Дактиль
Әсем Анықбекқызы
Наурыз айында Алматы Ашық Әдебиет мектебі аясында тобымызбен бірге Фрэнк Гэрберттің кітаптар желісінде түсірілген, режиссеры Дени Вильнёвтың «Дюна» фильмінің екінші бөліміне бардық. Мақсатымыз: фильмді киносценарий және драматургия курсы аясында жан-жақты талдау болатын. Сонда ұстазымыз Берікбол Батан мен тобымыз арасында мынандай диалог орнады:
— Мен жазушы ретінде Қазақстанда туғаныма қуанам, — деді ұстаз фильмнен соң.
— Қалай сонда? — деп таңырқап қалдық.
— Осы фильмнің танымал болуына қандай себептер бар? Ойларыңызбен бөліссеңіздер, — деп қосты.
— Керемет визуалды эффектілер, танымал актерлар, бәлкім әйгілі Ханс Циммердің әуені шығар... — деп біртіндеп тізіп жаттық.
— Жо-о-о-оқ, олардың бәрі тек құралдар. Қазіргі таңда көрермендердің көздері бұның бәріне тойып, кейде тіпті мезі болған. Олар үшін ең қызығы ол — бұрын соңды білмеген, құмда өмір сүретін адамдардың, не бедуиндердің мәдениеті болып табылады. Сол секілді біздің қазақ мәдениеті, көшпенділер өркениеті әзірше әлем үшін жасырын, сондықтан да оқырманның қызығушылығын арттыра алады. Жазбаларыңызға біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім, мифология элементерін қосып, не соған сүйене отырып өз әлемдеріңізді қағаз бетіне түсірсеңіздер, шығармаларыңыздың құны арта түседі — деп тобықтады ұстаз.
Осы ой санамнан орын алған соң, біздің мәдениетті дәріптейтін заманауи қазақстандық авторлар туралы ақпараттар іздей бастадым. Интернет желісінде, осы ізденіс кезде, алғашқы болып көзіме ілінген авторлардың бірі Садық Шерімбет болды. Ол кісінің сұхбаттарын тыңдай келе бірнеше ойларын түртіп алдым. Бұл автордың айтуынша, қазіргі таңда бүкіл қоғам бір-бірімен өз құндылықтарымен алмасуда. Ал сол толқын астында қалып қалмай, бірегейлігіңді сақтаудың бір жолы ол — өз құндылығыңды сыртқа экспорттау, яғни бөлісу. Автордың ағылшын тілінде жарық көруге дайындалып жатқан кітаптарының бірі «Асан қайғының жерұйықты іздеуі» аңызы негізінде жазылған балаларға арналған заманауи оқиғалар жиынтығы. Кітапта балалар «Желмая» деген ғарыш кемесіне мініп, «Асан» деген жасанды интеллект көмегімен адам баласы тұруға жарамды ғаламшарды іздемек екен. Сонда ағылшын тілді редакторы автордың қолжазбасын оқып, оған алғаш қойған сұрағы «Неге ғарыш кемесінің аты “Желмая”, ал жасанды интеллект “Асан?”» болыпты. Содан «Жерұйықты іздеген Асан қайғы» туралы аңызды баяндап бергенде, редактор кітапты осы оқиғадан бастау керектігі туралы ұсыныс жасаған екен. Яғни, шетелдік оқырмандар контексті түсіну үшін, өзіне ашқалы жатқан әлемнің мәдениетімен танысуы өте маңызды.
Қазақстанда тағы сатылымы жоғары кітаптардың бірі ол — Санжар Керімбайдың қазақ елі үшін елеулі мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібек туралы жазған «Мәдени майдан» кітабы болып табылады. Бұл шығармада кез-келген халықты жоюдың ең тиімді жолы ол барлығын қыру емес, өз мәдениетінен жұрдай ету деседі. Өз бірегейлігін жоғалтқан адамды басқару оңай, ал өз мәдениетін, құныдылығын білмейтін халық ел болудан қалады. Қазақстан бодан болған кезде, дербестігін сақтау үшін, өнері арқылы бүкіл КСРО-ға қазақ мәдениетін паш еткен тұлға туралы бұл кітап, бес рет қайта басылып шыққан.
Келесі белгілі еңбектің бірі — Зира Наурызбай мен Лили Калаустың «Бату мен оның достары бастан кешкен оқиғалары» кітаптар желісі. Оның елде де, АҚШ-да танымал болуы себебінің бірі: балаларға, басқа тілді аудиторияға көшпенділердің, ата-бабаларымыздың төрт мың жылдық тарихын, дәстүрін, Қазақстан тарихын қызықты етіп жеткізуі болса керек.
Әлемге жаңа мәдениетпен таныстыруға байланысты өзімнің бір оқиғаммен бөліскім келіп тұр. Шетелде оқыған кезде Қазақстан туралы білмейтін кейбір студенттер, бізді, қазақ студенттерін «қытайлықтар» деп атап жүрді. Басынды жай ғана әзіл болып басталған атау, бара бара агресситвік күйге ене бастады. Осыны тоқтату үшін, ойлана келе, мен дәрістерге өз домбырамды апарып, сабақ соңында ұстаздардың рұқсатымен бірнеше күй шертіп берген болатынмын. Күй тоқтаған соң, ду қол шапалақтан кейін, студенттер өз ойларымын бөлісіп жатты. Есімде өмірбақи қалатын мына пікір болса керек: «Мен Қазақстан туралы ешнәрсе білмеймін, картадан да көрсете алмаймын, бірақ мен музыкадан кең даланы, үйір жылқы, ұшқан бүркітті көрдім, еркіндікті сездім». Сонда мен олардың біздің символдарымыз туралы айтып жатқанын түсіндім, таң қалдым, тебірендім. «Нағыз қазақ — домбыра» сөзінің астарында, нағыз қазақ — ол өнер, құндылық, мәдениет деген сөздер жатса керек деп түйдім.
Қай елден, қайт ұлттан болсаң да, қай өнердің етегінен ұстасаң да, мейлі ол музыка болын, әдебиет болсын, сен өз дүниетанымыңмен, мәдениетіңмен бөлісе аласың.
Әсем Анықбекқызы — Алматылық ашық әдебиет мектебінің (ОЛША) студентімін. Биыл екінші рет қатысудамын. Балалар әдебиетін жазып жүрмін. ОЛША курсында жазған шығармамды ұстаздардың айтуы бойынша баспаларға ұсындым, жауап күтудемін.