Дактиль
Ақмарал Айтбаева
Мен еліміздің Оңтүстік аймағында туып-өстім. Біздің жақта елдің солтүстік не шығыс аймақтарына қарағанда әйел адамға деген көзқарас әлдеқайда ерекшеленеді. Яғни талап, тыйым көп, таңдау аз. Мен жай ғана өз мысалымда сөз бастағым келеді. Мектепте оқып жүргенде ішкі ойларымды, толғаныстарымды жазғанды қатты ұнататынмын. Бірақ, олардың нағыз мені сипаттайтын парақтары елеусіз, жастығымның астында қалды. Тек, патриоттық тақырыптағы, ел, жер, табиғат жайлысы ғана жарыққа шығуға мүмкіндік алды. Себебі, әйелдің махаббат, сезім, күй жайлы жазуы дәл сол қоғамда оғаш, қауіпті көрінетін. Тағы бір мысал, ғашықтық жайлы өліп-өшкен өлең жолдарын ер жігіт жазса, ол — жігіттің сабазы болатын. Ал, қыз баласы жазса, оның «бірдеңесі дұрыс емес», «таза емес» деген кір-атқа қалуы бек-мүмкін еді.
Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, ақын-жазушылар арасында әйелдерге қарағанда ерлер орасан басым. Әйте де, елімізде әйел жазушылар мен драматургтер жоқ емес, бірақ, саусақпен санарлықтай. Әйел затының білім алуға құқық алғанға дейін де, кейін де осылай болды. Оның себебі, менің ойымша, дәл осы дәстүршіл қазақ қоғамы. Осылай талай қазақ қызы, талай қазақ әйелі елдің сөзінен қашып, тұрмыстың тұңғиығына батып, өлеңін, ойларын тұншықтырып тастады. Онымен қоймай, азаматына жол беріп, өзі баланың, шаңырақтың қамымен қалды. Олардың арасында небір Сара Кейндер мен Тони Моррисондар болған да шығар... Мені осы дүние қатты толғандырады.
Дегенмен, соңғы он жылдықта елімізде әр тұстан әйел затының «дауысы» шыға бастаған секілді. Олар жан айқайын айтуға, қуанғанын, жылағанын, «таяқ жегенін», еркіндігін білдіруге күш тапқандай. Солай болуы да керек. Себебі, Ақбілектің мұң-шерін Аймауытов емес, онымен жаны үндес әйел жазушы жазса, мүлде басқа романды оқыр ма едік... Сол секілді, қоғамда әйел адамның көзқарасымен жеткізер, айтылар, жазылар дүние көп. Бірақ, әйелге деген әлімжеттік, зорлық-зомбылық, тұрмыстық жүк, қоғамдық стереотип әйел затының фольклордағы біз оқыған символдық бейнесін шайқап жібергендей. Жыр-дастандар мен ертегідегі ұршық иіріп, әндетіп, баласына еміреніп отырған әйелдің мамыражай бейнесі өзгерді. Ол қазір заманға ілесуге талпынған, арқадағы тонна жүгімен қажып, сүрініп-құлап келе жатқан жанталас көрініске алмасқандай менің санамда... Себебі әйел — періште, не пері емес. Әйел — батыл, кемшілікті, шынайы бейне. Әйел жылап қана қоймайды, қарсы тұрады. Әйел тек ана немесе жар емес. Ол қателесетін, ізденетін, үміттенетін адам. Бұл — репрезентация. Репрезентация мен үшін — өзімнің шындығымды кейіпкер арқылы сахнаға шығару. Бұл — «мен» деу ғана емес, «біз» деп сөйлеу. Әйел драматург әйел бейнесін мінсіз емес, шынайы етіп көрсетуге мүдделі. Себебі мінсіздік - кейіпкерді шындықтан алыстатады, ал шындық көрерменге жақындатады.
Сәйкесінше, қазіргі қазақстандық драматургияда әйел авторлар көшін бастап тұрған — Роза Мұқанованың «Бопай ханым» драмасы арқылы тарихтағы әйел бейнесі жаңаша сомдалса, Айдана Аламанның «Жүрегімнің иесінде» әйелдің жалғыздығы, жан сыры әйелдік таныммен ақтарылды. Галина Пьянова сахналаған «Ұят» жобасы әйелдің әлеуметтік шындығын театр тілімен жеткізе алды. Бұл — әйелдердің сахнада өз болмысын айтуға ұмтылған заманауи репрезентация формалары. Олар да, мен де, сахнада әйелдің бұрын үнсіз болған кеңістіктеріне жан бітіргіміз келеді.
Almaty Writing Residency — мен үшін шығармашылық тұрғыдан ғана емес, рухани реабилитация алаңы іспетті. Бұл жобада заманауи қазақ әйелінің ішкі конфликтісін, әлеуметтік қысым мен өзін-өзі табу жолындағы ішкі дауысын зерттегім келеді.
Қоғамдағы әйел бейнесі сахнада үнемі өзгеріп отырады. Бұрынғы заман пьесаларында әйел көбіне архаикалық рольдермен шектелетін: ол — ана, жар, құрбан немесе періштедей пәк бейне. Бірақ уақыт өте келе заманауи драматургия да, сахналық кеңістік те әйел болмысын жан-жақты тануға, оның ішкі дауысы мен қайшылығын көруге ұмтыла бастады. Бұл трансформация — әлеуметтік құбылыс.
Сахнада әйел бейнесінің өзгеруіне бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, қоғамдағы әйелдің әлеуметтік статусы кеңейіп, оның рөлі күрделене түсті. Екіншіден, сахнаға әйел драматургтер келді. Олар бұрын ерлер жаза бермеген, не айтуға батпаған тақырыптарды қозғай бастады. Үйдегі эмоционалды қысым, ана мен баланың психологиялық байланысы, дене мен рух еркіндігі, әйелдің ішкі шекарасы, тіпті «ұят» ұғымының әйел психологиясына әсері сияқты тақырыптар сахнаға жол тартты. Мысалы замануи өнер кеңістігі Трансформадағы «Қыз қуу», Өзге-Епиктегі «Естілмейтін үн» сынды жобалар сөзіме дәйек бола алады.
Бүгінгі көрермен бұрынғыдай классикалық трагедиядағы «мүлгіген» әйелді емес, ішкі арпалыстағы, күрделі шешімдер қабылдайтын, қоғаммен бетпе-бет келетін заманауи әйелді көргісі келетін іспетті. Бұл — көрермен мен драматург арасындағы үнсіз келісім. Меніңше, қазіргі сахнадағы әйел бейнесі — әлеуметтік рөлдерден шаршаған, бірақ рухы сынбаған бейне. Ол — ішкі дауысы үшін күресіп жүрген адам. Ол — анасын кешіре алмаған қыз. Ол — әйел екенін ұмытпай, өз таңдауын қорғай білген тұлға. Бұл образдар бір ғана сахналық кейіпкермен шектелмейді. Олар әр қойылымда, әр мәтінде түрленіп, жаңа пішінге енеді.
Жаңа драматургияда әйел бейнесінің шынайылығы артқан сайын, сахна да шынайы өмірге жақындай түседі. Бұл өзгерісті әйел авторларсыз елестету мүмкін емес. Себебі олар сол бейнелердің ішінен шыққан, сол үнсіздікті бастан кешкен, сол қоғамда өмір сүріп жүрген жандар. Сондықтан олардың өздерін мәтінде репрезентациялауы және қазақстандық қоғамдағы проблемаларға көзқарас нүктесі маңызды деп білемін.
Мен де сол дауысқа өз дауысымды қосқым келеді.
Ақмарал Айтбаева — драматург, сценарист. 8 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Кинотеледраматургия» мамандығы бойынша жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың шеберханасында білім алып, өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін қорғады. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрады. Шығармашылық жолын 2018 жылы «Қазығұртфильм» киностудиясының ұйымдастыруымен өткен «Позитив» кинофестивалінде редакторлықтан бастағаннан бері БАҚ, медиа, театр және кино салаларында бірқатар қызметтер атқарып келеді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Әдебиет» бөлімінде, Oner.kz сайтында, «Отырар» телеарнасында және түрлі мәдени жобаларда еңбек етті. Қазіргі уақытта жергілікті балалар киностудиясында дербес сценарист. Сондай-ақ, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, «Өнер» кафедрасында педагогика саласына аяқ басты. Балалар мен жасөспірімдерге арналған елуден астам қысқаметражды жобаның, сондай-ақ «Балапан», «Астана» телеарналары үшін түсірілген бірнеше телехикаялардың авторы. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында сахналанған режиссер Н. Дубстың «Екеуміз» спектаклінің көркем аудармасын жасады. (Пьеса авторы — Олжас Жанайдаров. Түпнұсқада атауы — «Двое в кафе»).