Дактиль
Ғалиябану Мейрамқызы
Пьеса «Драмарафонмын» микрофестиваль аясында жазылған
1960 жыл. 3-қаңтар. Түнгі уақыт. Аз ғана жарық түсіп тұрған қараңғы бөлме. Бөлменің бір бұрышында торшер. Екінші бұрышында кресло.
Альбер. Бүгін қар жауды. Мүмкін, кеше жауған шығар. Білмеймін.
Пауза.
Бірақ бәрібір емес пе.
Пауза. Темекісін тұтатады.
Ертең... Яғни, болашақта театр пафоссыз болады дейді.
Бір адам, бір лампа және тағы ұсақ- түйек... Ғажап емес пе? Меніңше ғажап.
Иә, театр. Ұлы дүние.
Тек театрда ғана адам дауыстап айқайлап, жынды секілді көрінбейді.
Пауза. Алысқа қарайды.
Олар айтады... Яғни, адамдар:
«Альбер өмір бойы пессимист болған. Қабағы ашылмайтын алжирлік...»
Ал мен бар болғаны реалиспін.
Иә, мен гуманистпін.Адамдарды теориялық тұрғыда жақсы көрем.
Орнынан тұрып, үнсіз бір орынды айналып жүреді. Бір сәт үнсіз, сосын бірден қатты дауыспен:
Философ. Лауреат. Драматург.
Бұлар не екенін білесіздер ме? Қазір қысқаша түсіндіріп берем: Негізінде, сен тек жазасың, өйткені сөйлей алмайсың. Әлгі аталған үшеуі соны жасыратын жапсырмалар. Дәл солай.
Тағы дауыс тонын көтеріп сөйлейді.
Мойындау керек, Нобель сыйлығы — маскировканың тамаша тәсілі.
Бірден сұрақтар азаяды: «Ол біртүрлі — демек, гений». Бітті.
Қалтасынан тағы бір темекіні тұтатып, үнсіз барып креслоға отырады. Біраз үнсіздіктен кейін өз- өзінен күледі.
Кейде мен түсімде тозақта отырған өзімді көремін. Ал маған қарама — қарсы алдымда Сартр отыр. Өзінің бітпейтін еркіндік, таңдау туралы ойларымен.
Ол креслодан сәл көтеріліп, Сартрдың даусын салып сөйлейді:
«Адам — өмірде жасаған таңдауларынан тұрады»/
Қайтадан креслоға шалқая кетіп:
Ал мен оған қарап отырып: «Сен деген 130 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан машинада ағаш пен бетонның ортасында таңдау жасамадың» дедім.
Пауза. Шаршаңқы дауыспен сөйлейді.
Ол — мағынаға сенді. Ал мен — оның жоқтығына. Айырмашылық аз, бірақ оның нұсқасын глянцте басып шығарды.Менікін — өлгеннен кейінгі басылымда.
Ол креслода шалқайып отырған күйі күледі.
(Сарказммен) Не айтып жатыр едік? (Ойланғандай болып жан- жағына қарайды) Театр? Театр — шапалақтар есту үшін, ересектердің қараңғыға қарап айқайлайтын жері. Мойындау керек, кейде мен актерлерге қызғанышпен қараймын.
Театрда құлап қалсаң да: «Ол солай жоспарланған» дей аласың.
Ал өмірде — бәрі әлдеқайда аянышты. Онда тіпті репетиция да жоқ.
Дауысын бірден жайлатып:
Сосын Венгрия басталды.
Және мен түсіндім: жазу — ештеңені өзгертпейді.
Әлем қанға малынып жатыр, ал сен отырып алып метафора мен сызықшаның арасынан таңдайсың.
Бірден тонын өзгертіп:
Иә, иә. Мен Кеңестерді сынадым. Сынаймын да.
Себебі бір шекарадағы газ камераларын — екінші жақтағы лагерьлермен ақтауға болмайды.
Пауза. Бір нүктеге ұзақ қарап тұрады.
Және мені осы үшін қаралайды. Олар мені аңқау дейді. Бірақ нағыз аңқаулық — азаптауды «идея үшін» деп ақтап, оның уақытша нәрсе екеніне сену.
Пауза. Темекіні сөндіріп, саусағымен күлін қағады.
Идея үшін өлу — романтика. Ал идея үшін өлтіру — саясат.
Терең күрсінеді:
Менде неігзі пойызға билет бар. Қарапайым, французша, кәдімгі билет.
Бірақ Мишель: «Facel Vega. Стиль. Жылдамдық. Былғары салон», — дейді. Мен әрине келістім. Біреу неге деді ме? Сол.
Ол ұзақ пауза жасайды. Қалтасынан қиялдағы билетті суырып алады. Мыжып тастайды.
Пойыз кешігер еді. Ал көлік — кешіккен жоқ...
Мұнда біртүрлі поэзия бар сияқты.
Ол еденге қарап ұзақ отырып, тағы темекісін шығарады. Бірден адамдарға бұрылады.
Сен ешқашан ненің соңғы болатынын білмейсің. Соңғы жолдар. Соңғы көру. Соңғы пікірталас. Соңғы «кейін жазармын».
Алдыға қарап, сәл күледі:
Білесіздер ме, мен өлген соң бәрін түсіндіріп береді. «Ол алдын ала білді. Ол сезді. Ол түсінді» дейді. Бірақ ешкім «ол шаршаған еді» деп айтпайды. Себебі көпшілік үшін тіпті өлімнің өзі мағыналы болуы керек.
Пауза. Алысқа қарайды.
Ешқашан буржуа секілді өлемін деп ойламаппын. Жақсы көлік ішінде, жақсы пальтода және жақсы жоспарлармен.
Аз ғана жымиып: Мен романымды аяқтап үлгермедім. «Сизиф туралы мифті де» қайта оқып үлгермедім.Сартрға: «Бір рет, тіпті кездейсоқ болса да, сенікі дұрыс болды» — деп те айта алмадым.
А иә, әлгі бітпеген романым туралы: Атауы қызық иә? «Бірінші адам». Менен бұрын Адам мен Ева болмағандай... Аяқталмаған болса да, оны Facel Vega- ның артқы орындығынан тауып аларсыңдар.
Кенет оның бетіне жарық шағылыса түседі. Ол қолымен бетін жауып:
Егер бұл — финал болса, өтінем, ол тыныш болсыншы. Шусыз. Прожекторсыз. Жарықты өшірсеңдер, мен бірден түсінем: пьеса аяқталды. Мен айтқасын емес. Айтатын ештеңе қалмағасын.
Ол өз-өзіне аяғынан бастап қарап шығады. Сосын жан- жағына заттарға көз салады.
Бір адам, бір лампа және тағы ұсақ- түйек... Ғажап емес пе? Меніңше ғажап. On continue sans moi, жолдастар.
Соңы.
Альбер Камю 1960 жылғы 4 қаңтарда, Францияның Вильблевен қаласы маңында автокөлік апатынан қаза тапты. Ол Жаңа жылдық мерекеден кейін Лурмареннен Парижге оралып келе жатқан болатын. Камю бастапқыда пойызбен қайтуды жоспарлаған, тіпті апаттан кейін оның қалтасынан кері бағытқа алынған пойыз билеті табылған. Дегенмен ол Facel Vega автокөлігімен баруға шешім қабылдаған.
Ғалиябану Мейрамқызы — драматург, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің 4-і курс студенті. 2004 жылы Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында дүниеге келді. Қазіргі оқып жатырған мамандығы – сурдопедагогика (есту қаблеті зақымдалған балаларды оқыту, жестовый язык). БҰҰ балалар қоры ЮНИСЕФ Қазақстанда екі маусым волонтерлік жұмыс жасады. Бос уақытытта театрға жиі барады, Батыс Еуропа әдебиетін оқығанды жақсы көреді және кейде хобби ретінде пьесаларға талдау жасайды. «Оның көгілдір шаштары» пьесасын 3-курс оқып жүргенде, американдық «TV girl» атты инди-поп топтың «Blue Hair» әнін тыңдап отырғанда келген мотивпен жазған болды. Бұл пьеса оның бірінші рет жазған жұмысы.