Дактиль
Мадина Қасымалы
Кәміл өмірінде уақытын тек екі нәрсеге арнайды: таңғы ұйқы мен кешкі жұмыс. Қалғаны – бос кеңістік.
Қала мен қаланы жалғайтын трассаның бойында жеті бөлмесі бар, іргесі көгере бастаған, қабырғасы аздап сыз тартқан шағын қонақүй. Қонақүй тәтесіне тиесілі. Басында Кәміл тәтесіне жұмыс істегісі келмей қарсыласқан еді. Бірақ бір ай бұрын әкесі ашуланып, «универге түсе алмадың! Енді жұмыс істе!» — деп айтқан сөзінен кейін амалсыздан осында келген болатын. Жұмыс қызықсыз. Бірақ Кәміл үшін бәрібір. Әр күні бір-біріне ұқсас.
Бүгін де сондай бір күн еді. Түнгі ауысымға келгенде оны әрдайым әріптес досы Мақсат күлімсіреп қарсы алады.
Бұл жолы да солай болды. Фойеде жасы отыз бес, қырықтар шамасындағы, шашы бурыл тартқан, қара костюм киген ер адам отыр екен. Алдындағы шайдан ұрттап қойып, теледидардан жаңалық көріп отыр.
Кәміл көз қиығымен бейтанысты меңзеп:
— Бұл кім өзі? — деп сыбырлады.
— Білмеймін, — деді Мақсат. — Он бес-жиырма минут бұрын келген. «Көмек керек пе?» — деп сұрап едім, «біреуді күтіп отырмын», — деді. Ал, жақсы. Қонақүй өзіңе аманат. Мен үйге қайттым.
Мақсат кеткен соң фойеде тек Кәміл мен бейтаныс қалды. Теледидардың даусы бәсең, бірақ анық естіліп тұр.
«Он тоғыз жасар қыз зорланып, қатты соққыға жығылған. Қазір ауыр жағдайда ауруханада жатыр».
Ер адам экраннан көз алмай:
— Өте жаман жағдай… Байғұс қыз, — деді.
Кәміл бір иығын көтеріп:
— Иә… жаман... — деді.
— Сен бұған не дейсің, інім? — деді ол, баяу бұрылып.
— Не деймін?.. — Кәміл сәл кідірді. — Білмеймін… Күнде болып жатқан нәрсе ғой. Ондайды көп ойламаймын да.
Кенет есік ашылды. Қырықтар шамасында, ұзын бойлы, алпамса денелі, қолы қарулы ер адам кірді. Үстінде ашық түсті костюм, білегінде алтын сағат. Түр әлпеті сабырлы, өзіне деген нық сенім байқалады. Бас киімін сәл көтеріп, фойеде отырған бейтаныспен бас изеп амандасты да, Кәмілге жақындап:
— Бір түнге бөлме керек, — деді қоңыр дауыспен.
Кәміл оның құжатын алып, компьютерге енгізді де, бөлменің кілтін ұсынды. Ер адам кілтке назар аудармай, Кәмілге тесіле қарап:
— Жалғыз ұйықтаған да жаман ғой… Қонағым бол... Уақытың қызық өтеді.
Дауысында мысқыл бар. Кәміл қабағын түйіп:
— Түсінбедім сізді... — деді.
— Нені түсінбедің? Еркек еркекке ұнауы мүмкін емес пе?
Кәмілдің тамағы кеуіп кетті. Кілтті үстелге тастай бергенде, ер адам оның қолын қыса ұстап алды.
— Не істеп тұрсың?! Босат! — деді Кәміл дауысын көтеріп.
— Қорқып тұрсың ба? — деді ол жақындай түсіп.
Сол сәтте Кәмілдің ойына теледидардағы зорланған қыз туралы жаңалық түсе қалды. Суық тер бұрқ етті. Жүрегі тарсылдап, мазасы кетті. Көзіне жас толды. Ер адам жігіттің шошынған түріне қарап, кенет күліп жіберді.
