Нуржан Туменов

14

Қазақ шенеунігінің өмірі

Түнек.

Жарық.

Мен:

Мен дүниеге келдім! Жылап жатырмын. Әй, көтенімнен ұрмаңдар. Кімсіздер? Қарным ашты! Бұл не деген суық, қолайсыз жер!

Мен жылауды доғардым. Анамның сүтін еміп жатырмын. Не деген дәм. Менде осы лактозаға аллергия жоқ болса ғой.

Ал міне мынау менің үйім. Іші жылы, еттің дәмі сезіледі. Сонда мен қазақпын ба? Мына томпақ бетті ағалар мен орамал таққан апаларға, шашу мен қонақтың көптігіне қарағанда — иә!

Барлығы мені сүйіп, сипалаумен әлек. Тфү. Тимеңдер маған. Маза беріңдер, мен бұл дүниеге жаңа ғана келдім!

Әй, сен, сәлде киіп алған, айғайлама, айғайлама дедім ғой, естіп тұрмын, сендер маған Бақтыбай деген ат қойдыңдар. Атам осы атты мен бақытты әрі бай болсын деп қойды. Рахмет ата!

Мінеки, бір-ақ ай өтсе де, қайтадан той жасап жатыр, қайтадан қонақтар келеді. Бітпейтін той. Ұйқы беріңдерші.

Мінеки, өзім-ақ жүре бастадым. Тұрдым, құладым, тұрдым, құладым. Қиналып кеттім. Сонда бүкіл өмір осындай ма?

Жыныма тиіп біттіңдер ғой! Өмірге келдің — той, қырық күнге толдың — той, ат қойғанға да той, міне тағы бір той. Тұсау кеседі екен. Тамаша, кесіңдер, бірақ оны да неге салтанатты тойға айналдырасыздар? Ақша, ет шығарып?

Жіп неге ала? А-а-а-а, біреудің жолын аттамасын дегені ғой. Қандай ырымшыл халық! Бастысы менің жолымды ешкім кеспеуі керек.

Тұсау кесуден көзімді аша алмастан, бұлар тағы бірдеңені ойластыруда. Әрине, менің тілім шығып, сөзді айқын айта бастадым ғой, менің бұрынғы түсініксіз тілім баланың балдай тәтті әуезіне айналды. Мына қазақтарда әрбір жағдайға арналған тойы бар екен. Құдайым-ау, сонда қашан жұмыс істейді? Олар жұмыс істей ме әуелі?

Әке-шешем істейді, ата-әжем маған қарайды. Олар мені балабақшаға бермеді. Үйде тұрсын, қазақтың тәрбиесін алсын дейді. Мен қарсы емеспін. Бәрібір балабақшадағы тамақ нашар, балалар ауырады, маңқалары ағады, биттері бар.

Тәрбиешілер доғал, тіпті балақайларды ұрады дейді.

Иәәә, балалық шақ деген керемет қой. Ал ауылдағы балалық шақ тіпті керемет. Айтпақшы, мынау менің аулым — Аштысай. Осында тұрамын. Бұл маңайдағы ауылдардың барлығы «сай» немесе «бұлаққа» аяқталады. Оны енді ауыл да дей алмайсың, бұл түгелдей бір пәселке. Бұнда бірнеше мектеп, балабақша, бір аурухана, пожарка, милиса бар. 

Өй, тағы не боп қалды? Олар тағы бірдеңені тойлайын деп жатыр ма? Не екен ол? Тағы да менімен байланысты ма? Жетер шығар. Менің сансыз туысым тағы не қылмақ? Айналамда барлығы жігіт боласың, мұсылман боласың деп  қақсайды. Ол нені білдіреді? Мен онсыз да жігітпін ғой. Сенбейсіздер ме, онда міне дәлелім. Міне мынау. Әй тимеңдер оған, тағы сен бе, шапан мен сәлдеге оранған сақалды неме. Естимісің, әй, тарт кір қолыңды менің абыройымнан.

Жоооқ. Бұл не? Пышақ! Бұл пышақ. О есалаң. Ол оны кесейін деп тұр. А-а-а-ай ауырады. Ауырады ғой оңбаған!

Мама, папа, ата, апа қайдасызда-а-а-а-ар? Барлықтарыңыз жанымда болсаңыздар да бұған неге қуанып тұрсыздар? Сатқындар. Күліп қояды еще.

Міне, апта да өтті. Ауырғаны да басылды. Өзі де бүтін сияқты. Оған қоса сыйлықтың молдығына көз тоймайды!!!

Мектебіміз. Бірінші сынып. Маған Ленин атаның значогын қыстырып қойыпты.

Үйге қонақтар жиылды. Мектепке арналған әртүрлі заттар сыйлады. Мамам алғашқы қоңырауға апарып тастады. Қобалжып тұрмын. Айналамда мендей балалар. Мұғалім мені журналына Боқбаев Бақтыбай деп жазды. Фамилиям-ай. Басқасы табылмап па? Мені енді бітіргенше мазақ қылады ғой.

Мен жақсы оқимын, үздік болмасам, сорлы троишник те емеспін. Дегенмен, пионерге қабылдау алдында оқуды жақсарту қажет.

Маған қараңдаршы: бүгін мен пионер болдым. Қызыл галстугымның сұлулығын-ай. Ал класс жетекшіміз мені староста қылды. Ал енді, мені мазақтағандар байқаңдар, қит ете қалсаңдар оған (класс жетекшісіне) және завучқа айтам.

Ай, ауырғаны-ай, қатты ауырды. Мені ябеда деп, ұрып тастады. Жәә, сендерді мектептен шығартам, шаражкаға барасыңдар, учлище мен техникумнан ары асалмайсыңдар, адам болмайсыңдар... Мен бұл бұзақылықты директорға дейін жеткіздім. Сыныптастарымның ата-анасы қанша жалбарынғанымен, туысқаншылыққа қанша басқанымен, мен көнбедім. Мені ренжітетіндер өзіне ие болу керек! Мен олардың өмірін құрттым. Біреуі кейінірек ішіп кетті, екіншісі бомжға айналды, үшіншісі ауылдың жай тракторисы боп қалды. Ал мен болса оныншы классты беске бітіріп, Қазақ ССР-нің астанасы Алматы қаласына жоғары оқуға түсуге аттандым.

Қала — бұл мүлдем бөлек әлем! Мұнда сондай керемет, таулар, өзендер, саябақтар, ғимараттар, үйлер, көшелер, гүлзарлар, желекжолдар бар. Барлығы осында сәнді, әдепті, сыпайы және тәрбиелі. Алдыңда ешкім түкірмейді. Алайда біраз қарбалас бар. Адам, көлік көп. Және барлығы орысша сөйлейді.

Шұғыл түрде орысшамды жақсарту керек. Әйтпесе, онсыз күн көрсетпейді, барлығы маған күліп, мәмбет деп келеке қылатын болады, міне кеше ғана автобуста, көз алдымда Нарынқолдың екі жігіті бір бірімен қазақша сөйлеп еді, бір әйел оларға бақырып жіберді. Жоқ мен оны қаламаймын, мен міндетті түрде орысшаны үйренем! Орысшасыз мансап та, даму да болмас.

Сонымен, мен республикамыздың ең беделді экономикалық ЖООсына, әйгілі НарХозға түстім. Түсе сала Комсомолдың қатарына кірдім. Жұлдызым жанғаны-ай, келесі жылы мені белсенді ретінде Бүкілодақтық XIX ВЛКСМ съезіне шақырды. Ол менің арманымның шегі болатын, өйткені мен отаным КСРОның бас шаһары, қаһарман қала Москваға бардым. Оның қасында Алматы жай ғана бір үлкен ауыл болып көрінді. Мәскеуде барлық нәрсе зор, ғаламат. Метросында тіпті үрейге ұшырадым. Мәскеуліктер мені қалаға алғаш келген чурка деп ойлаған шығар.

Құрылтайда бір қызбен таныстым. Ол да Қазақстанның делегаты. Комсомол мүшесі, ҚазМУда оқиды, көрші аудан райисполкомының бірінші хатшысының қызы екен. Түрі онша емес, бірақ болашағы бар. Үйлену керек. Әкесі маған көтерілуге көмектеседі. «Қатын алма, қайын ал» деп дана қазақ бекер айтпаған ғой. Дегенмен, басқа ұлттар да осылай істейді. 

Міне, Алматыға оралдық. Оқу аяқтап тұрмыс құрамыз деп шештік. Екеуміз де партияға кіреміз.

Ұстаздар мені жақсы көреді, курстастар жек көреді. Осы адамдарға белсенділер, комсомолдар, конформистер неге ұнамайды? Менімен ашық түрде жанжалдасудан бұлар тайқақтайды. Себебі мен оқу озатымын, топтың старостасымын, студенттік газеттің бас редакторымын. Білемін, бәлелер қызғанады.

Міне тойым да кеп қалды. Қайын атам аудан орталығында ұлан-асыр ұзату жасады. Аудан деңгейіндегі көптеген партия шенеуніктері жиналды. Барлығы бізге бақыт тіледі. Осындай сәтті некеден әке-шешемнің қуанышы қойындарына сыймады. Енді олар құдаларымен мақтанады. Қайын атам маған кіші маманның орнын дайындап қойыпты. Бір жыл істе деді, одан соң сені маман дәрежесіне көтерем, аспирантураға, заочкаға түсіп ал, сені ауданның бас маманы қылам, ол кезде менің де жасым келіп, зейнетке шығам, ал сен менің орныма отырасың деді. Қайын атамның ұлдары болмағаны мен үшін жақсы, әйтпесе орны ұлына бұйырар еді. Қазақстанда тек осылай ғана. Әлбетте, ақиқат деп жүрген ақымақтар мен еркетай, ақылсыз ұлдары барлар да кездеседі. Бірақ оларды тіпті аяғым да келмейді. Өзімді және маған ұқсастарды аяймын, дөкей отбасында тууға бағы жанбағандарды аяймын. Ақыл, айла-шарғы, тапқырлық, жағымпаздық, жарамсақтық, тіпті үйленуді, қысқаша айтқанда адамға берілген барлық мүмкіншілікті пайдаланып, өз бағын өздері жасайтындарды аяймын.

Менің тұңғышым сәуірде туды. Сондықтан атын Сәуірбек деп қойдым. Горбачев тура сол кезде Ашықтықты жариялап, Перестройканы бастады. Мен әрине оны қолдадым. Михаил Сергеевич маған ұнады. Дәл мендей қайратты, жас. Қарттардан әбден мезі болдым. Брежнев, Черненко, Андроповтар қаусаған шалдар, тамырларында қаны жүгірмейді, биліктің тізгінін енді ала бастағанда өле қалады.

Әйелім екінші рет босанайын деп жатыр. Бұл мәрте Алматыда. Міне келе жатырмын. Қыс, суық, көктайғақ. Оның үстіне қаланы да жауып тастапты. Әне студенттер көрінеді. Көп. Біреуден сұрадым: не боп қалды? Қайда бара жатырсыңдар? Жауабы: жаңа алаңға. Қонаевты алып тастады, жергілікті біреуді емес, Колбин деген біреуді тағайындапты. Қазақтың намысынан жұрдай болмасаң бізбен бірге жүр деді.

Қандай намыс? Мен қатынымды перзентханадан алып кетуге келдім. Колбинды қойса несі бар. Қонаев та шал болды ғой. Охх, шалдардан мезі болғаным-ай. Жоқ сендер мені дұрыс түсініңдер, егде кісілер ұзақ өмір сүрсін, бірақ билікті жігерлі жастарға берсін, мен секілділерге. Жолдасымды алып кеттім. Үйге оралдым, әрең дегенде. Кейін теледидардың жаңалықтарында, газеттерде қалада нашақорлар, алқаштар, қазақ ұлтшылдары лаң шығарды деген ақпарат тарады. Бүлікшілер ұсталды, КПСС жасасын. Жаса СССР!

Қозғалыс басшыларының біреуі әдейі істегендей менің бұрынғы топтасым боп шықты. Маған КГБден келді. Қорыққаным-ай. Маған оның суретін көрсетті. Мен оны даусыз таныдым. Ол мені партияға берілгендігі үшін талай жазғыратын, менің белсендігіме күлетін. Ал бәлем, енді мен саған күлемін. Иә дедім КГБшниктерге. Ол нағыз қазақ ұлтшылы, жалқау, анти-коммунист. Дәстүрлі түсініктегі қылмыскер болмаса да, ол Ленинизм негіздеріне нұқсан келтіретін өзінің көзқарасымен қылмыскер, ол кеңес құрылымына, кеңес қоғамына қауіпті. Онымен бірге оқығаныма ұяламын. Бірақ онымен ешқашан дос болмадым. Одан қалды, мен оның тәртібі мен көзқарасы жайлы институт кураторларына талай рет мәлімдейтінмін, шағымның бәрі тіркелген, міне олардың көшірмелері. Мен бәрін сақтадым.

Оның қамалып, отырғызылғанын кейінірек білдім. Ура! Ол түрмеде отырып шықты. Аурушаң шыққанын естідім, зэктер оны оңдырмай ұрған екен, басына қатты соққы тиген дейді.

Мен аспирантураны аяқтадым. Қайын атам менің карьерамды алға бастырып отырды. Өкіметтің жаңа басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы болды. Ол да мен сықылды жас, талапты. Ол маған қатты ұнайды! Мен де ол сияқты болғым келеді.

Колбинды онымен алмастырғаны жақсы. Қазақстанды қазақ билеуі керек. Бірақ мен оны әзірше ішімнен айтам. Көп нәрсені ішімнен ғана айтуды тырысамын. Маған қызғанатын, орныма көз алартатын адам аз емес. Бастықпен туыстығымды айтып, сынайтын да шығар. Ауыздарыңды ашып қайда жүрдіңдер? Қызына пысқырып та қарамай, сұлуларды іздедіңдер. Сұлудан не пайда? Ол сендерге бақуат әкеле ме? Қызмет алып бере ме? Қайдам, қызғаныш тудырып, шаштарыңды ағартады. Сол үшін қарапайым қызметкер болып жүріңдер, ал мен болсам Компартияның мүшесімін, аға маманмын, кандидаттықты алғалы тұрмын, жұбайым, екі балам бар. Жақында үшіншісімен босанады. Үш бала жетеді. Ол бұрындары сәби өлімі көп болғандықтан ондап туатын, бірақ қазіргі медицина ғажайып қой.

Осы жазда жарыммен, әке-шешесімен жолдама арқылы Қырымға барып қайттық. Оның бәрі КПССтегі мүшелік пен партиядағы белсенділігімнің арқасында ғой. Басқалар Қапшағай мен Ыстық — көлге барғанда, мен партияның жоғарғы номенклатурасы демалатын орындарда жатам. Қайын атамды осылай бірінші рет риза қылдым.

Екінші ризашылығын екінші ұлыма оның ататегін бергенде алдым. Ізін жалғастырушысы болсын деп. Қуанышында шек болмады. Осы орайға деп ғаламат бір той жасады. Зәулім үйінде арақ пен ет есепсіз желінді, ішілді.

Міне, аудан бастығының орнына отыруға менің де ретім келді. Алайда, осы сәтте ешкім күтпеген жағдай бола қалды. Кеңес Одағының ыдырауы жарияланды. ТМД құрылды. Қазақ КСРі Қазақстан Республикасына айналды. Ол не үшін керек болды? Ұшы-қиыры жоқ тамаша Одақта жақсы өмір сүрдік қой. Менімен енді не болады? Қызметіммен не болады. Әкем болса әбден қартайып, ауыра беретін болды. Мені қысқартса бұл оны мойытады. Сайтан алғыр тәуелсіздік. Амал нешік. Міне мен партбилетімді тығып қойдым. Жақсылап тықтым. Қажеті бола қалар деп өрттемедім. Ал бірақ паспортымды тез ауыстырдым. Фамилиямды ақыры өзгерттім, ендігәрі мен Боқбаев емес, Бұқабаев болам. Бұқадай тек алға жүрем.

Жаңа заман — жаңа ағым. Өкінішке қарай, шығын қысқарту желеуімен ауданымызды қысқартты. Ел кедейленіп жатыр. Экономика құрдымға құлауда. Ештеңе етпес, мені аудан әкімінің орынбасары ғып қалдырды. Бұл енді осылай аталады. Соған да рахмет.

Әкімнің орнына отыру үшін оған ор қазу керек. Бір жігіт жұмысқа орналасуға келіп еді. Мен оған әкімге пара бер деп ақыл бердім. Өзім сол кезде полиция шақырып, әкімді ақшаға қол сала бастағанда ұстаттым. Ол абақтыға, ал мен креслосына отырдым. Осылай әкеме көз жұмар алдында сый тарттым. Жарықтықтың арманы ұлын әкім ретінде көру еді. Ол пәниден бақытты өтті. Мен оның басына алып ескерткіш орнаттым. Жаназасында имам ұзын сүре оқыды. Біз мұсылманбыз ғой.

Жетпіс жыл біз Құдай жоқ деп жаңылып жүрдік. Ал ол бар екен, онда шүбәм болса да, қазір заман сондай, оған сену керек!

Шешем ұзақ өмір сүрді. Құдасынан да, құдағиынан да ұзағырақ. Немерелерін көрді.

Мен доктор атағын қорғадым. Балаларым мектепке барады, оларды Алматыдағы гимназия мен түрік лицейлеріне аудардым. Аудан орталығы алыс болмаса да, қалада пәтер сатып алдым. Үш бөлмелі. Сонда тұрсын, қалалық болып өссін. Оларға әпкем қарайды. Реті келсе, өзім де қалаға ауысам. Міне, астананың Ақмолаға көшетіні белгілі болды. Сондықтан, аппараттың бөлігі сонда кетеді, ал мен Алматыда босаған орынды көздеймін.

Қаладан қызмет ұсынды. Дереу келістім. Партия қатарына кірдім. Партия жиналыстарынан қалмауға тырысамын. Сөзді алдын ала дайындап қоям. Тоталитаризмның бұғауынан босатып, елімізге егемендік алып келген данышпан билеушіміздің данышпан саясаты қолдауды талап етеді. Ал жаңа елорда — Отанымыздың тарихындағы елеулі оқиға. Бірақ шынтуайтта оның климаты сұмдық енді. Алайда мен оны ішімнен айтамын. Мен негізі көп нәрсені айта бермеймін, айналамда өңкей қызғаншақтар ғой. Әне, жақында желтоқсан көтерілісін атап өттік. Біреу маған жала жапты. Бірақ мен саспадым. Согүні мен Алматыға жастарымызға медеу болуға шықтым, бірақ огүні зайыбым босанып жатқандықтан алаңды тастауға мәжбүр болдым, сонда да оларды ішімнен қолдадым, ал көтеріліс басылғаннан соң мен партиядан шықтым деп дауыстап айттым да, сол кезде өрттегеніме дәлел ретінде күйген партбилетымды шығардым, ал шын мәнінде оны жақында, жаңа биліктің біржолата келгеніне көз жеткізгеннен кейін ғана өрттеген едім. Сенгіш ел маған сене қалды, қандай аңқаусыңдар!

