Бақыт Жалиева

5

Реалистік драматургия дәстүрі және жаңа формалық ізденістер

Қазіргі дамыған мемлекеттерде драматургия — тек сахналық қойылым ғана емес, бүкіл мәдени индустрияның жүрегі деуге болады. Жаһандандық өзгеріс ол тек театрмен ғана шектелмейді, кино,  анимация, подкаст, перформанс, мюзикл, иммерсивті театр сияқты бағыттарда да дамып келеді. Бұл әсіресе Америка, Ұлыбритания, Франция, Германия сияқты елдерден байқауға болады.

XXI ғасыр  жаһандану дәуірі, дегенмен елімізге әлі де болса драматургия бағытына жаңаша өзгерістер жаңа леп секілді біртіндеп енуде.  Жаһандық өзгеріс — мәдениет, өнер, әдебиет салаларын да айналып өткен жоқ. Әлемдік мәдени кеңістікте әр ұлттың мәдениеті мен рухани болмысы қатар өріліп, бір-бірімен тығыз қарым-қатынасқа түсуде. Соңғы уақытта қазақстандық драматургия да өзіндік үнін табуға, әлемдік театр сахнасында өз орнын иеленуге тырысып келеді. Реалистік драматургия өмірдің шынайы көріністерін сахнада көрсетуге, қарапайым адамдардың тағдырын, қоғамдағы өзекті мәселелерді көрерменнің жүрегіне жеткізуге бағытталған. Бұл бағытта кейіпкердің жан дүниесіне терең үңілу, өмірлік тартыстар мен қайшылықтарды шынайы бейнелеу басты мәселе боп келеді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін  елімізде драматургия жаңа бағытқа бет бұрды. Қоғамдық-саяси өзгерістер, ұлттық сана-сезімнің жаңғыруы мен еркін ойлау осы кезеңде жаңа қарқынмен дами бастады. Айта кетсек тәжірибе алмасу мақсатында қазақ авторлары өз пьесаларында шет ел мәдениетін бейнелеп, жаһандық мәселелерді, сондай-ақ фантастика, детектив жанрларын кірістіре бастады. Мюзикл мен монопьеса бағыттары да заманауи театр өнерінің бір бөлігіне айналып келеді. Бұл дегеніміз реализм бағытынан біртіндеп басқа бағыттарға көшу.

Кеңестік кезеңде Қазақстан театрларында опера мен оперетта басым болды, ал батыс үлгісіндегі классикалық мюзиклдер сирек қойылды. 21 ғасырдың басынан бастап елімізде заманауи қойылымдарға қызығушылық арта бастады. Соның ішінде «Нотр дам де Париж», «Ромео мен Джульетта сияқты» шетелдік мюзиклдердің адаптациялары жасалды. Сол секілді елімізде де ұлттық негіздегі мюзикл жасауға да ұмтылыстар бар, мысалы «Қыз Жібек» сияқты эпостар жаңа интерпретацияда қойылуда.

Мысалы, Нью-Йорктағы Бродвей — әлемдегі ең ірі әрі табысты мюзикл сахнасы. Жыл сайын ол миллиардтаған табыс әкеледі. Мюзиклдер бірнеше рет қойылып, жылдар бойы сахнадан түспейді.  Сол секілді елімізде мюзикл жанрын дамытып, драматург, композитор, режиссер барлығы бірлесе жұмыс жасап, аталған жанрдың дамуына ықпал етсе, бізде де үлкен сұранысқа ие болар деген ой. 

Монопьеса жанрын алатын болсақ 2000 жылдардан бастап кәсіби сахналарда жиі қойыла бастады. Қазіргі уақытта жастар театры мен тәуелсіз студияларда әлеуметтік тақырыптарға арналған авторлық монопьесалар дамып келеді. Монопьеса бағытының дамуын жаһандану мәселесімен байланыстырар болсақ оның қоғамдық-саяси рөліне тоқтамай кетуге болмайды. Монопьеса арқылы қоғамдағы өткір мәселелерді ашық жеткізуге мүмкіндік беретін еркін форма. Қазіргі таңда мүгедектік, гендер, жалғыздық, азаматтық белсенділік сияқты тақырыптарды моноформатта жиі көрсетіледі. 

Соңғы кездері драматургтер тек пьеса жазумен ғана емес, қойылым концепциясын, сахналық тілдің жаңа түрлерін жасап, визуализация мен режиссурамен тығыз байланыста жұмыс істейді. Уақыт алға жылжыған сайын драматургияда тек мазмұн ғана емес, форма жағынан да өзгеріс, ізденіс қажеттілігі туындайды. Қазіргі заман драматургиясы тек шындықты бейнелеумен шектелмейді, ол шындықты көркемдік пен символикалық деңгейде жеткізуге тырысады. Постмодерндік тәсілдер, абсурд театры, документалистика, моноспектакль формалары – осы ізденістердің нәтижесі.

Қазақ драматургиясын жаңа деңгейге көтеру үшін жаңашыл форматтар мен тиәжірибелерді қолдану қажет.  Айта кететін болсақ, мюзикл мен монопьеса синтезін жасау. Мысалға Абайдың өмірі мен өлеңдерін музыкамен көркемдеп, ұлттық форматта қазақ мюзиклын жасау.

Нью-Йорк, Берлин, Лондон қалаларында иммерсивті театр үлкен сұранысқа ие. Мұнда көрермен жай бақылаушы емес, оқиғаға белсенді қатысушы ретінде болады. Бұл формат драматургияның кеңеюі мен интерактивті сахна тілінің дамуына әсер ететіні айқын. Алайда елімізде бұл бағыт әлі дами қойған жоқ, егер осындаай жаңашыл бағыттарды енгізетін болсақ театрларымыздың жаңа деңгейге шығатыны сөзсіз.

Соңғы уақытта қазақ авторлары өз пьесаларында жаһандық мәселелерді миграция, тіл мен мәдениет қақтығысы, жаһандық климаттың өзгеруі сияқты тақырыптарды көтере бастады. Жастардың болашағы, гендерлік теңдік, отбасылық құндылықтардың дағдарысы, коррупция, урбанизация сынды мәселелер драмаларда кең көрініс табуда.

Дегенмен, осыған қарамастан қазақстандық драматургия бірқатар қиындықтарға тап болуда. Айта кетсек кәсіби драматургтердің жетіспеушілігі, жаңашыл драматургияны қолдау тетіктерінің әлсіздігі, мемлекеттік деңгейде жаңа драманы насихаттау мен қолдау механизмдері жүйесіздігі.

Театр мен драматург арасындағы байланыстың әлсіздігі: Театр репертуарлары көбінесе классикаға немесе аударма пьесаларға сүйеніп отыр, бұл жергілікті авторларға сахнадан орын табуды қиындатады, себебі қазақ драматургтерінің шығармалары шет тілдеріне аз аударылады, халықаралық фестивальдерге қатысу көрсеткіші төмен.

Қазіргі таңда қазақстандық драматургия жаһандық кеңістікте өзін таныту жолында күрделі, бірақ маңызды кезеңді бастан өткеріп отыр. Ұлттық болмыс пен заманауи көзқарасты ұштастыра отырып, қазіргі драматургтер әлемдік сахнаға шығудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуде. Бұл ретте мемлекет пен қоғам  ынтымақтастық өте маңызды. Жаһандану — қауіп қана емес, мүмкіндік те. Егер бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалансақ, қазақ драматургиясы әлемдік мәдени кеңістікте лайықты орнын табары сөзсіз.

Реалистік драматургиядан жаһандық деңгейге өту — мәдени бәсекеге қабілетті болудың басты шарты. Қазақ драматургиясы әлемдік сахнаға шығуы үшін алдымен заманауи тақырыптарды қозғап, халықаралық аудиторияға ұсына білу қажет.  Өкінішке орай театр сахнасы әлі де ескі форматта жұмыс істеп келеді, көрерменнің талғамы мен әлемдік өзгерістер ескерілмейді.  Ұлттық драматургия әлемдік сахнаға шығуы үшін сапалы аудармалар, кәсіби режиссерлармен жұмыс, фестивальдерге қатысу қажет. Қазіргі уақытта бұл бағытта жеке бастамалар болғанымен, жүйелі мемлекеттік қолдау жеткіліксіз.

Ұлттық драматургияны жаңа деңгейге көтеру үшін жас жазушыларды оқыту басты қажеттілік. Театр-фестивальдар мен драматургиялық конкурстар жиі өткізіліп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе жаңа қарқынмен дамитыны сөзсіз. Сонымен қатар қазіргі заманғы пьесаларды іріктейтін, халықаралық театр сыншылары мен көрермендердің назарына ұсынатын алаңдарды жиі ұйымдастырып, пьесаларды цифрлық форматта шығару қажет. Жас көрерменге жол табудың тиімді тәсілдері (әлеуметтік желілерге) қойылымдарды жариялау. Ең бастысы қазақ драматургиясы арқылы еліміздің мәдениетін шет елдерге таныту.

Қазақ драматургиясы — ұлттық рухтың, тарихтың, қоғамның айнасы боп табылғандықтан сахна өнерінің бір тармағы ғана емес, халықтың мәдениетін сақтайтын маңызды құрал. 

Жаһандық контекстте ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, заманға сай бағыт ұстану — драматургияны жаңа деңгейге шығарып, әлем сахнасына шығару басты міндет.                               

Бақыт Жалиева

Бақыт Жалиева — жазушы, драматург. Мамандығы педагог-дефектолог. Оралхан Бөкей атындағы «Ауыл хикаялары» 2022 жылы Республикалық байқауының ІІ орын, Кемел Тоқаев атындағы Республикалық детектив байқауының 2022 ІІ орын жүлдегері. 2024 жылы Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы Республикалық драматургия байқауының бас жүлдегері, «Алтын қалам-2024» байқауының үздік детектив номинациясы бойынша жүлдегері.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon