Айжарық Сұлтанқожа

14

Аяқталмаған сезім этюді

Новелла

 

Алматыдан Ақтауға бет алған ұшақ әуежайға қонуға ыңғайлана бергенде бортта жеңіл қарбалас басталды. Жалғас ұйқысынан ояны телефонын тексерді. Сағат түскі бір жарым шамасы, Айнадан хабар келмепті.

Қараша айы еді. Ұшақтың терезесінен жағалаудағы қала көрінді. Ойлағанынан үлкендеу секілді. «Құрметті жолаушылар, біздің ұшағымыз Ақтау әуежайына қонды».

Оны ешкім қарсы алмады, ал Айнамен жағалауда кездесуге уағдаласқан. Сағат бір жарымнан асты, бесін кірген уақыт. Әдетте әуежайлардан намазхана табыла бермейді — ол бір тыныштау бұрышқа барып, асықпай намазын оқып алды. Жайнамазын жинап жатып өзіне берген сертін қайта күбірледі. «Мен оны құдайдан жоғары қойған сәтте, құдай оны менен тартып алады». 

Ақ түсті Toyota көлігі оны Ривера жағалауына жақын көшелердің бірінен түсіріп кетті. Үстінде көзге көренау көкшіл пальтосы бар, арқасында жол сөмкесін асынған, мойынына қара шарф орап, өзіне аса жараса қоймайтын қоңыр баскиім киген Жалғас әдетінше айтылған жерге уағдаласқан уақыттан ерте жетті.

«Мен келдім».

…«хабарлама жеткізілді» деген белгіні күтіп телефонына үздігіп қарап қалды да, кенет бойын бойкүйездік басып, келсе келер дегендей телефонын қалтасына еренсіз сүңгіте салып, теңіз жаққа аяңдай берді. 

Көк теңізге қош келдіңіз, ағай! — Жалғастың ту сыртынан таныс дауыс естілді. Ақырын бұрылып:

— Қош көрдік…

Екеуі қол алысты, бірінің көзіне бірі күле қарасып сәл кідіріп қалды.

Жалғастың қақ алдында ақ тренч киген, арықтау келген, орта бойлы Айна тұрды. Суреттен қанша көргенімен, шын өмірдегі сұлулығына енді куә.  Әсіресе күлкісі.

 

***

 

Ол екеуінің таныстығының басы екі  ай бұрын басталды. Күздің әсері ме, әлде жалғыздықтан болар, сырттай ғана — әлеуметтік желіден танитын Жалғастың парақшасын қарап, алдымен лүпіл тағып кейіннен хаттарына жауап беріп жүріп, не бастағанын өзі түсінбесе де, әдепкі көңілді тәуекелдігіне басып, хат жазысып кеткен еді. Әрине, екі ай деген аса ұзақ уақыт емес, дегенмен бұл екеуі бір-бірін тапқан сәттен бастап, әлденеге кешіккендей бір-біріне деген ынтық сезім үдей берді, күн сайын сезімдер жылып, сөздер батыл, дауыстар бәсең бола бастады. Олар мұның бәрі шындығында жәй ғана ғаламтордағы, өмірдің, әсте бір алдамшы сүйім болуы мүмкін екенін де ескерді, бірақ дауысхаттар мен видеобайластардың легі барған сайын үдей берді. Нөлдер мен бірлерден тұратын байланыс олардің өңіне айналды.

Айна бұған дейін де өзінің тағдырында үлкен бір махаббаттың боларына сенетін. Ол өзінің махаббаттағы келбетін көруге асығатын, сүйікті адамының жанында қалай жаңаша ашылатыны оған қызық. Өзін шынайы түсіне алатын адам табылса, ол бұдан былай зерікпес еді.

 

***

 

Екеуінің басқан адымдары кейде ұйқасып, кейде ұйқаспай жағажайдың бойымен баяу, уақыт белдеулерінің үстімен, бұл әлемнен тыс бір кеңістікте сырғып бара жатты.

Не жайында сөйлескіңіз келеді?

— Білмеймін. Екеуміз барлығы жайлы сөйлесіп қойған секілдіміз, және дәл солай сізге айтпаған әлі талай әңгімем бар. 

— Маған сіздің бас киіміңіз ұнайды. 

— Өтірік айтпа. 

— Жоқ, шын айтам ерекше екен. 

— Қаласаң саған сыйлайын. 

— Жоқ. 

— Бүгін, күн суық. 

— Иә. 

Ол бас киімін шешіп, қызға өзі кигізді.

Айна болса еш қарсыласпай Жалғасқа күле қарапт тұрды да, телефонын шығарып алдыңғы камерасын қосты да екеуін суретке тартты.

Осылай олар, Каспидің жағалауын адымдарымен өлшеп, қай жерге дейін жетсек екеуміздің арамыздағы сезімді түсінер екенбіз дегендей ұзақ жүрді.

Жағалау тастарға солғылып жатқан толқындар, мен Шағалалардың дауысы, бұлар үшін тек сүйемелдеуші оркестр болып тұрды.

Сосын үнсіз келіп жағалаудағы скамейкалардың біріне жайғасты. Жалғас — теңізді, оның алып толқындарының легі жағалау тастардың маңдайын шайып жатқанын, шағалалардың дауысына мән берді, ол айналасын сонда ғана байқағандай болды.

Әлдебір үнсіздіктен кейін қыз әлгінде бір есітіген сөздерді қайта айтты, 

— Шын жүрек бір жүрек.  

Сенімсіз айтты, өзі сенбейтіндей, барлық адамдар ұша алады дегендей айтты. егер қазір, не болашақта әлдекімге сүйем дейтін болса ол сөздің өзі өкпесінен ауа ұрлап шығып алқымынан шыққанша суып үлгере ме деп қорықты.

Жігіт ше? 

«Шын жүрек — бір жүрек». Жігіттің ішінде әлгі сөздер еш жаңғырық таппады. Ол өзінің жүрегін тыңдаудан қалған. Кезекшілігі аяқталғаннан кейін қаруын өткізетін сақшыдай енді оны қайтем дегендей жүрді. Ойлау керек болса, құдайын ойлайтын, ал басқа қыз баласына деген сезім оның қалауында жоқ еді, өткеннің жарасынан айықпаған ол, өзін ешкімге арнай алмаспын деп шешкен, Айнаны жолықтырғаннан кейін де, бір жүрегі қалтасында жүретін.

Дәл осылай екеуі өздеріне беймәлім бір қағиданың қасында тұрды, шын жүрек -  бір жүрек. Ұмыт болған шахардың қирандысына келген туристтер секілді екеуі өз іштеріне үңілумен болды, бір-біріне ұсынар махаббаттары жоқ, бірақ бар. Қарашаның соңғы жылы күнінде жолыққандай, кім қайда барарын кім кімді қайда апарарын біле алмай дал.

Мен кейде өзімнің жастығымнан жерінем, деді сосын Айна. өзімнің мінезімнен… бала қылықтарымнан…  ал кейде керісінше осы бір кезімнің есерсоқтығын барынша сарқып қалғым келеді.

— Сіздің, жастығыңыз емделмейді… ол да сүт тістеріңіз секілді жылдар өте түсіп, орнына сабырлы, байыпты Айна келеді… романтикалық қажеттілігі азайған Айна, ал оған мен ұнай қоймаспын. 

— Қайдан, білесің? 

— Білмеймін, адамдар ешкімді мәңгі жақсы көре алмайтын сияқты көрінеді маған. 

Екеуі қайтадан үнсіз қалды. Жалғасқа алайда бара-бара арадағы үнсіздік қиынға түсіп, өзінің үндемеуі керегін білсе де, санасынан әлдебір сылтауларды қармаумен болды. Үнсіздікті Айна бірінші бұзды.

Айтыңызшы, бұның бәрі не болуы мүмкін? деді Айна Жалғастың көзіне тіке қарамай мойыннан төмен бұғана тұсына көзін қадап.

— Ойын шығар. 

Уақытша ойын ба?

— Екеуміз де жеңе алмайтын ойын. 

— Неге? 

— Өйткені біз өзімізге әлі оралмадық, ал онсыз махаббат мүмкін емес… бірақ мен, барынша ұзақ ойнауға бармын. Маған осы да жетеді. 

— Бұл ұзаққа бармайды дегіңіз келе ме? 

— Білмеймін бірақ, маған осы да жетеді.

Екеуі де әрі қарай сөзін жалғаған жоқ. Екеуі де ендігі үнсіздікті бұзбасын білген Айна, шаршағанын түсінді де Жалғастың иығына басын қойды… жәй ғана, ешбір дайындықсыз еш кіріспесіз, ұзақ ойлардың шеруіне бармай ақ, жағалауда отырған қыз бен жігіт екені рас болса, екеуінің осыған дейінгі әңгімелері рас болса, онда оның ұйқыға кетердей болып, қаршадай басын ғана емес өз ойларының салмағын Жалғастың иығына салуы, орынды. 

Жалғас болса алғашында ине сұғып алғандай болды да, кенет есін жыйып бір қолымен Айнаны қүшағына аздап өзіне тартқан күйі үнсіз көкжиекке қарап қалды. Қыздың басы оның бұғанасына жұмсақ қардың ұлпасындай болып қонды да, әтірімен бірге жылы леп беріп тұрды.

