Жарқын Сәби

11

Сандуғаш

Пьеса «Драмарафонмын» микрофестиваль аясында жазылған

 

Өмірде болған оқиға негізінде жазылған әңгіме.

Кейіпкерлердің есімдері өзгертілді, бірақ тарихты өзгерту мүмкін емес.

 

 

 

Сахнада бір әйел ғана. Ол аппақ киінген.Әрекет ұзақтығы — сегіз сағат.

 

(Ол оны сегіз сағат бойы өлтірді).

 

Бұл әйелдің есімі — Сандуғаш. Ол айтатын ер адамның есімі — Қалдыбек.

Бәрің де олардың есімдерін білесіңдер.

 

Анам мен әкем мені ботақан дейтін. Кейде балапан дейтін. Ол мені «жаным» дейтін.

Бірден «жаным» дей бастады. Біз әлі таныспай жатып-ақ.

Бұл оның маған айтқаны.

Сені көбірек білгім келеді. Сен әдемісің. Сен ең әдемісің. Бұл оның маған айтқаны.

Саған ол неге керек? Ондай еркектер саған ұнамайды ғой. Ол түрмеде болған. Ол өзгермейді. Ол тым ерке мінезді. Ол өмірде қиындық көрмеген.

Бұл менің өзіме айтқаным.

Ол мені алақанына салып көтерем деп уәде берді. Шынымен көтеріп жүрді. Әдемі сөйлеп, жүрегімді жаулап алды. Мен беріле бастадым. Мен оны сүйіп қалдым. Мен оған бауыр басып қалдым.

Жаным.

Бұл менің оған айтқаным. Жаным.

Бұл оның маған айтқаны. Мен сені жақсы көрем.

Бұл менің оған айтқаным. Мен сені жақсы көрем.

Бұл оның маған айтқаны.

Қайда болдың? Кіммен болдың? Неге олай киінгенсің? Бұл оның маған айтқаны.

Шыда, бәрі жақсы болады. Бәрі орнына келеді. Ол өзгереді. Ол сені жақсы көреді.

Бұл менің өзіме айтқаным.

Мен сені сүйем. Сен мен үшін бәрі боласың. Менің өмірімсің. Бақытымсың. Ты меня бесишь. Прикройся. Сен арсыз сияқтысың. Шлюха.

Бұл оның маған айтқаны.

Кейде маған әндеткім келеді. Кейде маған билегім келеді. Ән сал, Сандуғаш құс! Биле, Сандуғаш қыз!

Бұл менің өзіме айтқаным.

Біз ол концерттен кетіп қалдық. Ән де салмадым, би де билемедім. Ол менің бетімнен ұрды.

Ол маған бірдеңе деді. Бірақ есімде жоқ. Құлағым шыңылдады.

 

 

Үнсіздік.

 

 

Сандуғаш.

Ол менің атымды қайталап тұрды. Бұл оның маған айтқаны.

Сандуғаш.

Бұл менің өзіме айтқаным.

Рахымжанмен төсекте болдың ба? Бұл оның маған айтқаны.

Жоқ. Жоқ! Жо-жооқ!

Бұл менің оған айтқаным. Сандуғаш. Сан. Ду. Ғаш. Сан!

Ду! Ғаш! Сан! Ду!

Ғаш! Оян!

Оян, Сандуғаш!

Саған не болды, Сандуғаш? Жақсысың ба, Сандуғаш?

Тірісің бе, Сандуғаш?

Ты сама довела его, Сандуғаш. Сука.

 

Үнсіздік.

Ауыр үнсіздік.

 

Әр жолы тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы болса, есімім жыпылықтай бастайды.

Сандуғаш! Сандуғаш! Сандуғаш!

Әр жолы жаңалықтарда мен туралы айтылса, есімім жыпылықтай бастайды. Сандуғаш!

Әр жолы Қалдыбек мені есіне алғанда, есімім жыпылықтай бастайды.

 

 

Сахнада кенет қараңғылық орнайды.

 

 

Кеудеме сандуғаш құс түнеді ме —

Шақырды мені мәңгі Күн еліне.

Әуені тыншытпайды, әлде әнші құс

ұясын салды ма екен жүрегіме?

 

Жарқын Сәби

Жарқын Сәби — журналист, педагог. Қазақстанның оңтүстігінде тұрып жатыр. Шығармашылықпен айналысып жүр, өлең, әңгіме жазады.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon