Дактиль
Жайнагүл Бекнияз
Әңгіме
Тал түс. Күннің тас төбеге көтерілген шағы. Жатын бөлме іші шаңқай түстің өзінде ала көлеңке боп тұр. Оның үстіне кеше кеште жабылған перделер де ашылмаған. Сандық үстіне ретсіз жиналған көрпелер мен оның үстіне лақтыра салынған киімдер астаң-кестең. Айна алды тізілген опа-далап пен иіссудан көрінбейді.
Ұйқыдан оянған Айнара төсектен тұрмай біраз жатты. Басы зіркілдеп барады. Мең-зең болып аунап жатты да қойды. Біраздан соң құлықсыз жан-жағына қарап, ұйпа-тұйпа болған шашын төбесіне түйе салып, төсектен әзер түрегелді. Келіп тоңазытқышты ашып еді көзіне тіске басар ештеңе ілінбеді. Келіп төсегіне қайта құлады.
Өзінің көңілсіз тірлігі біреулер үшін көңілді көрінетін шығар? Бірақ, өзі бұндай өмірден жалыққалы қашан? Алданатын бала да жоқ. Өзі балалар үйінде тәрбиеленген. Баратын туысқаны да жоқ. Жалғыз күйеуі ғана бар. Ол да көбіне бәйбішесінің үйінде болады. Әйелі мен балаларының жанында көбірек болып, бұның жанына аптасына екі рет қана келіп қонып кетеді. Ел алдына шығып, қолұстасып той-топырларда жанынан табылмағанымен, әйтеуір айына бір рет қала сыртына шығып, кейде Алматы, Астана аралап кететіндері тағы бар. Иә, өмірі осылай болар деп ол сонау интернатта жүргенінде ойлады ма? Тәрбиеші Сәния апай үнемі сабаққа тәуір болған Айнараны қанаттандырып, «сенен бірдеңе шығады, оқығаның дұрыс» деп қолдап, қолынан келгенше дұрыс бағыт та көрсетті. Балалар үйінен шыққан соң жасөспірімдер үйін мекендеген ол сабағын оқып қана тыныш жүре берер ме еді. Бірақ, ол аяқасты қазіргі күйеуі Сержанмен танысты. Өзі интернаттан шыққан, оңды-солын жөнді танып болмаған, отбасы дегеннің не екенін, қалай қалыптасатынын да ұқпайтын өрімдей қыз, өзге еркектің қамқорлығына демде басы айналды да қалды. Ол кезде тым жас еді, балаң еді...
Сабақтан шыққан Айнара жолай дүкенге ойда-жоқта кіре салды. Әдемі бір қойын дәптерге көзі түсті. Алайын деп кассаға жақындағанда ақшасы жетпеді. Ала алмайтынын айтып, шығып бара жатқаны сол еді, артынан жүгіре жеткен бейтаныс жігіттің:
— Қарындасым, ала ғой! — деген дауысы саңқ ете қалды.
Бұрылып артына қарап еді, жаңа ғана өзі қызызығып ала алмай кеткен қойын дәптерді қолына ұстаған жігіт тұр.
— Жоқ, рақмет! Ала алмаймын.
— Ештеңе етпейді, ала ғой.
— Рақмет!
— Қай жерде оқисың?
— Мына университетте оқимын.
— Жатақханада тұрасың ба?
— Иә.
Екеуі ана-мынаны айтып, жатақханаға қалай жеткенін де аңғармай қалды. Өзін Сержан деп таныстырған орта бойлы, тығыншықтай, дөңес қыр мұрынды жігіт Айнараның бала сынды қылықтарына қарап сүйсіне қарады. Өзін әжептәуір ересек көріп, қыздың әр сөзін байыппен тыңдап келеді. Айнараның сұңғақ бойы болмаса былайша балаң жүзі анау айтқан студентке де ұқсамайды. Оның өрілген келтелеу сары шашына көк көзі жарасып-ақ тұр. Ұзын кірпіктерін ұялғанда жиі қағады. Онысына қарап Сержан оны бала күніндегі қарындасының «орыс қуыршағын» ұқсатты.
Әуелде Сержан неге екені белгісіз отбасылы екенін жасырып қалды. Ара-тұра Айнараға жатақханаға келіп тұруды әдетке айналдырды. Бес жас үлкендігін пайдаланып, қамқор болып, үнемі көмектесіп жүретін. Айнара да жігітке кетәрі болмады. Тіпті кездесуге асық бола бастағандай. Қыздың да өзіне деген көңілі барын аңғарған Сержан «кейін кеш болып жүрер» деді ме, көктен түскендей етіп, бар сырын ақтара салды.
— Айнара! Менің саған айта алмаған, жасырған нәрсем бар. Сені ұнататыным рас. Бірақ, мен осыдан үш жыл бұрын үйленгенмін. Жақында екінші балам дүниеге келеді.
— Не? Неге жасырып келдің? Оны енді неге айтып тұрсың?..
— Айнара, асықпай тұра тұр. Менің саған айтарым бар. Сені бір көргеннен ұнаттым! Менің некелі жарым бол! Екінші үйім қылып ұстап отыруға шамам жетеді. Жағдайым да бар, бос тұрған пәтерімді ал. Қаласаң атыңа да аударып беремін. Алаңсыз оқуыңды да оқисың, қарайласам. Жасөспірімдер үйінде қашанғы жүрмексің?
— Сержан! Құдай үшін, жалғастырмай-ақ қой. Кет! Әйелің мен дүниеге келетін балаңнан ұялсаңшы. Өзім жетім өстім. Енді біреудің жетім болғанына себепші болғым келмейді.
Бұндай сөздердің аузынан қалай шығып жатқанын ол өзі аңғармады. Әйтеуір айтып жатыр, айтып жатыр. Кеудесіне тығылған өксік тамағын қырып барады.
— Сен асықпа, ойлан! Мен қыстамаймын! Некемізді қидырсам, туысқандарым мен әйелімнен жасыратын ниетім жоқ. Ойланшы.
— Ойланатын ештеңе жоқ. Бар!
Айнара қиналып біраз жүрді. Сержанға кәдімгідей бауыр басып қалған еді. Тіпті оңашада жылап та алатын. Бір сенбіде әдейілеп апайы Сәнияға келіп, барын баяндады.
— Айнара! Әйтеуір тиіспеді ме? Бәрі дұрыс па?
— Иә, бәрі дұрыс. Қолымнан да ұстамады. «Некелесейік, үйімде тұрасың, қамқор боламын, отбасымнан жасырмаймын» дейді. Бұл қалай сонда?
— Иә, мен де түсіне алмай отырмын. Жолама! Басың жас, талай жігіт кездеседі әлі. Қайтесің, оны! Ұмыт!
Айнара үшін «ұмыт» дей салу оңай еді. Ұмыту қиынға соқты. Жиі іздеп, қоңырауын күтіп, кейде өзі қоңырау шалғысы кеп біраз әуреге түсті. Арада бірнеше айлар өткенде бұның соңғы шешімін сұрап Сержан тағы келді. Қарсыласып өз дегенінен қайтпаған Айнара:
— Енді келме!
— Неге қаша бересің? Егер мені сәл де болса ұнатсаң ойланшы... Менен зиян көрмейсің. Қарайласамын. Әйелім қарсы болмайды. Менен қамқорлық пен жақсылық қана көресің. Рас айтам.
Ол біраз жалынды, жалпайды. Бірақ онысынан түк шықпаған соң амал жоқ кетті. Қанша іші қалап тұрса да Айнара да оған «қал» демеді. Арада ай өтпей Айнара құрбысы екеуі сатушы болып, дүкенге орналасты. Бұрынғыдай сенері жоқ. Ондағысы күнделікті тамағы мен киім-кешегіне өзі ақша таппақ ниеті. Басында әжептәуір табыс тауып, біраз қаражатқа кенелгенімен, кейін тауар саны толмай, жұмыстың үшінші айында жалақы алмақ түгілі керсінше қос құрбы өздері дүкенге қарыз болып шықты. Жас қыздар бұның қалай болғанын да болжап білмеді. Ақыры ақшаны қайдан табарларын білмей бастарын тауға ұрып, тасқа соқты. Ақылдасар адам жоқ. Амал жоқ Айнара Сержанға хабар берді. Ол келе екі қыздың қарызын төлеп әлгі жерден жұмыстан шығарып алды. Осы кездесуден кейін олар бұрынғыша қайта араласа бастады. Екеуі қыз-жігіт болып кездесіп те бастап кетті. Арада алты ай өткенде неке қиылды. Басында Сержан «әйеліме айтамын, әке-шешеме апарып таныстырамын» деп уәде еткенімен оның бірі де орындалмады. Айнара ол отбасыға қатысы жоқ жан болып шыға келді.
— Жан, сен мені «ата-анаммен таныстырам» дегенің қайда?
— Олар Кеңестік заманның адамдары ғой, түсінбей...
— Неге? Онда неге басында олардың мені қабылдайтынына сенімді болдың?
— Білмеймін, өзім солай ойлағанмын.
— Әйелің ше?
— ...
— Біле ме?
— Біледі.
— Не деді?
— Не десін, ештеңе.
— Қалай сонда? Не деді?
— Қойшы, жаным! Не болды? Неге сұрап қалдың?
— Жоқ, алдында «үй-ішіме айтам» деген едің. Соған сұрағанмын. Қалай қабылдады деп ойлап қоямын. Мен балалар үйінде өскенмін. Еш уақытта әке мен ана, бала деген отбасылық қарым-қатынастардан хабарым жоқ. Негізі өзім армандайтынмын, «үлкен отбасына келін болсам ғой» деп. Бірақ, арманым орындалмады. Сол баяғы жалғыздығым... Сенің бір ашынаң сияқтымын.
— Олай деме. Баламыз болса, үлкен отбасыға әлі айналамыз.
— Қалай?
— Аптаның жеті күнінде де сен жанымызда бола алмас едің ғой. Кейде осы біздікі қате ме деймін.
— Олай деме. Екеумізге осы өміріміз жайлы. Ештеңеден тарлық көріп жатқан жоқсың.
— Мәселе онда емес, толыққанды отбасы болсақ қой деп кейде өкінемін. Бірдеңе жетпейтіндей. Аптаның бес күні өзім боламын үйде. Қалаған уақытымда жаза да алмаймын. Оны да көп көрдің.
— Т-у-у, жаным! Қойшы енді. Сәбиіміз болса маған уақытың да қалмайды.
Айнара әйтеуір оның әйелінің бұл екінші некені қабылдамағанын, соған бола реніштерінің бар екенін де іштей сезеді. Сержан ашып айта қоймағанымен, әйел заты емес пе? Өткенде:
— Жаным, қалаған уақытыңда жазбашы. Өзім жазсам, сол кезде жаза бер.
— Неге? Әйелің емеспін бе?
— Иә, солай ғой. Дегенмен кейде телефоным баламда болады. Мультфильм қарайды дегендей...
— Әйелің көріп, ренжіді ме?
— Жоқ.
— Сержан! Басында сен бұлай демеп едің. Айтқандарыңның бәрі сөз күйінде қалды...
Сержан жарытып жауап таппады. Айнара оның екі жақты да ренжіткісі келемейтінін сезді. Ара қатынасты үзейін десе Сержанды қимайды. Ақыры одан ары тоңторыс. Көңілі қаласа кездесіп, қаламаса есік ашпай жата беретінді шығарды.
Жылдар жылжып, араға уақыт түсті. Айнара дүдәмәл күйде жүріп оқуын да бітірді. Сержан оны жұмысқа орналастырды. Айнара тағы да сырттай оқуға түсті. Заң саласы болған соң оған өсуі үшін, табыс табуы үшін колледж білімі аздық ететінін түсінген соң солай етті. Әйтеуір өз мамандығын сүйетін. Қолы босаса кітап оқып, әріптестерінің жас ерекшеліктеріне қарамай араласуға, сұқбаттасуға тырысатын. Ондағы ойы кәсібінің қыр-сырын одан ары білсем, меңгерсем деген ойы еді. Баяғы балалығы артта қала бастады. Сержан екеуі аз уақыттарын бірге өткізеді. Бұл жүріске де еті әбден өліп кеткен Айнара тіпті болашағын ойлаудан қашатын. Уақытының бәрін жұмысына арнап жүре берді. Кейде жалғыздықтан жабығып, жападан-жалғыз зерігіп кететін. Көңілі құлазып, өміріне өң кіргізер нәрсе іздеп шарқ ұратын. Бауыры бар жандар көрсе қызыға қарайтын.
Жатын бөлме іші жап-жарық. Сенбі болған соң бүгін Сержан таңғы асын іше салысымен жетті. Төсектен тұрмастан Айнараның жастыққа жайыла төгілген шашын иіскеп:
— Жаным! Иісің жұпар! Өзің балдайсың! Білесің бе?
Айнара оның сөздерін елемеді де, түрегеліп отырды да қобыраған шашын жастығының жанында жатқан резеңкемен төбесіне түйе салып:
— Жаным, мен өзімнің тегімді біліп, анамды тапсам деймін.
— Оны қайдан шығардың?
— Енді қайтемін? Жалғызбын. Ешкімім жоқ. Сенің айналаң толып тұрған соң түсіне бермейсің. Негізі жалғызсыраймын.
— Мен бармын ғой.
— Ең болмаса балам да жоқ.
— Жаным, болады асықпа. Өткендегі дәрігердің берген дәрілерін ішіп жүрсің бе?
— Өзіңде балаларың бар. Сосын менде бала жоғы сені қызықтырмайтын сияқты...
— Неге? Сенен балам болғанын неге қаламайын? Болмай жатыр ғой. Жараңның аузын тырнағандай болып оны неге айта беруім керек?
— Қойшы... — деді де Айнара төсектен ытқи тұрғаны сол екен аппақ саны жарқ етті. Сержан оған «әлі де жанымда жата тұршы» дегендей қолын соза түсті. Көз қиығымен бәрін көріп тұрса да Айнара түрілген халатының етегін сілки түсіріп жіберіп, жуынатын бөлмеге кіріп кетті.
Олар екеулеп Айнараның жақындарын іздестіріп, табуға тырысты. Онымен нақты мәлімет таппады. Іздеу жалғаса берді. Араға біраз уақыт тағы да түсті. Айнара қызметте жоғарылап, ортасына сыйлы, білікті маманға айнала бастады. Сержанмен де арасы жақсы. Бәрі қалағанындай, тек жақын арада Сержанның тағы да балалы болғанын естігенде жаны жабырқады. Жыл сайын дүниеге сәби әкеліп жатқан оның бірінші жарына қызыға да, қызғана қарайтынды шығарды:
— Жаным, тағы қаралсақ қайтеді?
— Өткендегі дәрігер не деді?
— Ештеңе. Менде бәрі дұрыс. Ешқандай шағым жоқ. «Күйеуің үнемі жаныңда болмағаннан шығар» деп болжам жасады. Мүмкін сен қаралып көрсең ше?
«Менен не болады? Балаларым бар емес пе?» деген сөз тіліне оралғанымен, айтпай тістеп қалды.
— Сонда да? Екеуміз барып көрсек қайтеді?
— Қойшы, жаным! Сен де айтасың. Асықпашы, Алла берейін десе береді баланы. Неге соған жабысып қалдың?
— Бір түйір баланың тырнағына зар болып мен құсап отырсаң көрер едім. Мен осылай тығылып қашанғы жүре беремін?
Ол екі қолын жайып жан-жағын көрсетті. Сержан әңгіменің қайда барып тірелерін болжап тұр:
— Айнара! Қойшы! Мені ренжітем деп ойламайсың ба?
— Мені де түсін. Менікі не өмір? Иә, балам жоқ, иә, күйеуім жоқ. Таңның атысы, күннің батысы тек жұмыс, жұмыс! Жалықтым.
— Ботам, ботақан! Келесі апта сенің туған күнің емес пе? Мүшел жасыңды атап өту үшін Түркияға апарамын. Он күн сонда боламыз.
Сержан жанына келіп оның арқа тұсынан құшақтай алды.
Айнара қуанбады да. Түрінде селқостық бар. Қолына ұстаған сүлгіні одан ары шиыршықтай берді. Бір нүктеге қадала қарап қалған ол сүлгіні кереуеттің үстіне лақтыра салды.
— Келіншегің босанып жатыр. Сен он күн менімен кетпексің! Жаным, осы менікі де, сенікі де дұрыс емес. Мынауымыз бекер. Менің жаным да тыныш емес.
Сержан енді Айнараны өзіне қарата құшақтаған күйі:
— Т-у-у, жаным! Не қапылтып жатырсың?
— Бар, үйіңе бар! Шаршап кеттім бәрінен!
Айнара оған есік жақты нұсқады.
Айнара соңғы күндері Сержанмен кездесуден бас тарта бастады. Өткенін ойласа көңілі құлазып шыға келеді. Құрбысы Гүлназ:
— Айнара! Мен әу бастан осы шешіміңді құптамадым білесің. Екіге жарылып жүрген еркек маған ұнамайды. Одан бала тууға неге құмартып қалдың? Мүмкін ажырасарсың. Сосын кейін басқа жігітпен танысарсың. Кім біледі?
— Өзім де соны ойлап жүрмін. Жасым жиырмаға жетпей неге сонша асықтым деп те өкінемін.
— Жассың әлі. Қайда? Жиырма беске енді толасың. Бәрі өзгереді.
— Қаншама уақытым кетті? Осы күні бірінші әйелін жиі ойлайтынды шығарыппын. «Сержан жанында болмағанда қандай күйде болады?» деп те мазасызданам. Бұрын бала болдым ба, әлде... Отбасының қандай, қалай болатынын өмірімде көрмегесін, оның қыр-сырын ұқпағандығымнан шығар деп те өзімді жұбатамын.
— Иә, әлі де кеш емес деймін.
Айнара екі ойлы болып қала берді. Түркияға да барудан бас тартты. Көңілсіздік билеп, жанын қоярға жер таппай, Сержанның келуі де оны қуантпады. Оның осы күйін аңғарған Сержан да:
— Жаным, қаласаң қаралайық. Неге сонша өзгеріп барасың? Қашан келсем де көңілсіз жүресің. Ауырып қаларсың, — деп бәйек болып, асты-үстіне түседі.
— Жоқ, қажет емес. Мен сенен ажырасқым келеді.
— Не? Мен не істеймін? Мені ойладың ба? Мен сенің күйеуің емеспін бе?
— Саған не болады? Өз отбасың бар, жан-жағыңда қаумалаған балаларың бар, ата-ана, бауырларың бар. Ал, мен кімге керекпін? Кімім бар? Сенің маған қамқорлығың мен көмегіңе алғысым шексіз. Сен болмағанда менің қазіргі жайым нендей болатынын елестету қиын. Осы кезге дейін шыққан биігім мен жетістігім болса оның әрбірінде сенің үлесің бар. Ризамын! Бірақ, сенің отбасыңа үшінші адам болып бекерге килігіппін. Қатемді кеш түсіндім. Бағыт-бағдар көрсетер адам болмады ма, әлде жанұя құндылықтарын жете білмегенімнен бе екен, әйтеуір дұрыс жасамадым. Есейгенім шығар, сенің бірінші әйеліңді жиі ойлайтын болып жүрмін. Арамызда мұсылманша неке ғана бар. Өкінемін...
Бұл сөздерімен Айнараның жұбата алмасын білсе де Сержан жанталаса:
— Ол нағыз неке емес пе? Ел не десе, о десін некелі жарымсың!
Үнсіз қалған Айнараға қарап Сержан ойланып ұзақ отырды. Бір кезде:
— Мен сені жақсы көрем ғой! Білесің бе, мен сені сүйем! Сен мен үшін қымбатсың! Мені өзімшіл дерсің, әйел үстіне әйел алған оңбаған дерсің, бірақ мен сені шексіз сүйдім ғой! Сүйем де! Көңілім осы жаққа тартады да тұрады. Әйелім мен балаларымды да қимаймын...
Айнара оны одан ары сөйлетпей қолымен аузын жаба қойды.
— Балаларың мен әйеліңнің жазығы жоқ. Қимасаң солармен ғана бол! Қателік жасаған екеуміз. Түзететін де екеуміз болуымыз керек. Осы кезге шейін сәбилі болмағанымызыдың да қайыры бар шығар.
— Не демексің?
— Бөлек кеткеніміз дұрыс болады. Пәтеріңді жақын күнде босатып беремін.
— Не деп кеттің? Мен ше? Мені не істейсің? Мен қайтем? Сен үшін оңай ма бәрі?
— Мен үшін оңай болып тұрған жоқ. Бірақ мені де түсін! Толық отбасы болғым келеді. Онсыз да мына жалғанда жападан жалғызбын. Үлкен отбасына келін болсам, айналам көп болса деп армандап едім.
— Сонда не істе дейсің маған? Үн-түнсіз кете берейін бе? Түк болмағандай жүре береміз бе? Бірін шешіп қойған екенсің, айт! Ары қарай маған қалай өмір сүру керек екенін де білетін шығарсың?!
— Сержан?
— Не Сержан? Бір рет болса да қолыңды қағып, бетіңе жел болып келген жоқпын. Ауыр сөз де айтпаппын. Соның бәрі неге деп ойлайсың? Менің мінезімнің кереметтігінен деп ойлайсың ба? Сені сүйгендіктен! Сенімен бірге болған аз уақытыма да қанағат тұтып жүріп келдім. Енді содан айырмақсың ба?
Сержан орнынан тұра сала киінуге ыңғайланды. Оған ешкім «тоқта» демеді. Айнара басы қатып, отырған жерінде мәңгіріп отырды да қойды. Сержанды қимайды да. Ақылына салса қазір-ақ өткен күндердің парағын қайта ашпайтындай етіп жауып та тастағысы келеді. Оның ойын тарс етіп жабылған есік дауысы бөліп жіберді.
Дүние байсал тартқан қоңыр күз. Сәулесін имене төккен күн де селқос. Біресе көңілдене қылаң берсе, біресе бұйығы. Көрпе астына тығылған өкпелегіш баладай. Ауада салқын леп бар. Айнала маужыраңқы. Үзілген жапырақтар ағаштардың айналасына төселген сарғыш кілемдей жайылып жатыр. Үп еткен жел болса бетіндегі жеңілдері желпілдеп аударылып түседі.
Айнара жұмысында әлі отыр. Бұйығы сырттағыдай емес, бұндағы көрініс мүлде өзгеше. Қым-қуыт қағазға көмілген ол әр бітірген шаруасына масаттана қарап қояды. Елдің бәрі алдақашан үйлеріне қайтып кеткен. Жалғыз өзі ел соңында қалып, тыныштықта жұмыс жасағанды жаны қалап тұрады.
Жардағы сағат 20:03 көрсетіп тұр. Айнара орнынан тұрып, жинала бастағаны сол екен шыр еткен телефон дауысы оны селк еткізді.
— Алло, Айнарасың ба? Кездесуім қажет. Мен — Дидармын. Сержанның әйелімін.
Айнараның үстінен біреу су құйып жібергендей әсерде қалды. Ылдым-жылдым жиналып, үстіне пальтосын іле салды. Сержанға ештеңе деместен, өзін «Сержанның әйелімін» деп атаған әйелдің айтқан жеріне бармаққа бекінді. Қанша қобалжыса да, қаймықса да, осылай етпесе өмір бойы өкініп өтетіндей жанталаса жетті. Өзін Дидар деп таныстырған орта бойлы, қап-қара шашы иығынан қиылған, арықша келген қара торы сұлу әйел Айнараға бар ынтасымен, зер сала қарады. Айнарада да таңқалыс жоқ емес. Ол Сержанның бірінші жарын ешуақытта сымбаты да, сұлу, келісті келіншек деп ешуақытта ойламапты. Оның ойынша үй шаруасы мен балаға байланған, ата мен ененің бабын өзінен жоғары қойған, нағыз үй бикесі деп топшылайтын. Екеуінің де ауыздарына құм құйылғандай. Қысқа ғана амандық сұрасудан соң олар үнсіз отырып қалды. Айнара алдында тұрған тарелкені ары қозғап, бері қозғап жүзін төмен салды. Ішінен неге Сержанды қызғанып, бір ұрыс шығармағанын түсінгендей. Өйткені өзіне тым сенімді әйел еді. Аз үнсіздіктен соң:
— Не айтқыңыз келді? Не үшін шақырдыңыз?
Ол дөңгеленген қос жанарын төңкере қарап, керіле:
— Сәл күте тұр!
Ол телефонының сағатына қарағыштап, есік жаққа қарап, әлдекімді күткендей көрінді. Арқасын сырт беріп отырған Айнара жанына келіп қалған Сержанды жанына келіп қалғанда бір-ақ көрді. Таңқалғаны соншалық орнынан атып тұрды. Сержан:
— Бұларың не? Дидар, мені неге шақырдың?
— Отыр, жайғас. Неге шошисың?
Айнара төмен салған жүзін жоғары көтере алмады. Екеуінің де бетіне қарағысы жоқ. Алдында үлде мен бүлдеге оранып, маңғаздана отырған Дидардың да мысы басып бара жатқандай.
Тағы да сөз тізгінін өзіне алған Сержан:
— Не болды?
— Осылай үшбұрыш болып қашанғы жүреміз?
Дидар сұрулы жүзбен алдымен күйеуіне қарады.
— Қаншама уақыт болды. Не жүріс? Осы күні балаларың сені көруден қалып барады. Үлкені есін біледі. Арасында сені сұрайды? Мен не дейін? «Тоқалына түнеуге кетті» дейін бе?
— Мен — тоқал емеспін! Айнара «тоқал» деген сөздің жанына ауыр тигенін сездіріп-ақ қойды.
— Енді кімсің?
— Мен сіздің күйеуіңіздің екініші әйелімін. Біздің некеміз қиылған. Екіншімін...
Айнара суға кеткен тал қармайдының керімен әйтеуір бірдеңелер айтқан болады.
— Әр нәрсені өз атауымен атайық. Егер еркек ажырасып кетіп, бірінші әйелімен байланысын мүлде үзген соң екінші рет үйленсе, онда — екінші үйленген әйелі болады. Ал, сіз сияқты әйел үстіне әйел болып тиіп отырса, оны қазақта «тоқал» деп атайды. Оған неге шамданасыз? Адам нәрсенің атауына емес, жап-жас болып сол атты иемденгеніне арлану керек. Жә, ол үшін шақырғаным жоқ. Мен әу бастан «тоқалдықты» қолдамадым да, күйеуімнің қалауы болған соң қарсы да бола алмадым. Дүниеге сәби әкелесің бе деп күттім. Бірақ, болмады. Енді бұл қатынасты жалғастыра берудің қажеті жоқ деп ойлаймын, - деді біресе «сенге», біресе «сізге» көшкен Дидар.
— Дидар, не деп кеттің? Баланың не қатысы бар?
— Қатысы неге жоқ? Сен бұған некелесерде «ұрпағымды көбейткім келеді, әкем жалғыз, мен жалғызбын» деп едің ғой. Мақсат сол екен, ол ойың орындалмаса енді бұл әйелдің не керегі бар?
Айнара бұл сөздерді естіп одан ары отырудың жөні жоқ екенін білді. Сілейіп қашанғы отырмақ? Орнына атып түрегелді. Көзінен ытқыған жасты сүртуге де шамасы жоқ. Жылап келеді. Артына қарап, біреу жетіп келіп ұстап алардай ышқынады. Үйге келген соң бір минут та аялдамастан заттарын жинап, кірісіп кетті. Бір жағынан кеудесін үнемі құрсауда ұстаған белгісіз күш ақырындап босатып жатқандай. Еркіндікке жібергендей жеңілдеп барады. Тілдей хат пен кілтті көршіге қалдырып ол, сол кеште-ақ ол пәтерді босатып кете барды. Есін далаға шыққан соң бір-ақ жинады. Есік алдында жан-жағына қарап аз-кем тұрды да жұмыстас құрбысы Фаризаға қоңырау шалды. Олар таныстықтарына көп болмаса да құрбы болып үлгерген еді. Көлігімен келуін өтінді.
— Енді қайда барасың?
— Баяғы көшпелі қазақтарыдың дәстүрін жалғап бастаймын... Ол құрбысына қарап қалжыңдаған болды.
— Баяғыда осылай етуің керек еді.
— Иә, соны айтамын. Жіпсіз байланып жүре беріппін.
Жанарынан домалаған жасын сүртіп:
— Бұл да маған берілген сынақ шығар?!
— Жаным-ау күліп тұрып, жылағаның не?
— Ішім жылап барады. Қанша жеңілдеп, тағдырымның түйітікілі шешілген күн болғанымен, ішімде өксік пе өкініш пе әйтеуір бірдеңе бардай. Өкіріп жылағым келеді.
— Ойбуу, құрбым-ау, жүрейік. Шер тарқатысып отырмасақ бүгін болмайды. Мен бүгінше заңгер емес, психологпын. Кім еді әлгі ханым? Сол болайын... Ол жымия күліп, көлікке бар затты салды. Артына бұрылып, өзі тұрған қабатқа ұзақ қараған Айнара:
— Бұл үй маған ыстық емес десем өтірік болар-ау. Қанша бақытты күнім мен түнім өтті. Әттең... Бәрі басқаша болғанда ғой...
— Құрбым, кеттік.
Фарида оның жанына келіп, иығына басын сүйеді.
— Жүрейік.
Олар Фариданың үйіне келді. Анасы асып қойған етінің дәмі қандай? Айнараның балалар үйінен шыққанынан хабардар ол барынша асты-үстіне түсті. Бұндай құрмет пен аналық бәйек болуды өмірінде көрмеген Айнара үшін ерекше әсер етті.
Фарида үйде өзі ғана. Ағасы шетелде оқиды. Әкесі бала күндерінде ажырасып кеткенге ұқсайды. Өзі айтпаған соң Айнара да ол жағын қазбалап сұрамапты. Анасы:
— Қызым, ауырып отырған жоқсың ба? Жүзің солғын...
— Жоқ, апа. Рахмет, жақсымын.
— Айнара кафеге барып, отырып, сергіп жүріп қайтсақ қайтеді?
— Барсақ барайық. Үйде отыра беремін. Тіпті басылып қалыппын. Бұрыннан да аса қыдыруға жоқ едім, Сержанға тұрмысқа шыққалы тіпті үйден шықпайтынмын.
— Олай болса кеттік.
— Қос құрбы әуелі көлікпен қаланы аралады. Әдемі әуеннің ырғағына балқып, Айнара неше түрлі ойға батты. Ішінде екі алпауыт күш арпалысып жатқандай. Кафеге де келді. Ойына қайдан келгенін қайдам, бір кезде:
—Фариада , ішіп көрсек қайтеді?
— Оның не? Ішуші ме едің?
— Жоға, қайдағы? Татып көрмедім. Бірінші рет көрмекпін.
— Қой, керегі жоқ. Мен студент кезімде арасында сыралататынмын. Бірақ, жай ермек етіп қана. Ішімдікті қолдамаймын. Саған да кеңес бермеймін.
— Бүгінше көрсек қалай?
— Қаласаң бүгін ғана рұқсат. Одан кейін аузыңа да алушы болма.
— Келістік.
Бірақ бұл келісімнің орындалмайтынын құрбысы кеш білді...
Айнара жұмысына жақын жерден жалға пәтер де тапты. Көшіп келді де. Өзін бес күн бойы жұмыспен алдандырса, қалған екі күн ішімдікпен алдандыратын әдет тапты. Есігін іштен кілттеп, алдын ала әкеп қойған ішімдігін ішіп, бар телефонды өшіріп, мең-зең болып жату оның әдетіне айналып барады. Фаридадан жасырынып ішетінді шығарды. Бірнеше айға созылды. Тіпті апта соңын асыға да, қуана күтетін. Оңашада жылайды, күледі, кейде әлсіреп жатып қалғып кететін. Мүмкін бұл жайт жалғаса берер ме еді...
Дүрсілдей қағылған есік алып барады. Әдетте ешкім іздеп келмейтініне үйренген ол:
— Кім?
— Мен — Фарида. Айнара үнсіз тұр. Үстіндегі алды ашылған халатын түзегендей болып, қобыраған шашын қолына түскен шашбуғышпен түйіп, түр келтіргендей болды. Кетіп қалды деп ойлады ма, үнсіз барып есікті тың-тыңдады.
— Айнара, іште екеніңді білемін. Аш!
Амалы құрыған Айнара есікті ашып жіберді. Есіктің ашылуымен бірге сыртқа лап қойған арақтың иісі қолқаны қабады. Мұрнын жауып, тыжырына қараған Фарида:
— Жаным-ау, мынау не түр?
— Менің де біреу есігімді қағады екен-ау?
— Неге олай дейсің? Өзің сенбі болса телефон сөндіріп қоясың. Бірнәрсенің дұрыс емес екенін сезіп жүргенмін. Дүйсенбі сайын ухілеп, ісіп-кеуіп мазаңның болмай отыратынын аңғармады ғой дейсің бе?
— Жаным, құрбым. Сіздің заң саласында, неше түрлі адамдармен қоян-қолтық араласып жүргеніңізді ұмытып кетіппін. Айып етпеңіз. Сізден бірдеңе жасыру мүмкін бе? Айнара көкірегіне қолын қойып кешірім сұрағандай ишарат жасап күлді де, жерге қабырғаны арқасымен сыза отыра кетті.
— Ботам-ау, сен сондай жақсы қызсың. Өміріңді құртқаныңды қаламаймын. Жап-жас болып не көрінді?
— Жас болғанмен мен өз тағдырымды ешкімге тілемес едім. Әкем мен анамның кім екенінен де хабарым жоқ. Бауырларым бар ма, жоқ па? Мен өзі кіммін? Мен кімге керекпін? Отбасы, туысқан дегеннің не екенін де білмеймін. Ең ақыры өткенде сенің үйіңе барғанда өзімді дастархан басында ұстауды да білмейді екенмін. Сержан мені барыммен қабылдады. Менің кей қылықтарымды байқаса да байқамағандай кейіп танытатын. Менің асыға-аптыға тамақтанғанымды көргенде:
— Жаным, асықпа. Алдыңдағы тамақты асықпай ішу керек. Асқазаныңды ауыртасың,- деп көңіліме де тимей, ұялтпай ғана ескертетін де қоятын. Көп нәрсені мен Сержаннан үйрендім. Үйде өскен балалар үшін мүмкін күлкілі көрінетін шығар бірақ, мен үшін көшеде балмұздақ жеп жай ғана жүрудің өзі басында ерекше әсерлі еді. Сенің анаңа қатты қызықтым. Қадірін біл. Менің де алдымнан біреу тәтті ас дайындап, маңдайымнан сүйіп қарсы алса ғой...
Ол тағы да жылады. Оның үстіне мастығы да бар. Фарида оның құшақтап, басынан сипап отырды да қойды. Не деп басу айтарын да білмейді. Қолынан келгені осы ғана. Екеуі құшақтасып біраз отырды. Бір кезде Айнара жуынуға кіріссе, Фарида асүйге кіріп тамақ пісірді. Қос құрбы өткен-кеткен нәрселерін айтып, шер тарқатысты.
— Сержанға қалай тап болдың?
— Ой, ол ұзақ әңгіме.
Айнара оған барынша қысқа-нұсқа баяндағандай болды.
— Соңғы кездесуден кейін келді ме?
— Жоқ. Мен оның пәтерінен кетіп қалдым. Содан кейін көруден аманмын. Жұмысыма да келмеді. Әйелі негізі өзіне сенімді, мінезді әйел екені көрініп тұр.
— Онда ол қалай күйеуіне екінші әйел алуға рұқсат беріп жүр?
— Білмеймін соны. Өзім де таңғалдым. Түсінсем бұйырмасын. Адамдар әр түрлі ғой. Қатып қалған қағида бар ма?
Осы келістен кейін әр жұма күні кешке Айнараны Фарида өз үйіне алып кететінді шығарды.
— Анаңнан ұят. Бармаймын.
— Жоқ, ұяты жоқ. Барасың. Өйткені бүгін анамның туған күні. Бүгінше үш қыз болып дастархан жасап отырамыз. Ертең сенбі анам құрбыларымен тойламақ. Бүгін сені «қалай да алып кел» деп айтты.
— А-а, солай ма? Онда әрине, барамын.
Ол кешке сыйлығы мен гүлін алып Фариданың үйіне де жетті. Әдемі отырыс болды. Ақ тілек те ақтарылды. Әңгіме де айтылды.
— Айнара, қызым мына құрбыңа айтсаңшы. Жігіті жоқ. Осы қыз «отырып қалмаса» деп қорқам.
— Апа, уайымдамаңыз. Жас қой. Күйеуге беріп қайтесіз?
— Қой, уақыттарың өтіп барады.
— Мына түрлеріңмен күйеусіз қалмаңдар!
Олар жамырай күлді.
— Сен де жақсы адам кездессе тұрмыс құр. Қос қыз ұзатып, қос-қостан сақина тағып отырмаймын ба? Сені де өзім ұзатам. Көр де тұр.
Дастарханға еттің әкелінгені сол еді, есік қоңырауы шыр етті. Бәрі «кім болуы мүмкін» дегендей, бір-біріне қарасты.
— Бізге тұрмысқа шық деп отырғанда, ақ боз атты ханзада сізге келіп тұрмасын.
— Қой, қайдағы ханзада? Бар есікті аша ғой.
Келген — Фариданың ағасы Данияр екен.
— Данияр! Құлыным! Қайдан жүрсің? Бір құшақ гүлін анасына ұсынып жатып:
— Анашым! Туған күніңмен! Аман жүрші әрқашан!
— Рақмет, құлыным!
Фарида да ағасының мойнына асылып:
— Біздің шетелдік жігіт не деген романтик, ә? Дәл уақытында келдің!
— Енді, бұл — мен ғой.
Олардың бір-біріне деген сүйіспеншілік пен сыйластықтарына қарап қызығып тұрған Айнараға Данияр басын изеп:
— Сәлем!
— Сәлеметсіз бе!
— А-а, Дани танысып қой, бұл — менің құрбым!
Олар қол алысып, өз есімдері айтысты. Кеш ары қарай жалғасты. Даниярдың ара-тұра Айнараға ұрлана қарағанын отырғандар аңғармай қалмады. Ас үйге шай шығаруға келгенінде Фарида:
— Айнара! Ағамның қарағанын байқадың ба?
— Қойшы, байқамадым. Адам болған соң қарайды да.
— Ай-ай-ай! Жай қарас емес-ау! Ол сұқ саусағын кезеп қояды.
— Қайдағыны айтасың.
Кеш соңы Айнараны Фарида үйіне жеткізіп салды.
— Қонып кететін адамсың ғой.
— Қой, ұят қой. Өзім ертең асықпай ұйықтайын дегенмін.
— Ой, ұйқыбасым!
Олар кеткен соң Данияр:
— Анашым, Айнара — сүйкімді қыз екен. Сабырлы көрінеді.
— Иә, жақсы қыз. Басынан көп нәрсе өткенге ұқсайды.
— Неге олай дедіңіз? Жап-жас қой.
— Иә, жас. Балалар үйінде тәрбиеленген. Колледжде оқып жүргенде тұрмысқа шыққан. Онымен жақында ажырасты.
— Бөпесі бар ма?
— Жоқ.
— Не үшін ажырасты екен, білмейсіз бе?
— Күйеуінің екінші некесі болған ба, сондай бірдеңе. Неге сұрап қалдың? Ұнатып қалған сияқтысың ғой.
— Иә, ұнағаны рас. Тағдыры ауырлау екен. Егер мен Айнарамен жарасып, отбасы құрсам, соны алам деп жатсам... Қалай қарар едіңіз?
— Енді бірдеңе деу қиын ғой. Алдымен ол сені қабылдай ма қабылдамай ма? Қайдам? Тап менің пікірімді білгің келсе қарсы болмас ем. Кім «кейін ажырасам» деп тұрмысқа шығады дейсің? Өзімнің де басымнан өтті емес пе? Мен әкелеріңнен ажырасқан соң бар ғұмырымды сендерге арнадым. Ал, Айнара тек өзі. Оның басқа адамды кезіктіріп тұрмысқа шыққанының не әбестігі бар? Кімнің басына не келіп, не кетпейді? Өзіңнің де өткен өмірің бар дегендей.
— Иә... Өтті-кетті. Енді оны ойыма да алғым келмейді. Ақымақ болып, үйленуге асығыппын ғой. Қазір ойласам «неге үйленгенмін?» деп өкінем. Мені дер кезінде шетелге жіберіпсіздер. Оқуым бітсе елге оралғым келеді.
— Асықпасаң қайтеді?
— Жоқ, анашым! Мен оны ұмыттым. Жүрегім бос. Жаңадан қайтадан бастасам деймін.
Ана мен бала болып олар ұзақ сырласты. Осы таныстықтан соң Данияр Айнарамен араласа бастады. Айнараға да Даниярдың өзін ұстауы мен сөйлеген сөзі ұнайтын. Өте байсалды, сөзі нық. Екеуі де бастарынан өткен жайды айтысып, сырласып та үлгерді. Ол көп созбады. Кезекті кездескенінде:
— Айнара! Менің демалысым аяқталып қалды. Кейін қайтам. Осы жазда түгел оқуымды аяқтап елге оралсам деймін. Рас, сені бір көргеннен ұнаттым. Екеуміз де жас бала емеспіз, азды-көпті өмір көрдік. Менің қалыңдығым болғаныңды қалаймын. Алыс жолға шықпас бұрын шешіміңді естіп, келісіміңді алсам деймін. Алда қаласаң жарым етуге де дайынмын.
— Осылай тез бе? Бар болғаны бір апта ғана таныспыз.
— Нағыз өз адамыңды танып-білу үшін бұл аз уақыт емес. Менің жанымның жартысы сен секілді көрінесің.
— Қайдам? Мен ештеңе дей алмаймын. Ешқандай уәде де бермеймін. Бір рет ауызым күйген адаммын. Жанымның жарасы әлі жазылмады. Сондықтан, жаңа қадамға маған әлі ерте. Уақыт көрсете жатар...
Айнара ештеңені бүкпестен, басын ашып алды. Құр дәмелендіргісі де жоқ. Данияр оқуына кетсе, Айнара әдеттегіше жұмысын жағалап жүріп жатыр. Заманның ағымына сай желінің дүрлеп тұрған шағы емес пе? Күніге жазысып, бейне қоңыраулар шалысып, біраз таныс-біліс болып жалғаса берді. Айнара мен анасы қуанып жүр.
— Айнара — жақсы қыз. Даниярға жақсы жар болады.
— Иә, қызым. Солай болғанын тілейміз ғой. Данияр да еп-ерте үйленіп, өмірін құртпағанда ғой деп те ойлаймын. Сол бір қызға қайдан тап болды десеңші?!
— Болар іс — болды. Айнара да өмір көрді. Түсінді. Бәлкім жақсы отбасы болып кетер.
Айнара әдетінше жұмысынан шығып аялдамаға қарай бет алды. Жанынан зулай өткен көліктер оның көңілін бөлгісі келгендей, жанына жақындай түсе дауыстарын одан сайын үдетеді келіп. Өз ойымен келе жатқан ол автобус нөмірін қарамаққа бұрылғаны сол екен, алдында тұрған Сержанды көрді. Шорт бұрылып, кері кетпек болғанымен онысынан түк шықпады. Жанына жеделдете жеткен ол:
— Жаным, тоқташы! Неге қашасың?
— Сержан! Үп-үлкен адамсың! Мен бәрін түсіндім. Менікі қате болыпты. Кешір мені! Бәрін доғарайық. Өткенде сөйлестік емес пе? Неге келдің?
— Айнара! Сен өткенде кетіп қалғаннан кейін «мүмкін осы шешім дұрыс шығар» деп мен де өзімді тоқтатқанмын. Сенің «бағыңды байлап жүрмін» деп те ойладым. Дұрыс адам кезіксе, бәлкім толыққанды отбасы болып, өзің қалағандай жанұя жылылығана бөленерсің бе деп те тіледім.
— Түсінгеніңе рақмет!
— Ана пәтерді саған қалдырғым келеді.
— Жоқ, рақмет! Ала алмаймын. Керегі жоқ. Ол үйге еш еңбегім сіңбеді. Ол — сенікі, сенің балаларыңдікі. Ала алмаймын. Ниетіңе рақмет! Бақытты бол! Саған бәрі үшін рақмет! Енді келме!
Айнара жанарына келіп қалған жасты көрсетпеуі үшін, жүзін көлегейлеп, теріс бұрылды.
— Қош бол!
Сержанға да оңай болып тұрмағанын діріл аралас дауысы аңғартқандай. Қанша жанына батқан ауыр зілі болса да амал жоқ, Айнара кете барды...
Ескі парақты түгел жауып, Айнара жаңа қадамдар жасады. Өз-өзін іштей қажай берудің пайдасы жоғын ұқты да. Есіне салар естелігі көп болса да бәрін ұмытуға тырысты. Даниярмен сөйлесіп, хабар алысып тұрды. Сол баяғы жұмысы мен үйінің арасы. Қолы босаса кітап оқып, немесе желіде отыратын әдеті. Өзінің ішкі ойын жазып, фотоларын жүктеу оған қызық еді.
Бірде желі ақтарып жатып өзінің тегін жазып, өзімен тегі бірдей жандарды іздей бастады. «Не де болса Ақтөбенің тумасы шығармын» деп топшылайды. «Басқа жақтан болсам, сол жақтың интернатында болар едім ғой» деп те ойлайды. Ойына ой түсіп:
—Фарида, осы сенбі боссың ба?
— Иә, неге?
— Алғаға интернатқа барсам деймін. Құжаттарды қарап, өз анамды іздесем. Қалай ойлайсың таба алам ба?
— Мәссаған! Бұрын қалай ойланбағанбыз?
— Менің бұрыннан ойымда бар-тұғын. Тек ретін білмейтінмін. Интернатқа барып қай перзентханада дүниеге келгенімді білсем, ары қарай тарқатыла ма деген үміт қой.
Олар ертесі жолға шықты. Артта отырған Фарида мен Айнара тым-тырыс. Алда отырған үлкен кісі ғана жолдың кедір-бұдырына күңкілдеп, билікті кінәлап келеді. Қала кіре берісіндегі зауыт көрінісімен Айнара терезеге ынтыға жақындай түсті. Кеткелі келмеген бұл қаланың өзіне сондай ыстық боларын ол білмепті. Балалар үйіне жақындағанда Айнара бір түсініксіз күйге түсті. «Эх, өмір! Неге менің тағдырым осы жерден басталды екен?» дейді іштей. Интернат ауласына кірісімен шуылдай ойнап жүрген кішкене балаларға көзі түсті. Жаутаңдай қарап, әрбір жолдарында кездескен жанға сұраулы жүзбен қарайтын бейкүнә сәбилерге ұзақ қарады. Бір кездері олардың орнында тұлымшағы желбіреп, қазынаның берген киімін киіп бірде жылап, бірде жұбанып жүруші еді-ау! Маңдайынан бір адамның сүйгені есінде жоқ. Кеудесін ыза ма, кек пе бірдеңе буып барады. Келген жағына кері бұрылып кете барды. Соңынан ере жүгірген Фарида:
— Не болды? Неге кері кеттің?
— Іздемеймін! Мені керексіз зат секілді тастап кете барған жанды неге іздеуім керек? Сонда өзі қалай жер басып, ас ішіп жүрді екен? Айтшы.
— Қойшы, жаным! Болар іс болды ғой. Өстің, адам болдың. Бәрі артта қалды.
— Неге? Неге мен? Анау жүрген балалар секілді мен де жүрдім. Не үшін? Керек болмасам мені неге туды? Менің сәтсіз өмірімнің түп тамыры осы жерден бастау алған жоқ па? Маған бағыт-бағдар беріп, жөн сілтейтін адамым — анам болуы керек емес пе еді? Кетейік бұл жерден!
— Айнара! Келіп тұрмыз ғой, кірейік. Қолда бар мәліметті алайық.
— Жоқ, қажеті жоқ. Маған да енді ондай ананың қажеті жоқ. Ренішім де жоқ, өкпем де жоқ. Айтар сөзім де жоқ. Жүр.
— Жақсы, қалауың білсін!
Фарида да кері бұрылды. Жүре сөйлеп:
— Айнара! Сен мықты күйзеліп жүрсің. Мынауың жарамайды. Болды енді. Өзіңді қолға ал!
— Бәрі үсті-үстіне болып кетті. Өткенде Сержанды көрдім. Қоштасып біржола кетті.
— Енді? Не ойың бар?
— Не ойым болсын? Ештеңе. Енді бір-бірімізді көрмейміз. Бәрі бітті.
Осылай Айнара интернатқа барып тұрып кері қайтты. Көңілсіз болып үйіне жетті. Фарида:
— Айнара, мен саған ас дайындайын. Сен мына жерлерді жиыстыр, — деп шашылған киімдерді көрсетті.
— Бәрі дұрыс болады.
— Рақмет, құрбым! Жанымда сен болмағанда қайтер ем? Сен менің сіңілімдейсің, әлде апамдайсың ба? Екеуі күлген болды.
— Құрдаспыз ғой.
— Мен анама үнемі «жалғыз қызбын, неге сіңілім болмады» деп шағымданушы ем, құдай сені маған берді. Қос құрбы құшақтаса кетті.
— Мүмкін жеңгем болып қаларсың. Онда нағыз әпке-сіңілі боламыз.
— Қайдам, Даниярға басқа қыз керек шығар? Мен оған тең емес секілдімін.
— Неге олай дейсің? Олай деме.
— Өзім қысылып жүрмін. Анаңнан да ұялам.
— Қой, анам қолдап отыр. Даниярдың да бір ауызы күйді ғой.
— Иә, айтқан.
— Әйтеуір, араларында бала жоқ. Ол кезде тым жас болды. Асығыстық жасап үйленді. Кейін тұра алмады. Солай! Сен бізге алаң болма! Өзіңнің жүрегіңді тыңда. Қаламасаң, ұнатпасаң зорлық жоқ. Ал, егер қалап тұрсаң біз тек сені қолдаймыз. Ағам — жаман жігіт емес негізі.
— Иә, байқадым.
Айнараның туған күні де жетті. Өзі бұл күнді аса ұнатпаса да, соңғы кезде атап өтетін болып жүр. Жұмысына келген беті сол еді, әріптестері құттықтап қаумаласты. Ол үстел үстіндегі қып-қызыл раушанға көзі түсіп:
— Мынау кімнен?
— Сізге, күйеу жігіттен болар.
Гүлдің жанына келіп, орауының сыртына қыстырылған хатты оқығанда барып білді. Даниярдан екен. Айнараның жүрегіне бір түсініксіз жылылық ұялағандай. Күні бойы әлгі гүлге қарап қуанып жүрді. Өзін бір жеңіл сезініп, жанына жылу сыйлаған тілдей хатты қайта-айта қайталап оқи бергісі келеді. Ол іштей Даниярды барымен қабылдап, жанына жақын тарта бастағанын ұқты.
Зырлаған уақыт атқан таңмен, батқан күнмен санаспастан, зырлап жатқандай. Көгілдір көктемді шетке ығысытыра жайдары жаз да келіп жетті. Ағаштар жап-жасыл түске толығымен боялып, төбеден шақырая түскен күн сәулесіне еркелей тербеледі. Араны жақындатқан желі беттеріндегі хаттар толастап, Данияр да елге жетті. Жетісімен Айнараны көруге асықты. Кездесті де. Сыйлығымен қоса сақинасы да бар екен. Ұсыныс жасап та үлгерді.
— Жақын араласып көрсек қайтеді? Таныстығымыз аз секілді.
— Неге? Мен сені танып болдым. Желі арқылы сырласып, көп нәрсені ұқтым. Керсінше уақыт созбай үйленіп, үй болғанымыз дұрыс сияқты.
— Мен сені сүйем! Өмірімді тек сенімен байланыстырғым келеді. Өмірлік серігім бол!
Айнара ұзақ ойланды. Қайсы әрекеті дұрыс екенін болжайды. Іштей жүрексінеді де. Ешкімге айтпаса да ішкі ойы «сәбилі болмасам ше?» деген қорқынышы да жоқ емес. Бірақ, оны сыртына шығарып айтуға батпады. Әрі ойланып, бері ойланып ол Даниярдың ұсынысын қабылдады.
Даниярдың анасы қуанып жүр. Тамызда өтетін той қамына да кірісті. Алыс-жақын туыс-туғанның басы қосылған әдемі той да болып өтті. Айнара бұл жолы Даниярдың босағасына Фариданың құрбысы емес, ақ жаулық салған келін боп аттады. Даниярдың анасы оның маңдайынан сүйіп:
—Енді менде үш бала, Мен қандай бақыттымын!
— Енді, сізді «анашым» деп атайын! Сіз менің Анамсыз!
Айнара көзіне жас алды. Көңілі босап кетті.
— Даниярға жақсы жар, сізге жақсы келін бола алсам арманым жоқ! Енді менің отбасым бар! Шүкір, — дей берді.
Айнара келіндік өмірді бастап та кетті. Үй мен жұмысты барынша қатар алып жүруге тырысып-ақ жүр. Бәрінен Фарида қыз мәз. Енді құрбысы жанында.
— Фари! Әлгі аққұба жігіт қайда кетті? Соңғы кездле айтпай кеттің!
— Сен ғой, тұрмысқа шығып өзінше болып, менімен шаруаң болмай кеткен. Ол күліп жеңгесінің жүзіне жұмбақтай қарады.
— Жаңалық бар ма не?
— Әзір құпия. Жақында айтатын боламын.
Арада екі ай өткенде Айнара ас іше алмай, асханаға кіргеннен лоқсыды. Жанындағы жұмыстасы Айнұр:
— Айнара Албанқызы, сіз жүкті емессіз бе?
— Қой, жо-ға...
Айнара Айнұр айтқаннан кейін барып ойлана бастады. Расымен... Қуана түсті де, дереу ішінен «мүмкін емес» деп қорқынышы да бас көтереді.
Ол бұл жолы жұмыстан ерте шықты. Дәріханаға соқты. «Не де болса таңертең білетін боламын» деп қобалжып келеді. Даниярға ештеңе демеді. Таңды қобалжып әзер атырды. Үміті расталып, ол қуаныштан жылап жіберді. Көңілі алабұртып алғашқы сезімін өзінде барынша құпия ұстап, өз қуанышына өзі оранып алды. Іші толқып бірде күліп, бірде көзіне жас келеді. Жұмысқа барды. Ештеңеге қолы батпай қалықтап жүргендей. Жолына кезіккендерге жымиып қарап қояды. Бір кезде өз-өзінен орнынан атып түрегелді. Емханаға тұра жүгірді. Ондағысы тағы да нақтылап білмек.
— Мен бұрын түрмыста болған едім. Қаншама жыл бала көтере алмаған соң, сеніңкіремей...
— Жоқ, алаң болмаңыз сізде жүктіліктің үшінші аптасы.
— Сонда қалай?
— Қалайы жоқ. Бұрынғы жолдасыңызбен мүмкін сәйкессіздік болған шығар. Нақты себебін білмеймін. Алдыңғы дәрігердің жазбаларын қарап отырмын, сізде бәрі жақсы. Осы жолы нақты жүктісіз.
Айнара қуанып кетті. Тіпті, дәрігерді құшақтап алғысы кеп тұр. Енді ол кешті асыға күтті. Даниярына айтпақ. Бірақ шыдай алмады. Жұмыс уақытының аяқталар уақыты әлі ерте болса да, ол жұмысқа қайта бармады. Тосынсый жасап Даниярдың жұмыс орнына келді. Хатшы жоқ екен, бірден жұмыс бөлмесіне кіріп барды. Өз көзіне өзі сене алар емес, қақ алдында Данияры хатшы қызды үстел үстіне отырғыза құшып, әлденені айтып күліп жатыр екен. Басы мең-зең болып сол жерде құлап түсті. Оянғанында айналасы тола ақ халаттылар. Бәрі қаумалап оны жедел жәрдеммен ауруханаға апара жатыр екен. Жанында күйеуі де отыр. Жеткенше ол есін жиып үлгерді. Жедел жәрдем көлігінен өз аяғымен түскен ол, ішке кіріп қан қысымын өлшетіп, ары қарай тексерілуден бас тартып, қолхат жазып кете барды. Екі иығы салбырап, таңертеңгі күйінен із қалмаған. Артынан ере шыққан Данияр:
— Сен ойлағандай емес, Айнара! Не болды саған? Ол менің кластасым ғой.
— Данияр! Өтінемін! Ештеңе демей-ақ қой.
Такси тоқтатты. Айнара мінген таксиге Данияр да қоса мінді. Үйге дейін Айнара бір тіл қатпады. Жансыз адамдай. Үйге кірісімен жатын бөлмесіне келіп, заттарын жинай бастады. Не болғанын ұқпаған енесі:
— Қызым не болды? Аманшылық па? Неге жиналып жатырсың? — деп бәйек боп жүр. Айнара сезімсіз жандай. Бетінде ешқандай көңіл-күйдің нышаны байқалмайды. Қолына ілінгенін алып есікке таяғанда:
— Анашым! Кешіріңіз мені! Кеше көріңіз! Сіз менің анам болып мәңгі қаласыз! Аналық махаббат пен қамқорлықты мен сізден ғана көрдім! Аз уақыт болса да мен бұл үйде бақытты болдым. Ары қарай қала алмаймын! Кешіріңіз! — деді де есіктен шығып жүре берді.
— Данияр! Не істеп тұрсың? Неге үндемейсің?
— ...
— Неге үндемейсің? Келін неге кетті?
— Мен! Мен — кінәлі!
— Не болды?
— Қыстамаңыз...
Данияр бөлмесіне кіріп, есігін тарс жапты. Шарасыз ана Фаридаға қоңырау шалды.
Бұл уақытта Айнара заттарымен сыртқы есік алдында тұр. Тағы да жалғыз. Тағы да мына дүниенің ең сорлысы секілді үйсіз-күйсіз далада қалды. Кімге хабарласпақ? Ойлануға да мұршасы жоқ. Әйтеуір, чемоданын суретіп кетіп барады.
Тағы да пәтер жалдау, тағы да жалғыздық. Ол үйден кеткен соң келесі күні Фарида келді.
— Сендерге не болған? Данияр да үнсіз. Ештеңе айтпады.
— Фари! Даниярдың кеше жұмысына барғанмын. Ол хатшы қызды алдына алып құшып отыр екен. Мен біржола кеттім. Сендерге өкпем жоқ. Бірақ Даниярға деген сенімімімнің күлпаршасы шықты. Одан ары бірге бола алмаймыз! Кешіріңдер! Өз көзіммен көрген нәрсені кешіре алмаймын.
Фарида ештеңе дей алмады. Жылы қоштасып кете барды. Осыдан кейін, Айнара бір күнде өз еркімен жұмыстан кетті. Оған себеп жүкті екенін жасыру мақсаты еді. Фарида көрмесе дейді. Ақыры басқа жерге жұмысқа тұрды. Декреттік демалысқа шейін амалдап жұмыс жасамақ. Бала дүниеге келсе, өз үйінің жоқтығы да жанына батады. «Қайтсем де үй алуым керек» деп барын салды. Бірақ оған бастапқы жарнаны төлеуге де ақшасы жетпеді. Уақыт зырлап, арада жеті ай өтті. Жүктілігіне де сегіз ай. Үйден көп шықпайтын ол бір күні есік алдындағы дүкенге шыққан еді. Алдынан Сержанның шыға кеткені.
— Айнара! Қалайсың? Осында тұрып жатырсың ба?
— Иә, өзің қалайсың?
— Тұрмысқа шыққансың ба?
— Иә.
Ол қипақтап жан-жағына қарап, кеткісі келмей біраз айналсоқтады. Айнара тез қоштасып, үйіне қарай кетті. Келесі күні Сержанды тағы көрді. Бұл жолы ол есігін өзі қақты. Айнара:
— Қайдан жүрсің?
— Саған келдім.
— Тез кет, күйеуім келеді.
— Ешқандай күйеу жоқ. Мен саған келдім. Жинал!
— Есің дұрыс па? Қайда? Күйеуім бар деймін!
— Ешқандай да күйеу жоқ. Көршілерден сұрастырып біліп алдым. Жинал.
Сержан өзі бастап қолына ілінген киім-кешектерді жиыстыра бастады. Айнара:
— Сержан! Жөніңді айт! Мен ешқайда бармаймын!
— Жаным!
Сержан шыдай алмай Айнараны құшақтай алды! Босатар емес.
— Жындысың ба? Жібер!
— Жоқ! Бұл жолы босатпаймын! Қайтадан үйленеміз!
— Есің дұрыс па? Мен өзге адамның баласына жүктімін!
— Бола берсін! Бала маған таңсық емес! Әкесі болам! Енді менен құтыла алмайсың! Болды! Жинал!
— Бұл — дұрыс емес!
— Дұрыс! Өзіміз үшін өмір сүрейік! Сені ұмыта алмадым! Мен сені сүйем! Қайтадан некемізді қиямыз. Бұрынғы саған берген пәтерім бос тұр. Сонда барып тұрасың! Ештеңе білмеймін! Енді сенен қайтадан айырылар жағдайым жоқ.
— Жоқ! Жолама! Қанша жыл сенің әйеліңе жасаған қиянатым да жетер! Енді мен олай өмір сүре алмаймын! Ел көзінен тығылып өмір сүргім келмейді! Құдай үшін кет! Шық!
Қоңыр күз еді. Ақ жауын себелеп тұр. Қазан айының соңы Ақтөбенің ең бір жүдең, көңілсіз шағы. Аспанға бұлт үйірілсе өкпелі баладай жауа салатын әдеті тағы бар. Салқын желін айтпағанда, жайшылықта ызғары өкпеңнен өтеді. Бүгін де әдетінен жаңылмай суығын шашып, нөсерін төгіп тұр.
Алғаға бет алған көлік демде қала сыртынан бір шықты. «Айнараны тездетіп өткенінен алыстатайын» дегендей жылдамдығын үдете берді.
Иә, Айнара кетіп барады. «Өмірімнің осылай болғаны, өзгеге жасаған қиянатымнан болар? Енді ешкімге зиянымды тигізбеймін, бастысы балам дүниеге келсе, адал өмір сүремін» дейді іштей өз-өзіне сөз бере.
Иә, ол ел көзінен тасаланып кетіп барады. Сол баяғы өзі өскен Алғаға кетіп барады. Ақтөбедегідей емес, бұл жақ шағын қала. Әрі, пәтер ақысы да қолжетімді. «Баламды аман-сау босанып алсам, ары қарай жеке заңгерлік кабине ашсам да, тіршілік қылармын» деп бір түнде шешім шығарып кетіп бара жатқан жайы осы.
Ол алысқа көз тастады. Радиодан шырқалған Музарттың әні несімен жақпағанын қайдам, жүргізуші келесі арнаға ауыстыра салды.
— Адамның бәрі жолаушы, сарылып бақыт іздеген... Иә, мына сөздер расымен Айнараның жай-күйіне үндесе кетті. Айнара күбірлей «бұл өмірде шынымен жолаушымыз-ау! Өз өміріме жететін сабақ алдым. Ендігі жерде тура жолдан тайдыра көрмеші. Жаратқан! Мен ана боламын! Әлі-ақ бақытты боламын! Мені алда жақсы күндер күтіп тұр» дей берді, дей берді... Жүрегінің астындағы соғып тұрған кішкентай жүрек оған сенімділік пен қуат бергендей. Толқуын жасыра алмады.
Алғаға жақындап қалған кезде жаңбыр да кілт тоқтады. Ақырын терезені ашты. Керемет ауадан рахаттана тыныс алды. Түнерген бұлт та ашуы тарағандай жел ыңғайына қарай жылыстай бастады. Оның ойын жүргізушінің сөзі бөліп жіберді:
— Қарындасым! Тоңып қалма!
Ол дереру терезені жапты да, бұлт арасынан көрінген күн сәулесіне қарады. Айнала қоңырқай тартып тұрса да, жартылай жүзін көлегейлеген күн көзі оған «үмітіңді үзбе» деп жымыңдайтындай. Айнара бар әлем оған мейрімін шашып, оның алдағы өмірін жақсылыққа болжап тұрғандай қуанып кетті...
Жайнагүл Бекнияз — жазушы, оқытушы, педагогика ғылымдарының магистрі, Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының финалисті.