Қазір мен бастықпын... басшы қызметін мәңгілік атқарып жатқандаймын. 

Әр жыл марапатқа, орденге, мақтау қағазына, медальге ие боламын. Фотоальбомым елбасымен түскен фотографияларға толы. Міне мынада президенттің дана сөзіне қол соғып жатырмын, ал ана фотода ол маған атақ беруде, мында оның қасында жымиып тұрмын, ал анда оның қолын қысып жатырмын.

Ұлдарым отбасы құрды. Сәтті үйленді. Қызымды тұрмысқа бере алмай жатырмын. Оған өңшең бір келешегі жоқ санасыздар ұнайды. Оған айтып қоям, Нұржанға қарашы, қандай жақсы жас жігіт. Ой қойшы папа, былжырақ біреу ғой дейді. Оған жауабым: аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін деп дана қазақ халқы бекер айтпаған! Оның әкесі министрлікте отыр, ұлы артынан ереді, ал кеңкелестігін одан шығарады, жас әлі. Бірақ қызым көнбеді. Ақыры мен айтқандай шықты.

Жігіт есейді, гений болмады, бірақ ақылы кіріп, қазір Астанада отыр, бүткіл бір бөлімді басқарып. Ал менің топасым түсініксіз біреуге тиді. Енді соны көтеру менің міндетім. Жұмысқа орналастыршы деп сұрап жатыр. Ал ол үшін мен қызметтен басқа біреуді шығаруым керек. Жарайды, мен әкемін ғой, қызым үшін мен ешкімді және ештеңені аямаймын. Бір жігіт бар. Тимур. Крышасы жоқ, қорғайтын ешкімі жоқ. Оны көтенінен тебем де, орнына берекесіз күйеу баламды отырғызам.

Бүгін жетекшісін шақырдым. Жөнді істемейді дедім. Босат. Қалай босатасың өзің біл. Өз еркімен шығатынын жазсын. Аяп не бар? Әділетсіздік емес. Жазды ма? Иә. Жахсы. Жұмысқа Ерланды алуға бұйрық беремін. Бұл менің күйеу балам.

Қыс. Жаңа жыл. Тайландтамыз. Бүкіл жанұяммен ұштық. Жыл сайын жаңа мемлекетке сапар шегеміз. Алтыншы қаңтарда ораламыз. Елде төтенше жағдай екенін естідік. Құдайым-ай, митингтер, протестер, демонстрациялар, атыс. Не болып жатқаны түсініксіз. Артын осында бағамыз.

Оралдық. Аллаға шүкір үйіміз бүтін. Тонаушылар біздің жаққа жетпепті. Күзет күні-түні кезекте болды. Дәулетті ауданның аты дәулетті.

Жұмысқа келдім. Барлығы ақырындап орнына қайтып жатыр. Президент партияның атын ауыстыруды ұсынды. Партия мүшесі ретінде келістім. Барлығы келісті. Қап, алдымен соны білу керек еді. Қателік жібердім. Келесі рет. Әйтсе де... керісінше жасап, келесі бастаманы бірінші болып қолдау керек шығар.

Театрға баруды ұйғардым. Балет көрейін. Мәссаған, бұнда қандай жарық әрі әдемі. Біреу менімен сәлемдесті. Кім екен? Түрі таныс. Ой, жеңінде не бар? Тырнақ егеуіші!? Оның не керегі бар оған? Ұшы өткір екен. Қайранғаны көрініп тұр. Ол маған жақындап келе жатыр. Жоқ, керек емес!!! Бұл жігітті қайдан көріп едім? Ол егеуішті мойныма қадады. Тура тамырыма. Дәл күретамырыма. Ол мені өлтірді. Не үшін? Бұл Тимур ғой, енді есіме түсті. 

Жарық.

Түнек.

Нуржан Туменов

Нуржан Туменов — актёр, драматург, переводчик. Финалист премии Qalamdas, посвящённой памяти Ольги Марковой, в номинации «Художественный перевод» (2024).

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon