Дактиль
Ақлима Исмаил, Әлiбек Байбол
(С.Сыбанбай әңгімесінің желісі бойынша)
Кейіпкерлер:
Санат — жасөспірім
Айғаным — Санаттың анасы
Принцесса — ғаламтордағы қыз
Лаура — Айғанымның құрбысы
Қосымша кейіпкерлер:
Журналист
Әйел
Қыз
Алаяқтар
Жігіт
Фейсбук
Инстаграм
Тик Ток
Түрлі жастағы адамдар телефонға қарап сахнада сабылып жүр. Арасында бір-бірімен соқтығысып құлап, қайта тұрып, отырып хаос болып жатса да көздерін телефоннан алмайды. Біреулері сторис түсіріп, біреулері суреттерін желіге салып жатыр. Аяқтарының астында кітаптар мен газеттер шашылып жатыр (құндылықтардың тапталуы). Бір топ адамның арасынан ортаға журналист сурылып шықты. Инстаграмға сторис түсіріп жүр.
Журналист. Қазір қоғам кітап оқуды қойған. Есесіне ақылы курс пен коучтардың дәурені жүріп тұр. Адамдардың барлығы бірнәрсе оқып жүр, барлығына бір нәрсе жетіспейді. Не іздеп жүргенін көпшілігі өздері де білмейді. Мысалы, бұрышта мұңайып отырған мына кісіден сұрайықшы. Неге көңілсіссіз?
Әйел. Осыдан екі жыл бұрын сандар не дейді, қалай дамысам екен, өзіміздің отбасылық кішкентай кәсібіміз бар еді, соны үлкен масштабқа шығарамын деген ниетпен Сюцайға қызыққан болатынмын. Ол жақта ұранды сөздер бар. Сіз мықтысыз! Сіз тек бір кәсіп қана емес, артыңыздан халық ерте алатын лидер бола аласыз, өйткені тоғыздықсыз — деді. Содан, Сюцайға толығымен қалай кіріп кеткенімді байқамай қалдым.
Журналист қолындағы телефонды өзіне қарай бұрып алып сөзін жалғастырып жатыр.
Журналист. Сюцайға топтасып кіріп жатқан адамдардың әлеуметтік портретін қарайтын болсақ, олардың көбі өзін жалғыз сезінетін, өзіне жаңа орта іздейтін адамдар. Айналасына қараса, барлығы дамып жатыр. Сондай өмірге кім уәде беріп жатыр? Сюцай ілімі! Бұл инфобизнестегі маркетингтік өнім! Сіз бұл ілімге қалай келдіңіз?
Әйел. Инстаграм желісінде жарнаманы көрдім де дереу жазылдым. Олар мені офиске шақырды, курстарын ұсынды.
Сахнаға инстаграмм шығады «мен кінәлі емеспін» — деп қолын сермейді. Журналист оны ары итеріп тастап, қайта ортаға шығады.
Журналист. Міне, мұндай дүмше ұстаздар, таргет, жарнама, тренинг курстар мен вебинарлар арқылы өз ілімдерін ұсынып, клиент баурайды.
Әйел. Алдымен елу мың теңге, сосын жан туралы дүниелерді айтатын қымбатырақ курстарын алдым. Білімімді тереңдету үшін тағы да бір курсын сатып алғым келді. Алтындарымды өткіздім. Содан соң жолдасым екеуміз жинаған ақшаның барлығына курс сатып ала беріп, тіпті, отбасымнан ажырап қалдым.
Журналист. Масқара! Көбіне мұндай ұстаздар, құпия білімдері арқылы армандарды жүзеге асыруға уәде беріп, артынан шәкірт ертеді. Мұнда ар-ұят деген болмайды, тек қана өтімді тақырып болады. Сақ болыңыздар! Сюцайдың ар жағындағы сайтандардың құрығына түсіп қалмаңыздар. Аман болыңыздар!
Журналист сторисін аяқтап, топқа қосылды. Ортаға Фейсбук, Инстаграм, Тик Ток (тағы да басқа желілер) шықты.
Фейсбук. Желінің патшасы мен шығармын осы. Бүкіл зиялы қауым менде отырады. Мен арқылы мағыналы посттарымен бөліседі. Ақын да, әкім де менде. Мен пайда болғалы адамдар теледидар қарауды қойды.
Инстаграм. Қойшы, сен 2004 жылы пайда болдың емес пе? Ол кезде адамдар әлі теледидар көретін. Оны көруді олар 2010 жылдан бастап қойды, яғни мен пайда болғалы.
Тик Ток. Ойб-о-о-ой, мына аға-апалар не деп жатыр? Адамдар теледидар көруді 2016 жылы доғарды десе сенуге болады. Сендер қызық болмаған соң олар ол кезде теледидардан қол үзе қойған жоқ болатын. Мен пайда болып едім, бітті! Бүкіл өмірді он минутқа сыйғызған видео қызық па, әлде фейсбуктегі ұзын сонар былжырақты оқыған қызық па?
Инстаграм. Екеуі де қызық емес. Менің парақшаларымда видео да, фото да салып, пост жазуға болады және ол жеке фотоальбом ретінде естелік болып қалады. Барлық әртістер мен атақтылар менің әлемімде.
Фейсбук. Екеуіңнің де уақыттарың шектеулі, сондықтан да адамдар кеңінен көсіле алмайды. Бірдеңенің байыбына бармай жатып, қысқа қайырады. Сендер пайда болғалы шолақ ойлы жартыбас адамдардың қарасы көбейді. Ойлы адамдардың барлығы менде. Бүкіл әлемді топастандырып жатқан мына сендерсіңдер!
Тик Ток. Кредитке белшесінен батып бала-шағасын бағып жүрген қазіргі адамдарда фейсбуктегі посттарды сағаттап оқитын уақыт жоқ. Керегінің барлығын менен алады. Мен олардың көп уақытын алмаймын. Жарнаманың түр-түрі менде. Ақпарат та, жаңалық та, үгіт-насихат та, уағыздар да менде. Оның барлығы жылдам әрі қысқа беріледі.
Инстаграм. Жарнама демекші, осы сахна жұлдыздары алаяқтардың атынан он минуттық жарнама жасап қаншама адамдарды сен арқылы алдап жатыр емес пе?
Артқы топтан бір қыз жүгіріп шығады.
Қыз. Иә! Алдандым! Осы Тик Токқа шыққан жарнамаға сеніп барлық ақшамнан айырылдым. Қайтармады! Оңбағандар! Ақша салған компания қаржылық пирамида болып шықты. Ол ақшаны мен несиеге алған едім.
Іле жігіт жүгіріп шығады.
Жігіт. Әке — шешемді Умраға жіберемін деп екі жыл ақша жинадым. Ақшамызды жинап алған турагенттік жоғалып кетті. Алданған 180 адам сотқа жүгіндік. Сот: «Ұмраға баратын азаматтарға қызмет көрсету мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету турфирмалар жауапкершілігінде екенін айтты». Ақшам күйіп кетті, қайран екі жылдық еңбегім!
Тик Ток. Енді оған мен ғана кінәлі емес шығармын! Ондай жарнамалар Фейсбукте де, Инстаграмда да толып жүр ғой.
Артқы топтан алаяқтар шығады.
Алаяқтар. Баяғыда деймін да. Банк тонап, одан ұсталып, түрмеге қамалып жататын едік, қазір жақсы болды. Интернет арқылы адамдарды алдап күн көре беруге болатын болды.
1. Мысалы, өтірік атпен тіркеліп, өзің жайлы жалған ақпарат бере саласың. Кім тексеріп жатыр?
2. Адамдар қандай аңқау иә? Жақында ғана бір жігітке айфон телефонын екі есе төмен бағамен Америкадан жіберемін дедім. Ақшасын салып жіберді, он күн бойы кеденде тұрып қалды, құжат дұрыс болмай жатыр анау-мынау дедім де ізімді суыттым.
3. Сен оны айтасың, өткенде бір келіншек инстаграмдағы өтірік парақшамдағы көйлекке тапсырыс берді. Екі күнде жеткізіп беремін деп едім, ойланбастан ақшасын салып жіберді. Ал мен, алдым да блоктап тастадым. Бітті!
4. Ой, мен деген бір басыма тоғыз аккаунт ашып алдым да, «қарыздан құтылуға көмектесемін» деген тақырыпты айайлатып қойып, ақшаның фотоларын салып, баюдың неше түрлі жолдарын айтып посттар салып едім, үйде отыратын тәтелер қаптап келе бастады емес пе? Ақшаны екі еселеп қайтарамын десең, болды. Жұмыс істемей жатып ақша жасағысы келетін қазақ көп қой.
5. Иә, артынан сотқа беріп, жүгіретін уақыттары болмаған соң, қолын бір сілтеп қоя салады.
6. Ой рахат заман болды бұл. Бір тетікті басып, айласын тауып алдап ақша жасай бересің. Белің ауырып, балтырың сыздамайды, миың да шаршамайды. Балалар да, қарттар да сене береді.
Журналист. Осының барлығы қай кезде басталды өзі? Майл ру, одноклассники-ден басталған жоқ па еді?
Желілер. Иә, иә. Біз солардың ұрпағымыз. Олар біздің ата-бабамыз! Ал, біздің ұрпағымыз жер шарындағы адамдарды жартыбас роботтарға айналдырады немесе жұтып тынады! Ха, ха, ха!!!
Роботтар билейтін музыкамен барлығы шығып кетеді.
1990 жылдар. Бір бөлмелі пәтердің төрт қабырғасында отырған үш-төрт жастар шамасындағы Санат. Ескі орындықта теледидар тұр. Қолында пульт. Арналарды жылдам ауыстырып отыр. Ас үйдегі аласа тоңазытқыштың есігін бар күшін сала әрең ашып, тамақ іздеді. Анасы қалдырып кеткен тамақты талғажау етті де, теледидардың жанына қайта барып отырды. Есік шырылдады.
Айғаным. Мен саған есікті сұрамай ашпа деп қанша айтам, а?
Санат. Ұмытып кете берем.
Айғаным. Ұры болса ше, қайтесің?
Санат. Мам, не әкелдің?
Айғаным. Саған тек сол керек. Мен саған бағаналы бері не айтып жатырмын, сен болсаң... Қойшы, жарайды. Мен керемет бір ойын алып келдім саған. Теледидардан жалыққан шығарсың иә?
Санат. Иә.
Санат қуанып секірді.
Санат. Ол не зат?
Айғаным. Қазір көресің. Міне!
Айғаным пакеттен дискілер мен DVD ойнатқышты шығарды. Оны тв-ға қосып берді.
Санат. Мам, мұнда «Наруто», «Ниндзя-тасбақалар», «Трансформерлер», «Бұзақы Анджело», «Кунгфу Панда» дейсің бе, барлығы бар.
Айғаным. Енді ішің пыспайды. Күні бойы қарайсың.
Санат. Ура!
Екінші күн. Айғаным жұмыстан келіп, жатын бөлмеде демалып жатыр. Санат анасының жанына жақындады.
Санат. Мам, Нарутоны үйге шақырсақ келе ме?
Айғаным. Оны қайдан шақырамыз?
Санат. Білмеймін. Сен білмейсің бе?
Айғаным. Білмеймін.
Санат. Мам, ал, тасбақалар қалай адамша сөйлейді?
Айғаным. Олар тек мультфильмде ғана сөйлейді, балам.
Санат. Өмірде сөйлемей ме?
Айғаным. Ой, тасбақа көрмеген асфальттің баласы-ай! Тасбақа да, бақа да сөйлемейді. Сөйлейтін ол тек адам.
Айғаным айқайлап күледі.
Санат. Мам, пришелецтер шынымен келсе, біз оларды қалай жеңеміз?
Айғаным, баласының кекілін сипады.
Айғаным. Келмейді. Оның барлығы қиял.
Санат. Қиял?
Айғаным. Әрине, бір адам ойлап тауып, соны мультфильмге айналдырған.
Санат. Қалай сонда?
Айғаным. Туу, Санат, баршы енді. Барып ойнай тұршы, күнім, ақылың бар ғой, сені тыңдауға қазір менде шама да, уақыт та жоқ.
Санат бөлмеден үндемей шығып кетеді де, дискіні қосып қарап отырады.
Үшінші күн. Айғаным жұмыстан жәй келді де жатын бөлмеге барып жылап жатты. Жанына Санат келді.
Айғаным. Не болды?
Санат. Мам, пришелецтер...
Айғаным. Қайтадан бастадың ба? Миымды ашытпа, бар, мультфильміңді көр!
Санат. Трансформерлер бар ма?
Айғаным. Мазамды алма дейім, кет әрі, өзім өлейін деп отырсам.
Санат қайтадан теледидардың алдына кетті.
Қасына құрбысын ертіп Айғаным келді. Екеуі ас үйде отырып ұзақ әңгімелесті. Ыдыс — аяқтың сылдырлаған дауысы мен тамақтың тәтті иісіне Санат жалтақтап ас үйге қарап отыр.
Лаура. Құрбым, шаршамадың ба?
Айғаным. Неден?
Лаура. Жалғыздықтан.
Айғаным. Жалғыздықтың жыртығын жұмыспен жамап жүрмін. Әзірше өзіме осы өмірім ұнайды.
Лаура. Міне, өзің де айтып отырсың. Әзірше!
Айғаным. Не істе дейсің енді?
Лаура. Өзіңді ғана емес, мына балаңды ойласаңшы, балаңды.
Айғаным. Бала ештеңеге мұқтаж емес. Қарны тоқ, көйлегі көк. Таршылық көріп жүрген жайы жоқ.
Лаура. Әңгіме ода емес. Оған әке керек, түсінесің бе, әке!
Айғаным. Бастамашы, әкесімен айырылысқалы қашан. Оның өз отбасы бар.
Лаура. Тым болмаса араластырсаңшы! Оның өз өмірі бар, сенің де өз өмірің болар. Айналып келгенде, Санатың жалғыз қалды ғой! Қашан келсем телевизорға телміріп отырғаны отырған. Жүгіріп келіп амандасатын бала, қазір келгеніңді де елемейтін болды.
Айғаным. Қалай айырылысқанымызды біле тұра осындай сұрақтарды қоятының қызық екен. Басында келіп тұратын. Қазір тіпті іздемейді де, хабарласпайды да. Баласы керек болмаса маған не істе дейсің?
Лаура. Жарайды, болары болып, бояуы сіңді. Дәм тұздарың жараспады. Ортада бала болғандықтан достық қарым-қатынаста қалуға болады ғой. Анда-санда алып кетіп, бірге доп ойнап, күш сынасып тұрса да қайда жатыр?
Айғаным. Ой, білмеймін.
Лаура. Жалғыз өзің барлығын бере алмайсың, Айғаным. Оған бір әкелік айбар керек. Ер азаматтың қандай болуы керек екенін көріп өспеген бала ертең өз отбасында отағасының қандай болуы керек екенінен хабарсыз болуы мүмкін.
Айғаным. Не істеуім керек енді?
Лаура. Әкесіне жаз. Ұлың іздеп жатыр де!
Айғаным. Ой, жоқ. Жүрегім қаламайды, Лаура, жүрегім қаламайды. Өзімнің кезінде одан қалай құтылғанымды көрдің ғой!
Лаура. Онда мен жазайын, рұқсат ет. Санат үшін!
Айғаным. Қойшы, Лаура! Онсыз да жүйкем жұқарып жүргенде жарама тұз себе бермеші! Таңның атысы, күннің батысы үй бетін көрмеймін. Кейде кешкі 9-10-ға дейін қалып жұмыс істеуге мәжбүрмін. Ал сен келіп, әр нәрсені айтып басымды қатырасың. Әкесінен көңілім қалғалы қашан! Отбасын сақтай алмаған адам бұған қандай әке болмақ? Ол үлгі болатын, тәрбие беретін әке болса мен араларын үзіп нем бар? Көмегі де өзі де құрып кетсін, құрып кетсін!
Көңілі боcап, мұрны пышылдай сыңсып барып басылды. Әңгімелерінен анасының жылағанын сезген Санат ақырын басып, ас үйге жақындады. Анасының шашынан сипап, жұбатқысы келді.
Санат. Мам, мам.
Айғаным. Ау.
Санат. Неге жылайсың?
Айғаным. Ештеңе, жәй. Қарашы, Санатик, мен саған керемет кино әкелдім! Бар, көре ғой. Біз тәтемен сөйлесіп отырмыз, кедергі берме.
Айғаным Санатқа жаңа мультфильм қосып берді. Ол қайтадан тапжылмай қарап отыр.
Лаура. Жарайды, Артық кетсем кешір, құрбым. Менікі тек Санаттың қамы ғой. Өзің қаламасаң, қыстамаймын. Уақыт төреші. Барлығы оңалады. Тек уақыт керек.
Лаура Айғанымды құшақтап біраз тұрды да, бөлмеден шығып кетті.
Арада жылдар өткенде, олар екі бөлмелі жаңа пәтерге көшті. Бөлменің бірі Санаттың оңаша мекеніне айналды. Мектепке барды. Осы қуаныштың құрметіне анасы оған компьютер сыйлады...
Санат 15-те. Күндегі әдетінше тұра сала компьютеріне ұмтылды. Отыра қалып, тықылдатып жаза бастады.
Санат. Сәлем.
Принцесса. Сәлем.
Санат. Қалайсың?
Принцесса. Жақсы.
Санат. Хат алмасқанша бір кездеспедік пе?
Принцесса. Оо, шақырып жатсың ба? Қай жерге?
Санат. Білмеймін. Өзің айтсай.
Принцесса. Жігіт сен емессің бе!
Санат. М-м-м, саябақ!
Принцесса. Жоқ, тек саябақ емес.
Санат. Неге?
Принцесса. Ұнамайды.
Санат. Қызық екен. Саябақты ұнатпайтын да адам болады екен ғой.
Принцесса. Тағы қандай вариант бар?
Санат. Онда, антикафе?
Принцесса. Ой, жоқ. Ұнамайды.
Санат. Онда білмедім.
Принцесса. Дым фантазияң жоқ екен, иә. Ары қарай?
Санат. Не, ары қарай?
Принцесса. Жарайды. Мен айтайын. Кино!
Санат. Фантазияң жоқ дегенге ойласам.
Принцесса. Не? Ұнамай ма?
Санат. Маған бәрібір. Саған ұнаса болды. Қаншада?
Принцесса. Сағат 17-лерде.
Санат. Келістік.
Принцесса. Авадағы фотоңда актер ғой. Сені қалай тауып аламын?
Санат. Көзілдірігім бар.
Принцесса. Киімің ше? Түсі қандай?
Санат. Әлі ойлаған жоқпын.
Принцесса. Нені?
Санат. Не киетінімді.
Принцесса. Ойлануға көп уақыт керек пе?
Санат. Өзі, бір ғана жейдем бар. Соны киетін шығармын.
Принцесса. Түсі?
Санат. Не?
Принцесса. Туй, киіміңнің түсі деймін!
Санат. А, иә, көк түсті жейде.
Принцесса. Түсінікті. Менен қандай екенімді сұрамайсың ба?
Санат. Сонда фотодағы өзің емессің бе?
Принцесса. Айтпаймын, барғанда көресің.
Санат. Нені?
Принцесса. Нені емес, кімді.
Санат. А, иә, айтпақшы, не киіп келесің? То есть қандай түсті көйлек, әлде кофта ма, білмеймін.
Принцесса. Мен әппақ боп келемін. Ақ кофта, ақ шалбар.
Санат. А, айтпақшы, мен гүл ала барамын. Әппақ гүл. Ақ түс ұнаса дегенім ғой.
Принцесса күлген смайлик жіберді де желіден шығып кетті.
Күн жексенбі. Айғаным ұйқыдан асықпай тұрды. Жуынып-шайынып алып, таңғы шайын тағы да жалғыз өзі ішті.
Айғаным. Осы үйдегі айналдырған екі адамның тым болмаса демалыс күні де дастарханда басы қосылмайды, бұл не өмір!? Жарайды, былайғы күндері мен таңертең ерте кетем, ол сериіп ұйықтап жатады. Кешке келгенімде компьютеріне тесіледі де отырады. «Кел, тамағыңды іш» деп қанша қақсасаң да, керең адамша орнынан қозғалмайтынын қайтерсің?! Ақыры әлденуақ болғанда ас-суын өз бөлмесіне апарып ішіп жатады. Енді жексенбіде дастарханда бірге отырайыншы десең, о да жоқ... Ойбай-ау, түріне қарамай, өзі өкпешіл, ашушаң тағы. Сөз тыңдамайды. Не өзі жарытып бірдеме айтпайды. Сұрап жүріп, сарнап жүріп, соңынан қуып жүріп, жөнді жауап ала алмайсың. «Иә», «жоқ», «іһі»... одан қалса таңдайын тақ еткізеді де қояды. Туған шешесімен қарым-қатынасы жоқ адам ертең елмен қайтіп тіл табыспақ? Мектепті қайтіп бітіріп жүр бұл мына сиқымен? «Он бір жыл бойы балаңыздың даусын дұрыстап бір естімей-ақ кеттік-ау» деп күліп еді былтыр тарихтан сабақ берген Салиха апайы. Сірә, қырық салсаң бір баспайтын қыңыр өгіздей қырсық үндеместен үш қойып құтылған болар бәрі. Ендігі жатысы мынау: не оқуға түсе алмады, не жұмысқа ынтасы жоқ.
