Аманжол Қазыбек

19

Қазіргі қазақстандық театр заманауи отандық драматургияға неге аса мүдделі емес және бұл жағдайды қалай өзгертуге болады?

І – акт

«Театр заманауи отандық драматургияға неге аса мүдделі емес»

 

1 – бөлім

 

Қазіргі қазақстандық театр шыны керек алға ілгерілеп келеді, кино, рилс, тик ток, сериал мен ток шоу қарқынды дамыған сайын театрға да сұраныс азаймай керісінше дами түсуде. Билеттер де қымбаттап, көрермен санының келуі, тіпті билет жетпей жатқан сәттер де қайталануда. Бірақ бір қызығы көрермендер өзге емес өз авторларымыздың шығармаларына көп келеді. Бұрын студент шағымызда Шекспир мен Чеховты ойнау қызық еді, әлі де қызық әрине. Бірақ біздің елдегі көрермендерге қанша жерден Ромеоның махаббатын мінсіз ойнасаңда, сені Төлегенді ойнағаныңдай қабылдамайды, Гамлет боп түңілгеніңді көргенде, Оралханның Атау кересіндегі мұң мен назыңды әлде қайда жанына жақын етіп түсінеді. Сонда қарап отырып таң қаласың. Қанша жерден шет елдік классика ол биік қой, бір өз әдебиетіміз терең. Қазіргі театрлар осыны жайлап түсініп келеді. Онысы қуантады. Бірақ. Әзірге қазақстандық авторлардың заманауи драматургиясы сәл ақсаңдап жүріп келеді. Осы тұрғыда ақсаңдап жүріп келеді дегенге назар аудару керек сияқты. Өйткені ол әйтеуір жүріп келеді, бір орында тұрған жоқ. Кемі бір театрда бір заманауи автордың бір шығармасы бар. Ол жақсы ғой, мәскеу бір күнде құрылмады дей ме?

 

2 – бөлім

 

Өз басым мен қазақстандық театрға 3 позиция бойынша қараймын, бірі өзімнің мамандығым актер ретінде, екіншісі заманауи автор драматург ретінде, және театрды сүйетін көрермен ретінде. Осы 3 позиция тұрғысында заманауи драматургияға театр неге мүдделі емес деген сұраққа жауап беріп көрейін. Бірінші актер ретіндегі позициям «Мен неге заманауи драматургияны ойнағым келмейді, өйткені:

— бұл жақта бір автордың жеке позициясы басым;

— кейіпкерлер қызықсыз;

— бұны жазған адам кейін бұны актер ойнайды деп ойлады ма?»

Екінші драматург ретіндегі позициям, «неге заманауи драматургияны оқығым келмейді, өйткені:

— бірінші парағынан ақ іш пыстырады;

— еркіндік деп сахна шарттарын мүлде жоғалтқан».

Үшінші көрермен ретіндегі позициям, «неге мен заманауи драматургиямен қойылған спектакльді көре алмаймын, өйткені:

— мен көріп жүрген адамдар бұлай сөйлемейді;

— ситуация сенім тудырмайды;

— актерлердің өздері әрең ойнап жүр».

Иә менің бұл 3 түрлі позициям менің драматургияға келуімнің басты себебі болды. Әрине мен барлық заманауи отандық авторларды меңзеп тұрғаным жоқ, бірақ көбінен соны байқаймын. Заманауи драматургия, тенденция деп кейде автор өзімшілдікке басып өз проблемаларын көтеремге салып ақыл айтып, кейіпкердің жанына жат сөздер мен істерді жазып қояды, әрі еркіндікті айтамын деп саясат пен үкіметті жамандауға да барады. Міне осыдан заманауи театрлар заманауи авторлардан, драматургиядан қашады.

 

ІІ – акт

«Бұл жағдайды қалай өзгертуге болады»

 

1 – бөлім

 

Заманауи авторлар театрлармен тығыз байланыста болуы қажет, әсіресе режиссерлармен және актерлармен. Өйткені ақыр соңында автордың жазғанын көрерменге жеткізетін солар. Драматургия ол проза емес, ол кітап емес, ешқандай көрермен осы автордың жаңа пьесасы қашан шығады екен деп күтпейді. Ол сүйікті актерының енді қандай кейіпкерді сомдайтынын, немесе жақсы көретін режиссерінің ендігі қай шығарманы қойғалы жатқанын күтеді, әрине егер танымал автор болсаң, онда сенің жазғаныңды көруге келетіні анық. Бірақ заманауи драматургияны көбіне жастар жазады ғой, өйткені олар заманмен бірге өсіп келеді, қартайып емес, сондықтан олар бірден танымал болуы өте қиын. Бұрындары режиссердің қызметін автор драматург атқарған, Эдмунд Ростан секілді авторлар, Сирано де Бержеракты қойғанда актерлерге тапсырманы өзі беріп, қашан сахнада жаңбыр жауу керектігін, қашан актер жылау керектігін өзі білген. Ал қазір бұл шаруа режиссердікі. Және мен бұны дұрыс санаймын, неге? Өйткені автор өте эгоист. Ол бір шығармасын 5 театрға бірдей қоюы мүмкін. Ал режиссерлер көп қой, 5 режиссер бір авторды 5 түрлі қояды. Сондықтан заманауи авторлар заманауи режиссерлермен заманауи актерлермен үнемі ой алмасып, сөйлесіп тұруы қажет. Біздің білетін 20 ғасырдағы классиктер Чехов, Володиндер кезінде өз заманының Захаров, Любимов, Вахтангов секілді режиссерлерімен өте тығыз байланыста болды, соның арқасында өлмейтін, тақырыбы әлі күнге дейін актуалды дүниелер жасап кетті. Осының өзі дәлел емеспе.

 

2 – бөлім

 

Автор театрға жиі баруы керек әсіресе репитицияға. Көп авторлар спектакльдің соңғы нүктесін, яғни сдача немесе прьемераны көреді. Сөйтіп жазғаным шедевр деген ойға қалады, немесе менің жазғанымнан мүлде өзгеріп кетіпті, жазғаным басқаша еді деп ренжиді. Сөйтіп кейін ол авторды әлгі театр қайта қойғысы келмейді, немесе сол театр барлық заманауи авторлар осындай екен деген ой қалыптасады. Неге? Өйткені режиссер актердың шкурасынан өтуі керек деген сияқты, авторда актер болып ойнап көрмесе де, оның репитиция барысында, оқылым барысындағы талқылауы мен зертеуінде болса, қиялындағы кейіпкер тірілгенде оның сөздері қалай туатынын байқаса, ұсынылған тосын жағдайы мен оқиға өрбуінің шынайылығы логикаға сай не әлсіз екенін тек қиялмен емес көзбен көрсе. Автор келесі жазар материалына басқаша оймен келеріне шүбәм жоқ. Процесс барысында жазып қойған дүниесіне актердің, режиссердің сұрақтарына жауап іздеу арқылы, өзі де ол шығарманы әлі де толықтыру керек екенін түсінер еді, әрі шынайылыққа да бет бұрып, іш пыстыратын диалогтардан арылар еді.

 

ІІІ – акт

«Қазіргі қазақстандық театр заманауи отандық драматургияға мүдделі»

 

Менің автор ретінде жазған дүниелеріме көбіне жастар қатты қызығады. Әсіресе студенттер. Өйткені студенттер бір бірімен жарысып жаңа дүние тудырғанды ұнатады. Сөйтіп жаңа материалдар іздейді. Кейін ол студенттер оқу бітірген соң театрға жұмысқа кіргенде, қайтіп осы шығармаларға оралғысы келетініне сенімім мол. Ал мемлекеттік театрлардың 4 еуінде 3 түрлі пьесам сахналанды, және қазірде сұраныс жасап тұратын театрлар көбейді. Және тек менің емес басқа да қаламдастарымның жаңа туындыларын, кей театр афишаларынан көріп қалып жүрмін. Демек бұл қазақстандық театрлар өз отандық драматургияға қызығу үстінде деп топшылаймын. Көш жүре түзеледі. Жазылған нәрсе қойылуы керек, ал ол қойылу үшін тұшымды нәрсе жазылуы керек. Сондықтан кінәні театрға да жаба беру меніңше субъективті көзқарас. Жоғарыда айтып өткенім әрине мүмкін қателік шығар, бәлкім табылған ақыл шығар, бірақ менің өз ойым. Әрі мемлекет басшысының жаңа талаптарында да заманауи әрі қазақ авторларын қолдау деген заң шықты ғой, демек кезек отандық драматургияғада келіп жатыр, тек сол сәтті пайдалана алсақ игі...

Аманжол Қазыбек

Аманжол Қазыбек — Ақтөбе облысының Мартук ауданы Аққайың аулында дүниеге келді. Астана қаласы мемлекеттік Әзірбайжан Мамбетов атындағы драма және комедия театрының актеры болып жұмыс істейді. Драма.KZ фестивальдің шорт-параққа енген пьесалары: «Тук-Мар қонақ үйі», «018-автобус», «Алло». «Ұрылар» пьесасы Павлодар қаласында Аймауытов театрында жүріп жатыр.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon