Ақжан Аманжол

8

Мен әлеммен өлең болып сөйлестім

***

 

1.

 

Мама,

сенің үйіңнің қабырғасы құлапты.

Ол енді ауылдың топырағына сіңді.

Қабырғаға салған суретіңді көргенім есімде жоқ.

 

Сол үйдің төбесінде

апамның әңгімелеріндегі жас қыздың

сурет салып отырғанын елестеткім келеді.

 

Қаланың әлдебір бұрышында

картиналарының

мүлде бөлек өмір сүріп жатқанын

елестеткім келеді.

 

2.

 

Мама,

бұл қала әр жыл сайын

туған күніңді

жаңбыр,

қар

немесе тұманмен қарсы алады.

 

Бірақ, менің

есіме жиі оралатын жалғыз естелік:

ауылдағы көл,

жаз,

үрлемелі қайық үстінде —

сен және мен.

 

Көзімді жұмсам,

толқындар сыбырлайды.

Көзімді ашсам,

аспанды көрем.

 

3.

 

Мама,

сен маған

«Адамды дұрыстап сал» — деп ұрсатын едің.

Ал, мен әлі де сызықтармен салғанды ұнатам.

Бір дөңгелек пен бес сызық.

Бірақ, неге олар сондай қиын?

 

Менің сөздермен сурет салғым келеді.

Естеліктерімдегі

ауылдың аспаны секілді

ақшыл көк түсті өлеңдер жазғым келеді.

 

Шексіз көп

бір дөңгелек пен бес сызық

оларды оқиды деп сенем.

Солай ғой?

 

 

Диалог

 

Мен әлеммен ӨЛЕҢ болып сөйлестім,

Әлем жауап қатпады.

 

Мен әлеммен ЖҮРЕК болып сөйлестім,

Жүрегімді таптады.

 

Мен әлеммен ӨЗІМ болып сөйлестім,

Өзімді іздеп таппадым;

Тапқанымда бұл әлемге жақпадым...

 

Әлем менің не теңім?

 

ӘЛЕМ

менің оқып жатқан ертегім,

ӘЛЕМ

менің жазып алған ертегім.

Ертегіден таңдап алып сырларды,

Ертелі-кеш

шертемін...

 

Әлем маған ӨЛЕҢ болып сөйледі

Жүрегімде сақтадым.

 

Әлем маған ЖҮРЕК болып сөйледі

Жүрегімді сақтадым.

 

ӨЗІМ болып сөйлеуді тек білмедім.

(Тағы өзімді ақтадым...)

 

Білсем егер,

тастай салып бақтарын,

Жүрегімнің бар сырларын ақтарып,

Әлемді де табар едім,

Таппадым...

 

Ал, сен ше?

 

 

***

 

Түн жасырған сырларыма Ай куә,

Түн ұрлаған ойларыма Ай қорған.

Еш уақытта жолданбайтын хатыма

алғашқыда сыймай қалған бұл жолдар

әр жыл сайын бір себеппен жоғалды,

әр жыл сайын табылады себепсіз...

Артқа тастап тұмшалаған тұманды,

көшіп жүрсем, ақ бұлттарға ілесіп,

сол жолдарға із боп сіңер қанша ән?

Қаншама жыр оқылса да жаңбырға,

Түн жасырған сырларыма Ай куә,

Түн ұрлаған ойларыма Ай қорған.

 

Еш уақытта жолданбайтын хаттарға

айтылмайтын сөздерімді төккенім

кейде жүрек түкпірінде сақталған,

ең аяулы сәттерімді күткенім,

кейде менің оттегім,

әлде, сенің...

Кейде маған сыбырлайды өткенің,

берілмеген уәделерін құшақтап

келер күннің,

тірілмейтін көктемнің

гүлдерін де

Сонда, бәлкім,

құрсақта

тынысыңнан тынышталған баладай

тыңдап жатам...

жүрегімнің дүрсілін,

минуттар мен ойларымды санамай;

суық желден тұла бойым түршігіп,

жылуыңды сақтай алмай денемде...

Естеліктен құрастырған бейнеңді

құлып салып, кілттей алсам егер де

жел лебімен оянғанда бейуақ,

үнсіз күйде үн қата алсам тағдырға,

Түн жасырған сырларыма Ай куә,

Түн ұрлаған ойларыма Ай қорған.

 

 

***

 

Келер ме едің

қорқамын десем,

қап-қара түннен кешегі,

жанымның әрбір көлеңкесінен,

самалынан да есетін,

жапырақтардан үзіліп түскен,

үзіліп түсер жапырақтардан,

көз моншақтардан жаныма тамған

келер ме едің

қорқамын десем?

Келетіндерді күтіп қалудан,

ұмыт болудан шулы қалада,

аяулы сәтті ұмыттырудан,

ем бола алмаудан жараға,

суық қолдардан жанымды құшқан,

жылы қолдардан тағы да,

құлаудан, бәлкім, биікке ұшсам,

биікте жүрсем, жылаудан,

келер ме едің

қорқамын десем?

 

Қорқамын әлі...

 

 

***

 

біз

жапырақтарды басып келе жатып әңгімелеспедік ұлылар жайлы.

ұлылар жете алмаған биікке жетпедік әлі.

 

біз

таңды күтпедік теңіз жағасында

толқындар арасынан өзін іздейтін болашақ сынды.

 

кішкентай дәмхана қабырғалары жаттап алмады бізді,

ештеңе айтпады жанарың мен әлсіздеу күлкің.

 

құрастырмадық бұлттардан ешқандай өрнек,

аспанға да мән бермедік ақшылдау күлгін.

 

ыстық кофе иісі аралас үнсіздік ауаны кернеп,

жаңбырмен бірге төгілмеді тағы да ойлар.

 

әр бұрышында бір мұң жасырған көшелерді кезбедік сосын,

ешкімнің есінде қалмайтын бақтарға апармады ол жолдар.

 

түс болып жалғасқан кештен соң ауырған жоқ басың.

көзіңде еріген бейнелер қалмады есте.

 

екеуіміз

болмаған ең тәтті сәттер үшін

ең ащы кеспемен жүрек жазайық,

досым!

  

 

***

 

солған гүлдің соңғы демін аялап,

өзегімде өсіремін тағы мұң.

бұл екеуміз қол ұстасқан саябақ,

сен және мен ортасында сағымның.

 

бұл екеуміз жаяу кезген көшелер,

жауған қарға ғажайыптай тамсанып.

әлі есімде ұйқы ұрлаған қара түн,

көкірегіне сезім сіңген таңсәрі.

 

көк аспанның жанарында жас тұнып,

күңіренсе, сені ойлаймын жасырын.

сезімімнің бақшасынан қашты үміт,

сәттерімді қалдыра гөр, асылым.

 

әр түн сайын шақырымдар жастанып,

біздің сүю — аңсау, күту риясыз.

сөзбен өрген сенімдерді еселеп,

болсаң деп ем тағдырымның куәсі.

 

бізге куә — құшақ жетпес шаһарлар,

құшақтарды жаза алмау — біздің дерт.

есіміңді жүрегіме жасырам,

сағыныштың бесігінде әлдилеп.

 

бір қалада ғашық болып кездесіп,

бір қалада махаббатпен қоштастық.

біз екеуміз — ескі мұңбыз көмілген,

тағдырымен табыспаған қос ғашық.

Ақжан Аманжол

Ақжан Аманжол — 2001 жылы 31-наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Псевдоним – Ай қызы. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын Кинотеледраматургия мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда осы оқу орнында өнертану магистранты. «Қолтаңба» поэтикалық бірлестігінің жетекшісі. 2018 жылдан бері шығармашылық кездесулер мен поэзиялық кештер өткізіп жүр. Burshaq шығармашылық бірлестігінің негізін қалаушылардың бірі. Өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Ұлан» газеті, «Мәдениет» журналы секілді республикалық басылымдарда, «Массагет», «Qalamger», «Әдебиет порталы», т.б. интернет-порталдарында жарияланған. 2019 ж. тамыз-қараша аралығында Қазақстан Жазушылар одағында, Азия жазушыларының форумы аясында сайт редакторы болып қызмет атқарды.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon