Дамир Амантай

54

Апельсиннен фреш

Әңгіме

 

 — «Фреш» деп аталады бұл! Апельсиннен жасалады!

Сыныптағы балалардың барлығы Дарханның қолындағы сап-сары шырыннан көз алмады. Әсіресе Бексұлтанға «Сарыағаш» шөлмегіне құйылған шырын құдды бір құдайдың нұры құйылған ғажайып сусындай көрініп тұрды.

— Дәмін көрейінші! Бір рет қана ұрттаймын! — деген Бексұлтан тілінің астына жиналған сілекейін зорға жұтты. Ол апельсин фрешін әкелген сыныптасына қалайша жалынышты үнмен сөйлегенін өзі де ұқпай қалды. Жүрегі де соққылап кетті. Өзге қыз-балалар да Дарханға тура сондай өтініш білдіріп жатты.

Алайда Дархан сыныптастарына достық ықылас көрсетуге мүлде тырыспады. Ол қолындағы тәтті шырынды балалармен бөлісуге емес, әлгілердің алдында рахаттанып тұрып мақтанып, таңғалдыруға әкелген еді. Әрі, қу бала, өз бетінше «бизнес» жасап көруге ниеттенген болатын. 

Негізі, бұл бала ыңғайы келген сайын ата-анасымен бірге Алматыға барып, сыныптастары мен мектептегі өзге оқушылар арасында апталап талқыланатын бағалы заттармен қайтып оралатын. Соңғы рет Алатаудың бөктеріндегі үлкен шаһарға барғанда пульт арқылы алыстан ұшыратын тікұшақ әкеліп, бүкіл ауыл балаларын тамсандарып еліктірген еді. Оның үстіне, Дархан ауылдың өзге балаларына қарағанда әлдеқайда әдемі киініп, сапасы жақсырақ рюкзак пен соңғы үлгідегі телефон ұстайтын жеткіншек болатын. Ол мектеп дәліздерінде сыныптастарымен бірге әрдайым көне заманның маңғаз, сәнқой сұлтандары секілді сезініп жүргенді жақсы көретін.

Ал Бексұлтан болса мүлде басқаша еді. Ол ыстық күнге әбден күйген, мүлде артық салмағы жоқ, шыбықтай ап-арық ауылдың қарайым баласы болатын. Үлкен кісілер оны көрген сайын «осы балаға үйіндегілер тамақ бере ме?» деп алаңдай ойлаушы еді. Бексұлтан сабаққа әрдайым марқұм атасынан қалған ескі портфелді ұстап, жасы үлкен жиенінен қалған мектеп формасын киіп жүретін.

Ол бұрын-соңды «фреш» деген сусынды ішпек түгіл, дүниеде ондай нәрсенің бар екенін мүлде білмейтін еді. Ол тек дюшес, буратино, кола-кола және тархун сынды газы бар тәтті сусындардың дәмін білетін. Олардың өзін балақай сирек келетін мерекелер мен туған күндерде ғана тамсана ішетін. Жәй күндері ондай сусындарды ішпек түгілі, армандамайтын. Кей кездерде Бексұлтан көрші Мира апайдың жертөлесіне ұрланып кіріп, немерелері үшін жабылған кампоттардан білдіртпей ішіп тұратын.

— Жоқ, бере алмаймын! — деді Дархан сыныптастарына сабырлы үнмен. — Апельсин фрешінің нөл бес литрі үш мың теңге тұрады! Ал менің қолымда, өздерің көріп тұрсыңдар, бір литр! Демек, бұның бағасы алты мың теңге! Мен оны неге сендерге беруім керек? Өзім рахаттанып ішпеймін бе?!

— Түй, қызғана бермеші, Дархан! — ашулана қалған Бексұлтан қаттырақ сөйледі. — Адам сияқты сұрап жатырмыз ғой! Бір-ақ рет қана ішейінші, болды! Тек тәмін көргім кеп тұр! Ешкімге бергің келмесе, не үшін алып келдің оны?!

— Мен осы бір керемет тәтті сусынды баршаңа көрсетіп, бір қуанышыммен бөліскім келді! Бұрын өзім де ішіп көрген жоқпын ғой! Осы кеше ғана Алматыда алғаш рет дәмін көрдім! Бірден ұнаттым! Пепси, тархун, спрайт дегендер бұның қасында мүлде ойнамай қалды! Халқым, папам осындай шырын жасайтын арнайы аппарат сатып алды. Жемістерді аршып, ішіне салып, кнопкасын баса салу керек, демде фреш дайын болады! Әрқайсысыңа жасап бере аламын енді!

Дарханның сөздері әп-сәтте бүкіл сыныптың ішін гуілдетіп, шулатып жіберді. Әр бала оның жақсы дос екенін, жомарт екенін, «красавчик» екенін айтып, бір шөлмек фреш үшін небір нәрселер ұсына бастады. Бексұлтан да оған бір пакет құрт беруге уәде беріп, жарты литр шырын сұрады.

— Біз жақта тұратын Мира апай сыйлаған, — Бексұлтанның бұл сөздері өтірік еді, өйткені ол құртты түнжарымда Мира апай тұратын үйдің ауласына байқатпай кіріп, қазандықтың жанында кептіріліп тұрған жерінен ұрлап әкеткен болатын. — Құрт өте дәмді! Мен олардың тек екеуін ғана жеп үлгердім. Қалғаны әлі бар, ертең-ақ әкеп берейін!

— Ой, қойшы, сенің құртыңды сұрап тұрмын ба мен? — Дархан шөлмектің қақпағын ашты да фрешті тура теледидар жарнамасына түскен актердей кербезденіп ішті. — Ех, не деген керемет еді! Нағыз пайдалы нәрсе осы ғой! Мамамның айтуынша, Түркиядағы адамдар осындай сокты күніге ішеді екен! Әрбір көшеде титтей ғана ақшаға сатылатын көрінеді апельсиннен фреш! Ал Алматыда ол азғантай ғана жерде бар, оның үстіне, өлердей қымбат! Сол себепті, достар, ренжімеңдер, фреш ішкілерің келсе, маған ақша төлейсіңдер!

Сынып ішіндегі гуіл қайтадан көтерілді. Бұл жолы балалар арасындағы шудың қатты болғаны соншалық, өзге кабинетте құжат толтырып отырған математика пәнінің мұғалімі ашуланып жетіп келді. Ол балаларға жақсылап тұрып сөгіс айтып, орындарына отырғызып, шыбынның ызыңы ғана естілетін тыныштық болуын қорқыта талап етті. Бірақ оқытушы кабинеттен шыққан бойда барлығы сабақ жазуды қойып, қайтадан Дарханға көңіл аударды. 

— Дархан, біз ақшаны қайдан алады екенбіз? Жоқ қой бізде! — Бексұлтан ренжіңкіреп сөйледі. — Доспыз ғой біз! Бір рет ұрттауға берсең нең кетеді?!

— Бека, қалай түсінбейсің? — Дархан алдымен Бексұлтанға, сосын барлық сыныптастарына ақымақтарға қарағандай көз жүгіртіп, басын шайқады. — Мен бәріңе жететін апельсинді қайдан аламын? Достарым, біздің ауылда апельсин өспейді ғой. Бұл жақтағы магазиндердің бәрін білемін, біреуінде де сатпайды. Оны өздерің де білесіңдер. Қаладан ғана әкелуге болатынын. Бір литр фреш жасау үшін кемінде он дана апельсин керек, ал сыныпта жиырма бала, көбейте беріңдер қаншау керектігін. Егер дұрыстап ішкілерің келсе, ақша беріңдер. Демалыс күні папамммен қалаға барып көп апельсин әкелемін. Сосын фрешті жақсылап тұрып дайындап беремін. Немесе ертең осы бөтелкемен тағы бір рет әкелейін, барлығыңа бір кеседен құйып берейін, сонда бәріңе де жетіп қалар. Ол кезде, әрине, ешқайсыңнан ақша алмаймын.

Негізі, Дарханның о бастағы ойлағаны ақша еді. Алайда оның пайда көруге деген ниетін сыныптастары түсініп қойса, ешбірі де оның қалтасына өз ақшаларын салмас еді. Сол себепті ол сыныптастарына таңдау бергендей әрекет жасады. Дегенмен ол балалардың фреш ішу үшін ақша төлеуге көнетіндерін жақсы түсінді. Шындығына келгенде, Дархан ақшаны жинап алғаннан кейін тек жартысына ғана апельсин алып, дайындалар фрешке дәмі құртылмастай деңгейде салқын су құйып, достарына таратуды ойлаған еді.

Бексұлтанның қасында отырған бет-аузы безеу-безеу бір бала Дарханнан қанша теңге жинау керектігін бірден сұрады. Сабаққа үнемі жалғыз ғана дәптерімен келетін екінші бала мың теңге екенін естіген бойда ақшаны Дарханның алдына қоя салады. Елдің бәрін мазақтай беретін екі қыз бір фрешті бөліп ішетіндерін айтып, бес жүз теңгеден Дарханға бөлек берді. Олардың шешімдерін қызық тауып, өзге қыздар да бөлісіп ішетін болып, ақшаны аз-аздан жинақтады. Бұндай жағдайға Дархан разы болмады, бірақ түр білдірмей, блокнотына жазып отырды. Бұл баланың блокноты да өзгелердің дәптерлеріне қарағанда қымбаттау еді.

— Не ғой, Дархан! — Бексұлтан біршама ыңғайсыздық сезінді. — Саған бір өтініш болып тұр еді! Мен ақшасын кейінірек берейін, сен маған да фреш жасап берші!

— Бека, сен шамалы болсын ұялсаңшы! — Дарханның көзі бадырайып, Бексұлтанға таңдана қарады. — Елдің барлығы апельсин алуға ақша қосып жатқан кезде сенікі қалай кетті?

— Өзің жасап ішкенге артығымен алып қойған шығарсың апельсиндерді? Солардан жасап бере аласың ғой! Не болды сонша?

— Ей, менің үйімде қарындасым мен інім бар, соларға жасаймын ғой! Мамам мен папам да, атам мен әжем де ішеді сол фрештен! — әр сөзін әсерлі жеткізгісі келген Дархан әдейі орнынан тұрды. — Халқым, егер ақшаны өзіне алып алады деп ойласаңдар, фрешті алып келгенде чекті де көрсетіп отырайын. Артық ақша қалып қалса, оны да қайтарып беремін сендерге. Мен ондай емеспін ғой, достар. Сендерді алдап нем бар? Әлі қаншама жыл бірге оқимыз, сыйластықты бұзғым келмейді!

Балалардың барлығы ұялғаннан ештеңе демеді. Бексұлтан да аузын жауып, саусағындағы тырнағының кіріне тесіле қарап, жылауға дайын отырды.

Негізі, Бексұлтанның отбасы оншалық байлықпен немесе әлдебір құндылықпен мақтана алмайтын. Иә, тұратын үйлері, киетін киімдері, жейтін тамақтары жеткілікті. Бірақ өзгелермен салыстырғанда, қаржылық деңгейі төмен еді. Бексұлтан әрдайым іштей: «Неге ғана байдың баласы болып тумадым екен?!», — деп қынжылып жүретін. Әсіресе Дарханның қасында ол өзін тым лас әрі ұсқынсыз сезінетін. Оқу жылы басталмай тұрып әкесінен жаңа костюм-шалбар сұрағанында «құр босқа ақша шашу» және «қаржы жауапкершілігі» жөнінде өте ұзақ дәріс естіген болатын. Сол себепті ол ата-анасынан фрешке сұраудың дұрыс болмайтынын жақсы түсінді...

Бірақ, «үмітсіз — шайтан» демекші, жеткіншек бала сабақ бітісімен үйіне қайтып бара жатып ата-анасынан шамалы болсын тиын-тебен сұрауға бел байлады. «Беретін шығар, бәлкім!», — баланың жүрегінде үміт оты жанып, ақырындап өз-өзіне сенімі арта түсті. Тау жақтан соққан салқын жел оның күмәндарын ақырындап ысырып, қиялын асқақтата берді. Ол апельсин фрешін ораза айындағы ауызашарда су ішкен адамдай рахаттанып ішетінін анық сезді. Тәтті шырынның дәмі қымбат балмұздақтай ләззат сыйлайтынын және күш-жігер беретінін жақсы түсінді.

Дегенмен де, үйіне кірген сәтте баланың батылдығы мен өз-өзіне деген сенімі далада қалды. Асүйде тамақ дайындаған анасынан да, жатын бөлмеде теледидар қарап жатқан әкесіне де: «Үш мың теңге бере аласыздар ма?» — деп сұрауға бата алмады. Анасы оның бір нәрсеге алаңдаулы екенін бірден сезді, бірақ Бексұлтаннан «бәрі дұрыс» деген жауап естіп, кешкі ас әзірлеуін жалғастыра берді. Ал Бексұлтан мектеп формасын үй киіміне ауыстырып, ақша сұрауға бата алмаған өзін, ақша талап еткен Дарханды, кедей отбасылық жағдайын, өмірдің әділетсіздігін, өзге де жағымсыз нәрселерді ойлап, бір бұрышта тып-тыныш отыра берді.

Сөйтіп, арада бір апта өткеннен кейін Дархан өз уәдесінде тұрып, сыныпқа бір қорап фреш шөлмектерін көтеріп кірді. Бесінші сынып оқитын балалар үшін бұл нағыз мерекеге айналды. Қораптың аузы ашылған сәтте бүкіл сынып қуаныштан шулап, дәліз бен көрші кабинеттегі өзге оқушыларды әбден қызықтырды. Олар да Дарханның фреші туралы біліп, бірінің артынан бірі тапсырыс беріп, ақша жинауға кірісіп кетті. Дархан да өз «бизнесінің» пайда әкеліп жатқанын түсініп, қуанышында шек болмады. 

Тек Бексұлтан ғана осы бір таңғаларлық атмосфераның бөлігі бола алмай, өз партасында анасынң нан мен сары май, шұжық пен жұмыртқадан жасап берген бутербродтарын жеп, қатты намыстанып отырды. Өзгелер рахаттана ішіп жатқан фрешті іше алмауы өз-өзіне деген жеккөрінішін арттыра берді. Ол қолындағы бутебродты кез-келген сәтте бір шөлмек фрешке айырбастап алуға дайын еді. Бірақ, бала ондай ұсынысқа ешкім де келіспейтініне сенімді еді. Ал сыныптағы балалар өздерінің фрештерін сүйсіне ішіп, дәмінің ерекшелігін дабырласа талқылап, бәрін естіп отырған Бексұлтанды одан бетер мұңға салды.

Уақыт өте бұл жағдай тіптен нашарлай түсті. Төменгі сыныптың балалары, жоғарғы сыныптың оқушылары, тіпті кейбір мұғалімдер де Дарханнан апельсин фрешін сатып алып, ол нағыз саудагер ретінде дами берді. Баланың осындай «бизнеспен» айналысуын әкесі де қолдап, ара-арасында Дарханға қораптағы сусындарды көтерісіп, таратуға көмектесіп жүрді. Қаржылай пайда көре алғанына мәз Дарханның өз-өзіне сенімі артып, сыныптағы ең әдемі қызға да қырыңдауға кірісті. Ол қызда Бексұлтанның да көңілі болушы еді, нәтижесінде бала одан бетер өмірден түңілді.

Сөйтіп, күндердің бір күні мектептен үйіне қайтып бара жатқан жолда Бексұлтанның көзіне Самат атаның үйі түсе қалды. Самат деген ауылдағы ең жағымсыз аталардың бірі еді. Өмір бойы әскери қызмет істеген, жасы алпыстан асса да денсаулығы мықты, күш-жігері тасыған адам болатын. Дегенмен де, күлімдеу, жылы сөйлеу, сыпайы болу, адамдармен ерегеспеу деген бұл кісінің табиғатына жат құбылыс екенін Бексұлтан жақсы білетін. Үйінің маңайында доп ойнаған балаларды көрсе болды, қалтасындағы бәкісін шығарып, оларды қорқытып қуалайтын.

— Доптарыңмен тереземді сындырасыңдар! Қабырғаны құртасыңдар! — деп түкірігін шашырата айқайлайтын. Артынан міндетті түрде «мәдениетті» деуге мүлде келмейтін ерекше былапыт сөздерді жаудыратын. 

Жеткіншектердің бәрі: «Осы алжыған шал өз үйін зәулім сарай көре ме?» — деп таңырқайтын. Бексұлтан да шалдың бір қабатты, сонау кеңес дәуірінде тұрғызылған, қирап қалмауының өзі ғажайып болып саналатын жер үйінің қай жері соншалықты бағалы екенін түсінбейтін. 

Бексұлтан сол Самат атаның үйіне, нақтырақ айтқанда, ашық тұрған терезесінің жақтауында тұрған әмиянына көзі түсті. Қап-қара, жап-жаңа, іші ақшаға ма, карталарға ма, құжаттарға ма, әйтеуір бірдеңеге толып, дүмпиіп кеткен. «Көп ақша шығар!» — деп үміттенді Бексұлтан. Көп ақша болса, онда үш мың теңгенің жоғалғанын шал байқамай да қалады!

Ұрлыққа бел буған бала жан-жағына қарап, қатты дүрсілдей бастаған жүрек қағысын басуға тырысып, шапшаң қимылдап терезеге жақындады. Бір ауық алыстағы трактордың оталғаны, аяқ асты үре қалған иттің дауысынан үркіп қалды. Бірақ демде өз-өзін қолға алып, үй ішінде ешкім жоғына көз жеткізген соң, әмиянды алып, жерге тізерлеп отыра кетті. Баланың құлағында бір түрлі ызың пайда болды. Ол құлақ тамырларының қағысын естіп, сезініп отырды. Тамағы да күтпеген жерден қатты кеуіп кетті. Ол әмиянды тезірек ашқысы келді, бірақ саусақтары дірілдеп, одан бетер есін шығарды.

«Түй, тегі бір, не болды маған?! Болшы тез! Бол!» — Бексұлтанның бар ойлағаны осы еді.

Ұзақ уақыттай сезілген бірнеше секундтардан кейін ол әмиянды ашып, ішіндегі бір бума ақшаны көріп, қуанып кетті. Бірақ, қуанышы ұзаққа созыла қоймады. Қайдан ғана шыға келгені белгісіз, Самат ата екі саусағымен оны желкесінен мықтап қысып, ұстап алды. Бексұлтан не болғанын бірден түсіне қоймады. Бір мезетте ол қуаныш әлемінен қайғы-қасірет өлкесіне ауысып кетті.

— Тура осы жерде өлтіре салайын ба, иттің баласы?! 

Болған жайтты зорға дегенде ұғына бастаған Бексұлтан тура мұрнына тақалып тұрған бәкіні көріп, қыңқ етпей қатты да қалды. Өміріне шынымен де қауіп төнгенін түсінген бала еріксіз жылап жіберді.

— Өлтірмеңізші, құдай үшін! Кешіріңізші!

— Жап аузыңды! Немене ызыңдап отырсың?! Сені де біреу жігіт дейді ғой! 

Самат ата бәкісін қалтасына салып, артқа қарай бір қадам жасады. Қауіп-қатерден құтылдым деп ойлап, үміт пен қуаныш сезінген Бексұлтан тура сол мезетте кеудесіне тиген аяқ соққысынан дем тарта алмай, жерге жата кетті. Жердегі топырақ пен құмырсқаның аузына кіргенін анық сезді, бірақ дәл осы жайтты миы жөнді қорыта алмады.

— Болды енді! Бір ударға шыдай алмайтын не деген мылжың едің! Сендей кезімізде одан да сорақысын көргенбіз! Қазіргі балалардың барлығы осындай бөпелер! Тұр, енді, бол!

Шамасы келмесе де, Бексұлтан зорға дегенде көтерілді. Тілінің астына кіріп үлгерген құмырсқаларды түкіріп, ерні мен бетіне жабысқан топырақты сүртті. Демін де зорға тартып, кеудесін сипалай берді.

— Кешіріңіз мені, Самат ата! Ендігіде қайталанбайды! Мен үйіме кетейінші!

— Былжырама, иттің баласы! Әпер ана әмиянды! Әкең тәп-тәуір азамат сияқты еді! Не тәрбие берген саған?!

— Кешіріңізші! — Бексұлтан зәресі ұшып тұрса да жерде жатқан әмиянды алып, Самат атаның қолына ұстатты.

— Ал, сөйле енді! Түсіндір! Айт сылтауыңды! — шал қалтасынан бәкісін қайтадан шығарады. — Бірақ өтірік сезетін болсам, айтпады деме, қой сияқты бауыздаймын! 

— Фреш алғым келді, ата!

— Ол тағы не пәле?!

Бексұлтан өксігін әрең дегенде тежеп, сөздерін анық айтуға бар күшін салып, Самат атаға ештеңені жасырмай айтып берді. Байғұс баланың ішіне өмірге деген өкпе-реніші жиналып қалғаны сонша, бір басталғаннан түгел сыртқа ақтарылды.

— Сіз байқамай қалады деп ойладым, — деп аяқтады Бексұлтан көз жасын сүртіп. Алғаш рет өзге адамға шер тарқатқан бала өзін біршама жақсы сезініп  қалған еді.

— Такс, былай істейміз, — деді ақыры Самат ата. — Ертең поляға барамыз. Онда қыруар жұмыс болып тұр, маған көмектесесің. Дұрыстап істейтін болсаң, қолыңа бес мың теңге берем, түсіндің бе? Адал жолмен еңбек етіп үйренесің!

— Ата, ертең менде сабақ қой…

— Демек сабақтан кейін барамыз! Түсіндің бе? Құры бар үйіңе!

Арада жиырма төрт сағат өткенде Бексұлтан Самат атаның ауласына қайтып оралды. Тұла бойынан күш-қуат байқалмайды. Түнімен жөнді ұйықтай алмай, өзін-өзі ойша жей бергені анық көрінеді. Мектепте де тынын отыра алмады. Шашын да жумай, май-май қалпында, бір жақ шеті жатып қалған, басқа тұсы тікірейіп кеткен кейпінде жүре берген. Жейдесінің түймелері де дұрыс тағылмаған. Бексұлтан Самат атаға сасқалақтай қол беріп амандасып, «әміріңізге құлдық» деген көзімен үркіп қарады. 

Самат ата оның сүмірейген түріне қарап жаны ашыған да шығар, бірақ Бексұлтанға онысы білінбеді. Ол баланың қолына бір қап ауыр картопты ұстатып, өзі күрек, кетпен, тырма алып егістікке қарай адымдай берді. Ауыр қапты ұстаған Бексұлтан шалдың артынан ерді. 

Тура сол күні ерекше ыстық еді. Көк аспан мен бұлт атаулы бір-бірімен жанжалдасып қалғандай. Үп еткен жел жоқ. Жазық далада көлеңке берерлік ағаш та жоқ. Күн қыздырып күйдіріп барады. Самат атаның басында кепка, қалтасында бір шөлмек суы бар, ара-арасында бір-екі жұтым жасап алады. Басқа қалтасынан сүлгісін шығарып, маңдай терін әдемілеп сүртіп қояды. Ал ауыр қапты біресе арқасына артып, біресе төбесіне қойып әлек болған Бексұлтан үшін әр қадам — зор қиямет. Шөл қыса бастағанда Самат атадан бір жұтым су сұрап еді, шал оған өмірдің қатігез болатынын айтып қоя салды. Өзінің о баста су туралы ойластырмай қалғанына бала қатты өкініп, іштей таусыла берді.

— Адамдар ораза кезінде ештеңе жемей, дым ішпей күні бойы жүреді! Ал сен титтей жерге бола шыдай алмайсың! Әбден еркелетіп жіберген сені! Әкең не үйреткен саған өзі? Қыз сияқты ерніңді бұртитып ренжігеннен басқа дым білмейсің!

Бексұлтан ауыр қаптың өзімен-ақ Самат атаны ұрып өлтіруге ниеттенді, бірақ белгісіз бір күш әрекет етуге жол бермеді. Бала аузындағы титтей ғана сілекейімен қатты кеуіп кеткен еріндерін шамасы жеткенше дымқылдатып, қапты бір иығынан екінші иығына ауыстырып, ілгері адымдай түсті.

Арада бір сағат өткенде екеуі егістікке келіп жетті. Біреуіне жаяу жүріс оп-оңай болса, екіншісі шөптің үстіне отырып, үһілей берді. Бексұлтанның жейдесі мойнынан беліне дейін терге малшнынды. Сол сәтте ғана бала Самат атаның ұйғаруымен титтей ғана жұтым суға «лайық» болды. Шөлмектегі судан Бексұлтан рахаттана ішті.

— Самат ата, мына қартопты еккеннен кейін оны қалай суғарамыз? Әлде ол қажет емес пе?

— Ана жақта арық бар. Соны бері қарай бұрамыз. Мына түп-түзу қазық  жолды көрмей тұрсың ба? Арықтағы су сол арқылы ағып келеді.

— Түсінікті.

— Күректі ме, кетпенді ме, біреуін ал. Әне, анау тұрған дәу тасты көріп тұрсың ба? Сол жерден мына жерде дейін түп-түзу етіп бес қатар қазасың. Жердің бетін ғана сипамай, терең қылып қаз. Бірақ қатты қылып та қазушы болма, ол да болмайды. Қазғандарыңның арасы жақын болмасын. Бірақ қатты алыс қылып та қазба!

— Ал сіз не істейсіз?

— Менің не істейтінімде шаруаң болмасын! Көзіңді алартпай, кіріс жұмысқа!

Бексұлтан күректі алды да жұмысқа кірісті. Бұл маңға соңғы кездері мүлде жаңбыр жаумаған, сол себепті жер де әжептәуір қатты. Бала күректі толықтай топыраққа тығу үшін бір аяғымен қатты басып, бар денесінің салмағын қолдана күш салуға мәжбүр болды. Күннің ыстығы мен шөлдің де әсері оның көңіл күйіне жақсы әсер еткен жоқ. Бір қатарды қазып шығамын дегенше Бексұлтанның тері суша ақты. Ал Самат ата болса қазіргі жастар мен балалардың тәрбиеден жұрдай, денелерінде титтей болсын күш-қуат жоқ екенін және тым майдаланып кеткенін тоқтаусыз айтып, Бексұлтанның жүйкесін одан бетер қоздыра берді. «Әттең, құлағымда наушник болғанда ғой, музыканы бақыртып қосып алар едім!» — деп ойлады ол.

— Самат ата, суыңыздан беріңізші! Мүмкін болмай кетті мына жұмыс! — деді ақыры әбден мезі болған бала.

Шал оның аянышты түріне қыңқ етпей қарап отырып, қалтасындағы шөлмекті алдына лақтыра салды. Ішінде қалған шамалы суды Бексұлтан әп-сәтте сіміріп алып, көзін жұмған қалпы рахаттана тыныс алып тұрып қалды.

— Түріңе қарасам, кеше ғана қаладан келген бала сияқтысың, өмірі ауылдың қара жұмысын істеп көрмеген! — деді Самат ата.

— Мен ешқашан үлкен қалада болған емеспін. Ол жақтағы өмірді интернеттен ғана көргенмін, — деді Бексұлтан. — Біз ондай ауқатты емеспіз. Қалаған сәтте қалаға қыдырып отыратындай мүмкіндік жоқ. Қонаққа бару да бұйырмапты.

— Ботадай бозда онда отыра қалып! — Самат ата жерде өсіп тұрған шөпті жұлып алып, тісшұқығыш ретінде қолдана бастады. — Ешкім де сендерді бұл ауылда ұстап тұрған жоқ, өздерің жүрсіңдер кетпей! Әйтпесе қаладағының бәрі шіріген бай дейсің бе? Сендерден де кедей тұратындар толып жүр дәу қалада! Негізі, барлығына ата-анаң кінәлі ғой! Саған тәртіпті де, еңбекті де, шаруашылықты да үйретпеген. Немене? Өлтіргің келіп тұр ма шындықты айтқаным үшін?

— Сіз менің ата-анама тіл тигізбеңіз! Ондай хақыңыз жоқ! Біз ондай бейшара емеспіз! Құдайға шүкір, күн көріп жатырмыз!

— Ендеше неге әлгі флешіңе ақшаны солардан сұрамайсың? Не, бар-жоғы бір-екі мың теңге беруге жарамай ма әке-шешең?

— Жоқ, олай емес! Берер еді мамам мен әкем ақша! Берер еді! Бірақ олардан сұрағаным ыңғайсыз болады ғой! Фреш деген де жалпы өмір сүру үшін аса қатты қажет нәрсе емес…

— Аса қажет болмаса сол пәлені алу үшін ақша ұрлап нең бар онда? Неге соншалықты ішкің келіп өліп бара жатыр ең?

— Енді мектептегілердің бәрі ішіп жатыр ғой! Бәрі соны мақтайды, «дәмді» дейді, жақсы көреді! Менің де ішкім келеді! Дәмін көргім келеді бір рет болсын! Менің олардан қай жерім кем?

— Достарыңнан неге сұрамайсың онда? Бір рет ұрттауға беруге жарамайтын адамдар ма барлығы?

— Олар өз ақшасын құртып алып жатыр ғой. Қай бетіммен сұраймын?

— Өз ақшасы дейсің бе? Оттапсың! Оларда ақша қайдан болсын? Тиын-тебенді үйде әке-шешесі не ата-әжесі беріп отыр да! Сенің достарың үйдегі үлкендерден оп-оңай ақша алады, ал сен болсаң дірілдеп қалтырайсың. Сосын «бейшара емеспін» дейсің тағы.

Бексұлтанда айтарға сөз болмады. Ол ұялғаннан қайда кірерін білмеді. Тілі таңдайына жабысып, құлағы қып-қызыл болып, көздері жасаурап кетті. Дегенмен, ашу-ыза, реніш пен күйініш, ұят пен намыс араласқан сезімдер толқыны оған жылауға да, жұлқынуға да мұрша бермеді. Бексұлтан күректі қайта қолына алып, барлық эмоциясын жерді қазуға жұмсады. Бір сағаттай уақыт бойы зорға қазылып жатқан жер аяқ асты оңай қазыла кетті. «Өскенде міндетті түдре бай боламын!» — деп өз-өзіне уәде берді ол.

— Әлгі флеш дегеніңді кім шығарып жүр? — деп сұрады бір кезде Самат ата. 

«Флеш» емес, «фреш» деп аталады, — деді Бексұлтан. Содан кейін Дарханның тірліктері туралы толықтай баяндап шықты. 

— Айтшы маған, сен мектепті бітіргеннен кейін не істейсің? — деп сұрады біраздан кейін Самат ата. — Ауылда қаласың ба әлде үлкен қалаға барып оқу оқисың ба? 

— Білмеймін, бұйырғаны болар, — деп жауап берді Бексұлтан. — ҰБТ қалай тапсырамын, грант мәселесі қалай болады дегендей. Ақылы оқуды оқи алмаспын. Бәлкім, армияға бара салатын шығармын.

— Бірақ қалада оқығың келеді ғой?

— Әрине!

— Сол кезде ішетін едің ғой фреш дегеніңді, қазір іше алмайтын болсаң. Бетіңе түк шықпаған өрімсің, бүкіл өмірің алда екенін түсінбейсің, Елдің бәрі жеп-ішкен нәрсені ішіп-жей алмадым деп осыншама күйінуге бола ма екен? Әйтеуір елден қалыспа! Тура кішкентай бала сияқтысың! «Мен де, мен де»! «Маған да, маған да»! Жә, бопты! Қазір бітір, картопты егіп, суғарып, кері қайтамыз. Ақшаңды аласың да өліп ішкің кеп тұрған фрешіңді ішесің!

Күн көкжиекке жетіп, көк аспан қызғылт түске боялғанда Бексұлтан мен Самат ата егістіктегі барлық жоспарланған жұмысты аяқтап бітірді. Екеуі ауылға қайтып бара жатқан кезде самал жел соғып, ауа-райының өзі оларға жақсы жұмыс істегендері үшін «комплимент» білтіргендей болды. Бексұлтан үйге жеткен бойда үстіндегі киімін кір жуғышқа салып,  моншаға кіруі керек екенін анық сезді. Ол егістікте өліп-тіріліп жұмыс істегеніне мүлде разы болған жоқ, бірақ сол үшін ақша алатыны көңіл күйін көтеріп қойды. Қиын тірліктің соңы жағымды нәтижеге жеткізсе ол кез келген адамның өз-өзіне деген сеніміне жақсы жағынан әсер етеді ғой!

— Міне, — Самат ата қалтасынан бес мың теңге шығарып Бексұлтанға ұстатты. Бұл сәтте далада қараңғы батып, шегірткелердің үні ерекше қатты естіле бастаған. Екеуі ауылға келіп қалған еді.

— Рахмет… — Бексұлтан басқа ештеңе айта алмады. Сөгіс айтып ұрса беретін шал алғаш рет күлімдеп ақша берген сәтте абдырап қалды. Егістіктегі жұмысы үшін ақша алатынын о бастан білсе де, қолына сол ақша шынымен де тиген кезде жүрегі дүрсілдеп, саусақтары дірілдеп, көзі жасаурап кетті.

— Сен әлі де ойлан, — Самат атаның жылы сөйлеуі бір түрлі еді. — Өзің шын мәнінде нені қалайсың, соны түсін алдымен. Содан кейін басыңдағы миың өзімен-өзі не істеу керектігін шешіп береді.

Самат ата құрал-сайманын алды да, Бексұлтанды бір мақтап, өз үйіне кетті. Ал Бексұлтан қолындағы ақшаға тесіле қарап, көше бойында біраз тұрды. Ол бірінші рет ересек адам сияқты жұмыс істеп, өзінің ең алғашқы жалақысын алғанын анық түсінді. Өз-өзіне мәз болғаны соншалық, қолындағы бес мың теңгені ештеңеге құртқысы келмей, тағы да ақша табуға құштарлана түсті. Ақыры орнынан қозғалып, үйіне жеткенде де бетінен күлкісі кетпеді.

Дегенмен де, баланың санасы дилеммаға толы еді. Самат атаның айтқан сөздері қатты ойға салып, апельсин фрешін сатып алу-алмау мәселесі біраз жүйкесін қоздырған еді. Неліктен ол сусынды соншалық қатты ішкісі келеді? Шынымен де қызғаныш салдарынан ба? Өзгелердің қасында өзін кішкентай сезінгісі келмегеннен бе? Не себепті осы бір қызғылт сары жемістің шырынын тоқтаусыз ішкісі келе береді? Дәмін тата алмағаннан ол соңғы кездерде әркіммен әр нәрсеге бола сөз таластыра беретін қызба мінез ашушаң балаға айналған еді. Барлығы да көреалмаушылық салдарынан ба сонда?

Бәлкім олай емес шығар? Бәлкім шындықтың бұндай терең астары жоқ та шығар? Бәлкім ол бар болғаны тәтті сусынды ішіп көргісі келетін шығар?  Бастауыш сынып кезінде ол көрші Мира апайдың немересімен бірге соның DVD деген плеері арқылы «Наруто» анимэсін көріп, артынан раменға тәбеті ашылған еді. Бір рет теледидардан «Кариб теңізінің қарақшылары» фильмін көріп, ромның дәмі татып көргісі кеп біраз толқыған еді. Күлкілі томпақ сары мысық туралы «Гарфилд» фильмін көріп, лазанья деген тамақты да жегісі келген күндер болған. Мүмкін қазір де тура сондай жағдай шығар? Бірақ ол кездердегі ішу мен жеуге қатысты құштарлық қазіргідей қатты емес еді.

«Апельсин фрешін ішпей-ақ қойсам не болады?» — Бексұлтан төсегінде ары-бері аунап, ұйықтай алмай, осы сұрақтың жауабын әбден іздеді. Негізі, ол сығылған шырынды ішпей-ақ өмір сүруге болатынын жақсы түсінді. Самат ата айтқандай, есейгенде-ақ өз қалауымен оп-оңай сатып алар да еді. Сатып алмаса да, өз күшімен жасап үйренер еді. Дәл қазір оның өмірі үшін апельсин фрешінің аса қатты қажеттілігі жоқ.

Бірақ оның екі иығында отырған титтей Бексұлтандар бір-бірімен ұрсыса берді. Титтей Бексұлтанның біреуі: «Ішпей-ақ қояйық сол фрешті, келешекте мүмкіндігі болады ғой!» — деп шырылдаса, екіншісі: «Адал еңбекпен ақша таптық қой, алып ішейік те о бастағы қалауымызға сәйкес!» — деп қырсыға түсті. «Біз о баста ақшаны ұрламақшы болдық қой!» — деп еске салды фреш алмауға шақырған Бексұлтан, ал әлі де ішкісі келген Бексұлтан: «Біздің өзгелерден қай жеріміз кем, құрдан-құр бас тарта салатын?» — деп ызыңдай берді.

Шын Бексұлтан жастықты бетіне басып, шын жүректен шыңғырып-шыңғырып алды. Жамылып жатқан көрпесін де тепкілеп, әбден әбігерге түсті. Бұл уақытта жатын бөлмелерінде терең ұйқыға кеткен ата-ана баласының көз ілмей, басы қатып күйзеліс деген құбылыпен іс жүзінде танысып жатқанын білген жоқ.

«Мойындауым керек, мен өзгелерден кеммін», — Бексұлтан бір мезетте дәл осындай тұжырымға келді. Расымен де, ол мектептегі өзге балалардан аласарақ әрі кішкентай еді. Өмірлік дәрежесі мен деңгейі шынымен де солардікімен бірдей болса, онда Дархан апельсин фрешін сатам деген сәтінде-ақ Бексұлтан кідірместен алар еді. Бірақ оған ата-анасына ауыртпалық тудырмай, өз күшімен ақша табу үшін әжептәуір уақыт кетті. Және ол ақшаны да бала аяқасты пайда болған жұмыс нәтижесінде таба алды. Самат ата ұстап алмағанда ол ұрлықшыға айналып, күнәһар болар еді. Бірақ қатігез шалдың... мейірімділігі арқасында ақша үшін еңбек етіп, ересек өмірдің дәмін татып, өте құнды сабақ алды.

Таң атқанша дұрыстап ұйықтай алмаған Бексұлтан ақыр соңында апельсин фрешін алмаған дұрыс деп нық тоқталды. Алайда мектепке барып, кезекті қорабымен келген Дарханды көрген кезде қалтасындағы ақшаны оған қалай ұстатқанын өзі де түсінбей қалды. Бір айға жуық уақыт жан-дүниесінде әмірлік еткен апельсин фрешін ішуге деген құштарлыққа қарсы жаңадан қалыптасқан дұрыс таңдауларға негізделген принцип мүлде қарсы тұра алмады.

Бексұлтан жарты литрлік шырынды үш мың теңгеге алып, Дархан қайтарған екі мың теңгені ішкі қалтасына дұрыстап салды. Дархан да Бексұлтанның өзінен тәтті сусынды алғанына қуанышты еді. Ол жинақтап үлгерген ақшасына плейстейшн алуды көздеп, ата-анасымен сөз таластырып жүрген болатын. Дарханның ата-анасы тісін емдетіп, қыстық етік алуға әлдеқайда ықыластырақ еді. 

Бексұлтан апельсиннен жасалған фрешті бірден іше қоймады. Ол бұндай құнды нәрсені оңашада қалып, ешкім көре алмайтын жерде, тәтті шырынның рахатына бөленіп ішкісі келді. Сол себепті ол сабақ біткенше зорға шыдап бақты. Әр сабақтың соңында қоңырау шырылдаған сайын портфелін ашып, шөлмекке қайта-қайта мәз болып қарайлап отырды. Біреу-міреу алып кетпесін деп уайымдаған бала үзіліс кездерінде сыныптан да шыға қоймады. Ол қалған екі мың теңгесіне дүкеннен чипсы, сэндвич және шоколад алып, қораның төбесіндегі сүйікті орнына жайғасып рахаттана той-думан жасауға шешім қабылдады. Бірақ, қызықтың көкесі алда еді…

Бексұлтан қалауының бәрін іске асырып, жеке жайына жайғасты. Көршілердің ауласындағы бір-бірімен қырылысқан мысықтарға қарап отырып, сатып алған заттарының бәрін сүйсініп тұрып, ұзағынан шәйнап, дәмі сезілмейтін жағдайға жеткізіп жеді. Бірақ апельсин шырынын ішкен кезде барлығы күрт өзгерді.

Иә, алғашқы сәттерде шырынның дәмі Бексұлтанға нағыз ләззат сыйлады. Ол көзін жұмып, бірнеше секунд дем алмай, ғажап күйден бір түрлі дыбыстар шығарды. Содан кейін тамағы күтпеген жерден қатты қышып, қайта-қайта жөтеліп, тыныс алуы қиындай бастады. Ол апельсин фреші сыйлаған ләззатты да ұмытып, өзіне не болғанын түсіне алмай, не істерін білмей есі кетіп әбігерге түсті. О баста қораның үстіне ағаш баспалдақпен көтерілген еді, бұл жолы жерге секіріп түсіп, оңбай бетімен құлап үйіне қарай «мамалай» жүгірді.

Үйден әп-сәтте атып шыққан анасы баласының қып-қызыл болып қызарып, ісіңкіреп кеткен аузын көріп зәресі ұшты. Үйінде тоқыма тоқып отырған Мира апай көрші әйелдің айқайын естіп, дереу жүгіріп жетті. Қырылысқан мысықтар да адамдардың айқай-шу мен ары-бері жүгірісінен зытты.

Не дегенмен, ауылдың аты ауыл ғой. Біреуге бірдеңе болса, көпшілік ойланбастан мүмкіндігіне қарай қол ұшын беруге дайын тұрады. Бұл жолы да солай болды. Бөшке Бауыржан деген лақап атпен бүкіл ауылға белгілі шалдың дәрігер келіні Бексұлтанға не болғанын бірден түсініп, тез арада дәрі-дәрмегін беріп, емдік шарасын жасап үлгерді. Шамалы уақыттан кейін Бексұлтан өзін тәуір сезініп, реңі кіріп, дұрыстап сөйлей алатын жағдайға жетті. Ол жиналып қалған оншақты көрші адамдардың алдында өзін қатты ыңғайсыз сезінсе де, барлығын түсіндіріп берді.

— Өй, сенде аллергия бар ғой апельсинге! — деді Бөшке Бауыржанның келіні Бексұлтанның қысымы мен қызымын соңғы рет тексеріп. — Оны өзің білмегенсің бе? Саған апельсин жеуге де, одан жасалған сусындарды ішуге де болмайды!

— Кешіріңіздер… — қатты ұялған Бексұлтан өзін-өзі ұстай алмай, жылап жіберді.

Бала соңғы бір ай бойындағы бастан кешкен бар оқиғаны, сезім-күйін есіне алып, ақыр соңында мынандай жағдайға жеткеніне қатты күйінді. Ол дәл сол сәттегі эмоцияларын сөзбен түсіндірмек түгілі өз-өзін меңгере алмады. Жіберген әрбір қателігінен туған ашу-ызасы, күйініші, өкініші  бәрінен көз жасын тоқтата алмады. Бар жұбанышы – өзін құшақтап, қосыла жылап тұрған анасы еді.

Ал апельсин фреші қораның төбесінде қалды. Сәлден кейін мысықтардың біреуі төгіліп жатқан шырынның дәмін көрді. Бірақ тәттіні мүлде менсінбей, өз жөнімен кете берді.

Дамир Амантай

Дамир Амантай — Алматы қаласында дүниеге келген жас драматург. Бала кезінен әдебиетке құштар болып, жазушы болуды арман еткен. Осы арманын жүзеге асыру мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алып, қазіргі таңда театр саласында қызмет етеді.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon