Дактиль
Әсем Анықбекқызы
Тәңір бүкіл сұлулық мәнін біріктіріп Ұмайды жаратады. Бірақ бір күні Ұмайдың көңіліне кірбің түсіпті. Айналасындағының барлығы оның сұлулығына тәнті екеніне айтады, бірақ ол өз бейнесін ешқашан көрмеген екен. Содан ол өзін бейнесін көру үшін біркелкі жылтыр бетті іздей бастайды. Алып Күннен шыққан сәулеге барады, бірақ одан тек өз көлеңкесін көреді, Тәңірдің тағы орналасқан ең биік шыңға барып, мұзға қарайды, бірақ кедір-бұдыр мұздан тек өзінің ұсқынсыз, өзгерген бейнесін көреді. Мұхитқа барса, енді бейнесін көрейін деген сәтте әппақ толқындар оны ақ көпіршігімен жауып өтеді екен. «Сонда сұлулық деген не екенін көрмей өтемін бе?» — деп қынжылады. Тәңір Ұмайдың мұңын сұрап білгенде, Тянь-Шань тауларын жарып, беті айнадай жылтыр көлдерді жаратқан екен. Ұмай өз бейнесін көріп, нағыз сұлулық не екенін түсінеді...
— Сатылы ауылына келдік! Түсіңіздер! Таңғы астан соң дайын тұрыңыздар. Бірден бірінші Көлсайға барамыз!
Ағынның ойын гид шорт үзіп жіберді. Гид туристтерді үш-төрт адамнан күтіп алатын үйлерге тоқтап, түсіріп кетіп жатты. Соңында Ағынның өзі, орта жастағы аға және, ата ғана қалды.
Гид:
— Так, сен жігіт, жалғыз өзіңсіз иә? Қасыңда дос-таныстарың жоқ па?
— Жоқ.
— Онда мына кісілермен бір үйде тоқтайсың, — деп, сүйкімді ақ жерүй қасына тастап кетті.
Үй айналасы сары дала гүлдерімен көмкерілген, ал тау жотасы тура сол гүлдер біткен жерде басталады.
Ағын бір сәтке өзін туған үйіне келгендей сезініп қалды. Таңғы ауылдың иісі, самауырыннан шай, табада піскен нан, жабайы жидектерден тосап, күбіге піске, тұзды сары май, жылы жүзді үй иелері, бәрі үлкен қаладан жаурап келген студентке жылы болып көрінді.
— Қош келдіңіздер сіздерге мына бөлмеге төсек дайындап қойдық. Кешке қаласаңыздар монша дайындап қоямыз. Кешкі асқа қуырдақ не фарель жейсіздер ме? Фарельді осы біздің Көлсайдан аулаймыз- деп ақ орамалдан шығып түрған бұйра шашты, қара торы келіншек пен жұбайы арық келген мұртты ер адам қонақтарды жатын бөлмелеріне апарды.
— Онда фарель, — деп қонақтар бірауыздан жауап қатты.
Таңғы ас алдынада барлығы бір-бірімен танысып, жақсы әңгіме дүкен құрды. Ағын қасындағы туристтерге:
— Ағалар сіздер екінші Көлсайға барасыздар ма?
Орта жастағы ер адам:
— Жоқ, мен бармаймын, бірінші Көлсай жағасында демалам. Мына көкең барғысы келеді. Менің үлкен ағам ғой, — деп жымиды.
— Иә мен барам, балам, — деп қоштаты сәл жасы келіп қалған кісі.
— Міне сізге де серік табылды. Сен көкеңе бас-көз бол жарай ма? — деп інісі Ағынның көзіне тік қарады.
— Жарайды аға, — деп басын изеді Ағын.
— Машина келіп тұр! — деп осы үйдің о йын баласы басын есіктен асүйге сұқты.
— Сіздерді алып кетуге келген шығар, — деді келіншек.
— Ал әумин, аман-есен барып келейік! — деп барлығы қол жайды.
Ағын орта жастағы кісі де үлкен көкенің де қолдарына қасықтан ауыр зат ұстамаған, өмірлері тек кеңседе өткен адамдарға ұқсатты.
Бәрі көлікке жайғасқан соң, гид:
— Қазір біз солтүстік Тянь-Шяның маржаны бірінші Көлсайға бара жатырмыз. Осы жерде қаласаңыздар дем алып, балық жеп, қайыққа мінсеңіздер болады. Содан соң биіктегі екінші Көлсайға барамыз, одан алшағы үшінші Көлсай оған бұл жолы бармаймыз. Тіпті көп адамдардың өзі екінші Көлсайға жете бермейді. Сондықтан демалам десеңіздер, осы бірінші Көлсайда қалсаңыздар болады. Сұрақтарыңыз болса екінші гид сіздерге бас-көз болады, содан сұрасаңыздар болады. Ал мен бірден жоғарыға баратын топты алып кетемін. Жүруге қиналсаңыздар атқа мінсеңіздер болады, — деп барлығын түсіндірді.
Ағын қасындағы серігіне:
— Бәлкім сізді де атқа мінгізіп жеткізерміз?
— Жоқ, балам мен өз аяғымен жеткім келеді.
— Жарайды көке.
— Қаласаң ата дей бер, атаңмен жасты шығармен, — деп жылы қарады.
Ағынның ешқашан атасы болмаған еді. Кішкентай кезінде атасы бар достарына қызығатын. Аталарда оған ерекеше сыр мен даналық бар болып көрінетін.
Ағын көліктен түскенде, бір сәтке тоқтап қалып, өз көзіне өзі сенбеді. Көлдің мен суға шағылысқан таудың бейнесі араласқанда көз жауын алатын бояулар симфониясын береді. Ақша бұлттар аспанда қалқып жүр ме, әлде суда жүзіп жүр ме? Белгісіз. Көлді бұрында тылсым әлемнің айнасы деген екен. Шынымен де басқа әлемге тап болғандайсың.
Атаның інісі бірінші көл бойында қалды. Ағын жолдорбасын алып, екінші топқа қосылды. Топтан ешкім атқа мінгісі келмей, жаяу жүріп жетуге бел буды. Басында барлығы көңілді болып, дүбірлеп сөйлеп жатқан еді. Бірінші асудан соң үндемей қалды. Гид барлығын тоқтатып. Аздап гимнастика жасап, демалу техникасын үйретті:
— Топ алға жүгіріп кетпеңіздер! Бәріміз бірге жүруіміз керек. Қазір осы жерде тоқтап, демаламыз. Бірақ отырып, жатпаңыздар, дем ырғағын бұзылып аласыздар. Ары қарай жүргілеріңіз келмей қалады. Қазір бәріміз бірге терең деп алып, бірге демді шығарамыз. Қанекей!
Барлығының екінші демі ашылғандай болды. «Шіркін, қалада тұрып, жылықының қиының иісін де сағынады екесің ау», — деп жолда жатқан жылқылардың қиларына қарап бір турист, барлығы күліп алды.
Ағын атаны икемдеп:
— Шаршамадыңыз ба?
— Жоқ ,балам, — деп ата түр білдірмеуге тырысты.
Бірақ Ағын оған әр қадамды басу оңайға соқпайтынын байқады.
— Ата, кәнекей рюкзактағы ауыр заттарыңыз болса маған беріңіз, — деп еді.
— Рахмет, айналайын, — деп ата да қарсылық білдірмей екі литрлік суын Ағысқа берді.
— Әңгіме жолды қысқартпақ, — деп едуші еді ата.
— Мен ініммен Қазығұрт жақтан келдім.
— О-о-о-о, керемемет менің де ауылым сол жақтардан.
— Біз жақты әулие көп қой, Түркістанда түмен бап, Сайрамда сансыз бап. Сонымен қоса Ақмешіт үңгірі, болғансың ба онда?
— Бірінші рет естіп тұрмын ата, барғаным тек Түркістандағы Яссауи кесенесі. Оны да ЕНТ тапсырар алдында бүкіл сыныппен барғанда көрдім.
— Елге қайтсаң Ақмешітке бар, балам, үңгірдің ішінде ғажап ағаштар өседі.
— Үңгірдің ішінде ме?
— Иә, сонымен қоса іші жазда салқын, қыста жылы. Бұрын хан әскерімен кейде сол үңгірде тоқтаған деседі.
— Ғажап міндетті түрде барам.
— Өзің студетсің бе?
— Иә, Алматыда оқимын.
— Мұнда достарыңмен бірге келмедің бе?
— Достарымның барғысы келмеді. Кейбіреулер ақшасын қимады, екіншілері табиғатқа барғанды ұнатпайды екен, үшіншілері қалада сауық-сайранды құруды жөн көрді.
— Ал сен не үшін келдің?
— Қазақстанның әдемі табиғатын көру менің арманым еді. Бұрын мектепте география сабағында осы жерлер туралы өткенде, міндетті түрде барам деп едім. Басым бөлігі осы Алматының төңірегінде екен, енді біртіндеп барлық жерлерді көрсем деген ниет.
— Е-е-е-е, жарасйсың балам.
— Біз болсақ жұмыс, одан бала шаға қамы, ақша, мансап деп жан-жағымызға қарамай жүре беріптік. Әлі уақыт жеткілікті, жаспыз деп жүргенде шашымызға ақ түсіп, екі бүктетілген шалға қалай айналғанымызды байқамай қалыптық. Мен де саяхаттап жан жағыма қарауды зейнетке шыққан соң бастадым ғой балам. Сәл демалайықшы, — деді ата өзеннің үстінен ағаштан жасалған көпірден өткен соң.
Екеуі мөлдір бұлақтан дәм татып, жасыл ну арша орманына көз тастады.
— Бұл көлдер туралы аңызды білесің бе, балам?
— Иә, келерде интернетте оқығам. Ұмай мен Тәңір туралы иә?
— Ие-е-е интернет деген, шырағым, бәрін айтып береді ғой қазір. Бұрын аңыз — әңгімелерді үлкен қариялардан тыңдаушы едік. Ондай қариялар бар ма десеңші. Бағана, айнадай бірінші Көлсай бетіне түсіп тұрған тау бейнесі неткен сұлу иә? Ал мен айнадан тек уақытын босқа өктізіп алған шалды көрем. Соны түзетуге аз қалған уақытымды саяхатқа жұмсап жүрмін. Сен ше? Айнадан не көресің?
— Білмеймін ата, әзірше ештеңе. Мүмкін саяхат соңында бір сұлулықты табатын шығармын. Ішінен: «Оқуым бітіп, диплом аламын содан соң, не болады, кім боламын? Айнада тек болашағы бұлыңғыр адам сиақты», — деп көз қиығын атадан алды.
— Ішің неге толса, айна айналып келіп соны көрсетеді, — деп түйіндеді ата.
Топ жоғарыға көтеріле бастады. Жастар алға тез жүре бастады. Ағын атаның көңіліне бола бірге байпаң басып, жанында қалды. Соңғы болған кімге ұнасын, қатарластарынан қалмай, ойнап-күліп жүргісі де келеді. Тауға шығып қиналғанша Алматыда достарымен көңіл көтергені жақсы ма деген ойлар мазалап та келеді. Бірақ уәденің аты уәде.
Бір кезде екуіде үндемей келе жатты. Ағыс атадан:
— Не туралы ойлап келе жатсыз?
— Мына ағаштарға қарап есік алдындағы өрік ағашым есіме түсіп кетті.
Қыста қуыс бұтақтарындағы ақша қарлар көңіл күйге қарай, жаңа жыл мен демалысты білдірсе, күйзелісте, кейде сол қар үлпектері ауырлап ағашты басып қалғандай көрінеді.
Көктемде гүлдегде, өміріңде бір жаңашылдық еніп, бірнәрсе жақсы жаққа күрт өзгеретіндей болса, ал кейде жастық шақтың, жел болғанда бұтақтан тез үзіліп, жоқ болатын гүлді, қысқа мезеңді еске салады. Бәрін үлгеру керек.
Жазда жапырақтары жайхалып, жемістері қазан болғанда, болары болды, жай ғана осы сәттен ләзәт алуға тырысамын.
Күзде жапрақтары сары ала қызылға боялғанда, әр кезеңнің өз сұлулығы бар екен түсінемін. Бәрі өткінші, бәрі қайталмалы..
— Ол ағашты сіз отырғызған едіз бе?
— Иә, өрікті жақсы көрем.
— Мен де. Оооо қараңыз, жетейін деп қалған сиақтымыз, біздің топтың төбесі көрініп, шай ішуді бастап кеткен сиақты, — деп Ағыс атаның көңілін көтергісі келіп.
Алыстан екінші Көлсай көлі күмістей жылтырап, көздің жауын алып тұр. Соңғы қадамдар ең ауыр. Ауыр болса да, екеуі жоғарыға қарай жүре берді, жүре берді...
Әсем Анықбекқызы — Алматылық ашық әдебиет мектебінің (ОЛША) студентімін. Биыл екінші рет қатысудамын. Балалар әдебиетін жазып жүрмін. ОЛША курсында жазған шығармамды ұстаздардың айтуы бойынша баспаларға ұсындым, жауап күтудемін.