Айғаным Санаттың бөлмесіне баса — көктеп кірді де, бөлмені қараңғылап тұрған пердені серпіп тастады.
Айғаным. Сериіп жатысын қарашы өзінің. Тұр! Түнімен компьютерде отырасың да, күндіз түс ауғанша ұйықтайсың. Шешеңмен не шәй ішпейсің, не сөйлеспейсің. Ініне кірген суыр ұқсап күні ұзаққа жатысың мынау!
Санат былқ етпеді. Айғаным тактикасын өзгертті.
Айғаным. Балам, тұршы енді, түс болды ғой, қарашы. Бойы болмаса, өзі әлі кіп-кішкентай, тәп-тәтті. Анасының жалғызы.
Түк сезбей жатқан Санатты жақындап келіп иіскеді. Ешқандай белгі жоқ.
Айғаным. Жарайды, тұра тұр бәлем..
Айғаным асханаға жүгіріп кетті де қолына ақ шәугімін алып келді. Санаттың бетіне суық су құйып жіберді.
Санат. Қойш... мам!
Айғаным. Тағы да таң ата жатқан шығар. Осы бір компьютері де бәле болды-ау. Қашан көрсең таскенеше жабысып, телміреді де отырады. «Көзіңді құртасың ғой» деп Құдайдың зарын қылдым, тыңдады ма? Ақыры, міне, жасына жетпей, жанары суланып, көзәйнексіз көрмейтін күйге жетті... Бұл шырақ енді түс ауа бір-ақ тұратын болар. Сосын мына төрдегі төртбұрышты құдайының құзырына қайта бас ұрмақ. Не істейді, неге сонша күні-түні шұқшияды, түсінсем бұйырмасын.
Ашуға булығып үйді жинап жүрген Айғаным орындыққа бір сәт отырды.
Айғаным. Мұның тым кісікиіктеніп кеткені кешеден бері деймісің? Басқа тірлікке уақыт тапқанда, баламмен шүйіркелесуге мұршам болмай жүретін өзім де бір безбүйрекпін-ау....
Сулы шүберегімен терезенің алдын, шкаф үстін сүртіп шықты да, бұрыштағы компьютер үстеліне үңілді. Қалай болса солай шашылған дискілер, плеердің шұбатылған құлақбаулары, қобыраған қағаздар... Жерде «Кока-коланың» бос құтысы, «Роллтон» кеспесінің қалтасы жатыр.
Айғаным. Үйде дайын астың түр-түрі тұрса да, осы бір пәлеге әуестігін сол күйі қоймады-ау бұл бала!
Пернетақтадағы әріп таңбаларының арасын қайта-қайта ысқылап жүріп әрең кетірді. Қағаздарды реттеп, заттарды орнына жайғастырған Айғанымның көзі кенет принтер жанында жатқан суретке түсті. Қолына алып, оған жақынырақ үңілген әйел... селк ете қалды.
Айғаным. Тәйір-ай, сонша тіксінгенім не? Баламның суреті екен ғой. Бірақ... оның бейнесінен қараған жанарды қарып түсердей бір салқын ызғар сезілетін секілді-ау. Сонда ол не?
Ұлының суретіне тағы да тесіле қарады.
Айғаным. Тоқта! Көзі ғой, көзі! «Көзілдірігіңді алып тастап түсші осы суретке» деп өзім өтініп едім ғой. О, Құдайым-ай...
Кішкентай күнінде топ-томпақ, сүп-сүйкімді болған Санат пен қазіргі суреттегі Санатты салыстырып жерде біраз отырды.
Айғаным. Сорлы балам-ай, осыған дейін қалай ғана байқамай жүргенмін? Неге бұлай болды? Қайдан ғана мұндай күйге түстік? Бәріне мен кінәлімін. Мен! Енемнің қиқар мінезін көтеріп, күйеуімнің көзіме шөп салғанын байқамаған болсам, отбасым сақталып, мына бала мұндай күйге түспес па еді... Оның барлығы ұмытылып, қиындықтар артта қалса, Санатым өз әулетінде еркелеп өсер ма еді?! Өзімді бірінші орынға қоймасам, ұлым қазір мұндай күйге түспес па еді?! Өмірде жауапсыз сұрақтар неге көп? Қайда, қайда жауаптары? Шаршадым...
Айғаным өзін кінәлап жылайды.
Психологтың кабинеті.
Айғаным. Бәріне мен кінәлімін! Осының бәрі менің салақтығымнан, салғырттығымнан. Анасымын ғой, әу бастан көбірек көңіл бөлуім, үнемі әңгімеге тартуым, дұрыстап тәрбиелеуім керек еді...Баламның бойындағы тосын өзгерістерді, мінез-құлқындағы мін-кінәраттарды, психикасындағы ауытқуларды тым кеш байқаппын. Тым кеш! Әлде... Әлде әлі де кеш емес пе, Ислам Шаяхметұлы?
