Дактиль
Сүндет Сейітов
Әлемге домбыра мен қымыз, жауынгерлік пен ұлылықтан бұрын қазақ қоғамының рухани құрдымы жайлы айтқым келеді; біздің ортада ганнибализм әдеті болмағанмен, инцест, қарақшылық, дарақылық, ақылмандық әдеттері айқын көрініс тапқан.
Әр қазақтың отбасында туған сәбидің тағдырында алғаш үйренетін әдеті мен әдебі — өктемсу. Сондай факторлардың әсерімен бала шектен тыс білермендікпен өсіп, тіпті авторитар, қатыгез, доминант болып қалыптасуы да ықтимал. Әсіресе, ер азаматтардың тұлғалық қалыптасуы — осынау дүниелерге негізделген. Рухани дағдарысқа ұшыраған қоғамда діни менеджерлер мен қарақшылар, авторитар көшбасшылар және даңғой байлар алдыңғы қатарға шығады. Себебі, әрқайсысы қоғамның ажырамас бөлшегіне айналуға тырысады. Халықтың алдында ұпай жинап, өз заманының «Робин Гудына» айналғысы келеді. Мұндай түсінік кедей әрі азғын қоғамда белең алады.
Біздің ондаған ғасырлық тарихымыз болғанымен, өркениет тарихымыз енді басталды. Бұған дейінгі тарихымыз соғыстармен тікелей байланысты болды. Соғыс тарихы — жақсы тарих емес!
Еркіндік, теңдік, ой мен сөз еркіндігі, сенім бостандығы деген мәселелер бізге әлі де таңсық. Сөз бостандығы дегенді — балағаттау, мұқату деп түсінген біз үшін жоғарыда аталған категорияларды игеру бірнеше ширек ғасырды қажет етеді. Сана револиюциясы болмай, ешбір мәдени не рухани қозғалыс болмайды. Болған күннің өзінде нәтиже бермейді.
Отарланған қоғамның жоғалтқаны өте көп. Мұндайда алдымен тілін, дінін, тарихын, фольклорын тірілту мәселесі кезек күттірмейді. Алайда, біз әлі күнге ана тілімізде анық әрі қанық сөйлей алмай келеміз. Діни сенімімізде тұрақтылық жоқ. Өнеріміз бен мәдениетімізді білмейміз.
Ерікті құрмет пен міндетті құрмет: Өз балаңды сәбиінен жақсылыққа баулымай, өскенде баулығаның — оны зорлағаның. Қарапайым мысал, автобуста жасы кіші адамдардың үлкендерге орын беруі не бермеуі тұрақты даудың бірі. Үлкендер өзіне құрмет көрсетілуін талап етсе, ал кішілер құрмет көрсетуде таңдау мүмкіндігін қалайды. Әрине ондай мүмкіндік жоқ. Азғындық пен көргенсіздік осы мәселеде айқын көрінеді. Мұнда үлкен тараптың уәжі орынды ма әлде кіші тараптың шешімі орынды ма? Екеуі де орынсыз. Өзінен кейінгі буынға ізгіліктің не екенін түсіндіре алмаған үлкендердің өздері кінәлі. Қоғамдық көлікте орын беретін жастарға сол үлкендердің өзі қоғамнан орын беру керек. Уақыт та, кезек те келді!
Отбасылық қысым және себепке айналған бала:
Қазіргі уақытта біздің елде жүз отбасы құрылса, оның сексені ажырасып үлгереді. Қазақта «алып қашу» деген оңбаған салт бар. Логикаға салсақ, бұл — адам ұрлау. Алайда, бұл салт халқым үшін жақсы әдетке айналған. Мұны қолдайтын тарап та көп. Негізі сан түрлі азғындықтың түбі осы салтқа байланысты. Мысалы, әдемі, білімді қызды бейтаныс бір жігіт алып қашады. Сол жігіттің үйінің табалдырығын аттаған қызға кері қайтуға болмайды. Себебі, қыздың жұрты «Қайтып келген қыз жаман» деген жабайы түсінікке салып, қызға моральды қысым жасайды. Оны естіген қыздың өзі және қыздың отбасы амалдың жоқтығынан бой ұсынады. Бірақ, мұндай жолмен үйленген жұптардың едәуір бөлігінің өмірі мәз болмайды. Кейбірі ажырасады, кейбірі қорлық өмірге көніп, тіршілік ете береді. Расында қазіргі қазақ қоғамы үшін әйел тағдыры маңызды емес. Алайда, анасын құрметтемейтін, қарындасын құлатпайтын, әпкесін жылатпайтын, әйелін өзге еркекке беріп қоймайтын еркек атаулысы жеткілікті. Бұл породокс емес пе? Қаламгерлер эгоистік пейілден арылып, осынау мәселелерді әлем назарына ұсыну керек.
Діни зомбилер немесе діни сана:
Кез келген зайырлы мемлекетті діни экстремистік, террористік топтардың отаны десек те болады. Мұндай діни топтар діннің заңдарын қатаң ұстанатын мемлекеттерде жұмыс істей алмайды.
Қазіргі таңда әлеуметтік желі мен әлеуметтік ортада дін тақырыбы көп талқыланады. Өкінішке қарай, діншіл болып бара жатқан адамның қарасы көп. Менің бұл жанайқайымның дінге қарсылық емес екеніне тереңдеу үңіліп көріңіз. Діни фанатизм, діни сана қоғамның күнделікті азығына һәм тілсіз жауына айналып келеді. Кейде бұл мемлекетке зиянын тигізер ме екен деп те уайымдаймын. Мұндай азғын қоғамда діни пропаганда өте қарқынды жүреді. Алайда, мұның рухани проблемаларды шешетін қауқары жоқ. Мұның артында басқа миссия тұрғанын жүрегім мен саусақтарым жақсы сезеді. Егер бұл дүниенің пайдасы мол болса, әйел құқығы тапталмас еді. Балалар зорлық көрмес еді. Қылмыстық топтар екіжүзділікке бармас еді, тіпті атымен болмас еді. Қазір жезөкшеліктің өзі хиджабтың ішіне жасырынған. Еркектер отбасы құруының себебін түсіндіре алмайды. Көбінің негізгі пиғылы — халал секс.
Пәктігінен айырылған қыздар қоршаған ортада зорлық пен моральді қысымға көп ұшырайды. Айналадағы кейбір еркектер ондай қыздарды өзінің көңілдесі немесе болашақ жемтігі ретінде қабылдайды. Дәл сол азаматтар пәк қызға үйленуді қалайды. Тағы дін жолына түсіп, күнәларынан оңай арылғысы келеді. Қайшылыққа толы менің қоғамым әлем халқын шошытары мүмкін. Азаматтық қоғамы қалыптасқан, өркениеті дамыған мемлекеттер үшін бұл өте сорақы дүние. Өзінің сұлулығына күмәнді қыз макияж жағатыны сияқты, біздің «Батыр бабалардың ұрпағымыз, біз әлемді жаулағанбыз, бүкіл әлемді билегенбіз» деп есіретініміз өтірік емес...
Мен тек есіме түскен мәселелерді жаза алдым. Тек бұлар ғана емес...
Мен сізге жеке басым жайлы қысқа-нұсқа баяндайын. Мен — Сүндет Сейітовпын. Жиырмасынша ғасырдың соңғы барыс жылында туғанмын. Ақынмын. Екі дипломы бар адаммын. Адамгершілігі бар адаммын. Ақшаны жақсы көремін. Ләззат алғанды жаным сүйеді. Жиырмадан асқан шағымда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болдым. Үш кітаптың авторымын. Қаламгерлердің арасында мен туралы әңгіме көп. Бірі жақсы деп түсінсе, бірі қайыршы деп қабылдайды. Рухани қайыршы болмағанмен, материалды қайыршылардың бірімін. Бірақ, мен жалғыз емеспін. Біз — миллионбыз!
Мен осынау дүниелерді жазып та, ымдап та айтқым келеді. Әлемге...
Сүндет Сейітов — ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1998 жылы 3 қазанда Шыназ ауданында туған. «Ұмытпас» кітабының авторы.