Осылай өткір жалғыздық, екеуінің де ішінде, қуыстанып барып, өз орнын ойып, қаңсытып тұрып алған бір азынақ жалғыздық оларды бір біріне тартты. Тартты да ақыры табыстырды, алыстан адуындап келген толқын алайда дәл жағаға жеткенде неге шарпи бас салмады. Неге екеуі бірінің құшағында бірі еріп көбік болып жоқ болып кетпеді екен.

Екеуіде ертең бір-біріне жат болып кетсек қайтеміз дейтін күмәннің қияр құзында тұрды. Сосын Жалғас Айнаның қолын өз қолына алды, алғаш алды, құдды бір шындық емес секілді. Мен сенің қолыңды осылай ұстасам қалай дегендей. Әлі ұстаған жоқ секілді, шын қойылымның алдындағы репетиция секілді алды. Сол бір сәттері қанша аяулы болса, соншалық салмақсыз көрінді. 

Бұл шынайы болуы үшін тым тәтті, тым ыстық. Құдайдың алдында күнәлі екеніне екеуі де сенімсіз. Күнәлі болмаса да бірі болашағының алдында бірі өткенінің алдында кінәлі адамдарша, осы бір жағалауда жолыққаны.

Қандай қарапайым нәрсе, екі адам өз жылуымен бөлісіп, әлемнің суықтығынан бірер сәт болсын дамыл тапқан түрі. Бәлкім екеуінің де тым ұзақ уақыт бойы суық тартып, тоңазыған қаланың көшелері мен дымқыл дәліздерінде, адасып кеткендігі де, қазіргі күйін сондай тапшы еткен шығар. Соңғы рет «бейтаныс» адамнан осындай жақындықты қашан сезінді екен. Жалғас құшағын ашып Айнаны өзіне тарта түсті де құшақтаған күйі ұйықтап не ұмытылып кеткісі келді. Екеуі бір бірінің тынысын еститіндей жақын еді. 

 

***

 

Сағат кешкі жеті шамасы. Жағалауда кешке дейін серуендеген екеуі күздің суығынан қашып, такси шақырды. Жылынып, тамақтанып алуға қала мейрамханаларының біріне баратын болды.

Бәсең жарық пен баяу әуен, ақ тарелкалар мен даяршылардың ақ жейделері. Жапырақтар күзде құлаған кезде, мүлгіген тыныштық болмаса олардың сықыр еткен баяу хорын ести алмайсың. Сол секілді, екеуінің арасындағы осы бір жиі үнсіз қалуы болмаса олардың не үшін бір бірін әлі жібергісі келмейтінін түсіну мүмкін болмас еді. 

Кенет Айна, оң қолындағы сақинасын айналдырып отырып, өтірік жымия Жалғасқа қарады. 

Иә?.. деді Жалғас, өзінің де күліп тұрғанын байқамай.

— Ештеңе. 

Жалғас қыздың онысы екеуін күтіп тұрған қоштасу сәтінің жақындағанын ойлағаннан деп түсінді.

Алматыға кел.

— Жоқ.

— Неге? 

— Ол жақта не бар. Сіз үшін мен теңіз жағасындағы тылсым бір жан болып қалғаным дұрыс шығар. 

— Әлде керісінше, сен өзің сондай болуды қалап тұрған шығарсың. 

— Бәлкім… Біз біреудің есінде үнемі әдемі болып қалғымыз келеді, бас аяғы бар шығармадай. Бәлкім, повесть, бәлкім жәй шумақ. - деді Айна, үстелдегі фужерлердің бірін алып. 

— Кітап ше?

— Сіз екеуміздің арамыз әлі кітаптың ұзақтығына жете қойған жоқ, жетуі де екіталай. 

Жалғас, әлдене деп сөз қуғысы келді де, дер кезінде өзін тоқтатып үлгерді. Ол сосын Айнаның қолын ұстауға оқталды бірақ Айнаның сол сәтте алыс бір жаққа өзінің өмірінің кезекті көрсетіліміне, ойша кіріп кеткенін сезді. 

 

***

 

Камера, дауыс.

Ол — Айна. Он сегізі кеше болғандай, бұл өмірде әлі көрері көп, бақыттың дәміне жерік жастық шағын өткеріп жүр. Жабығып не жалығып жүргенін білмей, таң азанмен сабағына барады, салқын аудиторияда отырып ойлары сан саққа жүгіреді, университеттен қаланың көшесіне шығады да, бұл қалаға дым сыймайтынын, бұл қалада оның жастық әні шырқалмауы қажет секілді ойлар басады. Тым таныс алаңдар мен ғимараттар, суық адамдар, олардың сөздері мен көз қарастары, бәрі сол баяғы қала. Оны алдарқатар тек теңіз ғана, оның өзі, бұның жағада қалып қойғанына кінәлап, алыс жаққа неге кетіп қалмайсың дейтіндей. Өмірдің өтіп жатқанын сезбейсің бе ақымақ? Әр соққан толқын жартасқа емес оның кеудесіне қағылып, болашаққа деген сағынышын үдете түседі. Сосын арада бірнеше күн өтпей-ақ бұл дауыстардың бірі де естілмей, жоқ болып, әдепкі өмір қайта жалғасады.

Мен қателескім келеді Жалғас, деді, ол Жалғасқа әлгі ойларының соңғы нотасын ғана естіртіп.

Жалғас, абдырап қалған жоқ, жәй ғана таныс мақамды ілгендей.

— Түсінемін, — деді. 

Түсінгенізіден еш пайда жоқ. Сіз өз қателіктеріңізді әлдеқашан жасап қойғансыз. Сіз салмақтысыз, өзіңіздің кім екеніңізді білесіз, нені қалайтыныңызды білесіз, және сіз оған ақылмен емес, өз өміріңізді сүріп жүріп түсіндіңіз.

— Енді, осы күйімде апарып өзімді музейге тапсыр дейсің бе?

— …Сізге, қасыңызда сізге қарайлап жүретін әйел керек? 

— Саған ше? Саған күйеу керек емес пе?

— Маған, күйеу керек емес, маған мені түсінетін адам керек. 

Жалғас жауап бермеді. Ойларының тым тез өрбіп жатқанын байқады да, бойын тіктеп, орындыққа шалқая жайғасты да, Айнаға ұзақ қараумен болды. 

Демек мен сені, түсіне алмасам керек, деді де Жалғас біраз жыл қойып кетсе де ара кідік келетін темекі тартуға деген қалауын сезді.

— Олай да емес… біз тек билеттерін шатастырып алған пассажирлер секілдіміз, сіз де мен де бұл вагонда болмауымыз қажет. 

— Ал поезд қайда бара жатыр? 

— Болашаққа, әрине. 

— Мейлі, солай-ақ болсын. 

— Солай, дәл солай. 

— Ал өзің, бүгін не сезіндің? 

— Мен бәрін сезіндім, мен сіз келеді дегенде қобалжыдым, дайындалдым, мұның бәрі шын, және тәтті. Мен бүгінгі күнімізге шын алғыстымын, сізге де, тағдырға да. 

— Қоштасу сөзін айтып тұрсыз ба? 

Жоқ, менің, ойымша Адам адамға аманат, ал мен дәл қазір аманат арқалағым келіп тұрған жоқ.

— Жақсы, дегеніңіз болсын, тақырыпты ауыстырайықшы, бұл қалада, екеуіміз ақыры кездесіп, бірге өткізер соңғы кешімді, қарым-қатынас жайлы талқымен өткізгім келмейді. 

— Табылған ақыл, — деді де екеуі, екеуіне ғана ортақ тақырыптардың каталогын ашып десертке не жесек болады дегендей, ақырын парақтай бастады.

 

*** 

 

Көп ұзамай қоштасар сәт те жақындады. Ұшақ кешкі он екі шамасында. Айна ол кезге дейін жүре алмайтынын айтып Жалғасты қаладан шығарып салатын болды. Екеуі орталық көшелерді тағы бір аралап, уақыты таяп такси шақыратын сәтті барынша соза түсті.

Такси келгенде Жалғас, Айнаға, күртесінің қиырын бүктеп тұрған оның  қолдарына қарады. Оның бала тұрысы неге екені, Жалғастың жанына батты. Оның орнында ол жиырмасына енді мінген жас жігіт болса қарамас еді ғой, көтеріп алып кете берер ме еді. Бірақ Айна, Айнаның жаны, оның жалғыздығына пара-пар ма? Екеуі бір-бірінің тағдырдың көкжиегіне бірге қарауға дайын ба?  

Айна болса, тезірек үйге қайтқысы келді, тым ұзап кеткен күіннің ақыры қалай аяқталса да, үйде жылы төсекте отырып ойланғысы келді. Екеуі қоштасарда құшақтаспай, бастарын сәл изегендей болып, бірінің көзіне бірі аңди қарап қалды. Бұл олардың соңғы кездесуі ме әлде болашақтың оларға дайындаған екінші шумағы бар ма, онысын олар біле алмады. 

Айжарық Сұлтанқожа

Айжарық Сұлтанқожа – ақын, аудармашы, драматург. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. 2016 жылы Сүлеймен Демирел атындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған. «телеграмма қабылдап алыңызшы» атты өлеңдер жинағының авторы.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon