Дактиль
Алишер Рахат
Қатынасушылар:
Жас Табылды
Үлкен Табылды
Маса
Тұман
Бала
Төрт досы
Алма
Әйелі
Мұқағали
Махамбет
Гурий Назарьев
Қара киімділер
Сахнада қара киімді адамдар табыт көтеріп сахнаға шығады. Олардың бет әлпеті көрінбейді. Қара киімділер әртүрлі қимыл жасап, түсініксіз сөйлейді: әлдебір өлеңнің тармақтары, әлдебір беймәлім сөздерді біресе қатты, біресе бәсең айтады. Сахнаның қақ ортасында ашық түсті киім киген Бала әткеншекте тербеліп отырады. Әткеншекте тербеліп отырған Балаға қарай Маса келеді де, тапаншамен атады. Тым тырыс. Қара киімділер мен Маса фильмдегідей кері жүреді.
Сахна ортасында төсекте жатқан Табылды шошып оянады. Бала төсектің жанында ойнап жүргенін көреді де, тынышталады. Отырып ойланып қалады.
Сахнаның артында арқаларына мөшек жүк көтерген достары жүреді. Олар мөшекті арқаларына асып, лақтырып жатады.
Жас Табылды (өз өзіне сөйлегендей). Түсімде сені біреу өлтіріп кетіпті. (Бала оған қарап, сәл тұрады да, ойыншық машинасымен [басқа ойын түрін көрсетуге де болады] ойнай береді.) Зәрем қалмады. Мен сенсіз өмір сүре алмаймын ғой...
Бала (жымияды). Жас Табылды баланы құшақтайды. Осы кезде Достары келеді. Ол баланы жібере салады. Достары баланың басынан сипап, онымен ойын ойнайды.
Досы. Не жатыс, Досымов? Туған күніңді тойламаймыз ба?
Табылды. Ақша таппадым.
Досы. Мәселе ақшада болса, міне.
Досы ақша тастайды. Табылды орнынан тұрып, олардың ұн боп қалған беттерін көріп сүртеді де, қуанып, құшақтасады.
Досы. Қазақ әдебиеті газетіне өлеңі шыққан жас шайырдың туған күнін тойламасақ, бізге сын емес пе?!
Досы. Бар қазақ тамсанып тыңдайтын «ұнатамын мен сеніге» ән жазған Табылдының туған күнін жасап бере алмасақ, несіне дос болып жүрміз?!
Досы. Мұқаң «Бүгін менің туған күнім, ой пәлі ай, мына жұрттар неге жатыр тойламай?!» деп айтып кетті. Ол не деген сөз?! Ол деген таланттарды көзі тірісінде қадірлеу керек деген сөз!
Досы. Әп бәрекелді!
Досы. Орыста Высоцкий болса, қазақта Табылды!
Досы. Жүр кеттік.
Сахнаның ортасында дастархан жайылған қыздар күтіп отыр. Билейді, Табылдыны құттықтайды. Жастар. Сыйлықтар сыйлайды. Алма басқа қыздардан аздап қызғанып қалады. Бірақ білдірмеуге тырысады. Бала Алманың жанынан шықпайды.
Алма Табылдының жанына келеді.
Алма. Менің сыйлығым әзірге құпия болсын...
Жас Табылды. Менің де саған айтар жаңалығым бар.
Алма мәз болады. Бәрі дастарханға жайғасады.
Досы. Ал құрметті достар! Бүгін біздің адал досымыз Табылдының туған күні! Оның үстіне биыл бәріміз үшін университет қабырғасындағы соңғы жыл. Ертең әрқайсымыз әр жаққа кетеміз! Үлкен өмірге қадам басамыз. Бұл уақытты әлі талай сағынатын боламыз! Кеше ойланып отырсам, менің бүкіл студенттік шағым Табылдымен байланысты екен. Табылдының әнін тыңдасам болды, көз алдыма осы КазГУ келе қалады.
Досы. Менің көз алдыма бесінші жатақханадағы қыз келеді.
Бәрі күледі.
Құрбы. Маған кастюм шалбар киген, шашын артқа қайырған, кең маңдай, сыршыл, сезімтал бір жігіт елестейді.
Достар. Пах, шіркін, ол кім екен ей!
Құрбы. Ал маған тұйық, биязы бір адам елестейді.
Досы. Мен сияқты ма?!
Құрбы. Қойшы, қайдағыны айтпай!
Бәрі мәз болады.
Досы. Мынау Климат адамның мінез құлқына қатты әсер етеді екен. Мына жерде әрқайсымыз әр жақтан келгенбіз ғой. Мінезіміз де әр түрлі. Байқасаңдар, Ару Алматымызда біресе жаңбыр жауып кетеді, лезде күн шақырайып шыға келеді... Алматылықтардың да мінезі сондай ғой, байқасаңыздар. Әсіресе қыздарының.
Бала Алманың жанынан шықпайды. Алма оның басынан сипайды, бала оның алдына жатады, еркелейді. Достары мен Қыздар да балаға дастарханнан тәтті әперіп, еркелетеді. Бала шат шадыман боп жүреді, ойнақшып.
Досы. Табылды бір керемет ән шығарыпты. Ол әнді қазақтың арда ақыны Фариза апайымыз ұнатқан екен. Тіпті екеуі бірге дуэт айтыпты.
Құрбы. Мәссаған! Фариза Оңғарсыновамен дуэт айтып па?!
Достар. Рас айтасың ба?!
Досы. Өй сендер, Табылдыны кім деп жүрсіңдер?! Табылды болашағынан зор үміт күттіретін ақын, бард ақын, өзі композитор, әзі әнші. Жігіттердің төресі ғой!
Досы. Рас, рас!
Осы кезде Табылды ұяла қолына гитара алып, «Алматыда қалған қыз» әні айтады. Ән айтылған уақытта Алма төмен қарап отырады. Оны Бала құшақтайды, айналшықтап жүреді, шалықтап билейді.
Алма. Ән неге «Алматыда қалған қыз» деп аталған?
Табылды. Білмеймін, өзі солай жазылды.
Үнсіздік.
Досы. Жаңа жақсы айттың. Таудың қалай пайда болатынын білесіңдер ғой? Екі бөлек жатқан материктер бір бірімен біріккенде, соғылады да, сол соғылған жерінен тау шығады екен. Алатауымыз баяғыдағы бір жер мен екіншіні байланыстырып тұрған шекара деген сөз ғой. Бізді де табыстырған, таныстырған Алатау емес пе?! Алматыдағы оқу ордасының үлкен қара шаңырағы КазГУ ді бітіріп жатырмыз. Ертең әркім өз жолымен кетеді. Мысалы мен телевидениеге жас журналист болып барамын.
Досы. Бәрекелді! Жарайсың!
Қол шапалақтайды.
Құрбы. Мен қазақ әдебиеті газетіне корректор болып жұмысқа тұрдым.
Қол шапалақтайды.
Досы. Жұлдыз журналының проза бөліміне бара жатырмын.
Қол шапалақтайды.
Құрбы. «Ленишіл жас» газетінде журналист.
Қол шапалақтайды.
Досы. Табылды үндемейді ғой. Не жасырып отырсың?
Құрбы. Айтсаңшы. Қай жерге бас редактор болып кетіп бара жатырсың?
Табылды. Мен... Ауылға қайтамын.
Үнсіздік. Алма орнынан тұрып кетіп қалады. Бала Алмамен кетеді.
Досы. Шынымен бе, әлде қалжыңың ба?
Табылды. Дипломымды аламын да, қайтамын.
Досы. Ауылда не істейсің? Басқа басқа, сен Алматыда қалуың керек қой.
Досы. Соны айтамын. Фариза апай бастаған қазақ әдебиетінің корифейлері қолдап тұрғанда, өлеңдерің республикалық басылымдарда жарық көріп, әндерің халыққа кеңінен тарап жатқанда ауылға кеткенің қалай?
Табылды. Солай... Отыра беріңдер.
Үнсіздік. Табылды орнынан тұрып, Алманың жанына барады.
Алма. Неге айтпадың?
Жас Табылды. Осылай болуы керек болды.
Алма. Мен ше?
Жас Табылды. Саған айтуға батпадым... (Үнсіздік.) Сен Алматыны қатты жақсы көресің ғой... Менімен кетпейді ау деп ойладым.
Үнсіздік.
Алма. Табылды... Сенің болашағың осында ғой. Күні кеше қазақ әдебиетінде өлеңің жарық көрді. Бұл деген сенің жолың ашық деген сөз. Үлкендер де, жастар да сені қолдап отыр. Сенің жарқырап жанатың уақытың ғой.
Жас Табылды. Оны не үшін айтып отырсың?
Алма. Сен өзіңді ойламай тұрсың.
Жас Табылды. Бір үйдің жалғыз баласымын. Қара шаңыраққа бармағанда, қайда барамын.
Алма. Қазір ондай заман емес қой. Сен Алматыдағы кез келген жақсы жұмысқа орналаса аласың. Бір екі жыл қызмет етсең, үй алудың да бір реті кеп қалар. Сосын үлкен кісілерді әкеп аласың. Сен үй алғанша, ештеңе өзгеріп кетпейді ғой.
Үнсіздік.
Алма. Сен КазГУді бітірген адамсың, Ауылға барып не істейсің, мысалы? Айтшы.
Жас Табылды. Сен айтшы. Неге менімен Дендерге барғың келмейді? Иә, Дендер — Алматы емес, бірақ біз жай ғана бақытты өмір сүре аламыз ғой. Кіп кішкентай, тып тыныш қалада екеуіміз... Қарапайым, қоңыр тіршілік кешеміз. Одан басқа не керек?
Алма. Үлкен арманы бар адам Алматыда тұруы керек, Табыл. Өнер адамысың, мына жақта әдеби орта бар, сені түсінетін достарың бар.
Жас Табылды. Арманымды Дендерде ешкім тартып алмайды ғой, Алма. (Үнсіздік.) Менімен жүрші...
Алма. Кешір мен бармаймын.
Бала Алмаға жылағысы келгендей жәудіреп қарап тұрады. Қолынан тартып жүрші дегендей болады. Алма көнбей тұр. Бала жылайды.
Жас Табылды. Ал мен соны білдім... Алдына ала... Жаңағы әнді саған арнадым... Сенсіз қалай қиналатынымды, сені қалай сағынатынымды ойладым... Сен мен үшін Алма ғана емес, Алматының өзі екеніңді білесің бе?..
Алма тізерлеп отырып, баланың жасын сүртіп, басынан сипап «ақымақ болма» деген емеурінмен қоштасады. Бала оны қатты құшақтайды. Алма Табылдыға сыйлығын береді. (Режиссердің ұсынысы бойынша Жейде.)
Алма шығып кетеді. Бала мазасызданады.
Табылды киімдерін жинай бастайды. Сол кезде достары келеді.
Досы. Сен шынымен кетесің бе? Сенің дәуірің келе жатыр ғой. Қазір халыққа сапалы ән керек. Авторлық әндеріңмен тыңдарманның құлағының құрышын қандырып, гастрольдетіп жүретін жөнің ғой! Жұлдыз боласың! Студияға жол тапсақ, айың оңынан туады ғой, Табыл!
Табыл үнсіз киімін жинастыра береді.
Досы. Жақсылап ойлансаңшы! Мен телевидениеге тұмсығымды тығып алсам, сені эфирге шақырамын әлі.
Досы. Жоқ, жұмыс таппай тұрсың ба? Онда мен бастығыма кіріп, сені ұсынайын?! Талантты ақын, сауатты журналист деп айтамын. Жоқ, менің досым болғаның үшін емес, шынымен де сондайсың!
Досы. Түсінсем бұйырмасын, Табыл. Өлеңдерің жарияланып жатыр, үлкендер үміт күтіп отыр, дәл осындай мүмкіндік менде болса, күйген дүние күйіп кетсін, Алматыда қалар едім.
Табылды. Рахмет, достар! Көп рахмет сендерге!
Табылды чемоданын алып, пойызға мінгелі жатады. Достары қимай қоштасады. Жас Табылды мініп кетеді.
Үлкен Табылды ауылына келеді. жанында Бала бар. Бала жатырқап жүр. Ауылдастары оны қарсы алады. Ауылдастар балаға «өй, тіпәй, жаман» деп, көз тимесін деп, басынан сипайды.
Ауылдас. Табылды келді!
Ауылдас. Алматыдан келіпті!
Ауылдас. КазГУды бітіріп келді, анау мынау емес!
Ауылдас. Жарайсың, інім!
Ауылдас. Қош келдің, Тәке!
Ауылдас. Мен Табылдының өлеңін кәзиттен көрдім. Табылды Досымов деп тұр, әй бұл біздің бала ғой деп...
Ауылдас. Сен сонда кәдімгі ақын жазушылардың жанында жүрдің бе?
Ауылдас. Келгенің дұрыс болды!
Табылды үстелге отырады. Ауылдастары қаумалай отырады. Бір Ауылдас баланың әпшуін сұрайды, бірақ ол жатырқап бермейді.
Ауылдас. Мынауың, жабайы ғой. Ауыл көрмеген бала ма өзі?
Ауылдас. Кімнің баласысың?
Бала түсінбей жатырқап тұрады.
Ауылдас. Келгенің жақсы болды. Алматыдан енді соқа басың сорайып жалғыз келмей, келін ерте келмедің бе?
Күледі.
Ауылдас. Сен сонда кәдімгі ақынсың ғой, иә?
Табылды (ыңғайсыздана). Қалай айтсам екен?
Ауылдас. Кітап, кәзит жазасың ба?
Табылды. Солай десе де болады.
Ауылдас. Сондай да сұрақ бола ма? Табыл жақсы ақын. Өлеңдерін оқығанмын.
Ауылдас. Е-е-е, Біз қайдан білейік.
Ауылдас. Баяғыда осы бәріміз кітап оқушы едік, қазір сол қалып барады.
Ауылдас. Тіршілік қиындап кетті ғой.
Ауылдас. Осы сені бард ақын дейді ғой. Ақын дегенді естуші едік, бірақ бард ақын дегенің таңсық екен. Ол қалай сонда?
Табылды. Бардизм португал халқының гитарамен айтылатын жеңіс жырларынан бастау алса керек. Кеңес Одағы тұсында орыстарға жеткен, кейіннен түгел Одаққа тарады. Бардизмнің басты ерекшелігі өлеңнің мәтіні бірінші орында тұрады. Ал әуен өлеңді халыққа жеткізуші көмекші құрал.
Ауылдас. Мақамды жырлар деші.
Ауылдас. Бард ақын дегенің өзіміздің жыраулар деші.
Ауылдастар. Бәсе!
Осы кезде сахнаға Маса кіреді. Бала оны жатырқайды.
Маса. Қош келдіңіз, Табыл Аяшұлы! Сіз келді деп, бөркімізді аспанға атып, қуанып жатырмыз. Алматыда қап қоймай, туған жерді, туған елге қызмет етейін деп келіп қалған екенсіз, Сізге рахмет! Сіздей ел танитын, Алматыда оқып келген азаматтар бізге ауадай қажет! Өзім сіздің әніңізді жиі тыңдаймын. Анау әніңіз бар ғой: ұнатамын мен сені, дегенменен деген, соның сөзі қандай керемет, мысалы. Сондай күшті жазғансыз.
Табылды. Сөзі Мұқағалидікі ғой.
Маса. Иә, иә. Мен анау сіздің бір өлеңдеріңізді оқып едім, солармен шатастырып отырмын ғой деймін.
Табылды. Қай өлеңімді оқып едіңіз.
Маса. Анау кітабыңыздағы ше?
Табылды. Кітабым шықпады ғой.
Маса. А? Қалайша? Онда мен қайдан оқыдым сонда? Онда сіздің кітабыңызды шығаруымыз керек қой?
Табылды. Көрерміз.
Маса. Уақыт келер. Көмектесеміз. Табыл Аяшұлы біздің мәдениет үйі қаңырап алды. Соған өзіңіз келіп, басқарып, жандандырсаңыз дейміз. Қалай қарайсыз?
Табылды. Әзірге нақты қызметім жоқ. бірақ Туған жердегі еленбей қалған ақындарымыздың еңбектерін жинақтап, кітап қып шығаруды жоспарлап жүрмін.
Маса. Қарастырамыз. Жасаймыз.
Ауылдас. Расымен домбыраның үнін естімегелі қанша уақыт болды. Баяғыда кәнсерттер болып тұрушы еді.
Ауылдас. Клубта кәнсерт болмаған соң, көшеде кәнсерт көбейді ғой.
Халық ду күледі.
Маса Баланың бетін қатты шымшып алады. Бала жылап қашады.
Маса. Ал, сәттілік! Маған кез келген уақытта келе беріңіз, әрдайым қолдауға дайынмын.
Маса мен халық шығады. Бала бұрышта ренжіп отырады.
Табылды. Істейміз бе? (Бала басын шайқайды.) Басқа қайда барамыз? Қазір ақын ешкімге керек емес. Кітап оқитындар да азайып кетті. Студияда ән жазудың машақаты да көп, қаражаты да көп. Халық күн көрістің қамымен жүр. Жан бағу қиын. Есесіне тәуелсіз ел болдық. «Алдымен экономика, сосын барып руханият» деп жатыр «ана жақта». Бұл енді бір біздің басымызға туған күн емес. Барлық ақын жазушылардың хәлі мүшкіл... Авторлық әндерге де сұраныс онша байқалмайды... Жеңіл әндер мен арзан әзілдер алға шықты... Жоқшылықтан қажыған халыққа ол да қажет шығар, бәлкім...
