Әсем Анықбекқызы

12

Әңгімелер

Еркіндікті сүйгіш аламан

 

Сіңілімнің құрбысы бар еді. Ол қыз да жан-жануарды жақсы көретін. Үйінде ит-мысықтан басқа, балығы, тотықұсы, кішкентай аламаны болатын. Сол аламаны жаздың бір күні балалаған екен. Иесі аламанның балаларын достарына таратып беріпті. Біреуін сіңіліме де сыйлады. Оны асырау ойымызда жоқ еді, сыйлық болған соң, амал жоқ, алдық. Әкеміз басында оны жақтырмаған сыңай танытқанымен, керек жемін, ойыншықтары мен торын сатып әкеліп, «аламанның құны базарда екі жүз теңге, торы үш мың теңге екен. Торы өзінен қымбат» деп күліп келді. Бірақ, кейін сол мақұлықтың не қалайтынын біліп, оған көп көңіл бөлетін әкеміз болып шықты.

Өзі әппақ, кішкентай қара көзді аламанымыз ешкімді жатырқамады. Анам «өзі де бір уыс екен, аты Шүнти болсын» деді. Анам құрбысымен әңгіме арасында естіп қалған бұл аты аламанның өзіне жараса кетті. Шүнтиге үлкен тор әперсе де, ол оған тарлық етті. Кіп-кішкентай қолдарымен тордың сымын ұстап алып, сенен көзін айырмай қарағанда, «босат мені» деп тұрғандай, жаныңды аурытып жіберетін. Шыдай алмай торының есігін ашып қоятын болдық. Торы үйдің екінші қабатында тұрса, одан шығып, баспалдақтан құйрықтары бұлтыңдап түседі. Бірінші қабатта теледидар көріп отырған әкеміздің иығына шығып алып, екеуі бірге теледидар қарап отыратын. Қарны ашқанда, ұйқысы келгенде өзі торға қайта кіріп алатын.

Мысықты аламанмен таныстырдық. Оған «Шүнтиге тиюші болма, "бір үйдің адамындай" болыңдар» деп айтып қойдық. Ол да түсінгендей болып, аламанға жақындамайтын. Тіпті, үйге көп кірмей, итпен ойнайтын. Алайда, Шүнти үйде мысық барына риза болмады. Мысықты көргенде, торында отырып, қатты күрсінді.

Бір күні әкеміз тордағы Шүнтидің әдеттегідей «босат мені» деген қалпын көріп, жаны ашып, жұмысқа кетерде есігін ашып кетіпті. Біз ұйқыдан тұрсақ, аламан жоқ. Мысықты кіналайық десек, ол сыртта сарайда ұйықтапты. Содан торына анықтап үңіліп қарасақ, Шүнти жемі мен өзі жататын мақта көрпесін алып кетіп қалыпты. Сөйтсек, заттарын жинап, мүлдем көшіп кетіпті. Өзін қауіпсіз сезінетін жерге кетіп қалса керек..

 

Кішкентай батыр кірпі

 

Кірпілер әрдайым өз бетінше табиғатта тіршілік етеді. Бірақ, қалалар дамып, үлкейгендіктен, ағаштар кесіліп, жасанды өмір аясы кеңігендіктен, кірпілер мекені де тарыла бастады. Сол себепті кірпілердің бір үйірі көшуге мәжбүр болды. Кірпі әке-шеше, үлкен қызы мен кішкентай ұлын ертіп, қала шетіндегі жер үйлерге бет алды.

Жол оңай болмады. Көше тола машиналар кірпілер отбасына «жылдам жүретін темір құбыжықтар» болып көрінді. Бір байқағандары, жол бойындағы үш түсті шамның жасыл түсі жанғанда, әлгі «темір құбыжықтар» тоқтап, сол кезде жолды кесіп өтуге болады екен. Оны адамдар «бағдаршам» деп атайтын көрінеді. Көзге түспес үшін олар көбіне түнде жүрді. Кірпілердің көзі түнде жақсырақ көреді, құлақтары өте жақсы естиді, әрі иіс сезу қабілеті иттерден де күшті болып келеді.

Осылайша ақылы мен сақтығының арқасында кірпілер отбасы біраз күннен соң, діттеген жеріне жетті. Шаршап жерүйлер арасында демалып тұрғанда, кірпі анасы мен кірпі қыздарының мұрнына әлдебір хош иіс келді. Сол ғажап иістің соңынан жүріп, олар түймедақ пен жеміс ағаштары өсетін үйдің артына келді. Бұл олардың армандаған мекені еді. Олар осы жерде қалуға бел буды.

Ең бірінші кезекте кірпі әке-шеше балаларына адамдардан алыс жүру керек екенін ескертті. Себебі «олар — жауыз, қатігез» деді. Кішкентай кірпілер ата-анасының айтқандарын үнемі қаперінде ұстайтын.

Бірақ, ұл кірпі үй иелерінің, адамдардың мысығы мен итіне, тауықтарымен басқа да жануарларына жем-су беріп, олармен ойнап, қамқор болатынын байқады.

Осы кенже кірпі батылдығымен ерекшеленетін. Сөйтіп үй жануарларымен тез достасып кетті, ал олар, өз кезегінде, кірпі балақай мен оның отбасын қонақжайлылықпен қарсы алды. Әсіресе ит оның жақын досына айналды.

Бір күні ит кірпілер отбасының тамақтан қысылып жүргенін байқап, кішкентай кірпіден:

— Неге сендер адамдарға жуымайсыңдар? — деп сұрады. 

Сонда балақай кірпі:

— Әкем олардан алыс жүр, олар мейірімсіз деген, — деп жауап қатты.

— Жоқ, сен мүлдем қателесесің, олар,керісінше, мейірімді. Егер сендер олармен жақын таныссаңдар, көмегін берер еді. Сонда сендер де жасырынбай, барлығымыз тату-тәтті өмір сүрер едік.

Иттің айтқаны кірпі балақайдың ойынан шықпай қойды. Өйткені, әкешешесі оларды асырау үшін аянбай әрекет етеді. Кейде қорек іздеп, бақтан алыс кетулеріне тура келеді. Бақ оларға қатты ұнағанымен, бәрібір кішкентай еді. «Ал егер адамдармен достасса, әке шешем бастарын қатерге тікпес еді» деп ойлады ол. Содан әкесіне айтуға ұйғарды.

Әкесі бұны естіп, қатты ашуланды:

— Неге түсінбейсің? Олар — жауыз, қатігез. Олар біздің мекенімізді жойды. Сол үшін ел кезіп кеттік. Әлі ештеңе ұқпадың ба? Cен әлі баласың!

— Әке, дүние тарылып барады. Ендеше бәрібір адамдармен қатар өмір сүреміз және олар біз ойлағандай мейірімсіз емес сияқты. Бірақ біздің баржоғымызды білмесе, қайтіп қамқор болады? Барымызды білсе, бізді сақтап, табиғатқа қайтару жолдарын да ойластырар. Амалдап көрмесек, не боларын ешқашан біле алмаймыз, әкетай.

Әкесі бұл сөзге құлақ аспады. Бірақ балақай кірпінің батыл екенін айттық қой?! Сөйттіп ол итке барып, адамдармен таныстыруын өтінді. Бір жағынан іштей қатты қорықты. «Адамдар ұстап алып, жәбір көрсетсе, бақтан қуып шықса, қайтеміз?» деп уайымдады. «Бірақ менің тікендерім бар, ештеңе етпес» деп, өз-өзін сабырға шақырды.

Ит үріп, үй иелерін шақырды. Олар «не болып қалды екен» деп аулаға жүгіріп шықты. Кірпіні көріп, оның қашпағанына аң-таң болды. Кірпі балақай өте сүйкімді еді. Тұмсығы ұзын, көзі моншақтай қап-қара, ал тікендері жұмсақ болатын.

Балақай ішінен қорықса да, түр-әлпетінен білдіртпеді. Адамдар кішкентай кірпінің батылдығына да таң қалды. Оны бірден «Кішкентай батыр кірпі» деп атап кетті. Сосын үйге кіргізіп, қызанақ беріп, дәм татқызды.

Үй иелері мен олардың балалары кірпіге қарап, әсерлерімен бөлісіп жатты.

— Сүйкімді, әрі батыр кірпі екен.

— Ол мұнда қайдан жүр? Отбасы да жақын жерде болуы керек.

— Сендер біздің бақта тұрсаңдап қандай керемет! — деді балалардың бірі. 

— Біз, адамдар, табиғатпен үйлесіп өмір сүруіміз керек. Соны жылдан жылға ұмытып барамыз,-деді бір кезде, анасы кейіп. Құдды бір кішкентай кірпінің ойын оқығандай!

Бір қызанаққа тойып алып, бір қызынақты арқалап алып, кірпі балақай бақтағы үйіне тартты кетті. Адамар оны бөгемеді.

Ит оны шығарып салып тұрып:

-— Көрдің бе, менің адамдарым қандай жақсы, — деп жымиды.

Кірпі адамдар бәрі бірдей жаман емес екеніне көз жеткізген соң, отбасын олармен таныстыруға ұйғарды. Әуелі әпкесі мен анасына адамдармен қалай кездескенін айтып берді. Сосын үшеуі әкесіне барды. Алып келген қызанағымен бөлісті. Әкесі алдымен бәрін мұқият тыңдап алды.

Кірпі балақай әкесінен ұрыс естуге дайын тұр еді, бірақ, әкесі:

— Балам, неткен батыр едің, мен жасамаған ерлікті сен жасадың, — деді. — Жаңа таныстарымыз «үй иелері қамқор» десе де, сенбей жүр едім. Енді көзім жетті. Таң ертең олармен танысайық.

Осыны естіген балақай кіріпінің қуанышында шек болмады. Әкесіне қатты риза болды.

Ертесінде кішкентай кірпі отбасын адамдармен танысуға әкелді. Адамдар кірпілерге тамақ беріп, бұдан бұлай қамқор болатын айтты. Үй иесі баққа ешқандай ғимарат салмай, керісінше, ағаш егетініне сөз берді. Кейін ол, шынымен де бірнәрсе істемес бұрын кірпілер туралы ойлайтын болды. Осылайша кірпі балақайдың батылдығы мен тапқырлығының арқасынада оның отбасы жаңа мекенге ие болды.

Әсем Анықбекқызы

Әсем Анықбекқызы — Алматылық ашық әдебиет мектебінің (ОЛША) студентімін. Биыл екінші рет қатысудамын. Балалар әдебиетін жазып жүрмін. ОЛША курсында жазған шығармамды ұстаздардың айтуы бойынша баспаларға ұсындым, жауап күтудемін.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon