Ақжан Аманжол

31

Анна Каренина. Арылу

Пьеса «Драмарафонмын» микрофестиваль аясында жазылған

 

 

Вокзал. Кешқұрым. Перронда — Анна. Қолында чемодан. Алыстан пойыз дыбысы естіледі.

 

Анна (бір нүктеге қадалып). Говорят, судьба — это рельсы. Туда — нельзя. Назад — некуда. А между — я. Живая. Слишком живая для того, чтобы просто исчезнуть. Слишком сломанная, чтобы идти дальше, будто ничего не было.

 

Пауза. Терең тыныс алады.

 

Бір сәтке бәрін тоқтатуға бола ма? Уақытты... пойызды... өзімді? Бір сәтке... Тек бір сәтке бәрі үнсіз тұрса... Мүмкін, солай өзімді ести алармын. Мүмкін... өзімді кешірермін.

 

Пауза.

 

қандай өмір сүруге кеңес бересіз? 

қандай ауа жұтуға кеңес бересіз?

бейтаныс жолаушыға «сіз» деп айту қажет екенін 

ұмытуға қалай қарайсыз?

ұмытайық.

 

сәттеріңнің азайып бара жатқанын сезгеннен соң

уақытың

өзегіңе солған гүлдің тамырындай жармасқанда

өкініштеріңнің топырағын күлмен былғағаныңды

өзіңе кешіре алармысың?

 

көзілдіріксіз әлемге қарай алмайтының,

әуендеріңді біртіндеп жоғалта бастағаның,

өзіңе оралу мен өзіңнен арылудың арасындағы баспалдақтарды

өз еркіңмен салғаның

кешірім сұрауды қажет ете ме?

 

дегенмен,

өзіңді кешіріммен байланыстыра алмағаныңды есіңе алған сайын

өкініш толы чемоданыңды алып,

кезекті сапарға шығып кететінсің.

 

өзіңе ғана аян шындығыңды

кездескен әр жолаушың өтірік аралас күйінде жұтатын.

жолаушыларыңның көптігін

сол шындығыңды бірге ішіп тауысқанда ғана байқайтын секілдісің.

бірақ, өкінішсіз…

 

шаршағаныңды ше?

иә, шындығың да сенен шаршады.

ендеше,

ұмытуға қалай қарайсыз?

ұмытайық.

 

Дауыс: «Құрметті жолаушылар, пойыз 8 минутқа кешігеді». Анна жымияды.

 

Он говорил, что будет любить вечно. А вечность — это… восемь минут на холодном перроне.

 

Қолындағы чемоданды жерге қояды. Ішінен кішкентай ойыншықты алып шығып, кеудесіне басады.

 

Олар маған: «Балаңды ойла» — дейді. Ойламай қайда барамын? Бәрі де есімде — көздері, жымиысы, кішкентай алақандарының жылуы... Ұйықтап жатқанда қалай тыныстайтынына дейін есімде. Ешқашан ұмытқан емеспін. Ештеңені... (Көзіне жас толып, үні бәсеңдейді.) Сен мені кешіресің бе?.. Анаң... ана болудан бұрын адам екенін ұмытты. Жай ғана... адам. Жай ғана әйел. (Пауза. Анна жымиып.) Иә, мен сүйдім. Құлай сүйдім. Сол махаббат мені оятты. Мені өртеген де сол махаббат... Бірақ кейде жүрек те адасады. Бірақ...

 

Көзін жұмып.

 

Я любила. Не мужчину. Не страсть. Я любила ощущение — быть живой. И больше всего я боюсь снова стать тенью. Тень, которая ходит по дому, улыбается, но больше не чувствует.

 

Жарық күңгірттене түседі.

 

Они говорят: «Это грех». Что — любить? Или — жить? Может, грех — это то, что я забыла, как дышать... Алексей... Ты выбрал честь. А я выбрала сердце. И теперь каждый живёт с тем, что выбрал...

 

Сәл кідіріп.

 

Почему за выбор мужчины — гордость, а за выбор женщины — приговор?

 

Пойыз үні жақындап келеді.

 

Сәттердің шырмауында жоғалдым, адастым, 

қаштым өзімнен, өзіңнен.

Қасықтап жинап, алақанымда жылытқаным —

үнсіздік саңылауынан төгілген сөзің бе?

 

Қаймағын сүзіп ала алмадым ойларымның,

сынапқа айналыпты олар.

Менің ақиқат деп таңдағаным —

қары еш күрелмеген жолдар.

 

Жүрегімді қиянатымен қоса жұта алатын адам,

әмиянымда жасырын сақтаған сурет

көңіліме тәтті мұң боп жабысып қалған,

бірақ

саған еш қауіп төнбейді, жүрек.

 

Мен жоғалудың бергі жағында тұрмын,

ал сен арғы жағында жағалаудың.

Дертің не дерсің…

Үнсіздігің түнектей қара құрдым,

жанасқаны қарғыстай жанарлардың.

 

Жоқ әлі сенсіздіктен тапқан емім.

Қажет пе осы

өзгеден түңілмес үшін өзіме үңілгенім?

Ей, менің мұңлы өлеңім,

Сезім вокзалында шығарып салғым келмеп еді Сені…

 

Пойыздың үні үдей түседі. Анна чемоданын көтеріп, ілгері жүреді.

 

Бір қадам... бәрінің соңына дейінгі бір қадам...

Барлығының басталуына дейінгі бір қадам...

 

Сәл кідіріп.

 

Но что, если... не делать шаг — это тоже выбор?

 

Жарық сөнеді. Пойыздың шуы қатты шығып, сәлден соң басылады. Анна сахнадан шығып кетеді.

Жарық жанады. Жерде чемодан ғана қалады.

 

 

Шымылдық.

Ақжан Аманжол

Ақжан Аманжол — 2001 жылы 31-наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Псевдоним – Ай қызы. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын Кинотеледраматургия мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда осы оқу орнында өнертану магистранты. «Қолтаңба» поэтикалық бірлестігінің жетекшісі. 2018 жылдан бері шығармашылық кездесулер мен поэзиялық кештер өткізіп жүр. Burshaq шығармашылық бірлестігінің негізін қалаушылардың бірі. Өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Ұлан» газеті, «Мәдениет» журналы секілді республикалық басылымдарда, «Массагет», «Qalamger», «Әдебиет порталы», т.б. интернет-порталдарында жарияланған. 2019 ж. тамыз-қараша аралығында Қазақстан Жазушылар одағында, Азия жазушыларының форумы аясында сайт редакторы болып қызмет атқарды.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon