Саян Есжан

5

Жайық аруы

1.

 

Жайық боп тебірене алмадым, 

Еділ боп емірене алмадым,

Мені осы шегі де, арнаның теңізге құяр...

 

Көріспеспіз Айменен енді Күндей,

Барқынның құмдарындай бөлді күнгей.

Жайықтың толқынындай сезімді-ай бір,

Толқыса кететіндей жер дірілдей.

 

Аңызақты жұтады дала мұнар,

Мұнар ойдан табарсың дауаны бар.

Сарышымшық сағыныштың әніне ұйып,

Жалғыздық күйін ойнар қоғалы жал.

 

Ала сағым,

құбылған қара сағым —

Көңіліндей мазасыз қарашаның.

Қараша үйден түнеріп,

қарашадай

Келмеспен белгілі ғой, санасарың.

 

...Жолдарға үнсіз қарап тарам-тарам,

Хат күтесің жаңбырлы Сарыарқадан.

Сүмбіленің сұп-суық семсерімен

Жалғыздық шаншығанда жонарқадан.

 

Өлместің күйіне елтіп алап мұңды,

Ақ түннен мың бояулар тарап нұрлы.

...Нұрлы ойлар арасынан бейнеңді іздеп

Балконнан тұрам сол сәт қарап түнгі.

 

Сәт келіп көз алдыма серт байласқан,

Арқамды сезім қарып, өрттей басқан.

Бақсының зікіріндей толқып кетем,

Алпыс екі тамырдағы дерт қой, қасқам...

 

Жылдар асау Жайықтай қағынады,

Жылдардан не мән таптық мағыналы?!

...«Мың бір түн» желісіндей ию-қию

Сезімнің бұл басы емес,

соңы да әлі.

 

Көшкен құмдай Уақыт жатыр ағып,

Қимастыққа көнбейді ақыл анық.

Айтылмаған сөз қанша,

сезім қанша,

Өткен күнде өлшеусіз ақы қалып...

 

Екі жүрек.

Бір жалған.

Екі қала.

Ешқашан жалғанбастай жатыр ара.

...Жайықты құйып алсам жүрегіме —

От-сезім өшер ме екен дөкір ала?!

 

2.

 

Күн сүйген шағыл сынды қызба болып, 

Бір от лаулап кеудемде, бұзған ерік.

Жүректі тастасам да мұзға көміп,

Сол бір от өшер ме екен,

өшпес пе екен,

Жазирасын жанымның сызған елік?!

 

Жайық болып тасыдым,

туладым да,

Төтеп бере алмадым қу жалынға.

Ақшулан толқынымда шоқ ойнаған,

Қарайып, тарап жатты у қанымда.

 

Бір тамшысын аңсаған шалқар көлдің,

Аңқасы кепкен аппақ сортаң болдым.

Маңдайды күнге тостым,

желге тостым,

Жиегінде сен жалғыз жортар жолдың.

 

Самал боп тербетуге желге айналдым,

Соғар деп төбеге һәм өрге айналдым.

Жол сілтер жұлдыз болдым жеті түнде,

Ай болдым,

тас төбеңде шамға айналдым.

 

Тынбай жандым,

ал күндіз Күнге айналдым,

Жамалыңа елігім,

мың байландым.

...Сендік жолдың бәрінде бәрі болдым,

Ал қазір кімге айналдым?!

 

3.

 

Басылып күні бойы жел сарнаған, 

Мұнар ойға шомған-ды дел-сал қалам.

... Жайықтың перісіндей арбайды үнсіз

Қара Түн мен жанымды Сен салған ән.

 

Дел-сал күйде қала емес,

мен ғанамын,

Бейуақыт тылсым күйге арбаламын.

Дәл осы азапты һәм тәтті күйден,

Не артық, не кем дүние бар қарағым?!

 

Тылсым күйді білмедім,

ұға алмадым,

Көзім алды көк мұнар — тұман қалың.

...Білерім — біздің сезім бір тарауы

Өмір дейтін ең ұлы шығарманың.

 

4.

 

Ойлы Күз, 

Қаһарлы Қыс,

Сертті Көктем —

Бойдағы жазылмаған дертті үдеткен.

Дерттің аты — Сағыныш,

қара жалын

Һәм Өкініш тұтанған өрт түнектен.

 

Жалыны әлі бойда басылмаған,

Жаз,

Сен жұбатшы, жазирам — жасыл ғалам.

Жасыныңнан жалт бұрман жанарымды,

Жауыныңнан ешқашан тосылмағам.

 

Сіркіре, тазарт бір сәт тұнжыр ойдан,

Жұпарыңа жуындыр бұл күні, айнам.

Самалыңмен сауықтыр іңірдегі,

Масаң күннен айықтыр,

бұлдыр айдан.

 

...Шұғыламен алмасып ішкі мұнар,

Таңғы шықпен күн сайын үшкіріп ал!

Қуат берсін жаныма көгілдір тау,

Шуақ берсін тәніме ыс құмың әр.

 

...Осы сәт мәңгіліктің лебін ұқтыр,

Мен де жазға айналам — төгіліп нұр...

Өз-өзімді ұмытып қалсам-дағы

Жайықтағы аруды тек ұмыттыр!

 

5.

 

Сен жайлы жазылған ең көркем сөйлемнің,

Ең көркем жазбаның ішінен,

Жымиысын жып-жылы бейнеңнің

Енді салқын екендігін түсінем.

Сол жырлар — жылдардың жылы естелігі,

Тек, Тағдыр суық.

Сезім тудырған күрестен ұлы

Білемін,

қалдым сынып.

 

Өле-өлгенше жадымда тұнып тұрады

Естеліктердің ескі жазбасы.

Ұмытылмайтын сəттерді ұмыттырады

Қоңырқай түннің көз жасы;

 

Мəңгілік таңбаланар жанымда,

Өткенім...

Жан дейтін жалғыз қорымда

Жерленген Көктемім.

 

...тағдырлық ДеЖаВю!

 

6.

 

Күннің қоңыр күрсінісі, Түн демі —

Бояуы осы бес күннің.

Оның жалғыз білгені —

Білмейтіні ешкімнің.

 

P.S. Шексіздікке шақырады Мəңгілік,

Сен сезесің, барлығын.

Уақыттың айнасынан Жан күліп

Жымияды Тағдырың.

Сол айнадан бəрін-бəрін көреміз

Көрмейміз һəм ештеңені —

Сенеміз.

Сенетініміз — Үміт отының өшпегені.

Заңдылығы Түсінік пен Ұғымның

Жүрегімізде бүрлеген.

Біз — Өмір деген түкке татымас Ғұмырдың

Өзі де кірлеген.

Сөздер керуенімен шұбалған

Сөйлемнің айналамыз соңына.

Еркіндіктен де, босаймыз һəм бұғаудан,

соңыра.

Тартылыс күшінен ауырлау,

Бір сезім оянар жадтағы.

Өмірдің өзіндей жауырлау –— 

Сол бір сəт — бар бəрі, жоқ бəрі.

Мазмұнсыз тірліктің өзінен

Жарылар бір Əлем.

...Əлемнің мөлт етіп көзінен

Мен сонда шығар ем.

Саян Есжан

Саян Есжан 1991 жылы 6 маусымда Ақмола (Көкшетау) облысы Бурабай ауданына қарасты Түлкілі ауылында дүниеге келген. Өлеңдері республикалық мерзімді басылымдарда жарияланып, туындылары он шақты ұжымдық жыр жинақтарына енген. 2013 жылы Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетін тәмамдаған. Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas сыйлығының лауреаты.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon