Дактиль
Шыңғыс Маман
Пьеса «Ескі жаңа драмарафон» микрофестиваль аясында жазылған
Кейіпкерлер:
Азамат — 27 жас, үйдің үлкені, жұмыссыз, бос сенделіп жүрген адам.
Айзада — 24 жас, Азаматтың қарындасы, ғылыми орталықта қызмет етеді.
Анаргүл — 47 жас, Азамат пен Айзаданың анасы.
Үшеуі Қуандық Рахымның «Мен қазақпын» әнін айтып шыршаны айналып билеп жүр.
Анаргүл. Ей, қойыңдар болды, қазір толғағым келіп қалады...
Айзада. Қартайғанда босанамын дегенді қайдан шығардың?!
Азамат. Несі бар екен, босансын. Қазақтың санын көбейту керек.
Айзада. Сен секілді сапасыз қазақтың санының көп болғаны керек еді осы әлемге.
Азамат. Мен бе сапасыз?!
Анаргүл. Қойыңдаршы. Осы екеуің қосыла кетсеңдер дауласқаннан басқа не білесіңдер?
Азамат. Өзі ғой енді...
Айзада. Сол дұрыс па, мама?! Жаңа жыл кешінде «Қазақ болып тумағанда не етер ем...» деп айы-күні толып отырған шешесіне шырша айналдырып қояды. Сізге не жоқ, осыған қосылып секеңдеп...
Анаргүл. Ей, болды сен қыз, жетеді. Ол осы үйдің иесі болып қалады, оның үстіне тұла бойы тұңғышым. Келе қойшы, жаным сол...
Азамат. Көрдің бе, еркек деген атым бар. Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық.
Айзада. Сенің артықтығың осы үйдің шеңберінде ғана. Мына жерден аттап басып, әлемге сүңгісең, қолыңнан түк келмейтін, өзің айтқандай бақылдаған бақасың. Не басыңда бір түйгенің жоқ, алға қойған мақсатың жоқ, әкең мен шешеңнің тапқанын ішіп-жеп құры жатқан біреусің. Еркекпін дейді ғой еще.
Анаргүл. Қой дедім ғой, саған?!
Айзада. Аузымды жаба бермеші! Айтамын. Осыны қорғай бергеннен не шықты, жасы болса отызға келді, әлі бала секілді. Ертең сен босанғаннан кейін, мына түрімен сендерді нәрестеден қызғанып шу шығарады, айтпады демеңдер.
Азамат. Інімді асыға күтіп жүрмін. Оны өзім тәрбиелеп, нағыз жігіт жасаймын. Күнде бірге жаттығу жасаймыз.
Айзада. Ойбай, отыз жыл жасамаған жаттығуды інің келгенде еске алған екенсің ғой. Сұмдық.
Анаргүл. Ей, ең болмағанда жаңа жыл кешінде тыныш отырайықшы. Мереке ғой.
Азамат. Иа, әкем де жоғалып кетті ғой, мантыны жей берейікші.
Анаргүл. Әкең бүгін келмейді, жаңа жыл ғой ақша тауып алсын. Кредиттердің де уақыты келіп қалды.
Азамат. Ендеше, жей берейік.
Айзада. Сорлы, елуге келген әкем емес, сенің таксовать етіп жүретін шағың ғой. Дәл даңғаза патриоттығың мен тілазарлығың секілді пысықтығың неге дамымай қалды екен!
Анаргүл. Ойбай, басталды ма? Ішім.
Анаргүл ішін басып отыра қалады.
Айзада. Мама?! Рас айтып тұрсың ба?
Анаргүл. Иа, скорый шақыр. Ауырып барады. Бұл да жаңа жыл түнінде асықпаса болатын еді ғой...
Айзада телефонмен сөйлесіп шығып кетеді.
Азамат. Он екіде атылатын салютті көргісі келген шығар.
Айзада қайтып келеді.
Айзада. Не істеп тұрсың, анамның сөмкелерін алып шық.
Азамат. Қай жерде тұр?
Айзада. Сорлы! Кетші былай, анамды тұрғызып, күртешесін киіндір. Білесің ғой скорый үйдің алдына дейін келе алмайтынын, жол бойына шығып тұрайық.
Айзада сөмкелерді әкеліп, Анаргүлді сүйеп үшеуі далаға шығып кетеді.
Айзада мен Азамат үстелде отыр. Айзадаға телефон қоңырауы келіп түседі.
Айзада. Алло? Иа, мен қызымын. Не?! Мүмкін емес. Әкешім!!!
Азамат. Не болды?
Телефонды қойып Айзада үнсіз отыр.
Азамат. Не болды деймін саған?! Тіліңді жұтып қойдың ба?! Айзада?!
Азамат Айзаданы орнынан тұрғызып сілкілейді, итереді, ол тіл қатпайды.
Азамат. Айзада?! Әкемізге бірдеңе болды ма?! Жауап берші?!
Айзада. Әкеміз, авариядан өліпті.
Азамат. Қайран, әкем-ай!!!
Азамат Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы әнін» айтып шыршаның қасында тұр. Оған Айзада қосылады. Екеуі шыршаны айналып әнді айтады.
Жас едім өмірге еркін бойламаған,
Күні ертең не боларын ойламаған.
Шарықтап кетсем-дағы қанат қағып
Өзіңдей қамқор әке қайда маған.
Шарықтап кетсем-дағы қанат қағып
Өзіңдей қамқор әке қайда маған.
Телефон шырылдайды.
Айзада. Алло... иа қызымын. Рақмет!
Азамат. Өтірік пе екен?
Айзада. Мамам, босаныпты. Ұл екен.
СОҢЫ
Шыңғыс Маман — драматург. Талапұлы - Т. Жүргенов атындағы өнер академиясын «Кинотеледраматургия» мамандығы бойынша оқыған. «Роза Бағланова», «Алдар Көсе», «Құстар қайтып келеді» мюзиклдері мен «Алатау FM» музыкалық комедиясының авторы.