Сахнада Табылды мен Бала жүр. Домбыра, Гитара, Шертер, Қобыз, Сырнай түседі. Бәрі шаң басқан. Оны бала екеуі сүртеді. Табылды домбыраны шертіп көреді. Құлағы кетіп қалған. Оны түзейді.
Табылды. Өңшең аспаптың ішінде жападан жалғыз жүре беремін бе? Қайдасыз? Келсеңізші! Мынаны қараңыз...
Сахнаға Маса шығады.
Маса (өз өзінен). Қарастырамыз, қарастырамыз.
Маса баланың мұрнын қысып, тиседі. Бала қашады. Аспаптардың арасына тығылады да, ақырын шертіп көреді.
Табылды. Сіз алдымен тыңдасаңызшы...
Маса. Тыңдап тұрмын, Табылды Аяшұлы, мұқият тыңдап тұрмын.
Табылды. Мені мәдениет үйіне басшы деп сайлап қойыпсыздар. Мен кімге басшымын. Не домбырашы, не гитарашы, не аппаратта отыратын адам жоқ.
Осы кезде Сахнаға Гурий Назарьевтер торымен, қара киімділер шығады. Бала байқап қояды да, домбыра тартқанын қоя қалады.
Маса. Енді жағдай солай...
Табылды. Сіз қолдаймын дегеніңіз қайда?
Маса. Жоқ, дұрыс қой, қолымыздан келгенше қолдаймыз.
Табылды. Олай болса маған екі штат ашып беріңіздер. Мен домбырашы, гитарашы алайын.
Маса. Штат дегенде, оған бізде ақша қарастырылмаған... Ақша жоқ.
Табылды. Ақшаның қақ ортасында тұрған жоқпыз ба? Қайда ақшаның бәрі?
Үнсіздік. Жарық Гурий Назарьевтің тормен балық аулап жатқанына түседі. Маса мен Табылды да оған қарайды.
Маса. Жоқ боп тұр сол... Түсіністікпен қарайсыз деп ойлаймын.
Табылды (кекетеді). Жоқ, сіз «қарастырыңыз».
Маса (дауысы өзгеріп кетеді, жуан, ашулы, баланы дедектетіп сүйреп әкеп итеріп жібереді). Айналайын, Табылды, шыдамның да шегі болады. Былай көрдім, Тәке деп көрдім, қояр емессің ғой. Бір кісілер осының еркелігін көтерші деген соң үндемей жүрсем, әуелде басыма шығайын дедің ғой. (Айғайлайды.) Кімсің сен? (Дауысы жаңғырып, «кімсің сен?» деп естіледі.)
Табылды. Естідіңіз бе? Сіздің өз дауысыңыз өзіңізден кімсің сен деп сұрап тұр. Не деп жауап бересіз? Кімсіз?
Маса (ұзақ пауза). Кешіріңіз, Табылды Аяшұлы. Менен қателік кетті. Артық айттым.
Табылды (күрсінеді). Жә ер шекіспей, бекіспейді. Бірақ маған шынымен штат керек.
Маса (ыңғайсыздана). Қарастырамыз.
Маса сахнадан шығып кетеді. Табылды үстелге отырып, қағаздарды ақтарып, жинақтайды. Әлденені іздейді. Сахнаға домбырашы, гитарашы, музыканттар келіп Махамбеттің «Жұмыр қылышын» ойнай бастайды. Оларға Бала дирижерлік етеді. Табылды қағаздарын тастап, сахнадан әлденені іздеп жүреді де, төмпешікке тап болады.
Сахнаға ауылдастар жинала қалады. Күмбез орнатады. Табылды басы қасында жүреді. Бәрі дайын болғанда, Маса қолына қағаз алып, сахнаға шығады. Ауылдастар дөңгелене отыра қалады.
Маса. Құрметті ағайын! Бүгін сіздермен бөлісетін үлкен қуанышты хабарымыз бар! Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, ақын, батыр, күйші Махамбеттің зиратын тауып отырмыз. Бұл үлкен жаңалық! Қазақ халқы үшін бұл оқиғаның маңызы зор. Ұлт мүддесі үшін күрескен ақынның мазары келер ұрпақ үшін де, мына біздер үшін де рухани бағытымызды айқындап отыратын компас болмақ. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп, атам қазақ бекер айтпаса керек. Бұл істің нәтижелі болуына өзім мүдделі болдым. Батыр бабамыздың, әруағы шат болсын! Осы жобаға жетекшілік еткен Табылды Аяшұлының ізденісіне барынша қолдау білдіріп, бірлесе отырып, осындай игі істі атқардық. Махамбет бабамыздың қылышын бұйырса мұражайға әкелу жұмыстары жүріп жатыр.
Халық қол шапалақтайды. Табылды бұрышта тұрады.
Маса. «Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша,
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса!» деп Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтпақшы, менің бар мақсатым халықты ояту. Халықтың рухани сауатын ашу.
Ауылдас. Халықтың қанын ішу емес пе?
Маса (естімегендей). Биыл өнімді жұмыс істедік. Алдағы уақытқа да жоспарларымыз көп. Бұйырса талантты ақын, марқұм Сағат Әбдуәлиевтің жыр жинағын шығаруды қолға алып отырмыз.
Ауылдас. Әп бәрекелді!
Ауылдас. Мықты, іскер азамат екен.
Ауылдас. Сізге рахмет!
Ауылдас. Ауылымыздың мәдениеті өркендеп жатыр.
Ауылдастар әкімді төбесіне көтеріп әкетеді.
Табылды (баламен сөйлесіп отырады). Менің қатарлас құрбы құрдастарым елге танымал ақын болып жатыр. Кітаптары шығып жатыр. Десе де, олардың ішінде де мықтысы бар, осалы бар. Бәрібір де Алматыны мойындатқандар, тегіс жұртқа таныла бастады... ал менің жыр жинағым жазушы баспасынан шығады деп еді, әлі жоқ... Тым тырыс. Менімен қатар қолына гитара алған қыз жігіттер халықтың сүйіктісіне айналып үлгерді... Менің дәуренім өтіп бара жатқан сияқты ма, қалай өзі? Қалай ойлайсың осы? Айтшы... Әлде өтіп кетті ме? (Пауза.) Сахнаны сағындым... Ән айтқым кеп жүр... Ең болмаса ауылымда концертімді берсем ғой... Оны да істей қояйын десем, қолынан келген соң, қонышынан басып жатыр деп ойлай ма деп ыңғайсызданамын... Эфирге де шықпағаныма көп болды... Халық ендігі мені ұмытып та қалған шығар, ә?.. Алматыда қалсам, бұлай болмас па еді?..
Бала орнынан тұрып, жүгіріп кетеді.
Сахна артында Гурьев деген жазу тұрады. Сахнаға қара киімділер мен Гурий Назарьев шығады. Қара киімділердің әрекеті балық сияқты. Гурий қара киімділерге бұйырып, тор құрғызады. Маса — шенеуніктер. Балықтар — қазақтың байлығы — бекіре балық. Гурий — қазақ байлығын Масалар арқылы тонап жатқан шетелдіктер. Маса тордың үстінде тұрады. Оған балықтар шоршып, жеуге ұмтылғанда, қашып кетеді де, балықты қара киімділер ұстап алып, Гурийге апарады.
Гурий. Мен сендердің еңбектеріңді ескерусіз қалдырмаймын!
Бір қолын көтергенде қара киімді біреу келіп оған бірнеше популок (бөтелкенің аузы, бәлкім) алып келеді. Ол қара киімділердің біреуінің иығына тағады.
Гурий. Ешкім енді сендерге тиіспейді. Өйткені сендерде мынау бар.
Қара киімді қуанып кетеді. Келесі популокқа қара киімділер шулап таласа жөнеледі. Гурий мәз болады.
Қара киімділер. Маған беріңіз! Маған беріңізші!
Бала келеді де, торды басып жүреді.
Маса. Ауды аттамайды ей, көзіңе қара! Құлағыңды кесіп аламын!
Осы кезде сахнаға Бала шығады да, қолындағы қайшысымен торды кесе бастайды. Оны байқап. Қойған қара киімділер балаға тарпа бас салып, жұлқылайды. Бала еңіреп жылайды. Баланы Гурийдің алдына әкеледі. Ол баланың құлағын бұрап, жылатады.
Гурий. Чей это сопляк?
Табылды шығады да, торды аттап, басып өтеді. Қара киімділер популокқа таласып жатыр, біреуі қолына ұстап алған, оны екіншісі тартып алғысы келеді.
Бәрі тыншып қалады да, Табылдыға жалт қарайды. Гурий оның жанына келеді.
Гурий. Кто ты?
Табылды. Табылды Досымов.
Гурий. И? Что означают эти слова?
Табылды. Ақынмын. (Пауза.) Ақ жайықта шоршыған балық түсіңе кірді ме, әйтеуір, шоқынып алдың да, Атырауға жетіп келдің.
Гурий (жанындағыларға). О чём он?
Табылды. Текті бабамның сесінен қорқып, киелі қорған орнатамын дедің. Бірақ мына жерде менің ата бабамның сүйегі жатыр!
Гурий. Ей, акын, я не понимаю тебя. Мне на человеческом, на русском языке, скажи, что тебе нужно. Вот всё что могу дать тебе!
Гурий Табылдыға популок таққысы келеді. Табылды тақпайды.
Маса. Әй өлеңіңді жазып жүре берсеңші, айналайын, Табылды Аяшұлы!
Табылды. Менің ақ көңіл бабаларым, атадан қалған қонысын материктерге, ұлт нәсілге бөлмеп еді. Бәріне құшағы ашық болды. Сен келдің де, даламды үркіттің.
Гурий. Ей, киргиз, заканчивай давай!
Маса. Ойбай-ау, басыңа бәле тілеп алдың ғой.
Табылды. Ақ жайықтың балығы жақсы да, халқы жаман ба сонда? Сен зәлімсің, қулығың да тура кеудеңе түскен сақалыңдай ұзын! Төрт ғасыр болды, төрт ғасыр, жайығымның бекірелері сырт жаққа аттанып жатыр!
Гурий. Потому что это наше!
Табылды. Ол қазақтікі. Сен келгенде беліңде болған балаларың, сол қазақтың байлығымен гүлденді. Ярославльден келген Ұрпағың мына жерді Жерұйық жасап алған.
Маса. Өзіңе қатысы жоқ нәрсеге араласпа!
Табылды. (ызаланып). Мал екеш мал да, туған жеріне тартпаушы ма еді, жарықтық!
Гурий. Алып кетіңдерші!
Қара киімділер Табылдыға тап береді.
Табылды. Сенің ұрпағың Каспийдің байлығын біткенше, отыра беруі керек пе? Айтсаңдаршы! Сен мұнда қамал салуға келдің, қалада қандай ақың бар?! Ақ Жайығымның жағалауында мүрдеңнің аз ба қалғаны!
Гурий. Глупец!
Маса (дауысы өзгереді). Ақындарды жек көремін осы! Кез келген нәрсеге тұмсығын тыға береді. Тарих па, саясат па, ғылым ба, білім бе, экономика ма, социология ма, қарамайды. Неғылған озбырсыңдар осы?!
Табылды. Өйткені соқыр емеспіз! Өзіміздің кім екенімізді білеміз! Сен өзіңнің кім екеніңді ойландың ба? Білмесең, мен айтайын. Сенің бар мақсатың барыңды сатып, арыңды сатып билікке жету. Мықтылардың алдында құрдай жорғалап, әлсіздің алдында азуыңды ақситқың келеді! Өз жүрегіңдегі үрейді халыққа шашқың келеді. Олар да сен сияқты үркек болса екен дейсің! Сен маған тіке келмей жүрсің, өйткені менің кім екенімді жақсы білесің. Мені алдап сулап, еңбегіме ортақтасып жүріп, жоғарғы жаққа жағынғың келеді. Соны көрмей жүр деп ойлаймысың? Сенің құлқыныңды жеп бара жатқан билік қой. Билікке жетіп алып, шамаң келгеннің бәріне тісіңді батыру. Алдыңнан шыққанын қыршып, артыңнан келгенді теуіп, өзіңді зор сезінгің келеді ғой! Сен Ахмет атам айтқан халықты оятатын Маса емес, халықтың түйіршіктей үмітін Айдахардың аузына тамызып жүрген жалмауыз Масасың. Міне сенің сиқың!
Пауза.
Маса (жуан дауыста). Жарайды, Табылды Аяшұлы. Біліп жүрейін.
Табылды жұлқынып қара киімділердің қолынан шығып кетеді де, Баланы ертіп сахнадан шығып кетеді. Осы кезде Гурьев деген табло Атырау болып өзгереді. Маса Гурийге иығын қиқаң еткізіп, «менің кінәм емес» дегендей сахнадан шыққалы жатқанда телефоны шыр етеді. Телефонының қоңырауында Табылдының әні тұрады.
Маса. Иә, иә, әрине. Өт те, өт те қуаныштымын! Алғысымды ұмытпай және жиі жиі білдіремін... Әрине күтіп аламын.
Тұман мен ақындар келеді. Оларды ауылдастар мен Маса қарсы алады.
Ауылдастар. Қош келдіңіз, аға!
Маса. Бәрі жақсы ма, аға?! Төрлетіңіз! Дастархан дайындап қойдық.
Тұман. Табылды Досымов деген ақын қайда?
Маса жұртты итеріп, жол ашып жүреді.
Маса. Жүрсеңізші, Табылды келеді ғой, осында жүр.
Осы кезде Табылды бала екеуі сахнаға шығады. Тұман екеуі құшақ жая көріседі. Достарымен де құшақтасып, амандасады.
Бәрі отырады. Маса құрақ ұшып жүр. Маса Тұманның жанына отырып алады. Табылдыға орын жетпей қалады.
Табылды достарымен әңгімелеседі. Достары баланың басынан сипайды.
Ақын (досы). Алматыға ат ізін салмай кеттің ғой. Қашан келесің? Эфирге шықсаңшы, тыңдармандарың сағынды ғой сені.
Досы. Айтпақшы, сенің «қазақ едім дегенше» деген әніңді басқа біреулер өз атынан айтып жүр екен.
Табылды (қуана). Қойшы, рас па?
Досы. «Банды Аманғалидың ақырғы сөзі» деген монологыңды кейбіреулер Аманғалидің өз сөзі деп жүрген көрінеді.
Табылды. Оны Светқали Нұржанов ақ қарасын ажыратып жазды ғой.
Досы. Мен Моңғолияға барғанда, сондағы қазақтар сенің әніңді біледі екен. Табылды Досымовты танимыз дейді.
Табылды (мәз). Рас айтасың ба?
Досы. Әрине! Өзің ел жұрттың алдына шығып тұрмасаң, сенің әндеріңді басқа біреулер иемденіп кетеді ғой... Мысалы, «қыз махаббаты», «Астананың аруы», «Күнікей» қыз деген әндеріңді бейтаныс біреулер айтып жүр.
Табылды (мәз). Айта берсінші...
Досы. Өй, неге?
Табылды. Демек жақсы ән болғаны да...
Досы. Оған күмән жоқ қой, тек өз дүниеңді өзің шығарсаңшы.
Табылды. Мен соған да разымын! Жақсы өлеңнің бәрін халық Мұқағалидікі деп ойлайды ғой. Сол сияқты, халық аузында жүрсе, маған сол жетеді...
Маса. Отырыңыздар, отырыңыздар.
Тұман оны жанын шақыртып, отырғызады.
Тұман (Табылдыға). Сен бала менің өлеңдеріме ән жазбайсың ба?
Табылды мәз болып күледі.
Табылды. Бұйырса, реті келсе, аға!
Тұман. Қонақ болып келіп қалдық. Бірақ мына жақта ақын болу да қиын сияқты ғой. Көз қадайтын ештеңе жоқ екен.
Маса. Қарастырамыз, аға, қарастырамыз!
Тұман. Тау деген әке сияқты ғой. Қазақтар әкесін жоқтағанда асқар тауым ай демей ме, сол бекер емес.
Ауылдас. Пах шіркін!
Тұман. Әке балаға өмірлік бағытын, бағдарын беріп, оны мысымен тәрбиелеп отырады ғой. Тау да сол сияқты. Тауға ұзақ қарасаң сен оның мысы бар екенін, оның жанында құмырсқадай кішкентай екеніңді сезесің.
Ауылдас. Пай пай!
Тұман. Әрі тау тұрған жерде ешқашан адаспайсың! Ол үнемі саған жол көрсетіп тұрады.
Ауылдас. Бізде тау жоқ енді.
Достары шапалақ ұрып, риза болады. Осы сәтте Табылды күбірлеп сөйлеп отырады.
Ауылдас. Сұмдық айттыңыз!
Ауылдас. Керемет ой!
Ауылдас. Қайткенменде Алматының ақындары сұрапыл ей!
Ақындар өзара сөйлесіп, арқа жарқа болып отырады. Балаға дастарханнан тәтті алып беріп, басынан сипайды.
Табылды (күбірлеп). Ұнатады шыңға көңіл шырқауды... (Пауза.) Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды. Толағай боп туылмадым әттең ай! Атырауға әкетер ме ем бір тауды... (Дауысы қаттырақ шығады, достары оған қарайды.) Шыңды армандап төбесі көк сүзгілер, Экраннан Эверестке үздігер, Обаны адыр, адырларды төбе деп, Төбелерді Тау деседі біздің ел. (Ары қарай әндетеді.)
Ән айтылып біткенде ақын мен достары шапалақ ұрады. Мәз болысады.
Досы. Сөз тапқанға қолқа жоқ, аға!
Тұман. Жоқ. (Бәрі тыншып қалады.) Бұл тапқырлық емес! (Пауза.) Бұл шындық! Махамбеттің өзі бір тау!
Тұман Табылдының қолынан алады. Маса әбігерге түседі.
Маса. Керемет айттыңыз, аға!
Ауылдас. Үлкен ақынның өзін мойындатқан Табылды неткен бақытты!
Ауылдас. Алатаудай кең пейіліңізге рахмет, аға!
Ауылдас. Сіздің жырларыңызбен өстік қой, аға!
Ауылдас. Автограф беріңізші!
Ауылдас. Маған да!
Ауылдас. Аға, баламның аузына түкіріп беріңізші, өзіңіздей бір үлкен азамат болсын!
Маса. Аға, аға, біз жаққа жолыңыз түскен екен, қуыс үйден құр шықпа деген. Мынау шапаныңыз!
Маса Тұманға шапан жабады.
Ауылдас. Біз жаққа үлкен ақын күнде келіп жатқан жоқ, ағаға бір ат атадым.
Ауылдас. Әп бәрекелді!
Жұрт Тұманға ерекше қошемет көрсетеді. Баласының аузына түкіртеді, тұсау кескізеді, автограф алады, улап шулап, сахнадан алып шығып кетеді.
Сахнада Табылды мен Бала ғана қалады. Бала ауылдастардың артынан қызықтап, қызығып қарап тұрады.
Табылды. Бәлкім Алматыда қалғанда, осылай қонақ болып келер ме едік?.. Бәрі асты үстімізге түсіп, әбігер болар ма еді?.. Құрметпен қошеметке бөленіп жүрер ме едік?..
Бала ана жаққа қараған күйі тұра береді.
Табылды. Олар үшін мен Волгасы бар Табылдымын. Ара тұра қарыз алып тұратын Табылдымын. Жиын тойда ән айтатын Табылдымын. Біреу үшін бетке айтатын тік мінезді шығармын... Біреуіне аңқылдаған ақ көңілді шығармын... Бере тұрғанға керемет гитарасы бар Табылдымын. Бірақ... бәрінен бұрын... Мен ақынмын ғой! (Пауза.) Жоқ, мен өзім үшін түк те өкінбеймін. Осы өміріме ризамын! Еленбесем да, мейлі... Тек, сені ойласам тамағыма өксік тіреледі... Кешірші мені...
Бала үнсіз тұрып, көзінің жасын сүртеді.
Табылды гитарасын алып, «Дендерім байтақ мекенім» әнін мұңлы дауыспен айтады. Бала орнынан тұрып, оның жанына кеп ойнайды.
Табылды баламен бала сияқты сөйлесіп, алдағысы келгендей көрінеді.
Табылды. Осы әнімді орындасам, қалай? Сахнаға шықпағанымызға көп болды ғой. Халық қалай қабылдар екен, ә?! Саған ұнады ма, шыныңды айтшы.
Бала басын изейді. Осы кезде сахнаға Ауылдастар шығады да, көрермен сияқты отырады.
Табылды. Сахнаға бірінші рет шығатын адам сияқты қатты қобалжып тұрмын. Сағынып қалыппын...
Осы кезде Маса келеді де, баланы қылғындырып алады.
Табылды. Жібер деймін.
Маса. Қайда бара жатсың?
Табылды. Ән айтқалы тұрмын.
Маса. Қандай ән?
Табылды. Дендер туралы ән.
Маса. Оның не қажеті бар?
Табылды. Қалай не қажеті бар? Ауылдың концерті емес пе?
Маса. Жоқ, айтпайсың.
Табылды. Өз елімде, өз жерімде, өз ауылым туралы әнді айтқызбайтын сен кімсің? Ертең ақ орныңнан жұлып аламын.
Маса. Эх, Табылды, Табылды. Енді сенің маған қолың жетпейді, мен басқа жаққа (Жоғарғы жақты нұсқайды) кетіп барамын. Әні міні бұйрық шығады, сосын көреміз кім кімді орнынан жұлып алатынын.
Табылды. Ол жақта бәрі сен сияқты озбыр емес шығар. Ақ пен қараны ажырата алатын адамдар бар екенін ұмытпа.
Маса. Маған бәрібір. Күні бүгінге дейін сенің ит мінезіңе шыдап келдім. Маған басында ескерткен: Табылдыға үндемей ақ қой, еркелігін көтер, қолдау білдір деп.
Табылды. «Қолдауыңа» рахмет!
Маса. Сенің тәкаппарлығыңа кешіріммен қарадым. Бірақ сен шектен шықтың! Өзіңді кереметпін деп ойлайсың ба?
Бала дем ала алмай тұрады.
Табылды. Маған баға беретін сен емес.
Маса. Халық па? Қайсы ал? Ертең көресің. Жолыңды түгел жабамын. Кітабыңды шығартпай тастаймын, не сахнаға, не эфирге жолатпаймын. Онсыз да істегенің шамалы еді.
Маса Баланы қылғындыра түседі. Бала қозғалыссыз қалады. Табылды оның қолынан Баланы шығарып алмақ болып, екеуі жағаласады.
Маса. Жұп жұқа бір екі кітабыңмен сен кердеңдеме! Сенің дәуренің өтіп кеткен. Баяғыда!
Табылды оны итеріп жібереді. Сахнаға Қара киімділер атып шығып, Табылдыны шап беріп ұстайды. Ауылдастар орнынан атып тұрады.
Ауылдас. Табылды ән айтсын!
Ауылдас. Табылды ән айтады дегенге келдік қой.
Ауылдас. Табылдыға тиіспеңдер ей!
Қара киімділер Табылдыны жібереді де, сахнаға шашырай, жолы жауып тұрып алады. Табылды көңілсіз. Табылдыдан басқалары теңселіп тұрады, ол түзу келек жатыр. Табылдының артынан бәріне үрке қарап, Бала келеді.
Теңселіп тұрып, Ауылдастар шулайды. Маса оларға басу айтады.
Маса. Сабыр сақтайық, ағайын. Бір әнде тұрған ештеңе жоқ.
Ауылдас. Әй, Табылдыда нелерің бар?
Маса. Ол кісінің аздап көңіл күйі болмай тұр екен. Оның үстіне ақындар әсершіл ғой, бәрін әсірелеп жатыр. Мен ол кісіге барып демалыңыз дедім, бар болғаны сол ғана. Соған ашуланып қалды. Алаңдайтын ештеңе жоқ, үйіне апарып тастайды ғой. Әлі талай әнін тыңдарсыздар.
Табылды жүріп келе жатып «Атылмай қалған мылтықтай» деген өлеңін оқиды.
Табылды төсегіне бар салмағымен құлайды.
Табылды төсекте жатады. Бала доп ойнап жүреді. Бала допты теуіп қалғанда жарық допты тосып алған Мұқағалиға түседі. Мұқағали баламен ойнайды. Табылды оянады да, Мұқаңды көріп, жанына жетіп келеді.
Табылды. Аға, сізден ұялып жүр едім. Мен сіздің «Ұнатамын» деген өлеңіңізді бұздым... Қалай айтсам екен, бұзғанда да, мәтінін сәл өзгертіп қайта жаздым. Солай керек болды. Сосын қайырма қостым... Осы өлеңді оқығанда арғы шетінен сондай әуен келді де... шыдай алмадым... Ұрыспайсыз ба? Өзім ыңғайсызданып жүр едім, көргеніме қуанып тұрмын.
Мұқағали үнсіз тұрады да, қолын беріп, риза кейіп танытады. Табылды мәз болады.
Табылды. Шынымен ұрыспайсыз ба?
Мұқағали Баланың добын тебеді. Бала шат шадыман мәз.
Табылды. Рахмет, аға!!!
Мұқағали «қырықтың бесеуінде» деген өлеңін оқиды. Мұқағали тоқтағанда Табылды өзінің «қырықтың бесеуінде» деген өлеңін оқып жалғастырады. (Әнге ұласса болады, «ұйықтап кетсем бі ркүні» деген.)
Сахнада жарық өшеді.
Сахнада қара киімді адамдар табыт көтеріп сахнаға шығады. Олардың бет әлпеті көрінбейді. Сахна ортасында Табылды төсекте жатады. Қара киімділер әртүрлі қимыл жасап, түсініксіз сөйлейді: әлдебір өлеңнің тармақтары, әлдебір беймәлім сөздерді біресе қатты, біресе бәсең айтады. Сахнаның қақ ортасында ашық түсті киім киген Бала әткеншекте тербеліп отырады. Әткеншекте тербеліп отырған Балаға қарай Маса келеді де, тапаншамен атады. Тым тырыс. Бала жүгіріп барып, Табылдыны жұлқылайды. Табылды өлген. Бала оны құшақтап отырады.
Сахнаға ауылдастар шығады. Артынша достары, Алма (қолына бұрын сыйлаған сыйлығын ұстап тұрады), ақын жазушылар шығады.
Ауылдастар. Табылды қайтыс болыпты дей ме?! Қалай болды?
Ауылдастар. Ойбай ау, не болды екен, кеше ғана жүр еді ғой.
Ауылдастар. Қайран бауырым ай!
Ауылдастар. Жақсы азамат еді ғой, жарықтық!
Ауылдастар. Иманы саламат болсын!
Маса қағазға қарап оқып тұрады.
Маса. Құрметті, ағайын, бауырлар! Бүгін ауылымыздың, ауылымыздың ғана емес еліміздің мәдениетіне үлкен еңбек сіңірген арыстай азаматымыз Табылды Аяшұлы Досымовты ақтық сапарға шығару үшін қаралы жиынға жиналып тұрмыз. Табылды Досымовтың өлеңдері мен әндерін халық жақсы біледі. Табылды ағамыздың қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті. Өзім ұзақ жылдар бойы Табылды Аяшұлымен бірге жүрген соң, қазаны ауыр қабылдадым. Дос болып, араластық, сырласып тұрушы едік... Енді Табылды ағам жоқ...
Өтірік жыламсырайды. Осы кезде бала орнынан атып тұрып, оның қолындағы қағазды жыртып тастайды. Жұрттың назары балаға ауады.
Баланың дауысы дірілдеп шығады. Бала Табылдының әнін соло орындай бастайды. Бір кезде оған достары мен ақындар қосылады. Артынша Ауылдастар. Соңында Маса мен Қара киімділер қосылып хорға ұласады.
Шымылдық.
Алишер Рахат (Айтуар) — казахстанский прозаик, драматург. Окончил Казахскую национальную академию искусств имени Т. Жургенова по специальности «Кинотеледраматургия». Победитель конкурса молодых драматургов Казахского академического театра драмы имени Мухтара Ауэзова (2015), лауреат республиканского конкурса «Тәуелсіздік толғауы» (2017), финалист фестиваля современной драматургии «Драма.KZ» (2018), победитель литературного конкурса «Алтын тобылғы» в номинации «Лучшая драматургия года» (2021). Участник IV Молодёжного театрального форума в Ташкенте (2021). Некоторые пьесы были поставлены на сценах казахстанских театров. Публиковался в газетах «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», на сайтах «Әдебиет порталы», «Мәдениет порталы», «Қаламгер», в журналах «Адырна» и «Литерра». Автор романов «Махаббатым – constant» и «Параллель». Рассказы переведены на русский, турецкий и английский языки. Один из создателей творческого объединения Burshaq.