Бэлла Қасымқызы

19

Бізді біріктіретін қазақ болу ма әлде қазақстандық болу ма

Менің бала кезім ауылда да, қалада да өтті. Орыс тобында да, қазақ тобында да білім алдым. Ата-анам, туған-туыс консерваторлық көзқарасты ұстанса, достарымның көбі либералдар. Днішілі де, атеисті де бар. Қазақтар, және басқа этнос өкілдері, жыныстық ориентациясы бойынша да әрқилы таныс, дос, жақындарым, араласпайтын бірақ сырттай бақылап жүретін адамдарым жеткілікті. Иә, әртүрлі, бір біріне кереғар ойды айтып жатады. Кейде осылар елсізде бір көлікте, мұхитта бір кемеде қалса не істер екен деп ойлайтын кездерім болады.

Бірақ мен көрген қырқыс, дау тек онлайнда. Өмірде қайта бір мақсат төңірегінде бірігіп, жұмылып іс істегенін көбірек көрген шығармын. Табиғи, техногенді апаттар, әділетсіздік, қиындық көрген адамдарға қолдау білдіру. Көбіне қайырымдылыққа қатысты дүниелер екен біріктіретін. Осы өліп кетсе жерім кеңейеді дейтін адамдар мұндайда жұмсарып кетеді. Адамды адамға жау еткен ерекшелігі еленбей қалады. 2019 жылы Арыс қаласындағы жарылыс кезінде мүлдем әртүрлі санаттың адамдары бір бірімен сағаттың тіліндей тықылдап жүріп, бір-бірінің жүгін іліп әкетіп жұмыс істеді. Дәл сондай ынтымақтастық пен ауызбіршілікті Қаңтарға қатысты жобаларда, суға кеткен аймақтарға жылу жинау кезінде көрдім. Сайлауды бақылау процесінде де бар сондай қиюластық.

Кімдікті қалыптастыратын факторлар ретінде ортақ тіл мен мәдениетті, тарих пен дәстүрді, символдар мен образдарды, ортақ құндылық жүйесін атайды.

Алайда бәрі соншалық оңай емес. Мен орыс тілін басқыншы тіл санаймын, оған әсер ететін бала кезімнен бері көрген әділетсіздік, травмалар. Орыс тілді адамдардың «ұят», «ескірген дәстүр» туралы айтқанын естісем қаным қараяды. Кейде ол дәстүрдің шынымен ескіре бастағанын түсінсем де. Тарихтың өзі қай жерде манипуляция, қай жерде саясат болып кеткенін аңғару қиын. Көрші елдің тарихшыларының, саясаткерлерінің біздің тарихқа деген қызығушылығы, біздің биліктің өз тарихын өзі жазуға батылы бармай отырғанын көргенде кімдікті негіздейтін тұғыр бола алмағанын да түсінемін. Бірақ бар салмақты қалған ортақ құндылыққа салу қиын. Себебі тіл, травмалар, саяси әрі әлеуметтік әділетсіздік, постколониал мен колониал сана тартысы мұның барлығы құндылықтың өзін жүйелеуге кедергі тигізеді. Құндылық ұлттық сана, идеология, тәрбие, қазақылық па әлде бар болмысын еш қысылмай жайса бір біріне тікенек болып көрінетін қарапайым, ешкімге ұқсамайтын бірақ бір бірімізді соншалық жақындастыратын адами белгі ме?

Кімдікті ғылыми теориялар тұрғысынан түсінуге тырыстым. Бірқатар зерттеушілердің пікіріне салсақ, қазір бірегейлік саяси, экономикалық және мәдени факторлардың жиынтығынан құралатын өзгермелі ұғымға айналды. Әр елдің өткерген тарихын, экономикалық-саяси жағдайын ескерсек, әрі социолог Энтони Гидденстің кімдікке берген анықтамасына сүйенсек, бұл динамикалық, яғни үздіксіз өзгеріп отыратын құбылыс. Демек бүгінгі қоғамның ерекшеліктері әлеуметтік желілердің ықпалы, ақпараттың шексіз таралуы мен мәдени байланыстар бірегейлікке жаңа сипат береді.

Қазақстан жағдайында бұл теория ерекше мәнге ие. Бізде тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық кімдікті қайта қалыптастыруға деген ұмтылыс күшейді. Совет одағы кезіндегі идеологиялық қысым мен ассимиляцияның салдарынан болмысымыз даөзгеріске шырады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде қазақ қоғамы қайтадан өз тілін, мәдениетін, тарихын жаңғыртуға тырысты. Алайда, Гидденс айтқандай, бірегейлік тұрақты емес, үнемі дамып отыратындықтан, біздің кімдігіміз де жаңа заманға сай болуға тиіс.

Тағы бір маңызды гипотеза –— Бенедикт Андерсонның «қиялдағы қауымдастықтар» туралы теориясы. Андерсон ұлттық кімдікті адамдардың өзара байланысы негізінде құрылатын символдық қауымдастық деп түсіндіреді. Ол бірегейлік белгілі бір ортақ мәдени элементтерге сүйенеді, бірақ шын мәнінде адамдар бір-бірін танымауы мүмкін, оларды тек ортақ ұстанымдар, идеялар байланыстырады деп тұжырымдайды. Қазақстан үшін бұл әсіресе маңызды. Журналист ретінде, әрі Erkin adamdar коммюнитиін құру кезінде байқаймын, біз әртүрліміз. Бірақ бізді бір құндылықтар байланыстырады. Бастапқыда мүмкін ол дүние құндылық ретінде бәріне тән, бәріне маңызды болмауы мүмкін, алайда қауымдастық қабылдаған құндылық, мақсат біртіндеп жеке адамға тарала береді.  Өз басым қазақ және қазақстандық болу тек этносқа қатысты деп санамаймын. Бұл құндылыққа, өзара бекіткен ортақ түсінік, ережелерге де байланысты. Бір жағынан, бізді ортақ тарихи тәжірибе, мәдениет пен құндылықтар байланыстырады; екінші жағынан, бұл кімдікті жаңаша түсіну, өзара құрмет пен тіл табысуды қажет етеді. Алайда сол жаңа өзара ортақ келісімді жасау біздің қазақстандық я қазақ болу моделін айқындауға көмектесер еді.

Бэлла Қасымқызы

Бэлла Орынбетова Қасымқызы— журналист, медиатренер, медиасауатты дамыту жобаларымен айналысады. Erkin adamdar қауымдастығын құрушылардың бірі, Драматургия бойынша Alqa жобасының жүлдегері.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon