Дактиль
Темирлан Кылышбек
Бұл жазбаны оқымас бұрын сізден өтініп сұрарым, шай қойыңыз. Сосын өзіңіз ұнатып жейтін тіске басар әзірлеңіз. Бұл тізімге кептірілген жемістер қоссаңыз да болады. Мүмкін балғын көкөністерді де. Не болса да маңызды емес, маңыздысы өзіңіз ұнататын дүниелер болсын. Еш қымсынусыз, жатырқаусыз екеуара сырасу үшін. Сіз отырған бөлме, түскен жарық та жаныңызға жайлылық ұялататындай болуы керек. Тіпті өзіңізге қонымды үй киімін киіңіз. Саусыңыздағы сақина мен мойыныңыздағы алқаңызды да шешсеңіз болады. Жан тыныштығын сыйлайтын әуен қосыңыз. Терезеңізді ашқыңыз келсе мархабат, тек салқын тиіп қалмасын.
Мен сізді танымасам да, жүзіңізді елесте алмасам да, үніңізді естімесем де өзіңізбен сырласқым келеді. Шынайы қалпыммен. Сол үшін де сізді әң дәмді «Pasta» әзірлейтін Итальяндық мейрамханаға, нәзік сезімге бөлейтін саябақтағы құстар әнін естуге, түстер әлеміне енгізетін галереядағы сурет көрмесіне емес, өз ас бөлмеңіздегі бір кесе шайға шақырамын. Егер шайыныңыз қайнаған болса, аздап сүт қосыңыз, қаласыңыз шырғанақ. Қажет деп тапсаңыз анар дәндерін де. Ал мен қарақат тосабын қосуды жөн көрдім. Алдымда шекер араласқан қол сүзбесі мен сары мейіз.
Шынында, осыдан бірер сағат бұрын сізбен оңаша сырласу мүлде ойымда болмаған еді. Әрі сіздің бұл әлемде бар екеніңізді де білмедім. Тіпті мәтінге қызығушылық танытатыныңызды да. Қызық, осы қазір ойыма келгені: бұл әлемде тек қызығушылығы ортақ адамдар ғана сырлас секілді немесе сырласатын секілді. Егер мәтінге қызығушылық танытпағаныңызда сіз де менің бұл әлемде бар екенімнен бейхабар болар едіңіз. Дәл осылай өз ас бөлмемізде кесемізді ұстап, алдағы болар әңгімеге іштей ынтызарлық танытпас та едік. Бәлкім сіз осы уақытта құрбыларыңызбен театр қойылымына, мүмкін киім дүкеніне барар едіңіз. Ал мен үйреншікті әдетіммен терезе жақтауындағы шағын үстелімде жаңа пьессалар оқып отырар едім. Солай болған болса, ендігі айтылар ой, ендігі жазылар мәтін де болмас еді.
Қазір мәтін атаулыны сирек жазамын. Бәлкім сіз де кейінгі кездері сирек оқитын боларсыз. Біздің бұл сырласуымыз жай ғана сәйкестік шығар. Мүмкін тағдыр. Бірақ мен бұл сырласудан ештеңе күтпеймін. Сіздің де ештеңе күтпегеніңізді қалар едім. Ұзақ сапар үстінде жолыққан жолаушылардай ешкімге айта алмай жүрген сырымызбен бөлісіп, қайта бейтаныс адамдардың кейпіне ене алсақ, соның өзі маған жеткілікті. Тек бір сәттік алданыш болсын. Сіз үшін де. Мен үшін де.
Сіз үшін қалай болғанын білмеймін, бірақ мен үшін бүгінгі таң әдеттегі күндерден ерекшеліксіз басталды. Түс көрмей ояндым. Таңғы асқа жаңғақ матырылған айран іштім. Аяқ киімімнің бауын байларда ештеңе ойламадым. Қаланың арғы бетінде орналасқан жұмыс орныма автобуспен жеттім. Өзіме жүктелген міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауға тырыстым. Тек түскі үзіліс кезінде бір сәт кідіріп, бөлмені желдетпек ниетте терезені ашқанымда көктегі ақ еспе бұлттар тым жат көрінді. Әрі таныс. Бірер уақыт қайдан көруім мүмкіндігін еске түсе алмаған дегбірістен кейін ғана сана түкпірінен бірдеңе жыл еткентей болды. Иә, мен өсен өлкенің бұлттары.
Қызық, сіз бұл жазбаны күннің қай шағында оқып отыр екенсіз?! Бәлкім кеш болар. Дәл осы сәтте терезеден аспанға қарасаңыз не көрер екенсіз?! Батып бара жатқан күнді, мүмкін қызара бөрткен бұлттарды… Ал егер таңда болса, тұнық аспан мен әлі сөніп үлгермеген мәртебелі айды. Тіпті түнерген жиек пен жасын атқан найзағайды. Сонда сіздің көңіліңіз қандай күйде болар екен?! Дәл менкінідей ме, әлде өзгеше ме?!
Менің қазіргі сезімдерім сізге жұмбақтау көрінер. Алайда мен сіздің қандай күйде отырғаныңызды топшылай да алмаймын. Ең қызығы, алдағы айтылар ойлар мен мәтін ырғағына ілесе іштей ой түйерсіз. Ұнамаған болса, осы жерден жылы жауып қоярсыз. Қандай шешім қабылдасаңыз да, мен сіздің жағыңыздамын. Тек басында айтып өткенімдей, шай қойыңыз. Сосын бір сәт тынымсыз өмір ағысынан тысқарыланып, айналаңызға зер салсаңыз. Мүмкін сізді де өткен шақпен байланыстырар бір көрініс жанарыңызға ұялар.
Бәрі де сол ақ еспе бұлттардан басталды. Егер түскі үзіліс кезінде көкке қарамағанымда, сізді шым-шытырық ойларымның арбауына алмайтын едім. Бүгінгі күніңіз де өткен күндерден еш айырмашықсыз өтер еді. Бірақ, бұл өмірде ештеңе жайдан-жай орын алмайды. Бәлкім Жаратушы ішіңізге бір сәт үңілуді маған жүктеді. Мүмкін мұздықтарға асыға самалға ілескен ақ еспе бұлттарға…
Ақ еспе бұлттар… Мен өскен өлкенің ақ еспе бұлттары... Шамасы ол бұлттарды соңғы рет жеті жасымда көрдім. Одан кейін көріп отырғаным осы. Содан бері көп нәрсе өзгерді. Мен де өзгердім. Сонда не өзгерді?! Түр-келбетім, дене-бітімім,мінез-құлқым?! Бәрі-бәрі. Кейде тіпті осындан бірнеше жыл бұрынғы өзімнен сарқыншақ та қалмағандай көрінеді. Ал сіз ше?! Өзгергеніңізді сезінесіз бе?!
Қазір ойлап қарасам, осы уақытқа дейін бұл сұрақты өзіме бірнеше рет қойып көрген екенмін. Алайда болмашы нәрселерге алданғандығымнан көбіне жауапсыз қала берген. Кешкілік жағалау бойымен аяладамаға апарар жолда аспанға сан мәрте үңіле қарасам да, ақ еспе бұлтты аңдай алмадым. Керісінше, жаңадан бой көтерген ғимараттар мен жапырағына сарғыш түскен теректер жанарымды ұрлады. Автобус терезесіне жасырынған қала көрінісі де. Беймәлім әлде мәлім өмірдің соңында жүріп біраз дүниені аңдаусызда өткеріп алғандай екі ұдай сезім.
Кім едім?! Қазір кіммін?! Қандай едім?! Қазір қандаймын?! Осындай сұраулы ойлардың жетегінде қалыптасқан әдетпен үй маңындағы дүкеннен қол сүзбесі мен ертеңгілік жаңғақ матыруға айран алдым. Сосын бұл әдеттің қашан қалыптасқанын еске түсіргім келді. Әлде қалыптасуына не себеп болғанын түсінгім келді. Мүмкін бұның астарында жатқан өзгеруге деген ұмтылыс пен дағдының қалыптасу табиғатынын ұғынғым келді. Алайда осы тектес ойларымды қарт аула сыпырушыны көргенде сейілтіп алдым.
Кейінгі кездері сағат белдеуі ауысқандықтан ба, кеш ерте түсетіндей. Соған сәйкес таң да ерте атауда. Мүмкін тәулік уақыты қысқаруда. Қазір маған бұлардың оған еш қатысы жоқтай көрінеді. Бәрі ойлау немесе ойлану уақытымыздың шектеулігінде болса ше?! Егер олай болмаған болса, түскі үзілістен кейін неге күн баяу жылжыды?! Іңір неге ұзақ тұрақтады?! Қарт аула сыпырушысы неге әлі қимыл үстінде?! Жапырақтың көптігінен бе?!
Бірінші жарықты қостым. Сосын әдеттегі күйімнен тыс аяқ киімімнің бауын шештім. Ой үстінде ас үйдегі үстел бетіне қол сүзбесі мен айранды жайғастырып, жатын бөлмеме ендім. Шашылып жатқан ақ қағаздар. Оқылған парақтар қаріпсіз төңкерілуде. Басымдық сол жақта, алайда бастаған істі аяқтауға зауқым соқпады. Әрі өзімді қинап зауқымды соқтырғым да келмеді. Жейдемнің түймелерін құлықсыз айна алдында баяу ағыттым…
Кейінгі кездері белгілі бір іс-әрекеттерді қайталағаннан гөрі, бақылағанды ұнатып жүрмін. Санадағы ойлар легін сырып татсап, бей-жай ғана. Мүктердің өсу кезеңіне, сусабынның көпіруіне, қала берді айранға батып бара жатқан жаңғақтарға. Асықпай, баяу ғана, өз ырғағымен. Сенің еркіңнен тыс. Жансыз заттардың өмірі. Дәл мен көрген ақ еспе бұлттардай…
Сізге жылдың қай мезгілі ұнайды?! Тырналарыдың тырауына үнсіз үн қосқан сәтіңіз бе?! Бәлкім жапалақтай жауған ақ ұлпа қар?! Әлде мұздықтары сөгілген өзен жылғасы ма?! Мүмкін қызыл шырайлы шие бағы?! Ал маған ˗ дәл осы шақ. Бауырлаған бұлттардың жетегіне ілескен жапырақтар әлемі. Мұңлы аспан мен қою жаңбыр иісі. Әсіресе жауыннан кейінгі кіршіксіздік. Сол сәтте өзіңнің ішкі дауысыңды естуге болатындай. Шулы әлемнің тыныштық тасасына тығылып. Үнсіз ғана.
Терезе алдында үнсіз тұрмын. Бүгінгі ай іңірлік тұманға сіңіп барады. Тұман арасындығы ойларымдай. Тұмандана бастаған сіздің сезімдеріңіздей. Кенет самалдықтағы сөре ішінен Дзе Хисаисидің таспасы көзіме түсті. Арынша жаныма жақын әуенді жүрек түкпірінен естігендей болдым. «Жауабын менен сұра». Әлде бұл жәй ғана сәйкестік пе?!
Сіз сәйкестікке сенесіз бе?! Егер сенсеңіз, сіздің өміріңіз сәйкестіктерден тұратын шығар?! Бәлкім ғажайып кездейсоқтыққа сенерсіз?! Әлде бұның бәрін бір сөзбен «тағдыр» деп атауға бола ма?! Бір болуы жазылған бәлкім жазылмаған адамдардың бір көшеден өтуі, кештерде кездесуі, аңдаусызда жанарлардың түйісуі, белгілі бір әуендерді түйсінуі, бегісіз бір авторларды сүйіп оқуы… Кейде маған тағдыр ˗ сәйкестік пен кездейсоқтықтың қосындысындай көрінеді. Ал кездейсоқтық — тағдырсыз сәйкестік те болуы да мүмкін. Сіз сәйкестік жайында не айтар едіңіз?!
Маған ішкі дауысым бірдеңе айтқысы келетіндей. Әрі ол дыбысты санамнан емес, кеудемнен естіп тұрғандаймын. Ойым ғана емес, тыстағы тұман да сейіле бастағанын сезіндім. Ішкі дауысымды ырғаққа ұластыру үшін сөреден баяу таспаны алдым. Сосын оны соңғы рет қашан тыңдағанымды есіме түсіргім келді. Қоңыр кеште?! Қошқыл түнде?! Тұнық таңда?! Есімде емес…
Сізге қандай әуен ұнайды?! Үрмелі оркестр сүйемелдеуіндегі джаз?! Мүмкін алакөлеңкеліктегі түтін түстес блюз?! Бәлкім былғары күртедегі рок?! Тіпті қауырсын қарағайлы норвег фолкі?! Ал маған тәтті мұң сылайтын: Рюити Сакамото ˗ су немесе сұйықтық, Готье Капюсонның орындауынданы — аққу және осы сырласу мәтініне себепкер болған ˗ Дзе.