Ислам Шаяхметұлы. «Ештен кеш жақсы» ғой қашан да. Санаттың тәрбиесімен шындап айналысуға, қалыпты өмір ортасына қайта оралтуға әлі де болады. Бірақ, бірден айтып қояйын, бізді алда талай машақат күтіп тұр. Әсіресе сіздің ерекше ерік-жігер, алған беттен қайтпайтын қажыр-күш, мол төзім танытуыңыз қажет. Осыған дейінгі қателіктеріңізді түзетіп, Санатыңызды толыққанды адам санатына қосу жолында өзіңіз де аянып қалмайтын шығарсыз?..
Кешеден бергі кешенді тексеруден көзімнің жеткені: Санаттың тұла бойын көптен дендеген қауіпті дерт шырмауықша шырмап алған. Ұлыңыздың ағзасы өте әлсіз. Бұл уақытында және дұрыс тамақтанбаудан. Сосын ертелі-кеш үйден шықпай, сейіл-серуенсіз тапжылмай отыра берудің де кесірі орасан. Оңған шүберектей құп-қу өңінен-ақ көрініп тұр: балаңыз қимыл-қозғалысқа мән беруді мүлде қойған. Үнемі екі бүктетіліп отыра бергеннен омыртқасы қисайып, жартылай бүкір болуға айналыпты! Адамның өз денсаулығына осындай жауапсыздық танытуы — оның психикасында да бір кінәрат бар дегенді меңзейді. Мұның аты — компьютерге тәуелділік.
Абайламасақ, компьютер де — апиын. Әр нәрсенің өзінің шегі болады, ал сол шекарадан ары аттаған соң адамға қандай қажетті игіліктің де пайдасынан зияны көп. Рас, компьютерлік ойындар, ғаламтор, сәт сайын адам миына ақтарылатын ақпараттық тасқын — осы заманның ақиқаты, біз оны былай ысырып тастай алмаймыз. Бірақ уақыт талабы осы екен деп, шетсіз-шексіз ол мұхитқа бас-көз жоқ қойып кету де жөнсіз — әйтпесе батып тынасыз.
Компьютерге тәуелділер — сол шектен асып кеткенін аңғармай қалған байғұстар. Күні-түні осы бір «сиқырлы қобдишаға» шұқшиған олар монитордың ар жағындағы көзге көрінбес айдаһардың өздерін ашқарақтана жұтып бара жатқанын сезбейді де. Бірте-бірте бұларға ғаламтордағы сол «ғажайып әлем» айналадағы нақты өмірден де қызықты һәм артық көрінеді. Олар әлеуметтік желілерде әлдекімдермен пікірлеседі, кейбірімен табысады, қайсыбірімен ұрсысады... Дәлелденген жайт: компьютерге тәуелділіктен адамның жүйкесіне көп салмақ түседі, тез шаршайды, ашушаң, дөрекі бола бастайды. Сөйтіп, басқаша ойлайтындарды барынша келемеждеу, кемсіту, тіпті қоқан-лоққы жасау қалыпты әдетке айналады. Біреуді балағаттаған былапыт сөз жазып, жанына... смайлик қойып, жынына тиеді. Мұндай оспадарлығы үшін оларға ешкім ештеңе істей алмайтынын жақсы біледі, сондықтан да одан сайын құтырады. Егер әлгі «виртуалды түрде жәбірлеген» адамы нақты өмірде, кәдімгі көшеде кездесіп қалсыншы – бұлар қоқиланбақ түгілі, қарсы сөз де айта алмас еді. Әне, осындай «интернет батырлары» шықты бүгінде! Олар үшін ең қауіпсіз де тиімді мекен — компьютер үстелі!
Айғанымға дем жетпегендей, дегбірі қашты. Мұны аңғарған дәрігер орнынан тұрып, ақшаңқан жұқа пердені ысырып тастады да, терезені шалқайта ашты.
Ислам Шаяхметұлы. Білесіз бе, олар неге өздерінің «жабық әлемінен» шыққысы келмейді? Өйткені, мына өмірден... қорқады, — деді сосын үнінен күйініш лебі есіп. — Нақты іс-әрекеттен, нақты жауапкершіліктен, нақты күрестен қорқады. Қатыгез шығар, үрейлі шығар, үнемі әділетті де бола бермес, бірақ өмірдің аты – өмір ғой! Оның адам жанын бақытқа бөлейтін, тәтті үмітпен талпындыратын, жақсылықпен сүйіндіретін де сәттері көп емес пе?
Сіз кеше Санаттың томаға-тұйықтығын, ешкіммен сөйлеспейтінін, үйге қонақ келсе сәлем де берместен бөлмесінен шықпай қоятынын айттыңыз. Себебі, кешіріңіз, ол қаршадайынан осылай қалыптасқан. Жападан-жалғыз үйге қамалып өскен, теледидардан, сосын келе компьютерден басқа досы болмаған баладан қандай көпшіл мінез күтесіз? «Білсем», «көрсем» деп көкейін тескен көп сұрақты кімге қоярын, құйттай қуанышын кіммен бөлісерін білмей, жалғыздықтың жан шыдатпас ауыр азабын ерте тартқан бейбақ, амал жоқ, бар алданышты, бар жылылықты тілсіз досы — техникадан іздеуге мәжбүр болған. Айналадағы тіршілікке мән беруді біржола қойған.
Айғаным дауысын шығарып жылады. Дәрігер жанына жетіп барса да, оны қалай жұбатудың ретін таппай бөгеле берді.
Ислам Шаяхметұлы. Төрт жасында жоғалып кетіп, жеті жылдан соң ну жыныс орман ішінен алба-жұлба жабайы күйінде табылған Виктор Авейран есімді бала жөнінде оқып па едіңіз?
Әйел басын шайқады.
Ислам Шаяхметұлы. Өкінішті-ақ. Қызық тағдыр... Бірақ мәселе онда емес. Адаспай тұрғанда әжептәуір былдырлап сөйлеп қалған сол бала жабайы аңдардың арасында өткізген жылдар ішінде, әрине, бар білгенін ұмытып қалады. Мендегі қауіп — Санатта да осындай синдром бар. Ол да көптен бері ешкіммен тілдеспеген. Үнсіздік ұзақ уақытқа — айларға емес, жылдарға ұласқан мұндай жағдайда шынында да адамның сөйлеуге жауап беретін сезім мүшелерінде мүкістік пайда болады. Жарайды, әлгі Виктор баланың жағдайы түсінікті делік: жабайы аңдардың арасында ол сорлы кіммен пікірлессін. Ал мына біздікі — сұмдық емес пе? Темір роботтың өзін түрлі тілде тотыша сайратып отырған ХХІ ғасырда, халқы құмырсқаша құжынаған алып қалада адам баласының... сөйлеуден қалуы... білмеймін, қалайша ақылға сияды?!
Күрсіне бас шайқаған психолог өз үстеліне тақап, парақты алып сәл үңілді де, қайта сөйлеп кетті:
Ислам Шаяхметұлы. Адамдар бір-бірімен үнемі әңгімелесіп, әсер бөлісіп, шер тарқатысып отыруы керек. Әсіресе бір шаңырақ астында өмір сүретін, өзімізге ең қымбат адамдармен етене жақын болуға тиіспіз. Күніне құрығанда жарты сағат жадырай сырласпаған ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен баланың жоғалтары көп. Сіздің басты қателігіңіз де — осында... Дегенмен, әңгімеміздің басында айтқанымдай, әлі де үмітсіз емеспіз.
Қолындағы қағазды ақылынан адасқан адамша айдалаға қарап аңырып отырған әйелге ұсынды.
Ислам Шаяхметұлы. Мынау, Санаттың менің сауалдарыма берген жазбаша жауаптары. Ауызша жарытымды жауап ала алмаған соң, «қане, мен сұрақ қоямын, сен жауабыңды мына параққа жаз» деп өтінгем. Кейін қарасам, қағазға түсірген ойлары біршама ұғынықты-ақ. Әрине, өмірінде дұрыстап бір кітап оқымаған, ауқымы тар SMS-тік ойлау танымымен шектелген, құрылымы күрделі құрмалас сөйлемді құбыжықша көретін өзге тұстастары секілді, мұның да сөздік қоры — тақ-тұқ. Әйтсе де, сағаттап чатта отыруының бір пайдасы тиген секілді — сөйлеуді қаламағанымен, қарабайыр болса да жазудан қала қоймапты... Демек, баланың бетін бері қаратуға болады. Менімен ғана емес, невропатологпен де тығыз байланыс жасаңыз. Күдер үзбеңіз, 17 жас деген — жеке тұлғаның қалыптасып бітер уақыты емес қой, тәйірі...
Көшеге Айғанымның құр сүлдері шықты.
Үйге келіп, баласының бөлмесіне кірді. Айғаным өз көзіне өзі сенбеді.
Айғаным. О, тоба! Әншейінде далаға сүйресең шықпайтын адам өздігінен қайда кетуі мүмкін? Бөлмесіне кірді, жоқ.
Санат гүл ұстап, саябақ алдында сабырсызданып тұр.
Принцесса. Байкер?
Қарсы алдында бұған қадала қарап бір қыз тұр. Ақ жібек кофтасы мен тырыстыра киген аппақ шалбары бар.
Принцесса. Байкерсіз бе деймін?
Санат. Иә, «Байкер».
Принцесса. Принцесса.
Қыз қолын ұсынды. Әдеп шегінен аттамастан көзінің қиығымен ғана Санаттың бас-аяғын бір шолып өтті.
Санат. Мынау сізге.
Екеуі саябақ ішіндегі «Жасмин» дәмханасына келді. Хал-жағдай сұрасқан қысқа жауаптасулар біткен соң, әңгіме әрі қарай өрбіген жоқ. Іші пысқан бойжеткен сөмкесінен айфонын алып, соған шұқшиды. Санат қолына телефонын қалай алғанын өзі де білмей қалды. Ғаламторға кіріп, «Принцессаға» хат жаза бастағанын да байқаған жоқ.
Санат. Сізбен жақын дос болып, жалғыздықтан құтылғым келеді.
Принцесса. Мен де жалғызбын. Маған да сырлас дос керек. Аузын буған өгіз емес.
Санат басын көтергенде қарсы алдындағы орындық бос болды. Үйіне жаяу жетті. Бұл жолы лифтке отырмай, жаяу көтерілді. Бөлмесіндегі әлеміне кірді. Көлеңке беріп тұрған перделерді екі жаққа ысырып тастап, терезені ашты. Анасы үйде екен, артынан есікті ашып кірді.
Айғаным. Санатжан, саған не болған? Мына түрің не?
Санат. Түріме не бопты?
Айғаным. Білмеймін, біртүрлі жабырқаусың.
Санат. Мен қашан көңілді болып едім?
Айғаным. Сен тіпті бұлай сөйлемеуші де едің ғой.
Санат. Мам, айтшы, осы менің әкем бар ма?
Айғаным. Осы сұрақты қашан қояды деп жүр едім өзім де.
Санат. Біресе, алысқа кетті дейсің, біресе үйленіп кетті дейсің. Ақиқатын айтшы.
Айғаным. Отыршы, балам, бүгін біртүрлі алабұртып тұрсың.
Санат. Жоқ, мен өмір бойы отырып, отырып шаршағанмын.
Айғаным. Жарайды. Шындықты білгің келсе, тыңда. Біз айырылысып кеткенбіз. Әкең тірі, оның өз отбасы бар, басқа қалада тұрады. Біз араласпаймыз. Оның өзінің үлкен себептері бар.
Санат. Қандай?
Айғаным. Әкең екеуіміз тіл табыса алмадық. Ақыры арамыз суып кетті.
Санат. Оны көргім келеді.
Айғаным. Жоқ, ол мүмкін емес.
Санат. Сөйлескім келеді. Осы сұрақтарды өзіне қойғым келеді. Неге, неге мені ойламайсыңдар? Мектептен, бастауыш сыныптан бастап, сыныптағы балаларды әкелерінің алып кеткенін көрдім. Мен ше? Мені басқа балалар сияқты әкем неге осылай алып кетпейді деп сұрақ қоятынмын өзіме, бірақ саған қоюға қорқатынмын. Ол сұрақтарды сыртқа шығармай барынша тұншықтырдым, бірақ олар өлген жоқ. Өмір бойы мені іштен жегідей жеп келе жатыр. Түсінесің бе?
Айғаным. Түсінемін, балам, бәрін де түсінемін, бірақ біз бірге тұра алмадық, мүмкін емес болды, бірге тұру. Ішіңдегіні шығарып алшы, құлыным. Айт, бүкпе айт.
Санат. Менімен сөйлесуге үнемі уақытың болмады. Мен бұл өмірде кімге керекпін? Не әкем, не достарым жоқ. Қыздар қарамайды.
Айғаным. Олай деме, сен маған керексің. Маған керексің, құлыным.
Санат. Ал маған ше? Саған не керек деп сұрадың ба менен?
Айғаным. Сенде бәрі бар. Күн демей, түн демей табанымнан тозып екі жерде жұмыс жасадым. Сен тарықпасын деп, түсінесің бе? Үйлі болдық, жеке бөлмең бар, компьютер дедің, оны да алып бердім. Енді саған не керек?
Санат. Әке керек! Маған әке керек.
Айғаным артында тұрған орындыққа сылқ отырды.
Айғаным. Психологтың сеансынан кейін тілі шықты.
Санат. Не?
Айғаным. Жәй, айт, айта түс, балам. Шығар, ішіңдегі шеріңді!
Санат. Болдым. Айтарым осы.
Санат компьютердің жанына барып отырды. Осы жолы ештеңеге зауқы соқпады. Сөйлемеді. Соса-Сола-сын қолына ұстап бір-екі рет ұрттады да қайтадан соткасын шұқыды. Сахнаға желілер шықты.
Міне, көрдіңдер ғой! Біз жеңдік! Санат енді біздің әлемде өмір сүреді! Реалды өмірдің қызығы қалмаған. Біздің әлемде барлығы бар. Тетікті бассаң қалағаныңа қол да, көз де жеткізе аласың. Ештеңеге бас қатырмайсың, ешкімге ештеңе дәлелдемейсің. Еркінсің! Реалды өмірде айта алмағаныңды осы жерде айызыңды қандырып айтасың. Бұл біздің дәуір! Біздің дәуір жасасын!
Музыка шырқалып желілер билейді.
Айғаным. Тоқтаңдаршы, тоқтаңдар! Ол әлем, өтірік әлем ғой! Мені жалғыз қалдырма, балам. Санатыма тиіспеңдер, жоламаңдар. Бәріне мына мен кінәлімін. Көңіл бөлмедім. Үйдегі төртбұрышты тәңірге таңып қойдым. Оның кінәсі жоқ. Ол, ол әлі жазылады. Ол бұл дерттен айығады. Дәрігер үміт бар деген. Тимеңдер! Менің құлыныма қолдарыңды тигізбеңдер! Аулақ! Кет! Аулақ!
Желілер Санатты қолынан, аяғынан сүйреп сахнадан алып шығып кетті.
Соңы
Ақлима Исмаил (Сапарова) — 1980 жылы Гагарин қаласында дүниеге келген. «Қайнар» университетінің филология факультетін, А.А. атындағы Тіл білімі ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. Байтұрсынов атындағы ғылым академиясы. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторантурасында білім алуда. Республикалық «Қазбілім» орталығында жоғары сынып оқушыларын филология және журналистика мамандығына қабылдауға дайындайды. Алматыда тұрады. Әлiбек Байбол 1987 жылы 3-ші қарашада Алматы облысы, Райымбек ауданы, Үлкен Жалаңаш ауылында дүниеге келген. Алматы қаласында №147 мектеп-гимназиясын, 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазіргі кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші болып қызмет істейді. 2010 жылы «Теміржол вокзалы» атты повесты Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің ынталандыру сыйлығына ие болды. 2014 «Тәуелсіздік танытқан таланттар» фестивалінде драматургия номинация бойынша бас жүлде алды. 2015 жылы Халықаралық Махмұт Кашқари атындағы сыйлықты иеленді. «Теміржол вокзалы» мен «Құлдар патшалығы» кітаптарының авторы.