— Қалжың ғой, — деді де, Кәмілдің костюмінің жағасын түзеп, қалтасынан ақ орамал шығарып үстелге қойды. — Міне, көзіңді сүрт.
Кәміл үнсіз қалды. Ер адам кілтті алып, дәлізді бойлап кетті. Кәміл фойедегі бейтанысқа көз қиығын салды. Ол теледидарға жымиып қарап отыр екен.
— Неге маған көмектеспедіңіз?! — деді Кәміл ашуланып.
Ол күлімсіреп:
— Күнде болып жатқан нәрсе ғой, — деп экранға қайта мойнын бұрды.
Түннің бір уағында есік қайта ашылды. Ішке толықша келген, мойнында жуан алтын алқасы жарқыраған, қымбат қара костюм киген ер адам кірді. Қымбат әтір мен сигараның қою иісі бөлмеге лезде тарады.
— Екі сағатқа бөлме керек, — деді ол үстелге шынтағын қойып. — Құжат сұрама. Бағаны айт, үстіне қосып төлеймін.
Кәміл бағаны көтермелеп айтты. Ер адам қалтасынан қомақты ақша шығарып, үстел үстіне қойды.
— Менің келгенім компьютерде, камерада сақталмауы керек. Мына ақша жетеді деп ойлаймын, — деді ол бәсең дауыспен.
Кәміл ақшаны үстелдің тартпасына салып қойды да:
— Жарайды, аға, — деді елпілдеп.
Ер адам ырсиып күлді:
— Білемін ғой... Ақшаның құдіретін... Бұл елде ақша барлық есікті ашады. Талай шенеуніктің көзін байлап, ауылдарды сусыз, жылусыз, мектепсіз қалдырды.
Кәміл иығын бір көтеріп қойды:
— Бастысы, біздің ауылда су да бар, жылу да бар, мектеп те бар, — деді.
— Міне, осылай, — деді ер адам сәл алға еңкейіп, — сендей ойлайтындар көп болса, біздің де «асығымыз алшысынан түседі».
Кәміл үнсіз қалды.
— Айтпақшы, — деді қонақ кілтті қолына алып, — пара беру — жаман нәрсе емес. Бұл — жай ғана… ісіңді жеделдету. Өмірдің кезегін айналып өту.
— Ал кезекте күтіп тұрғандар ше? — деді Кәміл.
— Оған мен кінәлі емеспін, — деп тісін ақсита күлді. — Қалтасында ақшасы болмаса… бұл олардың мәселесі.
Ер адам дәлізді бойлап кеткенде, орындықта отырған бейтаныс теледидардың дауысын бәсеңдетіп, Кәмілге бұрылды.
— Білесің бе, ақша кейде бір нәрсені сатып алу үшін емес, оның сатылатынын дәлелдеу үшін беріледі.
— Айырмашылығы бар ма?
— Бар, — деді бейтаныс. — Біріншісінде адам ойлануы мүмкін. Екіншісінде… ойланбайды. Баға — тек уақыт мәселесі.
Таңғы екіге таман далада жел уілдеп тұрды. Есік баяу ашылып, ұзын бойлы, сұр пальто киген, жүзі шаршаңқы бір ер адам кірді. Үстелге жақындап, кілт сұрады.
— Бір түнге, — деді қысқа қайырып.
Кәміл құжатын сұрап, компьютерде тіркеу журналын толтыра бастады. Ер адам үстелдегі глобусты баяу айналдырып қарап тұрды да:
— Мына жер... — деді саусағымен бір нүктеден екіншісіне жылжыта отырып. — Мына жерде қазір адамдар бір-бірін өлтіріп жатыр.
— Қай жерде? — деді Кәміл экраннан көзін алмай.
— Маңызды емес, — деді қонақ. — Екеуі де «шындық біз жақта» дейді. Бірі үшін бұл — туған жері, екіншісі үшін — картадағы шекараны үлкейту ғана.
Глобус тағы бір рет айналды.
— Ал мына жерде… күн сайын адамдар аштықтан қиналып жатыр, — деді ол сабырлы үнмен. — Олардың ешқайсысы ел үшін өлмейді. Баз біреулердің жерге тоймайтын көзі үшін. Қайда қарасаң, соғыс, аштық, азап. Адамзаттың бітпейтін, шексіз қасіреті.
Кәміл тіркеуді аяқтап қонаққа қарады.
— Оларда таңдау жоқ, — деп жалғады қонақ. — Қарапайым бейшара адамдар.
Ол глобусты тоқтатып, Кәмілге қарады.
— Бір уыс топырақ қымбат па? Бір адамның өмірі ме?
Кәміл кілтті үстел шетіне қойды. Қонақ кілтті қалтасына салып, қараңғы дәлізге беттеді. Кәміл біресе қонаққа, біресе глобусқа қарап ойға шомғандай көрінді.
Кәміл компьютерден ойын ойнап отыр. Кештен бері фойеде отырған бейтаныс орнынан тұрды. Кәмілге жақындай келіп, глобусты ақырын айналдырды. Басын бір жағына сәл қисайтып:
— Қызық кеш болған сияқты, — деді ол жымиып. — Қонақтарыңыз да осал емес. Бірінен бірі өткен іскер, ақылды...
Кәміл экраннан көзін алмай иығын бір көтерді.
Ер адам бір сәт үнсіз тұрды да:
— Айтпақшы, телефоныңды қолдансам бола ма? — деп сұрады.
— Міне…
Бейтаныс телефонда бір нөмірді терді. Ұзақ гудок… Біреу жауап берді.
— Қайдасыңдар? Үшеуіңнің келгенін көрдім, қалғандары қайда? — деді зілді үнмен. — Уақыт болып қалды ғой.
Телефонның ар жағынан:
— Біз келіп қойдық. Жетеуіміз жиналып, сізді күтіп отырмыз, — деген дауыс естілді.
Бейтаныстың жүзі сұрланып, мұрны қызарып кетті.
— Неге уақытында келмедіңдер?! Әркімнің келу уақыты нақты белгіленген! — деді қатқыл үнмен. Ыза кернеп, телефонмен үстелді тарс еткізді.
Кәміл селк ете қалды. Екеуі бір-біріне абыржи қарады. Кәміл телефон экранының шытынап сынып кеткенін байқады. Бейтаныс экранды бір сипап еді, сынған экран ғайып болып, телефон қайта жаңарып шыға келді.
— Ғафу етіңіз, — деді де, телефонды Кәмілге қайтарды.
— Маған бір бөлме керек, — деді жұмсақ дауыспен.
— Бос орын жоқ, — деді Кәміл қысылып.
Ол Кәмілдің артындағы ілгішті нұсқап:
— Анау тұрған кілт… сегізінші бөлме ғой. Соның кілтін берші.
Кәміл артына қарады. Расымен де, ілгіште «8» деген кілт тұр. Бірақ қонақүйде сегізінші бөлме ешқашан болмаған.
— Ондай бөлме жоқ еді ғой бізде… — деді ол сасқалақтап.
— Маған бәрібір, – деді бейтаныс салмақты үнмен. — Міне, ақша. Кілтті бер.
Кәміл қолы дірілдей кілтті ұсынды. Бейтаныс кетуге бұрылып жатып, тоқтады да Кәмілге тіке қарады.
— Егер саған біреу келіп, бар арманың орындалатын мүмкіндік берсе… жаннаттағыдай өмір берсе… келісер ме едің?
Кәміл еріксіз жымиды.
— Әрине. Кім ондайды қаламайды дейсіз.
— Онда... қазір менімен жүр, — деді ол тесіле қарап. — Әйел десең — әйел берем. Көлік десең — көлік. Ақша десең — әлемнің ақшасын берем. Бірақ бір шарт бар: есесіне оған әлемнің тыныштығын айырбастайсың. Сен бақытты боласың, бірақ әлемде бақытсыздық, қатігездік екі есе көбейеді. Әйелдер одан сайын азап көреді, жемқорлықтан халық қиналады, балалар аштан өледі, соғыстан бір халық түбегейлі жойылады. Бақыт... Қатігездік… — деп жымиып қойды. Кәміл кібіртіктеп қалды.
— Бұл… жаман нәрсе ғой…
— Иә, дұрыс айтасың, жаман нәрсе. Бірақ саған әсер етпейді. Сенің бүгін жолың болды. Бұл ұсынысты ешкімге жасаған емеспін. Ал, не дейсің?
Кәміл ойланып тұр. Сол сәтте жанындағы айнадан өз бейнесі көрінді. Бейне жымиып тұрды да, Кәмілдің өз даусымен:
— Келісе сал. Бұл сенің арманың емес пе? Уайымсыз, әрі оңай өмір сүру...
— Иә, білемін. Алайда жалғыз адамның бақыты үшін қаншама адамның қиналғаны ақылға қонымсыз ғой, — дейді ішкі дауысы.
— Сен келіссең де, келіспесең де, мұндай оқиғалар күнде болып жатыр. Бұл қасірет ешқашан бітпейді... Ол шексіз. Сенің қолыңда емес. Есесіне қалай бақытты, бай өмір сүресің, — деді айнадағы Кәміл.
— Жарайды, мен келісемін, — деп айтқанда айнадағы Кәміл қол шапалақтады.
Бейтаныс қуанғаннан күлкісін жасыра алмады. Кілтті алып, Кәмілге жол көрсетті де, өзі артынан ерді. Кәміл адымдаған сайын күмәнданып, жаны қиналып, қадамы ауырлай түсті. Бүгінгі ұзақ түннің сәттері көз алдына келіп, кеуде тұсы шаншыды. Бейтанысқа еріп кетсе, адамзаттың қасіреті арта түспек.
Дәліздің соңында екеуі бос қабырғаға келіп тірелді. Ер адам қолындағы кілтті көзге көрінбейтін тесігіне салып, бұрай бастады. Бос, сұр қабырға баяу қозғалып, жасырын есік ашылды. Кәміл ашылған есікке адымдай бергенінде ішкі дауысы тоқтатып:
— Асықпа! Бұл дұрыс шешім бе? — деді.
— Жоқ, бұл дұрыс емес, — деп Кәміл кідіріп қалды.
— Кешіріңіз, бірақ мен бара алмаймын, — деді даусы дірілдеп.
Бейтаныс Кәмілге қадала қарады да:
— Мейлі, сенің шешімің. Сау бол, — деп ашық тұрған сегізінші бөлмеге кіріп, есігін тарс жапты. Есіктегі сегіз саны шексіздік белгісіне айналып, бір сәтте көзден ғайып болды.
Сегізінші бөлмеде дөңгелек үстел басында отырған қонақтар ұйып, бір-бірінің сөзін бөлмей тыңдап отыр. Бірі адамзаттың дұрыс жолдан тайғанын, зұлымдықтың белең алғанын сөз етті. Басқалары бас изеді, ешкім қарсы уәж айтпады. Ешбірі ашық үкім айтпаса да, бәрінің ойы бір жерге тоғысқан еді. Уақыттың соңы таяғанын бәрі түсінді. Дегенмен сегізінші қонақ бүгінгі жолыққан жасөспірім жігітті есінен шығарар емес. «Жоқ, адамдар түгелдей зұлымдыққа батпаған», — деп ойлады.
Мадина Қасымалы — SDU университетінің студенті. 18 жаста. Алматы облысында тұрады. Алматы ашық әдебиет мектебінің «Проза» семинарының студенті.