Иә, қате оқымадыңыз — Дзе. Аласа бойлы жапондық. Мұңлы кеңістіктің етегін әуен түрген сәтте ас бөлмедегі кесеме көзім түсті. Артынша сізді өз ас бөлмеңізде шайға шақырғым келді. Сізді танымасам да. Сіз туралы білмесем де. Дәл қазір өзгелер сезінбейтін сезімді бірге сезіну үшін, өзгелер кешпейтін күйді бірге кешу үшін. Мүмкін бұл жалғыздығымды жасыру да шығар. Әлде сіздің жалғыздығыңызбен бөлісу ме?!
Сіздің көзіңіздің түсі қандай?! Аспан түстес?! Мүмкін шалғын?! Бәлкім боз болар?! Әлде жоғарыда аталған түстердің жиынтығы ма?! Меніңше өзіңізге аса жарасымды. Әрі мінезіңізге сай. Егер дәл осы сәтте жанарыңыздан табылған болсам немесе көз қарашымнан өзіңізді көрсеңіз қандай күйде болар едіңіз?! Ұялар ма едіңіз?! Мүмкін оғаш қылықтарыма таңырқарай қарар едіңіз. Ал мен соның бәрін жасыру үшін көзіңіздің түсін айтар едім. Сосын мінезіңіз бен жанарыңыздың сәйкестігі туралы сөз қозғар едім. Алайда қазіргі сырласу өзгешелікке ие. Сөйлеуші — мен, тыңдаушы — сіз. Санаңыз бен ойыңыз туындатқан сұрақтарға іштей жауап берерсіз, ал мен ол сұрақтардың не туралы екенін де біле алмаймын. Қызық, сіз мына әлемге қандай көзбен қарайды екенсіз?!
Меніңше сіз ұстап отырған кесе, терезеңізді тұмшалаған перде, төбеңізден төнген жарық пен қабырға түсқағаздарында да асқан үйлесімділік бар. Дәл солай өміріңізде де. Егер олай болмаған болса, бұл жазбадан өзге де сөздер мен сөйлемдерің үйлесімі бар мәтіндерге қызғушылық танытпайтын едіңіз. Кейде маған адамның ішкі күйі сыртқы әлеммен үйлесімділік тапқан кезде ғана сөздер әлеміне келетіндей көрінеді. Ал сіз мәтін иесі боласыз ба, әлде шынайы оқырман боласыз ба, өз таңдауыңызда. Бастысы ˗ өміріңіздегі үйлесімділік.
Сіз өмірде оқыған алғашқы мәтін не туралы?! Кіршіксіз сезім жайында?! Мүмкін қилы тағдырдар тоғысы?! Бәлкім балалық жылы естеліктер?! Қай қайсы болса да, мен сіз үшін шын қуаныштымын. Әрі сізді аяймын. Өйткені сіз маған жүрегіңізді селт еткізген тұнық сезімге жолығып, кейіннен сол күйді қайта басыңыздан өткеру үшін әріптер арасында адасып жүрген жандай көрінесіз. Егер айтқанымдағыдай болса, ыңғайсызданудың еш қажеті жоқ. Себебі мен де сіз секілді адасушылардың бірі әрі осы сапардағы серігіңізбін.
Елестетіңізші, теңіз толқындарына қарап үнсіз тұрсыз. Сансыз толқындар күн сәулесіне шағылысқан шексіз кеңістік. Жиек сағымға сіңіп барады. Бәлкім сағым жиекке. Көкте шағалалар шуылы немесе шыңын мұз шалған тау бөктеріндесіз. Бар әлем кішкене ғана көз қарашығыңызға сыйып тұр. Айналаңызда қалықтаған бұйда бұлттар. Мүмкін ғұмырын әлде қашан аяқтаған жұлдыздар ішінде. Сол кезде қасыңыздан табылсам, менен не туралы сұрар едіңіз?!
Қызық, сонда мен қалай жауап қатар едім?! Меніңше шынайы. Дәл сол кездегі сезімдерім мен ойларымның жемісін соңғы тамшысына дейін сығып берер едім. Жанарыңызда маған деген күдіктің сарқыншағы да қалмауы үшін. Ал сіз ше?! Менімен шынайысыз ба?! Алайда мен сізден шынайылықты талап етпеймін және талап ете де алмаймын. Бар болғаны өзіңізбен шынайы болсаңыз, мен үшін соның өзі жеткілікті. Осы бір сәтте, өз ас бөлмеңізде, кесе ұстаған қалпыңызда.
Байқайсыз ба, әр кезде ішкен шайдың дәмі әртүрлі. Мысалы кешегі ішкен шайыңыздың дәмі алдындағылардан өзгеше. Ал бүгінгісі тіптен бөлек. Мейлі сіз күнделікті белгілі мөлшерде шырғанақ қосыңыз, мейлі тұймедақ болсын. Бәрібір сол дәмді қайталай алмасыз. Тіпті таңда ішкен шайыңыз бен кешке ішкен шайыңызда да айырмашылық бар. Бір сәт ойланып көріңізші, неге олай?! Ал мен жауабын білетіндеймін. Өйткені біз алдымыздағы шайға тек дәмдеуіштер ғана емес, сезім де қосатын секілдіміз. Кейде ол сезім сағыныш болуы ма мүмкін, кейде тәтті мұң. Өміріміздің әр кезеңінде буын будақтата ішкі күйімізді араластырып отыратыдай көрінеді. Ал сіз бүгінгі шайға қандай сезім қостыңыз?!
Маған сіз шын ғашық болып көрген жандай көрінесіз. Әрі сізді де бір жан құлай сүйгендей сезім. Сол кезеңде өміріңіздің түстері қанық реңге боялғандай. Сіз мағынасыз деп ойлаған әлемде бәймәлім бір мән пайда болғандай. Алайда сіз өз сезіміңізді ұяңдықпен білдіре алмағанадайсыз. Ал ол сезімін тоналтып алудан жасқанып сырттай мейірлене қарағандай. Екеуіңізге тым таныс бояудың түсін сіз де, ол да дөп басып аята алмайтындай…
Кейде маған мына әлемнің ішінде де әлем бардай көрінді Мысалы: өз әлеміңіз. Онда тек сіз ғана барсыз. Бар болмысыңызбен, бар ерекшелігіңізбен. Дәл осы қалпыңызда. Әрі ондағы құпия тек өзіңізге ғана аян. Тіпті сіз өз болмысыңызды әлі толықтай түсінбеуіңіз де мүмкін. Өміріңіздің әр кезеңіне жасырынған жұмбақ болуы да ғажап емес. Сол үшін де сіз көп ешкімге ашыла бермейтін боларсыз… Мүмкін ғашықтар әлеміндегі жауапсыз махаббатқа жолықтыңыз?! Әлде төгілген сезім екпінін игере алмадыңыз ба?!
Мүмкін сіз өкініштің не екенін де білмейсіз. Өміріңізді енді құрып келесіз. Айналаңыздан тек мейірім мен сұлулық көресіз. Әрдайым жылы киінесіз, жылы сөйлейсіз. Шекісіз қиял, мөлдір сезім иессіз. Көңіліңізге кірбің түссе де ол кірбің тозаң сеңілді тым жеңіл. Жақындарыңыздан тек жылулық аласыз, ал жауабына қуаныш сыйлайсыз. Қызық, егер сіз сондай жан болсаңыз ұйықтар алдында нені армандайсыз?! Кімді ойлайсыз?! Қандай түс көресіз?!
Түс көру — сіздің түсінігіңізде жан мен тәннің уақытша ажырауы ма?! Әлде тән ішіндегі жанның еркін әрекеті ме?! Мүмкін ол қиялдың кеңістіктер арасындағы бір мезеттік серуені болар?! Бірде өзге ғаламда таңсық табиғатты тамашалайсыз. Енді бірде уақыт сызығының арғы бетінен табыласыз. Тіпті өзіңізге жақсы таныс ирелеңдеген көшелерде, қашан орнатылғаны белгісіз әткеншек тебесіз. Шаттана күлесіз, өкси жылайсыз. Оянғаныңызда соның бәрін әжеңізге жорытасыз ба?! Болмаса, түс садақасын берерсі бе?! Бәлім тесік қалтадан түскен тиындай аңдаусызда соның бәрін ұмытып қаларсыз…
Келесі әуен — Үнсіздік көрінісі. Үнсіздіктегі әуен. Тағы да — Дзе. Тағы да терезеден тысқа қарадым. Ақ еспе бұлтсыз іңірлік аспан. Жаяу жүргіншілер жолағында да адам қарасы сирек. Баласын жетектеген шәлілі әйел бір жаққа асығып барады. Асығыс көліктер қозғалысы. Баяу үзілген жапырақтар. Барлығын үнсіз бақылап тұрмын. Қалай ойлайсыз, дәл солай бізді де біреу жоғарыдан бақылай ма екен?!
Сіз өзіңізді өзгелермен жиі салыстырасыз ба?! Мүмкін айналаңыздағы адамдарға кім екеніңізді дәлелдегіңіз келетін шығар?! Әлде болмысыңыздағы алуандықты түсіндіре алмай келесіз бе?! Бәлкім бұл аталғандардың бәрі табиғатыңызға тым жат дүниелер болар?! Ал мен жиі салыстыратын едім. Бәріне кім екенімді дәлдегім келетін. Өзімнің ішкі әлемімді түсіндіру үшін өзгелермен талай мәрте шекіскен де кезім болды. Алайда қазір соның бәрінен саналы түрте бас тартқанмын. Қажеттілік тумаса, көпшілік жиналатын жерлерден де табыла бермеймін. Бос уақытымда әуен тыңдаймын, түрлі мәтіндер оқимын, оңаша серуендеймін. Ал сіз соңғы уақытта қандай әдет қалыптастырдыңыз?!
Мен әлі де өмірімдегі өзгерістердің түпкі мәнін ұғына алмаудамын. Кейде мінезімнің қалыптасу кезеңіне сай өзгерістер ме деп те ойлаймын. Ал кейде есею белгілері болар деген де ойлар келеді. Бұрынғы алып ұшпа мінезден бей-жайлық басым. Адамдардың қулық-сұмдығына, қатыгездігіне де аса салқындық танытамын. Әр кез маған олар жанының қалауын орындау үшін тәнін мазақ етіп жүргендей көрінеді. Жаратушы неге жанды тәнінң ішіне жасырды екен?! Жеке дара жаратқан болса, азғындыққа бара алар ма еді?!
Сізге өзіңізбен оңаша қалған ұнай ма?! Ұнайтын болса, сондай сәттерде не туралы ойлайсыз?! Бәлкім белгісіз болашаққа жоспар құрарсыз?! Болмаса, өткен-кеткенді ой елегінен өткізерсіз?! Мүмкін жүрегіңіздің үніне құлақ асарсыз?! Сонда ол сізге не айтады?! Өзіңізге тән болу туралы үн қата ма?! Жан қалауыңызды айшықтап бере ме?!
Егер менен өзіңіз жайында тағы не сұрар едіңіз десеңіз, сеніміңіз туралы сұрар едім. Алайда қандай сенім иесі болсаңыз да, сізді еш сөкпейтінімді білгейсіз. Тіпті Құдайсыз болсаңыз да.
Бастысы адами қасиеттеріңіздің жұпар иісі тұла бойыңыздан аңқып тұрса болғаны. Маған сіздің неге ондай таңдау жасағаныңыз, ойлау жүйеңіз қызық. Сіз мен үшін әлі де жұмбақ жансыз. Әрі жұмбақ жан болып мәңгіге қала бермексіз...
Сіздің алғашқты естеліктеріңіз неше жасыңыздан басталады?! Сол шақтағы оқиғалар күні кеше болғандай көз алдыңыз да ма?! Менікі шамамен жеті жасымнан. Анығы ақ еспе бұлттарды көрген сәттен. Сізге бұл айтқаным, жалған болып көрінер. Бірақ бұл шындық болуы да мүмкін. Мүмкін жалған дүниені ойымда құрастырып алып, кейін соған шындық ретінде сеніп жүрмін. Өмірімнің бір кезеңінін есімнен шығарып алғандай сезім. Санамдағы барлық естеліктер сол оқиғадан кейін орын алған секілді. Одан алдын болу ықтималдылығы жоғары боласа да. Сізде ондай сезім болмаған ба?! Қанша талпынып көрсеңіз де, бұлдыр сағым…
Түс ауа естеліктерімнің бастауы болған ақ еспе бұлттарды қайта көрдім. Көремін деп мүлде ойламадым. Тіпті сол кездегі оқиғалар ұмыт болған. Күнделікті күйбеңнің тігісінде жүргенімде тосыннан жанарыма ілінді. Жүрегіме алғаш орныққан аяныш сезімін қайта оятты. Ізін ала алғашқы қорқыныш, алғашқы қуаныш сезімдері бүрледі. Алайда бұл сезімдерді реттілігі бойынша санамда орналастыра алмадым. Бәрі де аяныштан басталғандай…
Ол кезде де қазіргідей күз еді. Тек айын нақты айта алмаймын. Салқын түсе бастағанына көп те болмаған. Ағаш жапырақтары да тым тоналмаған тұғын. Қайдан екені белгісіз, жота басына табылдым. Кешқұрым мезет. Кешкі ызғар. Көкте қызарақтаған таңғажайып ақ еспе бұлттар. Сол бұлттарға қарсы ұшқан бір топ тырна. Менің есімде қалған алғашқы сұлулық. Кенет көлшік жақтан қанаты сынық балапаннын ащы үні естілді… Одан кейін ол балапанға не болғанын білмеймін. Бәкім кеш қарауытқан соң үйге қайтқан шығармын. Мүмкін келесі күні жота басына қайта оралдым. Ештеңе естімде қалмаған. Әйтеуір сол күні кеудемде аяныш сезімі алғаш орнағанын нақ білемін….
Кеше тағы да тыраулай тырналар жылы жаққа ұшты. Богославскийдің «Уақыт осьіндегі нүктелерін» оқып отырғандықтан, түн ортасы болса да көз ілмеген едім. Бірден терезеге қарадым. Қоюлықта тізбектелген кескіндер. Жыл сайын тырналарды күтіп алу мен шығарып салу үйреншікті әдетім болса да, өткенге бейсаналы түрде бойламаған секілдімін. Ал бүгін ақ еспе бұлттар жанарымнан табылды. Ескі естеліктермен қатар, аяныш сезімі де қайта кеудемнен орын алды. Алайда бұл жолы көлшікте қалған қанаты сынық балапанды аямадым.Өзінің кім екенін ұғына алмай жүрген, қайда бағыт алғаны белгісіз өзімді аядым…
Бүгінгі мәтін бетіндегі сырласудың бар себебі: түнде көрген тырналар, түсте көрген ақ еспе бұлт және «бұл жалғанда менен өзге өзінің кім екеннін түсіне алмай жүрген біреу бар ма?» деген жалқы сұрақ. Сосын ішкі ырғаққа түсірген аласа бойлы ˗ Дзе мен көз қарашығымнан табылған жалғыз кесе.
Сіз әр адамның жарамдылық мерзімі бар деген оймен келісесіз бе?! Келіссеңіз, сіздің өміріңізде ондай жандар көп болды ма?! Келіспесеңіз, қазір ол адамдар қайда?! Өмірдің бір кезеңінде жан қалауын қанағаттандырып, кейіннен жарамсыз атану сіз үшін қаншалықты ауыр?! Бәлкім сіздің алдыңызда менің де жарамдылық мерзімім таяған болар. Мүмкін мен үшін сіздің де. Әлде бұл мәтін соңында туған сезім бе?! Дәл қазіргі сезімдеріміз қандай реңде болса да, сізге бір өтініш айтқым келеді. Орындасаңыз, шын қуанар едім. Теріс ниет танытсаңыз да ренжімеймін. Маған сіз жазғысы келіп жүрген жандай елестейсіз. Алайда неден бастарыңызды, не туралы жазарыңызды түсіне алмай жүрген боларсыз. Егер солай болса, еш қорықпағайсыз. Барлығын жеңіл қабылдаңыз. Мына әлемнің бояуларын, нәзік сезімдеріңізді қалтқысыз қағаз бетіне түсіріңіз. Мейлі ешкімге оқытпасаңыз да, мейлі өзіңізден ұялсаңыз да. Күндердің бір күнінде осы сәттегі өзіңізбен қайта қауышу үшін. Осы кездегі қиындықтарыңызды езу тарта еске алу үшін. Мүмкін уақыт торабының белгісіз бір мезетінде жазғандарыңызды жариялағыңыз келетін күн де туар. Өзіңіз мәпелеген мәтінді бәймәлім мекендегі бейтаныс жан қолына алар. Сонда сіз қандай күйді бастан өткересіз?! Қандай сезім сыйлайсыз?! Егер ол жан жаурап жүрген болса, жылыта аласыз ба?!
Темирлан Кылышбек родился в 1994 году в селе Бакты Уржарского района Восточно-Казахстанской области. Обладатель специального диплома имени Бердибека Сокпакбаева в номинации «Лучшее литературное произведение» в международном конкурсе «Шабыт ХХ». Обладатель гран-при конкурса прозы «Казах и город». Его рассказы вошли в антологию молодых писателей «Дауыс». Лауреат литературной премии Qalamdas, посвященной памяти Ольги Марковой.