Дамир Амантай

15

Жаңа жыл қызық болмаса…

Пьеса «Ескі жаңа драмарафон» микрофестиваль аясында жазылған

 

Кейіпкерлер:

Болат

Мұрат

Ескендір

Азиза

Ержан

 

Қазіргі кез. Бір бөлмелі пәтер. Кешкі уақыт. Болат үстелде отыр. Оныі алдында ноутбук, өзі терең ойда бірдеңе жазып отыр. Бір кезде сыртқы есік қағылады. Болат орнынан тұрып, есік жаққа барады. Ішке Мұрат кіреді.

 

Болат. Ассалаумағалейкум!

Мұрат. Уалейкумассалам! Қалың қалай, інім? Аман-саусың ба?

Болат. Шүкір, көке, ақырындап. Кіріңіз, төрлетіңіз! Бір кесе шәйға қалай қарайсыз? 

Мұрат. Иә, жақсы болар еді, әйтпесе дала суық… (Жан-жағына қарап.) О, астапыралла! Өліпті ғой! Мәңгіге қош айтыстық десеңші!  

Болат. А?!

Мұрат. Мына үйдегі жаңа жылдық атмосфераны айтып тұрмын! Дым жоқ қой! Бір титтей шыршаң бар екен, оның өзіне рахмет! Бір шариктер іліп, гирлянда, мишура дегендермен әдемілеп қоймайсың ба? Досым Николай мына үйіңді көрсе, Алланың өзі куә, рождествоның күл-талқанын шығардың деп ұрып соғар еді!

Болат. Көке, анандай тикток бар ғой? «Deck the halls with boughs of holly, лә иллаха илла илла ла!» деген. Сіз сондайсыз ба, көке?

Мұрат. Өй, кетші-ей! Біздер үшін бұл жәй ғана мереке ғой. Ерекше, таңғажайып, сиқырлы мереке. Шырша безендіру, жақындармен бас қосу, телевизордан президенттің сөзін тыңдап, артынан шапшан ату, далаға шығып салют ату. Қай жылдардан бергі дәстүріміз ғой!

Болат. Көке, мен жалғыз тұрам ғой. Маған үйді безендіріп не керек? Бәрібір жаңа жылды ауылда қарсы аламын. Пайда жоқ қой, босқа артық ақша. Жүріңіз, көке, одан да шәй ішейікші. Жеңгем қалай, соны айтсаңызшы!..

 

Есіктің қағылғаны естіледі. Болат іс-қимылымен Мұраттан кешірім сұрап, есікке қарай адымдайды. Болат жаңа жылдық атмосфераның жоқтығын жақтырмай тұрады. Есік ашылған бойда ішке Ескендір шапшаң кіреді.

 

Ескендер. Қалайсың, досым? Не істеп отырсаң да таста! Бізде шұғыл шаруа болып тұр!

Болат. Брат, үйде адам бар еді. Тынысып қой, Мұрат деген көкем, әкемнің інісі.

Ескендер. Амансыз ба, Мұрат көке! Айып етпеңіз, көрмей қалыппын! Атым Ескендір болады. Болат екеуміз бірге оқығанбыз.

Мұрат. А, солай ма? Қуаныштымын! Сендер өзара сөйлесе беріңдер, маңыздырақ сияқты ғой. Шәйді мен дайындай салайын үшеумізге.

Болат. Көке, қонақ боп келген адамға шәй істеткенім жарамас, отырыңызшы. Өзім дайындаймын. Ескендір күте тұрады. 

Мұрат. Өй, ештеңе етпейді. Сөйлесе беріңдер! (Асүй жаққа кетеді.)

Болат. Брат, ұяттау болды ғой.

Ескендір. Өзі ұсынып тұр емес пе? Короче, әңгіме мынадай. Маған директор жаңа жылдық шыршаны дайындайсың деп тапсырды. Балаларға арналған шырша. Тапсырғанда бетке басып бұйырды ғой. Мен, негізі, келесі жылға жаңа спектакль бойынша кіргенмін ғой. Өзіне түсіндіріп, көркемдік кеңеске концепциясын ұсынайын деп. Шырша қойып бермесем, маған қолдау бермейін деп отыр.

Болат. Брат, мен шыршаларға сценарий жазбаймын ғой. Маған сол үшін келіп тұрсың ба? Ойын-сауықтық бағдарлама дегенге мен жоқпын. Ешқашан жазған емеспін, қаламаймын да!

Ескендер. Менде де желание ұрып тұрған жоқ, шынымды айтайын! Ақшасын көп қып берсе де, жаңа жылдық шыршамен айналысқанша табысы тылақтай жеке театрда серьезный жұмыс қойғаным артық қой! Бірақ амал жоқ боп тұр емес пе? Көмектесші маған! Драматург ретіндегі көмеңің керек!

Болат. Брат, мен қоғамдағы аса өзекті, өзімді мазалайтын сұрақтарды зерттеп пьеса жазамын ғой. Менде дайын пьеса да, сценарий де жоқ жаңа жыл тематикасы бойынша.

Ескендер. Жазып берші онда осы екі-үш күнде! Қолыңнан келеді ғой, студент кезде бір-ақ күнде группаласыма монопьеса жазып бергенсің, сонымен фестивальге қатысты ғой ол!

Болат. Группаласың кәдімгідей төлеген маған.

Ескендер. Ақшасын ұйымдастырып беремін, уайымдама! Тек жазып берші, өтініш!

Болат. Ей, не жазам мен?! Қазіргі балаларға не ұнайтынын да қақпаймын ғой! Мен көріп өскен «Ну, погоди!», «Том и Джерриді» көрген дейсің бе олар?! Қазір балалардың қаһармандары да, қызығатын нәрселері де басқа ғой?! 

Мұрат (залға кіреді). Балалардан сұрап көрсеңдерші. Сол да қиын ба? Ренжімеңдер, екеуің сыбырласып сөйлесіп тұрған жоқсыңдар, бәрі де естіледі. Сұрағым келгені мынау, сендер шәйді қара қылып ішесіңдер ме, әлде сүт қатайын ба? Өз басым сүт қосылған шәйдің жанкүйерімін, бірақ сендер сиырмен төбелесіп қалған шығарсыңдар?

Ескендер. Қант болса болды, любой шәйді іше беремін.

Болат. Қара қылып құя берерсіз. Көке, шкафта пішне бар, шәйға қосып ішейік десеңіз.

Мұрат. Тым болмағанда соны тоңазытқышқа салып қоймадың ба? Марқұм әжең дымы жоқтығын көрсе қамшымен сені құйрығыңнан аямай сабар еді. Не ана масқара? Жартылай желінген донер мен бөтелке кола ғана? (Мұрат асүйге кетеді.)

Ескендер. Қазір мен бөлеме видеозвонок істейін. Содан сұрап көрейік. Төртінші класста оқиды. Бір нұсқап жіберері бар шығар. (Телефонын алып, видеозвонок жасайды.)

Ержан. «Менің елім Байғайстан! Менің жерім Байғайстан! Мақтанамын өзіңмен…» Ой, білә, отклонить басам деп!..

Ескендер. Е, в смысле оклонить?! Ержан, байқаймын саған жесткий порка жетіспей жүрген сияты ғой, иә?!

Ержан. Өй, жоға, братан! Жәй қалжың ғой менікі! Бірден сеніп қалады екенсің, иә?

Ескендір. «Екенсің» емес, «екенсіз» деп айт! Мен сенен үлгенмін! 

Ержан. Қойш?! 

Болат. Ержан, інім, мынандай сұрақ боп тұр бізде! Жұмысымыз үшін өте маңызды! Қазіргі кезде кішкентай балаларға мультфильм, кино дегендер бойынша қандай кейіпкерлер ұнайды?

Ержан. Мен қайдан білем оны?! Кішкентай балалардан сұрамайсыңдар ма?! (Видеозвонокты сөндіріп тастайды.)

Ескендер. Е, мына жындының тастай салғаны несі?!

Болат. Қоя берші! Бәрібір көмектесе алмайды ол. Оданда менің қарындасыма звондайық! Ол қазір үшінші сыныпта оқиды. (Телефонын алып, видеозвонок жасайды.)

Азиза. «Не істесем де болғым келеді уан-уан! Бесте-бес, іспеттес, сөзім батпан! Оқжетпес, шапшаң, тез, есуаспын! Уан, уа-уан, уа-уан, уан, уа-уан, уа-уан!» Болат аға?! Қалай саған менің ән шырқауым?

Болат. Еңліктен де күшті айтасың сен! Осы қалпыңнан тоқтама!

Азиза. Рахмет, аға! Қалыңыз қалай? Жаңа жылда келесіз бе?

Болат. Әрине! Міндетті түрде! Бірақ саған басқа мәселе бойынша хабарласып тұрмын. Айта қойшы, қазіргі кезде балалар арасында қандай кейіпкерлер көбірек танымал? Мультфильм, кино дегендер бойынша? Жаңа жылдық шырша үшін қандай кейіпкер қызық болады сенің ойыңша?

Азиза. Ой, білмейм, аға. Маша и Медведь? Леди Баг? Не знаю. Әркімге әрқалай ғой. Мысалы өзіме «Ван пис» қатты ұнайды! «Нетфликстегі» сериалы да күшті шықты ғой! Екінші сезонда Чоппер қандай болып шығады екен, сонысын қатты көргім келеді! Сондай сүйкімді ғой ол! Сосын Пикачуды қолдануға болады. Наруто бар. Аватар. Көп қой. Бопты, аға, мені мама шақырып жатыр, тағы нанға бару керек сияқты магазинге. Неменеге бәрі нан жей береді? БАРА ЖАТЫРМЫН! (Видеозвонокты өшіреді.)

Ескендір. Тағы кімге звондасақ болады?

 

Залға поднос ұстап Мұрат кіреді. Шәйді ұстел үстіне қояды.

 

Мұрат. Балалардан сұрасаңдар сұраңдар, бірақ олар сендерге сценарийлеріңді дайын қылып бермейді ғой. Несіне тырысып жатырсыңдар? Шырша ұйымдастыруға екеуіңде де ниет жоқ қой. Өздеріңе қызық болмаса, өзгелерге несімен қызық болады ол?

Ескендір. Мен деген, негізі, студент кезімнен Әуезов, Мүсірепов, немесе Артишок сияқты абыройлы театрларға абыройлы спектакльдер қойғым келетін. Шырша деген ешқандай абырой емес қой. Балалар өнерді бағаламайды да.

Болат. Соны айтам. Ертесіне-ақ ұмытып кетеді ғой көргендерін.

Мұрат. Ей, жігіттер. Балаларға олай қарағанды қойыңдар. Азизаңның өзі, не деді жаңа, «Пан вис» деді ме, сондай бірдеңені жақсы көретінін айтты ғой! Жаңа жылға, мерекенің атмосферасына, рухына ғашық болуларың керек сендердің! Сезінулерің керек оны! Қане, ана тұрған титтей шыршаңды ортаға қой! Үшеуміз хоровод жасаймыз!

Ескендір. Ойбай, сіз де күшті әзілдейді екенсіз!

Мұрат. Мүлде әзілдеп тұрған жоқпын! Қане, болыңдар!

 

Ескендір мен Болат бір-біріне қарайды. Сосын қысылса да Болат шыршаны еденге қояды. Үшеуі үш жағына тұрады. Қол ұстасады. Сол сәтте Мұраттың телефоны шырылдайды.

 

Болат. О, құдайым, мың алғыс!

Мұрат. Алло! (Мұқият тыңдайды.) Рас па?! Прогноз басқа еді ғой?! Өй, жоқ, керемет жаңалық қой! Керемет! Қазір келемін мен, зыттым! Иә, қазір, жылдам боламын! (Телефонды қойып, Болатқа қуанып қарайды.) Сүйінші, Болат! Жеңгең босанды! Жаңа босанды! Әлі бір аптадай бар деп еді дәрігерлер, бірақ құдай қалауы бүгін екен!

Ескендер. Ооо, құтты болсын! Бауы берік болсын, Мұрат көке!

Болат. Иә, мен де құттықтаймын, көке! Бауы берік болсын!

Мұрат. Қане, хороводты іске асырайық! «В лесу родилась ёлочканы» айтамыз! Басқасын білмеймін мен! Сосын бірден роддомға тартамыз! 

 

Үшеуі ішінде Ескендір мен Болат аса ыңғайсыздана, Мұрат қатты қуана «В лесу родилась ёлочка» әнінің бір шумағын шырқап, қол ұстасқан қалпы титтей шыршаны айналып жүреді. Ән айтқан сайын Ескендір мен Болат өздерін еркін сезініп, жаңа жыл атмосферасын сезіне түзеді. 

 

Ескендер. Болды! Маған идея келді! Не істеу керектігін білемін!

Болат. Мен де! Шыршаны бірге істейік!

Ескендір. Келістік!

Дамир Амантай

Дамир Амантай — Алматы қаласында дүниеге келген жас драматург. Бала кезінен әдебиетке құштар болып, жазушы болуды арман еткен. Осы арманын жүзеге асыру мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алып, қазіргі таңда театр саласында қызмет етеді.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon