемін.

 

Қатені тізбейін деп, үмітті үзбейін деп әндетемін.

Құдайға сенемін деп,  бұйрығын көремін деп әндетемін.

 

Сыйымды берді ме деп, бақытым келді ме деп әндетемін.

Бір күні кездесер деп, бұл сезім мәңгі өсер деп әндетемін.

 

Көліктен тағы естіп,

Әнге елтіп келемін.

Кездесер дей беріп

Сезбедім себебін...

 

Дәл алдымда... бақытым...

Айсұлу Съезхан

Айсұлу Съезхан — ақын. 23 жаста. Астанада тұрады. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. 2019 жылы «Ұлан» газетінің жас тілшісі атанған. «Ақ желкен», «Балбұлақ», «Дертке Дауа», «Егемен Қазақстан» сынды республикалық басылым беттерінде материалдары жарық көрген. М.Әуезовтің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған қалалық эссе байқауының, ғұлама ғалым Қ.И.Сәтбаевтің туғанына 125 жыл толуына орай өткен «Менің халқым менен де биік» қалалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы. «Алматы» телеарнасының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алматы — сүйікті қалам!» республикалық жыр мүшәйрасының II орын иегері. Бүгінде AIQYN газетінің тілшісі.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon