Айнұр Төлеу

61

Қазақстандық автор ретінде әлемге не айта аламын?

Алдымен өткенге шолу жасап өтсем. Кеңес кезеңінде биліктің пропагандасын жүргізу үшін арнайы Жазушылар Одағы құрылды. Гуманитарлық ғылымдар саласында соцреализм теориясы қарқынды дамыды. Көркем шығармаға жасалатын талдаулар мен жазылатын әдеби сындар осы теорияға сүйенетін. Жазушылар да соцреалистік бағытта шығарма жазатын.  Әдебиет деген не деген сұраққа да біз соцреалистік теория тұрғысынан жауап беретінбіз.

Тарихи оқиғалар орын алып, Кеңестік елдер Посткеңестік мемлекеттерге айналды. Мамандар жүйе құлаған соң, постколониал шығармалар дүниеге келді деп баға береді. Расында Тәуелсіздіктен бері қарай жазылған қазақ әдебиетіндегі бірқатар шығармалардың постколониал бағытта екені байқалады. Отарлауға дейінгі және отарлау кезінде қарсылық танытқан батырлар мен қайраткер тұлғалар туралы да талай романдар жазылды. Тіпті Шыңғыс ханның қазақ, немесе қазақ емес екенін дәлелдеуге арналған көп шығармалар кездеседі. Бұның барлығы отаршылдықтан кейінгі ел әдебиетінде жүзеге асуы заңды бір құбылыс секілді көрінеді. Дегенмен, жалған ұран мен артық пафос қосылып, «асқақ бір рухпен» жазылған шығармалар да жоқ емес. Бұл әдебиеттің  соцреализм бағытының әсерінен әлі де арыла алмағанын байқататын фактор. Әрине, Тәуелсіздік жылдарында автордың бәрі бұрынғы сарынмен жазды деп жалаң баға беруге де болмас. Посмодернизм бағытында да романдар мен әңгімелер, повестер оқырмандарға ұсынылды.

Қазақ тілінде жазатын шығармашылық ортаның арасында жүрген адам ретінде «Қазақстандық автор ретінде әлемге не айта аламын» деген тақырып  әрбір қаламгерге қызық екенін байқаймын. Жас жазушылар шығармаларын ағылшын немесе түрік тіліне аударып өзін шетелдік оқырманға ұсынып жатады. Букер сыйлығының шорт — парағындағы тізімде болдым деп әлеуметтік желіге жазатын қаламгерлерді де көріп жүрмін. Дәл солай жазған авторлардың шығармаларын арнайы іздеп, оқимын. Шығармаларының құрылымы, оқиғаларды құрастыру әдісі әлі де соцреалистік әдіс-тәсілдермен жазылғанын байқаймын. Алайда дәл сол көркемдік әдісті қолданғаны үшін жазушыны сөге алмаймын. Себебі Қазақстан мектептерінде әдебиет сабағы оқытылады және сол әдебиет сабағын оқыту, көркем мәтіндерді жаңаша талдау деген сияқты әдістер әлі де енбеген. Кеңес үкіметінің пропагандасына жұмыс жасаған жазушылардың шығармалары әлі де мектепте оқытылады. Мен биыл , яғни 2024 жылы, мектеп бағдарламасына енген шығармалардың бәрін қарап шықтым. Ғылыми зерттеу жұмысына керек болғаны үшін, 1 сыныптан бастап, 11  сыныпқа дейін оқушылар қандай авторларды оқып, оның ішінде неше пайызы әйел авторлар, неше пайызы ер авторлар қамтылғанына дейін зерделедім. Сондықтан біздің жазушыларға креативті жазу әдісін үйренуі керек екенін жақсы түсінемін. Әрине, жазу әдісін меңгеру бөлек те, тақырыптар мен идеялар ұсыну – екінші шаруа.

Енді негізгі тақырыпқа қарай ауыссам. Қазақстанның ешқандай елге ұқсамайтын өз тарихы бар.  Ең алдымен байтақ далада көшпелілер төрт мезгілде қоныс аударып көшіп жүрді. Мал шаруашылығына байланысты қонысты ұлғайтып, өрісті кеңейту үшін қиян-кескі шайқастар болды. Ресей патшалығының бекіністер салуы, оған көрсетілген көтерлістер мен қарсылықтардың өзі қазақ әдебиетінде үлкен бір тақырып. Кейінгі үкіметке большевиктердің келуі, отырықшыландыру саясаты, аштық мәселесі, қазақ даласына қоныс аударған өзге ұлттардың жағдайы мен жерсінуі — мұның бәрі қазақстандық авторлар айтуы керек тақырып. Осыларды жазу арқылы ғана біз қазақстан халқының бірегейлігін көрсете аламыз. Сонымен қатар бұл тақырыптар қазақ әдебиетінде қозғалған жоқ деуге де келмейді.

Соғыс жылдарындағы Қазақстан, ол кезде де елге қоныс аударған этностар көп болды. Аштық пен қуғын-сүргін көрген ел басқа жақтан қоныс аударып келіп жатқан адамдарды жатырқаған жоқ. Бірақ сол кездегі аянышты оқиғалар мен халықтың ахуалын біз жеткілікті деңгейде жазбадық, немесе ол тарихи оқиғалар туралы жазылған еңбектердің көбі оқырманға жете қоймады. Саясаттың пропагандасын қоспай, шынайы жазылған көркем шығарма әлемге ғана емес, өзімізге де қызық болар еді. Біз кімбіз? Өз болашағымызды қалай елестете аламыз, осы елде тұрып жатқан халықтың бәріне ортақ бірегейлік қандай — осының бәрі жаңа шығармаларда қамтылуы керек деп ойлаймын.

Қазақ тілінде жазатын авторларға әлемдік деңгейде шығарма жазу мәселесі өте қызықты. Осыдан бір жыл бұрын «Әдебиеттегі модернизм және постмодернизм бағыттары» курсын М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы ғалымдармен бірлесе отырып ұйымдастырдық. Осы тақырыпқа байланысты ғылыми диссертация жазған мамандар лекция оқыды. Курсқа жас жазушылар ғана емес кино саласында да өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан режиссерлер мен сценаристер қатысты. Демек, қазақ тілді шығармашылық ортада әдебиеттегі кретивті жазу әдістері, ағымдар мен бағыттарды білуге талпыныс жоғары.

Мен ақынмын. Екі рет баспадан өлеңдер жинағым жарық көрді. Қазақ әдебиетіндегі үлкен жазушылар өлеңдерімді жақсы бағалады. Қызық, біздің әдеби кеңістікте қанша кітап шығарса да, үлкен, атақты жазушылардың мойындағанын армандайтын авторлар көп. Әрине бұл абсурд. Бірақ соны байқамай, үлкендердің мойындағанын, саған жақсы пікір білдіргенін, өлеңдеріңді бағалайтынын мақтанып айтып отырмын. Поэзиямды студенттер жатқа оқиды. Композиторлар ән жазады. Бірақ өзіме көңілім толмайтын. Тіпті әдебиеттанушылар шығармашылығымды зерттеп, ғылыми мақала жазып та жатыр. Кітаптарымның да сатылымы жақсы. Алайда мен көздеген меже басқа болатын. Маған шығармашылық тұрғыда білім керек екенін түсіндім. Осылайша М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына докторантураға оқуға тапсырдым. Әлемдік әдебиетті жақсырақ білгім келді. Сонымен қатар, әлемге не айтатынымды әдеби білім жинасам ғана түсінемін деп ойладым. Әрине, ғылымның өз ережесі мен тәртібі бар. Онда әдебиеттануды академиялық жағдайда оқытады және саған академиялық талаптар қояды. Ауыр талаптарға қарамастан мен «Қазақ әйел жазушылардың шығармашылығындағы гендер және бірегейлік мәселесі» деген тақырыпты зерттеу нысаны етіп алдым. Қазақстанда әдеби білім беретін, креативті жазу жолдарын көрсететін шаралар өтпейді. Сондықтан мен жоғарыда айтқан «Әдебиеттегі модернизм және постмодернизм бағыттары» курсын ұйымдастырдым. Постмодеринизм деген не, оның модернизмнен айырмашылығы қандай деген қарапайым сұраққа жауап табу үшін жазушының бәрі мен секілді академиялық білім алуға міндетті емес қой. Ең бастысы сол ортада жүрген ғалымдар лекция оқуға келісімін берсе болғаны. Дегенмен, мен әлі де оқырманға қызықты әрі креативті идеяларымды жеткізу үшін іздене беруім керек деп есептеймін. Сонымен қатар, шығармашылығымдағы өзгерістерді де байқап жүрмін. Өлеңдерімді жинақтап жатырмын. Ең бастысы, менің өз бірегейлігім бар. Қазақ мифтеріне қызыққан кезім болды. Қазіргі қазақ прозасындағы мифтік сарындар туралы зерттеу де жасап көрдім.

Қазақтар ислам дінін қабылдағанға дейін тәңіршіл болды. Тәңіршілдіктен қалған таным түсініктер мен исламды қабылдаған кездегі түсінік, отарлау саясатының әсері мен отарсыздану процестері – осының бәрі қазақ жазушысы жазса, қызықты тақырып деп ойлаймын.

Айнұр Төлеу

Айнұр Төлеу — ақын, әдебиеттанушы, драматург, тележүргізуші.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon