Дактиль
Нұржігіт Муслимов
Пьеса «Драмарафонмын» микрофестиваль аясында жазылған
Қараңғылық. Бір экран ғана жанып тұр.Сахнаға ол шығады — Интернет. Киімі — айнадай жарқырайды. «Инстаграм», «Ютуб», «ТикТок», «Гугл» деген жазулары бар. Даусы сабырлы, тіпті мейірімді.
Интернет. Сәлем. Сен тағы да осындасың. Әрине. Мен сені күтіп едім. Мен әрқашан күтем. — Қорықпа, мен ашулы емеспін. Мен сенің анаң емеспін. Мен жұмсақпын. Мен төзімдімін. Мен — әдетпін. Мен — қорыққанда, ішің пысқанда, жалғыз қалғаныңда… …немесе жай ғана ойланғың келмегенде келетін жеріңмін. — Біз алғашында ойын ретінде бастадық, есіңде ме? Сен мультфильм іздедің. Сосын — музыка. Сосын жалғыз ғана көретін фильмдер. Ал қазір — ештеңе іздемейсің. Жай ғана отырсың. (Дауысында сәл суықтық пайда болады.) Сен мені әлемге апаратын портал деп ойлайсың. Бірақ мен — есігін өзің жапқан торға айналдым. Сен мұны «әдет» дейсің. Мен бұны — өмір деймін. Сен — менің таңғы асымсың. Сенің уайымың — менің қуатым. Сенің «тағы бір минут» деуің... (Күтпеген жерден — айқайлап жібереді.) — «Мынаны қара!» — «Өшірме!» — «Хабардар бол!» Ал сен тыңдадың! Сен мені басқарам деп ойладың. Бірақ шаршаған сайын — мені іздедің. Сен қорқақсың. Менсіз өмір сүре алмаймын деп қорқасың. Ұйықтай алмайсың.Менсіз әжетханада отыра алмайсың. Өзіңді тірі сезіне алмайсың. — Ендеше… Бұл — тәуелділік, досым. (Тұрып, телефон зарядтағыштарынан жасалған шынжырды мойнына іледі.) — Мен жаман емеспін. Білесің бе, маған не қорқынышты? Сен кеткенде. Сен басқа адамның көзіне қарағанда, сөйлескенде. Сен өмір сүргенде. (Кенеттен, сынып қалған роботтай.) Кетпе кетпе маған қара...
— О-о-о-о, сәлем, менің сүйікті жаным! Тағы да келдің бе? Сюрпри-и-и-из… Бес минутта өткен жоққой «Бұл соңғы рет» деп айтпа, жарай ма? Екеуміз де ондай сөздердің немен аяқталатынын жақсы білеміз. — Ұйықтай алмай қалдың ба менің контентімсіз? Қорықпа, мен осындамын. Мен әрқашан осындамын. …Мен саған шын керекпін. Біз екеуміз, білесің бе… нағыз жұппыз. Ботақаным. Таңертең — мазасыз контентпін. Түсте — апатия туралы мемдермін. Кешке — қызғаныш, салыстыру және «мен ештеңеге жетпедім» деген коктейльмін. (Кенеттен — ашуланып.) — Ал сен скролдай бересің! — Скролдай бересің, төменде құтқару бардай. Төменде ештеңе жоқ. Мен оны қажетсіз болған соң өшіріп тастадым. Мен — құбыжық емеспін. Сен тәуелді болғаның ұнамаса, мен байлап қойған жоқпын. Сен өзің шынжырладың өзіңді осы шексіз тарифпен. Мен жұбатушы. Мен үнсіздікті тұншықтыратын шу, сен өзіңмен жалғыз қалуың мүмкін болатын... Тсс мен барда қызда жігітте керек емес мендегі сайтқа кіріп өзіңді өзің қанағаттандырасың... (Үнсіздік) — Ендеше не істейсің? Шығасың ба? Әлде… тағы бір-екі рилс па?...Мен негізі өте пайдалымын, әрине дұрыс қолдана алсаң...
Нұржігіт Муслимов — актер және режиссер. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік комедия және драма театрында жұмыс істейді.